• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2013

ЖАЗУШЫ СЕРІК АСЫЛБЕКҰЛЫНЫҢ «РӘБИҒАНЫҢ МАХАББАТЫ» драмалық пьесасының эстетикалық-гуманистік тағылымы

Қазақ әдебиетінің тарихына ХХ ғасырдың 80-жылдары прозалық (әңгіме, повесть), драматургиялық (драма, киносценарий) туындыларымен елеулі үлес қоса қосылған жазушы-драматург Серік Асылбекұлының шығармашылығы да қазіргі әдеби үдерістегі өзіндік болмысымен саралана байқалады. Жазушының «Кешігіп қайтқан тырналар (1981), «Оттан да ыстық өмір» (1984); «Мұғалімдар күні» (1986), «Зимние каникулы» (1989), «Прощальный бал» (1993); «Сағыныш» (1994), «Атажұртта» (1996), «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген шығармаларының екі томдығы (2008) – бәрі де ұлттық рухани құндылықтар қатарында бағаланады. Қаламгердің пьесалары драматургияның классикалық поэтикалық дәстүрлі сипаты аясында жазылып, республикамыздың театрлары сахналарында үздіксіз қойылып келеді. Жазушы-драматургтің пьесалары әдеби сипаты мен оқырмандарының жылы сезіммен қабылдауына ие болды, ал, сахналық қойылымдарымен көрермендерінің де ыстық ықыласына ие болуда.

Жазушы-драматургтің «Желтоқсан түні» атты пьесасының сахналық қойылымына 1998 жылы қазіргі заман шындығын бейнелеудегі шеберлік деңгейі үшін Тараз қаласында өткен республикалық театр фестивалінің, сонымен бірге «Күзгі романс» пьесасына Қазақстан Республикасы ұлттық кітапханасы мен «Самсунг электроника» корпорациясы бірігіп ұйымдастырған республикалық конкурстың бас жүлдесі берілген.

Жазушының драматургиялық шығармалары психологиялық-лирикалы тұтастықтағы драмалық сипатымен ерекшеленеді. Қаламгердің драмалық пьесаларының сюжеттік-композициялық желілерін тұтастырып, әуелі оқырмандарын одан кейінгі көрермендерін баурап отыратын поэтикалық/лирикалық-психологиялық сарынды, романтикалық-реалистік әуенді тұтастық. Серік Асылбекұлының драмалық пьесаларының сюжеттік-композициялық желілерін тұтастырып тұрған негізгі классикалық заңдылықтар жүйесінің біріншісі – көркем шындық пен бейнелерді жинақтап сыйғызатын пьесаның ықшам көлем-мөлшері; екіншісі – пьесаның әдеби-поэтикалық болмысын танытатын кейіпкерлер диалогтар мен монологтардың өрнектері; үшіншісі – кейіпкерлердің қимыл-әрекеттерінің – тартыс-қақтығыстарының нанымдылығы; төртіншісі – сахналық қойытылымдағы – режиссердің, актерлердің, суретшінің, композитордың, жарық түсірушілердің, ұсталардың, киім тігушілердің, гримерлердің, т.б. ұжымдық шығармашылық үлесінің қазіргі заманғы өркениет ұстанымдарымен сәйкестігі де ұлттық сөз өнері мен театр өнері жетістіктері қатарында бағаланады.

Қазақ драматургиясының жанр жүйесін ғылыми-теориялық тұрғыда жан-жақты талдап қарастырған академик Р. Нұрғалиевтің «Драмадағы жағдай және қаһарман тақырыбымен байыптаған тұжырымы Серік Асылбекұлының пьесаларындағы өмір шындығын көркем шындықпен бейнелеу ұстанымын түсінуге бағдарлайды:

«Күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстары драмада жан-жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар драмалық ауыр шайқастарға салып, оның рухани адамгершілік қуатын сынап көреді; алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресу үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты, психологиялық ситуациялар, тудырады» (Нұрғалиев Р. Айдын: Қазақ драматургиясының жанр жүйесі: Монография. – Алматы: Өнер, 1985. – 400 б.; 244-бет).

Жазушы Серік Асылбекұлының драмалық пьесаларында осы айтылған поэтикалық ерекшеліктер айқын байқалады. Күнделікті тұрмыстық-әлеуметтік саналуан ортада еңбек етіп өмір сүріп жатқан адамдардың өзара үндес, сонымен бірге бір-бірімен үйлеспейтін қарама-қайшылықты мінез-құлық психологиясымен ерекшеленетіні – табиғи шындық. Олардың сондай болмыс аясында жүріп, тұрмыстық-әлеуметтік мәжбүрлікпен бір ұжымда еңбек етіп жүргенде немесе кездейсоқ жағдайларда дидарласып-сұхбаттасқанда және т.б. алуан түрлі себептермен болатын қауышуларда – бәрінде де үйлесім мен сәйкессіздік салдарынан өзара түсінісулерге де, бітіспес қақтығыстарға да душар болатыны жазушы пьесаларының тақырыптық-идеялық арқауында алынған. Бұл орайда жазушының екі актілі, төрт суретті «Рәбиғаның махаббаты», екі бөлімді «Күзгі романс» драмалық пьесаларының тіршіліктегі адамдар психологиясын саралаудағы реализмін анық көреміз.

«Рәбиғаның махаббаты» пьесасының тақырыбы – қазіргі қазақ орта мектебіндегі педагогикалық хал-ахуал, идеясы, педагогикалық-психологиялық деңгейі мамандығына сәйкес емес сезімсіз, топас, мұғалімсымақтардың кесірінен ұрпақ тәрбиесіне жасалып жатқан қазіргі оспадар, келеңсіз жағдайларды сынау Пьесаның сюжеттік-композициялық желісі мынадай бөліктерден құралған: біріншісі – пьесаның басты кейіпкері Рәбиғаның шынайы сезімін, ғашықтығын ашық білдіріп, мұғалімі Мадридке хат жазғаны, ол хат Мадрид және мұғалімдер (Ұлықпан, Айжан Құдайбергенова, Роза Қасымханова, Қамқа) тарапынан айыпталып, талқыланып, оған қорланған Рәбиғаның сірке суын ішіп уланып ауруханада қайтыс болғаны; екіншісі – Рәбиғаны шын беріле сүйген, бірақ, ықыласы қыз тарапынан қабылданбай, мәңгілік өкініш қасіретін арқалаған жігіт Уәтай сезімінің шынайылығы; үшіншісі – мемлекеттік басқару-әкімшілік жүйенің әділетсіз құрсауындағы педагогикалық-психологиялық деңгейі мамандығына сәйкес емес сезімсіз, топас мұғалімсымақтардың кесірінен ұрпақ тәрбиесіне жасалып жатқан оспадар, келеңсіз жағдайды сынау.

Пьесаның басты кейіпкері – мектепті бітіруіне екі-үш ай ғана қалған 10-сынып оқушысы, бойжеткен қыз Рәбиға. Оның толыққанды әдеби-көркем бейнесі пьеса кейіпкерлерінің диалогтары, өзінің жазған хаттары (бірінші – мұғалімі Мадридке жазғаны; екіншісі – қайтыс болары алдында қалдырған жазбасы). Рәбиғаның жас мұғалім Мадридке ғашық болғаны, соның салдарынан өзіне шын ғашық Уәтайдың ықыласын қабылдамағаны, Мадридің сезімсіз, топастығын, қатыгездігін, мейірімсіздігін көріп, қорланған, сірке суын ішіп уланып өліп кеткенін – қорлық отына өртенген осындай аса сезімтал адамдар психологиясына ортақ трагедиялық жағдайдың көрінісі. Адамзат ұрпақтары арасындағы осындай қазақ мектебіндегі педагогикалық ортаның мүсәкірлік-міскіндік психологиямен өмір сүріп жатқан психологиялық-тұрмыстық хал-ахуалындай жағдайдың болатындығы көркем шындықпен бейнеленген. Пьесаның көркемдік түйіні – жеке адамның шынайы, пәк, адам сезімінің мансапқор, өзімшіл, мейірімсіз, тасжүрек адамдар ортасында ешқашанда бағаланбайтын, қор болатын трагедиялық болмысын көркем шындық эстетикасының сыншыл тілімен ұғындыру. Адал көңілін, шынайы ғашықтық мөлдір сезімін білдіріп, мұғалімі Мадридке жазған оқушы Рәбиғаның хаты – пәк көңілді, періште пиғылды жанның адал ықыласының көрінісі: «Мадрид!.. Ағай, Сіз менің өстіп атыңызбен атағаныма ашуланбаңыз. Рас, сіз мұғалімсіз, бізге білім бересіз. Үлгілі адамсыз. Бірақ, мен сізді сүйемін, сондықтан да, атыңызбен атап отырмын, Сүйген адамыңды ең болмаса бір рет хат жүзінде болса да атымен атағанның айыбы жоқ шығар.

Ағай, мүмкін сіз мені ұятсыз деп ішіңізден сөгерсіз, жалынам – өйтпеңізші. Ойланыңызшы, сіз бізге мұғалім болғаныңыз болмаса, менен төрт-бес жас үлкенсіз. Мен қайтем енді?! Әуелі әрі-бері «айтпай-ақ қояйын, сіз болмай-ақ қойсын, ұят қой менің мұным, ұят...», деп өзімді талай тежедім. Бірақ төзімнің де шегі бар емес пе?» (Асылбекұлы С. Шығармалары. – Астана: Фолиант, 2008. – Т. 2. – 416-б.; 315-316-бб.). Бұл – әлемдік сөз өнеріндегі фольклор мен әдебиет шығармаларының тақырыптық нысанында үздіксіз жалғасып келе жатқан адам тағдырының кейіпкер арқылы бейнелену дәстүрінің жалғасы. «Қамбар батыр» жырындағы Назымның, «Қобыланды батыр» жырындағы Қарлығаның, А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» драмалық-трагедиялық осындай психологиялық хал-ахуалды, осы Рәбиға бейнесі арқылы сезінеміз. Фәниден кетер сәтінде «Егер мен осыдан өле кетсем, оған ешкім де кінәлі емес. Уәтай, сен мені кешір» (319-бет), – деген жазбасын тастап кеткен жанның адамдарға тек қана жақсылық ойлаған үлкен жүректің болмысын аңғарамыз. Рәбиға – орта мектепті бітіру қарсаңында жүрген романтикалық әсерге бөленген аса сезімтал бойжеткен қыздарға тән мінез-құлық психологиясы, байқататын бейне. Жазушы оның Мадридке жазған хатымен, сонымен бірге, өзін сүйген Уәтаймен сырласқан кездегі сөздерімен де тіршілік қызықтарына құмар, адамдардың бәрін жақсылық, ізгілік тұрғысынан ғана түсінетін романтикалық бейне тұрғысында танытқан поэзиялық романындағы Татьянаның ғашықтық өзін бірінші болып ұсынуы – адамзат ұрпақтарына тән сезім шынайылығының көрсеткіштері емес пе? Бұл орайда, жазушы Серік Асылбекұлының «Рәбиғаның махаббаты» пьесасында драмалық-трагедиялық сыншыл түйін – қазіргі қазақ мектебіндегі білімсіздіктен туындаған әпербақандық, әсіре белсенділік, антипедагогикалық ұстанымдағы сезімсіз, топас мұғалімсымақтардың қырсық келбеттерін әшкерелеу. Орталау және жоғары сынып оқушыларына тән табиғи физиономиялық-психологиялық жыныстық жетілу, әсіресе, қызбалалардағы бойжету кезеңіндегі сезім әлеміне құрметпен, тәлімгерлік қамқорлықпен қарау – педагогикалық жұмыстың аса нәзік, жауапты міндеті. Мұны орындай алмаған мұғалім, өз пәнін сонша жетік білуші, түсіндіруші болғанымен нағыз ұстаз – тәрбиеші бола алмайды. Қазіргі қазақ мектебіндегі жоғары білімді-дипломды мұғалімдердің де, педагогикалық ұжым басшыларының да адамгершілік тәлім-тәрбиесін жүзеге асыруда классикалық негізгі ежелден келе жатқан қасиетті ұстаздық-мұғалімдік қызметтеріндегі құлдырауға, тоқырауға ұшырап отырғаны – тарихи ақиқат. Пьесаның басты кейіпкері 10-сынып оқушысы Рәбиғаның жазған хатын мұғалімдерге жария етіп, шәкіртінің өзіне деген адал көңілін, пәк сезімін қорлаған сезімсіз, жендет пиғылды Мадрид – көркем жинақталған типтік бейне. Мектептегі бастауыш, орталау, жоғары сыныптарда, сонымен бірге жоғары оқу орындарында да осы Мадрид тектес қарақан басының мансабын, атағын, пайдасын ғана ойлайтын шәкірттерінің ықыласына, көңіл-күйіне, сезім толғаныстарына, тұрмыс тауқыметі мен арпалысып жүрген қиналыстарына мән бермейтін сезімнен жұрдай адамдардың бар екені де анық. Пәк көңілімен, адал сезімімен жүрек сырын ақтарған шәкірт Рәбиғаға нағыз ұстаздық, ағалық ақылын айтып, қыздың лапылдаған сезіміне тоқтау салып, өзі анық біліп жүрген сол қызға ғашық Уәтай мен ұғысып, табысып кетуіне ықпал етуі тиіс еді. Әрине, Мадрид тектес адамдар ондай адамгершілік-имандылықтан жұрдай қалпымен, қызғаншақтық-қараулық құрсауында тек өз басының пайдасын ойлаумен, қоғамның белсенді мүшелерімен бірге өмір сүріп жатқаны да мәлім.

Пьеса кейіпкері Рәбиғаға ғашық Уәтайдың сөзімен жұртшылық алдында Мадридтің, сол арқылы сол тектес сырты бүтін, іші түтін жандардың да уақыт пен кеңістіктегі жүріп жатқаны айқындалады:

1. «... бәріңіз де жоғары білімді, мәдениетті кісісіздер. Бірақ, тергеушілерің бар, инспекторларың бар – күлліңіз жиналып бір Рәбиғаны кім өлтіргенін таппай-ақ қойдыңыздар! Жо-жоқ, сіздер бәрін де білесіздер! Тек Рәбиғаның қой соңында жүрген момын әке-шешесінің қолынан ештеңе келмейтінін біліп, барлық істі тып-типыл етіп, жапқалы жатырсыздар. Қадірлі ұстаздар-ау, ұят қайда, ұят!?.».

2. «... оны өлтірген – мына Мадрид! Басынан баяндайын. Мен мұны бала күнінен білем. Мектепке ол бізбен екі-үш класс бұрын оқыды. Рас, біздей емес, тырысып, жақсы оқыды. Тырысып жүріп, оныншыны бітіре сала институтқа түсті. Былтырдан бері мұғалім болып жүр.

... Иә, мұғалім деген – жақсы атақ. Бірақ, мен мұғалім болған екен деп Мадридті өтірік мақтай алмаймын – ол мектепте оқып жүргенде-ақ атақ-құмар еді, титтей бір артықшылығын құр жібермей, жұрттың көзіне түсуді ойлайтын.

... Қысқасы, Есенбаев – мансап үшін жаратылған адам. Күні ертең оның мына біздерді басқаратын әкімшіліктердің бірінен жылы орын табатынына еш шүбәланбаймын. Өздеріңіз-ақ айтыңыздаршы, егер, ол Рәбиғаның хатын ешкімге көрсетпей, қоя салғанда ештеңе де болмайтын еді ғой. Ендеше, мен күлтелектетпей, ашығын айтайын, Рәбиғаны өлтірген сен! ... Егер, мен заң қызметкері болсам, мұны сонысы үшін түрмеде шірітер едім. Әттең, сондай билік менде жоқ» (Асылбекұлы С. Шығармалар. Т. 2. .... – 333-335-бб.).

Мадрид – қазақ мектептерiндегi мұғалімдік қызмет істейтін пәнін біршама жақсы оқытатын, қоғамдық жұмыстарды (көркем өнерпаз үйірмесі, спорт жарыстары, т.б.) белсенді атқаратын, бірақ, адамгершілік-имандылық қасиеттерге байланысты мәселелерде меңіреу, селқос, сезімсіз безбүйрек, мейірімсіз қасиеттерімен ғана танылатындардың жинақталған бейнесі. Осындайлардан құралған мансапқор, тоғышар адамдардың маңайындағыларға да тек өз ұстанымы тұрғысынан ғана баға беріп өмір сүретіні ақиқат. Рәбиғаның өзін жақсы көретінін де, Уәтайдың оны қызғанатынын да білетінін айта отырып, өзін ұстаздық қызметтің нағыз иесі етіп бағалауы да өзі тектестер үшін дұрыс болып көрінетіні де мәлім:

«Мадрид. Уәтайдың маған жала жауып тұрғаны тегін емес, оның Рәбиғада көңілі болған...

Уәтай.

Рас, жасырмаймын, болған.

Мадрид.

Ал, Рәбиға мені жақсы көрді, сондықтан, оның маған бұрыннан қаны қас. Рәбиғаны менен қызғанады. Иә, мен хатты мектептегі қыздар советінің төрағасы – Розаға бердім. Мен педагогпын, ұстазбын! Ондай бейморальдық әрекеттерге бара алмаймын. Ал, хатты бергенім – мәселе одан әрі ушықпасын дедім» (Асылбекұлы С. Шығармалары... Т. 2. – 335-б.).

Пьесадағы авторлық көркемдік шешім арқылы қазіргі қазақ мектептеріндегі мұғалімдер қызметтерінің мемлекеттің материалдық және рухани қолдауы деңгейінің сипаты да бағаланған. Пьеса кейіпкері, Рәбиғаның класс жетекшісі Ұлықпанның монологтары арқылы шәкірттерді оқытып және тәрбиелеудегі олқылықтарды мемлекеттің қоғамдық-әлеуметтік хал-ахуалымен сабақтастыра бағалауы да дәлелді, дәйекті берілген:

1. «Ұлықпан. Иә, шындықты айтуымыз керек. Жалпы, бізге ғана емес, осы біздің қоғамымызға да жетпейтін ең басты нәрсе осы шындық пен адалдық-ау деймін. Жаңа Уәтай дұрыс айтты, Рәбиғаның қазасына бәріміз де кінәлі екенбіз... Тіпті, одан да гөрі жинақтау айтсам, Рәбиғаның қазасына күллі қазақ қауымы, қала берді біздің барша қоғамдық жүйеміз кінәлі (Асылбекұлы С. Шығармалары. Т. 2. – 336-б.).

2. «Ұлықпан. Байқап қараңыздаршы, осы уақытқа дейін біздің өкіметіміз бүкіл қоғамның тәрбиешілері-мұғалімдер қауымына не материалдық жағынан, рухани жағынан мемлекеттік қолдау көрсетті ме? Жоқ, сандаған жылдар бойы бюрократиялық аппарат бізді игілік атаулының бәрінен кейін ысырап тастады. Олар бізге ұлтымыздың ар-ұжданы, иманы тәрбиешілер ретінде емес, бар болғаны өздерінің идеологиялық қызметшілері ретінде ғана қарады. Сондай жүдеу, көтерем тәрбиенің біздің Рәбиғаны апатқа жетелемеуі мүмкін емес еді. Жолдастар, біз талқылап отырған өлім – нағыз қазақи өлім, артта қалған осындай қоғамдық құрылыста ғана ұшырасатын қайғылы феномен! (Асылбекұлы С. Шығармалар. Т. 2. – 337-б.).

Демек, «Рәбиғаның махаббаты» драмалық пьесасының идеялық түйіні – білім мен тәрбие беру нысандарына мемлекеттік басқару жүйесі тарапынан болған астам, өктем, озбыр ұстанымдардың трагедиялық салдарын дәйектеу. Қорыта айтқанда, драматург жазушы Серік Асылбекұлының драмалық туындысының көркемдік-эстетикалық сипаты арқылы қазіргі қазақ драматургиясының классикалық әдебиет деңгейіндегі биіктігі танылады.

 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

969 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз