• Келелі кеңес
  • 29 Наурыз, 2013

Қандай да қатынас болмасын – ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндірмеуі керек

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН, тарих ғылымдарыныңкандидаты

Соңғы кезде «көп векторлы саясат» қазақ еліне не берді, алда не береді деген мәселе баспасөзде жиі көтеріле бастады. Әрі дер кезінде дұрыс көтерілді деп қарайтын қазақтың бірі ретінде, ондай шетін мәселеден шет қала алмаймыз.

Тарихтан белгілі, мемлекеттер пайда болып, олар өзара қарым-қатынасқа түскелі әбден қалыптасқан, қанша құбылтқанмен негізгі мазмұны өзгермеген һәм өзгермейтін де дипломатиялық ұстанымда Уинистон Черчил баяғыда-ақ «Англияның мәңгілік досы да, мәңгілік жауы да жоқ, тек Англия елінің ұлттық-мемлекеттік мүддесі бар», – деп жарияламап па еді?! Дипломатиялық мәймөңкенің бет-пердесін әшкерелеу деп осыны айт. Ендеше, біздің басшы-қосшыларымыз аузынан тастамайтын «мәңгілік достықтың» құны қаншалық болмақшы? Халқымызда «құлды бәрекелді өлтіреді» дейтін аталы сөз бар. Біз осы өсиетті естен шығарып алған сияқтымыз. Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік қауіпсіздігі әр қандай шарттар мен одақтастықтардан жоғары тұруы қажет. Ендігі жерде, бізге керегі – көршілерге жалтақтап, алаңдаушылыққа салынудың қаншалық қауіпті екенін сезіне отырып, Қазақстандық бейтарап дипломатиялық саясат ұстану болмақ.

 

Қытай билігі өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері бір отбасыға, бір бала саясатын жүргізу арқылы демографиялық тасқынды бәсеңдеткенімен, қытай қоғамының болашағана қауіп төндіретін екі үлкен бас ауруына тап болғанын мойындап отыр. Оның бірі – таяу жылдарда қытайлықтардың жаппай кәртейіп, зейнеткерлер мемлекетіне айналу қаупі болса, одан да зоры – бір үйдегі еркетай бір баланың, онда да еркек баланың әсіре өзімшіл, мейірімсіз, һәм тойымсыз дүниеқорлығы «отан, отаншылдық, мемлекетшілдік» дейтін қасиетті ұғым-түсініктерді мүлде мойындамайтын «қатерлі ұрпақтың» қолына билік тізгіні тигенде «не болдымға» жолықтырар ма екен дейтін қауіп. Қытай қоғамын, бір-бірін мойындағысы келмейтін кеудемсоқ еркекшоралардың байлық пен билік үшін таласына Қытайда «қат товарға» айналған әйел жетіспеушілігінен (қытайлар да қазақтар сияқты еркек бала болуға ерекше мән береді) туындайтын бәсекелестіктің өзі қоғамның қалыпты дамуына айтарлықтай кесірін тигізетіні осы күндері-ақ белгілі бола бастады.

Бұларды текке тәптіштеп отырған жоқпын. Өткен ХХ ғасырда Шығыс Түркістанды дүр сілкіндірген екі үлкен ұлт-азаттық көтерілісі қытай офицерлерінің зорлықпен ұйғыр қыздарына үйленбекші болғанына наразылықтан басталған болатын. Нақтылап айтсақ, 1912 жылы Құмылда Темір Халпе бастаған қарулы көтеріліс пен 1931 жылы тағы сол Құмылда Қожа Нияз хажы бастаған шаруалар көтерілісі ұйғыр қыздарының ар-намысын қорғау жолындағы тәуекелден басталған болатын. Ал, дәл осындай жағдай дінге берік дүңгендер мен салтқа берік деген қазақтардың басына түсіп отыр. Бала бақшадан бастап қытайша тәрбиеленіп жатқан шағын ұлт қыздарының күнін әрең көріп жүрген, арақ пен темекі-нашаға жеңілген өз қандастарынан гөрі қалталы қытай еркелерінің етегіне жармасып жатқаны бүгінгі өмір шындығына айналды. Газет хабарына сенсек, тәуелсіздік алғалы бергі 20 жылда 5 мың қазақ қызы қытайлармен бас қосып, алды 3-4 қытай баласын (әрине, қытайша) өз төркінінде өсіріп жатқан көрінеді. Болашақта сол 5 мың қазақ қызының жеңгетайлығы арқылы 50 мың қытайдың қазаққа күйеу болмасына қандай кепілдік бар?

Қытай өз халқын сыйғыза алмай отырып 1,5 миллион қазақтың Қазақстанға көшіп кетуіне неге тосқындық қылады? Бәлкім, біздің өкімет дипломатиялық ілкімділік таныта алмай отырған болар, – дейтін аңқау өкпені талай естігенбіз. Сонда біз, «қытайға қазақ не үшін керек?– деген сұраққа біріншіден жоғарыдағы демографиялық проблемаларды жеңілдету үшін, екіншіден әрі ең негізгісі – жас қазақ мемлекеті (14 мың шаршы шақырымдық шекарасы, 16-ақ миллион қырық жамау халқы бар) шетелдегі 5 миллион қазақтың басым көпшілігін тарихи отанына оралту арқылы, өзінің демографиялық тепе-теңдігін сақтау әрі еңбек күшіне зәрулігін қанағаттандыру, сөйтіп, этникалық тұтастыққа қаратқан әр қандай әрекетіне барынша кедергі келтіргісі келетін жымысқы саясат жүргізіп отырғандығында еді.

Өз басым тарихшы болған соң және Қытайда туылып, сол жақта жоғары білім алған азамат ретінде, ата-бабаларымыздың орта ғасырдағы Қытаймен ара қатынасын бір кісідей жақсы білемін ғой деп ойлаймын. Қытаймен қатынас, сонау, ықылым заманнан тартып ерекше қүрделі де маңызды мәселе екендігі тарихтан белгілі. Бүгінгі Қазақ халқының ата тегін құраған ежелгі ұлы Хун империясы, Үйсін мемлекеті, Түрік қағанатының бәрі-бәрі де осы елмен болған ара қатынаста сауда-саттық, қыз алып қыз беру, жалған қошамет, сый-сияпатпен алдарқату, іштей ірітіп, өздеріне өздерін айдап салудай Қытайлық жымысқы саясаттың құрбанына айналып, «қырылды, жойылды,бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды». Күлтегін бабамыздың Орхон-Енисей есқерткішіндегі мәңгі тас жазуға ойып жазған мына сөздері біздің биліктегілерге мәңгі бойтұмар болуға тиіс. Ұлы бабамыз онда: «Алтынды, қүмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш /қытай/ халқыныц сөзі тәтті бұйымы асыл еді. /Олар/ тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты /өзіне/ сонша жақындатар еді. Жақын қонып сосын /олардан әдепсіз қылықты үйретуші еді. Егер, бір кісі алданса /онда/руы, халқы, тұқымына дейін қалмас еді. Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып, Түрік халқы қырылдың, Түрік халқы жойылдың!» деп мұң шағады. Шынында, Түрік қағанаты күйреген соң, біз жер бетінен мүлдем жойылып кете жаздадық. Қытайлардың басқыншы қосындары халқымызды қынадай қырып, даламызды ат тұяғымен тоздырды.

Рас, бүгінгі заман басқаша. Біз тереземіз тең, тәуелсіз ел ретінде Қытаймен тату көршілік қатынас орнаттық. Жан-жақты қарым қатынастарымыз күн өткен сайын күшейіп келеді. Бір кезде Елбасы «ғасыр келісімі» деп атаған келісімге қол қойғаннан бері көршіміздің көңілінен шығатын талай-талай келісімдерге қол қойып үлгердік. Бұдан артық қандай достық, қандай сенім керек?

Сол түсініскен, сеніскен достығымыз ол жақта отырған бір жарым миллион қандастарымыздың атажұртқа аттап басуына соншалықты сақтықпен қарап, Қазақстанға келуіне түрлі кедергі жасайды. Ал, олардың көші-қоны қытайлық әріптестер тарапынан түрлі сылтаулармен жүзеге аспай келеді. Ол аз болғандай, біздің биліктегілер де айғайға аттан қосып, сол қандастарды елге келтірмеуге барын салуда. Ол жақтағы ағайынның тағдырына біздегі көптеген дипломаттар ешқандай саяси түс беруді қаламайтын сияқты. Меніңше, осы қандастарымызды Отанға оралту қамында жүрген біздерге Пекиндегілер кекете «көрерміз, түбінде кімнің кімге қосыларын» деп отырған сияқты болады да тұрады. Себебі, Қытайдағы тарих оқулықтарында және соңғы жылдары Қытай тарихшыларының Қазақ тарихына қатысты зерттеу еңбектерінде пайымдауынша, біздің ата-бабаларымыз ешқашан тәуелсіз ел болуды армандап көрмепті. Олар тек Еженханның құзырына кіріп, шапағатына бөленуді ғана өмірлік мұрат тұтқан көрінеді. Осылай тәптіштей келе Қытай тарихшылары қазақтардың сол тарихи арманы жарым жартылай ғана, яғни, Қытайдағы бір жарым миллион қандастарымыз арқылы ғана жүзеге асып отырғандығына өкініш білдіреді. Оған Орыс империясы кінәлі дегенді ашық та емеуріндеп те аңғартады. Ал, Қазақтар «ата-бабасы армандаған» мақсатқа жету үшін Қытайға тұтас ұлт ретінде тәуелді болу керек дегенді ишаралайды. Оны толып жатқан қытайлық қисынсымақтармен дәлелдеуге дәмелі.

Шынымен-ақ ойланбасқа, қорғанбасқа болмайды. Өзінің бес мың жылдық тарихында іргелі ел, құдіретті державаға айналып, тарих сахнасында дәурендеген талай көрші ұлттар мен ұлыстарды өз боданына айналдырып тарих бетінен өшіріп жіберген Қытай елі бүгінгі күнде тарихтағы қай қездегіден де қуатты. Соңғы он-ақ жылдың өзінде экономикалық қуаты жағынан әлемдегі алтыншы орыннан екінші орынға көтерілді. Қазіргі кезде отарлаудың, баса билеудің, еліңді қіріптарлыққа душар етудің ең әккі тәсілі өмірге қелді. Бұның бірі экономикалық жақтан құрықтап, баса билеу. Яғни, бір елдің ұлттық меншігін толықтай уысында ұстау арқылы, сол елдің мемлекеттілігін мәнсіз ету. Егер, мемлекеттің талассыз меншігі болуға тиісті жер және оның қойнауындағы байлық көздері жат қолында болса, өз халқын тақырға отырғызып кеткен мемлекеттің де өмір сүруінің де мәні қалмайды. Рәміздер мен ерекше белгілер де мемлекеттік негіз бола алмайды.

Ең бастысы, бізде Қытайтану мәселесі мүлде кенжелеп қалған. Ғылыми орталықтар құру және оны қаржылық қамтамасыз ету жағы сын көтермейді. Демек, еларалық келісім-шарттар ғылыми стратегияға негізделмеген. Ал, ішкі жақтан кемелді қауіпсіздік және басқару шараларының жоқтығынан қытай азаматтары еліміздің барлық жерінде алшаң басып, еркін кезіп жүреді.

Өз басым, бізде келіп-кетіп жатқан шетелдіктерді бақылап басқару жәйі мүлде сын көтермейді дер едім. Шетелдіктер, әсіресе, Қытай азаматтары жыртық үйдің тесігінен саулаған жаңбырдай еліміздің ресми шекара өткелдерінен тыс Ресей арқылы, Қырғызстан арқылы, Өзбекстан арқылы, әйтеуір, келуге болатын барлық жолдармен Қазақстанға ағылып қеліп жатады. Қытайдың еңбек мигранттары Қытайда тұратын еліміздің дипломатиялық мекемелерінен виза алу мүмкін болмаса, Грузия немесе Украина сияқты үшінші бір елден виза алып келе береді екен. Базарларымызда емін-еркін сауда-саттықпен айналысады. Қалағанынша жеке пәтерлер жалдап тұрады. Зерігіп қалмау үшін өз қаракөз қарындастарымызбен уақытша «отау құрып» тұратындар да, тіпті, біржолата қоныстанып қалу мақсатында заңды некеге тіркелетіндер де кездеседі.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,

тарих ғылымдарының

кандидаты

 

Біздің азаматтарымыз Қытай жерінде дәл осындай еркін жүруге мүмкіндігі барма? Ол елде бұлай жүру мүлде мүмкін емес. Қытайға іскерлік жұмыс бабымен, туристік сапармен барған шетел азаматтары Қытай заңдарына сәйкес міндетті түрде белгіленген қонақ үйлерде тұрады. Әрі сол қонақ үйлерде тіркеуден өтеді. Қонақ үйдегі қатысты қызметкерлер келген шетелдік қонақ жөніндегі мәліметті ең ұзақ болғанда 24 сағат ішінде Ішкі істер органдарына мәлімдеуі шарт. Ал, шетелдік қонақтар қабылдауға лицензия алмаған қонақ үйлер немесе жекелер шетелдік қонақтарды рұқсатсыз түнетсе, көп мөлшерде айып ақша төлейді. Уақытша барған шетел азаматтарының Қытай базарларында тұрып сауда-саттық жасауы мүлде мүмкін емес. Ал, бізде не себепті бәрі де мүмкін болады?

Мүмкін болатыны, біз мыңдаған жыл бұрын ата-бабаларымызға сан соқтырып, бармақ тістеткен аңғалдығын айна қатесіз қайталап отырмыз.

Қорытып айтқанда, жер шарында демографиялық жақтан мүлде басымдылыққа өткен Қытай елі мың жылдан кейін де жер бетінде өмір сүре беретіндігі шындық. Ал, біз ата-бабаларымыз қанмен қорғаған осы қасиетті мекенде ұлт ретінде, тәуелсіз мемлекет ретінде қаламыз ба, жоқ па? Ол бүгінгі біздің Қытаймен болған ара қатынаста қандай саясат ұстануымызға байланысты болады десек асырып айтқандық болмас..

494 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз