• Еркін ой мінбері
  • 29 Наурыз, 2013

МӘТІНГЕ МӘН БЕРМЕУ

Жарылқасын БОРАНБАЙ,

Қазақстан Республикасы

Білім беру ісінің

Құрметті қызметкері

 

Ұлы Абайда: «Кітапты молда теріс оқыр, Дағарадай боп сәлдесі» дейтін өлең бар. Бәлкім, басқаларға кешірімді болар, ал, енді, жұрт аузына қараған тарихшы ағайындар, көптеген қаламгерлер мәтінге терең мән бермейтін ауруға ұшырады деуге болады. «Мәтінге мән бермеген» бірнеше мысалдар келтіргім келіп отыр.

Бірінші әңгіме: Тараз қаласы өзінің 2000 жылдық торқалы тойы өткен соң, бар материалды қорытып, «Тараз» деген атпен шығарған Жамбыл облысы энциклопедиясы туралы болмақ

(«Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы. Алматы, 2003). Редакциялық кеңеске кіргендер С.Үмбетов (редакциялық кеңес төрағасы), Б.Ақпаев, Б.Аяған, Б.Әбілдаұлы, Е.Әлімжанов, Ә.Әмзеұлы, Қ.Байбосынов, К.Байпақов, М.Берік, Б.Жұматаев, К.Демеш (төрағаның орынбасары) А.Кәрентаев, Б.Көмеков, М.Қойгелдиев, М.Мырзахметұлы, К.Рыспаев. Әрине, осыншама оқымыстылар, ел ағалары қолға алған қомақты кітапта құнды материалдар молынан баршылық. Әйтсе де, Тараз қаласының мәртебесін асырамыз деп жүргенде мемлекеттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының тарихына келгенде таптырауын жолға түсіп ке-те барыпты. Біздер, қазақтар, Түркі Әлеміндегі халықтар арасында жер көлемі жағынан да, мәртебесі жағынан да ең алдыңғы орынға кіреміз. Әйтсе де, біздер өз тарихымызды Түрік мемлекетінің тарихымен салыстырғанда бүгежектей беретініміз бар. Мысалы, олар 1453 жылы діні, ділі бөлек Византия мемлекетін біржолата талқандап, Константинопольды басып алып, оны Стамбулға айналдырғанын өздеріне зор мәртебе санайды. Ал, біз, қазақтар да ешкімнен кем емеспіз,1456 жылы, олардан небәрі 3 жыл кейін Қазақ мемлекеттігінің туын көтердік. Аллатағаланың рахметі жауған болар, Керей мен Жәнібек сұлтандар ел болудың Ұлы көшін бастады. Енді, осы тарихты мүмкіндігінше кейінге қарай ысырып, тартыншақтай берудің сыры неде? Неге біз, бөрілі байрақ көтерген Көк Түріктің ұрпағы, жаңа түскен келіндей бол-сын-болмасын именшіктей береміз? Енді, «Тараз» энциклопедиясындағы жаңсақ кеткен жерлеріне қайта оралып көрейік.

«Қазақ мемлекетінің бас хандары»: (ХVІІІ ғғ) «Қазақ мемлекеті 1456 жылы Жәнібек сұлтан, Керей сұлтан іргесін қалады ШУ, Қозыбасы» делінеді. Сөздің атасы осы! Бұл – әлі біз анықтап бітпей жатқан нағыз тарихи тұжырым. Бірақ... одан әрман Керей (1458-1473), Жәнібек хан (әз Жәнібек) (1473-1480) деп тарқатады. Қазақ хандығын құрып, өздері одан кейін туылған тұлғалардың тірлігі қалай болып кетті өзі? Сонда, құрастырып отырғандардың өздері тайға таңба басқандай етіп көрсеткен «Қазақ мемлекетінің іргесін 1456 жылы Жәнібек сұлтан мен Керей сұлтан қалады» дейтін анықтама қайда қалады?! Бұл жердегі мәселе – 1458 жылдан деген көрсетілімде, бәрі осыдан басталатын сияқты... Осы жерде не себепті әуелгі мәтін мәнсізденіп жүре берді? Осыдан келіп, бірқатар тарихшылар бұрыннан бар, ғылыми айналысқа түсіп үлгерген «мәтінді» оп-оңай бұрмалап-бұзып, жаза салатынын аңғаруға әбден болады. Оны дәлелдеуді, жаңа деректермен салыстырып, толықтырып, ізденуді қажет деп таппайды. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» дейтіндей тірлік жасайды.

Бір сәт ойланып көріңізші, оқиғаны көзбен көріп жазғандікі дұрыс бола ма, жоқ әркімнен бір естіп қағазға түсірген дұрыс бола ма?! Айтқалы отырғанымыз – қазақ хандығы құрылып жатқан уақытта, дәл сол кезде жазылған аса құнды кітап «Тарих-и Абу-л-Хайр-хани» туралы. Бұл тарих – 1456 жылы Керей мен Жәнібек әзер дегенде қашып шығатын, Дешті-Қыпшақ мемлекетін 40 жыл уысында ұстаған қаһарлы ханның тарихы. Сонда, «Әбілхайыр ханның әскерлері мен Үз-Темір тайшы басқарған ойраттардың шайқасы Көк-Қашан (Сығанақ төңірегінде) тұсында 1456-1457 жылы болды» дейтін мәлімет бар. (қараңыз: Тарих-и Абу-л-Хайр-хани, л. 336 б-339 а; МИКХ, с.168-170; Бартольд В.В. Абулхайр, с.430; Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков, с.65-67). Біз енді Әбілхайыр хан мен Үз-Темір бастаған ойраттардың шайқа-сы 1457 жылы өтті деушілерден, мына беріліп отырған мәліметті (мәтінді) жоққа шығаруын өтінер едік, олай болмаған күнде сөз жоқ, олар «тарихтың ту-талапайын шығарғандар» болып есептелінеді. Мұнан бөлек, белгілі ғалым Вельяминов-Зерновтың Қазақ хандығына қатысты айтқандары (мәтіні) бар. «Прошлое Казахстана : в источниках и материалах» Сборник 1. (У в до н.э.-ХVІІІ в н.э» (Под редакцией проф С.Д. Асфендиярова и проф. П.А. Кунте Казакское краевое издательство Алма-Ата.-1935.- Москва) және бұл кітап Алматыдан «Қазақстан» баспасынан 1997 жылы қайта басылған. Мұнда «1. По мусульманским источникам» дейтін тарау (мәтін) бар. Ол былай басталады: К этим трем векам в сборнике относятся девять источников, охватывающих события с 1456 г по 1627 г.

«Тарих-и Рашиди» известного на мусульманском Востоке Мухам-мед-Хайдера. О нем сообщает в основном следующее: «Тарих-и Рашиди» изложенная автором на персидском языке, не составляет редкости на Востоке, она распространена в Кашгаре и в Индии, на Кашгарское наречие она переведена Мухаммедом-Садыком Кашгарским, жившим там ХVІІІ веке. Царской России она была мало известна, всего 2 экземпляра хранились в Петербурге – один на персидском языке в университете, другой на кашгарском языке – в Азиатским музее Академии наук. Некоторое главы с персидского подлинника были переведены на русский язык ориенталистом Вельяминовым-Зерновым и помещены в его труде «Исследование о Касимовских царях и царевичах»

( часть11-я, СПБ 1864 г).

Ондағы мәтін мынадай: «...В это время (около 860-1456 г) Абул-Хайрхан владычествовал в Дашти-Кипчаке; султанам джучидским приходилось от него очень плохо и двое из них, Джанибек-хан и Гирей-хан бежали Моголистан Иса-Буга-хан принял беглецов хорошо и отвел им край Джу и Козыбаши, который составляет западную окрайну Моголистана» (кітаптың 116-беті). Осы деректі академик Әлкей Марғұлан да «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты кітапта (Қазақ мемлекеттік бас-пасы.-Алматы.-1964 жыл) құптайды. Ол, тіпті, осы датаны «Тарих-и-Рашидиде» де бар деп есептейді. Міне, оқып көрелік: «Мұхаммед-Хайдар ең алдымен қазақ халқының Алтынорда мен Шағатай ұлысынан ең алғаш (1456 жылы) бөлініп, өз алдына саяси организм бола бастағанын анықтайды» (257-бет). Ғұлама ғалым сонау 1964 жылдың өзінде-ақ «Тарих-и Рашидиден» үзінді келтіреді: «Қазақ сұлтандарының ең алғаш мемлекет құруы тарихтан сегіз жүз жетпісте(1456 жылы) еді» (258-бет). Бұл тарихи мәтінге өте-мөте мән беріп отырғанымыз – бұл жыл бір мемлекет үшін бақыттың бастауы, ал, сол шайқасты бастағандар үшін, сол арқылы соңыра әйтеуір жер бетінен біржолата жойылуына алып баратын қасіретті күн екені айдан анық. Міне, тарихтың тағылымына тағы көз салыңыз: түбі – ойрат Үз-Темір тайшы Әбілқайырды шауып, сол арқылы Қазақ хандығының орнауына жол ашты, сол хандық 1756 жылдар 300 жылдан кейін Жоңғар мемлекетін жер бетінен тып-типыл етті. Осы шындықты болашаққа бұрмаламай жеткізу тек тарихшылардың ғана емес, «мен қазақпын» деген әр азаматтың қасиетті борышы болуы керек дегіміз келеді.

Енді екінші мәселеге көңіл аударайық.

Қазақ тарихшыларының тағы бір ден қоймай келе жатқан нәрсесі – бізге ең алғаш астана (орталық, тірек) болған қандай қала, қай жерде болғаны туралы дерек-мәлімет. Бұл жерде көбісі тарихи оқиғалардың желісіне үңілмейді. Жағрапиялық жағдайды мүлдем ес-кермейді. Олардың дені Керей мен Жәнібек бастаған Ұлы көштің Бас қаласы жоқтың қасы деп ойлайды. Жаңа мемлекеттің Шу бойына, Қозыбасыға бағыт ұстағанын ескере отырып-ескермейді. Логикалық тұжырым бойынша да, сөз жоқ, олардың астанасы сол маңға жақын болады ғой. Олардың көбісінің көзіне, өкінішке орай, «Қаратаудың солтүстік бөктерінде, қазіргі Созақ поселкесінің жанында сол аттас қамал-қала болған. Ол – қазақ жерін біріктірудің бастапқы кезеңінде қазақ хандарының тірегі болған» деген мәтінді ескере бермейді. «Сауранның тұрғындары Шайбанидің інісін оның төңірегіндегілердің бәрімен бірге қазақтарға ұстап берді. Тұтқын Созаққа жөнелтілді, бірақ жолда қашып кетті» (Фатх-наме, с.115 б; Таварих-и гузида-йи нусрат-наме, л.109 б; МИКХ, с.30-33; 82-83) деген деректі де ескермейді. Мұнан бөлек М.Мағауиннің «Аласапыран» романы «Созақтағы кеңес» тарауының неліктен солай басталатынына да тереңдемейді. Енді, «Қазақ ССР тарихының» 5 томдығының 2-томын ақтарайық: «Сығанақ 1598 жылы қала қазақтардың хандарының иелігіне түпкілікті кірген» (318-бет). «Түркістан төңірегіндегі өңірмен берге 1598 жылы қазақ әміршілерінің қолына түпкілікті көшті. Есім-хан Түркістан қаласын өзінің астанасы етіп, онда бүкіл Сырдария өңіріндегі негізгі мәдени және саяси өмір шоғырландырылды» (321-бет). Осыдан келіп, 1456 жылдан бастап 1598 жылға дейін мемлекеттің мекен-жайы (тірегі, астанасы) қайда болды деген сұрақ өз-өзінен тумай ма? Түркістанға орныққанға дейінгі 142 жылда «Ол қазақ жерін біріктірудің бастапқы кезеңінде қазақ хандарының тірегі болған» деген мәтіндегі (ол) «Созақ» деген атаудың тарихи сырына терең үңілмей келе жатқандар өте көп.

Үшінші мәселе, біздің тарихшылардың шеше алмай жүрген тағы бір түйткілі – Тұмар ханымға байланысты жәйт

.Оның түп нұсқа-мәтінін «та-рих атасы» Геродот жазып қалдырған. Былайғы жұрт керегінше құбылтып, өз пайдасына жаратып жүрген мәтіннің мәніне үңілейік:

«Тоғыз тараудан (кітаптан) тұратын орыс тілінде 1972 жылы басылып шыққан . Геродоттың сол «Тарих»1 және 4-бөлімдері сақ тайпалары туралы деректерге бай. Ол дерек-мәліметтер көбіне-көп Кир, Дарий деген патшалардың сақ елдеріне жүргізген шапқыншылық соғысына байланысты келтіріледі. Біздің эрамыздан бұрынғы 6 ғасырда өткен осы оқиғаны Геродот баян-дауынан қазақшалап, мына үзінділерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«...Кир массагеттері бағындырып алмақшы болды. Бұлар, массагет дегендеріміз, әрі көп, әрі ер жүрек ел деседі. Олар күншығыста, Аракс дариясының арғы жағында, исседондар елімен шектес жерде жасайды. Кейбіреулер бұларды да скифтерге қосады.

Массагеттерді жесір қалған әйел патша билеп тұрған-ды. Оны Тұмар (Томарис) деп атайтын. Кир оған өзінің үйленгісі келетінін айтып, жаушы жібереді. Алайда, Томарис Кирдің ниеті үйлену емес, массагеттердің жерін иелену екенін жақсы түсінеді. Сөйтіп, жаушыларды құр қайтарады. Қулығынан түк өнбеген Кир массагеттерге ашық шабуылға шығады. Әскерлерін дариядан өткізбек болып, Аракстың үстінен қалқыма көпірлер (сал) құруға кірісті.

Жау әскерлері осы іспен шұғылданып жатқанда Томарис Кирге шапқыншы жіберіп, былай дейді:

-Мидиялықтардың патшасы! Ниетіңнен қайт! Салып жатқан жаман көпіріңнің игілігін көрер-көрмесіңді өзің де анық білмейсің. Өнбес істі қума, өз патшалығыңа өз әміріңді жүргізе бер, бізді күндеме. Бірақ, сен айтқан тілді алармысың, бейбітшіліктен басқаның бәріне барсың ғой. Ал, енді массагеттер жұртын қалай да шабуылдамақ болсаң, өзен үстінен көпір салғызып әуреленбе, жерімізге алаңсыз кіре бер. Біз болсақ сендерге жол босатып, дария жағасынан үш күншілік жерге шегініп кетеміз. Кезегі келгенде сендер де өстерсіңдер...

Бұл хабарды алысымен Кир парсының игі жақсыларынан пікір сұрады. Кеңесшілердің бәрі Томарис қолын өз жерлерінде күтуге ұйғарысты. Осылайша пікірді тыңдап алған Кир әуелгі ұсынысты тәрк етті де, Крез пікірін қабыл алды. Сөйтіп, Томариске «уәделі жеріне шегінсін, патшалығына кіремін» деп шапқыншы жіберді. Уәдесіне берік Томарис айтқан жерінен табылды. Кир болса әскерлерін өзеннен өткізе бастады.

Массагет жеріне кіргеннен кейін түнде Кир бір түс көрді. Патшаға Гистасп балаларының үлкені елес берді. Екі иығында екі қанаты бар секілді, бір қанаты Азияны, екінші қанаты Европаны бүркеп тұрғандай. Ахаменидтер ұрпағынан тарайтын Арсамның баласы Гистасптың ең тұңғышы ол кезде жасы жетпегендіктен жорыққа қатыстырылмаған жиырмалар шамасындағы Дарий болатын. Ояна келе Кир көрген түсінің мәніне ой жүгіртті. Патша мұны тегін емес деп жорыды. Артынша Гистаспты шақыртып алды да екеуі оңаша қалған соң, көзбе-көз отырып мынаны айтты: «Гистасп! Сенің ұлыңның маған және менің мемлекетіме қастандық ойлағаны ашылды. Бұл жағдай айдан анық... саған оны қайдан білгенімді де айтып бере аламын. Тәңірі-пірлердің үнемі менің қамымды жеп жүретіні және алдымды ашып отыратыны өзіңе де мәлім. Міне, солай, өткен түні тұңғыш ұлыңды түсімде көрдім. Екі иығында екі қанаты бар екен деймін. Қанатының біреуі Азияны, екіншісі Европаны бүркеп тұр. Қалай дегенде де сенің тұңғышыңның менің өміріме қауіп төндіріп тұрғаны даусыз. Сол себепті, дереу Персияға қайттағы, мен мына жауды жеңіп, елге оралғанымша балаңды жауапқа дайындай бер». Кир бұлай еткенде Дарий өзіме қастандық ойластырып жүр деп топшылады. Бірақ, шынында, тәңір-пірлер осы түс арқылы патшаның ажалы осында, ал, оның патшалығы Дарийдің қарамағына өтетінін аңғартпақ еді.

Гистасп болса патшаға былай деп тіл қатты: «Әміршім! Сенің жаныңа жаулық ойлайтын парсылықтың тумағаны да игі еді! Егер, ондай жау туа қалған күнде ертерек өліп кеткені абзал-ды! Парсылардың басын азат қып, басқаларға салық төлейтін жұрттан басқалардан алым алатын елге айналдырған бір сенің басыңа сая, дертіңе дауа бола алмасақ, біз несіне адамбыз? Түсіңде көргеніңдей баламнан басыңа қауіп ойласаң, – бердім соны қолыңа, құрбан қып шал жолыңа! Гистасп патшасына осылай деді де дариядан ары өтіп, баласын тұтқындап, Кирдің келуін күтіп отырмақ болып Персияға бет алды.

Бұл екі арада Кир дарияның арғы жағында бір күншілік жол жүріп, Крездің дегенін істетті. Орнында аз-кем қосын қалдырып, негізгі жасағын дария жаққа әкетті. Шабуылға шыққан массагет сарбаздарының үштен бір бөлігі парсы қосынында қалғандардың қатты қарсыласқандарына қарамастан, оларды жусатып салды. Жеңіс желіктірген массагеттер жұртта қалған ішім-жемге кірісті. Тоя тамақ жеп, жаңа шарап ішіп алған олар ақыр ұйқыға бас қойды. Осы сәтті бағып тұрған парсылар бұларға тұтқиылдан шабуыл жасап, көбісін қырып-жойып жіберді, одан да көбін тұтқындады. Тұтқындар қатарында Томаристің ұлы, массагеттердің қолбасшы Спаргапис те бар еді. Томарис патша сарбаздары мен сүйікті ұлының қасіретті хабарын алған соң, Кирге шапқыншы жұмсатып, былай дегізді: «Қанқор Кир! Жеңісіңе желікпе. Сен менің ұлымды қайтарып бер де, есен-сауыңда жөніңді тап. Егер, бүйтпесең, массагеттердің Тәңірі Күн атымен ант етіп айтайын, қанша бір қанға тойымсыз болсаң да, сені адам қанына сусының қанғанша бір тойдырармын!

Бұл кездері Спаргапис есін жиып, жағдайды түсініп, қол-аяғын шешуді өтінді. Ол сонан-соң беліндегі қанжарды суырып алып өз-өзін жарып жіберді.

Томарис болса, Кирдің өзі айтқан ақылға тоқтамасын білді де, бар әскерін жинап ап, парсыларға шеру тартып шықты. Бұл бұрын-соңды көз-көріп, құлақ естімеген жойқын соғыс болған көрінеді. Осы ұрыс-соғыстың барысы жайлы менің білгенім мынау болды: әуелі қарсыластар алыстан бір-біріне жай оқтарын жаудырысыпты. Саржа-лары таусылған соң найза, қанжар алысып, қолма-қол шайқасыпты. Екі жағы да аянбай алысып, ұзақ ұрысыпты. Екі жақтың да шегінгісі келмепті. Парсылар түгел дерлік қырылып, бас-аяғы 29 жыл патшалық құрған Кирдің өзі де өліп тыныпты. Томариске келсек, ол шарап құйылатын месті адам қанына толтырып, қырғын тапқан парсылардың арасынан Кирдің денесін іздестіріпті. Кирдің өлігі табылған соң, оның бас сүйегін әлгі қан толы меске тоғытып:

-Әйтеуір тірі жүрмін демесем, сені жеңіп шықтым демесем, жан деген-дегі жалғыз ұлымды қулықпен қолға түсіріп, сен менің түбіме жеттің, жауыз. Берген сертімді берік ұстап, сені сусының қанғанша қанға бөктіргеннен басқа амалым қалған жоқ! – депті дейді.

Парсы патшасы Кирдің қазасы жайындағы ұшан-теңіз кеңестің ішін-дегі ең деректісі, менің білуімше, осы оқиға секілді»

(Аударған Әсілхан Оспанұлы, филология ғылымдарының кандидаты. 3.1. 1975 жыл).

Сондай-ақ, «Дулыға «атты екі томнан тұратын тарихи-танымдық кітап жазған Тұрсын Жұртбай осы мәтінге сүйене отырып,былай деп жазады: «Енді, Кирдің әскері қай арадан өткен және Тұмар ханымның жасағы қай жерге шегінген? Біздің пайымдауымызша, Тұмар ханымның жасағы қазіргі Түркістанның тұсынан Арқа мен Қаратауға қарай ысырылған. Ар жағы кең дала. Қалай лықсимын десе өз еркі, қалай жалтарамын десе де мүмкіндік бар». «Соғыс жаз айында басталған. Демек шөлейт жермен әскерді жорыққа алып шықпайды. Бұлақ көзі көп тауды сағалып отырған».

«Тұмар ханым қасиетті Қаратаудың бауырына қарай шегінді

». Бұл жер-де Тұрсынның жағрапиялық жағдайға аса мән бермегені бірден байқалады.

Мен туып-өскен Қаратауда, негізінен әскер өте алатын үш-ақ асу бар. Бірі – Түлкібасы, Жуалы аудандарына қарасты аймақ. Барлық негізгі шайқастар Шыңғысханның қосыны, араб әскері, қара қытайлар, тіпті, «Қаратаудың басынан көш келеді» оқиғасы осында болған. Әмір Темірдің Қытайға қырын қарап қалғанда да ұлы армиясын жіпсіз байлаған асу осы. Әбілқайырдың 1468 жылы Моголстанға, Қазақ хандығына аттанғанда опат болған. Екіншісі – Шаяннан Теріскейге асатын «Көсегенің көк жоны». Үшіншісі – Шиелінің тұсында, қарт Қаратаудың бірте-бірте басылатын тұсы.

Әңгіме арқауы – Тұмар ханымның «жасағы» «Қаратаудың бауырына ше-гіне» алмайды. Ол Сырдариядан тауға дейін бар болғаны 50-60 шақырымдай ғана. Одан әрман «Мыңжылқының» мұзарты, «Келіншектаудың» құзарты басталады. Ол жерлерде «Біресек», «Суындық» сияқты жалғыз-жарым өтетін өткелектер ғана бар. Осы жолмен жүреміз деп 1470 жылдары Шайбанидың әскері қырғын тапқан. Кирдің қалың қолы бұл жермен өте алмайды. Демек, бұл жердегі Тұрсынның «Түркістанның тұсынан» дегені күмән тудырады. Екіншіден, біздің тарихшыларымыз оқиғаны көбіне жеке бөліп алып талдауға әуес. Мысалы, Тұрсын Жұртбай Кирдің ізімен Дарийдің де келгенін ұмыт қалдырады. Онда оны Шырақ дейтін жылқышы жеті күн Бетпақ далаға алып шығып қаңғыртып өлтіріп қоя жаздайды. Ол туралы «Дулығаның» 179-бетінде жазылған.

Тағы бір құнды дерек, дәл осы жолмен Александр Македонский де келген.. Қараңыз: «...он перещел реку Орексарт (Яксарт деп біліңіз), которую принял за Танаид, и, обратив скифов в бегство, гнался за ним верхом на коне целых сто стадиев» (Плутарх. «Избранное жизнеописания». Москва. Издательство «Правда» 1987 г. 11-том.стр.406). Мұнда Қаратау туралы әңгіме жоқ. Шексіз, шетсіз даланы ғана көреміз. Бұл әңгімені кейіннен Қожаберген жырау да қайталайды:

Қазақтар қаша жүріп ұрыс салды,

Бетпақта адастырды қалмақтарды...

(«Үш пайғамбар», «Дәуір» баспасы. -1992 жыл.181-бет). Кирді, Дарийді сансыратқан, осы Бетпақдаланың арқасында Кенесары он жылдай патша әскеріне бой бере қоймады. Шу бойын паналаған Қазақ хандығы оны арқа тұтты. Әмір Темір Тоқтамысты Ұлытаумен орағытып, Бетпақдаладан айырып, Кав-каз тауларымен қайырып барып әзер талқандады. «Оңтүстік Қазақстан» эн-циклопедиясындағы мәтінде «Сонымен өте ерте заманда тарихтың атасы Геродоттың өзі аса үлкен қиян-кескі соғыс деп бағалаған осы шайқас Қазығұрттың етегіндегі Келес даласында өткен» (494-бет) деп жазады да, ары қарай өрбіте береді...

Төртінші

мәселекейбір қаламгерлердің өздері мәтінін жазып, соған дұрыстап мән бермейтіндігі туралы болмақшы. «Туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жері белгісіз» (Әйтеке би туралы) Бұл анықтаманың авторы – халық жазушысы Әбіш Кекілбай. Хош делік. Онда өткен жылдары «жатқан жері белгісіз» болса, сонау Өзбекстан жеріндегі Әйтеке бидің күмбезіне өзі не үшін барады, неге жа-лындатып тұрып сөйледі? «Жобалап» топшыласа да жылдарын бағамдауға болмады ма? «Туған-өлген жылы белгісіз» болса, неге басына мәрмәр тасқа жарқыратып тұрып (1644-1700 деп) жазып қойылды. Бұл дата «Елтұтқа» да да, барлық энциклопедияларда да бедерленген. Шардара қаласындағы Әйтеке бидің ескерткішіне де бұл дата ойылған. Біз, әрине, бұған қарсы емеспіз, әйтсе де аз-кем ойланып көрелікші. Төбе би Төле 1663-1756 жылдар аралығында өмір сүрсе, Қаз дауысты Қазыбектікі – 1665-1765 жылдар болып келеді. Бұл рас болса, 1700 жылы Әйтеке би бақилық болған уақыт кесіндісінде олар отыздың ішіндегі қырыққа жете қоймаған жігіт ағасы болып шығады емес пе? Әбіш Кекілбай тағы да былай дейді: «1697 жылға қонтайшы болған Сыбан Рабдан таққа отыра сала, Тәукемен ұрысуға бел буды. Бұл қазақ қауымын тітіркентті. «Қайткенде аман қаламыз?» деген ой сауал кім-кімді де қинады. Әйтекенің де әлгіндей тебіреніске түсуі де сол кездің ахуалына сәйкес келеді. Оны осынша тебіренткен мәселелер 1710 жылы қазақ жүздерін Қарақұмда бас қосуға мәжбүр етті. Онда «Қазақ енді қайтуы керек, мұндай жағдайда қазақ әскерін кім басқаруы керек?» – деген мәселе талқыланды. Қожабергеннің айтуында Әйтеке өзі айтып жүрген «Бір көсемге бағынатын күнді», «көсем сайлайтын күнді» көре алмай кеткенге, ал ол өлгесін оның өсиеті орындалмай қалғанға ұқсайды. Соған қарағанда ол Қарақұм құрылтайынан бір жыл бұрын дүние салғанға сәйкеседі...» (125-бет). Бұл айтылған рас болса ол – 1709 жылға тура келеді. Онда Әйтеке биді осыдан 9 жыл бұрын 1700 жылы дүниеден оздыру кімге керек?!

Енді, Әбіш Кекілбай кітабына ендірген келесі мәтіннің мәнісін талдайық: «Қаруын орыс пен қытай сатпаған соң, қатынас арадағы тоқтаған соң, сенделді хандар, билер ақыл таппай, кенеттен қалмақ елді таптаған соң. Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті, келгенде елу алты жасқа ажал жетті. «Бағыну бір көсемге дұрыс қой» деп, боларын бір апаттың болжап кетті; төреден Әйтеке би безін деді, келді ғой көсем сайлар кезің деді, қазақты батыр, көсем басқармаса, быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді, хан сұлтан, төре күні өткен деді, олардан айла-ақыл кеткен деді, қазағым өзіңді-өзің тұтас ел ғып, басқарар енді уақыт жеткен деді.... бұл сөзді би мен бектер ұға алмады, бас қосып дұрыс кеңес құра алмады, үш жүздің шонжарлары төре жақ боп, ортадан батыр көсем шыға алмады..»

Абайда: Әкесі ұрысса, балаға ол да достық, Баласы ұрысса, әкеге жараса ма...» дейтін ғажайып сөз бар. Солай бола тұрса да, біз мына мәтіннің мәнін тереңірек талдамасқа амалымыз қалмай тұр.

1. Сенделді хандар билер ақыл таппай... (мұндағы жұмбақ «хандар» деген көпше сөзде тұр. Неге ол «хандар»дейді, сол кездің ұлы ханы Әз Тәуке қайда?);

2. «Бағыну бір көсемге дұрыс қой деп...» ( Әйтеке биге Әз Тәукедей хан аздық қып тұр ма?!);

3. Төреден Әйтеке би безін деді... (Әз Тәукенің шыққан тегі төре емес пе? Ұлы би не айтып тұрғаны рас болса, ханның қаһарынан ықпайтын сыңайлы);

4. Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады... (Неге би мен бектер ұғуы тиіс? Ел билігі – ел иесі Әз Тәукеде емес пе?).

Басқаны білмеймін, қандай патша болмасын, бұрын да, қазір де көзі тірі-сінде қарашасын, мейлі ол, тіпті, ұлы би болса да, аузына келгенді айтқызып отыра алмайды. Ал, Әз Тәукенің 1718 жылы бақилық болғаны тарихтан белгілі. Әйтеке би бұндай әңгімені ол кезде айта алмайды. Оның үстіне Әбіш Кекілбай 1710 жылғы Қарақұмдағы Құрылтайдың Әбілқайырды хан тағына отырғызып, соғыс қимылдарының қалмаққа қарай емес, Еділ-Жайықтан бері өткен казак-орыстарға, башқұрттарға қарай бағыттағанын білмеуі мүмкін емес қой... Осыдан кейін былайша өте ақылды, талантты, салиқалы, білімді адам, мұндай қателіктер жібермеуі тиіс еді ғой дейтінің бар іштей.

Енді Әбіш Кекілбаевтың тарих қойнауында қалған мына бір мәтінін оқып көрелік: «Октябрь – құдды бір әкеңіздің атындай, аяулы анаңыздың атындай, тіпті, өзіңіздің атыңыздай – кімнің аузынан естісеңіз де көңіліңізді бірден жарқ еткізеді. Мұның сыры неде? Өйткені Октябрь – біздің тарихымыз. Октябрь – біздің тағдырымыз. Октябрь – біздің болмысымыз. Байқап қарасаңыз, біздің бойымызда Октябрьге барып бас алмайтын қандай сыр бар, қандай қасиет бар? Октябрьсіз біздің өзімізді де, өмірімізді де бір сәт көзге елестету мүмкін бе, сірә?! Жоқ, мүмкін емес... Октябрьсіз бүгін, тіпті, күллі дүниенің өзін көзге елестете қою қиын. Октябрьсіз кешегі артта қалғанды, ертеңгі алда тұрғанды еш пайымдай алмайсыз. Дәл бүгінгі таңда Октябрьсіз тарихтың өзі берген сыр-сияпаттан айырылып, тұлдырланып шыға келері даусыз. Өйткені, тарихтың шын сыр, шын құпиясын тек Октябь ғана шын ашып бере алды». «Тағылым» (публицистика) Әбіш Кекілбаев, жазушы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Социалистік Қазақстан» 7 ноябрь 1987 жыл). Енді, Әбіш Кекілбаевтың «Дәл бүгінгі таңда Октябрьсіз тарихтың өзі берген сыр-сияпаттан айырылып, тұлдырланып шыға келері даусыз. Өйткені тарихтың шын сыр, құпиясын тек Октябрь ғана шын ашып бере алды» деген мәтінінің мәнісін білгіңіз келсе, мына бір шеркөкіректен шыққан хатты халыққа ұсынып көрелік:

ҚАЗАҚСТАН КП ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ СЕКРЕТАРЫ Ж. ШАЯХМЕТОВКЕ

Қиырдағы Сібірдің күртік қарын кешіп, өзімнің мерзімімді өтеп жатыр-мын. Мерзімнің бітуіне әлі 23 жылдан астам уақыт қалып тұр. Қандай қиын ауыртпалықты кешпейін, қандайлық қатал жаза шекпейін, сонда да мен ақыр аяғына дейін өз Отанымның адал азаматы болып қаламын. Адамның барлық моральдық және рухани қасиеттеріне ұлы сыншы – уақыт. Егер, ерте ме, кеш пе, өз мамандығыма оралу мүмкіндігі туар болса, ақ ниетті адамдардың бұған көзі жетер.

Тергеу материалдары басынан аяғына дейін түгелдей менің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабыма және «Қазақ ССР тарихының» бірінші және екінші басылымдарына рецензиядан құралыпты. Тергеу жүргізудің әдістері жайында жиренішсіз еске алудың өзі қиын. Қорқыту мен алдау әдістері тергеудің бүкіл өн бойында қолданылды. Алуан-алуан тәсілмен мені қанша әурелесе де, жекелеген адал адамдарды қаралауға дәтім бармады. Советтің сот төрелігінің әділдігіне кәміл сенімдімін және менің мәселемнің оңды шешімін күтудемін. Өткен мерзім ішінде бір ғана шағым-арыз-ды Маленковтың атына жаздым. Жуырда СССР Жоғарғы сотынан жауап алдым, онда менің ісімді қайта қарауға алдыртатынын хабарлапты. Менің тағдырымның объективті түрде шешілуіне сіздің жәрдем етуіңізді өтініп сұраймын. Мен өзіңіздің көз алдыңызда өстім, менің өткенімді де, қазіргімді де жақсы білесіз. Мені қолдан жау етіп шығару кімге керек? Мен өзімнің қателіктерімді адал мойындадым және партияның әділ сынына іспен жауап бер-дім – «ХІХ ғасырда Қазақстанның Россияға қосылуы» атты монография (көлемі 30 баспа табақ) жазып шықтым. СССР Ғылым Академиясының ғалымдары Панкратова, Дружинин, Кучкин және басқалары оны мақұлдады. Монографияны Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігінің сарапшы комиссиясы арнайы қарап шығып, одан ешбір бұрмалау мен елеулі қате тапқан жоқ (комиссияның қорытынды тұжырымы менің ісіме қоса тіркелген).

Қатал сынақ маған көп нәрсені үйретті. Ақылым толысты. Ендігі жерде менен тәп-тәуір тарихшы шығар еді-ау деп ойлаймын. Менің бостандық алуыма, сөйтіп, партия мен Отан алдындағы кінәмды іспен ақтауыма жәрдем етуіңізді тағы да өтінемін.

Е.Бекмаханов.

4 октябрь, 1953 жыл.

Адресім: Иркутск облысы,

Бодайбо қаласы.

Әрине, ол өз жазғандарынан басына күн туғанда бас тартқанымен, аса мәр-тебелі сарапшы – Уақыт ақыр соңында, Тәуелсіздік алғанда, «көбін» түзетіп өз орнына қойғанының куәсы болып отырмыз. Кенесары ханның асқақ бейнесі Астанада орнатылды. Қазақстанның Россияға қосылуы өз еркімен жүзеге аспағанын бәрі білді деуге болады. Совет кезеңіндегі тарихшылардың қандай мәжбүрлікке тап болып, қалай бұрмаланған тарих жазғандары – жалғанның жарығына шыққан соң, қазіргі кезде Әбіш Кекілбаев Октябрдің 70 жылдығына орай жазған «Тағылым» атты туындысына өзі де қынжылатын болуы керек деп ойлаймыз.

Жалпы, мәтінге терең мән бермеу – ойлау әлеміне орасан зор олқылық әке-ліп, зияткер ұрпақтың болашағына балта шабады. Өзім өте жақсы көріп, аса құрмет тұтатын қазақтың бір айтулы азаматы бар, ол – Иманғали Тасмағамбетов. Оның арагідік қолына қалам алып, зерделі зерттеу жүргізетіні бар. Онысы орынды, әрине. Кезінде Нұртас Оңдасынов, Өзбекәлі Жәнібековтер солай жасаған. Иманғали бауырымның «Сарайшық» деп аталатын дүниелігіндегі мынадай мәтінге дұрыс мән берілмеген деп ойлаймын. Кім біледі, бәлкім жаңылыс кетті ме екен...

Сарайшықтың саздары,

Қаңқылдайды қаздары.

Су сұрасаң бал берер,

Сарайшықтың қыздары...

Осыны орысшаға былай аударыпты:

Сарайчиковские напевы,

Гусиному клекоту подобны.

Ногайлинские девучки так шедры,

Что жаждущему воду-мед подают...

Бұл жердегі қателік «Сарайшықтың саздары» деген сөздің аудармасынан кеткен. Бұл «напевы» емес, кәдімгі Жайық тасығанда пайда болатын көкорай шалғын, былайша айтқанда «саз». Қыз Жібек» жырында

«Әуелеп ұшқан алты қаз,

Қонамын десең, жануар,

Міне, майдан, міне, саз

...», болмаса жыраулар айтатын «Саздауға біткен құба тал..» сөзіндегі «саз». Ал аудармада «сазды» – «әуен» деген аудармамен үндестіріп отыр.

Ендігі жерде, тағы да бір жайтқа назар аударайық. Дүкенбай Досжановтың (маған етене жақын) Созақ көтерілісі туралы жазбасында мынадай анықтама береді: «Салықпай мергенді Абрамук өз қолымен «күн абақтыға» керіп жатқызып, кептіріп өлтірді.. Сұлтанбек ханның жансыз денесін «жер абақтының» жар басына, айқыш ағашқа іліп, қашан еті ағып кеткенше ұстады» («Алаң» романы. «Қазақстан» баспасы. Алматы.-1993 жыл. -259-260-беттер). Біріншіден, Созақ көтерілісі 1930 жылдың қақаған қысында, дәлірек айтсақ ақпан айының 7-16 аралығында өткен. Мұнда Салықпайды «керіп жатқызып, күнге кептіріп өлтірген» дейді, ол – өтірік. Салықпай мерген аласапыраннан аман қалған, кейіннен Ақ теңізге, «Беломор каналға 10 жылға айдалған, одан жазасын жылдам өтеп елге оралған соң 1937 жылдың құрығына ілігіп, «Жеткіншек» ауылының құм жақ беткейінде сотсыз-дәнеңесіз атылғаны туралы архив деректері сөйлейді. Бұл жерде Салықпай мергеннің емес, Сұлтанбек ханның тағдыры белгісіз. Ал, ағашқа шегелеп жазалау әдісі – әлемдік тарихта тек екі рет қана: бірі – Спартакта, екіншісі – Иса пайғамбарға ғана қолданылған. 1930 жылғы Созақтағы жазалау туралы Дүкең біреуден естігенін жазады, әйтсе де жазылған мәтін таңбаланып қалды, оны қағазға түсіргенде деректермен салыстыра отырып, мұқият мән беру керек шығар деп ойлаймыз.

Келесі әңгіме – М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғилардың Қожа Ахмет Яссауи туралы кітабы жайында болмақ. Міне, оқып көрелік: «Дәл осы болжамға тоқтасақ, ұлы ақын 1103 жылы туып, 1228 жылы қайтыс болады». «Қожа Ахмет Иасауи», «Диуани Хикмет» (Ақыл кітабы).-Алматы-1993 жыл.10-бет) Бұл үш автордың жазуында ұлы бабамыз тұппа-тура 125 (жүз жиырма бес) жас жасаған. Оны олар ақынның 1897 жылы Ыстамболда басылған «Диуани хикметтегі» «Иуз игирма бешка кирдим билалмадым» дегенінен алған. Бұл жердегі олқылық, менің ойымша, үшеуі де мәтінге терең ендеп-бойлап дендемеген. Себебі, бұл «жүз жиырма бес» дегеніңіз Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың жер астына – Қылуетке түскен сәті. – 63 жастың екі еселенген символикалық саны іспетті. Мұны Шығыс халықтары сәтімен қолданған. Мысалы, Ұлықпан Хакім «Мың жасадым» дегенде, ол «ең қызықты, думанды күндерін бір жасқа баладым» деген болатын. Осыны ұлы ақын әдемі қолданған, бірақ, болашақ ұрпақтарым бұны түсінбей қалар деп ойламаса керек. Біз бұны бір-жолата түйіндегіміз келсе, Қожа Ахмет Яссауидің аса талантты шәкірттерінің бірі Сүлеймен Бақырғанидің «Ақырзаман кітабын» оқиық. Ол 1186 жылы дүниеден өткен. Тірі кезінде айтқаны:

Он сегіз мың, ғаламда,

Аты машһур қаламда,

Орны Дару с-саламда,

Шайхым Ахмет Яссауи.

«Ежелгі дәуір әдебиеті» хрестоматия. Екінші кітап. Құрастырған және өмірбаяндық деректерді жазған филология ғылымдарының кандидаты А.Қыраубаева. Алматы. «Ана тілі».-1991.152-бет) Мұндағы «Орны Дару с-саламда» деген мәтінге Қожа Ахмет Яссауи баба туралы кітап жазғандар мән бермеген. Қазақша қайырғанда «Жаны жаннатта» дегенді білдіреді. Бұл деген сөз – Сүлеймен Бақырғани жер бетінде тірі жүргенде, ұлы бабаның 1186 жылға дейін-ақ өмірден өтіп кеткенін айғақтайды. Мұндай аса құнды деректі табу үшін Ыстамболға барудың қажеті жоқ, ол өзіміздің төл тарихымыздағы өткеніміз бен кеткенімізге дұрыстап ден қойып, терең зер салуды қажет ететін мұқияттылық дегіміз келеді.

Біздерге, қолына қалам ұстағандарға, тың мәтіндерге аса терең мән беруге тура келеді. Бүгінгі жазған-тергенімізді келер ұрпақ ертеңгі күні қоқысқа лақтырып жатса, ұлттық рухымыз жасып, ата-баба аруағы қорланбай ма? Бір кездері басымызға жастанып жатқан «КСРО тарихы» мен «КПСС тарихының» «ақырынан» тағлым алуға болмай ма? Олардың «ақыры» ұлы құрылымды құрдымға жіберіп тынды емес пе?

...Ертеректе Шу өзенінің тасығанын көріп едім. Жолындағы көпірлерді оп-оңай жайпаған, сол Ұлы судың ағынымен бөшке де, үйдің шатыры да, тамырымен қопарылған ағаштар да қалқып кетіп жатты. Артынан судың арыны басылып, бәрі қалыпқа түсе бастады. Тіпті, жазға жақын әр жерде ойдым-ойдым мөлдіреп көптеген тұнық көлшіктер пайда болды. Біздің рухани әлеміміздің хатқа түскен нұсқасы – жазған-сызғандарымыз осылай бірте-бірте қалыпқа түсер деген үміттеміз. Ол үшін ең басты шарты – мәтінге терең мән беру деген ой тастамақпын...

471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз