• Ел мұраты
  • 19 Мамыр, 2021

ӨЗГЕНІҢ ӨМІРІН ҚҰТҚАРУ ҮШІН...

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк академиясының мүшесі

Бүгіндері құлағы түрік көпшілік республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы соңғы кезде еліміздің медицина саласында қол жеткізген жетістіктері жайында мол мәлімет алуда. Атап айтқанда, қазақстандық хирургтер Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш рет бауыр, жүрек, сүйек кемігін, жүрек алмастыру операцияларын ойдағыдай іске асыруда.

1902 жылы австриялық хирург Е.Ульманн оташылар қоғамының кезек­ті отырысында алғаш рет бүйректі зертханалық жағдайда трансплантациялау отасын (иттің бүйрегін ешкіге отырғызған) іске асырғаны жайлы хабарлама жасады. Оның бұл бағыттағы жұмысын АҚШ-тың Чикаго университетінің клиникасында А.Каррель жалғас­тырып, 1904 жылы бүйрек алмас­тыру операциясын жүр­гізді. Сөй­тіп, трансплантологияны дамытуда сіңірген еңбектері үшін АҚШ ғалымдары арасында тұңғыш Нобель сыйлығына ие болған ғалым Алексис Каррель болды (1912 жылы). Әлем ғалымдарының ізденістерінің арқасында 1953 жылы Биллингэм, Брент және Медава «жасанды бүйрек» аппаратын ойлап шығарды. Көп ұзамай дәрігерлер Хьюм, Меррил және Торн алғаш рет адамдарға бүйрек алмастыру оталарын жасап, тәжірибеге енгізді.1933 жылы Херсонда Ю.Вороной адамнан адамға ағза алмастыру отасын іске асырды. Ал мәскеулік В.П.Демихов 1951 жылы донордың жүрегін итке алмастырды. Оңтүстік Африка Республикасының хирургі Кристиан Бернард арнайы Мәскеуге келіп,  В.П.Демиховтан тәжірибеден өтіп, 1967 жылдың 3 желтоқсанында Кейптаунда әлемде бірінші болып жүрек алмастыру отасын абыроймен сәтті орындап шықты.

1954 жылы Джозеф Мюррей тұңғыш  рет бүйрек алмастыру отасын жасаса, 1956 жылы Томас Старэп бүйрек алмастыру, ал 1963 жылы Джеймсом Харди Миссисупи университетінің клиникасында өкпе алмастыру отасын атқарды. Өкінішке қарай, ол науқас екі-үш күннен кейін қайтыс болды.

Бауырды алмастыру проблемалары бүйректен кейін екінші болып қолға алынды. Бауыр трансплантациясы 1955 жылы Велч бірінші рет иттерге бауыр трансплантациясын жасады. 1963 жылы Старзл алғашқы болып адамда бауыр трансплантациясын жүзеге асыруда жетістікке жетті. Трансплантация орто­топиялық және гетеротопиялық қалыпта (құрсақ қуысының басқа аймағында) жүргізіле береді. Бұл бағытта 1955-1965 жылдары зертханалық-тәжірибелік зерттеулер иттер мен жануарларда түбегейлі жүргізілді (әсіресе Уэлчу бастаған топ). 1963 жылы 6 рет адамға бауыр алмас­тыру отасы жасалды. Бірақ оның барлығы сәтсіз аяқталды. АҚШ және Англия ғалым-дәрігерлері Штарцль, Марчоро (Чикаго), Кэли бауыр алмастыру ісінде ерекше қол жеткізді. 1969 жылы ота жасалған 91 аурудың 10-ы ғана тірі қалды. Ал 1970 жылдың басында әлемде 133 науқасқа бауыр алмас­тыру отасы жасалып, оның 12-сі тірі қалды.

Джоелу Куперу 1983 жылы бір өкпені алмастыру отасын сәтті орындады, ал 1986 жылы бір науқасқа бірден екі өкпені трансплантация жасады.  

Барселондық профессор Паоло Макиарини 2008 жылы маусымда зақымданған ағзаны (туберкулезбен зақымданған кеңірдекті)  стволдық жасушадан өсірілген ағзамен алмастырды. Бір айдан кейін алмастырылған ағзаның қан айналымы қалпына келді. Жүрегі алмастырылған американдық Тони Хьюсман ең ұзақ өмір сүрген реципиент – 30 жылдан кейін қатерлі ісіктен (обыр ауруынан) көз жұмды.

Статистикалық мәліметтер бойынша, дүниежүзінде 2000 жылға дейін 130 мыңнан астам бүйрек трансплантациясы; 6000-дай жүрек трансплантациясы; 4000-нан астам бауыр трансплантациясы; 1500-дей ұйқы безінің трансплантациясы жасалды. Бүйрек трансплантациясы жасалған соң, науқастың өмір сүруінің ұзақ байқалған кезеңі 25 жыл құрайды; жүрек трансплантациясынан кейін – 15 жыл; бауыр трансплантациясында – 12 жыл; ұйқы безінің трансплантациясында – 6 жыл.

Біздің Қазақстанда алғашқы бүй­рек алмастыру отасы 1979 жылы А.Н.Сызғанов атындағы хиургиялық инс­титутта атқарылды (хирург А.Д.Сутыко). Ал 1992 жылы академик Мұхтар Әлиев пен Жақсылық Досқалиев осы ғылыми орталықта ұйқы безін алмастырды.  Бауыр алмас­тыру операциясы тұңғыш рет А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу хирургиялық институтында (Алматы) академик М.Әлиевтің жетекшілігімен 1997 жылы жасалды.

2000 жылдары профессор Жақсылық Досқалиев бастаған ғалым-оташылар бауыр циррозында бауыр жасушаларын алмас­тырып салуды тәжірибеге енгізді.

2009 жылдан бастап елімізде лейкоз ауруларына шалдыққан балаларға сүйек майын алмастыру операциясы жасала бастады. Егер 2009 жылы елімізде органдар мен сүйек майына бар-жоғы 4 ота жасалған болса, 2012 жылы олардың саны 74-ке, ал 2013 жылдың жарты жылында 93-ке жетті.

2012 жылдың 8 тамызында Қа­зақстан кардиохирургтері созыл­малы жүректің жетіспеушілігі диагнозы қойылған Қостанай облы­сындағы Рудный қаласының тұрғыны 38 жастағы Жәнібек Оспановқа донорлық жүрек трансплантациясын жасады. Бұл ота еліміздің жетекші кардиохирургі, медицина ғылымдарының док­торы Юрий Василевич Пя мен Чехияның кар­диохирургі Жан Пирктың қаты­суымен жүзеге асты. Мұндай күрделі ота отандық дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігінің, сондай-ақ Ұлттық медициналық хол­дингінің 3-клиникасының – Рес­публикалық жедел жәрдем ғылыми орталығының, Ұлттық кар­дио­хирургия ғылыми орталы­ғы мен Республикалық диагностикалық орталығының жедел және үйлесімді жұмыстарының арқасында мүмкін болды. Себебі, ми өлімі тіркелген әлеуетті донор туралы мәлімет жедел жәрдем ғылыми орталығынан түскен. Осы ақпар түскен бетте Ұлттық кардио­хирургия ғылыми орталығының бір топ дәрігері донор жүрегінің жағдайын бағалап, жүректі трансплантациялауға кезекте тұрған пациенттердің тіндерінің үйлесімділігіне иммунологиялық зерт­­теулер жүргізуді бастаған. Ал Рес­пуб­ли­калық диагностикалық орталығы лабораториясының мамандары тәулік бойы барлық қажетті зерттеулерді жүргізді. Сөйтіп, миына қан құйылып қайтыс болған 46 жастағы әйел­дің жүрегін 38 жастағы пациент­ке беру туралы шешімге келген. Ал Игорь Воротников есімді азамат анасының жүрегін транс­план­тациялауға келісім беру-бермеуді тәулік бойы ойланған. Мұндай шешім қабылдау оған да оңай соқпағаны анық. Алайда, ол осы шешімі арқылы үлкен гуманистік қадамға барды. Ота сәтті өтті. Анасының жүрегі трансплантацияланған науқас Жәнібек Оспановтың жағдайы отаның күрделілігіне сай, динамикасы тұрақты болды. 22 күннен кейін клиникадан үйіне шықты. Ол пациент дәрігерлердің бақылауында, денсаулығы бір қалыпта.

Дәрігерлер дерегіне жүгінсек, жасанды жүрек адам өмірін 5-6 жылға, ал жүректі трансплантациялау емделушінің өмірін 15-20 жылға дейін ұзартады екен. Ал біздің елдің заңы көз жұмған науқастың органын туыстарының рұқсатымен трансплантациялауға рұқсат береді. Соған қарамастан, ешкім туысының органын донорлыққа қимайды. «Енді донор болған адамның туыстарына мемлекет тарапынан көмек беру туралы өзгерістерді Денсаулық сақтау кодексіне енгізіп жатырмыз. Биыл ол өзгерістер күшіне енеді. Бәлкім, сонда халықтың түсінігі өзгеретін болар», – дейді денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Өйтпегенде, бүгінгі таңда елімізде орган алмастыру кезегінде тұрған 7 мыңнан астам адамның арман-тілегін орындау мүмкін болмай қалады.

Еліміздің трансплантологтарының айтуынша, сол 7 мыңның тең жартысы бүйрек алмастыру кезегінде тұрғандар. Олардың басым бөлігі 35-40 жастағы науқастар. Арасында өмір бойы диализ алып жүргендер де бар. Бірақ соның бірлі-жарымы ғана операция үстеліне жатады. Көп жағдайда бүйректі туыстары береді. Ал жүректі трансплантациялауға Қазақстан тарихында алғаш рет келісім беріліп отыр. Анасының жүрегін Жәнібек Оспановқа, бүйрегін Евгений Курц атты азаматқа беруге келісім берген жігіттің ерлігі өзгелерге үлгі болса, қанеки. Марқұм Галина Воротникованың жүрегі мен бүйрегі екі адамның өмірін ұзартып, олардың жақындарын қуанышқа бөлеп отыр.

Донордың ағзасын алуға келісім берген отбасының игілікті ісі таңдану мен қошеметке лайық. Себебі, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, донордың немесе оның туысқандарының тірі кезінде бас тартқан жағдайда ағзаларын алу процесі жүргізілмейді. Ал егер донор болса, Қазақстан ішкі ағзаларды трансплантациялауға дайын. Ол үшін қазір елімізде мықты кадрлық, интел­лектуалдық, ғылыми және ресурстық әлеует те, жақсы материалдық-техникалық база да бар.

2013 жылдың жазында профессор Тоқан Сұлтанәлиев Астанадағы Рес­публикалық жедел медициналық жәрдем орталығында бауыр алмас­тыру отасын (о дүниелік болған адамның бауырын) өзіміздің отандық дәрігерлердің көмегімен сәтті аяқтап шықты. Ал Алматыдағы №7 клиникалық ауруханада оның бас дәрігері, профессор Болатбек Баймаханов басқарған оташылар тобы бүйрек пен бауырды алмас­тыру операцияларын жасауға кірісті. Бұл бағытта жасалған олардың алғашқы қадамдары қуанарлық. Бұл жағымды істер көп жылдар бойы ғалым-дәрігерлердің алдарына қойған үлкен арманы еді.

Біздің елімізде бүйрек ауыс­тыру операциясы А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығында 1978 жылдан бас­тап жасалуда. Осынау уақыт аралығында Қазақстанда 700-ге жуық науқас бүйрегін алмастырды.

Бүйрек алмастыру операция­ларын 2013 жылы Шымкент қала­лық жедел жәрдем ауруханасын­да оның бас дәрігері, профессор Мәди Биғалиев Оңтүстік Корея хирургтерімен бірлесе оты­рып, облыстық әкімдіктің қолдауы­мен іске асырды. Осы емдеу меке­месінде бір жылдың ішінде 21 науқасқа бүйрек, 10-нан астам бауыр трансплантациясы жасалды. Әрине, бұл шымкенттік әріптестеріміздің үлкен жетістігі екенін мойындауымыз керек.

Сол жылдары Ақтөбеде профессор Базылбек Жақиевтің жетекшілігімен бүйрек пен бауыр ағзаларын алмастыру оталары орындала бастады. Жыл өт­кен сайын трансплантология қызметі дамып, көкжиегі кеңейіп, белді-белді клиникаларда  сәтті орындалуда.

2015 жылы елімізде 298 транс­плантация жасалса, оның 68-і Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық орталықты сәтті орындалды. Бұл орталықта бір жылда 4 мыңнан астам науқасқа 5 мыңға жуық хирургиялық ота жасалды.

2016 жылы Ас­тана­дағы Ұлттық кар­дио­хирургия мен Онкология және трансплантология ғылыми орта­лықтары­ның дәрігерлері бірігіп бір мезетте жүрек пен бүйректі 37 жастағы Амангелді Напилов атты науқасқа алмастыру отасын сәтті орындап шықты. Мұндай ота осы күнге дейін тек АҚШ-та, Италияда, Оң­түс­тік Кореяда жасалған болатын. Көп уақыт өтпей, 2016 жылғы 24 қараша күні астаналық белгілі кардиохирург, профессор Юрий Владимирович Пя өз командасымен 67 жастағы өкпе­сінің ақауы бар ауыр науқасқа өкпе ағзасын сәтті алмастырып шықты. Ота 10 сағатқа созылды. Бұл отандық хирургияда үлкен жетістік болды.

Алматы қаласының №7 клиникалық ауруханасында профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен 2016-2017 жылдары бауыр және бүйрек алмастыру оталары енгізілді. Тіпті бір науқасқа бүйрек пен ұйқы безін бір мезгілде алмастыру отасы сәтті аяқталды. Мақтауға тұрарлық нәтиже!

2019 жылы Тараздағы Кардиохирургия және трансплантология клиникасында профессор Сейтхан Жошыбаевтың жетекшілігімен бүйрек алмастыру отасы қолға алынды.  Сөйтіп, бір жылда 13 науқасқа бүйрек алмастырылып, елімізде транс­план­то­логия көкжиегі кеңейе түсті. Біздің дәрігерлеріміз медицинаны әлем­дік жоғары деңгейге жеткі­зуге ба­тыл бел байлап отыр. Оған біздің елде барлық мүмкіншілік жасалған.

Дегенмен, бізде жоғарыда атап өткеніміздей, науқас ағзасын алмас­тыратын донорлық бүйрек, бауыр, жүрек және басқа органдар тапшы, яғни, донор жоқтың қасы. Болған күннің өзінде донор болатын адамның денсаулығы жарамайды немесе қан тобы, иммундық жүйелері сәйкес келмейді. Сонымен қатар, кейде діни ағымға беріліп, ұлттық менталитетке ұрынып трансплантацияға кедергі жасалып жататыны жасырын емес.

Жынысы, тегі, нәсілі, табиғаты, өмір сүру ортасы, тіпті ішіп-жейтін тамағы мүлдем бөлек ағзаның бүйрегін жатсыну мүмкін бе немесе бөтен адамның органы қаншалықты сіңісіп кетеді деген сауал кімді де болса бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Нефрологтардың айтуынша, бүйрек (жүрек, бауыр және басқа да ағзалар) адамның жынысына, жасына, ұлтына қарамайды, тіндер иммунды-биологиялық жағынан сәйкес келсе, жарай береді. Демек, бүйрек ауыстыру үшін жаңа бүйрек пен науқас адамның ішкі ағзасының 12 факторы толық сәйкес келуі шарт. Сонда ғана ауыстырылған бөгде бүйрек қалыпты жұмыс істейді. Бүйрегі алмастырылған азамат­тар жіті бақылауда болады. Себе­бі, науқастардың қан қысымы көте­ріледі. Бұл – біріншіден. Екіншіден, ауыстырылған бүйрек қанша дегенмен өзге адамдікі болғаннан кейін, ағзада түрлі ауырсынулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан, олар тұрақты түрде дәрі ішіп жүруі тиіс. Оларға арнайы тізімге енген дәрілер ақысыз беріледі. Тым ерте басталып, жанға батпай жүре беретін қауіпті аурудың алдын-алу үшін шаншу, сыздау сынды белгілері біліне басталысымен-ақ, мамандарға қаралып, тиісті ем қабылдауы керек. Емделу үшін дәрігер тарапынан нақты диагноз қойылуы шарт. Өкінішке қарай, кейбір жағдайда ертерек басталған бүйректің созылмалы жетіспеушілігін дәл анықтау қиынға соғады. Өйткені, жылдар бойы белгі бермеген кесел салдарынан бүйректің көптеген нефрондары өліп қалуы мүмкін. Қалай десек те, әрбір адам өз денсаулығының иесі. Сондықтан, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы берік ұстанған абзал.

Иә, қазақстандық дәрігерлер ел сенімі мен үмітін ақтап, халық денсаулығын сақтау ісіне елеулі үлес қосуда. Оларды алда талай биік мақсаттар мен шырайлы істер күтіп тұр. Соңғы жылдары елімізде жүрек, бауыр алмастыру оталары сәтті жасалып, отандық медицинаның алға басуы, ілгері жылжуы байқалса, алдағы келер жылдары ұйқы безін, ішек, эндокриндік бездерді және де басқа күрделі ағзаларды алмас­тыру операциялары күтіп тұр. Өкінішке қарай, донор мәселесі (әсіресе, жүрек, бауыр, бүйрек сияқты органдарды табу) елімізде толық шешімін тапқан жоқ. Жүрек, бауыр, бүйрек секілді органдарды ауыр сырқаты бар жандарға алмастыруға сол донорлардың тапшылығы қолбайлау болып отыр. Әзірше көбіне қандас туыс­тары ғана (әкпесі сіңлісіне, анасы қызына, әкесі баласына, т.с.с.) бауырының бір бөлігін өзінің ең жақын туысына «сыйлап» жатыр. Инсульт, жол апатынан қайтыс болған кісілердің органдарын тек басқа ұлттардан «алуға» мүмкіншілік болып тұр да, біздің қандастарымыз бұл іске үрке қарап, донорлыққа келісімін бермеуде. Егер бұл мәселе шешілсе, қаншама адамның өмірін ұзартуға, оларға және оның жақындарына бақыт сыйлауға мүмкіншілік туар еді, шіркін!

«Донор» деген сөз бізге бұрын­нан таныс. Ол латынның «доно» – «сыйлаймын», «құрбан етемін» деген сөздерінен енген. Донор болу (мысалы, қан тапсыру) – әрбір адамның азаматтық парызы. Мың­даған адам жыл сайын қан до­норы болып, небір сырқатқа шалдыққан таныстарына, туысқан-бауырларына қолұшын беріп, қан тапсырып жатады. Олар өзінің сол абзал әрекетімен басқа бір өмі­рі қыл үстінде тұрған жанға өмір сыйлайды.

Еліміздің бас хирургы, Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы бойынша алғанда шамамен 1200 пациент бауыр ауыстыру операциясын керек етіп отырса, бүйрек ауыстыруды 3000 адам күтіп отыр. Жүрек, өкпе, ұйқы безін алмастыру проблемалары да баршылық. Жыл сайын Қазақстанда мың жарым адам ақ қан ауруына шалдығып, бес жүзі көз жұмады. Ауруды емдеудің жоғары технологиялық әдісі – кемік майды ауыстыру үшін қазақстандықтар өзге елге сабылатын. Құны да қымбат. Бір отаның бағасы – 180 мың еуроға дейін барады. Сол мүмкіндік қазір өз елімізде бар. Еліміздің трансплантологтары кемік майды алмастыруды жақсы игеріп алды. Әттең, өкінішке қарай, әлі де халық арасында донорлық іске теріс қарайтындар аз емес.

Донор болу – қа­йырымдылығы мен рахымы мол адамдардың қолынан келе­тін құптарлық іс. Ол үшін адам­ның сана-сезіміне донорлық қыз­меттің қаншама пайдалы екенін сіңіре бергеніміз жөн. Әл­де­бір себептермен ол дүниеге аттанып бара жат­қан жан өзінің жүрегін, бауырын, немесе бүйрегін мына жалпақ дүниеде ауыр сырқаттан қиналып жүрген пендеге «сыйлап» кетсе несі артық. Оның жүрегі басқа біреудің кеудесінде соғып тұрса, бүйрегі басқа жанның өмірін ұзартып жатса, оның несі бар! Сөйтіп, өлімнен кейін де өмір бар екенін басқаларға, жалпы қоғамға көрсетіп жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Трансплантологияның адамның өмірін ұзартатынын, сырқатқа дертінен айығып, толыққанды өмір сүру қуанышын сыйлайтынын есте ұстағанымыз жөн. Әрине, транс­плантологияның тиімді жақтарын, оның қажеттілігін әлі де елдің са­насына жеткізіп, бұл мәселеге көз­қарастарын өзгерткеніміз жөн.

                                       Тараз қаласы

1140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз