• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2013

ЖҰМЕКЕННІҢ ӨЛЕҢІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

Бұл мысық пен тышқан «ғұмыры» туралы өлең емес. Мысыққа ойын, тышқанға өмірден басқа ештеңе керек екенін кім білмейді? Гәп басқада. Дәлірек айтқанда, мысық – ақиқат дүниедегі жыртқыш жануар. Оның прототипі – өзгенің отанында отырып отар елді ұлт ретінде құртуды көздеген отарлаушы өкімет. Тышқан – мысық тырнағына түссе аман қалмас жәндік.

Немесе атылған арыстардың сұрапыл қайратымен қамыт-қамаудан бұрқырап шығатын жол іздеп аласұрған ақын. Екіншіден, қаймағы бұзылып, қазақы қалпынан қапияда көз жазған қазақтың қайғысы. Жұмекен жырларындағы жұмбақтың шешуі – осы. Демек, ол талай жұмбақ күй шерттім, шешу ғана қалып тұр дегенде ақындық қолтаңбасы, даралығы, ойшыл-даналығы, әрі-беріден соң бас мақсатынан биік елдік мұраттың сомдалу сипатын танудың қажеттілігін айтса керек.

Қала берді жазушы Ә.Кекілбаев «...антитоталиристік бағыт ең алғашқы кітабынан көз жұмғанда үстелінде қалған, жарияланбаған жырларынан құрастырылған, өзі көре алмай кеткен соңғы кітабына дейін желісін үзбей жалғасып жатты», – дейді. Демек, оны азаттық күрескері деп білудің реті бар емес пе? Неге жұмбақ (!) ақын? Біз бұл сұраққа «Ғұмыр ертегісі» негізінде жауап берсек дейміз. Асылы, Жұмекенді тану үшін алысқа барудың керегі жоқ, олпы-солпы өлеңмен өз-өзімді түсіндіріп келем мен демекші, ақындық тағдырының талайы, жұмбақтағаны, берген жауаптары – бәрі жырларында көркемдік шешімін тапқан.

Жырдың оқиғалық сипаты мынадай. Жұмекен әлдеқалай жас ақынның «ойын арзан, күлкі қымбат» философиясына құрылған жырын ұнатып қалады да, сөз, ұйқасын ұмытқанын ескертіп, есте қалған мазмұнын былай таратады: Бірде зоология пәні мұғалімі өзіне ұнамаған шәкіртінен тышқанның қанша өмір сүретінін сұрайды. Шәкірт мұны мысықтан сұрау керек дейді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы екеуара диалог оқушы ақынға тиіп кетеді. Жаратылысқа құрмет, әлде жанашырлық па, әйтеуір ақынның жүрегі жәндіктер әлеміндегі әділетсіздік, әлімжеттікке бей-жай қарай алмайды. Дәлірегі «Ғұмыр ертегісі» осылай басталып, әлденені көз қылатыны әлден-ақ байқалады:

Жәндіктер де – тірі жан,

Тірі жанды тірілерше ұғынам!

Жәндіктің «тірі жан» екенін анықтап, ескерту әңгіменің адамға қатысы бар екенін көрсету ниетінен туған. Айталық, -ше теңеу жұрнағы жәндік пен адамның басындағы жағдайды теңеп тұр. Ақын сөйтіп, жәндіктерді жырлаған болып, адам мәселесіне жасырын жол салып отыр.

Биология ғылымы тұрғысынан алғанда, адам, жәндік – екеуі де тірі ағза иелері. Бірақ қазақ адамды тірі жан демейді. Оны әдетте кісісі өліп, қара жамылған үйдің артында қалған ұрпақтың келер харекетіне қатысты қолданады: «Тірі жан тіршілігін жасайды». Ақын осы пассив мағынаны актив адам ұғымы орнына жұмсаған. Яғни, жәндіктер арасындағы қатынас халы тірі – адамдар басында да бар. Соны мегзеп, адам мәселесін құпия қойған. Егер ақын тірінің орнына адамды алса, айтары айқындалып, жырдың «арты» түсінікті болып қалмақ.

Олай дейтініміз Жұмекен – отарлық тепкінің тұсында ақындық құрған ақын. Жұмекен жырларына құлақ түрсек, Не сезінсең сол жайлы, ашық айту болмайды, о, болмайды, болмайды, – дейді. Ендеше, ақын ойының астарлы, тілінің сақ шығуы ешқандай да тылсым күштің (шабыт) нәтижесі емес, қоғам қыспағының қорытындысы. Ол – әйгілі 60-шы жылдар.

60-жылдары әдебиетке екпіндеп келген буынды ұлтшыл қаламгерлер құрады. Ал, бұл уақытта сарай әдебиетінің бағы жанып тұрды. Жұмекендерді еншілі биігіне жібермей, өмірін өксіткенде, өкімет соған қолдау жасаған. Ол туралы тарихтан білеміз. Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді деген сөздің ролі өнерде жақсы жүрді. «Ғұмыр ертегісі» де осылай дейді:

Қағып тастап кекілді,

Мына өмірде бақыт тауып не түрлі,

Сенің бүйтіп жүргенің де, жігітім,

әлдекімнің тоқтығынан секілді.

Жұмекеннің ойынша, өлеңді жаздырушы, ақын – екеуі де маусымдық құндылықтар. Ақын берген екінші анықтама – тоғышарлар тоғайы. Абай айтқан шырылдауық шегірткенің мысалы. Оларда күндік көңіл бар. Қазақтың рухы, қазақтың тарихы туралы түсінік жоқ. Отаны – он бес одақтас құрама республика. Қайдан келеді, қайда барады – оны ойламайды, ол Орталықтың есебінен шешілген. Адам қалай дамып, қалай қалыптасу керек – бәрі соның нұсқауымен жүзеге асады. Сарай ақыны өзі болып Мәңгілік мұра – елдікті іздемейді.

Жұмекен секілді ұлт тақырыбын көтерген ұлтшылдар қаламы қысымға ұшырап, ер Махамбеттей ақырып, теңдік сұрай алмады. М.Мағауиннің сөзі ойымызды расқа шығарып, осы реттерде ұлтшыл қаламгерлердің әр қилы әдіс-тәсіл, амал-айлаға арқа сүйегенін айтады. Жұмекен Сөздерімнің адал шындық – жартысы, қалған жартысы – ойдан шыққан – өтірік! – дейді. Оның өтірігі – сол өлең түбіндегі астардың тілі. Адал шындығы бір сөзінің тасасындағы асылы, яки ақындық ұстын-ұстанымы.

Өкінішке қарай, ақын жырының құпиясы көз көретін деңгейден терең, сөз түбінде жатқандықтан, оған терең бойлай алмай келеміз. Дәлірек айтсақ, қазіргі жұмекентану Жұмекенді асып, әлі де болса жырындағы қайсар рухты белгілей қойған жоқ. Рухы жаншылған ұлтты қорғап, тәуелсіздік сұрау үшін ақынға бұғып сөйлеп, сөзге бояу жағып, мағынасын қалыңдату, қосу керек іс болған. Әңгіме біздің өреде болып тұр.

Көркемдікті жасырамын мен кейде,

Түк қалдырмай көз көретін деңгейге.

Мен түгілі табиғат та асылын

Тереңірек, тереңірек көмбей ме?

Ауыр» сөзінің бар синонимінің Жұмекеннің анықтауышы болу себебі осында. Жұмекеннің «ұрланып» жырлау дәстүрін түсінбеген оқырманы оны жұмбақ көрсе, ол бірте-бірте анықтауышқа айналып, ақынның қыр-соңынан қалмай қойды. Ақын өлеңдері осыны айғақтайды: Қасым сырын ұғынбады көп ешкім, мезгілінде мен де ұғынған емеспін. Себебі Жұмекен өзін әлі өмірде жоқ Қазақ мемлекетінің ақыны санап өтті: Керегі жоқ кезде бекер тудым. Жұмекен өлеңдеріндегі топырақ – алаш, тамыр – алаш идеясының символы: Мен – тамырмын. Тамыр өссе тарайды топыраққа.

Жұмекентанудың алдындағы бүгінгі зор міндет – осы асылды тауып, ұлт руханиятының игілігіне айналдыру. Себебі Жұмекеннің өлеңдерінде шаң, уақыттың шаңы бар: Менің дағы шаңымды қағып мезгіл, іздеп тауып алғанша бір оқушы.

Ол үшін ақынның астарлау әдісін, жұмбағының жоспарын меңгеру керек. Айталық, Мағжанның тілімен айтсақ, «өз шерін шертіп отырып, елдің шерін шертетін» қулығын қақпай, «бірді айтып, бірге кетеді» деп сынаған өз ортасы еді. Немесе «бірде өз-өзіне қарсы шығып, жекелеген жандар басында ғана кездесетін сәтсіздіктерді күйттеп кететіндігі аңғарылады. Ақын объективті ғана пікір айтып, жалпы адам баласына тән қасиеттерді қастерлеу орнына жеке бастық – субъективтік пікірді жоғары қойған» – деген сын да сол уақытта айтылған.

Бір қарағанда «Ғұмыр ертегісі» – мысалға ұқсайтын жыр. Ақын салғаннан мысық пен тышқан арасындағы текетіреске тоқталып, оқушы назарын соған аударады. Тышқан байғұстың таусыншақ күнін өзі белгілеп, тәбетінің құрбаны қылатын пасықтығы үшін мысықты құптамайтыны көзге ұрып тұрады. Сөйтсе, оның себебі бар. Өзі де тышқанның аз-ақ алдында.

Жүрек байғұс тулап ұрып, ұшып тұр,

Тышқан

құсап

алдындағы мысықтың.

Олай дейтіні ақын сөзі мысық-цензура бақылауында. Ашықтан-ашық терістелген қазақ тарихын түгелдей алмақ түгілі, өз тағдырына өзінің билігі жүрмейді. Ой тұсаулы. Бостандық бер десе, ондай жырды мысық-цензураның қақ айыруы аз, баспадан шыққан кітабын турап жіберуі ғажап емес. Ал, одан қорқып, бас сауғалайын десе, ұлттың басына қатер төніп тұр. Осы екі оттың ортасы ақынға қыпылдап, ініне тығылған тышқанның кейпін таңдатқан.

«Ойылды келіп алғаны – ойындағысы болғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны» демекші, өкімет қазақтың жеріне орыс мұжығын көшіріп, орыс саясатын жүргізіп қана қоймай, адамның жеке өміріне араласып, ғұмырына да билік жүргізді. Бұрынғы қазақ Құдайдың берген жасын жасайтын. Ақын соны аңсайды:

Ақ сақалы Кавказ-шыңмен жарасып,

Отыр қария жүз алпыстан әрі асып...

Ғұмыр деген осы емес пе, досым, ал,

Екі жүз аз қарағанда осыған,

Адам ата тоғыз жүз жасаған,

Адам – адам,

Қай кезде де осы адам!

Расында, мысық – Құдай билігі орнағалы қазақ қаны судай ақты.

Ал,

біреудің

орта жасы? Расы,

Тәбетіне байланысты мысықтың!

Біреу

деп отырғаны – жазықсыз жапа шеккендер. 20-ғасырдың басына қараңыз, ел болайық деген қазақ оқығандарын баудай қырып, қалған қазақты аштан қатырған өкіметтің ісі зорлық емей немене? Ұлы Отан соғысы қанша қазақтың шаңырағын ортасына түсіріп, қанша баланың көз жасына қалғанын өмірдің өзі көрсетті. Сол үйдің бірі – Жұмекеннің үйі. Ақын әкесінің соғысқа аттанып, қайтпағанда ажалы емес, мысық тілеулестің сасық қулығынан өлгенін уайым етеді.

Жиырма бесте менің әкем түсіпті

Тырнағына соғыс деген мысықтың.

Қанша миллион бала әкесіз боп өсті,

Жазып көрсем нөлдің өзін жеткізе алар емеспін.

Дұрысында қарсы келсең жаныңды алар мысық – идеология үстемдігі мұнымен бітпейді. Ақын газеттері тыныштық деп майдалағанмен, әлі майдан жүріп жатқанын іштей сезіп, былай дейді: жұлқып жатқан ешкім жоқ жағамды ұстап, түймем бірақ тым жиі үзіледі. Осынау түймесін үзген күрестен қажып, түбі мысық саясат жеңіп, өзі өліп жеңілерін көре білген.

Сақтан, Адам!

Жәндіктердің қазасын да қайғы ғып,

Жас төгетін жаның сенің мәлім-ді,

Тек қартайып өлетұғын кәдімгі

«Орта жастан» өзің қалма айырылып.

Сонда ақынның да орта жасын мысық ие белгілеп, обалына қалмақшы. Мысық саясаттың тырнағында ілінген ақынның тірі қалуы неғайбыл. Өлең соңында Жүрек байғұс тулап ұрып, ұшып тұр, Тышқан құсап алдындағы мысықтың – деген жолдарды қайталауының мәнісі – осы.

Жұмекен халқына адал қызмет етті. Құдай маңдайға жазған орта жасқа жетсем деді. Тырнақ астынан кір іздеген қоғам оған қоймады. Ақынның нәзік жанымен жұмыс жасады. Жүрегіне жүк түсірді. Жұмекен инфаркт алды. Тым құрыса қартайып өле алмады. 48 жасында кенеттен қайтыс болды.

Міне, «Ғұмыр ертегісі» отаршыл өкімет саясында қазақтың көрген күні осы, қазақ бостандық алмай, тауда жүріп таусылған барыс құсап ұлттық рух, ұлттық мүддесінен айырылып, тоз-тоз болмақшы деген идеяны осылай күн тәрібіне қойып кетті.

Жұмекеннің оқырманы енді туады дегеннен гөрі ұлттық идея мемлекет деңгейінде үстемдік еткенде ғана Жұмекен жырының жұлдызы жанады деген дұрыс. Сосын оның атын атап, тізімге қосуды сәнге айналдырғанды қойып, үлкен құрметпен «Күрескер ақын» атасақ қайтеді? «Жұмбақ» анықтауышы – мезгілінде ұғынбаған ел берген эпитет. Біз бүгін Жұмекеннің ел мұраты үшін жанын қасым қылғанын біліп, қайсар рухына куә болып отырған жоқпыз ба? Немесе бүгінгі бостандықта Жұмекеннің де үлесі барын ұмытпайық.

 

Гүлбану НҰРЫМҚЫЗЫ,

 

филология ғылымдарының

 

кандидаты, жұмекентанушы

 

496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз