• Ел мұраты
  • 19 Мамыр, 2021

ПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

...ХХ ғасырда бірпартиялық жүйенің жұмыс істеу тәжірибесі оның тиімсіздігі мен антидемократиялылығын айқын көрсетті. Қазіргі кезде мұндай жүйелердің беделі түсіп, саяси аренадан кетуде. Мұның мысалы Шығыс Еуропа мен Еуразия елдеріндегі партиялық жүйелердің қайта құрылуы болып табылады. Мәселен, ХХІ ғасырдың басында Қазақстан Республикасында саяси өмірдің әр түрлі бағыттарын көрсететін 12 саяси партия ресми түрде тіркелді. Біздің елімізде өтпелі кезеңнің динамикалық партиялық жүйесі қалыптасқан. Жаңа партиялардың көпшілігі әзірге саны жағынан аз және аморфты, оларда нақты айқындалған әлеуметтік негіз және елдің дамуының конструктивті бағдарламасы жоқ. Партиялық құрылымды құру жөніндегі мәлімдеме мен декларациядан бастап халықтың сенімінен шығу және мемлекетті басқарудағы шынайы саяси рөлге дейінгі аралықта соншалықты ұзақ та, ауыртпалықты, сонымен бірге қарама-қайшылықты жолды жүріп өту міндеті тұр.

Партиялық жүйенің қалыптасуы – жалпы бұл бірнеше ондаған жылдар бойы жүзеге асырылатын және барынша ұзаққа созылатын процесс екендігін есте ұстаған жөн. Ол қоғамның әлеуметтік жіктелуімен, негізгі әлеуметтік топтар мен тұтас алғандағы қоғамда саяси сана мен саяси мәдениет демократиялық типтерінің қалыптасуымен қосарлана жүреді. Сонымен бірге посткеңестік кеңістікте саяси партиялардың қай кезде болмасын, өткен кезеңдегі батыс елдерінің саяси өмірінде партиялар қандай маңыздылыққа ие болса, дәл сондай маңыздылықты иемденуі екіталай. Қазіргі әлемде жаппай аталмыш саяси институт өмірге келтірген қоғамдық қатынастардың эрозиясымен байланысты партиялардың құлдырауы (әлеуметтік-таптық қарсы тұру) байқалады. Қазір, бұрынғы өткен кезеңдегі әлеуметтік байланыстар келмеске кетіп, экономика барған сайын жаһандана түсіп, шынайы билік қуатты мүдделі топтарға көше бастаған шақта, партиялардың өздерінің сайлаушыларына берген уәделерін орындауға мүмкіншілігі жоқ, бұл оларға деген жаппай сенімсіздікті тудырады.

Соған қарамастан, тұрақты көппартиялық жүйе тарихи түрде қалыптасқан елдерде партиялар саяси өмірдің барынша елеулі факторы болып қалуда. Осындай елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қоғамның тиімді дамуы үшін екі немесе үш партия үстемдік ететін саяси жүйенің нұсқасы әлдеқайда артық боп табылады. Осыған байланысты, қоғамдағы саяси партиялар мен олардың жүйелерінің қызметі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың қызметімен толығып отыратындығын айта кеткен жөн. Қазіргі жағдайда олардың маңыздылығы арта түсуде. Олар қоғамның саяси өміріне барған сайын көбірек ықпал етуде. Біздің елімізде партиялық жүйенің қалыптасу процесінің әлі аяқталатын түрі көрінбейді. Партиялар, қоғамдық бірлестіктер туралы заңның қабылдануымен бірге Қазақстанда саяси партиялардың бірігу процесі жеделдеді және сайлауға үміткерлерді ұсыну партиялық тізімдердің негізінде жүретін жағдайларда сайлауға белсене қатысу есебімен қатар қозғалыстар да күшейді. Бұл орайда Қазақстандағы көппартиялық – қара бастың қамы емес, қоғамның белгілі бір жіктерінің мүдделерін білдіруге және қорғауға қабілетті саяси құрылымдарды қалыптастыру тәсілі екендігін атап көрсеткен жөн. Мемлекеттік билікке қатыса отырып, олар елдегі туындап отырған қиындықты жеңетін және экономикалық дамуға, Қазақстан халқының құқықтары, бостандықтары мен амандығы, тыныштығы үшін мемлекетті нығайтуға мүмкіндік беретін ортақ шешім табуға үндейді. 

 

Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,

философия ғылымының докторы, 

профессор

«Саясаттану негіздері»

кітабынан, 2011 жыл.

2012 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз