• Ел мұраты
  • 01 Наурыз, 2013

Ұлы көштің көшбасшысы

Сейдулла Садықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы

Ұлт ретінде жұтылып кетудің қасіретті қаупі қара бұлттай торлаған ауыр саяси-экономикалық жағдайда еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қадам басты. Міне, осындай сын кезеңде тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел тұтқасын қолына алды. Бірінші кезекте тәуелсіздік жағдайында мемлекет ретінде қалыптасуға бағыт алу міндеті алға қойылды. Биліктің мемлекеттік институттарын құруға, түрлі деңгейдегі дүниежүзілік ұйымдарға кіруге алғашқы қадамдар жасау ауадай қажет еді. Осы орайда 1992 жылдың басында дүниеге келген «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» тұңғыш жоспарлау тәжірибесіне айналды. Президент Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жасалған Стратегия қазақстандық ұлттың өзін-өзі танып білу жөніндегі мәселенің идеологиялық іргетасын қалаған республиканың тұңғыш ресми құжаттарының бірі болды. Елбасы «Қазақстан жолы» атты кітабында алғашқы жылдардағы күрделі кезеңді сарабдалдықпен ой елегінен өткізе оты­рып, былай дейді: Стратегия, өткенге қыс­қаша шолу жасай келіп, Қазақстанның қазіргі замандағы шекарасы алғашында тайпалардың этникалық мекен еткен ата қонысы, кейінірек қазақ ұлтын құраған және қазіргі Қазақстанның барлық жеріне бақылау жүргізген халықтың тарихи жері болғанын айтып түсіндірді. Біз тәуелсіз мемлекет өзінің қазіргі көрінісімен сақталып келгенін – ол әлдебіреудің қазақтарға берген сыйы емес, біздің тарихи Отанымыз, қазақтың ежелден бергі жері екенін ресми түрде мәлімдедік. Біз халыққа айқын бағдар бердік. Сондай-ақ біз мемлекеттің унитарлық тұтастығын, оның жерінің бірлігі мен мызғымастығын қамтамасыз ету үшін билік барлық конституциялық амалдарды пайдалана алатынын ашық айттық. Бұл сондайылық аумалы-төкпелі кезең үшін маңызды мәлімдеме болды. Осындай қиын жағдайда жарық көрген Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» деп аталған тұғырнамасы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған, өтпелі кезеңді жан-жақты сипаттаған, болашақтың бағдаршамы іспеттес аса маңызды ең­бек болды. Онда азат елдің алдында тұр­ған ұлы міндеттер – тағдырдың ұрпақ маңдайына жазған мемлекет құру, ел басқару ісін демократияландыру, осымен бір мезгілде нарықтық экономикаға көшу жан-жақты сараланды. Қазақ елі тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында империялық шовинистік пиғылдар ұлт­тық мүддеге нұқсан келтіру, азаттық жо­лына түскен жергілікті халықтың тілін, дінін, мәдениетін, басқа да рухани қазыналарын жандандыруға қалай да тосқауыл жасау әрекеттеріне ашық түрде барып жатты. Ресей журналистері бұрынғы Ке­ңестер Одағының құрамында болған республикаларға жөнсіз тиісіп, олардың ішкі өміріне ашықтан-ашық араласуды дағдыға айналдыра бастады. Қазақстандық орыс интеллигенциясының кейбір өкілдері қазақ халқының рухани, мәдени проблемаларына түсіністікпен қараудың орнына, «біртіндеп құриды» дегендей «сәуегейлік» айтуға тырысып бақты. Осы орайда төмендегі жайларды да айтуға тиіспіз. Жасыратыны жоқ, Қазақ елінің болашағы жайында әртүрлі болжам айтушылар аз болған жоқ. Ұзақ жылдар бойы отарлық езгіде кіріптарлық күй кешіп, егемен елге айналған жас мемлекет енді қандай бағыт ұстайды, өз бетінше өсіп-өркендеуге мүмкіндігі бар ма деген мәселе ой-пікір жарыстырудың негізгі нысанына айналды. Осы тұрғыда ұлт зиялылары ғана емес, шетел сарапшылары да ой қозғап отырды. Бұл өзекті де күрделі міндетті еліне, жеріне жан-жүрегімен берілген, ұлт мүддесін алаулатқан қазақ публицист-жазушылары атқаруы тиіс еді. Солай болды да. Олардың алғы сапында публицист-қаламгерлер Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Әзілхан Нұршайықов, Әкім Тарази, Мұхтар Шаханов, Рахманқұл Бердібаев, Өмірзақ Айтбаев, Сауытбек Абдрахманов, Ақселеу Сейдімбеков, Сапабек Әсіпов, Марат Қабанбаев, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев, Смағұл Елубаев, Алдан Айымбетов, Михаил Есенәлиев, Амангелді Айталиев, Қуанбек Боқаев, Жүсіпбек Қорғасбек, Жұмабай Шаштайұлы, Мейірхан Ақдәулетұлы, Аманхан Әлім, т.б. жүрді. Мерзімді басылымдарда ұлт мүддесі тұрғысындағы терең ойлы салиқалы да өткір мақалалар жарияланып жатты. Осылайша олар Қазақ елінің өзін-өзі билеуге деген ұмтылысына, ел егемендігі жолындағы құлшынысқа кедергі келтіруге тырысып, отарлық озбыр саясатты көксеушілерді әшкереледі.. Қазақ елі тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ғасырға пара-пар маңызды істер атқарылды. Республиканың тұңғыш Ата Заңы қабылданды. Қазақстан өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар тәуелсіз дербес елге айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына, Ислам конференциясына, тағы басқа бірқатар беделді ұйымдарға мүше болды, шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды, шетелдік іскер адамдардың егемен елімізге деген ынтасы арта түсті. Осылардың бәрі тұтас ұлт болашағының алтын діңгектеріне айналды. Ұлттық сананың өрлеуі ұлттық жаңғырудың тұтас жүйесін қозғалысқа келтірді. Осынау ұлы істердің басы-қасында тұңғыш Президент Н.Назарбаев жүрді, теңдессіз маңызға ие болған сан қырлы игілікті шаралардың ұйтқысы болды. Республикамыз әлемдік дамуда өз орнын алып, оң-солын тани бастаған тұста, яғни 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде 2030 жылға дейінгі Қазақстанның шоқтығы биік тұлға Н.Назарбаев ағынан жарыла былай дейді: «Мен бұл арада саяси элитаның маңызды мәселесіне айрықша тоқталғым келеді. Оның ойдағыдай қалыптасуы – таптық-партиялық өзімшілдіктен арылу, мемлекеттік және ұлттық мүдделердің жымдасуы, тек жекелеген артықшылықтарды иемденген топтардың ғана емес, күллі халықтардың қауіпсіздік және азат дамуы мүддесі ғана мемлекеттік мүдде болып табылатындығын жете ұғыну арқасында ғана жүзеге асады». Элита тек жалпыұлттық мүддені білдіру, оны кескіндеу, сол арқылы халықтың өзін-өзі танып, бағалану дәрежесін көтеру қабілетімен ғана емес, соны ойдағыдай жүзеге асырудың жолын табу қабілетімен де дараланып тұруға тиісті. Ол үшін бүгінгі таңдағы ең күрделі мәселе – күллі қоғамды алдында тұрған тарихи мәселені шешуге күн сайынғы нақты әрекетпен атсалысуға жұмылдыра білу. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ұлы көш басталып кетті, Монғолиядағы, Қытайдағы, Ирандағы, тағы басқа елдердегі қазақтар атамекенге ат басын бұра бастады. Осы тұста Қазақстан үкіметінің сырт елдердегі бауырларды тарихи Отанына қайтарудағы, оларға жағдай туғызудағы енжарлығы, көші-қон мәселесіндегі түрлі келеңсіздіктер қазақ публицистерін бей-жай қалдырған жоқ. Қазақ ұлты өз елінде жалтаң көз болып отырғанда, шеттегі қандастарымыздың басым көпшілігі уақыт өткен сайын қыспаққа түсіп, жойылып кету қаупі төніп тұрғанда, ұлт мүддесін жоғары көтерген публицистеріміз ұлт­ты құтқарудың жалғыз ғана жолы бас біріктіру екенін бар дауыспен айта білді. Қазақтардың идентификациялануы мен ұлттық бәсекелестікті, өзге ұлттармен пара-парлыққа ұмтылысты ту етіп көтерген Президентіміз атажұртқа аңсап жеткен қандастардың Қазақстан азаматтығын алып, түпкілікті қоныстануына қолайлы жағдай туғызуды әрдайым басты назарда ұстап келеді. Қазіргі таңда атажұртта қайта қауышып, азаматтығын алған 800 мыңнан астам өз бауырларымыздың түтін түтетіп, шат-шадыман өмір сүріп отыруы осының айқын айғағы болса керек. Осылайша, алдағы онжылдықтарда қазақ халқының саны 35-40 миллиондық деңгейге көтеріліп, әлемдік өркениеттің бел ортасынан ойып тұрып орын алатын бақытты сәттің де алғышарты жасалуда деп нық сеніммен айтуға болады! Президент Н.Назарбаев діндераралық үнқатысуларға, ортақ келісімдер мен басқосуларға айрықша мән береді. Оның Астанада 2003 жылғы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары құрылтайында сөйлеген сөзінде: «Халықтардың, діндердің, мемлекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше өзекті маңызға ие» деуі де сондықтан. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен еліміздің Елордасында жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері қазіргі заманғы діндер арасындағы жаһандық үнқатысудың жарқын да іскерлік көрінісі ретінде әлемдік қоғамдастықтан жоғары баға алуда. 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезіне әлемнің 40-тан астам елінен жүзге жуық көрнекті дін қайраткерлері қатынасып, ұлттар арасында әлемдік адамзат қоғамының бүгінгі қайшылықтары мен оларды болдырмау, діндер арасындағы өзара салиқалы түсіністік, дінаралық үнқатысу мен конфессияаралық келісім, қоғам дамуының өркениетті жолдарының бүгіні мен болашағы жөнінде тұжырымды ойлар айтысып, пікір алысылды. Біз тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың күллі түркі халықтарының рухани астанасы болып келген киелі Түркістан қаласын қайта жандандыру жөніндегі идеяны өзі көтеріп, оны нақты қамқорлығымен жүзеге асырып отырғанын жақсы білеміз. Елбасының Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан Мемлекеттік университетінің шаңырақ көтеріп, оған ұлы ойшыл-ақын, алғашқы түрік-ислам сопысы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде тарихи оқиға болды. Президенттің өзі көтерген идеяның Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне негіз болғанын мақтанышпен айтамыз. Кеңестік дәуірде артта қалған ауданның орталығы ғана болып келген шаң басқан шағын шаһар қазір мәдени орындары көз тартатын жасыл желекті, келбеті көрікті қалаға айналып келеді. Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде кезінде Президенттің өзі үкілі үмітпен ашқан Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Білім ордасы еліміз Тәуелсіздігінің символына, күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналып келеді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың әлемдік Ядролық қарусыздану бағы­тындағы теңдесі жоқ еңбегі ел Тәуел­сіздігінің елең-алаңында, яғни 1991 жылғы 29 тамызда «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойған күнінен бастау алады. Қазіргі таңда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің осыдан жиырма жылдан астам уақыттағы тарихи Жарлығы жер шарында мойындалып отыр. Сол тұста Елбасының адамзат тарихында бұ­рын-соңды болмаған қадамға баруын асқан көрегендік пен даналықтың жарқын символы ретінде бағалаған жөн. 2012 жылғы наурыздың соңғы күнде­рінде Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші жаһандық Саммитте әлемнің 53 мемлекеті басшылары алдында сөйлеген сөздерінде АҚШ Президенті Барак Обама, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, тағы басқа алып мемлекет басшылары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жер бетінде ядролық қарусыздану жөнінде тұңғыш үн көтеріп, ядролық полигонды жапқанын, сөйтіп адамзат болашағына өлшеусіз үлес қосқанын зор ризашылық сезімдерімен айтты. Осылайша, Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыр жер бетіндегі Бейбітшілік генераторына айналып отыр! Мұны көкірек-көзі ояу әр қазақтың, күллі Қазақстан халқының мақтан етуге хақысы бар.

567 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз