• Келелі кеңес
  • 26 Сәуір, 2013

Терминқұмарлық та – тілбұзарлықтың бір түрі

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,
журналист

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тілді байытады» деген сөзіне орай, журналымыздың №1 санында журналист Қуанбек Боқаевтың «Орыстың термин жасауын неге үлгі тұтпаймыз? немесе қазақ терминологиясына ұлттық концепция керек» атты материалын жариялаған едік. Осыдан кейін, редакция қоржынына аталған мәселелерге байланысты мақалалар көптеп түсе бастады. Соның бірі, журналист Мырзан Кенжебайдың назарларыңызға ұсынып отырған терминдер туралы ой-пікірі. Мақалада автор өзінің термин жайындағы ойларын ащы да болса ашық айтып, оқырманын бей-жай қалдырмайтындай ойлар түйеді. Қалай болғанда да, Мырзан мақаласындағы кейбір қатты айтылған сөздер легі – автордың жанайқайы деп қабылданғаны жөн. Бұл демократиялық бағыт-бағдардағы сөз бостандығының көрінісі. 

«Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген нақыл сөз, дәл осы күні анау заман­да да, мына заманда да қазақ тілінің мүшкіл халіне бағыштап айтылғандай. «Анау заман» деп отырғанымыз, бұдан 21 жыл бұрынғы Ке­ңес заманы. Сол кезде қазақтарға «Орыс тілін білмесеңдер, аштан өлесіңдер. Адам болғың келсе, орысша үйрен. Орысша білмесең қой бағып, дала кезуден бас­қа жұмыс жоқ саған» – деп үйретілді. Шын­дығында, солай болды да. Осы күнгі орысша өлең жазып, атағы шыққан, орысша оқып не культуролог, не философ, не тарихшы, не әдебиетші, не тенгрист, не исламист екені белгісіз, сөйте тұра, аты-жөні жұрттың аузында жүретін бірі толықтай, бірі жартылай мәңгүрттер мен дүбәралар сол кездің «продуктылары». Қазақтар сол заманда да дымын шығарып, бұл қалай деп үн көтерген жоқ. Өйткені, қазақ ол кезде ең интернационалист ұлт деген мақтауға мәз болды. Сөйтіп, қырылыспай-қырқыспай, ұрыспай-соғыспай аспанға алақан жайып, үнімізді шығармай, тілек тілеп жүргенде қайырымдылығы мен құдіреттілігі шек­сіз Аллатағаланың өзі бере салған, жоңғардан да емес, қытайдан да емес орыс­тан –Ресейден азаттық алдық деп жүрген бүгін ше? Қу тірліктің қай саласынан, қандай азаттық алғанымызды кім білсін, әйтеуір, биліктің бүкіл іс қағаздарында да, телеарна­ларында да, көшедегілердің сөйлеген сөзінде де, әкімдердің есеп беруінде де орыс тілі өрлеп тұр. Ол аз болғандай үйренбесең болмайды деген шықты.
Сол орысша, ағылшынша араластырып сөйлегені аз болса, қазақ енді, терминді ең көп пайдаланатын «терминист» ұлт болғалы отыр. Қазір қазақтың оқыған-тоқыған-шоқы(н)ған атаулысын былай қойғанда, кейбір тіл мамандары мен тіл басқармалары, тілдерді дамыту (қалай дамытады, сөз ойлап табатын шығар?!) орталықтары, қазақ тілі қоғамы деп аталатындардан нәфақа тауып, қатын-баласын асырап жүргендердің өзі, мына, сөздің қазақшасы бар ғой немесе қазақыландырайық та десең «Ойбай, бұл термин сөз, оған тиісуге болмайды» деп шыж-быж болады. Солардың тиісуге болмайды, термин сөз деп жүргенін түптеп қарасаңыз, ол тек француз, ағылшын, неміс, итальяндардың ғана ортақ сөздері екен. Олардың өздері де, ол сөздерді өз тіліне бейімдеп, өзгертіңкіреп айтады. Ал, термин деп жүрген бұл сөзсымақтарды 2 миллиардқа жуық қытай өз тілінде, 1 миллиардтан астам үнділер өз тілінде, жа­пон араб, парсы, корей, қысқасы, әлем халқының жартысынан астамы өз ті­лінде айтады екен. Тек, азаттық алып шортигінен бастап беретка, капюшонына, яғни, басынан-аяғына шейін «европейский стандартқа» мемлекетін «евразий­ский» деп, бір-біріне «қалай братан, нормально ма?» деп амандасатын қа­зақ ғалымдары мен ғалымсымақтары, ол сөздерді термин сөздер деп атайды. Сонда, өздері бір-бірімен орысша сөйлесетін, әкімдері бүкіл жиын-терінін орысша өткізетін, телеарналары күндіз-түні орыс­ша шүлдірлеп тұрған, тәмпіштанау, қы­сықкөзді қарадомалақтары орысша араластырып сөйлегені аз болғандай, мектептерінде ағылшын тілінде оқу мәжбүрленген қазақтың тіліне, енді, «термин» деп аталатын «тиісуге болмайтын» сөздерді араластырса, сонда, қазақ тіліне неше түйір сөз қалады?
Осының бәрі біз осыдан 21 жыл бұ­рын «Азаттық алдық», «Тәуелсіздік ал­дық» деуге де, кімнен алғанымызды атап айтуға да қорқып, «егемендік» дегенді ой­лап тап­қаннан бастап, қазақтың ұлттығын қал­пына келтіруге арналған бірде-бір заң, не жарлық шығармағандығымыздың, әр қазақ азаматын ең әуелі өз ұлтын құрметтеуге үгіт­темегеніміздің кесірінен болып отыр. Яғни, бізде қазақтың ұлттық намысы, ұлттық санасы толық оянуына деген қарсылық бар. Сондықтан да болар, әнебір кезде кейбір ғалымсымақтар «аурухана», «ас­хана», «дәріхана», «емхана», «наубайхана» деген не, «хана» деген не пәле деп жазды. Олар бұл сөздердің «больница», «столовая» деген орысшалары керемет, киелі сөздер деп ойлайтын болуы керек. Олар аптека деген грек сөзінің қазақшасы «қойма», «қамба» ғана екенін, «поли» – көп, әр түрлі, ал «клиника» – күтім деген сөз ғана екенін білмейді, білсе білгісі келмейді. Өйткені, санасы да, сөйлеуі де соған қалыптасып кеткен. Оны өзгерту үшін орысқа бас иіп үйренген құлмінезден арылуы керек. Ал, «хана» сөзі көне түркі тілінде, осы күні қазақтар бөлме деп, жетіс­кендері «комната» деп жүрген үй-жайдың атауы. Көршілес түркі халықтары қазақтар сияқты «комната» демейді, әлі де хана дейді. Ал, «КТК» телеарнасындағылар осыдан, бір-екі жыл бұрын осы хана сөзін қылжаққа айналдырып, «дәріхана», «дәретхана» дей­міз деп қазақ тілімен қоса, бүкіл түркі халық­тарының намысына тиді. Ол журналист солай деп тұрып, өзінің қай нәрсеге болмасын атүсті қарайтын немқұрайлы жан екенін көрсетіп тұрғанын да байқаған жоқ.
Біле білген адамға, түркі тілі дүниежү­зіндегі ең көркем, ең бай тілдің бірі. Атақты академик Марр кезінде, әлемнің ең бай тілдерін төрт топқа жіктеп, соның ішінде біздің түркі тіліміздің қазыналылығына зор маңыз берген. Сол Марр айтқан, ең бай тілдің ішінде орыс тілі деген тіл жоқ. Орыс тілінің жартысынан астамы, біздің түркі тілі екенін көзі ашық әркім-ақ біледі. Орыс­тың арақ құйып ішетін «стаканы» да түркінің «тостаған», сөзінен шыққан. «Утюг» сөзі түркілердің «оттығы» екенін, сонау, ХІ ғасырдағы Махмуд Қашқаридың жазғанынан білеміз. Оны айтасыз-ау, асха­наға барып «меню» дегеннен бастап, сондағы тағам аттарының арасынан орыстың бір тағамын таба алмайсыз. Біз бұл жерде орыс тілін мүлдем жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Орыс тілі түркі, латын, грек, көне славян сөздерінен құралған тіл, ол қазір бай тілдің қатарына еніп отыр. Бұны талай-талай тіл білімінің біліктілері айтқан. Біздің айтпағымыз, орыстар қай тілді болсын өзіне бейімдеп алады да, ақыры ол орыс сөзіне айналып шыға келеді. Кейінгі жылдары орыстар пластиктен жасалған шишаға «баклашка» деп ат қойып алды. Бұл өзіміздің батыс қазақтары айта беретін бақыраш. Яғни, темірден жасалған ожаудың сабы бар үлкендеу түрі. Аңқаулығы ма, әлде, орыс не айтса соны қағып алатын жәреукелігі ме, кейінгі кезде қазекемдердің өздері де оны баклашка дейтін болды.
Мұны айтқызып отырған тағы бір себеп: жаңағы терминқұмар қазақтар тиісуге болмайды деп жүрген латын, грек, ағылшын сөздерінің (оларды орыстар бұзып айтады) бәрі дерлік түркі, араб, парсы, көне шағатай тілдерінде бар сөздер. Және бір ғана емес, баламаларымен бар сөздер. Сон­дықтан, әлгі «термин сөз» деп жалған мәр­тебе беріп жүрген батыс сөздерін өзімізбен тарихы да, діні де, тілі де, дү­ние­ге көзқарасы да еуропалықтардан әл­­деқайда жақын көне шағатай, түркі, парсы, араб тілдерінен өзімізге бейімдеп, үн­дестіріп қолдануымыз өте орынды болар еді. Әсіресе, зат есімдерді. Бұл орайда бү­кіл ғұмырын қазақтың қамын жеумен өт­кізген Халел Досмұхамедұлының «...Жат сөздерді қолданғанда оларды тіліміздің өз заңымен өзгертіп, тілімізге ыңғайлап алу керек. Жат сөздерді бұлжытпай со күйінде алатын тіл жердүнияда жоқ. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалпымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық» дегенін мықтап есте тұтқанымыз абзал. Ал, Ахмет Байтұрсынов «... біз араб әліп-биінен ажырамауымыз керек» деп қақсап кетті. Бұл қос алып та осы күнгі Сисимбаев, Дюсимбаев, Сатувалдыевтерден әлдеқайда таза орыс тілінде сөйлеген марғасқалар.
Әрине, соңғы ғасырларда, әсіресе, бі­ресе патшалық, біресе Кеңестік Ресей құ­ра­мында ұзақ уақыт бодандықта бо­луы­мызға байланысты, ата-бабамыздың көркем де қазыналы тіліміз өзінің әсем-әлпетінен, ажарынан айрылып, мүл­де өзгеше күйге түсті. Қазақтың ықылымнан келе жатқан әдеби, тарихи, тіпті, күнделікті тіршілігінде кеңінен қолданылып келе жатқан бүкіл түркі әлеміне ортақ сөздер мен тіркестер қолданыстан шығып, олардың орнын өз жаратылысымызға үйлеспейтін орысша сөздер мен өзге де кірме, келімсек сөздер басып қалды. Тіпті, тұрмыстық зат, бұйымдарымыз, құрал-саймандарымыздың атаулары өзгеріп кетті. Жақында, теледидардан біреу­дің атауыздың (кемпірауыз, қышқаш) сабын атауыздың қолшасы, есіктің тұтқасын есіктің қолшасы дегенін естігенде есеңгіреп қалғандай болдық. Осының өзі-ақ сапты да, тұтқаны да орыстардың «ручка» дегенінен тәр­жімалап айтатын күйге жеткенімізді көрсетіп-ақ тұрған жоқ па? Бұл – калька. Тік, жолма жол аударма. Мағанасыз сөз ойлап табу.
Иә, қазақтың «термин» деп жүргенінің бәрі орыстардың латын, ағылшын сөздерін бұзып айтуы ғана екен. Орыс не айтса соны басшысының сөзіндей қабылдап үйренген қазақ, сол күйінде қайталайды. Мысалы, қазақтар термин сөз деп жүрген «архив» былайша archiv болып жазылады. Оны ағылшында архив демейді, а:kaiv, а, кэйв деп айтады. Ал, орыстар жазылған күйінде архив дей салады. Олардың айтқанын қазақ киелі сөздей қайталай салады да, оны термин дейді. Национал (нэшнл), машина, техника (technike) дегендер қалай жазылса, орыстар солай айтып кеткен. Бұл да орыстардың әрнәрсені белден басып өте шығатын әдетінің бір көрінісі. Бұрын Махмұт Қашқариды, Жүсіп Баласағұнды, Қожа Ахмет Иасауиді, Сүлеймен Бақырғаниді, Сеиіф Сарайды, яғни, бүкіл түркі шайырлары мен ғұламаларының ғажайып мұраларын түпнұсқадан оқитын қазақ, бүгінде 20 ғасырда жазылған шығар­малардың ішіндегі көп сөздерді түсінбей, бірінен-бірі сұрап отыратын болды. Бұл өзін қазақпын дейтін, ұлтына жанашыр, сана-сезімі мәңгүрттенбеген, намыссыздық тұманына түспеген әрбір көзі ашық қазақ, әрбір есі дұрыс қазақ еңіреп жылайтын жағдай. Бұл – біздің ұлт ретінде жойылып кетуіміздің ең басты шартының бірі. Ал, бізбен арғы тегі, түбі бір әзірбайжан, өзбек, түркімен, түрік, ұйғыр ұлттары бәрімізге ортақ, тек қазақтар ғана ұмытып қалған атауларды әлі де со күйінде қолданып келеді. Назар аударып көріңіз. Мысалы, біздің тиісуге болмайтын терминсөз деп жүрген «экономика» дегеніңіз бар болғаны көне грек тіліндегі – шаруашылық, шаруашылықты жүргізу дегенді білдіреді. Оны қазақтар ғана қасиетті сөз көреді. Ал әзірбайжандар оны «иқтисад», өзбектер «иқтисод», ұйғырлар «иқтисат» дейді. «Диалектіні» әзірбайжан – ләһча, өзбек – лахжа, ұйғыр – ләхжә десе, қазекем ғана «диалект» дейді. «Издательство»ны қазақтан басқаның бәрі нәшрият, нәшриет десе қазекем ғана «баспа» деген бұйрық райлы етістікпен атайды, «страница» дегенді де түркі тілдестер түгел саһифа, сохифа десе қазақтар «бет» дейді. «Кандидатты» қазекемдер ғана сол күйінде бұлжытпай айтады, ол түркі тілдес бауырларымызда намизад, намзат, намзет делінеді. Демек, бізден басқа туыстар түп-түгел шығысқа ортақ араб, парсы, түркі атауларын сақтап қалған. Ал, қазақтың әлгі «баспа», «бет» дегендерінің жасанды, әрі ерсілеу екені көрініп-ақ тұр. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазір тіліміздегі атауларды кім көрінгеннің «жаңалығымен» өзгерте салатын болдық. Қала, аудан, облыс әкімшілігін тіл ғылымында аты-жөні жоқ біреулердің «ұсынысымен», «дәлелдеуімен» «әкімдік» деп жазып қойдық. Олардың сондағы дәлелінің түрі «әкімшілік» дегеніміз клуб, кинотеатр әкімшіліктері ғана екен. Бұл да нағыз кісі күлерлік жәйт емес пе?!. Ал, терминологиялық комиссиядағылар талай сөзімізді мүлде өзгеріске ұшыратты. Солардың белгілеп берген «тәртібіне» қарап қазір қазақ газет-журналдары ықылым заманнан келе жатқан «жәйт» деген жұп-жұмсақ үнді сөзді «жайт» деп көмейімен бақ еткізіп жазатын болды. Бұл да біздің тіліміздің қалыптасқан үндестік заңдарын белден басудың бір көрінісі. Бүйте берсек, енді, кейбір шалақазақтар сияқты «ң»ды айтпай, оның бәрін «н» қып өзгертіп «жа­нағы», «жана жыл», «өлен айтындар», «мын тенге» деуге көшеміз. Сөйтіп, бір­жолата орыспен бір әкеден, болмаса бір ше­шеден туған бауырлас болып шыға ке­леміз.
Қайталап айтайық, онсыз да қазақ тілі орысшаның аудармасына айналған, қазақ сәбилеріне мектепте орыс тіліне ағылшын тілі қосарлана оқытуға мәжбүрлеп жатқан, бұл елде енді анау да термин, мынау да термин деп бүкіл еуропалық атауларды со күйінде қолдануға шешім қабылдасақ қазақ қолданатын сөз қалмайды. Тағы да айтамыз, біздің термин сөз деп жүргендеріміздің көбі ешқандай да терминсөз емес. Ол еуропалықтарға, олардың бержағындағы орыстарға ғана ортақ. Біз онсыз да ең аяғы кеңсе, дегенді де ұмытып, «офис» деп, көлігіміздің қозғағыш, қозғауышын солай «двигатель» деп жүр­ген үргедектіктен 21 жылдан бері арыла алмаудамыз. Егер, термин сөздер өзгертуге болмайтын, сондай, киелі сөз болса, онда Президент дегенді Елбасы деп айтып та, жазып та жүрміз ғой. Ендеше, оған да тыйым салуымыз керек пе? Біз бұрын, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында уәлаят дейтінбіз. Оны қазір область дейміз. Сонда, область деген де термин сөз болғаны ма? Оның уәлаяттан қай жері артық? Сол сияқты, министрлік дегеннің бұрынғы уәзриятымыздан несі артық. Мүлде жоқ қой! Демек, бұл да біздің қанымызға сіңіп қалған құлмінезден арылуға ынтамыз жоқтығының, орысша акцентсіз сөйлейміз деп мақтанатын надандығымыздың, Абай айтқан мақтан­шақтығымыздың кесірі.
Иә, «халықаралық термин» деген сөз тіркесі, бүгінде қазақ тілін кедей тіл, замана ағымына ілесе алмайтын, күні өткен тіл деп көрсетудің басты құралының бірі болып тұр. Осы бір кесірлі сөзді кім-көрінген жаттап алып айтатын болды. Әнебір жылы Алматы облысының Саймасай ауылынан Әбдеш Дайрабаев деген бір газетте «Халықаралық терминдерді қазақша етіп (?) қайта жасаймыз (?) деуде – бос әуре, уақыт ұтқызу. Жақсыны жатырқамай барымен базар жасау қажет» – деп жазды. Термин туралы төрелік айтып отырған адамның сөйлем құраған түрін қараңыз. Оның жақсыны жатырқамайық деп отырған жақсы сөздері қандай сөздер, олар шынында қазақ тілінде жоқ па? «Сауатсыздықтан арылайық» деп бастапты бұл азамат өз сөзін. Оның сауаттылығы әлгіндей сөйлемнен тұрады да, ең соңында «Бүкіл дүние тарихында осылай болған» дейді. Әлгінде айттық қой, бұл да өтірік. Жұртты адастыру! Дүниежүзінде бір ғана атаумен аталатын, бүкіл әлем халқы бір атаумен атайтын бірде-бір сөз жоқ. Бірнеше ұлттарға, мысалы, неміс, ағылшын, француз, испандарға ортақ сөздер бар. Олар соның өзін сәл өз тіліне бейімдеп, өзгертіп айтады. Немесе өз ұғымындағы соған жақын атаумен атайды. Мысалы, ағылшындар интуиция деген сөзді мүлде айтпайды, оның орнына инстинкт сөзін қолданады. Сонда, мен «квар­талды»-махалла, «террасаны»-айбан, «фирманы»-шұрқат» деген көне түркі тілінде неге айтпаймын?
Әдетте, ойы тайыз, өз білім-білігі жоқ адамдар өзгенің қаңсығын–таңсық кө­ре­­тіні белгілі. Кейбір терминқұмарлар да солардың бір түрі. Осы күнгі ең бір ұлтшыл («Ұлтжанды» емес!), ту­ған тіліміздің үлкен жанашыры, әрі бі­­лік­тісі, тіл ғылымдарының докто­ры Шерубай Құрманбайұлының алаш қайраткерлерінің бірі Қошке Кемең­гер­ұлының өмірі мен қызметіне арналған көлемді мақаласын («Ана тілі», 13-ші қараша, 2008 ж.) оқығаным бар. Сон­да, ол жасаған «қазақша-орысша тіл­машта» («сөздік» емес «тілмаш!») осы күнгі терминқұмарлар тиісуге болмайды деген орыс, шетел тілдерінің балама атаулары толып тұр. Ол еңбекте, сол шетел сөздері, қазір, тіл маманы атанып жүрген кім көрінген орысшадан тікелей аудара салғандай емес, таза қазақы өрнегімен берілген. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазіргі қайсыбір ғалымсымақтар орысша подорожникті – жолжелкен, венерин башмачокті – шолпанкебіс, носорогті – мүйізтұмсық деп жан қинамай, орысшаның аудармасына айналдыра салған. Бұл – ұрпағымызға жасалып отырған нағыз қаскөйлік. Әйтпесе, подорожнигіңіз – иманжапырақ, екіншісі – шәнтек, үшіншісі – керіске деп аталады. Қошке Кемеңгерұлы кредиторды – аласылы, нагрузканы – артыс, должникті – бересілі, коллективті – бірік, справочникті – білдіргіш, пленка­ны – үлдірік, коммунисті – ортақшыл, фе­дерацияны – құрама, антитезаны – шен­дестіру, метафизиканы – дерексіз даналық, керосинді – жермай деп жазған. Біздің тіліміздің құдіреттілігі сондай осы қазақы атау­лардың өзінің бірнеше балама атаулары бар. Мысалы, аласылыны – алажақ, бересіліні – бережақ, коллективті –ұжым деп айта беруге әбден болады. Сол сияқты, дезинфекцияны – алас, гуманизмді – шаф­қат, шауқат, интерпретацияны – тәпсір (тү­сіндіру, ұғындыру, зейіндеу т.б.) десек, бұл сөздер еуропалықтардың атауынан гөрі, өз тілімізге әлдеқайда жақын, әлдеқайда үндес емес пе?!
Біз бұл жерде бүкіл термин атаулыны түп-тамырымен жояйық деген ұрда-жық мінезге басып отырған жоқпыз. Айтпағымыз, соңғы жылдары ананы да, мынаны да термин деп, өзіміздің тілдік қорымызда бар сөздерімізді ұрпақ жадынан ұмыттырып, тілімізді кедейлендіріп бара жатқанымыз жанға батады. Біз бүгінде, онсыз да ұрпағымыздың сөйлеу мәнері орысшаның аудармасына айналып, бір ауыз сөз айтса соның жартысынан астамы орысша болып, тіліміз, сұрқай күйге түсіп бара жатқанының куәсі болып отырмыз. Енді, осының бәріне бүкіл еуропалықтар мен орыстардың сөзін термин деп қосып, былықтыра берсек, тіліміз көп ұзамай-ақ түкке қажеті жоқ, дастархани тіл деңгейінде қалады да, бірте-бірте мүлде жойылып бітеді.

587 рет

көрсетілді

81

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз