• Ел мұраты
  • 19 Мамыр, 2021

БОЛМАСАҢ ДА ҰҚСАП БАҚ...

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ,

журналист

Мектеп партасынан таныс бұл сөздер­ді көптеген адамдар «Бір ғалымды көрсеңіз» деп жалғастыруы мүмкін. Бірақ бұл – «ескірген түсінік». Бүгінде «өмір өзгерді, көзқарас жаңарды». Ғалымынан залымы күшті заманда кітап кемірген әлдебіреулерді әулие санап, пір тұтатын ақымақты енді таппайсыз. Оның есесіне алаяқтық дейтін «кәсіп» шықты. Қанатын кеңге, тамырын тереңге жайып «дамығаны» сонша, жоғарғы жақтың өзі «алаяқтарға алданып қалмаңыздар» деп ескертуге, сақтандыруға амалсыз мәжбүр болуда. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ВОЗ) жақында ғана: «Әлем моральдік апаттың алдында тұр!» («Мир находится на грани моральной катастрофы!») деп жария етті.

Бұл нені білдіреді? Қауіп-қатері био­логиялық вирустардан бір де кем емес моральдік қылмыстардың адамзат қоғамын әбжыланша алқымнан ала бастағанын білдіреді. Бүкіл әлем көптен бері «жасырмай күресіп» келе жатқан «ұйымдасқан қылмыс» (коррупция) дейтіннің өзі де – алаяқтықтың «ұжымдық» түрі екені даусыз. Бұл да – қоғамның өз қойнауынан өріп шыққан «өнім». Үкімет ондаған заңдар мен қаулылар қабылдап, жолына тосқауыл қойғысы келгенімен, түп-тамырымен қопармай, ұшын ғана қырыққан арамшөп секілді, барған сайын өсе түсуде. Бүгінде бұл алапеске қарсы тұрар қайран қалмай барады.

Көктен де қаулы жаудырған,

Жерден де қаулы саудырған,

Бақаға жем шаштырып,

Балықсыз көлге ау құрған –

Мына заман қай заман?!

Қаулыны жиып дәу қылған,

Одан да биік тау қылған,

Кезегі келген кезінде

Қаулының аузын қаулы ұрған –

Бөстекі сөзге бай заман.

Қылмыс дейтін де вирус секілді таралғыш, жұққыш келетіні ежелден мәлім. Адам естігенінен гөрі көргеніне сенеді, жақсыға – қиыр, жаманға үйір. Өзі секілді біреудің тепкісінде тентіреп жүріп бес-он теңге тапқанша, жан қинамай жамбасқа басатын батпан құйрықтан кім бас тартсын. Оның үстіне заманыңның өзі осыған жол көрсетіп, жөн сілтеп тұрса. Көптеген «кейбір» адамдарға бұл көктен тілегені жерден табылғандай «рақат» жағдай болып көрінеді. Өйткені,

Жатып ішіп, төс қақты,

Алдап жеген ас тәтті,

Пайдадан қылшық суырып,

Қасқа ат еткен басқа атты –

Қызу айла қайнаған;

Сөз үстінен бу ұшқан,

Іс астынан су шыққан,

Отыз жалқау, он бес қу

Әр ауылдан бұл шыққан –

Заманым гүл-гүл жайнаған!

Осылайша, қолдағы күрек пен қайланы ойдағы тілек пен айлаға ауыстырып, адам байғұс еңбексіз пайда табуды ойлана бастайды. Бір-екі реткі тәуекелі (риск) «сәтті» болса, дәнігіп, құныға түседі. Бұл – алаяқтықтың психикалық «қозғаушы күші». Бірақ алаяқтар да ақымақ емес. Олар өздерінің бұл «кәсібін» мүмкіндігінше «заңды» жолмен істеуге тырысады. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». «Тойып секіретіндер» үшін мұның «үстеме кіріс», «экономикалық тиімділік», «Іскерлік байланыс», т.б. дейтін аттары мен баптары бар. Бұдан «тоңып секіретіндер» де қалысқысы келмейді. Олар да шама-шарқынша тырбаңдап бағады.

Әрине, кез келген пендеуи құбылыс секілді, алаяқтық та кешелі-бүгін пайда болған жоқ, ұзақ уақыттық тарихи жол­дан өтті. Өзінің «ғылымы» мен «методологиясын» қалыптастырып, дамытты. Жаңа ХХІ ғасырда тек заманауи технологиялық «киімін» ғана ауыстырды. Бұл киім оның иесіне әрі бетперде, әрі «көп теңге» болып, «кәсібіне» кең мүмкіндіктер ашуда. Дегенмен, сыртқы киімін түрлендіргеніне қарамастан, алаяқтықтың барлық дәуірлердегі ішкі мәні мен мазмұны біреу ғана: өзі секілді біреуге қақпан, тұзақ құрып, алдап жеу. Осы мақсатына жету үшін «Әркімді арбауына түсіремін деп, түлкіше құйрығын бұлаңдатқан» (Мәшһүр Жүсіп Көпеев) адамдар көптеп пайда болып, олар: «тозақтың бар екенін білсе де, күнәға әлі келсе батады. Алланың адал ризығын жесе де, арамды әдейі іздеп, татады» (Шәкәрім Құдайбердіұлы). Ұлы Абайдың: «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда», «ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық», «алдамаған кім қалды тірі жанда?!» деп, заманнан түңілгендей болатыны да осыдан шығар.

Әйтсе де, алаяқтық – «екі жақты үрдіс». Кез келген ұры-қары, сұраншақ-тіленшектер секілді, алаяқтар да «пси­холог» келеді. Олар алдымен кімді алдап-арбап, қолға, торға түсіруге болатынын «зерттейді». Ақымақ Қарға болмаса, «аш» түлкінің аузына тәтті ірімшік қайдан түссін. Сондай түлкіге тап болған «кей адам надандықпен алданады, мен надан деп айтуға арланады» (Әсет Найманбаев).

Сонымен, алаяқтықтың «түрт шайтаны» – тойып болмас нәпсі болса, көздеген жемі – әмиян. Бұл жерде «әмиян» сөзі – кез келген нәрседен пайда табуды көздейтін бизнестік қоғамның эквиваленті, синонимі, тіпті символы десе де қате емес. Алаяқтықтың ұзақ тарихы, өзіндік «өмірбаяны» бар дедік. Тек осылар ғана емес, ең бастысы – оның өз моралі, философиясы бар. Онда ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі алаяқтық «моральді» ұстанушылардың «сәтті» бір әдеби образы ретіндегі Қорқау Ларсеннің дүниетанымына назар аударып көрейік. Ол айтады: «Әділет, құқық дегеніміз – әмиян. Әмиянсыз өмір жоқ!».

Демек, «әмиян» дегеніміз – түптеп келгенде қу құлқынның жемдорбасы болып шықты. Ал құлқынның құны алаяқтық «өнерін» меңгермей, ойлаған мақсатына жете алмайтынын тез түсінеді. Әдетте біз «ұсақ» қылмыс түріне жатқызатын қалта тонаушылардан бастап, банк тонаушыларға дейінгілер осы топқа жатады. Және тек бұлар ғана емес...

«Жаңа сабын!», «Жаңа СОVID!» де­мекші, кейінгі кездері, жаңбырдан кейін жамырай өсіп шыққан саңырауқұлақтар секілді, алаяқтықтың да, жеті атасының емес, жетпіс жеті (әлде 777?!) атасының есімдері естіле бастады. Солардың тек біреуін ғана айтсақ, енді «кейбір» банктер тіпті «өзін-өзі тонайтын» өнер тапқанға ұқсайды. Соңғы уақыттары банкке алданып, зардап шеккендерді теледидардан жиі көрсететін болды. Мұның да «заңды», заңсыз жықпыл жолдары көп. Клиенттердің сан миллиардтаған ақшасын сол жақ («левый») қалтасына  салып үлгерген банк қожайыны  «банкрот» жариялай салады, тіпті болмаса, «көз көрмес, құлақ естімес» бір жақтарға тайып кеткенін клиенттер соңынан бір-ақ естіп, санын соғып қалады. Қолды болған әрбір жүз машинаның тоқсаны «хабар-ошарсыз» кететіні секілді, әлгіндей банктердің де былық-шылығы көп жағдайда «су аяғы – құрдым» болып, ізін ұстатпай кетіп жатады. Бүгінде мұндай ақпараттар ашық айтылуда. Тіпті зейнеткерлердің «сақтық касса» ретінде депозитке салған тиын-тебенін де жұтқыншағынан асырып жұта салатын имансыздар да, неге екені белгісіз (?), со беті құйрығын ұстатпай кете алады. Соңғы кездері банкротқа ұшыраған банктердің тізімі күн сайын толыға түсуде. Банк үшін банкрот дегеніміз – клиенттен айрылу екені белгілі. Ендеше халыққа берген антына адал банктер «кегін» клиенттерден емес, оларды алдаған алаяқ әріптестерінен алса, әділетті болмақ. Өйткені, «Сенген қойым – сен болсаң» дегендей, бір рет алдаған банкке екінші рет тағы да ақша апарып беретіндей – халық та сонша ақымақ емес. Яғни, банктер банкротының басты себебі – клиенттер сенімінен айрылғандығында. «Енді өзіңді түзелер дей алмаймын» (Абай) демекші, тігісі бір сетінеген сенімнің қайта бүтінделуі неғайбыл. Оның бір ғана жолы – барлық банк атаулы алаяқтықтан түбегейлі бас тартып, адалдық жолына түскеніне, ал клиенттерді алдаған банк, қор, т.б. атаулы үкімет пен заң тарапынан тиісті жазасын алғанына халықтың көзі жетуі тиіс! Әзірге мұндай әділ тездің барын сезініп отырғандар аз. Теңгенің алғаш шығып, доллардың өзімен бой таластырған құнды кезінің өзінде, халыққа «әр теңгеңді жүз теңге етіп қайтарамын» деп уәде етіп, қамбасы ақшаға толған күні клиенттерді жер сипатып кеткендердің бет-жүзі түгіл, ізі де «табылмай» кеткені әлі ұмытыла қойған жоқ. Ендігілердің де солай болмасына кім кепіл? Тіпті клиенттерінің көбі зейнеткерлер болып келетін «Қазпош­таның» өзінің де жаманаты естіле бастады.

Алаяқтықтың түр-түсі көп дедік. Олар­дың бәрін атап тауысу мүмкін емес. Өйткені күні ертең-ақ бұл тізім «жаңа алаяқтармен» толығатыны сөзсіз. Әлде сапасыз тауар шығарып, қымбат бағаға сату; жұмысын істетіп, еңбекақысын бермей кетуі, ақшаны біреу жеп, айыбын басқаға аудару; мекемеде жұмыс істе­мейтін адамдардың атымен ақша алып отыру; бір ғана нысанды немесе мүлікті бірнеше қожайынға сатып, пұлын иемдену секілді «іскерліктер» алаяқтық емес пе. Мектептегі коррупцияның мұрты да бұзылмағанын министрліктегілерден басқаның бәрі біледі. Әдеби және басқа да шығармашылық өнер саласында біреудің авторлығына қол сұғу, иемденіп алудың соңы сотқа дейін барып жүретіні бар. Әсіресе, екінің бірі «ән шығарғыш» болып алған бүгінгі заманда, солардың бірсыпырасы шет елдің немесе өзіміздің композиторлардың әндерінің мәтінін өзгертіп, «өз әні» етіп ұсынатын жағдайлар жиі кездеседі.

«Заманауи» алаяқтар техника мен технология жетістіктерін өз мақсатына «тиімді» пайдалана біледі. Соның «арқа­сында» бүгінде «интернет-ұрлық» дейтін жаңа «мамандық» пайда болған. Оның «тарихаты» – таусылып бітпейтін бір «аңыз». Сондайдың бір түрі – ұялы телефоныңызға хабарлама жіберіп, «сізді бақытты етеміз! Бүгін, дәл қазір келіңіз... Жіберіңіз!» дейтін «ақжарма» ұсыныстардан басыңыз «айналады». «Тауарымыз сапасыз әрі қымбат» дегенді «сапалы әрі арзан!» деп, «аңдаусызда» ауыстырып жарнамалайтын саудагерлерде сан жоқ.

Бәлкім, біреулер айтар: «Бұл жағдайлар әзірше бізде ғана. Біз әлі «дамып болған жоқпыз. Дамыған елдерде алаяқтық атымен жоқ» деп. Әрине, бұл мифке әлде шын, әлде өтірік сенетіндердің жаттанды сөзі екенінде дау жоқ. Бұл – біздегі боран мен дауыл өзіміздің «үңгірлерден» ғана шығып жатыр дегенмен бірдей сөз. Ақпарат құралдарында дамыған елдердегі біздегідей дау-дамайлар мен дабыра сөздер аз айтылып жүрген жоқ. Бір АҚШ-тың өзінде ғана сексен мыңнан аса алаяқтық сайттың жұмысы тоқтатылғаны (Хабар-24, 14.3.2021. – Жаңалықтар. – 20:15) – осының бір айғағы. Оның бәрін термей-ақ, сондай елдерге еліктеп өмір сүріп келе жатқанына екі ғасырдай болған «өзіміздің» түріктердің телехикаяттарындағы оқиғаларда алаяқ­тықтың «буфер» түрлерінен бастап «супер» түрлеріне дейінгі жағдайларға куә болып жатасыз. Солардың бірінде түріктің танымал, табыскер компанияларының бірін онымен әріптестік келісімшарт жасап, кейін «байытуға» уәде берген америкалық алаяқ банкротқа ұшыратады. Бір «таңғаларлығы» – осы түрік, үнді телехикаяттарының көбінде алаяқтар ақылды, адал адамдар ақымақ болып көрсетіледі. Мұның өзі жоғарыдағы Әсет Найманбаевтың «Кей адам надандықтан алданады» дегенін расқа шығарғандай. Әрине, ақымақтан алаяқ «шықпайтыны» анық. Ал адал адамның бәрі ақымақ емес дейін десең, өзіміздегі әркімге алданып, күнде теледидар экранын бермей топырлап жүрген көп тобырды қайда қоямыз? Бір күні сол көп «тобырдың» ортасынан өзімізді көріп қалуымыз да «ғажап» емес. Өйткені құрылуы «келіскен» қақпанға қарға түгіл түлкі де түсіп қалуы мүмкін-ау. «Өмір деген – ұлы ағын, сол ағынға қосылар – қандай сенің бұлағың?». Мұны өзің де алдын ала біле алмайсың. Адам-пенде ағын үстіндегі жоңқадан артық емес. Алаяқтық ежелден бар дедік. Негізінде бұл адам баласы өмірге әділетсіздікті әкелген «күннен» басталған. Ал әділетсіздік дегеніміз – адамды адам қанауының, құлдануының «бірегей» тәсілі.

Ақын Гесподтың «Жұмыс және күндер» дастаны бойынша баяндалған ежелгі грек аңызында адамзат қоғамын шартты түрде бес «ғасырға» бөледі. Алтын ғасыр, Күміс ғасыр, Мыс ғасыр, Қаһармандар ғасыры, ең соңында – Темір ғасыр. Атына лайық Алтын ғасыр адамды адам кемсітуді, қорлауды, қанауды білмейтін нағыз әділетті дәуір болып сипатталады. Одан кейінгі кезеңдерде әділетсіздік пайда болып, Мыс ғасырына жеткенде күшейеді. Осыған байланысты, төртінші «ғасырда» әділетсіздікке қарлы Қаһармандар күресі басталады. Алайда бұл күрес түпкілікті жеңіске жетпейді де, ең соңғы «Темір ғасырында» адамды адам қанау мен құлдану шегінен шығады (Ежелгі Грекия мифтері мен аңыздары. – А., 2012). Аңызда Темір ғасыр әлі де жалғасып келеді деп айтылады. Суреттелген оқиғалардың болған кезеңін айтпағанда, аңыздың шыққанының өзіне екі жарым мың жылдай уақыт өткеніне қарамастан, әділеттілікті ту еткен Алтын ғасырдың ғұмыры қысқа болып, керісінше, әділетсіздікке, қанау мен құлдануға негізделген соңғы ғасыр шайтанның ғұмырын кешіп келе жатқан сияқты. Адамзат әлі «Темір ғасырдың» тепкісінен құтылмағанға ұқсайды. Техни­калық өркениеттің шыңында отырған бүгінгі жағдайдың өзі адамды осындай ойға еріксіз әкеледі. Алайда әділетсіздік құдайдың қарғысына ұшыраған ғадет болғандықтан, ол қоғам сахнасына әр уақытта әділеттің киімін киіп, соның рөлін ойнап шығады. Оның ғұмырының ұзақ болатын себебі де содан шығар. Сонда «көрермен-жұртшылықтың әділетті қоштап, қол соққаны – әділетсіздікті қолпаштап, масайратқаны болады да қояды. Қазіргі жағдайда қоғамдық құбылысқа әрі кәсіптің (бизнестің) бір түріне айналған бұл «өнер» әлі де «өрге жүзе» беретін секілді. Оның «болашағы зор» екеніне сенімді режиссерлер: «фильм енді ғана басталды. Ең «қызығы» – әлі алда» дейтіндей.

Мұның «қызық» болатын тағы бір себебі: қолынан келгендер қонышынан басып, заманына қарай қалпақ кие алатындығында; сөйтіп, «Әуелгі қорлар зор болып, сондағы зорлар қор болып; әуелгі барлар жоқ болып, сондағы жоқтар тоқ болып» (Шортанбай Қанайұлы); осындай «өзгерістердің» кезінде «Бай мен кедей аңдысып, араласқан сан  пысық – арасынан жем тауып» (Дулат Бабатайұлы) жүретіндігінде. Міне, алаяқтық қалай пайда болады, олар мүмкіндікті (шанс) қайдан табады дер болсақ, онда тәтті құртқа таласқан әрбір екі қарғаның үстінен аңдып, әлденеше құзғын айналып жүреді екен. Ал адамның құзғындары мұнымен тұрмай, табиғаттың өзіне ауыз салғалы қашан. Орманды заңсыз отап, аң-құстарды аяусыз қыратын алаяқ браконьерлер – сондай құзғындардың бірі. «Асылық асқан заманда: шөп сұйылып жердегі, құс таусылып көлдегі; байлар ұрлық қылады, көзіне малы көрінбей; билер жейді параны, сақтап қойған сүріндей; мына заман қай заман – азулыға бар заман, азусызға тар заман; адам азар болар деп, сол себептен қорқамын; заманақыр болар деп, сол себептен қорқамын!» деп, Шортанбай ақынның зар илейтіні де осыдан шығар. Тек Шортанбай, Абайлар ғана емес, кезінде америкалық ақын У.Уитмен, түрік Н.Хикмет, орыс Н.Некрасов, француз Р.Роллан, қазақ А.Байтұрсынұлы, С.Торайғыров, М.Дулатовтардың да жер­дегі дауыстары көкке жетіп, азып бара жатқан адам баласының пиғылын түзей гөр деп құдайдан тілеген. Әрине, құдай бетін ары қылсын, діни аңыздарға қарағанда, ақырзаманның өзі болмаса да, топан су сияқты топалаң нәубеттер адамның ниеті бұзылып, рухани-моральдік азып-тозған кезеңдеріне дөп келіп отырыпты. Осындайдан ғибрат алып ой түйе ме, әлде қорыққанынан болса да тәубеге келе ме, кім білсін, шындықты айтқаны үшін замандастары қотыр тайдай қуалап, құбыжық еткен кейбір ұлы тұлғаларды кейінгі ұрпақтар құрмет тұтып, құдай емес, құдайдан былай емес деңгейге көтеріп қоятыны бар. Мысалға сол Уитменді алар болсақ, кезінде әсіресе билікке ұнамаған бұл ақын бүгінде халық жадында жақсы атымен қалып отыр. Сол секілді, өз еліндегі кемшіліктер мен қателіктерді ашып айтқаны үшін билік тарапынан халыққа жексұрын етіп көрсетілген Назым Хикметті әділетсіз күстаналағандары үшін өкінетін отандастары бүгінде көптеп саналады. Мұны, есімі менің есімде қалмаған түріктің көрнекті бір тұлғасының бұдан бірер жыл бұрын ғана: егер Түркия Назым Хикметтің нұсқаған жолымен жүргенде, қазіргіден бірнеше есе ілгері дамып кеткен болар еді деген сөзінен де байқау қиын емес. Сол түріктер әлем әдебиетінде теңдесі жоқ сатирик жазушы Әзіз Несинді не үшін ғайбаттайтыны түсініксіз. Мұның өзі саясат пен саясиланған дінді бетперде етіп жасалған алаяқтықтың бір түрі емес пе екен. Мысалы, жазушы «О дүниеден келген адам» деген өткір әңгімесінде, керісінше, бұ дүниедегі күнәкәрлік пен келеңсіздікті келемеждейтінін білмегенсіп, надан жұртқа тонын теріс айналдырып көрсетудің астарында «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» дейтін «мораль» тұрған жоқ па?

Өзімізге келсек, Ахмет Байтұрсынұлын ардақтағандай болып жүргеніміз – бүгін! Ал кеше не істедік? Мұны Ахаңның өзі айтқаны орынды болар: «Не жазып ем, Құдай-ау, мен қазаққа, Мұншама ғып салғандай бұл азапқа?! Адамшылық есебіне кірісіп, қолы жетсін дегенім бе азатқа? Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа, Жол сілтедім жақын емес, алысқа. «Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, – Дедім: – Сен де қатарыңнан қалыспа!» Барма, қазақ, мұнан басқа қылғаным? Неңді шаптым, неңді бұздым, былғадым? Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес – дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен – Өз ауылымның иттері кеп қапқаны!». Ұлы тұлғаның бұл сөздері түсініктеме беруді қажет етпейді. Басында бір шайнам миы бар адамның бәрі түсінеді. Қазақ қазақ болғаннан бергі тұңғыш реткі ұлт газетін алғашында өз қаржысымен бастап шығарған Ахметтей асылзада азаматты көре алмай, патша итаршыларына жалған арыз түсіріп, бір емес, үш рет абақтыға түсірген қазақ емес деп енді жалтара алмаймыз. Әлде бұл ұйымдасқан алаяқтық емес пе?! Осыдан кейін Ахаң: «Сайраған тілмен, зарлаған үнмен – Құлағы жоқ кереңді ұқтыра алмай сөз әуре, тек тұра алмай біз әуре» деп, пұшайман болады. Ахаң – Ахаң ғой, біз ше? Ахаңдар тартқан азапты тағдырынан сабақ алдық па өзі? Өткен – өткен болсын, ең болмаса, сондағы қателіктер мен қаныпезер қатыгездіктер, алдамшы алаяқтықтар бүгінгі, ертеңгі күндері қайталанбаса, соған да тәубе, шүкіршілік дерміз.

Жә дейікші. Мақаланың тақырыбын «Болмасаң да ұқсап бақ...» деп қойған едік қой. Сол сөздің мағынасына тікелей оралатын тұсқа келіп тұрмыз. Әдетте «Ұқсап бақ...» сөзінің соңын жақсыға қарай бұратынымыз бар. Онымыз дұрыс та. Өйткені – «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін қазақпыз. Бірақ, өкінішке қарай, айтуын айтып алып, керісінше істейтін кездеріміз де аз емес. Оның үстіне, гректердің «Бес ғасыр» дегені секілді, үстіміздегі ғасыр «Жақсы сөйлеп, жаман істеудің» ғасыры ма деп те қалғандаймыз. Шіркін-ау десеңші, барша әлем елдерінің конституцияларында, заңдары мен жазған, айтқан сөздерінде иненің жасуындай бір мін болсайшы! Олардан мұндай мінді микроскоппен қарап таба алмайсыз. Ау, сонда бүкіл адамзат қоғамын алаң­датып отырған алаяқтық, адам құлдану, коррупция, бейбіт тұрғындарды қырып-жою, аштық-жалаңаштық секілді қаптаған қара тұман қайдан шығып жатыр? Тарақан, қырықаяқ, құрт-құмырсқа секілді харам жәндіктер мен ауру тарататын жұқпалы микроб-вирустар лас үй мен нас денені басынатыны белгілі. Онда біздің «Жер – ортақ үйіміздің» бүгінгі халі нешік? Оған кім кінәлі? Таяуда ғана БҰҰ Бас хатшысы: «COVID-19» дертінің жаппай таралуын әртүрлі әділетсіздіктер мен алаяқтық әрекеттерге сылтау етіп пайдаланып отырғандардың көбейіп бара жатқанын ресми мәлімдегені баршаға белгілі. Тегінде БҰҰ мен ДДСҰ мұндай «шетін» сөздерге бармай, аузын бағып отыратын ұйымдар болушы еді. Енді олардың амалсыздан ашық айта бастағаны әлемдік қауіптің тақап қалғанынан хабар береді демеске лаж жоқ. Демек, жаңа ХХІ ғасырда алаяқтық маршы бүкіл әлем бойынша «бүгіннен – болашаққа» қарай «қарышты қадам» басуда. Елімізде де «кәсіби-дипломды» алаяқтар мен сондайларға ұқсап бағып жүргендердің қарасы барған сайын қалыңдай түсуде. Сонда қалай: ғылым мен білімге, мәңгілік Ақиқат жолына бастап, адалдық пен имани адамгершілікке шақырған Абай жолын мансұқ етіп, «берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан! Әкел, давай!» жолын таңсық көргеніміз бе?

«COVID» биологиялық вирус болса, алаяқтық – моральдік вирус деуге толық негіз бар. Атқа (қазір машинаға) мініп шіренген байдың мырзасын көрген жарғақ тонды кедей байғұстың: «Мен де неге сондай болмасқа...» дейтіні бар ғой. Ол мұны ойлап қана қоймай, істеп көруге тырысып, тыраштанып бағады. Ондайлар – «Болмасаң да ұқсап бақ – Бір алаяқты көрсеңіз» деп жүрген сорлылар. «Ортан қолдай» алаяқ болып алу олардың аңсары мен арманына айналған. Өздерінің тұрмыстық проблемаларын алаяқтық жолымен шешкісі келеді. Сондайдың бірі болар, жасы алпыстан асып, ата атанған біреудің он шақты адамды алдап, жылдар бойы ақысын бермей жүргені туралы ақпаратты газеттен оқығанымыз бар. Ең «қызығы» – «кәсіби», «дипломды» алаяқтарға ұқсап бағуды мәртебе тұтқан осы адам намаз оқиды екен. Сонда мұндай адамды кім деу керек? Міне, шатқаяқтаған әлемнің шатысқан тірлігі осыған дейін жетіп отыр. Алаяқтарға алданғандарды теледидардан күнде дерлік көрсете бастағаны да осының бір дәлелі болса керек. «Астарлы ақиқат» шоу-бағдарламасында да тұрмыстық алаяқтықтың түске кіретін-кірмейтін алуан сорты қаптап жүреді. Сонда өнер кәсіпке, өндіріске, техника мен технологияға, ғылым-білімге қыры жоқ жұрттың оңтайына дөп келетін «кәсіптің» осы болғаны ма? Міне, осылайша, «AVID» («Алаяқтық») вирусы да «COVID-тік» жылдамдықпен бүкіл әлемге кеңінен таралуда.

Бәрін айт та – бірін айт, ұзын сөздің қысқасы дегендей, адамзат қоғамы бүгінгі таңда бармақтай ғана бір «тығынмен» бітелетін «кеңірдек» (құлқын) атты әрі кең, әрі тар тығырықтың аузына кептеліп, тіреліп тұр! Бағытын өзгертпесе, бұдан аман шығуы екіталай. Мұзтауға (Айсбергке) соғылған «Титаниктің» тағдырын кешуі әбден мүмкін. Осы орайда қазақ атамыздың «Ештен – кеш» деген тәмсілі еске түседі. Жер-кемеміздің, Ел-кемеміздің әлі де құтқарылуға мүмкіндігі жоқ емес. Тек сол соңғы қайранымыздан қапы кетпесек болғаны.

1058 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз