• Ұлттану
  • 26 Сәуір, 2013

Тарих оқулығындағы олқылықтар

Хасен Қожа-Ахмет,
композитор, өнертанушы

Неше Бөгенбай болған?
Тарих оқулықтарында 18 ғасырдағы жоңғармен соғыс кезінде қазақ әскеріне қолбасылыққа Қанжығалы Бөгенбай сайланғаны жазылған. Бөгенбай Ақша­ұлының да туған жылы 1690, кейде 1686, 1680 деп әртүрлі көрсетіліп жүр. Бірақ, 1710 жылғы құрылтайда Бөгенбай да 20 мен 30 жас аралығында ғана. Сол себептен болар, оны да «қарт» деуге келмейтінін байқаған Қазыбек бек кітабын көшірушілер 1726 жыл­ғы Ордабасыдағы құрылтай туралы: «Ал, Әбілқайыр басқолбасшы сайланды, бірақ, билер ұрыс туын Бө­ген­­байға көтертті. Бұл Әбілқайырға қат­ты тиді...Бөгенбай бұдан бұрын да 26 жа­сын­да да қолбасшы болып сайланды деседі біреулер. Ол жасы Қанжығалы Бөгенбай­дан көп үлкен, әкесіндей, арғын қарт Бөгенбай болатын» деп жазған (231 б.).


Ә. Кекілбаевтың «Үркер» романында Қарақұм құрылтайында қазақ қолының қолбасылығына сайланушы Табын-тарақты Бөгенбай батыр. Ордабасыдағы жиын туралы да: «Үш алаштың туын тағы да азуы алты қарыс үйсін тұрып, арғын тұрып, алшын тұрып күні кешегі кірме табындардың көсемі Қараұлы Бөгенбай ұстады» дейді (281 б.). Ресей үкіметі қызметкерлерінің рес­ми құжаттарында Әбілқайырдың Ресей­ге бодан болуын қолдаған осы, Табын Бөгенбай екені анық жазылған. Бұл – кейінірек белгілі болар Тіленші, Жола­ман батырлардың атасы (Ресей құ­жаттары бойынша осы Бөгенбай 1742 жылы сәуірде түркімендермен қақ­тығыста қаза болған). Ал, С.Сыматаев «Елім-ай» романында Ордабасы жиынында қа­зақ қолының қолбасшысы болып Керей Бөгенбай сайланған депті! Сонымен, 18 ғасырдағы жоңғар-қазақ соғыстары кезінде қазақ әскеріне қолбасылыққа осы төрт адамның қайсысы сайланған: тарих оқулықтары айтқандай Қанжығалы Бөгенбай ма, «Елім-ай» романындағы Керей Бөгенбай ма, «Үркер» романындағы Табын-та­рақты Бөгенбай ма, Қазыбек бектің: «Ол жасы Қанжығалы Бөгенбайдан көп үлкен, әкесіндей, арғын қарт Бөгенбай болатын» деген «қарт» Бөгенбай ма? Тарих­шы-ғалымдарымыз бұл мәселенің де басын ашып бергені жөн.

Әбілқайыр ханның бас қолбасылығы
Тарих оқулықтарының барлы­ғында дерлік 1710 жылғы Қарақұм құрыл­тайында Кіші жүз ханы Әбіл­қайырға бүкілхалықтық жауынгерлік жасаққа жалпы басшылық ету тапсы­рылғаны айтылған. Жоңғарларға қарсы Әбілқайыр басшылық жасады деген маңызды ұрыстар ретінде негі­зі­нен үш шайқас аталынады. Олар: 1718 жылы Аягөз өзені бойындағы, 1726 жылғы Бұланты-Бөленті шайқасы және Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай аталған шайқас. Одан кейінгі қазақ-жоңғар соғыстарына Әбілқайырдың қатыспай қойғаны айтылады. Енді, осы соғыстардағы Әбілқайырдың қосбасылық дарын-қабілеті жайлы деректерге тоқталып өтейік.
Аякөз шайқасы
«Қазақстан тарихы» оқулығында (8 сы­ныпқа арн.) Аякөз шайқасы айтылмайды, тек жалпы: «1717 жылы қазақ әскерлері мен жоңғар әскерлерінің кескілескен қан­­ды шайқастары болып өтті. Біріккен орта­лықтан басшылықтың болмауы себепті қазақ жасақтары жеңіліп қалды» делінген. М.Байдолданың «Қазақстан тарихында»: «1718 жылы Аягөз өзенінің бойында Қа­банбай батырдың басшылығымен бол­ған шайқаста қазақ әскерлері же­ңіс­ке жетті. Бірақ, қол басқарған Әбілқайыр хан мен Қайып ханның арасындағы алауыздықтың кесірінен жоңғарлар қа­зақ­тарды қапы қалдырды» дегенінен не айтпағын түсіну қиын. Осы екі оқулықтағы айтылғандарға орай: «Егер, 1710 жылы бүкілхалықтық жасаққа басшылық Әбіл­қайырға тапсырылған болса, Ая­гөздегі шайқасты неліктен Қабанбай бас­қарған? «Бі­ріккен орталықтан басшы­лықтың болмауы» неліктен, Әбіл­қайыр қайда жүрді?» деген сұрақтар туады.
М.Мағауин «Қазақ тарихының әліп­песінде» 1717 жылы Қайып хан мен Әбіл­қайыр сұлтанның 30 мың әскермен Аягөз өзе­нінің арғы бетінде шеп құрған жоңғардың мылтықты мың қаралы әскерімен екі күн соғысып ала алмағанын, үшінші күні келген қосымша күш қазақ әскерінің тас-талқанын шығарып жарты күн бойы қуалап, қырып-жойғанын баяндап: «Дарынсыз Қайып пен өркөкірек Әбілқайыр бар әскерінен айрылып, сопа бастары ғана құтылады. Ордаға келгенде Қайып ханның қасында екі-ақ кісі бар екен дейді. Келесі, 1718 жы­лы жоңғарлар кең көлемді майдан ашады, қазақ жасақтарын Арыс, Бөген, Шаян өзен­дерінің бойында әлденеше мәрте ой­сырата жеңіп, бүкіл Оңтүстікті ойрандап кетеді» делінген (93 б.). «Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ веках» жинағындағы 06.08.1718 жылы жазылған мәліметте: «Февраля в 11 день явился та­тарин Бутук Куцашев, а про войну с калмыки сказал, что-де на баталии он был, а казаков в походе было 30 тысяч человек и сошлись-де с ними калмыки при реке Аягусе и была-де баталия. И ночью-де половина казаков перешли за ре­ку на калмыцкою сторону, и на другой день, в полдни напали на них калмык человек сот с восемь и человек ста с четыре побили и казаки-де с обоих сторон реки, покиня свой богаж, разбежались врозну, а Хаип-хан остался только с двумя человеки и воротился до своего улуса, а багаж их взяли калмыки в полон» делінсе, қазақ Қуттыбай мырзаның осы соғыс туралы: «Ночью-де калмыки, нарубя лесу, сделали деревянный вал и сели в осаду; а казаки-де також сделали деревянной же вал выше калмыцкого и с того валу по калмыцком стреляли два дни. И на третий день явились из стороны калмыцкого войска еще тысячи с полторы и наехали на кашевые их станы, и кашевары-де, испужався, побежали, а за ними-де и их казачье войско возвратились» дегенін жазған (№19 құ­жат).. Ал, Ә.Кекілбаев «Үркер» романында Аягөз шайқасында жоңғар әскерінің де, қазақтардың да ор қазып, топырақ үйіп, бекініс жасағанын жазады. «Аруағы аттың жа­лындағы 30 мың қазақ қолы орға бас сауғалаймын деп, өзінен он есе аз қалмақ қолынан төмпеш көруде... Жау қолына тү­сіп қала жаздаған Қайып қасындағы екі адамы бар Әбілқайыр қосына кеп қосылды. Ел арасында қаңқу көбейді. Күніне қырық ұйтқыған лақаптың сая­тыны баяғы сол бір түйін: екі хан тіл та­быспады, жер қайысқан қолмен барып, аз­ғантай жаудың ойранын шығаруға Қайып­тың өнері жетпеді; Әбілқайыр өзі­ме бұйырмайтын ішек боғымен піссін деп, шайқасқа бел шешіп кіріспеді» деген жолдар бар.
Осы жазылғандардан түйеріміз – Ая­гөз өзені шайқасында Әбілқайыр мен Қайып хан басқарған 30 мың қазақ әскері өзінен он есе аз жоңғар әскерінен қатты жеңі­ліс­ке ұшырағаны. Назар аудартар нәрсе – Аягөз өзені бойында ол заманда жал тұрғы­зар­лық­тай мол ағаштың болғандығы жайлы дерек.
Бұланты-Бөленті шайқасы
Бұл шайқас 1726 я 1728 жылы болды делінеді М. Тынышбаев кітабындағы («Ис­тория казахского народа». Санат. 2009.) «Үй­­сіндер» тарауында: «В 1726 году, ког­да озлобленные старики Абулхаир и Самеке с половиной киргизского на­ро­да ушли к русской границе, чтобы сор­вать победоносную кампанию»... (88 б.) деуінен Әбілқайыр мен Сәмекенің Бұ­ланты, Айырақай шайқастарына дейін-ақ жоңғарларға қарсы соғысуды тоқтатқаны байқатады. Ал, М.Мағауиннің «Қазақ тари­хының әліппесіндегі»: «1718 жылдың ая­ғында талайсыз Қайып хан шәйіт болған. Әз-Тәукенің дарынсыз да жігерсіз ұлы Болатты ақ киізге көтереді. Қазақ сұл­тандарының кіші бұтағынан тарай­ды, тегі төмен деген сылтаумен, Әз-Жәні­бек­тің тікелей ұрпағы боп саналатын Әбіл­қайырды хан тағына жібермейді. Бақ­құмар Әбілқайыр бірден-ақ ат басын теріске бұрды, ұлыстың бір бөлігінде жеке билігін жүзеге асырды» (93-94 бб.) – дегеніне қарасақ, Әбілқайыр Болат хан сайланған 1719 жылдан соң соғысқа қатыс­паған.
М.Тынышбаев кітабының 242 бетінде: «Как увидим дальше, Абулхаир во всех сношениях с Россией домогался признаниями его ханом 3-х Орд. Эти обстоятельства и ряд других соображений приводят к мысли, что после анракайской победы Болат-хан умер, и на его место надлежало выбрать Старшего хана....Выбор, по-видимому, не абсолютного большинства пал на Абульмамбета. Такой обиды не мог стерпеть старик Абулхаир, человек крайне честолюбивый» деген жолдар, керісінше, араздықтың Аңырақай ұрысынан соң болғанын көрсетеді. Ақиқаты қайсысы?
«Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ веках» жинағындағы № 19 және №21 құжаттардан Әбілқайыр ханның 1718 жылы-ақ Ресейдің Петр І патшасымен хат жазысып, өзінің Ырғыз өзеніндегі ордасында Ресей үкіметі қызметкерлерін қабылдап, сыйлықтар алғанын оқимыз: «Доношу Вам и желаю, что служить, а кто будут наши слу­жить на конях, а я не токмо на конях, и пешей служить рад белому царю» деп Ресей патшасына жазған («өзгелер ат үстінде сізге қызмет етсе, мен жаяу жүріп те сізге қуана қызмет етемін»), ой басқа жақтағы Әбілқайыр, бәлен жылдан кейін Бұланты-Бөлентідегі және Аңырақайдағы, өз басына қатерлі шайқастарға қатысуы мүмкін бе?
Аталған Ресей құжаттары жинағында қазаққа қатысты 1722 жылдан 1730 жылдың қыркүйегі аралығында еш құжат жоқ. Ал, «Қазақстан тарихы» (8 сынып) оқулығында: «1726 жылдың күзінде Ордабасы тауында Бүкілқазақтық құрылтай өтіп, Әбілқайыр хан бүкілқазақтық әскери жасақтың бас қолбасшысы болып сайланғаны, ал бүкілхалықтық әскери жасақтың бас сардарбегі болып батырлар арасынан Қанжығалы Бөгенбай бекі­тілгені» жазылған. Ұлытаудағы Бұ­лан­ты өзенінің бойында, Қара сиыр де­ген жерде (кейін «Қалмаққырылған» атал­ған) қазақ жасақтары тұңғыш рет ірі жеңіс­ке жеткені айтылған. М.Баймолда «Анық­тамасында» бұл шайқасқа екі оқулықта да осы со­ғысқа Әбілқайыр қатысты деп нақты ай­тылмаған. І.Есенберлин «Жанталас» романында: «Ең алғашқы жеңісті Кіші жүздің Тайлақ батыры мен оның жиені – Ұлы жүздің Ошақты руынан шыққан Саңырақ батыр әкелді. Бұлар Бұланты мен Бөленті өзенінің ортасындағы «Қара сиыр» деген жерде Жоңғардың қалың қолын бетпе-бет айқаста ойсырата жеңді» дейді (91 б.). Ә.Әлім­жанов та «Жаушы» романында Бұланты шайқасы туралы: «Ақсақалдардың ұйғарымы бойынша бүкіл сарбаздарды ұрысқа бастап шығу үш батыр: Саңырақ, Тайлақ және Малайсарыға тапсырылған»... «Ал, бүгінде, мы­на арада бірде-бір хан да, сұлтан да жоқ еді. Бүгінгі күні сарбаздар мен батырлар ұрыс­та жеңіп шығып, елдікті өздері қорғап қалмақ» депті.
Ә.Кекілбаев «Үркер» романында Бұ­ланты шайқасына дайындық жиынында бас қолбасылыққа Табын Бөгенбей, Ұлы жүз қолының бас сардары боп Ошақты Сау­рық, Орта жүз қолының бас сардары боп Керейіт Тайлан батыр сайланғанын айтып: «Осы жолғы жиында ортаға да, қол басына да сұлтандар емес, батырлар шықты. Әбілқайыр да, Болат та, Сәмеке де, Әбілмәмбет те, Барақ та, Күшік те, Ба­тыр да туды мен ұстаймын, қолды мен бастаймын деп кеуделеген жоқ. Содан сол бір жұдырықтай жұмылған қазақ қолы Ұлытаудың құбыла жақ бетіндегі ен далада Бұланты мен Бөленті өзендері қиылысқан «Қара сиыр» деген жерде жоңғар әскерімен ұстаса кетті» (282 б.) дейді. Бірақ, «Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» деп түсінетін кезеңде хан, сұлтандар ата-бабасынан басшылық етіп келе жатқан халқын жауға салып, өздері қарап тұрыпты деу Кеңес идеологиясына сәйкес насихат демесек, замана шындығына келе қоймайды. «Ақтабан шұбырындыдан» есін жия қоймаған қазақтың дәл сол жылдары халық пен хан-сұлтан болып бәсекелесер жағдайы болды ма?!
Қазыбек бек кітабында 1726 жылғы Ордабасы жиыны жайлы: «Ал, Әбілқайыр басқолбасшы сайланды, бірақ, билер ұрыс туын Бөгенбайға көтертті. Бұл Әбілқайырға қатты тиді... Ол жасы Қан­жығалы Бөген­байдан көп үлкен, әкесіндей, арғын қарт Бөгенбай болатын» деп, ал, Бұланты шайқасында: «Кіші жүз қолы жеті мыңдай еді, оны Әбілқайыр өзі басқарды...Тек қаша ұрыс салмақ болған Әбілқайыр қолы жауды бытыратып алды...Батысымызда Әбілқайыр соғысып кетті. Бірақ, осыдан кейін Әбілқайыр да, оның әскерлері де бұдан былай бұл жаққа қайта оралмады. Арада бір жыл өткен соң ол қатын патша Аннаға хат жолдап, соның құзырына қарады» деді (233 б.). Бұл қарама-қайшы деректерден Әбілқайырдың Бұланты шайқасына қатысқан-қатыспағанын білу қиын.
Аңырақай шайқасы
Осылайша, Қазыбек бек кітабында Аңы­рақай ұрысына Әбілқайырдың қатыспағаны айтылады: «Хан тауында қалмақ жиыны өткен соң Жолбарыс пен Төле Әбілқайырға сөз салды. Бірақ, одан хабар-ошар болмады. Ол Қордай шұбыртпасындағы қолын алып, батыс бетке жөнеді дегенді естідік. Жолбарыс хан хаты жауапсыз қал­ды. Ол менсіз жерде Төлеге жалғыз ауыз сөз айтыпты: «Ағасын жауға тас­тап кетті деген осы болады, ит-ай, бір үйде өсіп едік қой». Бұдан кейін Жолбарыс Әбілқайырды ауызға алмады. Ал, Сәмекеге өкпелемепті», деген жолдар бар ( 249 б.).
М.Баймолда «Қазақстан тарихында»: «1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі, кейін «Аңырақай» аталған соғыста «Үш жүздің біріккен әскеріне Әбілқайыр бас­шы­лық жасады», «Хандыққа қолы жетпеген Әбілқайыр Кіші жүз әскерін бастап, ұрыс даласын тастап кетті» дейді (105 б.). Орта мектепке арналған «Қазақстан тарихы» оқулы­ғында «Аңырақай шайқасы» 1730 жылғы көктемде болды» делініп, шай­қасқа Кіші жүздің ханы Әбілқайыр тікелей басшылық жасағаны айтылған. І.Есенберлин мен Ә.Кекілбаев романдарында да осылай делінеді.
«Аңырақай» сөзінің мағынасы жайында да екі пікір бар. Ә.Кекілбаев «Үркер» романында: «Ойраттардың аңыраған дауысын күллі қазақ түгел естіген шығар. Енді мына жазық Аңырақай атанады ғой, – деді Бөгенбай» – деп жазған (308 б.). Ал, екінші пікір Қазыбек бек кітабына да енген екен. Онда қалмақтың Аңғырақ атты батырын жекпе-жекте Бөлек батыр өлтіргені баяндалады. «Далатаудағы, «Аңырақ өлген жер» деп жүріп, Аңырақай атанып кеткен адыр» – делінген. Дұрысы қайсысы?
«Қазақстан ұлттық энциклопедиясында» (1 том) Әбілқайыр туралы: «1726 жылы Ордабасыдағы халық жиналысында қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болып тағайындалды. Әбілқайыр 1728 жылы Бұланты өзенінің жағасындағы, 1729-1730 жылдары Аңырақайдағы жоңғарларды талқандаған соғыстарда қолбасшылық қабілетімен ерекше көрінді. Аңырақай шайқасында бас қолбасшылықты өз еркімен Болат ханға бергенімен үш жүздің қолын үйлестіруде көп жұмыс атқарды» –делінген. «Бас қолбас­шылықты өз еркі­мен Болат ханға берген» дегенді қалай түсінеміз?! Кітап айтуынша «дәл сол кезеңде өмір сүрген, сол оқиғалардың куәсі болды» делінетін Қазыбек бектің жазғандары дұрыс болуға тиіс еді. Бірақ, Аңырақай шай­қасына Кіші жүз ханы Әбілқайыр қатыспаса да, қарт Әбілқайырдың қатысқаны туралы ол да еш нәрсе демейді (Осы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабына көп күмән айтылып жүр. Оқу барысында менде де ондаған сұ­рақтар туды. Мысалы, 262 бетте: «Төле өлер алдында қазақтың басының бірі­гуін көрмей барамын деп армандағанда, Әбіл­қайыр туралы: «Түлкі сипат кісі еді, ол тұр­ғанда Кіші жүзді қоспайды» депті» деп жазады. 1756 жылы өлер алдында Төле би неліктен әлдеқашан, 1748 жылы қаза тап­қан Әбілқайырдан қауіп қылып мұндай сөздер айтпақ?! Сондай-ақ 175 бетте: «Алдымен менің мұғалімім, одан соң мен райола тарт­тық» деп жазған. Қазыбек бек шетел аралап елге келгені 1709 жылдар делінген, ал Европада рояль аспабы тек 1774 жылы жасалынды емес пе?! «Музыкальная энциклопедия», ІV т. 727 б.). (Ал елге қайтарда Италиядан шығыстағы Германияға барар жолда Италияның батысында жатқан «Мінгенінің көбі қашыр, есек испан Мадрид елін басып өттік» – делінген!). Сонымен, Әбіл­қайыр ханның қолбасылық қабілетіне келсек – Аягөз өзеніндегі жағдай айқын. Ал, Бұланты, Аңырақай шайқастарына оның басшылық еткен-етпегені, қатысқан-қатыс­пағаны дүдамал күйде екенін байқай­мыз. Сондықтан, нақты дерексіз, тек «Әбіл­қайырды мадақтасақ Ресейге ұнай­мыз» деген пиғыл туғызған ұзақ жылдар бойғы таптаурын көзқарас та құр қайталана бермей, шынайы фактілерді саралап, қайта зерттеуді талап етсе керек.

Әбілқайыр неліктен
«Ұлы хан» сайланбады
Кіші жүз ханы Әбілқайырдың өз жұртын Ре­сейге бодан ету себебін, тарихшылар бір­ауыздан «оны Үлкен Орда ханы етіп сайламағанға ренжігендіктен» деп келеді. Ал, сайланбауын – оның Жәнібек хан ұлда­рының кенжесі немесе тоқалынан туған Үсектің (Өсек, Ұснақ, Сүйік, т.т.) ұрпағы бол­ғандықтан деп түсіндіреді. С.Сыматаев «Елім-ай» романында: «Әбілқайыр – Кіші жүздің сұлтаны. Арғы аталарына хандық ти­меген Өсеке, Бөлекей-Қояндардың (дұры­сы Қият сөзінің көне нұсқасы «Құян» болар. Х.Қ-А.) бұтағы. Әз Жәнібек ханның тоқалынан туған Өсеке, Қасым мен Жә­­д­ік­­термен таласа алмай, таққа отыр­май кеткен» (45 б.) деп жазады. «1718 жыл­дың аяғында талайсыз Қайып хан шәйіт болған. Әз-Тәукенің дарынсыз да жі­герсіз ұлы Болатты ақ киізге көтереді. Қазақ сұлтандарының кіші бұтағынан тарайды, тегі төмен деген сылтаумен, Әз-Жәнібектің тікелей ұрпағы боп саналатын Әбілқайырды хан тағына жібермейді» деген М.Мағауиннің пікірін айттық. Ал, Қ.Жалайыр шежіресінде (1603 ж.) Әз Жәнібектің ұлдары жайында: «Қасым хан, Қам­бар сұлтан – бұл екеуінің анасы бір еді. Үсек хан, Жәдік хан – бұл екеуінің анасы бір еді. Бауыш, Бұйдаш – бұл екеуі­нің анасы бір еді. Қожаш хан – бұл анадан жалғыз еді» (114 б.) деп жазған. І.Есенберлин «Жанталас» романында: «Түрік-моңғол дәстүрі бойынша «Үлкен Орда» ханы болуға тек бәйбішеден туған балалардың ғана хақысы бар. Қазақ елі бұл дәстүрді берік ұстап келген. Ал, Әбіл­қайыр болса Жәнібек ханның тоқал әйелдерінен тараған ұрпаққа жатады. Осы себепті жұрт Үлкен Орда ханы етіп, Болаттың шаңыраққа ие баласы Әбілмәмбетті сайлады» (92 б.), дей тұра, осы кітабының 148 бетінде: «Рас, Әбілқайыр Жәнібек ұрпағының кіші тармағына жатады. Жәнібектің тоғыз баласының ішінде бір анадан Ұснақ пен Жәдік туған. Жәдіктің балалары жеті атасынан хан болып келген. Ал, Ұснақтан тараған Бұлақай-Құяннан оның баласы Айшуақ, Айшуақтан тараған Нырыш, Ны­рыштың баласы өз әкесі Аджаға (Аб­дол­лаға) дейін, бірде-бірі хан болып көр­ген жоқ» дейді. Ендеше, Жәдік тұқымы Тәуекел, Есім, Салқам Жәңгір, Тәуке, Қайып, Болат, Әбілмәмбет, Абылай Үлкен Ордаға хан болғанда, Жәдікпен бір анадан туған Үсектен тарағандар «кіші бұтақ, тоқалдан туғандықтан хан сайланбады» деуіміз қалай? Ш.Уәлиханов: «Жәнібектен Сүйік, одан Бөлекей-Қоян, одан Батыр хан, одан Айшуақ сұлтан, одан Ырыс, одан Қажы сұлтан, одан Әбілқайыр туған» деп таратады (Собрание сочинений.А-А.1964.3-том.185 б.). М.Мағауин кітабында: «Салқам Жәңгір ханның қасиетті қазасынан соңғы отыз жыл, дәлірек айтсақ, 1652 жыл мен 1681 жылдың аралығы – біртұтас Қазақ Ордасының үш жарым ғасырлық ұзақ тарихындағы ең күңгірт кезең. Бұл заманда Бахадұр хан билік құрған. Бұл да емескі дерек» – дейді (73 б.). Тарихта 1617 жылы Алтын ханға елшілікке барған Батыр хан аталады. Оның 1652-1680 жылдары хан болуы да мүмкін. Егер, осы Батыр хан Ш.Уәлиханов айтқандай анық Үсек тұқымынан болса Әбілқайырдың да Үлкен Орда хандығына сайлану құқығы бар болып шығады емес пе!. Бірақ, Ә.Кекілбаев «Үркер» романында (163 б.): «Өсекенің бәйбішеден туған Болаты тұқым-тұяғымен ноғайлардың қолынан қырғын тауыпты. Кіші әйелінен туған Бөлекей-Қоянның балалары қазір бір рулы ел. Бірақ, олардың да тасы онша өрге домалап жатқаны шамалы. Кіші ұлдың кіші қатынынан туған томар­бастарға қайдағы бақ, қайдағы тақ!» деп, се­бепті бергі жақтан іздейді. Бірақ, Жәдікпен бір анадан туған ағасы Өсекеге де, оның бәйбішесінен туған ұлына да Үлкен Орда тағы бұйырмады емес пе?
Жалпы, байқар болсақ, Шыңғыс хан тұқымдары анау бәйбішеден, мынау тоқал­дан деп немесе некесіз туған деген мәселеге онша мән бермеген сияқты. Мысалы, 1246 жылы Мәңгіел империясының Ұлы ханы Күйіктің сарайында болған италиялық Плано Карпини «Моңғолдар тарихы» атты кітабында Грузия патшасының екі ұлының хан билігіне жүгінуге келгенін жазады. Дау төркіні – әкелері некелі әйелден туған ұлы Меликтен гөрі некесіз туған Давидке мұраны көбірек қалдырған екен. Давид: «Пусть я сын наложницы, все же я прошу, чтобы мне оказано была справедливость по обычаю Татар, не делающих никакого различия между сыновьями законной супруги и рабыни»,– деп, Шыңғыс ханның «Жосық» заңына жүгіну арқылы дауды ұтқан екен (7- тарау, І).
Әбілқайырдың Ресейге қосылуын қатты қолдаған Табын-тарақты Бөкенбай батыр жайлы «әлсіз ру болғандықтан ханға жақын жүрген» деген пікір айтылады. Ресей қызметкерлерінің мәліметтерінен керісінше, Әбілқайыр мен Тевкелевті көп қиыншылықтан, осы Бөгенбай құтқар­ғандығын, ол болмағанда әлгі «келісімнің» де іске аспай қалар жағдайлар туғанын көреміз. Тевкелев құжаттарында (ол мәліметтерін «екінші жақтан» жазған): «Тогда Тевкелев, от жалости сердечно в слезах едва мог выговорить, просил ево, Бугенбая... И кроме его ни на кого столько надежды он, Тевкелев не имеет» (77 б.) деп жазады. Ал, осы Бөгенбейдың Табынға кірген Тарақты Тоғым батырдың ұрпағы екені белгілі (Ресей құжатына сенер болсақ Та­рақты руы жүзге жатпаған, тек Тәуке заманында ғана Орта жүзге қосылған). Осы Тарақты руы туралы Мәшһүр Жүсіп: «Қазақ шежіресі» еңбегінде оның Қарақожаның қызынан туғанын (Арғынның әпкесінен) айтады: «Арғын апасы қыз күнінде оң жақта отырып, бір төремен айқасып қалып, ер­кек бала тауыпты. Сонан, баланың аты «Тарақты» қойылып: «Төре жоқта Тарақты төре болуға жарайды» – деген де сөз бар» деп жазған (332 бет). Табын-тарақты Бөгенбай батыр мен Әбілқайырдың біріне-бірі тым арқа сүйеу себебі осыдан да шығар? Сондай-ақ, 13 ғасыр аяғында Мәңгіел империясының Ұлы ұлыс тағына заңды мұра­гер Арық-Бұғыны күшпен тықсыру арқылы Құбалайдың келгені белгілі. Бұл мысал да, Шыңғыс тұқымдарының билікке «Жосық» заңын бұзып та, қім күші басым болса, сол келетінін де байқатады. Егер, кейбір тарихшыларымыз айтқандай, Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Ұлы жүз ханы Жолбарыстың әкесі Абдолла екені рас болса, екі арыстың тізгіні қолында тұрғанда екеулеп Орта жүзді көндіріп, Үсек тұқымы Әбілқайырды Ұлы хан сайлатуға шама жетіп-ақ тұрды емес пе?! Ол екеуінің ағайынды емесін байқаған, бірақ, ондай пікірге де жауап табуға тырысқан шежіре зерттеушілер Ресей құжаттарындағы (68 б.) Тевкелевтің күнделігіндегі (1732 жылы 4 наурыз) Хиуа ханы болған Жолбарыс туралы: «Который Абулхаир-хану не в родстве, только в сватовстве» дегенін қайталап жүр. Шынтуайтында, бұл құжаттағы Эльбарс-хан, Юлбарс-хан басқа адам. Бір шежірешілер оны Үсек ұрпағы десе («Чингизиды»: «племянник Абулхаира»), ал, «Төре» жинағында бұл Жолбарысты Шахниязұлы деп, Жошының Шибанынан таратады (Шибан- Болт-Темір-Әминек-Ақатай-Қажым-Жошы-Шахнияз). Ұлы жүз ханы Жолбарыс 1739 жылы Ташкентте өлтірілген, ал, Хиуада хан болған осы Жолбарысты 1740 жылы парсының Нәдір шаһы өлтіріп, оның Әбілқайыр ұлы Ерәліге айттырып қойған қызын Иранға алып кеткен. Осы айтылғандардан байқарымыз, 18 ғасырдың басында Әбіл­қайырдың Үлкен Орда ханы болып сайланбауына оның тегінің төмендігі емес, басқа себебтер болған сияқты. «Қазақстан ұлттық энциклопедиясында»: «Әбілқайыр Мұқамбет Ғази Баһадүр хан (1693-1748) – Кіші жүз ханы, қолбасшы. Әбілқайыр хан батырлығымен, айлакерлігімен, шабуылдарды ұйымдастыра білуімен аты шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен 1710-1748 жылдары аралығында Кіші жүздің ханы сайланды. 1715 жылы Тәуке хан өлгеннен кейін үш жүздің бас хандығы тағына үміткерлердің бірі болды» делінген. Бірақ, «Қазақстан тарихы» оқулығында қазақтың барлық жүздерінің өз ішінде «келте хандары» пайда болуы Тәуке хан өлгеннен кейін басталды дейді емес пе?! (14 б.). Ендеше, «Энциклопедияда» қандай «мұрагерлік жол» айтылып отыр? Егер «келте хандар» бұдан ерте пайда болғаны дәлелденсе бір сәрі...
Казыбек бек кітабында 1725 жылғы Ордабасыдағы жиын туралы: «Үлкен кеңестің аяғы Әбілқайырды үш жүздің қолына қолбасшы етіп сайлады, бірақ, оны қазақтың бәрінің ханы деп жарияламады. Өйткені, оның хан сайлануына Әйтеке қарсы болды», «Әбілқайыр тым өзімшілдігі болмаса, ерлігін қазақ қатты бағалайтын. Әбілқайырдың Төле аға мен Қазыбек аға айта беретін бір ерекше жаман мінезі – өте кекшілдігі болатын. Билер оның кекшілдігін қазаққа бітпеген мінез, қазақ кешірімшілдікті, кеңдікті, көтерімпаздықты ұнатады, қазаққа өзі сияқты кең мінезді, ғаділ адам керек деп отыратын. Сондықтан да, Әбілқайыр ұлық хан аталмады» – десе (230-231 бб.), өзге, тіпті, Кеңес кезеңіндегі тарихшылардың да Әбілқайырдың осындай мінездерін жазғанын көреміз. Нақты, Ресей құжаттарында баяндалған мәліметтерден де Әбілқайырдың түрлі мінездеріне куә боламыз. Мысалы, Әбілмәмбет пен Барақты Әбілқайыр өзі Ор бекінісі басшыларына шақыртқызып, ал, Ор бекінісіне бір күндік жер қалғанда оларға «Келмеңдер, орыстар сендерді тұтқындамақ!» деп хабар жіберіп, кері қайтарған. Сөйтіп, орыстарға «Мен ғана Ресейге адалмын, өзге қазақтарға сенуге болмайды» дегені жазылған. Қулығы әшкере боларын біле тұра осылай істеуі – Әбілқайырдың аса терең ойламайтын кісі екендігін білдірсе керек. Орынбор губернаторы И.Неплюевтің 18.11.1742 ж. жазған Мәлімдемесінде Әбілқайырдың Әбіл­мәмбетті хан деп мойындамай, хаттарында үнемі «сұлтан» деп атағанын, «Но когда в грамоте ее императорского величество, отправленной к Абульмамбету посланцами, имянован ханом, тогда он, Абулхаир, принужден ево за хана признать» дейді.
Қазыбек бек кітабындағы: «Ақыры жарым­жан Болаттың орнын көздеген Әбіл­қайыр, оның орнына 1108-ит жылы оның ұлы Әбілмәмбет сайланып кеткен соң мені ұлы хан жасамады деп өкпелеп, майданнан шегініп Ырғыз асып кетті...Әбілқайыр жолшыбай Жан, Бал, Бол ұрпағының кейбір ауылдарына шабуыл жасап, барымталап, батыс бетке тартты. Ұлытаудың батыс бетіндегі Найман-Меңдіқара ауылын, атам заманнан келе жатқан қара қазақ – азғантай өспей қалған ру Мойын мен Қарашорды шауып, малын талап, адамдарын өлтіріп, күңірентіп кеткенінен бүкіл қазақ даласы хабардар болды. Төртқара Айтық би Төле мен Қазыбекке хат жазыпты: «Әбілқайырдың есерлігін естіп, екеуіңіздің алдыңызда өлмегенім қара жер болып жатырмын. Науқасым содан бері меңдеп кетті», –депті сонда» – деген жолдарына күдік келтірер едік. Бірақ, аталған «Казахско-русские отношении 16-18 вв» жинағындағы Ресей құжаттарында Әбілқайырдың Тевкелевке Ресей патшасы әскер берсе көнбей жүрген қазақтарды қарудың күшімен Ресейге қосып беруге дайын екенін, тіпті, қарақалпақтар мен Хиуаны да, Бұқараны да Ресей әскерінің күшімен патшаға бодан етіп берерін үнемі айтуы –оның билікке жету үшін неден де тайынбайтынын дәлелдесе керек.
Әбілқайырдың мінез-құлқының шынымен де қазақ түгіл орысты тіксінткен тұсарын әлгі Ресей құжаттарынан жиі кездестіреміз. Мысалы, «Казахско-русское отношении 16-18 вв.» жинағының 76 бетінде 1732 жылдың 24 шілдесінде Сәмеке ханнан жоң­­ғар­лардың 30 мың әскермен шабуылға шыққанын айтып көмек сұраған хат келгенде Әбілқайырдың еш әскер аттандырмағаны жазылған. «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» болса, оны жағымды кейіпкер жасаудан таймай: «Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Со­лардың бірі Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жат­­қан Әбілқайырмен ен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Ханның серіктері де сол жерде қаза табады. Бірақ, Барақ Әбілқайырды «орысшылдығы» үшін емес, өзінің жеке басының мүдделерін көздеп «қарақшылық» іске барған еді» дейді. Ал, шын мәнісінде тарих деректері «қа­рақшылық» жасаған да, Барақты қуалап келіп соқтыққан да Әбілқайырдың өзі екенін айғақтайды.
Әбілқайыр ханның өлімін тексеру үшін Кіші жүзге арнайы барған Ю.Гуляев мәлім­демесінде: «Имевшияся при нем киргисцы ево, хана от того отвращали, объявляя, что Барак многолюден и со всеми джалаирскими киргисцами и каракалпаками соединился. Однако хан, несмотря ни на что, сказал: кто-де Барака боится, тот может бабой прослыть, ибо-де Барак и сам не лучше бабы,– вследствие чего и против Бараковой партии к драке начал подрываться. А между тем прочие ево алчинские киргисцы стали забранных Бараком каракалпак грабить. Барак-салтан видя такое на каракалпак нападение и грабительство, приказал своим киргисцом (нөкерлеріне – Х.Қ-А.) и джалаирцом обще уже с каракалпаками напасть и сыскать Абулхаир-хана, и где б ево ни наехали, то убить. Почему, набежав на него, хана, Бараковы киргисцы и ево окружили и во-первых, один ево, хана, копьм ранил, напротив чего и хан из лука одного киргисца в руку, а другова лошадь ранил, но между тем, набежав еще один киргизец ударил ево, хана, топором в голову и оную розшиб. А к тому еще, прискакав, киргизец Сарымбет, ево, хана, на лошади схватив, закричал ему: «Знаешь ли-де ты, что я Сарымбет и что-де ты на свете ни делал, токмо-де на тебя обра­тились?». И стащил ево с лошади, да и сам с ним упал, а к тому и Барак-салтан прискакал и, слезши с лошади, ево, хана, заколол ножем досмерти. А злоба между ими, Абулхаир-ханом и Барак-салтаном, происходила с того еще времяни, когда в прошлом 1747-м г. Батырсалтанов сын Каип-салтан ис Хивы прислал к отцу своему разных вещей на трех верблюдах осенью, которые реченной Абулхаир-хан пограбил, чего Батыр-салтан, не стерпя о такой ево, ханской, наглости, писал от себя и Барак-салтану со объявлением, что те вещи присланы от сына ево якобы в калым дочере ево, Бараковой, ибо оной Каип-салтан зговорил ево, Барака, дочь за себя в замужество» деп жазылған (425-426 бб.). Міне, бұл құжатта ешқандай саяси келіспеушілік дауы байқалмайды, тек баяғы қазақи пендешілік. Осы құжатқа сүйенсе керек, І.Есенберлин «Жанталас» романында да болған оқиғаны осылайша баяндайды (196 б.).
Аудармашы Я.Гуляев Әбілқайырдың Хиуаға төрт-ақ күн хан болып, Нәдір шаһтың шақыруына бармай, қазақ жеріне жасырын қашқанын жазған мәліметті (№76 құжат) көріп оның жүректілігіне күмән келтіргенбіз. Ал, осы жолда саны көп Барақ сұлтан нөкерлерімен жалғыз шайқасуы оның батылдығын я ызақорлығын көрсетсе керек. Тарихшылар Барақтың Әбілқайырды әділ жекпе-жекте өлтіргенін жазып келеді ғой. Ал, шын мәнісінде, оған Барақтың Арғын-Қаракесектері мен Найманның Матайынан тұратын нөкерлері жабылып кеткен, Барақ тек құлап жатқан адамды өлтірген екен. Осы қақтығыста Әбілқайырға қасындағы Алшын нөкерлері еш көмектеспеген. Екі жақтан да басқа ешкім опат болмаған.
Барақ сұлтанның билер сотындағы сөзі де осы құжатта: «Я-де Абулхаир-хана убил по притчине такой, что он-де был плут, и много-де делал плутовство, да и мне-де он учинил, воровство такое, что пограбил присланной ко мне от зятя моего ис Хивы на трех верблюдах товар, а вам-де простому народу, тамо мешаться не подлежит. Что же-де я или он владельцы между собою учиним, тому-де так и быть надобно, нашу-де фамилию называют Тогум-шигайской, а ево-де Абулхаирханская, фамилия называется Бюлякайкоянская, и ево-де род против нашего силою не будет, ибо-де наша фамилия честная и многолюдная» деп орысшаланып, 427 бетте берілген. Барақ сұлтанның осы сөзінен де Әбілқайырдың тегінің төмендігін емес, Жәдік тұқымының күшінің артықшылығын, саны көптігін айтқанын көреміз. Тіпті, көп шежірешілер Үсекті Жәнібек ханның сегізінші, ал, Жәдікті тоғызыншы ұлы деп жазып жүр емес пе. Ендеше, «Әбілқайырдың ұлы хан сайланбауы – тегінің төмендігінен» деген пікір қате сияқты. Осы Ресей құжаттарындағы 1747 жылы И.Неплюевтің Сыртқы істер коллегиясына жазған Мәлімдемелеріндегі «О росте недовольства среди казахов действиями хана Абулхаира» (№134), «Письмо хана Абулхаира оренбургскому губернатору Неплюеву с жалобой на слабость своей ханской власти» (143) деген тақырып атаулары-ақ, оның қазақ ортасында беделінің қаншалықты екенін аңғартса керек. Қазақстанның «өз еркімен» қосылуына мұрындық болған Әбілқайырға Ресей шексіз риза болған. Сондықтан, «Ресей құжаттары Әбілқайыр ханды кемсіту үшін бұрмаланып жазылған», деуші қазіргі кейбір зерттеушілер сөзі қисынға келмейді.

(Жалғасы бар)

788 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз