• Ұлттану
  • 26 Сәуір, 2013

ДУМАН РАМАЗАННЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

Айгүл Кемелбаева, жазушы

Қазақ әдебиетінде, XX ғасырдың 80-ші жылдары ұлттық тамырдан ішінара ірге ажырау басталғанын айғақтайтын әдеби туындылар көбірек жазыла бастағаны белгілі. Бауыры ауылдан әзір суына қоймаған қазақтың, енді, қаласыз күні болмайтынын танытар күй сарын әдебиеттің өзегін жаулай бастаған. Әлем қопарыла өзгеріп жатқанда алабөтен ауысулар мен түп негізден айырылулар болмай қалмайтынын, біздің, жазушылар санадан тыс мұң, шер, түйсік арқылы беретін еді. Қаны қазақ жазушы атаулы – қазақ дәстүрін беруден жалықпауы заңдылық, өйткені, сол асыл топырақтан барған сайын табаны ажырай бастайды. Соның үшін, ауыл – қазақ ұлты үшін жоғалған жұмақ болмаса екен деп Құдайдан жалбарына тілеу керек.


Думан Рамазан, сол ежелгі қалыбынан кеткісі жоқ мамыражай ауыл баласының психологиясын бірнеше әңгімесінде дәл береді. Сағыныш ауылда өскен қазақты шарпыса, жоғалған пышақтың сабы алтын. Бірақ, бұл сағыныштың өзі иррациональды сағыныш, басында сызы терең білінбеген болатын. Қазақ тұрмысындағы көшпелі тіршілік көзі қой бағудың қиюы қашуы Жұмабай Шаштайұлының «Қызыл қар» атты тамаша повесінде алапат құсамен суреттеледі.
Думан Рамазанның «Жылап аққан тамшылар» атты жаңа прозалық жинағына негізінен көркем әңгімелері топтастырылып, жарық көрген. Жинақтағы «Ақсақал мен ақ жылан» атты жұмсақ әңгімеде туған жердің құдіреті айтылады. Мұндағы жасөспірім бала бейнесі, жазушының өзінің балалық шақтағы естелігінен екені аян. Қазақтың ұлттық дәстүрін Думан мұқият сақтауға күш салады. Мысалы, атасы мен апасының бауырындағы баланы өз әке-шешесінен артық еркелете алмауы, көзбен ғана елжірей қарауы, атасының немересін еңбекке баулуы, тіпті, бидай көже ішудің өзі бұрын талай айтылса да, қазақы оқырманды шаршатпайды. Ауыл тұрмысы, шөп шабуға аттану, жолай үлкеннің кішіге жер танытуы исі қазақтың әр ауылына таныс әсем көрініс. Атасы немересіне «Ай, әбзит-ай» деп сөйлейді. Ал, немересі Нұрман тым сұрақ қойғыш бала. Әуелгі шалғы шапқаны да нанымды. Осы әңгімеде сөзшең баланың «Ата, намазды неменеге оқисыз?» деп сұрайтыны бар. Дауласа кеткіш. Бұл сауал Думанға советтік замандағы дінсіздікті таныту үшін керек. Теріс түсінікті аңдатып қалады. Ел жаппай намаз оқымайтын заманда ата мен немере – екі буын, қос ұрпақ арасындағы рухани қайшылық. Және осы әңгімеде атасы немересіне «мылжыңсың» дегенді бірнеше мәрте айтатыны тегін емес. Немеренің атасына «Құдай жоқ. Адам маймылдан жаратылған. Дарвин айтқан» дегені, бұл атеистік идеология болатын. Және мылжыңдық, құр сөз, пайдасыз һәм зиян сөз. Сондай-ақ, коммунизм елесі де шалғайдағы қазақ баласының санасынан жабысып қалмағаны күлкілі. Бұл жаттанды идеологияның теріс әсерін әшкерелеу. Сөйтіп, автор советтік идео­логияны баланың үйретілген сөзі­мен білдіреді. Бұл жұрт тегіс шық­қан шекпен. Жад ұмытылмауы үшін қайталанып айтыла берсе керек. Ұр­пақ­қа аманат тәрізді. Осы әңгімедегі ең сәтті шыққан тұс қаршадай баланың Қоңырәулиенің үңгіріндегі мүсіні жатқан елес қызбен қиялында сөйлесетін тұсы. Баяғыда сүйегі қурап қалған елес қыз. Сол арқылы Думан қиялшыл ауыл баласының ғана емес, ұл баланың табиғи мінезін нақты бере алған. Ал, әңгіменің соңында, әлгі, атасымен шөп шапқан Нұрман жігіт болған шағында туған жеріне, сол қасиетті Қоңырәулие үңгіріне қайта барады, отбасын ерте барады. Көздің қарашығындай сақталуға тиіс тарихи жәдігерлерді ел-жұрттың құнын кетірген урбандалу, немқұрайдылық, вандализмнің көрсоқырлары бүлдіріпті. Ауыл қоса тозған. Бұл сонымен қоса қазақтықтан да кетіп бара жатқанының белгісі.
Жазушының реализм мен мистиканы үйлестіруге құштар екенін тағы бірер әңгімесі айғақтайды. Соның бірі – «Көш» атты әңгіме. Думан Рамазанның, осы, кітабына жазған алғысөзінде белгілі жазушы Төлен Әбдік өзі екшеп алған әңгімені әфсана деп атапты: «Әңгіменің аллегориялық сипаты жан-жақты. Сондықтан, мұндай әңгіменің ғұмыры ұзақ болуға тиісті».
«Көш». Қазақ үшін көш киелі ұғым. Бірақ, мына әңгімеде, бұл көш ұғымы қоғамдық сатираға айналған. Әңгіме кейіпкері – көсем бейнесі бұлдыр. Кейіпкерлер шартты, тұман басқандай нобайлары беріледі. Сірә, бұл жалпы адамзаттың адасқан бейнесін тұспалдауға тырысу болса керек, сондықтан бұлдыр тәрізді. Тіпті, ойыма құлдық санадан арылу үшін қырық жыл шөлде адасқан бір тарихи өктем халықтың образы да келе қалуы тегін емес. Сосын, Думан әңгіме арқауына өзіне бек таныс әдебиеттің ішкі иірімін алған, алайда оның отаншыл рухы бұл әңгіменің құндылығын күшейткен. «Көштің» кейіпкерлері халықтан гөрі ақын-жазушылардың өзінің ішіндегі көңіл-күйді суреттейді. Мұнда қалам ұстайтындардың портреті басым. Нағыз ақын мен Дәлдүріш ақын. Біреуі шындық үшін өмір сүреді, өледі, біреуі өтіріктен өседі. Осы антитезадан күллі қоғамның сипаты әрине, таныла қалмасы анық. Әңгіменің күшті лейтмативі – «Бұл, атаңа нәлет, көзіңді бақырайтып қойып, жалған сөйлеп тұр. Оның өтірік екенін өзі де, мына қостап тұрған халық та жақсы біледі. Бірақ, амал не, бұлай өтірік сөйлеу біздің елде дәстүрге айналғалы қашан. Енді, ол дәстүрді бұзу қиын-ау, сірә! Бұған таң қалудың қажеті жоқ. Әлі-ақ, сенің де етің өліп, бойың үйреніп кетеді. Біз бәріміз де өтірік күліп, жалған сөйлеуге әбден дағдыланғанбыз!» – осы тұсы шынымен мықты, ол, енді, қазіргі қазақ қоғамын айнадай көрсетеді. Думан Рамазан осы шындықты жаны қинала айтуы әңгімесін ақтап қана қоймай, зорайтып тұр. Болмағанды болды, жоқты бар деп көрсетуді Ханс Христиан Андерсен әйгілі «Король тұттай жалаңаш» атты ертегісінде таңғажайып аллегориямен бейнелейді. Осы аллегорияны туғанына 800 жыл толған Джалаледдин Руми әйгілі дат ертегішісінен бұрын қолданған, онда ай сәулесін, жоқ матаны өтірік кесіп сататын алаяқ саудагерлер туралы притча бар. Думан мына әңгімесінде осы аллегорияны тиімді қолданыпты.
Былтыр қазақ қоғамын дүр сілкіндірген Жаңаөзендегі ашынған бауырлардың басына түскен ұлттық трагедия, өз елінде қор болуы осы тәрізді шылғи өтіріктердің асқынуынан туғаны шындық. Дегенмен ұлтқа, халыққа қатысты айтылатын әфсаналарда қара аспанды төндіруге болмайды дегенді айта кетуді парыз санаймын.
«Жын» атты әңгімедегі оқиға, сарын қазіргі қазақ тұрмысында көп ашылмай жүрген шындықты жұмсақ юмормен айта білгенімен ерекше ұнады. Әңгімеде қазақтың санасы, сезімі, мінезі дәл беріледі, жаңсақ, өтірік жоқ. Расында бұл «Мың бір түн» сюжетінен алынбаған, мынау, біздің қым-қуат өмірімізден алынған оқиға. Басқа жұртты білмеймін, бір түйір күдік келтірмек түгілі, өз басым әбден сендім. Неліктен? Қазір күллі әлемде оккульттық шу атқақтап тұр. Көрші Ресейдің өзінде миллиондаған адамдар сиқыр, мистика, экстрасенсорикаға бір бүйрегі бұрылған. Ал, ақ десін мейлі, қара десін мейлі магия атаулы бәрібір жын-сайтанмен іліктес. Дуалау күшейген. Қара қызғаныш адамдарды құртуда. Думанның әңгімесінде бір сүрбойдақ, отбасын құра алмай, ішімдікке салынып жүрген Болатбек есімді жігіттің жасы қырық бестен асқанда мешіттегі молданың жыннан арылтуымен жолы ашылып, қалай ел қатарына қосылғаны сөз болады. Расымен, бұл өте өзекті тақырып, әншейін бәсі жеңіл әңгіме болып көрінбеді. Талай адам бұл мәселеге ден қойса, өздерін иектеп алған жындарынан арылса, ол ислам дінінің көмегімен болады, содан еш ұтылмас еді. Өйткені, біздің қазіргі уақыт жын жайлаған, жын иектеген, жын мәртебелі болған, сана рухани тозған беймезгіл. «Таңдауын таппай тарпаң боп жүрген / Бойда бір жын бар – сегіз мойын...» деп марқұм ақын Нұрлан Мәукенұлы өлең жазған. Меніңше, нақ осындағы оқиға, кейіпкер басын құрсаған қара бұлтты сейілту жан дүниесін тазалаудан соң болады. Ал, дуа арқылы жасалған қастықтан талай адам құрып кетеді. Дуадан халық емшілері мен молдалар қорғайды, аураны тазалайды. «Сырт тазасы не керек, / Тазарт әуел ішіңді» деп жыр арқылы Үмбетей жырау жар салады, қарсыласын ықтырады.
Ислам дінінің имани қағидалары, пайғамбар сүннеті Думанның көптеген әңгімелерінде бар. Думан Рамазан жазушы ретінде ислам дініне Аллатағаланың берген бір сынағынан соң басы бүтін келген тәрізді. Оны әңгімелеріндегі қолтаңба тасқа басқандай анықтайды. Ол расымен иман мәселесін қарапайым қағидалар арқылы ашуға ден қоя білген жазушы.
«–Егер, Алла пендесіне бір тауқымет жазса, оны өзінен басқа ешкім жеңілдете алмайды. Бәрі бір Алланың қолында. Қалаған адамына патшалық береді, қаласа одан қайтып тартып алады. Ықыласы түскенге үйіп-төгіп байлық береді, қырына алғанды қор қылып қояды. Оның құдіреті бәріне толық жетеді. Бәрі де бір Алладан. Алланың рақымы мол. Адамды пәле-жаладан сақтайтын да, қайғы-қасіреттен құтқаратын да – бір Алла. Адамға шипа беріп, ем дарытатын да – бір Алла, адамның қолында тұрған ештеңе жоқ, бәрі де бір Алланың жазуымен болады. Біз жай ғана себепкерміз, – деп ғибадат айта келіп, Болатбекке көз салды, – қане, бауырым, не мазалайды?..» – жазушы молданың аузына салған, мынау, мың мәрте айтылған жаттанды сөз емес, әр жүректе жазылуы тиіс ұлық сөз болған соң қымбат. Думан қарапайым әңгімемен қазақ қоғамын қор қылып жүрген үлкен шындықтан сыр шертеді.
«Бақсы мен пері» атты әңгімесінің сарыны жалықтырмайды, кейіпкерлер бейнесі анық. Өйткені, онда ертегілік элементтер реализммен астасқан. «Алланың әмірі» – Нұқ пайғамбар туралы мұсылмандық аңыздың прозалық нұсқасы, негізгі идеясы – ғибадат. Өйткені, адамзатты Аллатағала құлшылық үшін жаратқан. Думан Нұқ пайғамбар бейнесін қазақы мінезбен берген, оның кемесі Қазығұрт басында қалған. Сондай-ақ, оның әңгімелеріндегі Аллатағала әмірін дауыс арқылы бергенде ақсақалдық, абыздық қалып білінбей қалмайды, яғни, Жаратушы Ие адамиландырылған. Мұндай дайын сюжетті әдебиетте қанша үлгімен, версиямен болсын пайдаланған жөн. Топан су – эсхатологиялық идея, дінсіздер мен қорқаулардың биік жазасы. Топан судан адамды Құдайға деген сенім құтқарады. Бұл жарық дүние тұрғанда мәнін ешқашан жоғалтпайтын идея. Сонымен қатар, бір әңгімеде бірнеше сюжеттік желіні ол қатар пайдаланады, кемедегі хайуандардың пайғамбардан бата немесе қарғыс алуы. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» – қазақ халық ертегісін, ол Қазығұртқа байланысты мифпен сабақтастырған. Бұл-дағы өлмейтұғын өте құнарлы тақырып.
«О дүниедегі кездесу» атты әңгімеде жұмақ пен тозақ – жан аманат иесіне қайтқанда, қос жарылар бақи, параллель әлемдердің өз танымымен сырын ашады. Талаптан Ахметжанның «О дүниенің қонағы» атты әңгімесі еске оралады. Мені таңқалдырған бір мезет: Думанның тозағына тізбектеліп кілең ірі сыбайлас жемқорлар түскені. Шабақтар емес, шортандар. Исламдық мәңгілік қағидалар арқылы Думанның әлеуметтік сарынды астыртын сарказммен әрі жүрегін ашыну меңдеп ашқаны азаматтық позициясы, батылдық. «– Бар пәлеге бастайтын да, бар күнәні істететін де, ақыр соңында бәріне куә болатын да тек көзіміз екен ғой! – деп күңіренеді Сәззәт мырза». Көз туралы «Кәпір көздің дүниеде араны үлкен, Алған сайын дүниеге тоя ма екен?» деп Абай жырлаған философиялық идеяны автор сәтті жаңғыртқаны ұнады. Сосын, Думанның кейіпкерлерінің есімдері бір бөлек: Малбұқа, Сәззәт, Сүйсен, т.б. Әлбетте, Кетбұқа тәрізді деректі әрі поэ­тикалық есімдер ойға оралады. Ал, Сәззәт дегені Кәззап дегені емес пе екен?
«Күйік», «Тақсірет» – полигон зары мен өлім тақырыбы. Автор құт-берекесі қашқан, жемір бастықтар жұтатқан, бе­рекесі қашқан қайран ауылдағы өз кө­зі­­мен көрген қарапайым адамдарды қимастықпен жанашырлықпен, құ­са­мен бейнелейді. Және атасының өлер шағындағы бейнесі суреттелетін жерде Қоңырәулиенің үңгіріне барған Нұрман қоса жүреді. Ата образы бар жерде оның киесі жылан жүргенін ол нышан ретінде пайдаланады.
«Көкжал» – кезінде алаштың Қадыр Мырза Әлиі және Аманхан Әлім, Әмірхан Меңдеке, Амангелді Кеңшілік, Әмірхан Балқыбек сияқты талантты сыншылар ерекше мақтаған әңгіме. Сондықтан, ол кісілердің айтқанын қайталап жатуды артық санадым. Ал, ұлы Абай атамыздың соңғы күндері туралы жазылған «Құса» атты жаңа әңгімесі туралы айтылар ой салмақты болуға тиіс. Бұл шығарманы жазудағы түпкі мақсатын, автордың ерекше сүйіспеншілігін Абай бейнесін бас кейіпкер қылып таңдаған батылдығынан байқаса болар. Абай – екінің бірі жүрегі дауалап бара бермейтін аса күрделі образ. Әлбетте, кемеңгер Мұхтар Әуезовтан соң да қазақтың бірқатар жазушыларын үйіріп әкеткен сиқырлы иірімдей, теңіздің тұңғиығындай тақырып осы. Әңгімедегі негізгі тақырып – өлім. Құса – соның алғышарты. Абай бейнесі қазақ өлеңінде әрбір ақын жырға қосатын сәулелі дүние болғанымен, қарасөзде, прозада бұған жүрек тоқтатып бара қою өте қиын. Исі қазақтың бас ақыны, дала данышпаны Абайдың өмірінің шым-шытырық трагедиялық соңғы сәтін Думан шығарма өзегіне таңдап алған. Абай хакім сүйікті балаларынан айрылып, қабырғасы қайырылып, отаршылық қазақ елін көктеп өтіп, күйретіп бара жатқанын көріп-біліп, жан-жүрегі күйіп, мүшкіл халді ұғып жүргенде, оған жеке басының ауыр қайғысы қосылып, әзиз жаны мына жалғаннан жұбаныш таппай, айдалада сенделіп жүрген диуанадай құсасын – Думан Рамазан психологиялық детальдармен шебер суреттейді. Ақынның көркемдік әлемін сүйіп отырып, оның суреткерлік, қайраткерлік тұлғасын, рухани асыл болмысын жанымен қабылдап отырып жазуға тырысады.
Абай бейнесін, жазушы, оның өлеңдері және сол Абай ұшқан ұя, туған ел ішінде айтылатын әңгімелердің сарынымен беруі заңды құбылыс. Өйткені, оның кейіпкері деректі тұлға, қоғам мен өнер қайраткері, текті халықтың асыл ұлы – Абай.
«Абай: – Әй, бірақ, ырық қолдан кетіп қалды ғой, түзелер дей алмаймын! – деді де, тағы да үн-түнсіз отырып қалды».
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз
ырқың.
«Қалың елім, қазағым, қайран
жұр­тым».
Бұл әңгімеде Абайдың өлеңдерінің, ғақлиясының ізі бар.
«Айтшы, Тәкежан, мен ішпеген у бар ма?» – дейді әңгімеде (бұл-дағы өлеңі) Абай туған ағасы Тәкежанға, автор солай деуін десе де, Абай нақ сол ағасымен рухтас болмағанын абайтанушы ғалымдардың зерттеулерінен білеміз. Мағауия хал үстінде, ақ патша өкіметі бұратана санаған қазақты шоқындыру жарлығы шығады. «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды». Думан Абайдың ойын, ақынның өз өлеңдерімен сабақтайды.
Әңгіменің ең жан тебірентер тұсы – бауыр еті баласы Мағауияның қазасы­нан соңғы, зиратқа апара жатқан тұс. Өлім, жас өлім. Данышпанның шара­сыз, ымырасыз өлімді көзсіз мойындаған сәтін жазушы: «Абай жас баладай томпаң қағып, арбаның алдына түсті. Мағашымның сүйегін ауыртады деп жол бойы ірілі-ұсақты тастардан тазалап отырды» деп суреттейді. Осыны оқығанда оқырман қабырғасы қайысып, сүйікті Абайымен қосыла егілердей тосын күй кешеді. Ақылдың азабын да, ғажабын да білген, алты алашта артық туған Абай енді ақылынан адасардай күй кешкені ме?! Әңгімеде Оразбай Абайға «Кел, кешу айтысайық!» дейтін тұсы бар. Сонда, Оразбай: – Абайдың денесіне ажал еніп алыпты. Бір сөзін екі қайталағанын қашан көріп едіңдер, – дейді.
Абайға бір кейіпкердің аузымен айтылатын «Тобықтыға сыймасаң да, алашқа сыясың» деген сөзі ауыр. Өйткені, үш жүзге тарап кеткен Абайға сілтенген қамшы – миф. Расында олай болмаған. Дана Абайдың қадірін ел-жұрты бәрібір білген. Дүлей әм надан дұшпаны ақынға қамшы кезегенде екі адам, оның үстіне құлай кетіп, өз денесімен қорғап қалған. Сөйтіп, Құдай оңдап, ұлы ақынның тұщы етіне ащы қамшы тимеген. Бірақ, Абай хакім сол ашу үстінде өзіне айтылған ауыр сөздің өзін мірдің оғындай жанына ауыр қабылдаған. Бірақ, қазақтың алауыздығын қайда қоярсың?! Ең жақсысын тіріде сыйламайтын, бағасын білмейтін қазақ десең тағы өзіңе тиеді.
Думанның әңгіме жанрына мейлінше төселгені байқалды. Әңгімеде әуре-сарсаң өмірдің қарама-қайшылығын автор, осы тектес коллизия арқылы беруге құқы бар. Дегенмен әңгіменің негізгі идеясы құсамен келетін ажал, өлім, жаназа болғандықтан, молда бейнесі қоса жүруі керек-тұғын. Думанда молда образы неге екені белгісіз, атымен жоқ.
Бұл әңгімеде Шыңғыстаудың кең жазығы мен зират басындағы құсалы ме­зет­тердің өз символы бар. «Құса» – оқыр­манына мол табатын әңгіме.
Думан әңгімелерінде ертегілік сарын­ды саналы түрде қолданады. Бұл-дағы біздің қанымызда бар дүние. Оның шығармашылық ізденіс үстіндегі дер шағы екенін әдебиеттегі қолтаңбасы танытады.

3271 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз