• Заманхат
  • 01 Наурыз, 2013

«КНЯЗЬДІҢ АНТ БЕРУІ»

Тәуке АЛТЫНБЕКОВ, профессор, техника ғылымдарының докторы, коллекционер

Суретші В.Орлов-Петровтың «Князь­­дің ант беруі» картинасы 1912 жылы салынған. Өткен ғасыр­дың жетпісінші жылдары бұл картина коллекционер, ежелгі тарих құндылықтарына әуес Тәу­ке Алтынбековтың көзіне оқыс түседі. Ол жас кезінен коллекция жинаумен айналысқан еді. Әуесқой коллекционер осы картинаны қолға түсіру үшін үш жыл әуре болады. Соңында, 1977 жылы мұражай қызметкері ретінде, оны сатып алады. Сөйтіп жеке коллекциясын толықтырады. Картина кар­тон қағазға салынған. Мамандардың айтуы бойынша о баста (өткен ғасырдың басында) үлкен айшықты полотно ретінде салынуға тиіс екен. Оның эс­кизі немесе түпнұсқасы бұрын жеке параққа салынған көрінеді. Бұл нұсқа Тәукеге жетпеген. Картинада Алтын Орда ханының Мәскеу орыс князіне «князьдік таңба» тапсыру (басшылық үшін сенім грамотасы) көрінісі бейнеленген. Уақыт өтуіне байланысты бояулары солғындалғанмен, жалпы, картина жарқырап көзге түседі. Картинаның оң жақ бұрышының төменгі жағында «В.Орловь-Петров 1912 ж.» деген жазу бар. Міне, сондықтан, бұл еңбек жайында Т.Алтынбеков өзінің айтар ойы мен болжамдарын алға тартады. Картинада, сол дәуірдегі Алтын Орда хандығы мен Ресей арасындағы өзара байланыс пен қарым-қатынас бейнеленеді. Алтын Орда хандарының Мәскеу князь­дығы қызметіне отыратындарға «князьдік таңба» тапсыру салты болғаны – бұл шын­дық. Алтын Орда билеушілерінің дәуі­­рінде осындай салттың ұзақ уақыт жал­ғасқаны жөнінде тарихшылар Костоморов, Соловьев, тағы басқа зерттеушілер өз еңбек­терінде жазады. Картинада қысты күні «князьдік таң­ба» тапсырудың сәті айқын бейнеленген. Онда, бір жақта Алтын Орда ханы нө­кер­лері «мөр-таңба» тапсыруы кезі, оның алдында жүрелеп отырған Мәскеу кня­зі мен оның жанында ошарылып тұрған нөкерлері бей­неленген. Өкініштісі, сол – сурет аздап бұлыңғыр көрінеді. Алтын Орда хан­дары­ның өрнектелген мөр-сауыты олар үшін, тіпті, иконға саналған. Алтын Ордаға бағынышты көптеген ха­лықтар мен орыс князьдіктерінің билеу­ші­­лері өзара тығыз қарым-қатынаста бол­­ды. Жоғарыдағы картинада, 1446 жы­­лы ІІ Василийдің (Московский Темный) князьдік таңба алу рәсім-салты бейнеленеді. Дмитрий Щемякин­мен тақ билігі үшін таласта, ол «Московский Темный» деген жанама ат алған. Оқиға 1446 жылды дәлелдеп тұр. Жо­ға­рыда аталған оқиғаға байланысты Мәскеудегі «сарай төңкерісі» кезінде «князьдік таң­ба» Мәскеу князі ІІ Василийге тапсырылады. Алтын Орда билеушілерінің қолынан кемсіту жағ­дайын­да «мөр-сауыт» алып, ант қабыл­дау Мәскеу ай­ма­ғы үшін тұрақты ты­ныш­тықтың ке­пілі болды. Сол дәуірдің салты бойынша Василий Темный Алтын Орда әміршісінің алдында жүрелеп отырып, хан мөрін алуы керек және оған «князьдік таңба» қоса тапсырылады. Таңбадағы ант сөзі оқылады. Мұның бәрін біз картинадан анық көреміз. Князь Василий Темныйдың билік құ­руы 1425-1462 жылдары аралығында жал­ғасты. Осы уақыт ішінде оны биліктен кетіріп, өзі тақта отыру үшін, оның бас­ты қарсыласы және туысқаны көрші князьдіктің князі Василий Косай еді. Ол кезекті «сарай төң­керісін» жасау кезінде жа­мандыққа душар болып, көрмей қа­лады. 1450 жылдан бастап, тыныштығы кет­кен Әбілхайыр ұлысында – қазақ же­рін­де жаңа «қазақтық» жеке мемлекет құ­рудың мәселесі көтеріледі. Сөйтіп, со­ң­ында Жәнібек пен Керей ұлысы бірі­гіп, 1460 жылы Қазақ хандығының құры­луына себеп болды. Кейін, уақыт өте Қа­­зақ, Қырым хандықтары, орталығы Са­­­рай­шық болған Ноғай ордасы және Қазақ жерінде Әбілхайыр ұлысы құрыл­ды. Билік құрған хандықта, ордада, ұлыс­та бір-бірінің туыстық байланысы және «чингизиттерге»әртүрлі дәрежеде жақын­дықтары әсер етті. Билік үшін күресте жеке саяси шешім қабылдау құқы болды. Жәнібек пен Керей осы «чингизиттер» әулетінен шықты. Тарихшылардың айтуынша, Жәнібек Жошының ұрпағы, дала әміршісі Барақ хан­ның ұлы. «Жәнібек» деп халық осылай атаған, ал, оның шын аты – Әбусайт болатын. Қырым хандығы мен Қазан және Ноғай ордалары тығыз қарым-қатынаста болған. Ол Алтын Орда билеушілерінің би­лік тұғырында тұлға, Мәскеу князьдігі мәселелерінде «Орда ханы» ретінде белгілі еді. Суретшінің «Князьдің ант беруі» картинасында бұл жақсы бейнеленеді (1446 ж.). Толық еркіндігі бар және Алтын Орда тақ билігіне жақын, өзіндік ұста­нымы бар Жәнібек хан грамотаға немесе жарлыққа («князь таңбасы») қол қоюға құқықты болғандықтан, өзінің «мөр белгісін» қал­дыруға тиіс. Өйткені, «чингизит­тер» Алтын Орда сарайында мұндай өкі­лет­­тілікке қолдары жеткен. Менің ойым мынаған саяды, ол дәуірде «князь таң­ба­сына» дәл кімнің қол қойып, мөрін бас­қанын білу. Алтын Орда ханы сарайында өз мүдде­лері мен жеке билікті көздеген «чингизиттер» жүрді. Сондықтан, жүгенсіздік пен қанды сарай төңкерістері және әмірші­нің өлімі жиі қайталанды, кейбір жағдайда тақ билігі бос тұрды. Тарихшылар анықтамайынша «мөр-сауыт» кімдікі екеніне көзіміз жет­­­­пей­ді. Біз картинадан пәлен ғасыр өт­кен деректі көреміз. Шындығында, ІІ Василийге («Московский Темный») «князь­дік таңба» бергенде оған кім қол қойған. Өткен дәуірдің күңгірт бір оқиғасына қатысты картина суретін жариялай оты­рып, үш ұйықтасақ түске кірмейтін беймәлім, құнды тарихи деректі көреміз. Ал, құпиясын түбінде зерттеушілер ашып жатса, Алтын Ор­да­ға қатысты та­рихи шындықтың бі­раз белгісіз жайларын білер едік. Бұл жерде мәселе «мөр-сауыттың» кімдікі екендігінде болып отыр. Қашанда, айдай анық дерек­тің қызықтыратыны рас. Суретші Орлов-Петров үлкен картина­ның (115х90) эскизін (ауқымды, мол эпизод) жасау үшін біраз жылдар еңбектенгені сезіледі. Картинадағы тарихи оқиғалардың бей­неленуі және көркемдік ойлар мен болжам қылқалам арқылы әсерлі көрінеді және біз бұл туындының қасіретті ХХ ғасырдың басында өмірге келгеніне кү­мән­­данбаймыз. Өйткені, біріншіден, «Ре­сей-Жапон» со­ғысында Ресей жеңіліп, орыс қоғамы дағ­дарысқа тап болып, пат­ша билігі шат­қаяқтап, бұрынғы орда халықтары бас көтеріп, әлемдік тарихта болашақ «Алаш» партиясының аренаға шығуы жақындаған болатын. Суретші өткен замандағы қилы-қилы оқиғалар мен қиын жағдайлар жөнінде ерекше хабардар болған. Міне, сондықтан шынайы деректер мен мәліметтерге орай аталған картинаны 1905-1912 жыл­дар аралығында салып, тынымсыз ең­бек еткен. Сол кездегі орыс само­дер­­жа­виясының тағдыры, оның қол астындағы бұрынғы Орда ха­лық­тары санасының оянуы суретшіге қатты әсер еткен. Сондықтан, тарихтың қайталану ықтималдығын сезген өнер адамы тарих тағылымын орыс хал­қының есі­не салу үшін, осы картинаны салуға мәжбүр болғандығын байқаймыз. Тарихпен ойнауға болмайды. Суретші кө­ре­гендік байқатады. ІІ Василий мен ІІ Николай «көкірек көзі» соқыр патшалар еді. Суретші мұны жақсы көз алдына әкеледі. Қазақтардың кейін ІІ Николайды «соқыр Мекалай» деп атағаны белгілі. Өйткені, ол соқыр сияқты төңі­регін көруден қалған болатын. Суретші Орлов-Петровтың неден сақ­тан­дырғаны арада біраз жыл өткен соң белгілі болды. ІІ Николай тақтан тайып, царизм дәуірі жер бетінен жоғалды. Картина жөнінде суретшінің ойы мен ұстанымы басқаша да болуы мүмкін. Дей тұрғанмен, салынғанына 100 жыл толып отырған картина Алтын Орда дәуіріндегі тұтас бір тарихтың көрінісін елестетеді. 1912 жылғы Ресейдің жағдайы, ХV ғасырда қалыптаса бастаған біздің мемлекетіміздің тұңғиық тарихы, 1916 жылғы оқиғадан кейін Патша үкіметінің құлауы, соңында Қазақстанның еркін, Тәуелсіз ел атануы осы іркес-тіркес тарихқа байланысты болса керек. PS: Мақалаға қатысты суретті мұқа­баның 1-бетінен көресіздер.

464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз