• Еркін ой мінбері
  • 19 Мамыр, 2021

ДӘРІГЕРДЕ БАР НАМЫС...

Алтынбай СИҚЫМБЕК,

Қапшағай қалалық газетінің

бас редакторы

Қазір мектеп абыройы, мұғалім беделі туралы көп айтамыз. Бұрынғы орталықтандырылған білім беру жүйесі дәуір дамуына қарай әртараптандырылды. Соның бірі – ата-аналардың қалауына қарай түрлі тәсілдер бойынша ақшасын төлеп, репетитор жалдау.

Бірде ауырыңқырап, ауруханаға түсіп қалдым. Палата ішіндегі науқастардың арасында  қарт адам бар болатын. Бөлім меңгерушісінің күнделікті палаталарды аралап, науқастардың денсаулығын тексеріп шығатын әдеті. Сол әдетімен бірде қасында медбикелері бар терапевт дәрігердің палатамызға кіріп келгені. Дәрігер әңгімесін палатадағы үлкен кісінің денсаулығынан бастады.

Сөзді айтатын жер бар, айтпайтын жер бар, алайда, ауылда өскендіктен бе, қулық-сұмдықты білмейтін аңғал атамыз әлгі дәрігерге қарап: – Қарағым, осында өзің секілді тағы бір терапевт бар екен. Білмейтін нәрсесі жоқ дейді, өзіңе емес, соған қаралсам қалай болады? – дегені. Сол-ақ екен, әлгі дәрігер «Мен енді сізді емдемеймін, сол дәрігерге барыңыз» деп, басқаларымыздың денсаулығымызды тексерместен палатадан шығып кетті. Дәрігердің білімін, кәсіби шеберлігін бағаламаған ақсақалға ренжігені соншалық, екі-үш күн палатамызға кірмей қойды. Осы жағдай есімде қалыпты.

Бұл әңгіме ойда жүрген мына бір жағдай болмаса айтылмайтын ба еді, кім білсін?! Мектептегі жалпы білім түрлі пәндерге бөлініп, сол пәндердің мұғалімдеріне оқушыға жоғары білім сапасын қамтамасыз ету талабы қойылады. Олардың әрқайсысына күнтізбелік жоспар бойынша сағат бөлініп, берілген сабаққа тиісті жалақы бөлу мемлекет тарапынан қарастырылған. Сөйте тұра, жасыратын не бар, бұл күндері өз баласына белгілі бір пән бойынша негізгі сабақ беретін мұғалімнен бөлек қосымша репетитор жалдайтын ата-аналар көп. Неге? Бұл жағдай ата-ананың негізгі сабақ беріп жүрген пән мұғалімінің білім деңгейі репетитордың білім деңгейінен төмен деп берген бағасы секілді. Солай деп ойламасақ та, көз көріп жүрген дүние солай ойлауға мәжбүрлейтіндей. Сонда мен әңгімеге арқау еткен жағдай дәрігердің намысына тигенде пән мұғалімінің біліміне қанағаттанбаған ата-ананың басқа ұстазды сырттан іздеуі және оған ақы төлеуі негізгі пән иесін толғандырмағаны ма,  намысына тимегені ме?

 Пән мұғалімі берген білім сапасы жоғары болса, ата-ана сырттан «қырғауыл» іздемей-ақ, «үй тауығының» қызметіне риза болмас па еді?  Көптеген пән мұғалімдері өз пәні бойынша сыныбындағы оқушысының пәндес басқа ұстаздан қосымша дәріс алып жүргенін біледі. Білсе де, білмегендей күйде жүре береді. Ата-ананың осы баласына негізгі сабақ беріп жүрген мұғалім үндемейтініне қарап, өз білімінің төмендігін мойындағаны ма? Намысы бар әр мұғалім тіпті шәкіртіне білімді тереңірек берем десе, өзінің репетитордан кем емес екенін дәлелдеп, репетиторлықты басқаға бермей, өзі қосымша жүргізсе дұрыс болар ма еді? Сырттан басқа мұғалім іздеп, ата-ананың пән мұғалімін кемсіткені мұғалім болмасақ та, намысыңды қайрайды екен. «Дәрігерлерде бар намыс мұғалімдерде жоқ па?» деген сауал жауапсыз қалғандай...

Репетитор жалдайтын ата-аналар неліктен мектепте сабақ беріп жүрген пән мұғалімдеріне сенімсіздік білдіреді? Мұғалім мен мектепті егіз ұғым деп қабылдасақ, пән мұғаліміне деген сенімсіздік айналып келгенде мектепке деген сенімсіздікті тудырмай ма?

Демек, мектептің оқыту сапасында кінәрат бар деген түсінік пайда болады. Бұдан мектептегі оқыту мәселесін жетілдіруді алға қою керек деген мәселе шығады.

Репетиторлық кәсіппен айналысатын адамды сипаттап көрейік. Сонымен, репетитор деген кім? Кім дейміз-ау?! Ол түсінікті ғой. Кім дегеннің орнына «Оның мектеп мұғалімінен, ал мектеп мұғалімінің одан қандай айырмашылығы бар?» десек, дұрыс болар.

Біріншіден, репетитор – біздің түсінігімізде қолы бос адам. Ол да кешегі күні мектепте еңбек етіп, сол жерден мол тәжірибе жинап шыққан, білікті маман. Шығармашылық тұрғыдан білімін жетілдіріп, өз-өзін дамытып отырады. Мектептегідей ертелі-кеш алашапқын, қайнаған тірліктің ортасында жүрген жоқ. Жүйкесі орнында. Ұйқысы мектеп мұғаліміндей емес, тыныш. Репетиторлық жұмысы сағатқа бөлініп қойылған, өгіз аяң. Ешкім мазалап жатқан жоқ. Бір үйір жылқы қайырғандай отыз баламен емес, жеке бір-екі оқушымен ғана жұмыс істейді.

Ең бастысы, әр репетитордың балаға «ілім үйрететін» әр сағаты ақылы. Бүгінгі күні репетиторлардың «таксасы» ең кем дегенде 500-700-ден басталып, 2000-2500 теңгеге дейін жетіп жығылады. Қалалы жерлерде репетитор қызметі оқушы ата-анасының әлеуметтік статусына қарай одан да жоғары.

 Біз біреудің қалтасындағы ақшаны санағанымыз емес. Әркім өз нанын қалай табады, ол – оның шаруасы. Дегенмен де дәрігерлердің Гиппократ антына адалдығы секілді, ұстаздар да күнделікті шәкірттерімен қоян-қолтық араласып, жүздесіп, олардың жүректеріне жол тауып, оқушыларының өмірімен өмір сүріп жатса, олардың ұстаз деген ұлы есімге, мұғалім еңбегіне, кәсібіне деген адалдығын аңғартқандай. Алайда, осы салада жүрген кейбір замандастарымыздың «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген принципті ұстап, оқушылардың шуылынан, мектептегі мұғалімге жүктелер міндеттерден қашып, жеке-дара нан табудың тыныш жолына түскеніне қарап, олар өз мамандықтарына адал деп айта алмаймыз.

Енді мектеп мұғалімдеріне келейік. Репетиторларда бар жағдай дәстүрлі мектепте жұмыс жасайтын мұғалімдерде бар ма? Бір сөзбен айтсақ, мұндай мүмкіндік жоқ. Олардың таңның атысынан батысына дейінгі алтын уақыттары мектепте сабақ берумен өтеді. Қағазбастылығы басым. Жұмыстары көп. Мектеп әкімшілігіне беретін есептері тағы бар. Мектептің ішкі жұмысына, одан қалса түрлі қоғамдық жұмыстарға тартылатыны жасырын емес. Жұмыстарының көптігінен олар өзін-өзі дамытуға да уақыт таппайды. Мұғалімдердің басым бөлігі әйел адамдар болғандықтан шаңырақтарындағы отбасылық міндеттері бір төбе. Соның салдарынан біз бүгін сөз етіп отырған репетиторлық деген дүние өріс алып кеткен секілді. Демек, мемлекеттің өзі бұл жерде мектеп мұғаліміне деген дұрыс көзқарасты қалыптастырмай отырғанын байқау қиын емес.

Пән мұғаліміне қойылар талаптың үлкені – білім сапасын арттыру. Бір басында осыншама жүгі бар пән мұғалімі оқу сапасын қалай арттырсын?! Кейбір мектептерде үлгермей жатқан оқушыларға «репетиторлар алыңдар» деп, өздері кеңес беріп, тіпті таныстары арқылы іздеп, тауып беріп жатқаны сондықтан да шығар.

Нәтижеде, мектеп қабырғасындағы білім стандартында көзделген білімнің толық­қанды көлемі оқушыға жетпей жатады. Бүгінгі әңгімеміздің тақырыбын «Дәрігерде бар намыс мұғалімдерде неге жоқ?» деп, мектептегі ұстаздың намысын таразы басына салып жатсақ та, олардың репетиторларға жол ашып қоюының сыры мәселеге тереңірек үңілуді қажет еткендей.

Бұдан шығудың жолы бар ма? Ол үшін не істеу керек? Білім министрлігі мұғалімге өз сабағын алаңсыз бере алатындай жағдай жасау керек. Біріншіден, қағазбастылықтан арылу қажет. Мұғалімді мектептің түрлі қоғамдық жұмыстарына жегу көлемін азайту қажет. Пән мұғалімінің сыныбындағы бала саны нормадан аспауы керек. Ол үшін көбірек мектептер салынуы тиіс. Түйіндеп айтсақ, мұғалім берген білімнің нәтижелілігін арттыру үшін кешенді бағдарламалар жасалуы керек.

Сол кезде ғана білім сапасы жақсарады. Ал білім сапасы жақсарса репетиторлыққа деген сұраныс азаяды. Әрине жағдай жасалған сәттен бастап әр ұстазға ұрпақтың болашағы алдындағы жауапкершілігін сезінуі үшін оқу сапасын арттыру талабын арттыру керек.

Ойды ой жалғайды ғой. Бүгінгі күні мектеп оқушыларына қарап отырып, еріксіз екіұдай сезімге берілесің. Біздің бала кезімізде аса тапшы болған, екінің бірінің қолы жетпейтін күнделікті сабаққа қажетті соңғы үлгідегі компьютерден бастап, айпад, калькулятор және тағысын тағы құрал-жабдықтардың бәрі қазір оларда бар. Бірақ, өкінішке қарай, бұл «жаңашылдықтар» бүгінгі ұрпақтың білім мен ғылымды игеруге деген ынта-ықыласын арттырудың орнына, керісінше, олардың білсем, көрсем, игерсем, меңгерсем деген құлқы мен зейініне шектеу қойып отырған секілді. Оның аса үлкен дәлелді қажет етпейтін бір көрінісі – қазіргі шәкірттердің бұрынғы аға ұрпақ өкілдеріндей көк дәптердің сыртына қарамай-ақ, калькулятордың көмегінсіз көбейту кестесін жатқа айта алмайтындығы, кітапханаға барып, бір туындыны алып, бастан-аяқ телміріп оқымайтындығы және көзімен көріп, көңіліне түйген дүниесін ақ қағаздың бетіне мазмұндама ретінде өз ой елегінен өткізіп, көркем де бейнелі тілмен жеткізіп жаза алмайтындығы.

Ал енді бұдан да сорақысы – бүгінгі күні шәкірттер бойында өз бетінше іздену, мектептен тыс үйге берілген тапсырманы өз бетінше әзірлеуге деген ынта-ықыласының азая бастағаны. Бәлкім, қазірде оқушының түрлі пәндерден сабақ үлгерімін арттыруға мемлекеттен еңбекақы алып жүрген негізгі пән мұғалімі қауқарсыз болғандықтан әрбір төртінші ата-ананың өз баласына репетитор жалдау мәселесі де осыдан туындаса керек. Бұрын сабақ үлгерімі нашар оқушыларға арналған сабақтан кейінгі қосымша сабақ, ұзартылған күн тобы дегендер болатын. Онда баланың өзінің немесе ата-анасының қалауымен белгілі бір пәндер бойынша мұғалім сабақтан кейін қосымша сабақ өткізіп, шәкірттің түсінбей қалған тақырыптарын тағы бір рет тереңдетіп түсіндіріп, үлгерімі нашар оқушылармен арнайы жұмыс жүргізетін. Бұның бәрі мүмкіндігінше тегін жүргізілетін. Ал қазір ше? Қазір мұның орнын жалдамалы мұғалімдер немесе заманауи тілмен айтсақ, репетиторлар алмастырған.

Тіпті қазір қалаларда жарнамасы жер жаратын оқу орталықтары жұмыс істейді. Олар көп жағдайда үш айда тіл үйретіп, аз уақытта ҰБТ-ға әзірлейміз дейді. Өнер жолына баулып, шебер етіп шығаратынын айтады. Ментальді арифметика деген және бар. Әрине, баланың қабілетіне қарай дайындап жатса, еш қарсылық жоқ. Дайындаймыз дегенді желеу етіп, топ-топ баланы жинау барлық уақытта нәтижелі болмасы белгілі. Алғашында балаларын аптыға басып апарғандардың кейін меселі қайтқанынан хабардармыз. Бес-алты жастағы балаларға шахмат үйретемін деушілер де табылып жатады. Егер соның бәрі жүйелі жүргізілсе, әр баланың алымына қарай тиянақты жұмыс жасалса, нәтижесі қуантары хақ.

 Бұл күндері қосымша оқытамыз деп баланың балалық дәуірінен ажырататын ата-аналар баршылық. Иә, оқыту керек шығар. Бірақ оқытамыз деп  ұл мен қыздың білімге ынтасын төмендетіп алмағанымыз жөн. Дамыған елдерде бұл іс өзіндік арнасымен дамып келеді. Ол елдердегі мұғалім беделі өзге мамандықтардан биік тұратынын естен шығармағанымыз ләзім. Өзгенің озығы мен өзіміздің ұлттық білім жүйесін ұштастырсақ қана ұтылмасымыз айдай анық.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары біздің елімізге ғана емес, бүкіл кешегі кеңес  елдеріне батыстан келіп кірігіп, орнығып қалған бұл «кәсіп түрінің» пайдалы жағымен қоса зия­ны бар екенін айтпай өте алмаймыз. Репетитордың балаға зиянды жағы, біріншіден, бұл оқушының өз бетінше сабақ оқу дағдысы төмендейді, сол себепті де өзіне-өзі толықтай нық сенімді бола алмайды. Қай пәннен де репетитор көмегіне жүгініп, үйреніп қалған оқушы жан-жағына жалтақтап, үйге берілген тапсырманы өз бетінше орындаған күннің өзінде «мұным дұрыс па, әлде бұрыс па» деген күмәнді ойларға беріледі. Бұл, бір жағынан, баланың тек интеллектуалдық қабілетіне ғана емес, сонымен қатар оның көпшілік ортасында өз пікірін қысылмай-қымтырылмай ортаға салуына, түрлі тақырыптағы айтыс-дебаттарда емін-еркін көсіле сөйлей алуына шектеу қояды. Бір сөзбен айтқанда, оқушы бойындағы өзіндік көзқарас, ұстаным, пайым-парасат нышаны жоғала бастайды.  Осыдан кейін негізгі пән мұғалімінің кәсіби шеберлігіне күмәнмен қараған ата-ана репетитор жалдағанмен жақсы нәтижелерге жете ала ма, жоқ па, уақыттың еншісіндегі дүние.  «Жетелеген ит аң алмайды» деген сөз бар. Әбден репетитордың көмегінсіз ештеңе жасай алмайтын бала өз-өзімен қалғанда өзін ескексіз қайықтай сезінбей ме?

  Осыдан кейін баласына репетитор жалдай ма, жоқ па, әр ата-ана өз қадамын таразы басына сала жатар. Осы тұрғыдан келгенде өзінің сыныбындағы білім беру тізгінін басқа әріптес ұстазы қағып алып кеткені намысы бар дәрігер секілді пән иесіне де ой салуы керек-ақ сияқты.

1861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз