• Заманхат
  • 03 Маусым, 2013

Исламдағы Сауда-саттық

Адам баласы ішіп-жеуін, баспанасын және басқа да қажеттіліктерін әрдайым өзі жасап шығарған нәрселермен қамтамасыз ете алмайды. Өйткені, қажеттіліктер әр түрлі және адамның өндіру ауқымы да шектеулі. Сондықтан, адамдар сонау ерте ғасырлардан бастап мүлікті мүлікпен айырбастай бастаған. Мәселен, қолында бидайы бар адам мұны арпа, мата яки мұқтаж болған бір мүлікпен алмастырған. Сондай-ақ, қойы бар кісі сиырға қажеттілік туындағанда, оны қоймен айырбастап мұқтаждығын өтеген. Алайда, уақыт өте келе мүлікті мүлікпен айырбастау жеткіліксіз саналып, әрдайым мүлікті мүлікпен айырбастаудың орнына, кейбір құнды металдардың сауда-саттықтың төлемі ретінде қолдану кезеңіне ауысады. Осы орайда Аллаһ елшісі сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсиетін тілге тиек етсек «Ей, саудагерлер қауымы! Сауда-саттыққа бос сөз бен жалған ант су ішу араласқандықтан мұның орнын сада­қаларыңызбен толтырыңыздар» [2.16.1].


Сату келісім-шартының анықтамасы
Арабша «бәйғ» сөзі сату және сатып алу мағыналарын білдіретін қарама-қайшы мағы­налы сөздерге жатады.«Бәйғ» сөздікте «бір нәрсені басқа бір нәрсенің орнына беру» дегенге саяды [3.0-95]. Көпше түрі «буюъ». Сату түрлерінің көптігі әрі әрқайсысының өзіне тән жеке үкімдері болғандықтан, классикалық фиқһ қайнар көздерінде «Китабул-буюъ (сауда-саттық кітабы)»[4.14.501-589], тақырыбы көпше түрде қолданылған.
«Бәйғ» сөзі Құран Кәрімнің алты аятында сауда-саттық мағынасында жекеше түрде келген. «Сауда-саттық жасаған уақыттарыңда куәгер тағайындаңдар» [1.2.282] аятында, бұл сөз «тәфаъул» қалыбында дәл сол мағынада қолданылған. Мысалы:Құранда «Юсуфты төмен бағаға бірнеше дирһамға сатты» [1.12-20]. «Әттең, өздерін қарымы ретінде сатқан нәрсенің неткен жаман екендігін білгенде еді!» [1.2.-102]. Алайда, бұл екі етістіктің «сатып алу» мағынасын білдіруі үшін көбінесе «ифтиъал» қалыбы таңдалып, араб тілінде қолданылған. «Иштәра (сатып алды)» және «ибтәъа» сияқты.
Сату келісім-шартына термин ретінде былайша анықтама берілген: Мүліктің мүлікпен арнайы түрде алмастырылуы. Қол жеткізуді қалаған бір мүлікті, ақысына нақты түрде ауысу [5.7.133], [5.7.73]. Әл-Маусилидің (қ. ж 683/1284) анықтамасы мынадай: «Бағалы (мутақаууим) бір мүлікті екінші бір бағалы мүліктің төлем ақысы ретінде иелік құқықтарымен қоса табыс ету арқылы ауыстыру». Мутақаууим мүлік; бағалы әрі шариғи тұрғыдан пайдалануға жарамды мүлік деген сөз. Ибн Қудама (қ.ж 620/1223) сатуда иелік құқын табыс етуді негізге ала отырып былайша анықтама берген: Бір мүлікті басқа бір мүлікпен, иелік құқын табыс ету және қарсыдағы мүліктің иелік құқын қабылдап алу мақсатында ауысу.
Сауда-саттық келісім-шартының сүйенген дәлелдері
Шарттарына сай жасалатын сауда-саттықтың шариғатқа сай болуы кітап (Құран Кәрім), сүн­нет және ижмаъ дәлелдеріне сүйенеді.
Құрандағы дәлелдер:
Құран Кәрімде сауда-саттыққа қатысты әр алуан аяттар бар. Кейбіреулері мыналар: «Әй мүміндер! Өзара малдарыңды тура болмаған жолдармен жемеңдер! Алайда, өз ризалықтарыңмен сауда-саттық арқылы жеулерің адал» [1.4-29]. «Негізінен Аллаһ сауда-саттықты адал, ал, өсімқорлықты арам еткен» [1.2-275]. «Өзара саудаласқанда, куәгер тағайындаңдар» [1.2.282]. «Қажылық маусымында сауда-саттықпен айналысумен Раббыларыңнан кеңшілік талап етулерің сендерге ешқандай күнә емес» [1.2.198].
Сүннеттегі дәлелдер:
Хз. Пайғамбардың (с.а.с) сауда-саттық пен экономикалық өмірге қатысты бірқатар сөздері мен іс-әрекеттері яки мақұлдаулары (тақрир) бар.Аллаһ Елшісінен (с.а.с) қайсы табыстың ең таза екендігі сұралғанда былай деп жауап берген: «Кісінің қол еңбегімен тапқан және дұрыс жасалған (мәбрур) сауда-саттық». Жалған ант және өтірік араласпаған сауда келісіміне «мәбрур сауда-саттық» [5.466-467] делінеді.

Ғұламалардың бір ауыздан
келіскен дәлелдері
Мұсылмандар сауда-саттыққа шариғат тұрғысынан рұқсат етілгендігі турасында ор­тақ көзқараста. Ақылда осыны қажет етеді. Өйткені, адам кейде басқасының қолындағы нәрсеге мұқтаж болады. Ол адамның бұл мү­лікті әрдайым тегін беруі мүмкін емес. Осы жайт адамдарды мүлікті мүлікпен айырбастауға итермелейді. Адам баласы жаратылыс тұрғысы­нан мәдени қарым-қатынастар жасауға бейім. Бірқатар мәмілелер іспетті сауда-саттық та қоғам халінде өмір сүру үшін қажетті нәрсе дегенді меңзейді.
Бір нәрсенің болмысы өзіне тәуелді болған және оның құрылымының бір бөлшегін құрайтын негізге «рүкін» деп айтылады. Ал, шарт болса, бір нәрсенің болмысы өзінің болмысына тәуелді болумен қатар, оның құрылымының бір бөлшегін құрамайтын іс яки сипат. Мәселен, намаздағы рүкүғ пен сәжде сияқты. Намаздың негізін құрайтын басты элементтер пен парыздар рүкін саналып, бұлардың біреуі кем болған жағдайда, намаз дұрыс болмайды. Сауда-саттық келісім-шартында да ижаб (ұсыныс) пен қабул (қабылдау) рүкін саналады. Екі жақтың бірінің ұсынысы, екіншісінің осыған сәйкес қабыл етуінсіз сауда-саттық жүзеге аспайды. Ижаб пен қабулдің баяндалуы сөзбен яки іс-әрекетпен болады.
Ханафилардың тұсындағы көпшілік бойынша сауда-саттық келісім-шартының рүкіндері төртеу болып; сатушы, алушы, келісім-шарттың тақырыбы және қолданылатын қалыптан (сиға) тұрады. Бұйрық рай қалыбымен сауда-саттық келі­сім-шарты жүзеге аспайды. Мәселен, алу­­шы сатушыға «мына мүлікті маған сат» десе, сатушы «саттым» деп жауап қайырса, алушының «сатып алдым» деп айтуы қажет. Дәл осындай ұсыныс сатушы тарапынан да жасалуы мүмкін. Оның «мына мүлкімді сатып ал» ұсынысына қарсы жақтағы кісі «сатып алдым» деп айтса, сатушының «саттым» деуі қажет. Бұл жерде бұйрық рай қалыбымен айтылған алғашқы ұсыныстар, келер шақ мағынасын да қамтығандықтан ижабтан (ұсыныс) гөрі «ижабқа шақыруды» білдіреді. Себебі, адамдар көп жағдайда «мына мүлікті маған сат», яки, «мына мүлікті сатып ал» сияқты ұсыныстарға күмәнмен қарайды. Яғни, олар «мүліктің бір кемшілігі болмаса, мұндай ұсыныс жасамайтын еді» деп ойлайды. Негізгі қағида бойынша мүлікке алушы сұраныс білдіруі керек. Бірақ, бұйрық рай қалыбы келісім-шартты сол сәтте іске асыру ниетімен қолданылатын болса, ижаб жүзеге асады [2.187-189].
«Ижаб» пен «қабул» ауызша жасалатыны сияқты жазбаша әдіспен де жасалады. Хат, факс және телеграмма сияқты жазу құралдарымен анық әрі нақты сатып алу ұсынысы жасалған болса, бұл ижабқа жатады. Сатушы бұған ауызша түрде, елші яки хат жазысу арқылы жауап беретін болса, сауда-саттық келісім шарты аяқталған болады. Алайда, хат арқылы ижабта сұрақ яки бұйрық рай қалыптары қолданылса, яки қарсы жақтың пікірін алу мақсат етілсе, мұны «ижабқа шақыру» деп түсінген жөн [6.5.133].
Сонымен қатар, газеттер мен журналдар­да берілген сауда жарнамаларын, әртүрлі кісілер мен мекемелердің бағалары жазылған тізімдері мен кітапшаларын «ижабқа шақыру» деп түсіну керек. Себебі, хабарландырудан кейін көп кешікпей сатушының қоймадағы мүліктері бітіп қалуы мүмкін, яки, бағаларда жаңа өзгерістер туындауы ықтимал. Сондықтан, осындай хабарландыруға сүйеніп, сатып алуға сұраныс білдірген тұлғаның ұсынысын «ижаб», сатушының бұған болымды жауабын «қабул» деп санаған жөн [7.188-189].
Адами құқықтың сату келісіміне берген анықтамасы мынадай: «Сату – бұл бір келісім-шарт болып, онымен сатушы сатылған мүлікті алушының мойнына алған ақының өтемі ретінде алушыға тапсыру және иелік ету құқығын оған табыс ету борышын жауап­кершілігіне алады». Ғасырымыздағы ғұламалардың бірі әз-Зәрқа бойынша, бұл жер­де сауда-саттыққа рұқсат берудің орнына, бұл жайтты кепілдемеге алған яки жалдап тұрып жатқан кісінің ризалығы болмайынша, сатылған мүлік алушы кісіге берілмеу керек деп түсінген жөн. Осылайша, ақы иелерінің ақылары сақталған болады. Бәлкім, бұл жерде сатып алушы сауда-саттық келісім шартын бұ­зуды не болмаса сатылған мүлікке қол жеткізу үшін кепілдеменің шешілуін, яки, жалдау уақытының аяқталуын күтуді таңдау құқына ие болуы қажет.
Ержан ТӨЛЕПОВ,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті
университеті, Дінтану факультетінің
2-ші курс магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Халифа Алтай.Құран Кәрім қазақша аудармасы мен түсінігі.Мекке қаласы.2000 жылы жарық көрген.
2.Әл-фиқһул Ханафи уа адиллатуһу,Дәрул каламил тоййб баспасы,Дамаск-Бейрут 2008жыл.2-ші бөлім, 16-шы бет,Сунан Аби Дауд, буюғ1.
3.Х. Қ. Баранов.Арабско-Русский словарь. Масква «Русский язык»2005ж. а
4.Раддуль мухтар ғла Аддурриль мухтар. Хашияту ибн Абидин.Даруль ғлмулкитаб.2003ж.Бейрут.
5.Кәсәни,әл-Бәдәйъус-санайъ 2-басылым, Бейрут 1394/1974: Ибнул-һумам,Фәтхул-қадир,Булақ1316/1898ж.
6.Ән-Насаии,Әбу Абдурахман бин Шуғайб,Сунан 1-8 том, Мысыр 1964 ж. Даруссалам баспасы.
7.Тирмизи Мұхаммед бин Иса Сунан 1-5т Мұхаммед Шакир, Кайр 1937.Даруссалам баспасы.

The trabe in islam.I Had written about trade particular meaning in society where we live and what says in Kuran and Muhammad Hadith(peace be upon him) and also scientists opinions

565 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз