• Еркін ой мінбері
  • 19 Мамыр, 2021

ӘКЕМНІҢ ХАТЫН ӨСИЕТТЕЙ КӨРЕМІН

–  Лейла апай, әңгімеміздің әлқиссасын Сәбит ағайдың әдебиет әлеміне келуінен бастасақ. 
– Әкемнің әдебиетке келуі ең алды­мен сөз өнерін ерекше жақсы көріп, бағалағанынан басталған болуы керек деп ойлаймын. Алғашқы тыр­нақ­ал­ды шығар­маларын мектеп қа­бырға­сында жүр­генде жа­за бас­тапты. За­ман­дас­тары әкемнің жас кезінде Бай­ғанин ау­да­нын­да­ғы ақын­дар ай­тысына қатысқанын да айтады. Ақындық де­ген кез келген адам­­­ға қона бер­мейтін ерекше қасиет қой. Осы қабілеті мен дарынын уақыт өте келе шыңдап, өрістете берді. Өскен ортасы, көрген тәлім-тәрбиесі, – барлығы да өз әсерін тигізді. Әкем өзі сыйлаған, жақсы көрген адамдарына адал болды, құрметтеді  деп ойлаймын. Бірде үйге келсем «Фариза апаң көзі ауырып жүр екен. Шет  елге барып ота жасатпақшы» деп көңілсіз отыр. Үйде біреу ауырып қалса немесе емханада жатса, бізді той-томалаққа, жиындарға жібермейтін. Адамға деген құрметі ерекше болды. Аяулы анасын ерекше құрметтеді. Ол кісі дүниеден қайтқанда жазған жүрекжарды өлеңдері әлі есімде. Екі қарындасын алақанына салып әлпештеді. Екі қарындасым – қос жанарым дейтін.  Қыздардың тағдырына көбірек алаңдайтын. Ұл көлік айдаса да, күнін көріп кетеді дейтін. Әкемнің шыншылдығы, турашылдығы бір төбе. Осындай қасиеттерді бүгінгі қазақ жігіттерінің бойынан көбірек көргім келеді. 2017 жылдың  наурыз айында Н.Байғанин атындағы облыстық кітапханада әкемнің 75 жылдығына арналған кеш өтіп, осы кештен кейін «Ақтөбе» газетінде Индира Өтемістің «Шүкірлік пен күпірлікті кемел түсінген...» атты мақаласы жарық көрді. Сонда Ақтөбелік ақын Жақсылық  Айжанов ағамыз әкемнің төрт қасиеті туралы жақсы айтқан.  Біріншісі – анасына деген құрметі, екіншісі – шыншылдығы, үшінші – алдыңғы буынға деген  сыйластығы, төртіншіден – көп оқитындығы. Жақсылық ағай әкемнің осы қасиеттерін үлгі тұтатынын, 102 жастағы анасына да сол секілді қарауға тырысатынын айтқан. Жалпы, анаға деген құрмет, сыйластық әр ұлттың қанында бар ғой. Қазақтың балаларында бұл тіптен ерекше де­сем, артық айтқандық емес. Өкі­нішке қа­рай, ана­сына лайық­ты құрмет көрсете ал­­май жүр­гендер де бар. Өзіммен қатар келіншектер өз күйеулерінің анасының айтқанын тыңдайтынын жақтырмайтынын байқап қалам. Сондай кезде: «Ертең сенің ұлың айтқаныңды тыңдамаса қалай болады?» дейтінмін. Ойды ой қозғайды деген соң айтып жатқаным ғой. Иә, әкемнің тамаша мінездері көп болды. Арамдығы жоқ, ақ көңіл еді. Әзіл-қалжыңын айтып, айналасын күлкіге шомдырып жүретін. Қалжыңға толы жыр шумақтарын да шығаратын. 
– Әкеңіздің жеке кітапханасы болған екен. Қазіргі таңда кітаптары сақталған ба?
– Кітапханасы сақталған. Төрт мыңдай кітабы Ақтөбе облыстық кітапханасына, ұжымның өтініші бойынша, сыйға тартылды. Сәбит Баймолдин атындағы оқу залы ашылған еді. Алайда, кітап­ханалардың заманауи форматқа ауысуына байланысты, коворкинг орталығы құры­лып, бүгінде әкемнің атындағы оқу залы жоқ. Енді оқу залының тағдыры қалай болатыны ойландырады. Бір шешімін табар деген үміттемін. Жас ұрпаққа Сәбит Баймолдиндей ағаларының өмірі мен шығармашылығы оқу залы арқылы үлгі болып тұрса, бір ғанибет іс болар еді. 
– Шығармашылығы жайында қандай ақын-жазушылар пікір білдірген? 
– Әкемнің көзі тірісінде он жыр жинағы жарық көрді. Ақтөбе, Байғанин кітапханаларында 1-2 данадан сақтал­ған. Шығармашылығы жайында Сағи Жиенбаев, Мұқағали Мақатаев, 50 жылды­ғы қарсаңында Қадыр Мырза-Әлі, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Құрманалин, әдебиет сыншылары Зейнолла Серікқали, Қабиболла Сыдиықов сынды сөз майталмандары жылы пікірлерін білдіріп жазған лебіздері, мақалалары әкеміздің шығармашылығына берілген лайықты баға деп есептеймін.   
– Ағамыздың жинақталмаған мұралары, жарияланбаған өлеңдері бар ма? 
– Иә, соңынан қалған рухани мұралары бар. Бес-алты өлеңін «Ақтөбе» газетіне апардым. Ертай Ашықбаев ағамыз жариялады. Үйде әлі де төрт папка бар. Жазулары түсініксіз болғандықтан баспаға дайындау жағынан қиыншылықтар тудырып тұр. Күнделік жазбалары, алған сұхбаттарының кассеталары, ақын-жазушылармен алмасқан хаттары бар. Анамызға өлеңмен жазған лебіз-парағы (открыткасы) сақталыпты. 1959 жылы танысқаннан кейін жазылған өлеңі екен.
– Отбасында қандай болды? 
– Анамыз үй шаруасымен айналысатын. Отбасындағы көп мәселені әкем өзі шешіп отыратын. Үйімізде тәртіп болатын. Балаларының сабағын қадағалайтын. Кітап оқытатын, мазмұнын сұрайтын. Қолы бос кезінде бірге шахмат, волейбол ойнайтын. Анамыз екеуі бізді суға шомылуға апаратын. Еске алғанда көңіліме шуақ шашып, жанымды жадыратып тұратын естеліктер өте көп. Жеті баласын қазақ мектебінде оқытуы – әкемнің бойындағы ана тіліне деген патриоттық сезімінің көрінісі деп ойлаймын. 
Жақсы, сымбатты киінгенді жақсы көретін. Өзінің де бойы сұңғақ болғаннан кейін бе, бәрі де жарасып тұрушы еді. Домбыра тартып, ән салатын. Қолы ашық болатын. Институтта оқып жүріп, студенттік құрылыс жасағы құрамында  жүргенде әкемнен хаттар келіп тұратын. Сондай бір хатын әлі күнге дейін қымбат қазынамдай көріп, сақтап келемін. Былай деп жазыпты: 
«Ләйла-жан! Денсаулық жақсы ма? Қалай ерте тұрып, кеш жатуға, өзгенің қамын ойлауға үйрендің бе? Дұрыс,балам.Менің бойымдағы азаматтық белсенділік, батылдық, қайырымдылық сенде де бар. Мен соған қуанамын. Ешкімге ірілік жасама. Қолдан келсе ренжітпе. Бұл менің қолымнан келмей қалады. Кейде күресу керек болады. Жақсы, өз  пікіріңді қорғап үйрен! Хат жазып тұр! Папа 11.VII.83» депті. Әкенің балаға жазған хаты ой-өрісті кеңейтіп, ерекше әсер беретіні сөзсіз ғой. Сондықтан, әкемнің хатта жазып қалдырған сөздерін өсиеттей көремін. 
– Әкеңіздің ақындық жолын жалғастырған ұл-қыздары, немере-шөберелері бар ма? 
– Таңдаған мамандықтары әдебиеттен алыстау демесеңіз, немерелерінің ішінде өлең жазатындары бар. Соған шүкіршілік етіп, қуанамыз. Сөз өнері, әдебиет деген адамның жанын ізгілікке тәрбиелеп, жақсылыққа баурайды ғой. Қай саланың маманы болсаңыз да, әдебиеттің адамға пайдасы өте мол. 
– Оқырман қауымға айтар тілегіңіз болса, мархабат. 
– Сөз соңында айтарым, аспанымыз ашық болсын. Еліміз еш елден кем болмай, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің санатында дами берсін. Халықтың қамын ойлайтын ел болсақ екен деймін. Ел басқарып отырған азаматтарымызды, асылдарымызды ардақтай білейік. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген  Ахмет ағаның сөзіне көңіл бөлсеңіздер дегім келеді. Көк туымыз желбіреп, тәуелсіздігіміз баянды болсын! Ана тіліміз көркейе берсін! Мәдениетті, білімді көзі ашық, көкірегі ояу  азаматтарымыз көп болсын. Балаларымыз өз елінде тегін білім алып, жұмыс орны бар, болашағы үшін қиналмайтын елде өмір сүрсе екен деп тілеймін. Осындай сұхбат алып, әкемнің шығармашылығына назар аударып жатқан «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси  журналының ұжымына алғысым шексіз. Журналдың шыққанына 100 жыл толып жатыр екен. Құтты болсын айтамын! Оқырмандары көбейе берсін! 
– Салиқалы әңгімеңіз үшін рақмет!

 
Әңгімелескен  
Айбол АБАШОВ

 

 

1482 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз