• Ел мұраты
  • 28 Сәуір, 2021

НАУРЫЗДЫҢ ЖЕТІ ЖАҢАЛЫҒЫ

Серік Ерғали, 
мәдениеттанушы

Наурызды зерттей бастағаныма 20 жылдай уақыт болды. Зерттеу негізінде «Наурыз-фест» жобасы жасақталды, оған биыл 12 жыл. Зерттеу негізінде алғашқы «Нау мен ырыс» кітабы басылды. Осы зерттеулерге тән басты жаңалықтармен бөлісудің бүгін сәті түсті. Бұл мақалаға арқау ретінде 7 жаңалықты жариялағалы отырмын.

1-жаңалық.

Наурыздың тарихи куәлігі!

Шамамен 5000 жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай жотасында тауындағы жартаста қашалған ежел­­гі бітік-суреттер. Онда жер беті­лік мақ­ұлық­тардан бірнеше есе ірі екі кейіп бейне­ле­ніпті: оң жа­ғында күн­дидарлы тұл­ға бері қа­рап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы – Іңір (іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сыйыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс.

Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Он екі бейне мүшелдік, бәлкім он екі ай бейнесі немесе 12 шоқжұлдыз болуы ықтимал.  Бұл – ежелгі наурыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл – сиыр жылының Наурызын мейрамдау көрінісі! Бұл петроглиф – Күн мен Түннің теңесу сәтімен бірге мүшелдік Жыл басын суреттеп тұр.

Бұған дейін парсыға теңеліп келген Наурыз мейрамы бірнеше мыңжылдыққа тартатын мына тас куәлігі арқылы жалпы­адамзаттық құндылық екенін сөзсіз аңғартады. Бұған қоса түркі халықтарының танымы мен этнографиялық түсінігіне толығымен сәйкесіп тұрғаны және бар.

2-жаңалық.

Наурызбөрік табылды!

Бұл бөрік, ресейлік баскиімдер сайтында орыстың ұлттық баскиімінің тізімінде жүр, бірақ атауы – Наурыз!

Наурызбөрік си­паты: бөріктің бір түріне жатқызуға болғанымен негізі қалпақ пен бөрікті біріктіріп тіккен; қал­пақ айырқалпаққа жақын болғанымен, тілігі жоқ, бірақ жоғары қараған тілшесі бар және жиегін асыл тастармен әшекейлеген; бөрік етегі бағалы терімен көмкерілген. Бұл – баскиім емес, Наурыз мерекесіне арналған арнайы костюмнің бір бөлігі. Мұндағы қалпақ – айдың нышаны да, бөрік – күннің нышаны. Қысқасы, ай мен күннің, Күнек пен Түнектің бірлескенін, теңескенін білдіреді. Аталмыш баскиім Алтынорда дәуірінде Наурыз мейрамында киген ақсүйектердің әшекейінің жұрнағы болса керек.

3-жаңалық.

Наурызқалпақ табылды!

Алтынорда­лық наурыз қалпақ. Орыс­тардың ұлттық бас киімдерінің арасында жүр.

Наурызқалпақ сипаты: қалпақ­тың төбесі екі жо­лақтың ара­ласа тігілуінен құра­лады; көктүсті жолақ – аспан, топырақтүсті жо­лақ – жерді біл­діреді. Айыр қал­пақтың екі бөлек­тенген ете­гі Айдың бейне­сін береді, оның беті­не айқыш/крест кестеленген, бұл Күннің таңбасы. Ай мен Күннің бірігуі астрономиялық Күндіз бен Түн­діздің теңесуін нұсқайды.

Аталмыш бас­киім Алтын­орда дәуірінен қалған орыс ерлерінің баскиімі тізімінде суретімен жүр. Киген адамның суреті де қыпшақ екенін  оның көкке ширатылған мұрты байқатып тұр.

4-жаңалық.

Хан ордасындағы көрісу.

Бұл сурет Ағылшын этнограф-су­ретшісінің салған суреті (Әбілқайыр ханның ордасындағы Көрісу ғұрпы. 1736 жылдың жазы. Жем-Ембі өзенінің бойы.

* Сатаев А. «В лебедей не стреляют». — А.: Қайнар, 2011).

Қазақ хал­­­қы көрісу ғұр­пын тек қа­на Наурыз мейрамына телі­меген екен. Бұған ай­ғақ, 1736 жыл­дың маусым-шіл­де аралығында Арал теңі­зіЖайық өзендерінің төңірегін зерттеп, Әбіл­қайр ханның ордасында болып, бірнеше су­рет жыйдасын салған  Дж. Кестелдің екі ер адамның көрісу ғұрпын бейнелейтін суреті.  Бұл сурет салынған уақыт – наурыз айы емес, маусым-шілде айлары деп нақты көрсетілген. Менің шамалауымша, бұл маусым айының ең ұзақ күні 21-22  күндері болар. Бұл күн бүгінде қазақта ұмытылған, жалпытүркілік «Сабатой» аталған жазғы мерекесі қарсаңы болар. Соның жоралғысына суретші сәйкес келген болуы ықтимал. Бұл да айтулы мереке, оны бүгінде саха-якуттар  «Ысыах» атайды және өздерінің жаңа жылы ретінде атап өтеді. Бұл суретке қарағанда көрісуді бір ғана Наурыз мейрамына байлау артық, ендеше бұл ғұрып жыл бойындағы Күн мен Түннің арбасуына сәйкес келетін басқа мезгілдік мейрамдарға да тән болғаны.

5-жаңалық.

Көрісу ғұрпына – 5000 жыл!

Шамамен 5000 жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашалған ежелгі суреттер. Бұнда «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш пен түндидарлы – Іңір; толық сипаттамасы жоғарыда келтірілді.

Бұлар бір-біріне құшақ жая көрісу ғұрпын жасап тұр.  Бұл – ежелгі нау­рыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы. Бұл – Күн мен Түн­нің теңесу қар­саңын­дағы ғалам­­дық үй­ле­сімді паш ету салтанаты.

6-жаңалық.

Алтыбақан – үйлесім тербелгісі (маятник). Алтыбақан – ойын емес, өйткені мұнда ойынға тән ереже жоқ. Бірақ 7 сырықтан тұратын атрибуты бар.

Жалпы, алты бақанды тігінен үш-үштен бастарын байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космо­гониялық таным жатыр. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның пайда болу құбылысы орын тапқандай, бізге жеткен әфсаналар бойынша  алты күн іш­ін­­де жеті пла­нета жаралды емес пе?! Ен­де­ше, алты бақанымыз – ғаламның жа­сампаз ал­ты күні де, сырық санының же­теу болуы – әуелгі жеті планета құрметіне деген нышан. Көлденең тартылған жетінші сырық – Күннің белгісі, ол сәулесімен Күн жүйесін жарықтандырып, біріктіріп тұрады. Ал, бұларға бекітілген әткеншек Тәңір-Іңір дуализмінің үйлесімін паш етуге арналған қондырғы! Тәжіктер секілді, жылына бір рет келетін мерекесінде кәрейлер де қыздарын әткеншек тептіретін салты бар. Алайда, бұлардың алтыбақандық атрибуты кездеспейді.

Оның үстіне, қазақтарда Алтыбақанды күн батуға дейін құрып бітіреді де, оны тебу салтанатын күн батқан соң бастап, таң атқанша жалғастыру рәсімі бар. Бұл дегеніміз – Жаманатқа, Түнекке ырық бермеу ниетінің көрінісі, әрекеті, жоралғысы.

7-жаңалық.

Бастаңғы – бас таңды қарсы алу.

Жиналған этнографиялық және тарихи деректерге қарағанда, советтік этнография ғылымы қалыптастырған кейбір ұғымдарда басқаша мазмұны болғанын аңғаруға тиіспіз. Сол совет ғылымы қалыптастырған анықтама бойынша: Бастаңғы — қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі; Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жасалады, – делінеді.

Шын мәнінде бастаңғы сөзінің өзі «бас таң» деген тіркестен туындап тұр. Ал жылдың бас таңы жыл басында ғана болады.

Бұл бас таңды сақтар 360 бозбалаға қызыл мауыты киіп қарсы алса, таң атып келе жатқанда ғұндар 9 күй тартқызған. Ал Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақ әлемі» кітабында таңды ұйықтамай қарсы алатыны, таң ата бастағанда асау тайыншаға неше түрлі даңғырлақ нәрселерді байлап оны үркітіп қарсы алатын жазылған. Яғни бас таңды қарсы алуға екі басты әрекет: бірі – ұйықтамай қарсы алу; екіншісі таң ата бастағанда әлдебір ерекше әрекет істеп, қызыл бояумен – қызыл мауыты киген балалармен, ән-күймен – 9 күймен болмаса түрлі дыбыс шығарып, азан-қазан етіп дүниені оятып қарсы алу.

Бұдан басқа түні бойы қариялар «Белкөтерер» аталған дастархан басында, жігіттер мен ер кісілер «селтеткізер» аталған сыйлық әзірлеп сүйген жарларына дайындаса, қыз-келіншек жағы «ұйқыашар» аталған арнайы дәммен дастархан жасап, жігіттерді қарсы алған. Ересектерде осылай оңаша отырыс кейін жыл бойы орын алса, оны сол дағдымен «бастаңғы» атап кеткен.

 

1105 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз