• Ел мұраты
  • 28 Сәуір, 2021

ҚҰҚЫҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ МИССИЯСЫ

Ерболат ҚОШҚАРБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің философия 
кафедрасының аға оқытушысы

 

Құқық эпистемологиясы турасында.Білім көлемі мен мазмұны да, білімдегі құндылықтар да өзгеруде. Технологиялар дамыған заманда – артық білім кітапта, кітап білім бұлағы деп айту енді ұшқарылыққа жуықтайды. Білім жайын жалпылама айту түпсіз терең тұңғиыққа батырады. Салаға бөліп сипаттау да сан тарапты ойларды тудырады. Бір ғана заң саласын алсақ мұнда білімдер экс­перименттік (криминологиялық, кри­­ми­на­листикалық т.б.), қолданбалы-прак­тикалық, теориялық, са­лалық (сала­лық-теориялық, салалық-прак­тикалық, салалық-институттық т.б.), кешенді, дағ­­ды­лық (тиісті әрекеттер мен дене қи­мылына негізделген), символдық, тіпті құпия (мемлекеттік құпиялар туралы, ішкі қызмет барысындағы және басқа да актілерге сәйкес) түрлерге бөлінеді. Дегенмен, материалдық және іс-жүр­гізушілік құқық салаларының мәнінен туындайтынындай бұл жердегі білімдер негізінен материалдық және процестік түрлерге бөлінеді деуге негіз бар.

Қоғамдағы шым-шытырық, сапыры­лыс­­қан қатынастар адамзат білімінің екі ұдайлығын көрсетеді. Бір жағы материалдық білім болса, екінші жағы «қатынас» деген атына орай процестік, процессуалдық білімдерді құрайды. Бұны философия мен ғылым тарихындағы субстанциялық-релятивтік қатынастар ана­ло­гиясына жақындатуға болады. Тіл бі­лімі базасындағы тәртіпке сүйене айтар болсақ, материалдық білім зат есім сияқты кім, не сұрақтарын қамтитын, заттық, субстанциялық, глоссарийлік білімдер: Кім? Менеджер. Не? Компьютер. Осындай анықтамалық-терминологиялық сипаттағы білімдер қоғам тұрақты кезде жеткілікті деп саналатын. Әлбетте күрделі қоғамдық қатынаста мұндай материалдық білімдер тілі енді шыққан баланың таңырқауындай ғана атаусөздік мәнмен шектеледі. Атау есіммен қабысатынындай бұл білімдердің нақтылануына тағы да «тіл білімімен» аналогия жүргізетін болсақ есімдік пен есімдер (сын есім) өз септігін тигізеді. Материалдық білімдерге үстеме ретінде нақтылы сандар мен мерзімдерді білу, «заттардың», белгілік, сапалық, қасиеттік жақтарын түсіну заттық білімдерді терең­дете түседі. Бұл өзіндік салалық дең­гейдегі дүниетаным тіреуі болып та саналады. Дегенмен мың құбылған фор­саждық жылдамдықтағы қоғам өмірі динамикасында бұлар аздық етеді. Шартты түрде айтсақ құқықтық тәжірибеден тыс басым көпшілік материалдық білім­дерді ғана місе тұтып келгендіктен мына алмағайып кезеңде біршама қиын­дық­тарға ұшырауда. Бұның шешімі құқық тәжі­рибесіндегілер секілді процестік білімдерге ден қою.

Процестік білімдерге келсек, ол етістік мәнінде – қалай, қайтіп, қайтпек керек деген сұрақтарға жауап беріп білім, білік, дағдының ұштасқанын көрсетеді. Қандай да бір құжат не анықтаманың не екенін білгенімен, айталық, Халыққа қызмет көрсету орталығында, әкімшілік дәлізінде немесе мемлекеттік органдарда абдырап тұрған материалдық білімді ғана меңгерген адамға қарағанда, сөз жоқ, қай есікке кіріп, кімге қол қойдыруды, нені басымдыққа қойып, неге назар аударуды білетін процессуалдық білімді меңгерген жан көп тындырады. Бұл мысалды, өндірісте де, ғылымда да, басқа да сандаған салаларда қолдануға болады. Процестік білімді меңгерген тұлға тиісті персоналдық стратегия мен әрекет ету тактикасын қалыптастырған деуге толық негіз бар. Бүгінгі қазақ қоғамына керегі де материалдық білімдерді процестік білімдермен ұштастырған жандардың көп болғаны. Өкініштісі сол, қазіргі біздің қоғамда процессуалдық білім жайы кенжелеп қалған. Ащы да болса шындық осы. Бұнсыз даму тұрмақ тіршілік етудің, тіпті күнелтудің өзі қиын. Бұл азаматтарға «процессуалдық заңнаманы» меңгеруі керек деген базына емес, әрбір құбылыс пен қатынастың байланыстарын, про­цестік жағын, релятивтік мәнін бағам­дауды меңгеруге деген ұсыныс.

Философия ғылымдарға методо­логиялық бағдар бере отырып, соны­мен бір мезгілде ғылымдар қол жеткізген жетістіктерді өзіне сіңіреді. Бұл орайда материалдық білімдер мен процессуалдық білімдердің дамуын заң саласындағы жетістік деп қабылдап, бұл жетістікті құқықтық эпистемологияда, ал одан әрі эволюциялық және жалпы эпистемологияда пайдаланған ләзім. Заңнан тыс аяға тағы да шығар болсақ материалдық және процестік білім мәселелері әлі де ашық күйінде, тіпті назардан тыс аяда. Бұлар ішінара кибер­нетика мен синергетикада қаралады. Дегенмен, ол жерде негізгі мәселе саналмайды. Білім философиясы (фило­софия знания) мен білім беру фило­софиясы (философия образования) бұған әлі ден қоймады, ғылым фило­софиясы сипаттамалық түрде жанап өтеді. Әрекет психологиясы мен коммуникативтік дағдылар бұған әлі тереңдемеді. Әрекет философиясы, яғни праксеология бұған әрекет пен еріктің «қозғаушысы» ретінде ғана мән береді. Гносеологияның жарығы білімнен гөрі танымдық мәнділікке түседі. Педагогика енді назар аудара бастады. Міне сондықтан да материалдық және процессуалдық білімдер, білім туралы ілім – эпистемологияның назарында болғаны жөн. Эпистемологияның білім туралы ілім екеніне қатысты да көптеген қарсылықтар мен келіспеушіліктер бар, бұл өз алдына жеке әңгіме.

Материалдық және процестік білім­дерге салалық деңгейде құқықтануда назар аударылуы таңданыс тудыруы мүмкін. Бірақ шындығы осы. Мұндай назар практикалық қажеттіліктен туында­ғанын атап өтуіміз керек. Ал ендігі міндет бұны жүйелі, теоретикалық, теле­ологиялық түрде зерделеуді қолға алу. Бұл үшін эпистемология мен құқықты біріктіре отырып, құқық философиясы аясында, арнайы «құқық эпистемологиясын» қалыптастыру қажет. Бұл бір жағынан әлдеқашан қалыптасқан құқық онтологиясы, құқық гносеологиясы, құқық антропологиясы, құқық аксиологиясы, құқық праксио­логиясы секілді бөлімдерді «құқық эпистемологиясы» атты жаңа мәнді­лікпен толықтырар еді. Екіншіден практикалық бөліністегі материалдылық пен процессуалдылық феноменін, теория­лық жүйелеуге жасалған қадам болар еді. Ал мұның әр сипаттағы практикалық мәні орасан зор. Әрине, бұған философия ауқымында арнайы «этика» бар емес пе деген сауал туындауы мүмкін. Бұл ретте этиканың да мәнін жоққа шығармай, философия-этика-құқық байланысын негізге алған дұрыс. Мұндай бірігу болмаса құқық эпистемологиясында этика әлеуеті жүр­мейді. Себебі, этиканың көтерер жүгі негізінен мораль ауқымында. Енді құқық эпистемологиясынан ары өтіп жалпы құқық философиясына, оның мәніне, сондай-ақ құқықтың өмірімізге дендеп енгеніне назар аударайық.

Мыңдаған жылдар бұрын адамдар табиғатқа бейімделді, біртіндеп арте­фактілер тудырып, таяқтан, тастан, сүйектен қарадүрсін құралдар жасап тіршілік етті. Айналасы тылсым табиғат еді. Басты жаулары жыртқыш аңдар-тын. Ал бүгінде адамдар өздері жасаған әйнек, бетонмен көмкерілген әлемде ғұмыр кешеді. Айналасы қолмен жасалған «екінші табиғат» пен құжынаған адамнан тұратын «қоғам». Ендігі басты жаулары ормандағы жыртқыш аңдар емес, қоғамдағы ұры-қарылар, қылмыскерлер, алаяқтар мен қарақшылар, бірақ қорғаны да қоғам. Міне осы аралықта биогенезден әлдеқашан социогенезге, қала берді этногенезге ұласқан қоғамдық әлеуеттің айқындаушы күшін көреміз. Философияда бұған әлеуметтік философия жауап береді деп қысқа қайыра салуға да болар еді. Дегенмен философияның осы бір бұтағынан ғана: құқық философиясы, саясат философиясы, билік философиясы, басқару философиясы, мәдениет фило­софиясы, қо­ғам философиясы, тарих фило­софиясы, дін фи­ло­софиясы, эконо­мика философиясы, этнос философиясы, еңбек философиясы се­кілді бұтақтар өрбіп шықты. Бұдан фи­ло­софияның дәс­түрлі онтологиялық, гно­сеологиялық, антропологиялық, аксио­ло­гиялық пәрме­нін сақтай отыра, қолдан­балы әлеуетін де байқауымызға болады. Осылардың қай-қайсысы да ерекше мәнді. Ішіндегі құқық философиясы болса ерекше мәнді.

Ә дегенде Антика философтары мен Римдік кезеңдегі ойшылдардың де­ні бүгінгі ғаламдық құқық жүйесін ғана емес, оның ішіндегі Қазақстанның бүгін­гі құқықтық жүйесін де 2.5 мың жыл бұрын айқындап берді десек, бәлкім орнымыздан шоршып түсерміз. Бірақ шынында да осылай. Еліміздің құқықтық жүйесі – романдық-германдық жүйеге негізделгенін заңгерлерден басқа қауым біле де бермейді. Осылай!

Хош, құқық философиясы несімен маңызды, ол арада философтар неге жүр дегенге келейік. Жалпы алғанда бүгінгі мемлекеттік-құқықтық қатынастардың механизмдерін тұтасымен философтар құрған деуімізге болады. Ежелгі Үндідегі бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қоғамның төрт варнаға (кастаға) бөлінуі, Ежелгі Қытайдағы даосизм, Конфуций мектебі, легизм мектебі тұтастай құқық философиясының көріністері. Фа-Цзя, яғни, легизм мектебі әлеуметтік-саяси, құқықтық қатынастарды өзіндік императивтік әдістермен реттей білге­німен ерекшеленеді. Айтарға сөз жоқ болғандықтан емес, мемлекет пен құқық туралы ойлардың мозайкасы түзілгендіктен Антика кезеңін айтпай-ақ қоялық. Солон секілді ойшылдар, Платон мен Аристотельдің бір өзі күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған мемлекет пен құқыққа қатысты тұжырымдар қалдыра білді. Римдік кезеңде қалыптасқан «Рим құқығы», «12 кесте» заңдары, Гаи институциясы, магистранттардың эдикттері және басқа да протоқұқықтық мұралар болса өз уақытымен қатар, кейінгі уақыттарға да арналғандай. Бұл кезеңдегі философиялық-құқықтық же­тіс­тіктер бұл жазба аясына тіпті сый­майды.

Ортағасырдағы Шығыстағы Шариғат­тан, Сүннеттен, Иджма, Қиястан алынған доктриналар, жекелеген өкілдердің тұжырымдары бүгінгі «Мұсылмандық құқықтың» өзегін құрап отыр. Зайыр­лылық сипаттағы ойларға басқасын айтпағанда бір ғана әл-Фарабиды айтсақ та жеткілікті. Мысалы,  оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты утопиялық еңбегі Қайта өрлеу дәуіріндегі Т.Кампанеллаға, Т.Морға, ХІХ ғасырдан бергі марксистерге де ықпал еткен. Ортағасырлық Батыста да дінмен торланғанына қарамастан философтар құқықты айқындай білді. Бұған Акуиналық Томастың (Фома Аквинский) заңдар туралы мына айтқанын келтірейік. Томас дүниеде мынадай заңдар бар дейді. Олар: мәңгілік заң (Lex аеtеrnа);

табиғи заң (Lех nаturalis);

адами заң (Lех һumаnа);

Құдай заңдары (Lехdіvinа). Бұны жете түсіну мен талдаудың өзі тұнып тұрған құқық философиясына сүңгумен тең.

Қайта Өрлеу дәуірі мен Жаңа Заманнан бастап құқық турасында философтардың айтып қалдырған ойлары бүгінге дейін нақты практикалық түрде қолданыс тауып келеді. Бұны астын сыза, айрықша баса көрсету керек. Н.Макиавеллидің «Билеушісі» дұ­рыс түсінген жанға мемлекеттік қыз­мет­те зор табыстарға жеткізді. Мем­лекет пен құқық турасындағы Т.Гоббс, Дж.Локк, Ж-Ж.Руссо сынды фило­софтардың тұжырымдары, катего­риялық императивтен бастап, басқа да латентті мәнділіктерді көздеген И.Канттың ойлары, Г.Гегельдің құқық философиясы, жаңа кантшылдар мен жас гегельшілдердің ойлары бүгінгі құқықтық қатынастардың барысын айқындап берді. Гегельдің құқық философиясына сүйеніп айтсақ ресімдеу әрекеттерін дамытып, паспорттық жүйені жеткілікті негіздеген, паспортқа тұлғаның суретін қоса жабыстыруды көздеген философ И.Фихте. Ал қазіргі әлем елдеріндегі билік бөлінісін негіздеген (айтпақшы Конституциямыз бойынша біздің елімізде де билік: заң шығару билігі, атқару билігі, сот билігі тармақтарына бөлінген) философ Ш.-Л.Мон­тескье еді. Міне осылардың бәрі де фи­лософтар. Қысқасы, Макиавеллиден Лейбницке дейінгі дін бостандығын негіздеу де, Локктан Гегельге дейінгі саяси бостандықтарды орнықтыру да философия аясында іске асты.

Құқықтың мәнділігін, қажеттілігін және дәл мына заманда құқықты білудің мәнін құқық қана емес құқық философиясы да, жалпы философия да негіздейді. Сонымен құқықты білу не үшін қажет:

Құқық тұрғысындағы жауап шамамен былай болар еді:

Бүгінгі азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру кезеңінде құқықтық білімдерді игеру, ерекше маңызға ие. Азаматтарымыздың құқықтық жағынан сауатты болып құқықтық білімдерді еркін меңгеріп, құқық нормаларын нақтылы жағдайларда тиісінше қолдана білуі, олардың жоғары құқықтық мәдениетке ие болып, құқықтық сана қалыптастырып, құқықтық тәртіп ор­нық­тыруына мүмкіндік береді. Бұл құ­қық­тық мемлекеттің басты талабы ғана емес, азаматтардың өздерінің де ешкімге есесін жібермей, өз өмірлерін оңтайландырудың, әр түрлі қиындықтар мен кедергілерді оңай жеңе білуінің шарты. Әрине бұған күнде біреумен соттасып жатқан жоқпын, мемлекеттік құрылысты, Конституцияны оқып қайтем, қажет болса кейін біліп аламын, заңды біліп қайтемін – бастық болсам, сол кезде мұның бәрімен адвокатым айналысады т.с.с көптеген сауалдар кесе-көлденең тұрып алуы да ғажап емес. Ал мұндай сауалдар бұлтын құқық философиясы сейілтер еді.

Құқық философиясы тұрғысынан қарасақ рефлексиялық түрде философия объектісінің бірі әрі бірегейі «болмыс», ал болмыс түрлерін: табиғат болмысын, қоғам болмысын, адам болмысын, рухани болмысты және осы аралықтағы құндылықтарды реттеп және құқықтық доктриналары мен салалық НҚА арқылы «қорғап» тұрған осы құқық. Философияның қай бөлімі болмасын қай салаға сәулесін төкпесін ол жердегі мәнділікті тереңнен айқындайды. Осы­ған салып, тереңнен ой кешетін болсақ құқықсыз өмір жоқ, құқықсыз қадам аттап баса алмайды екенбіз.

Осылайша құқықты білу не үшін қажет деген сұраққа құқық философиясы тұрғысындағы жауап мына ойлардан көрінер еді:

Құқық, құқықтық қатынастар мен құқықтық құжаттар біздің бүкіл өмір тіршілігімізді шырмап тастады. Құқық адам туғанынан бастап өлгеніне дейін, төл сөзімізбен айтсақ тал бесіктен жер бесікке дейін, ғылыми тіркеспен айтсақ, пренатальдық кезеңнен постна­тальдық кезең ауқымындағы бүкіл экзистенциямызды айқындап отыр. Өстіп, құқықпен сабақтастыра отырып кісі ғұмырын електен өткізейік. Адамның өмірге келгені де құқық. Ол перзентхана анықтамасы мен туу туралы куәлікпен ресімделеді. Оның емханада ем қабылдауы, балабақшаға, одан мектепке баруы түгел дерлік құқық. Мектептегі табель, журнал, күнделік, аттестат, жол жүру билеті бәрі дерлік құқық. Әскерге шақырылу, жеке куәлікке ие болу, ҰБТ тапсыру, сертификат толтырылуы, оқуға тапсыру, ондағы қабылдау бөліміндегі сандаған құжаттар, формуляр толтырылуы, қолхат берілуі, оқуға түсу туралы бұйрық шығарылуы – бәрі-бәрі құқық. Студенттік билет, оқырман билеті, сынақ кітапшасы толтырылуы, оған қол қойылып, мөр басылуы, келесі жылға созылуы, жатақханаға орналасу процесі, ондағы ішкі тәртіп ережелеріне бағыну – түгел дерлік құқық. Жұмысқа тұру, еңбек кітапшасы толтырылуы, жұмыста жоғарылау, жұмыс ауыстыру, демалысқа шығу, тіркеуге тұру, тұрғылықты жер ауыстыру – түгел құқық. Нотариусқа барып құжаттарыңды куәландыру, Ха­лық­қа қызмет көрсету орталығына жай ғана келіп кеткеннің өзі құқық.  Банктен несие алу, коммуналдық қызметтер ақысын төлеу әрине құқық. Ал. қоғам­дық көлікпен жүру – тасымалдау шарты болса, дүкенге кіріп сусын сатып алғанның өзі – сатып алу-сату шарты, осы сияқты кітапханадан кітап алудың – сақтау шарты екенін және күнделікті өмірімізде осындай ондаған азаматтық-құқықтық шарттардың жасалып жататынын тіпті байқай да бермейміз. Банкомат карточкасын пайдаланудың, kaspi.kz қосымшасын қолданудың өзі банктік операциялардың бір түрі. Тіпті үйленіп, үй болу да құқық. Себебі, АХАЖ органдарына барып некені тіркеу қажет етіледі. Некені бұзу да, құқық бұзушылық жасау да құқық екені түсінікті. Айта берсе құқық араласатын жағдайлар тізбектеліп шыға береді. Қала берді адам қайтыс болғаны да тиісті куәлік алу арқылы құқықтық түрде рәсімделеді. Бақилық болғаннан кейін де паталоганатомдар, кей жағдайда сот медсарапшылары құ­қық­қа сәйкес моргтегі жұмыстарына кіріседі. Тіпті жер қойнына тапсырылып көміліп қойылған марқұмның өзін құқық «эксгумация» арқылы қазып алады ...

Міне осы, көрсетілген мысалдардан, тіпті сот, прокуратура, полиция жайлы бірде-бір мысал келтірмей, қарапайым өмір тіршілігін айтқанның өзінде жанама түрде болса да құқықтың не үшін керек екенін түсінуге болады. Өйтпегенде ше. Өмірге келмей жатып перзентхана құжаттамасы мен өмірден өткеннен кейін де түрлі құжаттамамен (өлгені туралы куәлік, мұрагерлік құжаттары т.б.) періштемен қатар құқық қоршап жүрген болса. Міне, осылайша құқық өмірімізбен өріліп кеткен. Ендеше жаңа әлі жас ілім құқық философиясының атқарар миссиясы өте зор десек болады.

Тек философтар мен заңгерлер қауымы­ның ғана емес, қоғамдағы әр­біріміздің құқықтанумен қатар, құқық философиясын білгеніміз, мұндағы материалдық әрі процессуалдық білім­дерді еңсергеніміз біздерді өз өміріміздің қожасы етеді. Атап айтқанда: құқықтық санамызды қалыптастырып, құқықтық мәдениетімізді жоғарылатуға, құқықтық сауатымызды арттыруға, алаяқтарға алданып қалмауға, ешкімге жем болмай, есеңді жібермеуге мүмкіндік береді.

Тағы не үшін қажет? Әрине: Өз құқықтарыңды толық біліп, тиісінше пайдалана білу; философиялық сентен­циялар мен заң табиғатын білу арқылы өзіңе деген сенімділік қалыптастыру; маңызды азаматтық-құқықтық келісім-шарттар жасай білу; әртүрлі даулардан егізді дәлелдер келтіре отырып даулы мәселені өз пайдаңа шеше білу; сот процестерінде жеңіске жету; құқықтық тұрғыдан өзіңді ғана емес, өзіңнің жақындарыңды қорғай білу; заңгер мен қорғаушыға шығындалмай «шекаралық жағдайларда» уақыт пен ақшаны үнемдеу; оқыс жағдайларда күйгелектікке салынбай философиялық салмақтылық пен құқықтық сабырлы қалыптан танбай рационалдық әрекет жасай білу үшін қажет.

Міне, бұл ХХІ ғасыр философиясының көптеген бағыттарының бірінің ғана миссиясы.

 

764 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз