• Ұлттану
  • 29 Наурыз, 2013

Парасат биігіндегі тау тұлға

Р.Бердібайдың ғылыми шығармашылық жолы сан қырлы. Қасиетті қала Түркістанның төңірегінде туылып, білім қуған жастық шағы соғыстың ауыр жылдарында, қиын жағдайда өткен, әдебиеттегі алғашқы аяқ алысы өлең жазудан басталған Рахманқұлдың «Қазақ әдебиетінде

» қызмет атқарған жылдары қаламгер үшін үлкен әдебиет мектебіне айналды. Сын бөлімін басқара жүріп, әдебиетттің талай келелі салаларын шешуге ат салысты, жазу өнерінің қыр-сырын меңгере түсті. Ол осы кездерде әдебиет пен мәдениеттің өзекті өңірлеріне бара білген ондаған мақала жазып, елге танылды. Мәселен, ол Қазақстанда қазақ тілі елуінші жылдары қайтадан ығыстырыла бастаған кезде оған қарсы дауыс көтергендердің бірі болды. «Қазақ әдебиеті» (1956, 22 сәуір) газетінде жарияланған «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласы қазақ тілінің тағдыры туралы қазақ оқырмандарының ойын оятып, зиялыларының қызу пікірталастыруына ұласты.

Р.Бердібайдың сынға араласа бастаған алғашқы жылдардағы әдеби бағытын оның «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері

» («Әдебиет және искусство» 1956, №12, «Көкшетау правдасы» 1954, 4 қаңтар) атты проблемалық мақаласы айқын көрсетеді. Мұнда қазақ әдебиетінің өткендегі мұраларын игеру мәселесін көтеріп, оған идеологиялық тұрғыдан біржақты баға беруді сынайды. Бұл кездің «Сталиндік ұлы саясаттың» барынша «салтанат құрып», кереғар пікірлердің айтылуына жол берілмейтін, ал, шығып кеткеннің өзінде де, оған тиісті қатал шаралар қолданылатын қуғын-сүргін заманның соңғы толқындарының уақыты екенін ескере отырып мақалаға көз жіберсек, сыншының сан қилы кезеңнің өзінде-ақ ұлттық әдебиетіміз жайлы еш қаймықпай, батыл айтқан азаматтық үлгісін көреміз. «Бірде бір азамат өз халқының мәдени мұрасына енжар қарай алмайды. Әсіресе, жазылып қалған тарихи деректері көп емес қазақ халқының жағдайында әдеби шығармалардың танытқыштық рөлі аса зор. Көптеген зерттеулер мен мақалаларда көркем әдебиеттің өзіндік ерекшелігі ескерілмейді. Ғылыми дәлелдің орнына жалған саясатшылдық догма үстем болып келді. Шығармалардың рухы ескерілмей, жекелеген фактілер ғана есепке алынды. Көркем шығармадан «идеялылық» дегенді бөліп алып, жеке дара қараушылық пайда болды. Есте жоқ ескі заманда туған шығармаға да қазіргі күннің талабы тұрғысынан қарадық. Көркем шығармада бай, молданың аты аталса, нағыз бисаясаттық болып көрінеді. Міне, осындай көзқарастың нәтижесінде «Қамбар батыр» мен «Қозы Көрпештің« барлығы құбыжық болып көрінеді. Жылдар бойы небір халықтық шығармалар жарық көрмей кетті. Жырда, не шығармада орыс патшаларына қарсы ілуде бір сөз айтылса, ол шығарма халықтар достығына зиян деп табылды. Міне, осындай жалған концепция осы күнге дейін жойылып біткен жоқ. Бұл – әдебиет зерттеуінің тыс табандап қалуына себеп болған жайлар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әдебиет тарихын қайта қарау мәселесі қазіргі мәдени өмірімізде аса зор маңызы болмақ...» Әрине, мұндай пікірлердің айтылуына билеп тұрған компартия жол бермейтін. Мақаланың облыстық «Көкшетау правдасы« газетінде жарық көруінің бір себебі де осы болатын. Көп ұзамай-ақ, Р.Бердібайдың «саяси қате» пікірлеріне соққы берілді. «Социалистік Қазақстан» газетіне «Бір зиянды мақала туралы» шықты. Онда автордың «Қазақ әдебиетінің кейбір мәселелері» және қазақ тілі жайлы «Ең үлкен мәдени байлық« атты мақалаларындағы «жалаң, нигилистік сарындары» сынға алынды. «Ең жаманы сол – Р.Бердібай өзінің ғылыми негізсіз, саяси қате, біздің идеологиямызға жат пікірлерін тағы да көпшіліктің пікірі ретінде ұсынған» («Социолистік Қазақстан», 10.01.1957) – деп, саяси тұрғыдан айыпталды.

Партияның ресми органы бетінде, редакцияның атынан жазылған бұл мақаладан кейін Бердібайдың «қоғамымызға жат

» пікірлерін талқандауға Мәскеудің «Правда» газеті де атсалысты. Бұл мақалалардың отыз жетінің атышулы қаралағыш мақалаларының сарынынан ешбір айырмасы жоқтың қасы болатын. Партияың «көзі», «құлағы», «сөзі» болып табылатын басылымдар бетінде айтылған мұндай пікірлерге саяси мән беріліп, тиісті шаралар қолданылатын. Мұның алдында ғана Мәскеуді қойғанның өзінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті қазақ әдебиеті туралы бірнеше қаулылар қабылдап, әдебиет майданында саяси қырағылықтың күшейіп бара жатқан кезі еді. Қаламгерлердің біразы саяси қуғындауға ұшырап, Е.Исмаилов, Х.Жұмалиев, М.Қаратаев сияқты алды әдебиеттен зорлықпен шеттетілген болатын. Ендігі кезек Бердібайларға да жақындап қалған еді. Бірақ, Сталин қайтыс болған соң, оның бет қаратпайтын сұрапыл саясаты ептеп ішін тартып, саябырлап беті қайта бастағандай еді... Бәрібір Бердібайлар жазадан қашып құтыла алмады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бірнеше пікірлес әріптестерімен бірге мәселесі Орталық Комитетте қаралып, ол кез үшін аса қауіпті саяси сенімсіз, «ұлтшыл» атанды, қызметтен қуылды. Сөйтіп, Рахманқұлдың шығармашылық жолындағы журналистік қызметі осылайша көңілсіз аяқталды. Бірақ та, «Қазақ әдебиеті» газетінде өткен бес жыл Рахаңның қаламын ұштаған, әдеби мәдени әлеуметік өмірге еркін араласқан, әдебиет майданында өзіндік мінезімен топ жара кіріп, қазақ әдебиетінің шешілмей жатқан күпті мәселелерінің басын көтеріп, бетің бар, жүзің бар, партиядан бақылап тұр деп ешкімнен қаймықпай өміршең пікірлер айта алған, журналистикадан басталған жолдың сыншылыққа ұласып, жауынгер сыншы ретінде танылған шыңдалу мектебі болды. Жұмыссыз қалған оны өмірдің толқыны Ғылым Академиясының «Әдебиет және өнер» институтына алып келді, алдымен осында аспирантураға түсіп (1959), оны бітірген жылдан бері кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім бастығы болып әдебиеттану ғылымында жемісті еңбек етті. Арада аз ғана уақыт (1968-70) Қазақ совет энциклопедиясында бас редакцияның жауапты хатшысы болып істеген кездерінде де жаңа жұмыстың бастан асып жатқанына қарамастан, әдеби процеске араласуын үдетпесе, әлсіреткен жоқ. Ғалым 1995 жылдан өмірінің соңына дейін бері Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық университетінде кафедра меңгерушісі, профессор, бас ғылыми қызметкер міндеттерін атқарды.

Р. Бердібай қазақ әдебиетінің сыны мен ғылымы саласында оның ыстығы мен суығын қатар көріп, осы уақыт ішінде мыңнан аса мақала жазып, қырықтан астам кітап шығарыпты. Бұл аз ба, көп пе, маңызы қандай деген сауалдарға жауапты Р.Бердібайдың шығармашылығын саралай отырып берген жөн.

Р.Бердібайдың сыншылық, ғалымдық шығармашылығының басты ерекшелігі дегенде, алдымен, оның диапазоны кең, жан-жақты білімдар ғалым екендігі бірден көзге түседі. Ол – мейлі, бүгінгі әдебиетіміздің жайын немесе ауыз әдебиет тарихының әлі де жете зерттелінбей жатқан өзекті өңірлерін барласын немесе туысқан халықтар әдебиеті жайлы ой бөліссін, әдебиеттің теориялық мәселелерін әңгімелесін, әдебиет атты алтын қазынаның терең қыртыстарын қопарып, сыр тарта алатын, толғанысқа толы пайымды пікірлерін дәлелді де сенімді жеткізе білетін әмбебап қаламгер. Оның әдебиет саласындағы еңбектері іштей жіктегенде, бірнеше бағыттарда көрінеді. Ол ең алдымен, публицист, әдебиет сыншысы, бүгінгі әдебиеттің тамыршысы ретінде танылды. Елуінші, алпысыншы жылдардың әдеби сынында Р.Бердібай қалам тартпаған тақырып жоқ. Ол қазіргі қазақ әдебиетінен бастап, әдебиеттің тарихына, фольклорына, туысқан халықтар, шетел әдебиетіне арнап ондаған мақалалар жазып, сын майданының алдыңғы шебінде жүрді. Жаңа шығып жатқан кітаптардан бастап, жекелеген қаламгерлерге дейін сыншының сын назарына ілінбегендері некен саяқ қана. Оның қазақ әдебиеті мен мәдениетінің зәру мәселелерін көтеріп батыл жазған мақалалары кезінде қоғамдық пікір туғызып, қызу пікірталасуларға ұласып жататын. Өткір жазылған кей мақалалары сол заманның стандартты саясатына сәйкес келмей, жоғарыда саясатты жүргізіп отырғандардың мазасын алып, өзі де сол үшін пайда таппай, саяси сенімсіздердің қатарында жүрді. Есесіне ғасырлар бойғы бодандықтың салдарынан мүлгіп жатқан туған халқының ұйқыдағы сана-сезімін оятып, ұлттық дамуға қарлығаштың көмегіндей болса да өз үлесін қосты.

Р.Бердібайдың зерттеулерінде М.Әуезовтің шығармашылығы едәуір орын алады. Оның жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің мәселелеріне арналған зерттеулерінің барлығында дерлік ұлы жазушының шығармаларына соқпай кетпейді. «Уақыт – әділ сыншы

» дейді халық. Тарихымызда қаншама ақындар, жазушылар өткен. Бірақ, солардың қаншамасының шығармалары уақыт тезінен өте алмай, тарихтың шаңына көміліп, бүгінгі күнге жете алмай қалған. Ал, Мұхтар сияқты біртуар даналардың өлмес өнер туындыларының уақыт өткен сайын асыл тастай құбылып, қызыл гүлдей құлпырып, жарқырай түсетіні неліктен? Р.Бердібайды жазушы прозасының, оның ішінде қазақ әдебиетінің жиырмасыншы ғасырдағы шырқау шыңы саналатын «Абай жолы» роман-эпопеясының өміршеңдік сырлары қызықтырады. Қазақ романына арналған еңбектерінің негізін де осы «Абай жолы» эпопеясы жайлы зерттеулері құрайды.

Ұлы жазушының жүз жылдығы қарсаңында бұрынғы ізденістерінің нәтижесі, қорытындысы іспеттес «Мұхтар шыңы

» атты жаңа кітабы өмірге келді. Еңбекте М.Әуезовтің қаламынан шыққан «Абай жолы» роман-эпопеясы тек «Мұхтар шыңы» ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиетінің де шырқау шыңы тұрғысынан жан-жақты зерттелінеді. Жазушыны осындай биікке көтерген өмір жолы, шығармашылық мектебі, дарын қуаты, өнерпаздық қырлары, шеберлік сырлары сияқты көптеген мәселелерге тереңдей беру арқылы «Абай жолы» романдарының көркемдік құпияларын аша түседі. Сонымен бірге, атақты эпопеяның шығармашылық тарихы, жанрлық ерекшеліктері, көркемдік қасиеттері, әдеби сында бағалануы, ең соңында ұлы жазушының осы шығармасы үшін қудалануы нақтылы талдауларға, деректерге сүйене отырып, қызықты әңгімеленген. Р.Бердібайдың бұл жаңа еңбегі – қазақ әдебиеттану ғылымының биік өресін байқатып, мұхтартану іліміне қосылған сүбелі үлес болды.

Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетін даму үстінде типологиялық тұрғыдан зерттеу оның арғы тамырлары ауыз әдебиетінде жатқандығына көз жеткізді. Осы мәселеге арналған кітаптарының «Аңыздан романға

», «Сарқылмас қазына», «Кәусар бұлақ» аталуы да осы себептен болса керек. Зерттеушінің көзінің жеткені – сөз өнерінің төркіні ауыз әдебиетінде жатыр, халықтың ғасырлар бойы жасаған, уақыт тезінен өтіп, рухани қазынасы жинақталған ауыз әдебиетінен нәр алып суарылған шығарма ғана шын мәніндегі өнер туындысы болмақ. «Қазіргі әдебиетіміз профессионалдық жағынан қаншама биікке көтеріліп, кемелдене түссе де өзінің нәр алатын қуатты бұлақтарының бірі фольклор екенін «ұмытатын» емес. «Фольклор туындыларының кейбіреулері шындығында да көркемдік ойлаудың өткен кезеңдегі деңгейінің белгісі, көрсеткіші болса, қайсы біреулері өзінің ішінде қаншама қуатты идеяларды «сақтап» жататынын көреміз. Көптеген аңыздардың, символдардың, мифтердің, тарихи әңгімелердің талантты ойшыл жазушылар назарына ілініп, қуатты көркемдік күшейткішке айналып отыратыны осыдан» («Сарқылмас қазына», Алматы, 1983, 240, 245-беттер) – деген сияқты жолдардан күні кешеге дейін ауыз әдебиеті сөз өнерінің төменгі сатысы деген жалған саяси теориясымақты жоққа шығарған алғашқы пікірлердің бірін көреміз.

«Қазақ эпосы

» (1982), «Эпос – ел қазынасы» (1995) сияқты күрделі еңбектер қазақ халқының аса бай эпостық мұрасының мәселелерін зерделеуге арналған. Эпостанудың келелі мәселелеріне арналған «Қазақ эпосында» осы тақырыпты зерттеу тарихында, көне эпос, қаһармандық эпос, ғашықтық эпос, тарихи жырлар арнайы тарауларда қарастырылған. Ал, «Эпос – ел қазынасында» қазақ фольклористикасында бұрын-соңды арнайы сөз болмаған, болса да аз зерттелінген эпостық жырлардың біразын алғаш рет ғылыми айналымға қосады. Ертегілік эпос, діни дастандар, көне аңыз әпсаналар, ноғай дәуірінің жырлары, билер сөзі жайлы тыңға түрен салғандай, соны пікірлер айтады. Бұрындары «жабық» болып келген «Қырымның қырық батыры», «Едіге батыр», «Ер Шора», «Ер Сайын», «Қарасай-Қази», Абылай хан, Кеңесары хан туралы жыр-дастандар жайлы мол мағлұматтар берілген. Олардың халықтық сипаты, отаншылдық рухы, көркемдік қасиеттері бүгінгі оқырманды елітпей қоймайды. «Эпос – ел қазынасы» – қазақ ауыз әдебиетін, оның ішінде эпостың түп-төркінін тарихи негіздерін, жанрлық түрлерін, типологиясын тереңдей зерттеп, тың деректермен байытқан, бүгінгі фольклористика ілімінің биігінен жаңаша пікірлер айтқан іргелі еңбектердің бірі. Жалпы, Р.Бердібай фольклорлық, әдеби мұраға қатысты еңбектерінде әдебиет атты мұхитқа еркін жүзіп, тереңіне еркін бара алатын айрықша қабілеттілік танытады. Ол ауыз әдебиетінің тарихилық, халықтық, көркемдік қатпарларына жаңаша көзбен қарап, оларды игеру, бүгінгі егеменді елдің рухани игіліне айналдыру мақсатында қыруар игілікті істер атқарды.

Р.Бердібайдың соңғы жылдарда туысқан халықтар әдебиеті жайлы да қалам тербеп, бірнеше кітаптар жазды. Оны әсіресе, қазақ және көршілес халықтар әдебиеттерінің байланыстары, ортақ түп-тамырлары қызықтырған. «Гүлстанның бұлбұлдары

» (1970), «Достық кемесінде» (1976), «Байкалдан Балқанға дейін» (1997), «Түбі бір түрікпіз» (2002) сияқты кітаптарында, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген көптеген мақалаларында түбі бір туысқан халықтардың әдебиеттері жайлы құнарлы ойлар баршылық.

«Байқалдан Балқанға дейін

» (1996) атты кітабында ұлтжанды азамат жаңаша, түркішіл қырынан көрінген. Еңбектің негізгі тақырыбы – түркі әлемі, түркі бірлігі, түркі халықтарының тағдыр-талайы, түркі халықтарының ортақ әдеби мұралары, түркі халықтарын біріктірудің басты мұраттары. «Байқалдан Балқанға дейін» Р.Бердібайдың түркілер, оның өткені мен бүгіні, жарқын болашағы жайлы толғаныстары іспеттес. Кеңес үкіметі кездерінде талай ұлтжанды азаматтардың түрікшілдікпен айыпталып, қуғындалғаны, пантюркизм идеологтарының бірі Гаспринскийдің халықтар арасындағы достықты нығайтқаны үшін Нобельдік сыйлыққа ұсынылғанына қарамастан, «халық жауы« атанып, жазаланғаны сияқты келеңсіз құбылыстар да ойға оралады. Бірақ, қазір заман – басқа. Бұрындары отаршылдар халықтардың ұлттық санасын өшіріп, бөлшектеп, бодандықта ұстауды мақсат тұтып келсе, қазір халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту, бейбіт еркін өмірді насихаттаудан мәртебелі мақсат жоқ. Бұл – бүкіл әлем халықтары ұмтылып, күресіп келе жатқан болашақтың дара даму жолы. Р.Бердібай жаңа кітабында осы биіктерден көріне білді.

Кітап («Түбі бір туысқан

»,«Тарих беттерін парақтасақ» атты) екі бөлімнен тұрады. Алғашқысында саха, алтайлық, ұйғыр, хакас, туба, өзбек, түркімен, қарақалпақ, татар, қырым татарлары, башқұрт, ноғай, құмық, қарашай, әзербайжан, қарайым халықтары туралы тарихи-этнографиялық, әдеби мақалалар топтастырылған. Бұларда сол халықтардың қиын тағдыр-талайымен, мәдениетімен, әдебиетімен таныстырушылық мақсаты қойылған. Кітапты оқи отырып, Азиядағы ұлы ұлыстардың бірі түркі халықтарының тоз-тозын шығарған отаршыл зымиян саясаттың зұлымдығына, қаскүнемдігіне ашынасыз. Бейбіт отырған тұтас халықтарды санаулы сағаттарда басқа жақтарға қуып, жерін тартып алып, жер-ел атауларын өзгертіп, тарихын өшіріп, өктем билеп-төстеген озбыр саясаттың сұрқиялығына күйінесіз. Оларда өзінің кім екенін, тегін, тарихын білмейтін, ұлттық қасиеттерден жұрдай мәңгүрт ұлттарды «қалыптастыру« басты мақсат болғандай. Бұрын да белгілі болғанымен сыртқа шықпай, ашық айтуға мүмкіндіктері болмай келген осындай ащы шындықтарды тебірене отырып оқисыз. Автор белгілі бір отаршылдық саясаттың салдарынан пайда болған «мәңгүрттік», «көзқамандық» сияқты құбылыстарға ғылыми анықтама береді. Іштен шыққан жау сияқты бұлардың ұлттық дамудың болашағына аса қауіпті екендігіне назар аударады.

Автордың негізгі ойлары «Үш бірлікте

» айқын көрінген. Қазақ халқының егеменді елдігі бекіп, ұлттық даңғыл жолда дамуы үшін үш түрлі шарт қажет. Олар: қазақ халқының ішкі бүтіндігі, түркі халықтарының бірлігі, дінге арқа сүйеу. Сөйтіп, ел ішінде осыларды елемеушілік, маңызын түсінбеушілік сияқты келеңсіз құбылыстардың қылаң беріп қалатындығынан сақтандырады.

Р.Бердібайдың түркі халықтары жайлы еңбектері олардың әдебиеттеріндегі ортақ сарындарды білу, зерттеу, насихаттау, түрлі озбыр күштердің зорлығы нәтижесінде бір-бірімен байланыстары үзіліп қалған түбі бір туыс елдердің мәдени, рухани дәстүрінің қайта жандануына септеседі; түркі халықтары әдебиетінің – ортақ тарихын жасауға негіз қалайды.

 

Р.Бердібайдың қоғам өз шешімін күтіп тұрған аса маңызды мәселелері жайындағы көсемсөздері 2000 жылы «Ел боламыз десек...

» деген атпен жарық көрді. Ғалымның өзі кітаптың мазмұнын «Ұлт туралы толғау» деп айқындаған. Ұлтымыздың тілі, мәдениеті, болашағы жайлы терең толғаныстардан тұратын бұл жинақ бесінші томның негізін құрайды. Автор кейбір ойларын ұштай түскен, жаңа материалдармен толықтырған. Мысалы, «Жер иесі қазақтың жазығы не?», «Бейбітшілік – ең үлкен құндылық», «Ғылым тонын жамылған арандатқыш ойлар», «Үш тілек – аманат», «Түрік бірлігінің жаршысы», «Той мен ой», «Парыз жүгін көтерген», «Асқанға тосқан» деген сияқты мақалалармен осы том толыға түсіпті.

Р.Бердібайдың 2005 жылы жарық көрген «Дәстүр қуаты

» атты жинағының да публицистикалық сипаты басым. Бұл кітапқа ғалымның тіл, діл, ұлт, ел, ғылым-білім, мәдениет жайлы әр кездерде баспасөз бетінде білдірген ой-пікірлерінің біразы топтастырылып беріліпті. Рахманқұлды әсіресе қазақ тілінің жай-күйі көбірек ойлантады. «Дүниежүзіндегі ең бай, сұлу, жетілген тілдердің бірі, әлемнің озық елінің тілі өз жерінде өгей боларлық қандай қисыны бар еді? Әсіресе, өз ұлтымыздың өкілдері туған ана тілінен безетіндей дерт қалай пайда болды, қашаннан бері асқынды деген сауалдар еріксіз ойға оралды» (4-бет) – деп, ашынған автор осы сауалдарға жауап іздеп, рухани кеселдің түп-тамырларын ашып береді.

Рахманқұл кітаптың «Ұлттық мұрат биігінен

» атты бөлімінде рухани өміріміздің өзекті мәселелері төңірегінде толғанса, «Мұраның мәні» атты екіншісінде қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетінде еңбек сіңірген өнер қайраткерлері хақында ой қозғайды. Қазақ мәдениетінің үлкенді-кішілі қайраткерлері ұлтына қаншалықты кызмет етті тұрғысынан бағаланады.

Ол отыз жылдан астам уақыт бойы Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің ректоры ретінде қыруар жұмыстар атқарды. Университеттің жұмысы талай рет республикалық, одақтық байқауларда үздік атанып, түрлы сыйлықтармен марапатталды. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жетістіктерін насихаттап, беймәлім беттерін ашуда, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда халық университеті ұлт алдында үлкен қызмет жасады. Мәселен, қазақтың термелері, шертпе күйлері, әл-Фараби сияқты ғұламалары, тарихтың, әдебиеттің ақтаңдақ беттері, қазақ тілінің тағдыры, ұлттық идеология, ұлттық тәрбие сияқты талай-талай мәселелер алғаш рет осында көтеріліп, көпшілік көкейінен шығып, өмірімізге енуге жолдама алған болатын.

 

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

 

филология ғылымдарының

 

докторы, профессор

 

621 рет

көрсетілді

70

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз