• Ел мұраты
  • 28 Сәуір, 2021

ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТҰТАСТЫҒЫ ҚАЖЕТ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, 
журналист

ХХІ ғасыр көші алға жылжыған сайын уақыттың алдымызға тартып отырған құндылықтары жайында ойлана отырып, бүгінгі замандағы рухани-мәдени сабақтастықты құрайтын тақырыптар аясында шешімін күткен мәселелердің туындап отыратынын әсте жоққа шығара алмаймыз. Ел болып қалыптасып, мемлекет ретінде тұғырымыз бекіп, отыз жылдық дербестігіміздің көкжиегінен ертеңгі бел-белестерімізге көз жүгірткенде болашақта қандай идеяларды темірқазық етіп, қандай ұлттық құндылықтарға арқа сүйейміз деген сауалдар туындайтыны сөзсіз. Өйткені бүгінгі өзгеріп жатқан заман мен уақыт ағымы, жаңа кезеңнің талаптары жеке адамнан да, қоғамнан да, қала берді мемлекеттік жүйеден де өзгерістер мен жаңғыртуларды талап етері хақ. Қазіргі өмір ағымына жеделдік, ұшқырлық тән. Осы уақыттың талабына ілескен кезде ғана, яғни, барлық түйткілдерге, сын-қатерлерге толыққанды жауап бергенде ғана біз көздеген мақсатымызға жете аламыз. Мемлекеттің тұғырын бекіту, Тәуелсіздікті сақтап тұру – оңай шаруа емес. Бұл үлкен әрі ауқымды ұйымдастырушылық, идеологиялық қат-қабат жұмыстарды қажет етеді. Көп векторлы саяси бағытты таңдап алған еліміз әлемнің көптеген елдерімен терезесі тең, саяси-экономикалық қарым-қатынас орнатып келе жатқаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы саясат бағдарына қатысты айтқан бір сөзінде «Қазақстанның өзіндік ерекшелігі, экономикасының дамуы мен әскери құрылысының деңгейі елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери құралдарды емес, ең алдымен өзінің ішкі қуатына және парасатты, салмақты дипломатияға сүйеніп отырып, осы заманғы саяси құралдарға басымдық етуді алдымен қажетсінетін еді. Шекараны таспен қоршамау керек, шекараны доспен қоршау керек. Біз солай еттік. Қазақстан шекараларын заңды түрде бекітуді біз әу бастан сыртқы саясаттың басты буынының бірі деп санадық. Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында біз еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы саяси салмағын арттыру, дүниежүзілік экономикада өзіне лайықты орнын алу мәселелерін көпжақты әрі әртүрлі нұсқадағы тепе-теңдікті сақтау, демократиялық бостандықтар мен адам құқықтарын қорғау есебінен шешуді мақсат етіп қойдық. Әлемдік шаруашылық байланыстарына қолайлы қосылу үшін еліміздің тиімді геосаяси жағдайын пайдалануға ұмтылдық» деді.

Осы ретте бір геосаяси аймақтық кеңістікте өмір сүріп отырған түбір бір түркі елдерімен саяси-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық байла­ныс­тарымыз тәуелсіздік алған жылдардан бастап өзінің бірқалыпты деуге тұрарлық даму арнасына түскені белгілі. Қазақ елінің астанасына түркі халықтарының барлық дерлік көшбасшылары келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен екі жақты қарым-қатынастың туын тіктеп, әріптестік байланыстардың қазығын қақты, әртүрлі деңгейдегі ортақ мәмілелер жасалды. Түркі халықтарының бауырластығы мына жайттан да анық байқалады. Мәселен, көшбасшылары келгенде өзгеше қа­рым-қатынас, бауырластық көңіл-күй бірден орнап сала береді. Шыққан тегі бір, салт-санасы бір, тарихы ортақ, көрген қиыншылықтары да ұқсас түркі халықтары бүгінгі жаһандану кезеңінде қандай мұраттарды арқау етіп, қандай мақсаттарды айқындап отыр? Кеңестік империяның құрамында болған бауырлас түркі мемлекеттері сол замандағы тарихи кезеңдерде бір-бірімен саяси-экономикалық тұрғыдан тығыз қарым-қатынас жасап, ауқымды байланыстар орнатуда дербес шешімдер қабылдай алмағаны да ортақ өкініштің бір парасы. Өйткені бір орталықтан басқарылып, билеп-төстеу саясатымен бетпе-бет келген түркі елдері сана отарлануына да тап болды. Сананы тұмшалап, ойды адастыратын, түпкілікті болмыстан қол үздіріп, тарихыңды ұмыттырған небір технологиялардың құрбанына айналғандықтан түркі халықтары дамудың өздері ойлағандай деңгейіне шыға алмады, тар шеңберде қалып қойды. Әрине, түркі халықтарының көне дәуірлер мен қарт ғасырлардан бастау алатын байтақ тарихын ешкім де өшіріп, жойып жібере алмағаны хақ. Демек, түркі халықтарының, жалпы түркі әлемінің бір тұтастықта болуы, ағайынгершілік, туыстық байланыстарды жаңғыртуы – бүгінгі уақыттың қажеттілігіне айналып отырғаны анық. Әрине, Кеңестік кезеңнің құйтырқы саясаты түркі халықтарын бір-біріне айтарлықтай жат қылып жібергенін де айтуымыз керек. Арадағы байланыстар түбегейлі үзіліп қалған соң, қазақтың мақалында айтылатындай: «Көрмесең, бармасаң жат боларсың». Тәуелсіздік алған жылдардан бастап түркі халықтарының бір-бірімен етене араласуына жол ашылды. Бірақ, рухани-мәдени байланыстардың ойдағыдай жүзеге асуына ең алдымен экономикалық мәселелерді шешу керек болды. Сондықтан 1990 жылдардан кейінгі орын алған экономикалық дағдарыстар, ол қиындықтарды еңсеру мәселелері түркі халықтарының өзара байланысын дұрыстап жаңғыртуға да мүмкіндік бермеді. Барлығы да өздерінің ішкі мәселелерімен арпалысты. Кеңестік жүйенің құрамында болған түркі халықтарының алдында тұрған қазіргі үлкен мәселелердің бірі – отарлық санадан арылу. Отарсыздану жұмыстарын қауырт қолға алу, тарихи санамызды жаңғыртып, ұлттық болмысымызды өз дәрежесінде қалыптастыруға байланысты тиісті әрі нақты шаралар қабылдау.

Иә, жасыратыны жоқ, түркітанушы ғалымдардың, саясаткерлердің назарын аударып келе жатқан мәселе ол – түр­кі халықтарының бірлігі, одақтас мемлекеттер ретінде аймақтық ықпалды күшке айналуы тәрізді тақырыптар бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі айтылып келеді. Бұл да жайдан-жай емес екені, астарлы негізі бар түйіндер екенін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені тарихи тұрғыдан да, бүгінгі уақыт пен кезең тұрғысынан да түркі халықтарының жұдырықтай бір болуына, еларалық ұлттық байланыстарды нығайтуына ешқандай кедергілер жоқ сияқты. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген қазақтың даналық сөзіне құлақ асатын болсақ, әрине, бірлік дейтін ұлы құндылықтың кім-кімге де пайда әкелмей қоймаған тұсы жоқ. Мәселен, Еуропа елдері Еуроодақ аясында тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлікке негізделген байланыстың өзіндік жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Ортақ мүдде, ортақ валюта, жүріп-тұруға ыңғайлы визасыз аймақ дегендей. Әрине, Еуропа мемлекеттерінің әрқайсысында өздерінің ішкі саяси мәселелері баршылық. Дегенмен, бүгінде әлемдік геосаясатта Еуроодақтың үні анық та, айқын естіліп жатады. Әлемнің көшбасшы мемлекеттері Еуроодақтың қабылдаған шешімдерімен санасуға мәжбүр. Яғни, олар саяси сөздері салмақты тегеурінді күш екенін аңғартып отыр.

Ал дәп қазіргі таңда демесек те, алыс-жақын болашақта тамыры бір, тарихы ортақ түркі халықтары осындай одақтастық деңгейге көтеріле ала ма? Ортақ мүдде­лерін айқындап, ынтымақтастықтың терең үлгісін қалыптастыра ала ма? Жалпы, түркі халықтарының бір болуы, ортақ мүдде аясында топтасуы мүмкін бе? Қарап тұрсақ, әрқайсысы дербес ел. Жеке дара мемлекеттер. Саяси жүйелері де әртүрлі. Экономикалық даму көкжиектері де әрқилы. Саясат сахнасындағы серіктес мемлекеттерінде де айырмашылықтар бар. Бірақ, бүгінгідей жаһандану заманында, әлемдік саясаттың ірі ойыншылары арасындағы текетірестер жиі-жиі шаң беріп қалып отырғанда, түбі бір түркі халықтары одақтас болып, тәуелсіздіктерін нығайтып, бір-біріне септесуі маңызды болып отыр. Бірақ, оған дейін мемлекеттер арасында ауқымды жұмыстардың атқарылуына тура келеді.

Түркі халықтарының бірлігі деген мәселе ұлт көшбасшыларының өзара достыққа негізделген әріптестік байла­ныстарымен ғана өлшенбесе керек. Ең алдымен, жалпы түркі халықтары бір-бірлерін тануына кең жол ашылуы керек. Мысалы, қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, әзірбайжан, түркімен тәрізді елдердің халықтары бір-бірлерін қаншалықты жақсы таниды? Бұл жағына келгенде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз аздау екенін мойындауымыз керек. Мәдени күндерді өткізумен ғана шектеле беретін болсақ, саясатта, экономикада, медицинада, ғылым мен білімде кең ықпалды байланыстар өрбімесе, көңілге қонымды өзгерістерді, серпілістерді күтудің өзі қиын. Мысалы, тіл, өнер, әдебиет, мәдениет, кино және т.б. салаларында тәжірибе алмасу, ортақ дүниелер мен тарихи туындылар шығару, түркілік ортақ құндылықтарды бірлесе зерттеу, насихаттауға тиісті дәрежеде көңіл бөлінуі керек.

Былтыр ғана дүние салған белгілі тарихшы Уахит Шәле­кенов айтқандай, бүгінгі түркі әлемі, сол әлемді құрап отырған қазақ, қырғыз, әзірбайжан, өзбек, түркімен, түріктер түбі бір, тарихы бір түркі мемлекеттері бірлік мәселесіне ерекше көңіл бөлуі керек.

Әрқайсымыз дербес мемлекет ретінде жеке-жеке дами беретін болсақ, бірікпесек, келешекте егемендігімізді сақтау қиынға түседі. Дербес қазақ халқы, қырғыз, өзбек, түркімен, әзірбайжан, түрік халқы болып өз жолымызбен кете берсек, бірлігімізді қалай қалыптастырамыз? Міне, осы сұрақ мені көптен бері ойландырып келеді. Тарихқа зер салатын болсақ, дүниежүзін мекендеген түріктер егемендіктің туын жоғары ұстап, соның негізінде адамзат өркениетінің негізін салып, дамыта білген. Бірақ ертедегі бабаларымыздың қалыптастырған рухани өркениетінің кейбіреулері әлсіреп, осалдап кеткен. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озат жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деді. Міне, аталмыш бағдарламаны іске асыру үшін халқымыздың рухани қазына-байлығын ұрпақ игілігіне жаратып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған өте бай құндылық дәстүрлерін қайта жаңғыртып, осы жолда әрбір саналы азамат бар қуат-күші мен білімін сарқа еңбек етуі қажет» – деді У.Шәлекенов.

Ұлтымыздың ұлы саяси қайраткері Мұстафа Шоқай 1939 жылы жазған «Түрік бірлігі хақында» атты мақаласында былай деді: «Түрік бірлігі – турасын айтқанда «мұғажыраттағы түрік топтарын бірлестіру» мәселесі өз алдына жаңа мәселе болып тұр. Ол қазірге дейінгі ауызекі әңгімелеріміз бен жазған мақалаларымыздың бір басты тақырыбына айналды. Осындай бірлік жасау үшін ұмтылыс та болмай қалған жоқ. Өкінішке орай, мұндай ұмтылыстар осы күнге дейін ешбір нәтиже бермей келе жатқан болса, ол түрік топтарының осындай бірлікке ықыласы жоқтығынан (ықылас жоқ болса, онда мұндай ұмтылыс та болмас еді) емес, өмір сүріп отырған жағдайдағы соған барғызбай жатқан себептерінің үстем болуында еді. Бәрінен бұрын мына бір мәселені біліп алған жөн. Түрік топтарын бірлестіру мәселесі – саяси мәселе. Сол себепті оның шешілуі де шарт жағдайларға тәуелді» дей келе, «біздің түрік дүниесі «Геополитика» жағынан қарағанда біртұтас бірлік түзуге қолайсыз екені белгілі. Ресейге қараған түрік дүниесінде тек Түркістанның геополитикалық жағдайы ғана оның түріктік талаптарына сәйкес келеді. Онда кең байтақ географиялық және экономикалық тұтастықта жатқан қалың түрік бұқарасы бар. Ал басқа бөліктерімізде бірдеңе жетіспейді» деген тұжырым жасайды.

Бұл жерде Мұстафа Шоқай түркі халықтарының бірлігін геосаяси орналасу жағдайларымен байланыстыра қарастырып отырғанын аңғару қиын емес. Сонымен қатар, М.Шоқай түрік халықтарының бірлікке ықыласты болуын орынды атап өткен. Өйткені саяси бірлікті, мүдде бірлігін қалыптастыру бір елдің ғана тарапынан шешілетін мәселе емес екені түсінікті. Демек, түркі халықтарының бірлігін көксеген елдер сол жолда ауызбіршілік, ынтымақ танытып, ортақ ықыластың аясында қадам жасағандары абзал емес пе. Жоғарыда айтқанымыздай, Кеңес Одағының құрамында болған түркі тектес елдер сол кезде жүргізілген саясаттың салдарынан бір-бірлерінен рухани тұрғыдан алыстап кеткені рас. Түркі халықтарының терең тарихынан қол үздіру, ұлттық сана-сезімдерін, ұғым-түсініктерін шаю, ұлттық дүниетанымдарын көмескілендіру саясаты өз нәтижесін берді. Әр халық өзімен-өзі қалып, бір-біріне ағайын-туыс, бауыр екені де қаперге алына бермеді. Бір сөзбен айтқанда, бір бәйтеректің бұтағындай болған халықтардың арасы алшақтап кетті. Отаршылдық езгіде қалды. Осындай ұзақ мерзімге жалғасқан отаршылдық саясаттың саяси сипатқа ие болған «қолтаңбасы» түркі халықтарының күллі болмысына, тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, ұлттық ерекшеліктеріне тікелей әсер етті. Олардың бәрін о бастағы қалпына келтіру оңай болмайтынын түсінеміз, бірақ, түркі халықтарының бірлігіне жаңаша мазмұн, жаңаша сипат беру арқылы арадағы үзіліп қалған байланыстарымызды қайта жаңғыртуға мүмкіндік мол. Мұстафа Шоқай айтқандай, бұған ықылас керек, ниет керек. Әрине, әлемді жаулаған жаһандық мәселелер көп жағдайда ортақ бірлік, ортақ мүдде турасында көбірек ойлануға мұрсат бере бермейді. Әрбір ел қайтсек алдымызда тұрған сын-қатерлерден аман-есен өтеміз, қайтсек экономикалық дағдарыстардың салқынын еңсереміз дегендей күйде келеді. Бірақ, әлеуметтік-экономикалық ахуал дұрысталып, өз арнасына түскеннен кейін түркі халықтарының арасында ортақ құндылықтарды дамыту күн тәртібінде тұратыны басы ашық мәселе болып қала бермек.

«Әрбір ұлтты даралық қадір-қасие­тімен өркендетудің орнына, ондаған ұлттар мен ұлыстарды бір ғана саяси идеологиялық қалыпқа қуып тыққан тоталитарлық социалистік система үшін жеке ұлттардың тек-тамырына үңілудің қажеті де болмады. Көптеген ұлттар өздерінің этногенетикалық тек-тамырынан көз жазып, сырттан зорлап таңылған «бұрынғы жабайы жұрт», «бұрынғы ру-тайпалық тобыр», «бұрын ұлт болып қалыптаспаған» деп келетін теориясымақты өздерінің өмірбаяндық қасиеті ретінде жатқа айтуға мәжбүр болды. Бұл сияқты идеологиялық өктемдіктің зардабын әсіресе түркі тілдес халықтар қатты тартты. Себебі, түркі тілдес халықтардың бір кездегі этногенездік, саяси-әлеуметтік және рухани тұтастығын мойындау деген сөз, түптеп келгенде Еуразия құрлығындағы мыңдаған жылдық тарихы бар ұлы мәдениетті мойындау болар еді. Мұның өзі ең алдымен түркілік тұтастықты ұрпақтар санасында жаңғыртып, сонан соң панславяндық гегемондықты әлсірететін ой-тұжырым еді. Сондықтан да, мұндай ой-тұжырымға барар жолдың бәріне тосқауылдар қойылып отырды» (Ақселеу Сейдімбек. «Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау», Алматы, 1997 ж.)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ даласы – ұлы түркі елінің қара шаңырағы» атты мақаласында түркі мемлекеттерінің бірлігін тілге тиек еткені белгілі. Түркі әлемінің  тұтастығы қажет екенін айтты. Осы орайда аталған мақаладан үзінді келтірейік: «Өзіміздің алдымызда тұрған тарихи міндеттің соншалық алып екенін жете түсіну орасан зор жауапкершілік жүктейді және оны орындаудың үдесінен шығу үшін барлық күш-жігерді түгелдей жұмылдыруды талап етеді. Түркі әлемінің аумағындағы болашақ тарихымыз әрқайсымыздың ұлттық-мемлекеттік құрылысымыздағы міндеттерді шешуге байланысты әр түрлі тұрғыдан келуді қажет ететін толып жатқан қыруар қарама-қайшылықтардан тұра ма, әр түрлі ұлттық мәдениеттердің өзара жанасып, жақындаса түсетін жүйелеріне сызаттар түсіп, быт-шыты шығып жүре ме, әлде қазіргі қатыгез тарихтың тулаған толқындарында біржола жоғалып кетпеуіміз үшін өзара бас қоса отырып, біртұтас мәдени-өркениет кешенін құру мақсатымен түркі әлемінің тұтастығын нығайта беру қажеттігін жете түсінетін биік деңгейге көтеріле аламыз ба – міне, мұның бәрі де біздің мемлекеттеріміздің қаншалықты дәрежеде бірлесе күш-жігер жұмсай алатындығына тікелей байланысты мәселелер болып табылады...Тарихтың қойып отырған өктем талабы әрбір түркі еліне әр түрлі салада және саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық әр түрлі тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жатпай-тұрмай іздестіруді міндетті. Егер түркі әлемінің бірігу идеясына қазіргі ағымдағы тарихи кезең тұрғысынан баға беретін болсақ, онда әлгі бірігу идеясының ықпалдастырушы және жұмылдырушы мүмкіндіктері шамалы ғана сияқты болып көрінуі әбден мүмкін» деп жазады Елбасы. Елбасының тұжырымдарын негізге алатын болсақ, түркі халықтарының бірлігін ілгерлету бағытында қыруар жұмыстар күтіп тұрғаны анық. Мұның барлығы, өз кезегінде, нақты істерді талап етері анық.

Соңғы кездері ресейлік және тағы басқа ақпарат құралдарында түркі халықтарының бірлігінен қауіптену үдерістерін байқататын мақалалар мен сұхбаттар жарық көріп келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Ол мақалалардың дені Түркия мемлекетінің Президенті Реджеп Таийп Ердоған «Ұлы Тұран» одағын құруды көздеп отыр деген байбаламға негізделген. Мысалы МГУ-дың профессоры, саяси ғылым докторы Андрей Манойло: «Анкара Әзірбайжанға әскерін кіргізгеннен кейін, посткеңестік кеңістікте белсенді әрекет етуге мүмкіндік алды. Енді Түркия арнайы қызметтерінің Ресей аумағындағы белсенділігін күтуге тура келеді. Сонымен бірге, түркі халықтарының ортақ тамыры мен дінінің бірлігі жайында үгіт-насихат басталуы мүмкін. Көптеген түрік шенеуніктері – олардың мақсаты Түркияның құрамына Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы түрік мемлекеттерін қосып алу» деген тұжырым жасапты. Газета ру. басылымының тілшісі Алексей Грязев: «При Эрдогане во внешней политике Турция придерживается принципов нео-османизма, то есть стремится к возвращению влияния канувшей в лету огромной Османской империи. Помимо очевидной претензии на роль регионального лидера, которую Анкара пытается претворить в жизнь, вмешиваясь в многочисленные военные конфликты на Ближнем Востоке, руководство страны ставит перед собой еще одну важную цельурция рассчитывает стать безусловным лидером среди стран с тюркоязычным населением. Именно здесь интересы Анкары напрямую сталкиваются с интересами Москвы. Ведь тюркоязычные страны Азербайджан, Узбекистан, Казахстан, Киргизия и Туркменистан это осколки постсоветского пространства, где Россия надеется сохранить свое влияние. Амбиции Анкары воплощаются через созданный в 2009 году Тюркский совет организацию всех, за исключением Туркменистана, современных представителей тюркского мира. Впрочем, говорить о безоговорочной победе тюркского мира на постсоветском пространстве пока не приходится. Страны Средней Азии сохраняют прочные связи с Россией, и даже наиболее близкий к Турции Азербайджан старается выстраивать свою внешнюю политику, балансируя между интересами Анкары и Москвы. Тем не менее, от своих планов по построению тюркского мира Турция вряд ли когда-нибудь откажется. Особенно при том империалистически настроенном руководстве, которое возглавляет республику сейчас» деп жазды. Осы тақылеттес өзге де көзқарастар Ресей баспасөзінде көптеп кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, түркі халықтарының бірлігін қаламайтын, соған қарсы ақпараттық, идеологиялық күрес жүргізіп жатқан саясаттанушылар да бар. Әрине, кешегі империялық елдер түркі баласының бір болғанын, ықпалды күшке айналғанын қаламайтыны түсінікті. Олар, әлбетте, өздерінің қауіпсіздігін бірінші кезекте ойлайды. Бәлкім, жаулап алады деп қорқуы да мүмкін. Сонымен қатар, түркі елдерінің оншалықты күшті мемлекет болып кетпей,  орташа даму деңгейінде өмір сүре бергенін тиімді көретіні анық. Тарихта түркілердің қандай мықты дәрежеде болғанын, әлемді билеп-төстегенін бәрі де жақсы біледі. Сондықтан да, осы жағынан қауіптенсе керек. Бірақ, бүгінгі заман басқа. Көп сұрақтар өркениетті түрде, дипломатиялық негізде шешіледі. Тарихшы Уахит Шәлекенов айтқандай, түрік әлемінің сыртқы саясатында ешуақытта отаршылдық саясат болмаған. «Түркілер – отаршылдық саясатты ұстамай, азаттық үшін күрескен. «Жер бетіндегі үлкенді-кішілі әр халық өздерінің жасаған табиғи-географиялық ұясында қалай өмір сүремін десе, еркіменен өмір сүрсін» деген. «Бір халық екінші халықты бағындырып, оны отаршылдыққа айналдырмау керек» деген. Яғни, жер бетіндегі халықтың өміріне қол сұқпау керек деген. Олардың табиғи заңдылықпен дамуына, өсіп-өркендеуіне мүмкіндік берген. Білге қағанның ұрпақтарына қалдырған өсиеті бар. Білге қаған: «Түрктілдес халықтар бір болуы керек» деген өсиет қалдырған. Яғни, біз бірлігіміз ғана мықты боламыз. Бірлігімізден айырылсақ, тоз-тоз болып, бөлінгенді бөрі жейдінің кебін киетінімізді меңгезені ғой. Сондықтан бірлігіміз шайқалған кезде жеңіліске ұшырап отырдық. Білге қағанның Қытайға қатысты айтып кеткен өсиеті де бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Білге қаған Қытайдан әр уақытта қауіп туатынын айтқан. «Қытаймен тек қана сауда-саттық қарым-қатынас жасап отыру керек» деген. Қытайлар Батыс көршісі болған түріктермен соғысқан ғой. Соғысып, өзінің территориясын кеңітпекші болған. Бірақ та, бір метр жерін де ала алмаған. Уақытша кейбір жерлерін алып, Ферғанаға дейін барған. Артынан түріктер жиналып, оларды осы жерде қырып тастаған. Қытайлар «Қытай қорғанын» түріктерден қорыққандарынан салған. Бес мың шақырымға созылған қорғанды екі ғасыр салған.  Бірақ, ол қорғаннан түріктер, яғни, біздің ата-бабаларымыз талай өтіп, Қытайға шабуылдап отырған».

Түркі халықтарының бірлігіне қатысты ой-тұжырымдарды саралай келгенімізде, белгілі ғалым Нағашыбек Қапалбекұлының мына бір пікіріне ден қойдық:

– Түркі халықтарының бірлігі бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Бірлік мәселесі қоғамдық өмірдің аса бір қажетті шарты екендігі әлмисақтан белгілі. Бірлік сақталған жерде ғана толыққанды өмір бар. Ұлттық бірлік – ұлт өмірінің бірден-бір шарты. Ұлттық ішкі бірліктің сақталуы – ұлт өміршеңдігінің басты кепілі. Сондықтан да, бұл мәселе түркі халықтары қоғамдық өмірдің даму жолына түскелі бері күн тәртібінен түскен емес. Түркі әлемінің бірлігі әлсіреп құлдыраған, біртұтас болып әлемді аузына қаратқан тұстары да тарихта жеткілікті. Орталық Азия мен Кіші Азияның, Байкал мен Балканның аралығындағы ұлы кеңістікті, дүниедегі ең үлкен екі құрлықты иен жайлаған түркі халықтарының, бағы жанып, мәртебесі биіктеген де, сәтсіздікке ұшырап, зардап шеккен де кезеңдері аз болмаған... Әсіресе, соңғы бес ғасырдай уақыт бір кездерде әлемдік өркениетке айтарлықтай үлес қосқан түркі әлемінің берекесі қашыңқырап, оның салдарынан тұтастығына сызат түсіп, бір-бірінен ажырай бастады. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, көпшілігі бодандыққа ұрынып, этнос ретінде жойылуға бет алды. Өткен ғасырдың басында түркі халықтарының не ел болып қалу, не тозып, тарих сахнасынан түсуі тарихтың таразысына қойылған сәттерде түркі бірлігі жаңаша мазмұнда барынша қайтадан көтерілді. Түркі жұртын сақтап қалудың бірден-бір жолы ретінде «тіл де, діл де, іс те бірлікте» (Ысмайыл Гаспралы) болуға шақырған түркішілдердің ұраны түркі әлемінің көгінде қалықтады. Мұны түсінген түркі әлемінің зиялылары барынша бірлікке ұмтылғанымен, ас­тыр­тын қарсы күштердің жасырын әрекеттерінің барысында бұл мақсатқа толықтай қол жеткізе алмай келеді. Сондықтан да, бүгінгі жаһандану үдерісі қарқын алып, мұның өзі Түркі әлемінің тұтастығына, болмысына айтарлықтай зиянын тигізіп жатқанда да бұл мәселе барынша өзекті болып отыр, – деп жазды.

Нағашыбек Қапалбекұлының айтуын­ша, түркішілдік, түркі бірлігі – бұл түрік ұлтын сүю, оны биіктету деген сөз. Түркі бірлігі – шашыраған түркі халықтарын ынтымаққа, бірлікке шақыру. Қазір жаһандану кезеңінде өзіндік болмысты сақтап қалуға күш салу керек. Өмір барлық жағынан бәсекелестікке қабілеттілікті талап етіп отыр. Шындығын айтқанда, біз сияқты ұлттық дамуында әлі де жеткенінен жете алмай келе жатқаны көп елге жаһанданудың жолымен жеке-дара жүру аса қауіпті екендігіне бүгінгі күндері көзіміз анық жетіп отыр. Түркі халықтарының ішіндегі ұлттың мәселелері біршама мығым шешілген 80 миллионнан астам түріктердің өзі жаһанданудың ұлт болашағына тигізер әсері жайлы толғана бастауының өзі басқа азсанды халықтар үшін көп нәрсені аңғартуы тиіс. Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрк Түркия Республикасының он жылдығына орай өткізілген салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «... Түркі бірлігі күндердің күнінде шындыққа айналатындығына сенемін. Өзім ол күнді тікелей көрмесем де, оны түсімде көре отырып, көзімді жұмамын. Ертеңнің тарихы өзінің жаңа кезеңдерін түркі бірлігімен бастайтын болады. Әлем бейбітшілік пен тұрақтылықты сол кезеңдерден табады» деп, түркі бірлігінің болашағына үлкен үміт артқан болатын. Сонымен, жаһандануға жұтылып кетпес үшін бізге ең қолайлысы – түркілік жол, яғни, тегі, тілі, рухани құндылықтары ұқсас, түркі халықтарымен бір болу. Бағзы тарихқа көз жүгіртсек, қуатты империя құрған түркілер ғасырлар бойы ұлан-ғайыр аймаққа билік жүргізіп, арғымақтың тұяғы жеткен жерге иелік етті. Алтайдан тарайтын айбынды ел тілі жақын, танымы мен талғамы ұқсас бір әлемді – ортақ өркениетті құрады (Н.Қапалбекұлы, «Ана тілі» газеті, 31 шілде, 2019 жыл).

Ғалымның сөзі – пайымды ой, орнықты пікір. Иә, жаһандануға жұтылып кетпес үшін ең қолайлысы – түркілік жол. Барлық түркі халықтарының ғалымдары осындай тұжырымға келсе дейсің. Жалпы, түркі халықтарының бірлігі дейтін мәселе жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Бірлік қалай жүзеге асады? Оның өркениетті жолдары қандай? Бір кеңістікте өмір сүріп отырған түркі елдерінің қазіргіден де тереңірек ықпалдасулары үшін қандай шаралар жасалуы керек? Еуропа елдеріндегідей ортақ валюта, өзге де шарттар жасалуы қажет пе? Осының барлығы мемлекеттік деңгейде шешілетін еларалық үлкен сұрақтар ғой.

Тәуелсіздік алу бар да, оны әрі қарай өркендетіп, сақтау мәселесі де бар. Биыл тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толады. Әлемдік саясат сахнасында геосаясат жағдайлары күрделеніп, әртүрлі елдер арасындағы мүдде қайшылықтары орын алып жатқан қазіргі уақытта егемен мемлекетіміздің іргетасын нығайту маңызды. Осы мақаламыздың өзегі ретінде біз белгілі тарихшы Уахит Шәлекеновтің ойларын жайдан-жай алып отырғанымыз жоқ. Өйткені ақсақал егемендігімізді сақтау мәселесі, түркі халықтарының бірлігі жайында келелі ойларын ортаға салып еді. Соларды қалың оқырмандарға жеткізу – бізге парыз. Сол шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсына отырып, мақаламызды тұжырымдасақ дейміз.

– Уахит аға, егемендігімізді сақтау үшін, түрлі сын-қатерлерден аман-есен өту үшін не істеуіміз керек?»

Ол үшін бүкіл түркі әлемі бірігуі керек. Бірігіп, бір орталық құру керек. Меніңше, ондай орталық «Түрік демократиялық одағы» деген атпен құрылса деген ой бар. Түрік әлемі, түрік тектес халықтар бұрынғы Моде, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Шыңғыс хан замандарындағыдай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесуі керек. Оны империя, мемлекет деп атамай-ақ қояйық. Одақ деп атайық. Одақ деген сөз федерация деген сөз. Сондықтан, Түрік одағын құрайық. Сөйтіп, ұлы күшке айналдырайық. Түрік одағының құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Түркия болуы керек. Бұл егеменді елдердің бірінші басшылары «Түрік демократиялық одағын құруға, екпінді, қарқынды жұмыстарды жүргізуі – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Біздің түрік бірлестігін құрамыз дегенімізге отыз жыл болды. Сөз жүзінде айтамыз, іс жүзінде істеліп жатқан нәрсе өте аз. Баяғы жеке-жеке, өз алдына дамудың жолында келе жатырмыз. Осы көзқарасты өзгертуіміз керек. Бұл мәселелерді қазір қатты қолға алғанымыз жөн. Шығыста Қытайға, Батыста Россияға жалтақтауды қоюымыз керек. Бұл саясатты батыл, ашық түрде жүргізуіміз керек. Жасырып, жабудың қажеті жоқ. Егер де түрік халықтары Түрік одағын құратын болса, оны ешкім ешуақытта жеңе алмайды. Ол мәңгі жасайды. Түрік одағын құрсақ, түрік халықтарының бірлігін бекемдеу үшін құрамыз ғой. Әйтпесе, біздің қанымызда отаршылдық саясат жоқ. Ресей басшысы Путин айтады «ХХ ғасырдағы үлкен трагедия – Ресейдің бөлінуі» дейді. Ал біздер айтамыз: «ХХ ғасырдағы ең керемет, жақсы оқиға – Кеңес Одағының ыдырауы болды» деп. Себебі азаттығымызды алдық. Менің байқауымша, үш жүз жылдай үстемдік істеген көршіміз сырт елдерге сол баяғы үстемдігін орнатқысы келетін сияқты. Жириновский бастаған саясаткерлері: «Түріктер Тұран мемлекетін құрып, біздерді отарластыратын болды» деп шуласып жүр. Жириновский қорықпай-ақ қойсын. Отарластыру саясаты түрік әлемінде ешуақытта болмаған.

– Бүгінде Түркістан қаласының облыс мәртебесіне ие болуы түркі халықтарының бірлігіне серпін бере ме? Қалай ойлайсыз?

– Екі мәселені айтайын. Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университеті 25 жыл бұрын ашылды. Бұл университетті құрудағы бірден-бір мақсат – келешекте түрік елдерінің жастары келіп, осы оқу орнында білім алады, осылайша түрік халықтарының бірлігі артады деген ой болды ғой. Ал енді осы университетті қаржыландырып отырған кім? Қазақстан мен Түркия елі. Басқа түріктілдес халықтардың біреуі де жәрдем бермейді. Жәрдем беру былай тұрсын, жастарын оқуға жібермейді. Бұл қалай болғаны? Бүгінде бұл үлкен университетке, білім беретін ғылыми орталыққа айналды. Осы университетті барлық түрік халқы қолына алмай ма? Қолынан келген жәрдемдерін беріп, бұдан да зор етіп, үлкейтпей ме? Осындай тұстарға мән беруіміз керек.

«Түркістанды – Түрік одағының рухани орталығы» дейміз. Ал неге Түркістан – түрік халықтарының астанасы болмайды? Рухани астана емес, түрік халқының жалпы үлкен астанасы Түркістан болуы керек. Өйткені Түркістан – түрік халықтарының қақ ортасында тұр. Ислам дінінің ошағы. Түркістан қаласында Түрік одағының Үкіметі болсын. Ол Үкіметтің мүшелері әрбір халықтан сайлансын. Әр халық өкілінің өзінің басқарушы орны белгіленсін.

Былтыр Нұр-Сұлтан қаласындағы Түркі академиясының құрылғанына 10 жыл толды. Он жылдың ішінде мына шаруа істелді, ана шаруа істелді деп баспасөз бетінде айтылып, жазылып та жатыр. Бірақ, менің ойымша, Түрік академиясының түрік халқын біріктіруде істеп жатқан ісі шамалы. Жоқтың қасы деуге болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында антрополог Оразақ Смағұловтың және абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтың 90 жасқа толу мерейтойына орай конференция өткен. Сонда мынадай мәселені айттым: «Түрік академиясы түрік халқының ежелден келе жатқан тарихи бірлігін неге жазып зерттемейді? Төңірегіне түрік тілдес тарихшыларды неге шоғырландырмайды? Түрік халқына ортақ тілді неге жасап шықпайды? Түрік халқының ішіндегі ең үлкен халықтардың бірі – өзбектер. Ал неге Өзбек академиясы Түрік академиясының мүшесі емес. Неге түркімен, әзірбайжан, тағы басқа елдер осы академияның мүшесі емес? Қазақтың бай ауыз әдебиеті, «Бабалар сөзінің» 100 томдық еңбегі неге насихатталмайды?» дедім. Менің бұл пікіріме Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев көңіл бөлді. Қолдады. «Ақсақалдың айтқан пікірлері дұрыс. Ескеру керек» деді.

Былтыр Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар мен еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев кездесіп, өңірлік қауіпсіздік, екі елдің әскери-техникалық ынтымақтастығын, соның ішінде кадрлар даярлау, әскери білім беру, жауынгерлік даярлық, оқу-жаттығуларға қатысу мәселелерін талқылады. Бізге Түркиямен де, басқа да түрік елдерімен барлық салада, оның ішінде әскери салада да осындай екі жақты қарым-қатынас міндетті түрде керек. Бұндай әріптестік байланыстарға ерекше мән беруіміз керек және мұны алдағы уақытта жалғастыра бергеніміз абзал. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Түрік («Тұран») қарулы күшін ұйымдастырып, оның орталығын (штабын) Түркістан қаласында орналастырып, әрбір егеменді түрік республикалық әскерлерінен құрылуы тиіс. Тағы бір атап айтарлық мәселе – біз, түрік халықтары, түрік елдері бір-бірімізге жанашыр болуымыз керек. 

Біз, түрік халықтары, бір-біріміздің жетістіктерімізге қуана білуіміз керек. Кейде баспасөз бетінен оқып қалам: «Ойбай, өзбектер бізден алға кетті. Біз қалып қойдық» деп жазады. Өзбекке «Рахмет» деу керек. Алға озсын. Өзбек – сенің туған халқың ғой, өз бауырың ғой. Оның жетістігін қабылдай біл. Сенің алға кетіп бара жатқан жағың болса, сен өзбекке жәрдем бер! Оның алға кеткенін – өз жетістігің ретінде қабылда! Бұл жалғыз өзбек немесе қазаққа ғана қатысты дүние емес, бүкіл түрік халықтарына қатысты ұстанымға айналса, игі іс болар еді.  Әлемнің саяси сипаты күн сайын күрделеніп бара жатқан мына заманда түрік халықтарының ынтымағы, ауызбіршілігі, тізе қосып әрекет етуі, түрлі сын-қатерлерге бірлесе қайрат көрсетуі – кезек күттірмейтін мәселе. Жасыратыны жоқ, өткен тарихымызда, бодандық замандарда түрік халықтарының қарым-қатынасы үзіліп қалды. Соның салдарынан түрік халықтарының бауырластығы бұрынғыдай бекем болмай қалды. Демек, түркі халықтарының бірігу мәселесінде алда атқарылар талай жұмыс күтіп тұр, – деп тұжырымдаған еді У.Шәлекенов.

Сөз соңында айтарымыз, түркі мемлекеттері – бір-біріне жанашыр болуы керек. Себебі аймақтық, жаһандық күрделі мәселелерді ықпалдаса отырып, бірлесе шешуіміз керек.

«Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты. Осыған байланысты «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек.  Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды. Сонымен қатар, жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» деп Елбасы жазғандай, түркі елдері бір-бірінен алшақтамай, бауырластық мүдделерін айқын танытып, еркін де ашық әріптестік байланыс орнатып, бірліктің жаңаша деңгейіне шығуы керек.

653 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз