• Заманхат
  • 01 Наурыз, 2013

АЛАШОРДА ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Алаш қайраткерлерінің әлеуметтік-филосо­фиялық көзқарастарының ағар­тушы­лық, жаңашылдық мақсаты нақты, шынайы мазмұнға ие, яғни, оның қазақ қоға­мының хал-жағдайын жақсартуға, оны даму­дың даңғыл жолына салуға және жалпы алған­­дағы ұлт санасын оятуға бағыт­талғанын көреміз. Сол заманғы ұлттық ру­хани көзқарастар табиғатын түсіндіруде ұлттық оянумен тығыз сабақ­тас­тықтағы жаңашылдықты келесідей түсініктемелер арқылы пайымдасақ болады. Біріншіден, ұлттың болашағын анықтайтын тылсым да құпия маңызымен толыққан ұлттық сипат туралы түсінік; екіншіден, қандай да бір қоғамдағы басымдылыққа ие ұлттық идеалдандырылған үлгіні табуға деген ұмтылыс; үшіншіден, субъект психикасының жіктелмеген, бейсана қажеттілігін білдіретін, бастапқы, ілкі сана ахуалы негізінде қалыптасқан, белгілі бір ұлттық мәдениет өкілдеріне тән, мәдениеттің іргелі эталондарын анықтау; төртіншіден, ұлттың барлық мүшесіне тән және ұлттық сипаттың көрінісін халықтың рухани өмірінен іздеп-табуға деген ұмтылушылыққа, әлеуметтік ұстанымдары мен ұлттық құндылықтары, діни наным-сенімдерінің заңды түрдегі бір-бірімен байланысына негізделетін тұжырымдамалар; бесіншіден, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін және ұзақ уақыт бойына санада сақталып қалатын әлеуметтік және мәдени мұра элементтерін, ұдайы қайталанатын дәстүрлі формаларын және ұлттық қауымдастықтың рухани болмысын кең мәтінде көрсететіндей тәрбие құралдары мен әдіс-тәсілдерін табу. Бұл жерде алғышарттардың бастауы ұлттық сана-сезім мен тұлғаның қалыптасу типтерінің тарихына бойлай енетін, әлеуметтік болмыс пен сананың іргелі құрылымы саласында жатыр. Қоғамдық пікірге тікелей әсер ету мақсатындағы көкейкесті болатын ұлттық мәселелерді талқылауға арналған алаш қайраткерлерінің ой-пікірлері ұлттың тұлғалық болмысының дүниетанымдық ерекшелігін бағалауда өз көрінісін тапты. Олардың көзқарастарында ұлт өкілдері үшін ортақ белгілер жинақ­талған. Жаңаша ұлттық ойлаудың өзіндік негіздерін қалап, халықты мәдени, рухани жетілдіруге бағытталған елдік сарынды ұлт зиялылары алаш қозғалысына ұластырды. «Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы − тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өйткені, ол қазақ баласының жаңа саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қозғалыс еді. Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылық пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет идеясын құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұғанға дейін болмағаны тарихтан белгілі. Олар сол тұста кездескен қиындықтардың барлығын жеңе білді, түпкі мақсатқа жету үшін, қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба білді» [1]. Ал, бұл қозғалыстың алдында тұрған басты мақсат қазақ жұртын аңсаған еркіндікке қол жеткізіп, азат елге айналдыру, өз алдына дербес мемлекет құру еді. XX ғасырдың басындағы қазақ халқы азаттық үшін күресудің, мәдениетін заманына сай өркендету мүмкіндігінен кеңестік тоталитарлық жүйенің орнауы себепті айырылды. Дегенмен де, ұлттық ояну философиясының, ұлт-азаттық қозғалыстың Қазақ елінің тәуелсіздік аңсары мен мемлекетшілдік мұраты болып қаланғандығы анық. Кеңестік кезең қазақ ұлттық санасына момақандық, өзін-өзі қор санаушылық, жалтақтық сияқты әдеттерді әбден сіңір­ді. Ұлттық тіл, ұлттық діл, ұлттық ұла­ғат жойылу қаупі кезеңіне дейін жетті. «Қа­зақтардың рухын қорқыныш сілкіп, оны түгелімен шайқатып жіберген − азамат соғысы, одан соң ұжымдастыру, репрессия, тағы да басқа «мероприятиялар» болды. Ой, сезім-сананың үңгірлері осындай аштықтан, репрессиялардан, жаппай ұжым­­дастырудан, «Полютбюро тапсырды» деген бұйрықтардан, алфавитті қайта-қайта ауыстырудан тұрды. Осындай қорқыту арқылы жаңа таптық партиялық сезімді, «жарық келешек» жөніндегі арманды оңай ұқтыруға жағдай туды. Оған көнбегендердің тағдыры белгілі болды» [2, 87 б.]. Осындай ауыр кезеңдегі қазақ рухының сақталып қалуы үшін Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, т.т. жазушылар көркем шығармалары арқылы күресті. Дегенмен, ақырғы есепте қазақ болып ұйысып қазақ болып өмір сүрудің өміршең екен­дігін тарих дәлелдеді, қазақ ұлты өзін өзгеге сіңіп, жойылып кетуден аман алып қалды. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып шаңырақ көтерді. Әрине, рухани және қарекеттік жағымсыздықтарынан айығу үшін машақатты күрес керек, дегенмен, қайткен күнде де, қазақ ретінде баянды өмір сүрудің ұлы үмітіне бөленудің өзі қазақтар үшін тарихи жеңіс болмақ. Іргемізді бекітіп, елдігімізді мәңгілік ету жолында қам-қарекет жасау үстіндеміз. Әлемдік қауымдастықтың белді мүшелерінің бірі­не айналып келеміз. Дегенмен, әттең-ай дегізер мәселелеріміз де шаш-етектен. Тәуел­сіздігімізді алған жылдардың бас кезінде-ақ ғалымдарымыз бостандықтың эй­фориясы мен «біз жоқ жердегінің бәрі жақсы» деген түсініктен тезірек арылып, тазаруға, қамдануға тиіс шарттарды көр­сетіп берді: «Қазіргі дүниежүзілік ци­ви­­ли­зацияның даму барысында ұлттық мәдениеттердің ерекшеліктері жоғалып, олар экзотикалық: уақыты өткен дүние ре­­тінде «өгейсіп», «қысқарып» барлық ха­лықтарға, олардың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына, қоршаған ортасына тән ке­­ле­тін, әлдебір «баршалық-техникалық» мә­дениетке бет алу көрсетеді. Кейде мұн­дай дүниежүзілік цивилизациялану белгілі бір күшпен енгізіліп отырған «мәдениет» стан­дарты (айталық, кинодағы Голливуд стандарты секілді) болуы мүмкін» [3,46 б.]. Бодандықпен бірге санамызға қорқы­ныш пен үрей, құлдық психология енді. Әрбір істеген ісің үшін жалтақтық, өктем жұртқа қарау, сол не деп айтар деген ой тұрды. Бұл қорқыныштан біз әлі құтылған жоқпыз. Біздің санамыздың улануы, құлдыққа жақын тұруымыз осы кезеңнен басталды. Орыс отаршылдығын әлі сөз етуіміз де осыдан. Тіпті, былай алғанда, жиырма жыл деген болымсыз ғана уақыт. Ал, бүгін кешегі бодандық қамытымызды киген замандағы күйімізді ұмыта салу, көңілден шығару опа бермесі анық. Сезімге, жалған патриоттыққа бой алдырмай, осы кезеңдегі болмысымызды жан-жақты терең зерттеудің маңызы зор екендігі түсінікті. Іргеміздегі қытай елінің орыстың отаршылдығын арнайы зерттеуі де бекер болмаса керек. Ал, бұл бізге ерекше маңызды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «тоталитаризмнің дәстүрге көзқарасы тым салқын. Өйткені, бұл доктринаға негізделген қоғам тұлдыр тақырға құрылды... ғасырлар бойы жинақталған тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің тәсілі ретіндегі дәстүр ұлттық белгілердің қорғаныс қалқанына айналды. Жүздеген жылдар бойы сыртқы күштердің қыспағында болған қазақ қоғамы үшін ең алдымен ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиеттің қорғаны ретіндегі дәстүрдің рөлі әсіресе зор. Тоталитарлық режимнің ұлттық сананы бүлдіруге келгенде бүлікшілдік ықпалы күшті болған себебі, ол ең әуелі мәдени дәстүрлерді, мінез-құлық үлгілерін, жанұядағы қарым-қатынастарды, т.б. қирата келді. Тоталитаризмнің сорақы этникалық тәжірибелерін өзінің ұлттық шет аймақтарындағы ұлт зиялыларын құртудан бастауы тегін емес. Азғындықтың осынау философиясы ақыл-ой бәсекесінің ешбір түріне дес бермейді. Ал, ғасыр басындағы қазақ зиялылары саяси көзқарастар мен саясат технологиялары тұрғысынан алғанда тіпті, қазіргі заманның терминдері жөнінде де әлдеқайда ілгері кеткен еді» дейді. «Қазіргі таңда «кеңестік үңгірден» жарыққа шығып, бұрынғы қалыптасқан танымның орнын «жаңа сипаттағы» құндылықтармен толтыру науқанында «батыстық және шығыстық» дүниенің терезелерінен «өзімізді» табу жолында әрекеттер жасалып жатқан сияқты. Яғни, санамызды сансыратқан сансыз сұрақтарға өзімізден емес өзгеден жауап күтудеміз». «Кеңес дәуірінде рухани дамуды біздерге көбінесе материалдық дамудың жалғасы, жақсара түскен материалдық жағдайдың әрі қарай дамуының жемісі деп танытты. Болмыс, тұрмыс сананы билейді деген қағидаға сүйендірді. Сондықтан да, рухани дамуды көбінесе қажеттілікпен, мүддемен және «мәдени» тұтынушылықпен өлшедік: неше адам кітап оқиды, неше кісі театрға барады, қаншасы көркем көрмелер зал­дарына шығып тұрады, рухани дүние осындай көрсеткіштермен есептелді. Сөй­тіп бірте-бірте шынайы руханилық ығысып, оның орнын мәдени-әлеуметтік түсініктер басты» [5]. Қазақстан – көп ұлтты ел. «Халқы­мыздың қазақтық, ұлттық бет-пішіні аз» деген әңгіме баспасөз құралдары беттерінде айтылып, жазылып жүр. Алаш нәсілінің сол сан-алуан ұлыстың, тектің ішінен дараланып, өзіндік этнографиялық кескін-келбетін сақтап қалуы – рухани өрлеу, толысу нышаны болмағы ақиқат. Ол ежелден келе жатқан тарихи дәстүрі мен салт-санасын, ғұрып-жораларының озық үлгілерін аялап, сақтай білуге тікелей байланысты құбылыс. Ұлттық мінезде өзіндік өнері мен дүниетанымы астасып, анық байқалып тұратын халықтардың кеудесі жоғары, ұпайы түгел. Жапондықтарда көне дәстүр бұзылмай сақталған. Әлемдік мәдениет пен өнерде биік тұрған ағылшын, француз, үнділердің кескін, бейнелерінің мызғымас беріктігі де дәстүрлі құндылықтарын негіз етіп алуында. Дамыған, өркениетті елдер тілін де, түрін де, ділін де қалпынша сақтап қалғаны шындық. Ұлылық ешкімге еліктемес бітім-болмыс, сипатпен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаһанданудың аласапыранында ғұмыр кешіп отырған ұлтымыз үшін Хакім Абайдан басталатын Әлихан, Ахмет, Міржақыптар жалғаған рухани ой әлемінің негіздерін ұлттық мұра мен мирас және әлеуметтік тәжірибе ретінде зерттеу аса өзекті екендігін көрсетеді. Халық деген тірі организм секілді. Ұлттық мұрат – жойылып кетпеу. Ұлттық мұрат – халықтың мәңгі жасауы. «Оян қазақ» деген ұран әлі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Исатай, Махамбет, Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістер, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, күн болмағанда кім болам деп жырлаған» Алаш арысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «халқымның мен шын ұлы екеніме тарихтың өзі куәлік берер» деген сөзі де сол ұлттық мүддеден туындаған. Олай болатын болса, «Алаш тағылымы өз дәуірімен бірге кеткен, тек қана деректік мәні бар оқиға емес. Алаш қозғалысы – ұлттық идеядан бастау алған, ұлттық дүниетанымға нәр берерлік, дәстүрлері өміршең, тәлімі терең тарихи-рухани құбылыс» [1]. Батыс құндылықтарын басшылыққа алғанымызбен, үйдің иесі өзіміз болып қала береміз деген ой-пікірдің кезеңі өтіп кетті. Осыдан бір ғасыр бұрын Алаштың рухани ұстаздары «Қазақ» газетінің басына киіз үй таңбасын салуларының рәміздік мағынасын былай түсіндірген еді: «Киіз үй – киіз туырылықты халық. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік – жарық беретін жол, есік – түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағынан күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұр­тына әрі мәдениет есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді» [6]. Біз жаһанданудан тығылмай, басы­мыз­ды бұқпай, өз жоспарларымыз бен жобаларымызды ұсынуымыз керек. Қор­ғанып қана қоймай өз дауысымызды біл­діруіміз керек және мүмкіндігінше өз ыңғайымыз бен орайымызға бейімдеуіміз жөн. Осы орайда құндылықтар тәуелсіздігін қалыптастыру, құлдық психологиясының тамырларын табу және одан құтылу басты мақсаттарымыздың бірі әрі бірегейі болып отыр. Басты қауіп жаһандануда емес, қауіп өзіңнің кім екеніңді білмеуіңде, өзіңді-өзің танымауыңда. Еліміздің рухани өмірінде үлкен серпілістер болып жатыр, дегенмен де, оның жалпыұлттық сипат ала алмай отырғаны айқын. Азаттығымызға екі он жылдыққа таяу мерзім болғанымен өзіміздің ұлттық болмысымызды әлі де болса тұрақты бағалай алмаудамыз. Рухани дүниеміздегі үлгілер мен эталондарды өз болмысымыздан емес, өзгелерден іздейміз. Тәуелсіздікпен бірге өмірге кел­ген еркін рухты ұрпақ жасайды деген аңсарларымызбен бірге, «пепси ұрпақ» қатар есейіп келеді. Тамыры терең мәдениетімізді заман талабына сай насихаттау жетіспеуде. Одан қалса, өзімізді танымай жатып, бөтен мәдениетке еліктеу мен бас ұруымызды қояр емеспіз. Академик Ғарифолла Есім «Еліктеушілік дегеніміз біреудің соңынан салпаңдап ере берушілік. Ал, әлемге өз өлшемін ұсына білу ол жаңа сапалық, тың өркениеттік сұраныс. Біз осы сұранысқа сай болуымыз үшін көптеген мәдени, оқу, білім, ғылым, өнер салаларында жаңа сапаға өтуіміз қажет. Тың сапалық кеңістікке шығу үшін біз өркениеттің жаңа өлшемін ұсынуымыз керек. Еліктеу және әлдекімдерден үнемі шәкірт болып үйрене беру өркениеттілікке жеткізбейді. Абай айтқандай «болмасаң да, ұқсап бақ» деген өлшемді ұстанған жөн» дейді [7]. Жаһандану мен дәстүршілдік. Негіз­гі императивтерді сақтау. Бұл мүмкін бе? Дініміздің қандай болғанын қалай­мыз? Ол біздің еркіміздегі іс пе? Бұның бәрі тыңғылықты, сарабдал, жан-жақ­ты өлшенген жауаптарды талап ете­тіндігі сөзсіз. Бұл тұрғыда алаш мұра­сына да жүгінетініміз хақ. Белгілі ғалым Тұрдығұл Шаңбай: «Алаштық дүниетаным әдебиетте, мәдениетте, тарихта, саясатта, әлеуметтануда, ғылымда айқын көрініс тапты. Бірақ соны қазақ философиясының басым бағыты ретінде зерттеудің методологиясы айқындалмай, ғылыми концепциясы ұсынылмай отыр. Ресей әдебиеттану ғылымында көркем шығармадағы орыстың ұлттық характері мәселесі, философиясында орыстың ұлттық дүниетанымы басым бағытта зерттеле бастады. Бұл сол елде соңғы он-он бес жылда қорғалған диссертациялар тынысынан айқын байқалады. Ұлттық танымдағы ізденістер өз кезегін тосып тұр. Сол ізденістің бірі – Алаш философиясы мәселесі. Алаш философиясы Қазақстан өркениетін қалыптастырудағы қазақ философиясының алтын қазығы деп танимыз. Қазақ философиясының басқа ғылымдардың артында салақтап жүрмей, керісінше дүниетанымдық бағдар берер феномен бағдаршам болуына Алаш философиясы қажет еді. Бүгінде олай болмай тұр. Бұл бүгін айтылғанмен, ертең айтылар ақиқат» [8] деп тұжырымдайды. Қорытып айтқанда, қазақ халқының ұлттық дүниетанымы өзгерісі сан түрлі кезеңдерден өтті. Онда өміршеңдік күші тасқындаған дәуір де, өміршеңдік солғындаған дәуір де болған. Оның өзіндік тарихи себептері бар. Бүгінгі сәтте тарих бізге үлкен мүмкіндік пен жауапкершілікті сеніп тапсырып отыр. Біз құлдық пен бодандық қыспағынан құтылып, біртіндеп ес жиып, өзімізді-өзіміз іздей бастаған рухани ояныс пен қайта түлеу кезеңінде тұрмыз. Бұған дейін жиған-тергенімізді, рухани тәжірибемізді қорыту мен болашағымызды құру үстіндеміз. Осы тұрғыда дәстүрлі, көшпелі өзге елдің отары болған жұртының рухын оятып, өзгенің озығы мен ұлттық танымды үйлестіру арқылы қазақ халқын азаттық жолына бастамақ болған алаштың рухани мирасы мен әлеуметтік тәжірибесін зерделеу кезек күттірмес іс. Еркін Масанов, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, философия бөлімінің ғылыми қызметкері, Әсет Құранбек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының доценті, философия ғылымының кандидаты Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Тілешев Е. «Алаштың» жолы // www.abaі.kz 2. Қазақ. Мақалалар жинағы / ред. Қасым­жанов А.Х. – Алматы: Білім, 1994. – 194 б. 3. Қасымжанов А., Алтаев Ж. Ежелгі рухани таным және қазақ философиясы // Мұрагер әл-манахы. – Алматы. − 1992. − №1. – Б. 6-57. 4. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Ал­маты: Атамұра, 1999. – 296 б. 5. Кенжетай Д. Йасауи іліміндегі зиялы мәсе­лесі // Иасауитану мәселелері. − 2000. – №3. – Б.10-14. 6. Орда гербі (таңбасы) // Қазақ. – 1918, ян­варь − 15. 7. Есім Ғарифолла. Бостандықтың бағасы. – Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі, 2003.− 24 б. 8. Шаңбай Т. Алаш философиясы әлем қазақтары мәдениеті контекстінде //www.namusz. kz.

3432 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз