• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2013

Демогогия

 Европа тілінде «демогогия» деген сөз бар. Ол сөздің мағынасын толық көрсетіп, баспа-бас төлеуіне тұрғандай қазақта сөз жоқ. Тұлпар төлеуіне тұғыр бергендей етіп, «демогогияны» қазақша айтсақ, жұртқа жақсы атты көріну болады. Жұртқа жақсы атты болу бар, жақсы атты көріну бар. Екеуінің арасы айыра білген адамға жер мен көктей. Халыққа жақсы атты болған адамдар ақылымен, білімімен, таза құлқымен жақсы атты болады. Жақсы атты көрінетін адамдар көбінесе көңіл аулап жақсы көрінбек. Алдыңғылар ақыл жағын ала іс қылғанда, соңғылар көңіл жағын ала іс қылады. Неғұрлым халық саңылаулы болса, ақыл жағын қуаттайды, неғұрлым халық қараңғы болса, көңіл жағын қуаттайды. Қараңғы халықты өзіне ертіп, қару қара қыламын дегендер халықтың ақыл жағын қойып, көңіл жағын ала іс қылады. Солай істеушілердің өздерін Европа тілінде демогог деп, істері демогогия деп аталады. Биылғы орыс бүліншілігі, былтырғы қазақ бүліншілігі демогогия деп қандай істер айтылатынын түгел түсіндіреді.

Осы күні орыстар соғысып жатқан жауын тастап, өзді-өзі ұрысып, бірін-бірі жаудан жаман қырып жатыр. Мұнысы ақыл жағынан қарағанда ақымақтықтан басқаға келмейді. Ит екеш ит те қораға қасқыр шауып жатқанда, өзді-өзі таласпайды. Орыста иттің ісіндей де іс қалмай отырғаны демогогияның салдары. Бостандық болғаннан кейін әр партия жұртты өзіне қаратып, елді өзі билеп, өзі түзу деген жағына жүргізбекші болды. Біреулер ақыл жағынан ала, еске сүйене іс қылды. Біреулер жұрттың көңіл жағын аулай нәпсі ісіне сүйене іс қылды. Ақыл жағын ала іс қылғандар Россия мемлекеті бұрынғы ұлы мемлекет болған дәрежесінен, абыройынан айырылмау жағын көздеді. Көңіл жағын аулай іс қылғандар жұрттың қазіргі көңілі тілеп тұрған жағына қызықтыра іс қылды. Халықтың білімді, саңылаулы табы ақылға қонымды жағына ерді. Халықтың қараңғы табы көңілге жағымды қызықтырған жағына ерді. Россия мәдениет жүзінде кейін қалған, саңылаулысы аз, қараңғысы көп мемлекет екені белгілі. Сондықтан, ақыл жағы азда қалып, көңіл жағы көптік алды. Тілді қызықтырудың өзі екі түрлі болды. Біреулер баяғыдан бері мұжықтың ынтығын құртқан жер еді деп, жер әуелі құдай, екінші жерге еңбек сіңіргендікі деп, тегін жер береміз деген соң мұжықтар бұған еріп кетті. Бірақ, бұларда да көбі ел ертуге ептірек адамдар табылды. Олар жерден де гөрі ынтығырақ болып тұрған жақтан қызықтыра іс қылды. 4 жылдай арқасына батып, халықты жауыр қылған, атадан, анадан, қатыннан, баладан жұрттың көбін айырған Европа соғысы бар. 4 жылдан берлі өлгені өліп, калғаны қашан үйімізге қайтамыз деп, зарығып отырған майданда неше миллион солдат бар. Россияның, қару-жарақ, бар күші соларда. Оларды кім өзіне қаратып, ертіп алса, қара күштің бәрі сонда болмақ. Бұларды ертіп алу да елді ертуден де оңай болды. Өйткені, ақылға салып, аржағын ойлайтын адамдар олардың арасында да аз. Көбі қараңғы. Қараңғының ақылы, көңілі көңіліне жақты, ақылға қарамады. Соғыстан қашып, үйін сағынып, кайтқысы келіп тұрған солдаттарға үйіңе қайтарамын дегеннен артық көңіліне жағымды нәрсе болар ма? Россияның билігі қолымызға тисе, тез бітім жасап, елге қайтарамыз деушілер шығып еді, солдаттар оларға еріп кетті. Мұның бәрінің ақыры не болып шықты? Россия ұлы мемлекеттің бірі еді. Бұл күнде қатардан қалып, нөл мағынасында болып қалды. Оның үстіне өзді-өзді ұрысып, бірін-бірі талап, өртеп, бүлініп жатқаны мынау.  

«Қазақ» газеті, №258-265, 1918 жыл.

426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз