• Еркін ой мінбері
  • 29 Наурыз, 2013

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ СОҒЫС: ЖЕҢІСТЕР МЕН ЖЕҢІЛІСТЕР

Сейілбек Мұсатаев,Сейілбек Мұсатаев, саяси ғылымдарының докторы

Қазіргі таңда әлемде бомба жарылып, оқ атылмай-ақ ұлтты күйрететін екі алапат соғыс қызу жүріп жатыр. Оның біріншісі – ақпараттық соғыс болса, екіншісі – демографиялық соғыс. Ақпараттық соғыс ұлттың сана-сезімін күйретіп, әдет-ғұрпын, ділі мен дінін жойып, қадір-қасиетінен айырса, демографиялық соғыс ұлттың саны мен сапасына барынша кері ықпал ететін қатерлі құбылыс. Біз бұл мәселеде, әзірше, ақпараттық соғысты қозғамай тұрып, демографиялық соғыстың еліміздегі жағдайын тілге тиек етпекшіміз. Демография – ұлт тағдыры.

Бүгінгі таңда өркениетті даму жолына түскен Қазақстан Республикасы қоғамның барлық саласында аса маңызды реформаларды жүзеге асыруда. Бұл реформалардың ішіндегі ең күрделісі әрі өте ұқыптылықты қажет ететін бағыты – әлеуметтік саладағы реформалар болып табылады. Оның себептері көп, негізгі деген екеуіне тоқталғанның өзінде көп нәрсенің мәнін ашуымызға болады. Біріншіден, әлеуметтік мәселе адамдардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты болғандықтан үнемі күн тәртібінде тұрады; екіншіден, мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты – адам және отбасы болып табылады, ол әрқашан үкімет пен халықтың назарында.

Жалпы, қазақтар үшін демография мәселесі ерекше орында, оған түрлі тарихи кезеңдердегі қиындықтар, ұлттық салт-дәстүр, рухани-мәдени құндылықтар сан ғасырлар бойы ықпал етіп отырған. «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөздің мәні терең. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық», «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» және өзге де даналық сөздер өмірлік тәжірибеден туындаған.

Жаугершілікті көп көріп, «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама», ашаршылық, тәркілеу, репрессия, Ұлы Отан соғысы сияқты толып жатқан тарихи кезеңдердің нәубеттерін бастан өткізген қазақ халқы үшін, отбасы құру мен ұрпақ жалғастырудың мәні аса зор. Соңғы жүргізілген халық санағына сүйенсек те, бұл демографиялық қажеттілік әлі күнге дейін өзекті болып отырғанын байқаймыз. Бүгінгі әлемде Қазақстан жер көлемі бойынша 9 орын алса, халық саны жағынан 62 орында. Жері – кең, халқы – аз.

Биылғы ақпан айының басында Евроньюс каналы АҚШ Орталық барлау орталығының (ЦРУ) 2030 жылға дейінгі болжамдық баяндама-есебін жариялады. ЦРУ болжамы бойынша, 2030 жылы жер шарының халқы 8,5 млрд. адамға жетіп, қалалардың саны мен көлемі артып, мегаполистердің заманы туады. Халқы көп елдердің ішінен, әсіресе, Қытай күшті дамып, артынан бүкіл Азияны ертпек. ЦРУ есебі жайдан-жай жасалмайтыны белгілі, АҚШ әлемдік дамудың тенденциясына дайындалары сөзсіз. Ал, біз ше? Осынау жақын келешектегі әлемдік ұлы көш пен барша адамзаттың 1,5 млрд. өсуінде Қазақстанның алатын орны қандай болмақ?

Болашақ бүгіннен басталса, жалпы Қазақстан халқы, оның ішінде қазақ ұлтының саны өсуі қалай өрбуде, елдегі халықтың табиғи өсімі мен өлім-жітімінің арасалмағы, демографиямызға қандай факторлар кері әсер етуде деген сұрақтар бізді қатты ойландыруы тиіс.

 

Сандар мен пайыздар

1999 жылы өткен алғашқы ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша елімізде 14 миллион 953 мың адам тіркелген еді. Ол кезде қазақ ұлтының алатын үлес салмағы 53,4 %, немесе 7 миллион 985 мың адам болған. Бұл Қазақстан халқының жартысынан сәл ғана асатын көрсеткіш болатын... Қазақ – мемлекет құрушы кіндік ұлт болғандықтан, ел-жұртымызда қоян-қолтық араласқан диаспоралардан үлес салмағы артқан сайын бағымыздың баянды болары сөзсіз.

Қазақстан тәуелсіздігін алғалы екінші рет жүргізілген 2009 жылғы санақтың ресми қорытындысы бойынша, 2010 жылдың 1 қаңтарына Қазақстан халқының саны 16 миллион 196,8 мың адамды құраған. Оның ішінде қазақтардың үлесі 63,6 % деп хабарланды. Сөйтіп, 1999 жылғы санақпен салыстырғанда халық санының өсімі 6,8 % құрап, республика халқының саны 1022,9 мың адамға артқан. Ал, қазақтар саны өткен санақпен салыстырғанда 26,1 % артып, 10098,6 мың адамды құрайды. Демек, бұл Қазақстан халқының 63 % қазақтар екенін көрсетеді.

1990 жылдардың басында қазақтар 40% қамтыған. Ал, 1911 жылы ең алғашқы санақ жүргізілгенде қазақтардың үлесі – 67% еді. Кейін елдегі әр түрлі ахуалдарға байланысты, жергілікті ұлттың саны күрт азайғаны белгілі. Бұл қазақ ұлты бір ғасыр бұрынғы үлес салмағына жете алмай отыр деген сөз.

Тақырыпқа тікелей қатысты болғандықтан, соңғы халық санағының деректеріне қысқаша тоқтала кеткеніміз жөн: өзбектердің саны – 457,2 мың, яғни, 23,3 % өскен. Ұйғырлар 6 % өсіп, 223,1 мың адамға жетсе, орыстардың саны 15,3 % азайған, яғни 3 миллион 797 мың адам. Немістер – 49,6% азайған – 178,2 мың, украиндар – 39,1% азайған – 333,2 мың, татарлар - 18,4% кеміген – 203,3 мың адам болды. Басқа этностар 5,8 % азайып, 714,2 мың адамды құраған. Сонымен, соңғы халық санағы бойына еліміздегі қазақтардың үлесі - 63,6 %, орыстар – 23,3 %, өзбектер – 2,9 %, украиндар – 2 %, ұйғырлар – 1,4 %, татарлар – 1,2 %, немістер – 1,1 %, басқа диаспоралар – 4,5 %. Жалпы, «Қазақстанда 130 (тіпті, кейде 140 делінеді) астам ұлт өкілдері тұрады» деп көп айтылып-жазылса, соның 123 (133) осы 4,5 % ішінде болғаны...

Қазақстандағы ерлердің саны 7 миллион 722,8 мың, яғни өткен санақпен салыстырғанда 507,1 мың адамға немесе 7 % өскен, әйелдер – 8 миллион 282,0 мыңға жетіп, 515,8 мың адамға немесе 6,6 % артқан. Демек, Қазақстанның 51,7 % әйелдер болса, 48,3 % ерлер. Мәселен, 1999 жылғы санақ көрсеткіші бойынша әрбір мың әйелге шаққанда 929 ер адамнан келсе, қазір мың әйелге шаққанда 932 ер адамнан келеді екен.

Қалалықтардың саны 8 миллион 639,1 мың адамға, ауылдықтар – 7 миллион 365,7 мың адамға жеткен. Соңғы он жылда қалалықтардың саны 195,1 мың адамға немесе 2,3 %, ауылдықтардың саны 827,8 мың адамға немесе 12,7 % өскен. Елдегі қалалықтардың үлесі – 54 %, ауылдықтар – 46 %. Ал, өткен санақта қалада тұратындар 56,4 % болса, ауыл тұрғындары – 43,6 % болатын. Қазақстандағы демографиялық жағдай мен отбасы мәселелері туралы ғылыми зерттеулерімен танымал демограф-ғалым Мақаш Тәтімов өз есептеріне сүйене отырып, соңғы өткен жалпы ұлттық санақтың қортындысындағы көрсеткіштердің шамамен 3 % артық-кем болуы мүмкін екендігін айтады.

Қазақстанның Статистикалық агенттігінің соңғы таратқан мәліметінше, 2012 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан халқының саны 16 896 900, оның ішінде қалалықтар – 9 254 700 (54,8%), ауылдықтар – 7 642 200 (45,2%) жетіпті (салыстыру: Шанхай, Карачи, Мумбай сияқты қалалардың әрқайсында 18-20 млн. тұрғын бар). Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары эмиграцияның артуы мен табиғи өсімнің құлдырауынан халқымыздың саны азайып кеткені белгілі. Осының салдарынан Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңдегі халық санына енді ғана жетейін деп отыр. Ал, көрші Өзбекстан соңғы жиырма жылда 10 миллион адамға көбейген (1991 жылы – 20 708 000, 2012 жылы – 29 874 000). Бізде аз болса да, халық саны өсуде, бірақ, түрлі ауру-сырқау, техногендік апаттар, ажырасу, аборт жасау, жаңғызбастылық, маскүнемдік, нашақорлық, темекі шегу, экологияның нашарлауы сияқты жағымсыз факторлар мен себептерден болатын өлім-жітімнің артуы халқымыздың демографиялық өсіміне кері әсер етіп, адымын аштырмай отыр. Шетелдегі қазақтардың атамекенге оралуына бөлінетін квотаның тоқтатылуы да «Нұрлы көшті» едәуір кідіртті.

Себебі сан-түрлі өлім-жітім...

БҰҰ Адамзат дамуы жөніндегі 2011 жылғы есебі бойынша, өзге орталық азиялық мемлекеттерге қарағанда Қазақстанда өлім-жітімнің деңгейі жоғары. Сөйте тұра, Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық дамуы жағынан көш басында тұр... Жан басына шаққандағы ІЖӨ (ішкі жалпы өнім) Қазақстанда 12700, Қырғызстанда – 2200, Тәжікстанда – 2000, Өзбекстанда – 3100, Түркменстанда – 7500 АҚШ долларына тең. Батыстық дамыған елдерде адамдардың табысы мен тұрмыс деңгейі жоғарылаған сайын, өлім-жітім азайып, өмір сүру ұзақтығы да өседі, ал, Қазақстанда болса керісінше болып тұр. 2010 жылғы дерек бойынша, 1000 адамға шаққандағы өлім-жітім деңгейі төмендегі таблицада берілген:

БҰҰ дерегі бойынша, ІЖӨ денсаулық сақтау саласына бөлінетін жалпы шығын Қазақстанда 4,5 %, Қырғызстанда – 6,8 %, Тәжікстанда –5,3 %, Түркменстанда – 2,3 %, Өзбекстанда – 5,2 % екен. Мұнайға бай Қазақстан мен Түркменстан халқының денсаулығын сақтауға ІЖӨ бөлетін қаржысы өздерінің «кедей» көршілеріне қарағанда азырақ. Ал өмір сүру ұзақтығы болса Қазақстанда – 68,5 жас, Өзбекстанда 72,5 жас, Қырғызстанда – 70,0, Түркменстанда – 68,52, Тәжікстанда – 66,03 жас. БҰҰ есебінде берілген бұл көрсеткіштер бізді ойландыруы тиіс.

2012 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстандағы статистикаға қысқаша тоқталсақ: табиғи өсім 222,9 мың адам; өлген адам саны 133,7; шетінеген сәбилер саны 4 810; тіркелген неке 153 мың; ажырасу 45,1 мың; миграция сальдосы минус 1 447 адам (елге келушілер 26530, кетушілер 27977 адам). Халқымыздың өлім-жітімінің көлемі табиғи өсімінің жартысынан асып тұр. Өлген адамдарды ұлттық құрамына қарай жіктесек, қазақтар (60 мыңнан астам), орыстар (50 мыңнан астам), украиндар (10 мыңнан астам), татарлар (3 мыңнан астам), өзбектер (2,5 мыңнан астам), немістер (2 мыңнан астам), ұйғырлар (1,5 мыңнан астам), қалғаны өзге диаспора өкілдері. Көріп отырғанымыздай, қазақтар арасында өлім-жітім мен нәрестенің шетінеуі көп болып тұр. Бұған қоса, шетелдердегі қазақтарды көшіруге арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы да саябырсып, оралмандарға квота берудің тоқтатылуы Қазақстандағы қазақтардың саны өсуіне кері әсер етіп отыр. Осы мәселе оң шешімін тауып, «Нұрлы көш» шындап нұрын шашса игі еді.

Қазақстан билігі денсаулық сақтау ісіне барынша көңіл қоюға тырысуда. «100 мектеп, 100 аурухана», «Саламатты Қазақстан» сияқты мемлекеттік бағдарламалар да қабылданған. Бірақ әлі де болса атқаратын істер мен шешімі табылмаған мәселелер жетерлік. Мысалы, түрлі ауру-сырқаулар өршіп тұр. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасына сәйкес еліміздегі өлім-жітімнің негізгі себебі болып саналатын жүрек қан тамыр ауруларымен республика бойынша екі миллионға жуық адам тіркелген. Бұл еліміздің экономикалық белсенді тұрғындарының 12 % құрайды екен.

Аурудың өліммен аяқталуына көбінесе жүректің ишемиялық ауруы мен жоғары қан қысымы себеп болуда (оның ақыры инсульт пен инфаркт), және ең өкініштісі – бұл ауру жылдан жылға жасарып, 30-40 жас аралығындағыларды жайлап барады. 2006 жылы ресми тіркелген онкологиялық дертке шалдыққандар саны 28 мың 573 болса, 2012 жылдың соңында 30 мың 299 адамға жеткен. Мамандар болса аурулар саны бұдан едәуір көп дейді... Яғни, қатерлі ісіктің тырнағына іліккен сырқаттар саны жыл сайын артып отыр. Өлім-жітімнің артуына себепші тажал - онкологиялық аурулардан елімізде жыл сайын 17 мың адам жан тәсілім етеді екен. Статистикаға сенсек, олардың 42 % еңбекке қабілетті тұрғындар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша туберкулезбен аурудың эпидемиясы 100 мың адамға шаққанда 50 ауру адам болып есептеледі. Қазақстанда болса, бұл көрсеткіш 3,5 еседен де көп болып (180 ауру адам), ТМД мен Еуропа елдері арасында алдыңғы орында тұр.

100 мың адамға шаққанда Молдова Республикасынада – 170, Қырғызстанда – 160, Румынияда – 130, Өзбекстанда – 130, Ресей Федерациясы мен Грузияда 110 ауру адамнан келеді. Салыстыру үшін: Израильде – 6, Чехияда – 9, АҚШ пен Германияда – 5 ауру ғана. Туберкулез мәселесі жөніндегі ұлттық орталық директоры Т. Абилдаев, қазір, Қазақстанда туберкулездің ашық түрімен ауыратын 25 500 астам адам тіркелгенін, олардың дені еңбек жасындағы – 18-54 жас аралығындағы, ал, тең жартысынан астамы 34 жасқа дейінгі қазақстандықтар екенін айтады. Бұған түрмелерде отырған ауруларды қоссақ, 30 мыңнан асады. Бұған қоса 8000 астам туберкулездің мультирезистенттік формасымен (мутацияланған) ауыратындар тағы бар. Қарапайым туберкулезге қарағанда оның мутацияланған түрін емдеу қиын әрі 15-20 есе қымбат екен. Отанымызда жыл сайын 15000 адамға туберкулез диагнозы алғаш қойылуы оны жұқтырғыштардың көптігін білдіреді. Қазақстан бойынша туберкулез Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында өршіп тұр. Ауру деңгейі Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана төмен, қалған аймақтарда орташа және ортадан жоғары деңгейде. Туберкулезден болатын өлім-жітім көп, олардың

52% – өкпенің созылмалы ауруынан, 8% – жаңа жұқтырғандар, 14% - қайта жұқтырғандар, 12% – түрмеден шыққандар, 14% – үй-күйі жоқ қаңғыбастар.

Қазақстанның демографиясын дендеген аурудың қауіптісі

ВИЧ-инфекция мен СПИД. Әлем бойынша әрбір он секундта бір адам СПИД-тен өлсе, жыл сайын 5 млн. адам ВИЧ-инфекция жұқтыратыны дәлелденген фактіге айналды. Әлемдік қауымдастық 1 желтоқсанды СПИД-пен күрес күні деп жариялауы осыдан. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «СПИД алдын алу және күресу жөніндегі республикалық орталығының мәліметі бойынша, 2010 жылмен салыстырғанда (14 812 ВИЧ-инфекция жұқтырғандар, 1 102 СПИД ауыратындар), 2012 жылы Қазақстандағы ВИЧ-инфекция жұқтырғандар – 18 830, СПИД-пен ауыратындар саны – 1595 адамға жетіп, едәуір өскен.

Жалпы, ВИЧ/СПИД-пен ауыратын қазақстандықтардың 70,1% ерлер, 27,6% әйелдер, қалғаны жас балалар. Жас балалардың 200 астамы қазақ ұлты көп шоғырланған Шымкент өңірінен. Ересектер арасында бұл дерт Алматыда ең көп тіркелген – 3 мыңнан астам, ең азы Қызылорда облысында – 59 адам. ВИЧ-инфекция жұқтырудың 67,1% стерильді емес шприцпен тамырға наркотик егу арқылы, 24,4% жыныстық жолмен, қалғандары медициналық салғырттықтан (дәрі егу, қан құю кезінде) болған. Ал, барлық аурулардың 58,3% Қарағанды облысында тіркеліпті. 2010 жылы 2507 қазақстандық ВИЧ/СПИД жұқтырғандар өлген және бұл тенденцияға айналуда.

ВИЧ/СПИД-пен күресуге жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттен 1,2 млрд. жуық теңге жұмсалуда. Бір пациентті жеңіл емдеуге 1000 $, ауыр түрін емдеуге 5-7 мың $ қажет. СПИД күрес жөніндегі ғаламдық қор Қазақстанға 2011-2013 жылдарға 18,8 миллион доллар грант бөлген. Көріп отырғанымыздай, басты себептерінің бірі – адамдардың немқұрайлығы мен жауапсыздығы болып табылатын, емі жоқ бұл аурумен күресуге қыруар қаржы жұмсалуда. Бұдан бөлек гепатит, бруцеллез, қырым безгегі, бауыр-бүйрек сияқты толып жатқан ару-сырқаулар да қазақстандықтардың бойында жетерлік. Әсіресе, зәр мен өт жолдарына тас жиналу салдарынан ота жасау арқылы бүйрек пен өтті сылып тастаудан жыл сайын әрбір жүздеген қазақстандық жарымжан болып қалуда (статистика бойынша барлық аурулардың 9,5 %). Оның басты себептерінің бірі – ауыз судың сапасыздығы болып табылады. «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы толық жүзеге аспауда: түрлі келеңсіздіктер мен жемқорлықтың салдарынан халық әлі күнге дейін сапасыз су ішуде, алаяқ жылпостар өз пайдасы үшін қоғамға үлкен зиян келтіріп, ел игілігіне жұмсалуы тиіс бюджет қаржысын желге ұшыруда.

Ауру-сырқаулармен қатар, соңғы кездері суицид те көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусиновтың көрсетуінше, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы барлық елдердегі суицид көрсеткішін үш топқа бөліп қарастырады. Біріншісі: жоғары және өте жоғары деңгей (100 мың адамға шаққанда 20-дан). Ол елдердің қатарына Қазақстан да кіріп үлгерген. Нақтырақ айтсақ, 1-орында – Литва (42), 2-орында – Беларусь (37), 3-орында – Ресей (36), 4-орында – Қазақстан (30), 5-орында –Венгрия (26), 6-орында – Украина (25), 7-орында – Жапония (24). Өкінішті-ақ, біздің елде 100 мың адамға шаққанда 30 адам өз-өзіне саналы түрде қол жұмсайды екен. ҚР Бас прокуратурасының арнайы есебі бойынша, 2011 жылы Қазақстанда 257 нақты суицид пен 592 суицид жасауға тырысу болған. ҰБТ енгізілгелі мектеп бітіруші оқушылар арсында суицид саны артқан (2009 жылы 209, 2010 жылы 237...). Тіпті Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды суицид «ауруы» ушыққан елдердің санатына енгізіпті. АҚШ, Англия,Франция, Италия, Армения, Әзірбайжан халқы өз-өзіне қол жұмсау әрекеті бойынша «орташа және төмен» елдердің қатарына енсе, Мысыр, Гаити, Ямайка жұртында бұл  көрсеткіш нөлге тең екен. 

Отандастарымыздың өз-өзіне қол жұмсауына ең алдымен психикалық жағдай ықпал еткенімен, көп жағдайда мұндай қадамға тұрмыс тауқыметі, әлеуметтік-экономикалық себептер де итермелеуде. Жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде мектеп бітірушілер, он екіде бір гүлі ашылмаған жас жеткіншектер, несиесін өтей алмаған борышкерлер, жауапсыз махаббаттан күйінген ғашықтар, өмірден түңілген бейбақтар, белгісіз себептерден әскерилер мен чиновниктер... т.с.с. атылып, асылып, құлап, у ішіп суицидке баруда...

Қазақстандықтардың өлім-жітімге ұшырауының құрамында ана мен бала өлімі де ерекше орын алады. Аналардың туу кезінде өлуі 1999 жылғы көрсеткіш бойынша 10 мың босанушы анаға шаққанда 65,3 өлім болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш үш есеге дейін қысқарып, 22,7 төмендеген. Бірақ, нәрестелер арасындағы өлім көрсеткіші өскені алаңдатады: 1999 жылы ол бір мың нәрестеге шаққанда 8,65 болса, 2010 жылы – 9,17 болған. Соңғы жылғы деректер де бұл мәселенің әлі өзекті екенін көрсетеді:

2012 жылы 1 жасқа дейінгі 4810 астам сәби шетінесе, 2011 жылы – 4197 сәби шетінеген. Әсіресе, ауылдық жерлердегі сәби өлімі қалаға қарағанда басым. Ал, ауылдағы сәби негізінен қазақтардікі екені белгілі. Нәрестелердің шетінеуіне әкелетін басты себептер төмендегідей:

Ана мен бала өмірін сақтауға барынша жағдай жасау күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ел халқының табиғи өсімі бұған тікелей байланысты екенін ескерсек, мұны мемлекеттік маңызы бар стратегиялық мәселе деп түсінуіміз қажет. Бұл сала мемлекет пен қоғам тарапынан кешенді қолдау мен жүйелі іс-шараны қажетсінеді.

Жол-көлік және әуе апаттары да қазақстандықтарды жыл сайын баудай түсіріп келеді. Жалпы, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның айтуынша, жыл сайын бүкіл әлемде тек жол апатынан 1 миллион 200 мың адам қаза болып, 50 миллион адам жарақат алады екен. 8 қараша халықаралық «Жол апатында қаза болғандарды еске алу күні» болып белгіленуі тегін емес. ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі Қ. Әбсаттаровтың айтуынша, 2012 жылдың 10 айы ішінде республикамызда 11 мың 149 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2 мың 393 адам өліп, 13 мың 652 адам түрлі жарақаттар алған. 2011 жылы 2707 адам жол үстінде мерт болған... Жалпы, соңғы 10 жыл ішінде 32 мыңнан астам адам жол-көлік оқиғасынан опат болып, 166 мыңнан астамы түрлі жарақаттар алған (салыстырыңыз: аудан орталықтары саналатын Қордайда 30 мыңдай, Меркеде 15 мыңдай тұрғын бар, олай болса, соңғы 10 жылда тек автокатастрофа салдарынан Қордай сияқты бір үлкен немесе Меркедей екі елді мекен жойылды деген сөз). Олардың жарымынан астамы республикалық маңызы бар күре жолдарда болған. Жүргізушілер арасында Алматы-Астана трассасы «Ажал алқабы», Алматы-Өскемен жолы «Өлім жолы», Қапшағай бағыты «Қанды жол», Қордай «Өлім асуы», Күйік «Азап асуы» деп түрліше аталатын болғалы қашан. Жол-көлік оқиғаларының себептері негізінен автотрассалардың тарлығы мен асфальт сапасының нашарлығы, жүргізушілердің жол ережелерін бұзуы, техниканың талапқа сай болмауы. Қазақстан үкіметі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдерден әкелінетін автокөліктер Евро-3 стандартына сай болуы тиіс деген талап қойып отыр, тіптен, жақын күнде Евро-4 стандарты енгізілмек. Ал, ол автокөліктер жүретін жолдар мен тұтынатын жанар-жағар майларды, оларға көрсетілетін сервистік қызметтерді Евро-3 пен Евро-4 стандартына шынайы сәйкестендіру Қазақстанда қашан жүзеге аспақ? Жеріміз кең, халқымыз аз болғандықтан, ірі елді мекендердің арасы алшақ жатыр. Сөйте тұра, республикалық жолдарда арнайы жарақтандырылған жедел медициналық көмек пункттері мен төтенше жағдайларда қол үшін созатын қосындар жоқ. Шіркін, осындай кезекші нүктелер ең кемі 50 км сайын болса, тікұшақ патрульдер қарастырылса, апаттан кейінгі 20-30 минут ішінде мертіккендерге қажетті медициналық-техникалық көмек беріп, талай адамның өмірін сақтауға болар еді. Бірақ, оның есесіне жол тосқан қарақшыдай, жүргізушіні аңдыған жол полициясы жетіп артылады. Жолаушылар басына қиындық пен қауіп-қатер туғанда олардан қайран болса...

Қазақстандықтар қара жерде ғана емес, көк аспанда да ажал табуда. Соңғы бір жыл ішінде Қазақстанда 2 тікұшақ құлауынан 12 адам, 2 ұшақтың құлауынан 48 адам опат болды. 2008-2010 жылдары 4 тікұшақ құлап, 23 адам өліп, 16 адам жарақаттанды. Әскер қатарындағы солдаттар арасында да өлім көбейіп барады. Бір ғана «Арқанкерген» қырғыны қабырғаны қайыстырып кетті... Күнделікті өмірдегі азаматтар түрлі қылмыстардың салдарынан мыңдап бейбіт өмірде бақилық болуда. Жастарымыз қит етсе бір-біріне пышақ ала жүгіріп, соғыстағыдай оқ атуға көшті. Өрімдей жастарымыздың өмірді бастамай жатып өлім құшып жатуы өте өкінішті.

 

Азаймайтын ажырасушылар мен аборт жасаушылар...

Халық санын көбейтуге жағымсыз әсер етуші факторлардың қатарында ажырасу мен аборт жасаудың артуы өз алдына бір төбе. «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институтының директоры Б. Байқадамовтың мәліметі бойынша, Қазақстанда 1999-2010 жылдар аралығында 2 миллион 420 мың неке қиылып, 733 мыңнан астам ажырасу ресми тіркелген. Бұған ресми емес ажырасуды қосыңыз. Әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталып жатса, біздегі отбасы институты да дағдарысты бастан өткеріп жатқаны ғой. Оған қоса, «сүр бойдақтарымыз» мен «кәрі қыздарымыз» да жетерлік. Соңғы халық санағы бойынша, бала туу жасындағы әйелдердің 47,8%, еркектердің 42,9 % басы бос бойдақ екен. Осыдан ақ біздегі игерілмей жатқан демографиялық әлеует қандай екенін долбарлауға болады. Ал, «ағашкалар» болса, де-факто тоқал алуға келгенде ұялмаса да, оны де-юре заңдастыруды ұятсынумен келеді...

Ал, енді аборт мәселесіне келсек. Қазақстандық «Здоровая Азия» қоғамдық қоры еліміздің 12 облысында 57 мың қыз-келіншектер арасында әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы, олардың 78 % аборт жасағанын айқындаған. Аборт көбінесе жасырын жасалатын болғандықтан, оның нақты санын айқындау мүмкін емес, бірақ, мамандар жылына 5 мыңнан кем болмайтынын айтады. Бұл болашақ 5 мың қазақстандық жарық дүниеге келмей жатып, жаны періште күйінде жаһаннамға кетті деген сөз. Ал, Жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қазақстандық ассоциацияның президенті Т. Джусубалиеваның көрсетуінше, елімізде жыл сайын 15-18 жас арасындағы 10 мың бойжеткендердің бір бөлігі аборт жасап, екіншілері некесіз босанады екен. Болашақтағы бедеу аналар мен көбейіп бара жатқан тастанды сәбилер осылай туындайды. «Аман саулық» қоғамдық қорының жетекшісі Б. Түменова Қазақстанда 17 мыңнан астам бедеу некелер барын, ал, бедеуліктің бірден бір себебі аборт және жыныстық жолмен берілетін аурулар деген дерек береді. Кезінде Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев аборт жасауға заңды түрде тыйым салу туралы ұсыныс жасап, оның аяғы қоғамдық дауға ұласып, дұрыс шешімін таппағаны есімізде. Қазір әлемнің бірқатар елдерінде аборт жасау адам өлтірумен теңестіріліп, қатаң жазаланса, көптеген елдерде абортқа тек өткір медициналық қажеттілік жағдайында ғана рұқсат етілетінін айта кеткеніміз жөн. Бізге сабақ аларлық тұстар жетерлік. Мұнымен бір мезгілде, Қазақстанға бала тууды ынталандыратын белсенді демографиялық саясат пен отбасы институтын жаңғыртатын, жаңартатын жаңа отбасы саясаты қажет. Бала туылғанда берілетін жәрдемақы көлемін бірнеше есе арттырып, бала күтуге төленетін төлемдердің мерзімін созу қажет. Бала бағып, жұмысқа шыға алмаған әйелдердің жағдайы туралы да ойланған жөн. Өйткені, жинақтаушы зейнетақы жүйесінде бұл мәселе өзінің шешімін таппаған, бүгінгі жас ана ертең зейнеткер болғанда қандай зейнетақы алмақ?

Ұлтымыздың геноқорын құртушы дерттің бірі – жезөкшелік. ҚР ІІМ ресми тіркеуде тұрған жезөкшелердің саны 4000 асқанын мәлімдеген болатын. Іс жүзінде олардың саны бірнеше ондаған есе көп екені белгілі.

Қазақтың қаншама қара көз қыздары ар-намысты аяққа таптайтын, осынау ұятсыз кәсіпті таңдағаны қабырғамызға батады. Қыздарымыз өткінші табысқа қызығып, өткен өмірлерін өкінішке толтыруда. Болашақ ана екендерін, өздеріне қазақ ұлтының ұлы миссиясы жүктелгенін ұмытуда. Атам қазақ ежелден қызды ана деп силай білген, «Қыз өссе – елдің көркі, енді өрісіміз кеңейетін болды» деп қуанған. Ата-бабаларымыздың осындай өнегесін қазіргі ұрпақ неге ұмытуда? Бабаларымыз келешектегі кейбір ұл-қыздары сондай санасыз әрі намыссыз болар деп ойлады ма екен? Тіптен, жезөкшелік неден туындап отыр, оған қандай факторлар әсер етуде, жағдайды дұрыстау үшін не істеу керек деген мәселені талқылаудың орнына, кейбіреулер «Қазақстанда жезөкшелікті заңдастыру қажет» деп ұсыныс жасап, ол парламенттің деңгейіне дейін көтеріліп барып, зорға басылды. Қазақта «Қызға қырық үйден тыйым», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөздер тегін айтылмаған, осы принциптерді әрбір отбасы мен жалпы қоғам үнемі берік ұстануы қажет. Жезөкшелікке қатысты жауапкершілікті қатаңдатып, оған итермелейтін түрлі факторларды жойып, паразит жеңгетайларды барынша қатаң жазалап, мүліктерін тәркілеуді жолға қойған жөн. Сонымен қатар, жезөкшелердің қызметін тұтынушылар да жазалануы тиіс. Қазақстанның демографиялық жағдайы мұндай келеңсіздіктерді көтеретін жағдайда емес. Соңғы кездері, адамдар бұрын естіп, білмеген сексуалдық қылмыстар да қоғамды дүрліктіріп, демография болашағын бұзатын, сексуалдық құлдыққа салу мен педофилия сияқты бұрын қазақстандық қоғамға жат болып келген қылмыстар көбейіп барады. Бұл тұрғыда да жазалауды барынша қатаңдату қажеттілігі туындап отыр. Негізі, мұндай айуандық қылмыстарға өлім жазасы лайықты. Өкінішке орай, Қазақстанда өлім жазасына мараторий жарияланған, сондықтан, ондай қылмыс жасағандарға химиялық кастрация мен өмір бойына бас бостандығынан айыруды қатар қолдану қажет.

 

Ұлтты «кайфпен» жоюшылар: алкоголь, темекі, есірткі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсетуінше, ел тұрғындарының жан басына шаққандағы ішімдік (алкоголь) тұтыну деңгейі жылына 8 литр спирттен асса, ондай елдің тектік қоры (генофонд) азғындауға (деградацияға) ұшырайды екен. Соңғы деректер қазақстандықтардың жан басына шаққандағы күшті алкоголь тұтыну деңгейі жылына 12 литрден асса, сыра ішу 35 литрден асып кетіпті. Бұл орталық азиялық елдер бойынша бірінші орын. Қазақстанда қазір 304 108 маскүнем Денсаулық сақтау министрлігінде диспансерлік есепте тұрса, бұдан бөлек 126 мың маскүнем ішкі істер органдарында тіркеуде тұр... Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Ж. Баттақованың айтуынша, Қазақстан азаматтарының 27 % темекі шексе, 17% алкогольді аса қауіпті деңгейде ішеді. Еліміздегі барлық өлім-жітімнің 10,9 % арақ-шарап тікелей себепші...

Дүкен толы арақ-шарап пен темекі, бағалары қол жетімді, тіпті, кейбірі өте арзан. Қазақстанда 4 млн. астам адам темекі шегуші екен, бұл ел халқының ширегі. Ерлердің үштен екісіне жуығы, әйелдердің әрбір тоғызыншысы шылымға әуестеніп, ағзаларын улауда. Соңғы кездері темекімен қоса, қорқор (кальян) шегу сәнге айналды. Темекі мен қорқор өкпе ауруларымен қатар, өлімге әкеліп соғатын сан түрлі ауруларға себепкер. Ал, той-томалақты, кафелер мен түнгі клубтарды, туған күндер мен кездесулерді тағысын тағыларын да спирттік ішімдіктерсіз көзге елестету қиын... Арақ деген тажал ұлтымыздың санасын улап, денсаулығын жалмап, берекесін кетіруде. Маскүнемдер өздерін ғана аздырып-тоздырмайды, олар жақындарына, төңірегіндегілерге, бүкіл қоғамға орны толмас зиян шектіреді. Мастықпен қаншама қылмыстар жасалып, өрт шығып, кісі өлтіріліп, мыңдаған адамдар опат болуда. Арақтың кесірінен болатын ажырасулардан шаңырақтар ортасына түсіп, отбасы мүшелері жетім-жесір қалуда. Маскүнемдік адамдарды сау да саналы ұрпақ жалғастыру мүмкіндігінен айырса, апталдай азаматтар арақ ішуден еңбекке жарамсыз болып, үй-күйсіз қаңғыбастарға айналуда. Жазалаудың қатаңдығына қарамастан, жауапсыз маскүнемдер де мас күйінде көлік жүргізулерін қояр емес. Бір ғана Алматыда 2012 жылдың 9 айында 2736 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, жүргізуші куәліктерінен айырылған. Сөйтіп, қара бастарын ажалға тігіп қана қоймай, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына, мал-мүлкіне қауіп төндіруде. Тізе берсек, маскүнемдіктің жыры бітпейді. Ең қауіптісі – маскүнемдік геноқорымызды жоятын қауіпті қаруға айналып отыр. Өкініштісі, ол қарумен сырттан жау келіп қырып жатқан жоқ, қу арақты жерлестеріміз өз ақшаларына сатып алып ішеді.

Маскүнемдікпен қалай күресу қажет? Кеңес Одағы тұсындағы «құрғақ заңды» қолдану нәтиже бермейтінін дәлелдеді. Сондықтан, өзгеше әдіс-тәсілдер қолданған жөн. Қазақстан темекі мен спирттік ішімдіктерді жарнамалауға, түнгі уақытта және 21 жасқа дейінгілерге сатуға тыйым салып, бұл бағытта игі қадам жасады. Нарықтық қатынастар жағдайында, онымен күресудің бұл негізгі жолдардың бірі. Бірақ, әлі де болса қатаңдату қажет. Енді, барлық темекі мен спирттік ішімдіктерге акциздік салық деңгейін көтеріп, барынша қымбаттатуымыз қажет. Алкогольді шектеуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырып, оған бүкіл қоғам атсалысуы керек.

Дегенмен, алкогольден де қауіпті тажал – наркотиктің барын да естен шығармайық. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде әлемдегі есірткі пайдаланушылардың саны 200 миллионнан асып жығылады. Бұл Жер бетіндегі жалпы 15 жастан асқан адам санының 4,7 % екен. Сондықтан, 1987 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы жыл сайын 26 маусымда халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күнін атап өту туралы шешім қабылдаған. Ал, Қазақстанда жыл сайын 100 мың адамға шаққанда, 350,7 адам нашақорлыққа душар болады. Ал, жасөспірімдер арасында нашақор атанғандардың саны 100 мың адамға шаққанда 473,3 адамнан келген.  Алматы қалалық наркология орталығы бас дәрігерінің реабилитациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары К. Мерзадинова еліміздің барлық наркологиялық орталықтарында 50 мыңнан аса адам тіркеуде тұрғанын, оның 55 % жастар екенін айтады. 1986 жылғы статистикада 10 мың қазақстандық нашақор болған екен. Ширек ғасыр ішінде бұл ресми көрсеткіш бес есеге өскен. Бірақ ресми емес деректер біздегі нашақорлардың саны 300 мыңнан көп дейді. Қазақстан халықаралық наркотрафиктегі транзиттік дәліздің рөлін атқаратын ел болып табылады және наркотик транзитінің бір бөлігі елімізде тұтынуға қалып қойып, үлкен проблемалар туындатуда... Соның салдарынан, соңғы үш жылда Қазақстанда 22 860 наркоқылмыс, 713 нарко контрабанда, 7614 наркотик сату фактісі анықталған. Наркотикке қатысты тәртіп бұзғаны үшін 16 737 адам, оның ішінде 298 жасөспірім ұсталған. Тонналаған есірткілік заттар тәркіленуде... Ең қауіптісі – әрбір «тәжірибелі» нашақор жыл сайын бірнеше сау адамды жаңадан нашақор қатарына қосуға «атсалысады», сол арқылы оның қатары өсіп, қанаты кеңеюде. Нашақорлық та біздің демографиямыздың өзегіне түскен жегі құрттардың бірі. Әсіресе, жастардың осы дертке көп шалдығып жатқаны қатты алаңдатады. Жастар көп жүретін түнгі клубтар, дискотекалар, кафелер мен мейрамханалар наркотиктің түр-түрін тарататын ошақтарға айналды. Осылайша, народилер жас ұрпақты ауыздандырып алып, уақыт өте келе оларды наркобизнеске табыс әкелетін наркоман құлдарға айналдыруда. Наркотик тәуелділікке алып келеді, ал, оны тұтыну үшін ақша үнемі және көп көлемде қажет. Түптің түбінде, наркоман адамгершілік сападан жұрдай, наркотиктің бір дозасын табу үшін кез-келген қылмыс түрінен тайынбайтын, дайын қылмыскерге айналады. Нашақорлыққа ұрынған адамның қайта оңалуы қиын, қымбат әрі ұзаққа созылатын процесс. Тіптен оның нәтижесіз болуы да мүмкін, яғни, нашақор санда бар, санатта жоқ, қоғам үшін пайдасынан зияны көп адам. Жылына жүздеген қазақстандық нашақорлықтан өлсе, мыңдағаны ВИЧ/СПИД жұқтырушылар мен қылмыскерлердің санын өсіруде. Осылайша, алкоголизм мен нашақорлықтан жылына мыңдаған отандастарымыз өмірден өтіп жатыр. «Сатып алған аурудың емі табылмас» деген осы болар...

Түйіндеп айтсақ, нашақорлық ұлттық геноқорымызды жою мен демографиялық ахуалымызды ақсатуға өз үлесін қосып бағуда... Сондықтан бұл сала бойынша да алдын алу мен күресу шараларын қайта қарау қажет. Бұл тұрғыда әлемде бір-біріне қарама қарсы екі бағыт қалыптасқан: біріншісі, европалық елдердегідей наротиктің белгілі бір түрлеріне арнайы рұқсат ету (ол қоғамның моральдық және физикалық іріп-шіруіне әкеліп отыр); екіншісі, шығыс және мұсылман елдеріндегідей аса қатаң жазалау (нашақорлар мен наркотик сатушыларға өлім жазасын қолдану өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр).

Біз де осы екінші бағыт сияқты, жазалауды қатты қатаңдату бағытын ұстануымыз қажет, өйтпейінше, наркомания мен наркобизнеспен күрес дұрыс нәтиже бермейтіні тәжірибеде дәлелденіп отыр.

Жығылғанға жұдырықтай болып, оның үстіне еліміздегі экологиялық ахуал да демографияға жайлы болмай тұр. Сондықтан экологиялық саясат та қайта қарау мен оңтайлы іс-әрекеттер шарасын күтуде. Экологиялық таза өндіріс пен технологияларды ынталандыруды дұрыс жолға қою аса қажет. Мысалы, гибридті автокөліктерді, электромобильдерді салықтан босату сияқты.

396 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз