• Тарих толқынында
  • 28 Сәуір, 2021

ҚАЛАМГЕР ӨНЕГЕСІ

Баймұхан Ордабаев 1954-1957 жылдары бірлескен «Қазақстан коммунисі» және «Коммунист Казахстана» журналы бас редакторының орынбасары болып қызмет  атқарған.  1958 жылы республиканың  басты  партиялық  басылымы қайта құрылып, қазақша және орысша дербес  журналдарға айналғанда Баймұхан алдымен «Қазақстан коммунисінің»  жауапты хатшысы, ал 1959 жылдан 1965 жылға дейін бас  редакторы  болған.  
 

Баймұхан Ордабаевтың қысқаша жазылған өмірбаянынан-ақ білікті  журналистің қаламгерлік жолының қалыптасуын, өзіндік шеберлік мектебін тану қиын емес. Ол 1911  жылдың  1 мамырында Қордай  ауданының  Қаракемер ауылында туып-өсіп, жергілікті  мектепте  сауатын ашады. 1925 жылдан бастап Алматыда  мектеп-интернатта оқиды.  Өйткені, замана ағымы Баймұханның да тағдырын жастай  саудаға салған еді. Оның әкесі Ордабай, Молдабай, Манапберген, Нұрмаханбет, Байтұрсын, Мамаш деген алты ағайынды болса, оның бірі Байтұрсынға отызыншы  жылдары «кеңес уәкілін өлтірді» деген нақақ жала жабылып, атылып кеткен. Ізінше «халық  жауының інісі» деп Нұрмаханбетті ұстап әкетіп өлтірген. Онымен де қоймай арғы аталарында болыс, би,  молда  болғандарды қазбалап көзге шұқи  бастаған соң туыстары бала Баймұханды есебін тауып  интернатқа өткізген. Әттең,  тарих дөңгелегі кері  айналмайды. Әйтпесе, көп шындықтың беті бертінде ашылмады ма. 1991 жылы Байтұрсын да толық ақталды. Ал, оның қыршын өмірін, артындағы  жас бауырларын бір-біріне жат еткен сергелдең  сүргіннің өтеуін  кімнен  сұрарсың?

Тумысынан зерек Баймұхан мектеп-интернатта қазақ тілінде  сауатты, өте жатық жаза білетіндігімен танылады. Ол ауылда оқып  жүргенде-ақ жазған тырнақалды туындылары газеттерде көп  өзгеріссіз жарияланатын. Кейін Алматыда оқи жүріп редакцияларға барып ақыл-кеңес  тыңдап, тапсырмамен  мақалалар жазатын болған. Елгезек әрі жазу өнеріне қабілетті жасты 1930 жылы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті жұмысқа  қабылдайды. Ол кезде жазу мәшіңкелері әлі жоқ, газеттерде көшіруші деген жұмыс  болыпты. Елден келген  мақалаларды жазуы тәуір қызметкерлер көшіретін болған. Одан бөлек газетті бүктеуші, корректор, тех­ни­­калық хатшы  қызмет­тері бар. Баймұхан осы баспалдақ­тардың  бәрінен тез өтіп, бірер  айдың ішінде тілші деңгейіне жеткен.

Газеттің  сол кездегі  бас ре­дакторы Ғаббас Тоғжанов жас тілшінің  аяқ алысына риза болып, әр кез  қамқорлық та­нытып оты­рады. Жоғары  мектепке түсу үшін бір жылдық  даярлық курсында оқуға кеңес берген де сол. Ана тіліне жетік Баймұхан енді орысша да жақсы меңгеруді қалап, даярлық курсының орыс бөлімін үздік  бітіріп  шығады. Оның алдында екі жол айрығы тұрады.  Оған не Ташкент, не Новосибирск институттарының бірін таңдау ұсынылады. Баймұхан  ресейлік оқу орнын  қалайды. Бес  жылдан соң  жоғары білімді экономист мамандығын алып, Батыс Қазақстан  өлкелік атқару  комитетінің  үні «Қызыл ту» газетінде  жұмыс істейді. Кейіннен «Социалистік  Қазақстанға» қайта оралады. Мұнда табан аудармай  ұзақ жылдар  қызмет етеді. Газеттің экономика, өнеркәсіп  бөлімдерін басқарады. Ұлы Отан соғысы  жылдарында майданға  қанша  сұранғанымен республиканың  басты газетінің жауапты  бөліміндегі қызметінен  босатпайды. 1943 жылы коммунистік партия  қатарына  қабылданады.

Б.Ордабаев 1951-1954 жылдары «Ле­ниншіл жас» республикалық жастар газетінде, ал  1954-1957 жылдары бірлескен «Қазақстан коммунисі» және «Коммунист Казахстана» журналы бас редакторының орынбасары болып қызмет  атқарады.  1958 жылы республиканың  басты  партиялық  басылымы қайта құрылып, қазақша және орысша дербес  журналдарға айналғанда Баймұхан алдымен «Қазақстан коммунисінің»  жауапты хатшысы, ал 1959 жылдан 1965 жылға дейін бас  редакторы  болған екен.

Қордайлық журналистің  бұдан арғы  қызмет жолы ғылыми арнаға түседі. Қоғамдық ғылымдар академиясында экономика саласынан кандидаттық  дис­сертация қорғап, он екі  жылдай  қыздар педагогикалық институтының  ғылыми  жұмыстар  жөніндегі  проректоры болады. 1977 жылдан республикалық дәрежедегі  дербес  зейнеткер, бірнеше  мәрте Қазақстан КП Орталық комитетіне  мүшелікке  сайланған, екі  мәрте Еңбек  Қызыл ту орденімен,  көптеген медальдармен марапатталған. Ұзақ  жылғы ғылыми ізденістерінің  нәтижесінде 43  ғылыми еңбектің авторы болған, оның үшеуі кітап, төртеуі брошюра, қалғаны  мақала, аударма дүниелер.  1958 жылы «Капитализм  деген не?» атты көлемді  теориялық еңбегі  жарық көрген. Б.Ордабаев адалдық, әділдік секілді қасиеттерімен бірге  өзіне  жүктелген істі  тиянақты орындайтын жауапкершілігімен ерекшеленетін дейді әріптестері.

1994  жылы Алматыда Бәкеңнің шаңы­рағында  болғанымда оның  жасы  сексеннің үстінде екеніне қарамастан орта бойлы кісінің  балаша әбжіл, қағылез  қимылына куә болған едім. Сөзі де  шапшаң көрінді,   әдеті болар, жымия отырып  сөйлейді екен. Жасы келгендіктен  қайсыбір жайларды  қинала отырып есіне алды. Зайыбы башқұрт қызы Мунавара Гарифқызы да экономист еді, науқастан қайтыс болған. Екінші апамыз Нағимамен  1967 жылдан бірге тұрады екен. Ол да тегін емес, қазақтың тұңғыш ғалым қыздарының бірі. 1972 жылы философия  ғылымынан докторлық  қорғап, профессор атанған Нағима Мұсабаева туралы кезінде Қазақ Совет энциклопедиясында кеңінен мағлұмат  берілген. 

Өзі  қарапайым да  шыншыл адам болғандықтан, кез келген ортада сыйлы Баймұхан Ордабаев Алмас, Болат, Мәлік есімді үш ұлын да тап солай тәрбиелеп өсірген. Бірі сәулеткерлік, бірі радиотехника, енді  бірі биология салаларынан ғылыми жолға түскен олардан оншақты немере-шөбере сүйіп отырған ата мен әженің бақытты қарттығына  куә болып қайтқанбыз.

Одан бері де ширек ғасырдан аса уақыт өтіпті.  Баймұхан Ордабаев 2002-жылы  91 жасында өмірден өтті. Бүгінде оның өмірі  ұрпақтары  арқылы жалғасуда. Тұңғыш ұлы  ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі, Қазақстанның  Құрметті  сәулетшісі, белгілі өнертанушы, этнограф Алмас Ордабаев елімізге  танымал тұлға.  ҚР Көркемөнер академиясының құрметті академигі,  сәулетші ретінде елуден аса нысан  жобасын даярлаған, олардың арасында Алматыдағы  жаңа алаң, «Самал» тұрғын  үй кешені, Нұр-Сұлтан қаласындағы Саяси  қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған монумент, Аңырақай шайқасы монументі бар. Алмас Ордабаев – Қазақстанның «Халық  қаһарманы» жоғары марапатының, ҚР Ұлттық Ұланы арнаулы  киім үлгісінің  де авторы. Еліміздің әр түкпіріндегі көне ескерткіштердің  тарихы, салыну ерекшеліктері туралы танымдық  телехабарларда жиі көрінеді.  Алмастың қызы Жәмилә Стехликова туралы айтар әңгіме тіпті  бөлек. Ол Еуропада министр  болған  тұңғыш  қазақ қызы ретінде әйгіленді. Мәскеу Бірінші  медициналық институтының емдеу факультетін бітірген Жәмилә чех азаматына тұрмысқа шығып, Прага қаласында  аспирантурада оқыды, осындағы халық  денсаулығын сақтандыру  орталығында және Мемлекеттік денсаулық сақтау институтында ғылыми қызметкер болған. 2007-2009 жылдары Чехия Республикасының Адам құқықтары және  шағын ұлттар мәселесі жөніндегі министрі болып қызмет атқарған. Мұндай жоғары дәрежелі лауазымға  Чехияның ғана емес, бүкіл Орталық Еуропа елдерінде    өзге ұлт өкілінің алғаш рет көтерілуі  тарихтан орын алатын оқиға.  Жәмилә «Азаттық» радиосына  берген  бір сұхбатында туған жері  туралы былайша тебіренген екен: «...Мен үшін Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасындағы Қаракемер ауылының жөні басқа. Онда менің атам, яғни, әкемнің әкесі Баймұхан атам туып өскен. Сондықтан, атамекен дегенде менің есіме әрқашан  жиі  түсетін  жер – өзім туып, балалық  шағым өткен әсем Алматы емес, алдымен сол Қаракемер ауылы көз алдыма елестейді. Міне, сол ауылда қырға, сайын далаға шығып, өзен-көлге шомылып, атқа мініп сайрандап жүрген кездерімді жиі аңсаймын. Менің қазіргі тіршілік-өмір жолым сол Қаракемерден бастау алады».  

Артында лайықты ұрпақ қалдырып, қазақ баспасөзінің қарлығаштары қатарында өзіндік орын иеленген  Қордайдан шыққан қаламгер Баймұхан Ордабаев туралы  бір пара айтарымыз осы.

           Құрманбек  Әлімжан,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 

      Жамбыл облысы

1476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз