• Ел мұраты
  • 28 Сәуір, 2021

ОСЫ БІЗ КІМБІЗ?! (төртінші эссе)

Ғарифолла Есім,
академик, жазушы   

 

Мұсылманмын. Алла мінсіз, адам мінді деген тезисті мойындаймын. Бұл хакім Абай дәстүрі «Ойға түстім, толғандым, өз мінімді қолға алдым» – дейді ол. Хакім Абай міні барын мойындаған. Мінді мойындау қиын шаруа. Адам өз мінінен гөрі өзгенің мінін көргіш. Мініңді мойындау үшін ойшыл болуың керек. Қарапайым тілмен айтқанда, кісілігің болуы шарт. Кісіліксіз адам ешқашан өз мінін мойындамайды, ер тоқымын бауырына алып атша тулайды, көкбеттеніп тұлданады, ашу шақырады, бүлік шығарады. Ақылды жан мінін біліп, соған сай байыпты харекеттерге көшпек, кінәсін мойындап, кешірімді болмақ. Мұсылман мінезі жұмсақ болатын, ол әрқашан кешірімді әрі қайырымды. Өркөкіректік, мен-мендік мұсылманға жат қылықтар.

Мін қай кезде пайда болмақ? Адам адамшылық, кісілік жолдан тайғанда. Оның ең басты, айтулы, айғақты себептері: Билік пен Байлық. Бұл жеңіл шанаға жегілген екі асау аттар. Олар анау-мынауға көне ме, адамды алып ұшады. Сөйтіп шанадағы адамды да кесел жағдайға ұшыратады. Тәжірибеде солай болуда. Бүгінгі күннен мысалдар жеткілікті.

Билік пен Байлық деп қосарламай-ақ, әуелі Билікке тоқталайық. Билік болса байлықта болатын көрінеді.

Міннің көбінесе Билікке қатысты екені әлемдік әдебиеттерде ең көп жазылған, жазылып та жүрген – тақырып.

Ертеден таныс едім, уақыт өткен соң, 1974 жылы экономика саласынан Нобель сыйлығын алған Ф. Хайектің «Құлдыққа жол» деген атышулы еңбегін тағы да қарастырып шықтым. Ол неге Билікке әлсіздер келеді деген (почему к власти приходят худшие) сауалға жауап іздеген. Лорд Эктон айтты деген мына пікірімен санасқан жөн «Всякая власть развращает, но абсолютная власть развращает абсолютно» – дегені шындық.

***

Билік өзінің қатесін сезгенде ала­сұрады, сөйтіп жаңа қателіктерге ұрынады. «Қайта құру» саясатын бастаған Михаил Горбачев әбден аласұрды, оның үстіне оған Нобель сыйлығы берілді. Шетке де, елге де ұнауы керек, ол бола ма? Сол кезде ол қысылғанынан «Демократиялық социализм» деген ұран ұсынды. Қанша қайнаса да демократия мен социализмнің сорпасы қосылмайтынын ол білді ме екен?!

Бұл утопия болатын, оны «Құлдыққа жол» дегенде Ф. Хайек әбден түсінікті етіп баяндап берген. Себебі, Ленин 1917 жылы социализм негізін құрғанда демократияны мүлдем жоқ қылған, тыңдаңыз «Все общество превратится в единое учреждение, единую фабрику с равным трудом и равной оплатой». Қайдағы демократия.

1937 жылы Л. Троцкий былай деген: «В стране, где единственным работодателем является государство, оппозиция означает медленную голодную смерть. Старый принцип – кто не работает, тот не ест – заменяется новым: кто не повинуется, тот не ест». Міне, социализмнің сықпыты.

Большевиктер міні сол, ол жер бетінде жұмақ жасаймыз деген далбасалары. Бұл іске надан Никита Хрущев шынымен кірісіп, КСРО-ны әлем халықтарының көш соңына апарып тастады, содан әлі шыға алмай келудеміз, жұмақты «көріп келген» ешкім жоқ, адамзат тәжірибесінде жоқ нәрсемен әуестенудің аты ғылыми тілге салсақ – утопия. Коммунизм идеясы – нағыз утопия болатын. Осы идея әлі де елес болып, ел ішінде кезіп жүр. Сондықтан,  биліктегілер өздеріне «жұмақ жағдай» жасай бастайды, бұл олардың басты – міні.

Байлықтан мін бола беруі түсінікті. Біз тақыр кедейлердің ұрпақтарымыз, байлық дәстүрімізде жоқ, сондықтан байлық мақтанға айналып мінге малынып тұр. Сірә, ұрпақтар ауысып, байлық қалыпты жағдайға да жетер. Әзірше, байлықта мін көп.

***

Міннің не екенін түсініп, оны та­разыға тарту үшін, сыншылдық, Тұлға сыншылдығы қажет. Тұлға өз мінін көре алмаса қауіпті жағдай орын алмақ. Жоғарыда айттық, мінсіз адам жоқ, әсіресе ол Тұлға болса, яғни, дәрежесі биік, «қолы ұзын», мүмкіндігі мол болса. Ондай адам өз міні туралы міндетті түрде ойланғаны абзал, ол ең алдымен өзгеге, содан қауымға тиесілі.

Хакім Абай айтқан:

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес.

Кінәлі, Тәңір емес, оның назы (әмірі) емес, бәрі өзімнен дейді, міне бұл Тұлға сыншылдығы.

***

Міннің өріс алатын алаңы – өзімшілдік. Мен білемін, сен тыңда. Әрине, тыңдау қажет. Хакім Абай айтушы еді, сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел деп. Бүгінгі күннің мәселесі ауыр. Сөз түзелді ме, жоқ па, тыңдаушы түзелді ме, жоқ па осы жағдайды кім ашып айта алмақ?!

Хакім Абай айтқандай, өз мінімізді қолға ала аламыз ба?

Осы біз кімбіз?!

 

1014 рет

көрсетілді

67

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз