• Келелі кеңес
  • 01 Наурыз, 2013

Заман өзгерді, теория да басқа (Ұлтшылдық деген не? Ол бізге керек пе?)

Досмұхамед Кішібеков, ҚР ҰҒА академигі

Кеңес Одағы жылдарында ұлтшылдық деген халықтардың бірлігіне, достығына зиян келтіретін құбылыс деп қарады. Сондықтан, ол ұғым лексиконда, тек теріс мағынада қолданылған болатын. Бірақ, бұл пікір кейін, егемендік алғалы бері басқа мағынаға ие болды. Ол мынау: егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болған елдің өзіндік еркін саясаты, экономиясы, тілі, мә­дениеті болуы керек. Оны қолдау ол өз ұлтын мемлекеттік, әдет-ғұрпын, тарихын жақсы көру деген. Бұл өз елінің азаматы, патриоты болу. Оның ар жағында ұлтшылдық жатыр. Сонда, ұлтшылдық деген не? Ол өз ұлтының деңгейі биік болуы, соған еңбек сіңіріп, адал қызмет етіп, оның тәуелсіздік үшін күресу. Ондай адам ұлтшыл болмауы мүмкін емес. Қашанда ондай адамды, сол ұлт өкілдері қолдайды, дәріптейді. Өз ұлты үшін аянбай қызмет ететін адамды халық басына көтереді, сенеді, соңынан ереді. Өз тағдырын сонымен байланыстырады. Мәселен, 1914 жылы В.И.Ленин «О национальной гордости великороссов» деген шағын мақала жазды. Онда ол былай деген болатын: «Чуждо ли нам... чувство национальной гордости? Конечно, нет. Мы любим свой язык и свою родину» (опс. Т 26, с. 107). Кейінгі зерттеушілер пікірі бойынша, В.И.Лениннің басқа еңбектерін былай қойғанда, оның осы бір ауыз сөзі, бүкіл орыс халқының жүрегін қозғап, назарын оған аударған көрінеді. Бұл орынды тұжырым. Өйткені, бұл сөз бүкіл орыс халқының санасын оятып, жігер берген күш болды. Бұл не, сонда? Әрине, ұлтшылдық пікір. Сондай ұлтшылдардың бірі атақты философ Г.Гегель болды. Ол, бірақ, неміс халқын бүкіл басқа халықтардан жоғары санады. Славяндарды, шығыстықтарды төмендетті. Аты шулы қара ниет, жауыз А.Гитлердің ұлтшылдық сөзіне ұйып, соңынан ерген немістер, оны басына көтерді. Өйткені, ол немістердің көкейіндегі арманын айтты. Оның пікірі – немістер талантты халық, бірақ, оның еңбегін басқалар жеп жатыр, Олар Дүниежүзілік Бірінші империалистік соғыста Германияны жеңіліске әкелді. Оның орнына басқалар байыды деп, немістерді еврейлерге, басқаларға айдап салды. Бұл да шындық, ұлтшылдықтың бір түрі – фашизм еді. Олай болса, ұлтшылдық әрбір ұлттың жүрегінде жататын, істерінен көрінетін құбылыс. Оны қозғамасақ, қобалжытпасақ, іште мүлгіп жататын, ал, оның жанына тиіп, намысын қозғасаң сыртқа шығып, адамдардың санасын билеп, жойқын күшке айналады. Дұрыс жүргізілмеген ұлтшылдық адам санасын уландырады. Бірақ, ұлттық қасиеттің екі түрлі түсінігі бар. Бірі өз ұлтыңды сүю, соған қызмет ету. Басқаның намысына тимеу. Кенеттен қауіп төнсе жанын ойланбастан беруге бару. Сондай-ақ, өз ұлтыңды басқадан жоғары санамау, басқаларды оған қарсы қоймау. В.И.Лениннің әлгі пікірі де, Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты да дәл осындай. Екіншісі, өз ұлтыңды бәрінен жоғары санау, басқаларды кеміту, намысына тию, өз ұлтына кесірін тигізеді, оны оларға қарсы қояды. Бұл өте қауіпті әрекет. А.Гитлердің ұлтшылдығы осындай еді. Оның ақыры немен біткені белгілі. Олай болса, мәселе ұлтшылдықтан қашу, не оны жақтауда емес, оны саналы, ақылға салып түсінуде. Бір ғажабы адал, таза, ұлт жанды адамды халық қолдайтыны. Бірақ, сол сенімге сүйеніп, оны ақтап, халыққа адал қызмет ету керек. Сондай-ақ, өз ұлтыңды дұрыс жолға салып, оны басқа халықтармен ынтымақтастықта, достықта болуға бағыттап, тәрбиелеу. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі май, бірі қан боп, енді екі ұртың». Мұны күйініп, ұлттық сезіммен айтқан данышпан, Абай. Бұл өз ұлтына, жаны ашығандықтың көрінісі, ұлтжандылық. Сонымен ұлтшылдық қалай туындайды? Ол не? Бұл сезімдік, этно-психологиялық, әрі саналық процесс. Олай болса, ұлтшылдық екі құрамнан тұрады. Бірі – сезімдік, екіншісі – саналылық. Екеуі қосылып бір ұғым тудырады. Алдымен сезімдік деген не, ол қайдан шығады? Бұл табиғи, биологиялық процесс. Адам белгілі жағдайда дүниеге келеді, өсіп өнеді. Оған әсер ететін ішкен суы, жеген тұз-дәмі, жұтқан ауасы. Бұл әсерді нәресте алдымен анасынан құрсақта жатқанда нәр алып, қалыптаса бастайды. Кейін айы, күні жетіп дүниеге келген соң, ол дәмді анасының сүті арқылы қабылдап, кейін өзі жеп-ішіп өседі. Соған сәйкес организм қалыптасады. Сол физиологиялық жағдайда өсіп, өнген адам, кейін қайда жүрсе де санасыз сол дәмді іздейді де жүреді. Кейін ішкен-жегені, тұрмысы, бала кезіндегіден жоғары болса да, бәрібір сол бала кездегіге жетпейді. Содан, туған, өскен, жерін аңсайды. Бала кезіндегі дәмді инстинктивті организм тілейді де тұрады. Сондықтан, жершілдік сезім пайда болады. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақал осының дәлелі. Өз туған жері адамы да, оған ыстық көрінетіні, осыдан болса керек. Осындай сезім кейбір жануарларда да болады. Мәселен, жылқыда. Осы сезім негізінде ұлттық идея пайда болады. Ол біз кімбіз, қайдан шықтық, ұлтымыз, тіліміз, тарихымыз, әдет-ғұр­пымыз қандай және қайдан деген сезімдік құбылыс. Жас адам оны сезбеуі де мүмкін. Бірақ, басқа жерде жүргенде, бөтен біреу, ойда жоқ жерде абайсыз сенің ұлтыңа, не тіліңе, әдет-ғұрпыңа кері тиетін пікір айтса, онда сен бұрқ етіп, наразылық білдіресің. Ойламаған жерде өз ұлтыңды жақтай бастайсың. Бұрын мән бермеген пікір, кенет ойға келеді. Бұл не сонда? Бұл сезім. Қандай сезім? Ұлттық сезім, яғни, ұлттық идея дегеніміз, міне, осы. Ұлттық идея, па­триот­тық сезім, ұлтшылдықтың бас­тауы. Бұл сезім барлық есі дұрыс, санасы орнықты адамдардың бәрінде бар. Ал, ондай сезімі жоқ адам бола ма? Болады, егер оның есі дұрыс болмаса. Бір кезде «космополит» деген ұғым болды. Оның мәні «әлемдік адам» деген сөз. Шынында, бұл саясат. Өйткені, туған жері, өскен ортасы жоқ «әлемдік адам» болмайды. Бәрі бір өзін әлемдікпін деп жүрген адамның да өзінің туған жері, ұлты бар. Олай болса, «космополит» деген ұғым, тек белгілі ұлт өкілдеріне арналған идеологиялық саясат болатын. Аспаннан түскен адам жоқ. Кімнің де болса туған, өскен жері, халқы, ұлты бар. Енді, ұлтшылдықтың екінші жағына келетін болсақ, онда бұл сезімнен жоғары, саналы процесс. Оны адам бала кезінен бас­тап, есі кіре бастағанда, үйінде, ата-анасы, айналасындағы жақындары әңгімелерінен, айтқан ақылынан аңғарады. Кейін мектептен, оқыған кітаптарынан, түрлі хабарлардан алып, санасын қалыптастырады. Бұрынғы көшпелі қазақ елінде отан сүйгіштік, батырлық қасиеттерді жырау-жыршылар батырлық дастандар айтып тәрбиеледі. Тіпті, бізге белгілі Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Наурызбай батыр секілді батырлардың тарих сахнасына кезінде шығуына елдік, ұлттық сезім мен патриоттық сананы қалыптастырған әлгі­дей жыршылар жырлаған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Шора батыр», «Ер Едіге», «Көрқұлы», «Ер тарғын» образдары болса керек. Бүгін де, ертең де солай бола бермек. Оның бер жағында жатқан мақал-мәтелдер. Мәселен, «Атаңның ұлы болма, адамның ұлы бол!», «Жат жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сияқты. Сонымен, жершілдікпен ұлттық сананы тәрбиелеуге болады, бірақ, жойып жіберу мүмкін емес. Немесе, Мыржақып Дулатовтың мына сөзіне құлақ салайық: «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбе қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп, Қазағым енді жату жарамасты». Бұл не? Ұран! Патша үкіметі де, Кеңес үкіметі де бұл өлеңді билікке қарсы ұлтшылдық, реакциялық деп таныды. Ол рас. Ұлтшылдық, бірақ, кімге, қай ұлтқа қарсы? Ешқандай ұлтқа қарсы емес. Тек, патшалы Ресейдің отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көте­ріліске шақырған ұран болатын. Біз бұған енді қалай қарауымыз керек? Тек дұрыс тұрғыда. Алаш арыстарының арманы бүгін орындалды. Егеменді ел болдық. Өз қолымыз өзімізге жетті. Айналып келгенде, өз ұлтын жақсы көр­мейтін адам жоқ. Бірақ, әркімнің түсінігі әр түрлі. Ол оның саналығына, тәрбиесіне, адамгершілік қасиетіне, тазалығына байланысты. Бір ұлттық сезім бар: бір ұлт­ты бір ұлтқа қарсы қоятын. Бір ұлт­­тық сезім бар: бір ұлтты бір ұлтқа жақын­дас­тыратын, достастыратын. Бізге кере­гі соңғысы. «Қазағым қақтықпа, қамалма, Ел болар қамыңды амалда. Өтті түн, атты таң, шықты күн, Сал малды, сал жанды, аянба!» Бұл да ұлттық ұран. Оны патша үкіметі құлап, қазақтардың бостандыққа ұмтылған, автономиялық Республика болғалы жатқан кезінде «Шүйінші» деп айтқан Жүсіпбек Аймауытов болатын. Бұл патриоттық өлеңде басқа ұлттың намысына тиетін ешнәрсе жоқ, тек азаттық қуанышы, салтанаты еді. Бірақ, осы ұран-өлең үшін Жүсіпбек Аймауытов ұлтшыл деп айыпталып, атылып кетті. Себебі, өз ұлтын дәріптеу, ұлттар бірлігіне зиян тигізеді деп бағаланды. Өйткені, тәртіп «газон» жүйесіне ұқсас еді. Бір кезде ұлтшылдық деген сөзден қашып, біз «ұлтжандылық» деген ұғымды қолдандық. Бірақ, «ұлтжандылық» деген ұғым, ол да патриотизм, ұлтшылдық екен. Бізге барлық халықтардың еліміздегі ұйт­қысы болатын ұлттық толеранттық сана керек. Ол қазақ халқының гуманистік санасы. Соның көрінісі азаматтық, ұлттық намыс. Қазақ намысын ешкімге бермеген, тәкаппарлықты да білдірмеген. Егер ұлтшылдық деген термин құлаққа жағымсыз естілсе, онда «ұлтжанды» деген ұғымды қалдыруға болады. Сөз соңында айтарымыз: «Ұлтшыл­дық», «Интернационализм» ұғымдарын тарихқа ендірген К.Маркс пен Ф.Энгельс болатын. Өйткені, олар әлемді екі тап­қа бөлді: үстем тап пен езілген тап. Анта­гонистік қоғамды құлатып, социа­листік (коммунистік) қоғам орнату үшін езілген бұқараны бірлікке, күреске шақырды. Сондықтан, олар «Пролетарии всех стран, соединяйтесь!» деген ұран көтерді. Бірақ, сол таптық бірлікке кедергі болатын ұлттық ерекшеліктер мен мақсаттар болатын. Содан, әрине, К.Маркс пен Ф.Энгельс ұлттық бөлінуге қарсы болды. Оны жақтаушыларды ұлтшылдық деп қарады. Езілген таптардың бірігуіне қолдау болады деп «инернационализм» идеясын ұсынды. Буржуазиялық, ұлтшылдық және пролетарлық интернационализм бір-біріне қарсы ымыраға келмейтін ұран деген болатын Ленин (В.И.Ленин ППС. Т.24, с. 123). Сонымен, ұлтшылдық деген терминнен қорқатын заман өтті, өзгерді. Теорияда басқа. Осыны аңғар­ғанымыз жөн.

1060 рет

көрсетілді

91

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз