• Ұлттану
  • 03 Маусым, 2013

РЕСЕЙ-УКРАИНА ТЕКЕТІРЕСІ Екі славян мемлекеті неге ортақ тіл табыса алмай отыр?

Аширбек АмангелдиӘшірбек АМАНГЕЛДІ,
саяси шолушы

Биылғы жылы ЕҚЫҰ төрағалық етіп отырған Украинаның сыртқы сая­саттағы ең бір қиын түйіні – Ресеймен екі арадағы қарым-қатынас мәселесі. Арнайы зерттеп жүрген мамандар болмаса, оның себеп-сырын былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Ал, әлемдік экономикада ауық-ауық қаржылық дағдарыс қысып, жаһандану мен аймақтану үрдістері белең алып жатқан тұста мұның геосаяси да стратегиялық та маңызы зор. Өйткені, бұлар ежелден географиялық орналасуы жөнінен көршілес, шаруашылықтық-экономикалық және мәдени-гумани­тарлық, әлеуметтік жағынан бір-бірімен байланысып, қойындасып жатқан елдер. Оның үстіне кешегі КСРО тұсында Украина халқының саны және экономикалық күш-қуаты жөнінен Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орынды иемденіп, ол, тіпті, Беларуссиямен екеуі БҰҰ-ның да дербес мүшелері болды. Сырттай қарағанда ешбір күрделілік жоқ сияқты көрінгенімен, өз ара түсіністік пен ортақ мәмілеге келе алмай отырған Ресей-Украина қатынасының сыры мен себеп-салдары тереңде жатыр.


1991 жылдың 8 желтоқсанында Бе­ла­­русьтың Беловежі орманында үш мем­лекеттің басшылары (Беларуссия, Ресей және Украина) КСРО-ның таратылғанын жариялағаннан бері жиырма жылдан астам уақыт ішінде Украина өзінің мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін нығайтып, қал-қадірінше дамытып келеді. Кәзіргі таңда, ол әлем танып, мойындаған өзінің ұстанған ішкі және сыртқы саясаты бар егеменді мемлекет. Бұл жолда оның бірқатар кедергілерді бастан кешкені, ондай қиындықтар мен ауыртпалықтардың әлі де кездесіп отырғаны жасырын емес. Өз кезегінде ол сыртқы факторларға да байланысты.
Мәселен, елдің экономикасына, жалпы дамуына Ресеймен жөнді қарым-қатынаста болмауы кері ықпалын тигізбей отыр дей алмаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, Украинаның дербес саясат жүргізіп, батысқа қарайлайтыны, бір кездері НАТО-мен жақындасуға әрекет жасағаны, өздеріндегі баяғы ОУН (Украин ұлтшылдары ұйымы) мен УПА (Украина көтерілісшілері армиясын) елдің тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер деп бағалауы, Абхазия мен Оңтүстік Осетия үшін қақтығыс тұсында, бұлардың Грузияға қару-жарақ пен әскери техника сатуы Мәскеуге ұнамайды. Ал, Киев 1930 жылдардағы аштықты (голдомор) украин халқын құрту үшін әдейі жасалған геноцид деп есептейді. Ресейдің Қара теңіз флотының Қырымда, Севастопльде болуы да Украина үшін «бас ауру» болып тұр. Оның үстіне, орыстар жағы Украинада орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілмей отырғанына да өкпелі. Бұған қоса, екі мемлекеттің арасында Азов теңізі мен Керечь бұғазы маңында су астында шекара сызығы белгіленбеген аудандар да бар. Керек десеңіз, діни-шіркеулік мәселеде де келіспеушілік орын алған. Осыған байланысты Киевте кәдуілгі Мәскеу па­триархатының құрамындағы Украин православтік шіркеуіне қоса, өз алдына бөлек православиелік шіркеулік патриархат жұмыс істейді. Осындай-осындай дау-дамайлар жинақтала келіп, Украина-Ресей қатынасына көлеңке түсіріп, сауда-экономикалық байланыстарға да нұқсан келтіріп,тіпті «газ мәселесін» де ушықтырып отыр деуге болады. Сол себепті, «көгілдір отын» украин-ресейлік қатынастағы ең бір өзекті дауға айналғандай.
Кейбіреулер екі мемлекеттің қарым-қатынасында кейде жеке тұлғалар, билік басына келушілер де айтарлықтай рөл атқарады дегенді айтады. Сондықтан ба, екен Украинадағы соңғы президенттік сайлауларда Мәскеудің негізгі «акцентті» Виктор Януковичке жасап, cоған үміт артты. Себебі бас ашық батысшыл Виктор Ющенко мен құбылып тұрған өрімшашты Юлия Тимошенкодан гөрі Янукович бұларға қолайлы көрінді. Сыртқы саясатта есесін оңайлықпен жібере қоймайтын Ресей Януковичке сенім артқанда, оған қатысты барлық жағымды факторларды (оның шешесі Ольга Семеновна Леонованың орыс болғанын, оның Донецкіде орыс тілді ортада тұлға, саясаткер болып қалыптасқаны-бәрі-бәрін) мықтап ескерді. Мамандығы жөнінен инженер-механик саналатын, екі рет: кісі тонағаны және дене жарақатын салғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып сотталған Янукович қалай көзге түсті, билік басына қалай келді, соған тоқталып өтейік.
Басқа лауазымды қызметтерін айтпағанда, оған дейін Донецкі облыстық әкімшілігін басқарып келген Виктор Федорович Януковичті 2002 жылдың қарашасында Украина президенті Леонид Кучма премьер-министрлікке ұсынып, парламентте көпшілік дауыспен сайланып кетті. Расын айту керек, Виктор Януковичтің басшылығындағы министрлер кабинеті елдің экономикасын көтеруде бірқатар жетістіктерге жетіп, тұрғындардың әл-ауқатын біршама жақсартқандай болды. Алайда, Украинада жалақы мен зейнетақы, стипендия мөлшері Ресей мен Белоруссиямен салыстырғанда әлі де 2-3 есе төмен болатын. Соған қарамастан, 2004 жылы Янукович ел президенті, Жоғарғы Раданың төрағасы, парламенттегі көпшілік саналатын партиялар мен фракциялардың жетекшілері бас қосқан жиналысында бірауыздан Аймақтар партиясы атынан Украина президенттігіне үміткер етіп ұсынылды. Сол жолғы сайлаудың екінші турында Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметі бойынша, ол басым дауыс жинап, жеңіске жеткендей болған. Сондықтан, оны Ресей президентінен бастап, бірталай мемлекеттердің басшылары құттықтап, жаңа қызметінде табыстар тілеп үлгерген еді. Бірақ та, оппозицияның жаппай қарсылығы, дауыс санауда бұрмалаушылыққа жол берілді делініп, оны дәлелдеулерінің нәтижесінде елде тағы да сайлау өткізілетін болды. Сөйтіп, үшінші турда оның басты қарсыласы Виктор Ющенконың бағы жанды.
Әу бастан Ресейге қырын қараған Ющенконың тұсында украиндік-ресейлік қатынастың өрге баса қоймағаны белгілі. Екі жақ та сәл шегініс жасап, бір-біріне жылы қабақ таныта қоймады. «Газ текетіресі» бұрыңғы күйінде қалып, бұл Украинаның өндірісіне, сайып келгенде экономикасына үлкен зиян мен залал әкелді. Өстіп жүргенде арадағы төрт жыл да зу етіп өте шықты. Бұл жолғы, яғни 2010 жылдың ақпанындағы сайлауда президенттіктен бірден-бір үміткер Виктор Янукович бұрыңғы қателіктерін қайталамауға тырысты. Барлық оң және теріс жағдайлардың бәрін ескерді. Ол, енді, негізінен орыс тілді электоратқа, Украинаның оңтүстік-шығысындағы Донецкі, Луганскі, Харьков, Днепропетровскі, Одесса облыстарына және Қырым Автономиялық Республикасында көбірек арқа сүйеді (Соңғы мәлімет бойынша Украинада 8,5 млн. орыс тұрады). Осылардың көңілінен шығу мақсатында сайлау алдында Ресеймен қарым-қатынасты жақсартамын, орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін әперемін, Абхазия мен Оңтүстік Осе­тияның тәуелсіздігін мойындаймын деген тәрізді бірқатар уәделер берді.
Күткендей-ақ, Янукович сайлаудың шешуші кезеңінде Юлия Тимошенкомен бәсекелес болып, оған қарағанда үш пайыздай артық, яғни, 48,97 пайыз дауыс жинап алға шықты. Оны әдеттегідей сайлаушылардың елу пайызы қолдамағанымен, Украинаның заңы бойынша ол президент болып танылды. Бұған дейін, оны бір рет асығыс құттықтап, ауыздары күйген ресейліктердің сол кездегі мемлекет басшысы Дмитрий Медведев «Украина президенттігіне кандидат В.Януковичке» деген жеделхат жолдап, онда «жеңісіңізбен емес»: «сайлау науқанының халықаралық бақылаушылар тарапынан жоғары баға алып аяқталуымен және ондағы табысыңызбен құттықтаймын!» деп қана жазумен шектелді. Әйтсе де, қарама-қайшылықты Януковичтің билік басына келуі біреулерді қуантып, біреулерді өкіндірді.
Обалына не керек, орыстар күткендей-ақ, Виктор Янукович президенттік ұлықтау рәсімі өтіп, билік тізгіні қолға тиісімен, яғни, 2010 жылдың 5 наурызында мемлекет басшысы ретіндегі өзінің ең алғашқы сапарын Ресейге жасап, Кремльде Дмитрий Медведевпен жоғары деңгейде бірнеше келіссөздер жүргізді. Екі тараптан Ресей мен Украина үшін маңызды саналатын отын-энергетикалық, авиация құрлысы, атом энергетикасы, әскери-техникалық салаларда ынтымақтастыққа мейілінше қолайлы жағдайлар жасалынады дегендей мәлімдеме жасалынды. Мәскеудің газды 30 пайыз төмен бағамен сатуына қайтарым ретінде Севастопльдегі ресейлік әскери базаның жалға алу мерзімін тағы да 25 жылға ұзарту туралы келісімге қол қойылды. Сөйтіп, Украина-Ресей қатынасының бойына қан жүріп, тоңның беті жібігендей әсер қалдырды. Дегенмен, екі мемлекет арасындағы барлық қарама-қайшылықтар шешіліп, түсіністік, достық пейілдегі қатынас орнады деп айтуға әлі ерте-тін.
Осындай сәл жылымық, ертеңге деген үміт пайда болған тұста Ресей Мемлекеттік Думасынан Украинаның Жоғарғы Радасына келіп түскен бір хат украиндық жұртшылыққа, әсіресе, оның ұлтжанды, отаншыл бөлігіне жарық күнгі найзағайдай әсер етті. Ресей Мемлекеттік Думасы экономикалық саясат және кәсіпкерлік жөніндегі комитеттің төрағасы Евгений Федоров қол қойған, бұл хатта 2020 жылдан кешіктірмей орталығы Киев болатын РФ, Белоруссия және Украинаның одақтық мемлекетін құру жөнінде ұсыныс айтылған-тын. Онда, осылай бірігетін болсақ, біздің халықтарымыздың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі жақсарып, орташа өмір сүру жасы 75-ке жетеді, экономикадағы орта таптың үлесі 70 пайызға өседі дегендей болжам да жасалынды. Бұған Украинаның ұлтжанды азаматтары мен патриоттары өре түрегеліп, қарсы шықты. Саясаттан да дипломатиядан да кенде емес, тәуелсіз Украинаның тұңғыш президенті Леонид Кравчук: «бұл үш мемлекет үшін де егемендікті толығынан жоғалту болады. Ең қасиетті нәрсемізге – тәуелсіздігіміз бен территориялық тұтастығымызға қауіп төніп, қастандық жасалады!» –деді. Ал, «Біздің Украина» партиясының Жоғарғы Рададаға өкілі, депутат Ярослав Кендзер мұнан да қатқыл пікір білдірді: «Ешқандай одақ болмайды, – деді ол. – Бұған біз сенімдіміз. Өкінішке орай, Украинада соған сенетін, бастары айналып қалған адамдар бар. Оларды мұнда аштықтан кейін әкелген, олар біздің топырағымыздан нәр алып өспегендер. Олар әлі күнге дейін өмірге бутерброд және қырлы стаканға құйылған арақтың деңгейінде қарап, солай өлшейді. Алайда, біздің украиналық қоғамда халықтың басым бөлігі ондай одаққа кіруге жол бермейді».
Жоғарғы Раданың тағы бір депутаты Вячеслав Кириленконың ойынша: «Украинаға тиімсіз болса да, Ресей оны одақтасуға итер­мелеп, өзінің байырғы империялық сая­сатын жүргізіп отырған көрінеді». Осы мәселеге байланысты ел ішінде қоғамдық пікір мен наразылықтың өршіп бара жатқанын сезген В.Янукович сайлағанына екі ай толмай жатып: «Украинаның тәуелсіз, егеменді үл­кен мемлекет екені басы ашық ақиқат. Бұл туралы біздің еліміздің Негізгі заңында жазылған. Украинаның белсенді түрде Еуропалық одаққа интеграциялануға бет бұрып отырғаны да шындық. Осындай стратегиялық бағдар белгіленіп, ол жайында Украинаның президенті ретіндегі менің мәлімдемелерімде де талай рет айтылды. Осыны жұрттың білгенін, естен шығармағанын қалар едім. Бұл мәселе хақында әрқандай пікірталас өрбітуге болатын шығар. Мен үшін және билікте отырғандар үшін болмайды. Үзілді-кесілді солай!» – деген мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.
Ал, базбір славяншыл саясаткерлер посткеңестік аумақтағы үш славян елі: Беларусь, Ресей және Украина жұдырықтай жұмылып, одақтассақ АҚШ, НАТО және Еуроодаққа төтеп беретіндей мықты мемлекет болар едік деп армандайды. Славяндардың ортақ мүддесі үшін олар жоғарыда айтылғандай астаналарының Мәскеу не Минскі емес, Киев болғанына да мақұл. Айтқандай-ақ, бұл бағытта Ресей мен Беларусь арасында одақтық мемлекетін құру жолында біраз талпыныс-әрекеттердің жасалынғанын айта кеткен жөн. Бірақ та, ол күткендегідей нәтиже беріп, тереңдей қоймады. Дей тұрғанмен, осыдан бірер жыл бұрын бұлталақтаған Белоруссияны Ресей Кедендік одақ пен қалыптасып жатқан Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде өзіне қаратып алды.
Кейбір зерттеушілер: «Қарапайым халықта тұрған ештеңе жоқ. Украиндер де орыстар да бір-біріне кет әрі емес. Бәрін бүлдіріп отырған саясаткерлер, билік ба­сын­дағылар. Барлық пәле соларда!» деседі. Алайда, олар украиндықтардың көш басындағы саяси элитасы мен зиялы қауымының назары мен көңіл ауаны батыс жақта екенін мойындайды. Жуырда, бір үкіметтік емес ұйым, тұрғындар арасында қоғамдық сауалнама жүргізіп көргенде украиндықтардың 52 пайызының еуропалық интеграцияны жақтайтыны, ал 36 пайызының ресейлік бағытты қолдайтыны белгілі болған.
Билік басына Ресей қалаған В. Янукович келгенімен екі ел арасындағы «газ мәселесі» өзінің тиімді шешімін таба алған жоқ. Керек десеңіз, премьер-министрдей лауазымды қызмет атқарып, енді үш-төрт пайыз дауыс жинағанда президент болып кете жаздаған Юлия Тимошенконы да түрмеге тоғытқан осы «көгілдір отынның» текетіресі. Оған 2009 жылы украин-ресей газ келісімін жасағанда қызметтік құзыретін асыра пайдаланды, елдің экономикасына орасан зор зиян-залал келтірді деген айып тағылып, жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Батыс Тимошенконың абақтыға жабылғанын қайта-қайта Януковичтің бетіне салық қылып, Еуроодақпен ынтымақтастықта «ілік» етіп, «Тимошенко саяси тұтқын! Оған түрмеде қатты қысым жасалып отыр» дегенді көлденең тартады.
Газға байланысты Мәскеудің қоятын талабы мынадай: «Украина көгілдір отынды» арзандатылған бағамен сатып алуы үшін үш мемлекет құрған Кедендік одаққа кіріп, қалыптасып жатқан Біртұтас экономикалық кеңістікке енуі, я болмаса өз территориясы арқылы батысқа қарай өтетін газ құбыры желісін ресейлік «Газпромға» сатулары керек». Бұған украиндықтар келіспейді, Кедендік одақпен 3+1 форматында жұмыс істеуге дайынбыз, дейді. Оған кіргеннен гөрі ЕС (Еуроодақпен) еркін сауда аймағын құрғанды тиімді санайды. Қандай есепке сүйеніп айтқандарын кім білсін, әлдебір экономистердің есептеуінше, Украина Кедендік одаққа кіретін болса, жылына 10 млрд. доллар шамасында пайда табатын көрінеді. Украинаның қайта сайланған премьер-министрі Николай Азаровтың айтуынша, бұлар Ресейден ешқандай жеңілдік сұрап отырған жоқ, тек газ жөнінен дұрыс келісім жасалып, оның бағасы Германияға сатылып жатқан мөлшерден аспаса болғаны. Януковичке салса «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» Ресеймен де тәуір қатынаста болып, батысты да жоғалтқысы келмейді.
Украинамен байланысты шорт үзіп, екі арадағы есікті тарс жауып қоюға болмайтынын Ресей жақсы біледі. Өйткені, мұның да ұтылатын тұстары баршылық. Басқаларын айтпағанның өзінде, кәзіргі кезде батыс сатылатын ресейлік газдың тоқсан пайызы Украина жері арқылы өтеді. Сондай-ақ, өткен 2011 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 50 млрд. долларды құраған. Демек, Украина Ресей үшін анау-мынау емес, сауда-экономикалық жағынан елеулі әріптес. Сол себепті, мәселені тізеге басып, ушықтыра бермеуге тырысады. Басқадан гөрі өздеріне ыңғайлы көрінген Януковичтің президент болуына тілектес болғаны да осыдан. Ал, Януковичтің Ресейдің үмітін ақтағаны немесе ақтамағаны екінші мәселе. Бұл сауалға жауап, іздеп бас қатырып жүргендер Ресейде де, Украинада да аз емес. Бұған қатысты біреулер: «Януковичтің Мәскеудің айтқанына көніп, айдағанына жүрмейтіні, о бастан-ақ белгілі болған. Оның сайлау алдында орыстардың құлағына жағатындай «уәде­лер» бергені уақытша амал-айла болатын» дейді. Украинаның алғашқы президенті Леонид Кравчуктің пайымдауынша: «бүгінгі Украина үш ағымға бөлінген. Біріншісі – большевиктік-кеңестік, екіншісі – украин­дар, құлашты кеңге сермейік! дейтін ағым­дағылар. Бұлар өз елдерінің қазіргі кезде жаһан­данып жатқан әлемдік өркениеттің бір бөлшегі екендіктерін мойындамайды, бәрі тек украинша болғанын қалайды. Үшіншісі – демократияның, құқықтың үстемдігі дегеннің не екенін жақсы білетін, осы заманғы өлшемдермен өмір сүретін ағым. Территориялық жағынан да солай. Бізде Қырым да бар, Львов та бар», дегенді айтады. Енді, біреулердің пікірінше, мәселенің бар түйіні мен өзегі украиндардың өздерінде, олардың табиғатында жатыр. Олардың көпшілігі, патриот, отаншыл. Сондықтан, олар елдерінің біреуге тәуелді, кіріптар болғанын қаламайды. Қолжаулық болуға көнбейді. Дамудың, өркениеттің өнегесі батыс елдерінде, солардан үлгі алып, үйрену керек деп есептейді. Мұндай ұлтжанды көпшілік Украина президентінің Ресейдің ыңғайына жығылуына жол бермейді. Виктор Януковичтің өзі де елдің шығыс бөлігінің емес, бүкіл Украинаның мүддесін қорғайтын ұлттық тұлға болып қалғысы келеді. Әрі алда тағы президенттік сайлау келе жатыр дегендей.
Тағы бір топ аналитиктердің тұжырым­дауынша, Януковичті билік басына әкелгендер ат төбеліндей байлар, яғни, Украинаның олигархтары. Аймақтар партиясы да осы олигархтардың партиясы. Ресейде олигархтар билікке қарсы келмей, онымен тіл табысып бизнес жүргізуге тырысатын болса, Украинада керісінше. Билік олигархтардың көңілінен шығуға тырысады. Ал, олар Ресеймен Кедендік одаққа қосылып, Біртұтас экономикалық кеңістікте жұмыс істейтін болсақ орыс олигархтары Украина жеріне емін-еркін еніп, бізді билеп-төстеп кетеді деп қауіптенеді. Осы соңғы пікірдің негізі болуы мүмкін. Өйткені, қазір дүниені байлық, ақша билеген заман ғой. Осыны «ауызы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін!» деп біздің аталарымыз баяғыда-ақ біліп айтқан ба, деп қаласың.
Айтпақшы, өткен жылы Ресейдің монопо­лиялық «Газпром» компаниясы біз Украинаға газды 10 пайыздық жеңілдікпен, яғни, әр мың текше метрін 375 доллардан сата аламыз, ол үшін олардың жылдық көлемі келісілген 33 млрд. мөлшерден кем болмауы керек» деп сәл шегініс жасағандай сыңай танытты. Ал, Киев баға жөнінен келісе алмайтын болса, Ресейден алатын газ мөлшерін біртіндеп азайта беретінін мәлімдеген. «Бақсақ бақа екен» демекші, «Газпром» жалғыз Украинаға ғана емес, «көгілдір отын» бірқатар батыс еуропалық елдер үшін де он пайызға арзандатқан болып шықты. Сонымен, бір сөзбен айтқанда «арзан газ алғың келсе, бізге Кедендік одаққа кір!» деп Ресей қысып тұрған екінші жағынан ЕС (Еуроодақ) саяси қысым көрсетіп тұрған жағдайда, екі оттың ортасында қалғандай. Украина үшін қай мәселені де өркениетті жолмен шешуге болатын Еуроодақ бағыты тиімді де пайдалы секілді көрінеді.
2012 жылдың қорытындысы бойынша Ресейдің «Газпром» ААҚ Украина жері арқылы Еуропаға тасымалданатын газ көлемін 19 пайызға азайтып, есесіне Белоруссия территориясынан өтетін «Солтүстік тармақ» арқылы жіберілетін көлемді көбейткен. Мұндағы мақсат әрине Украинаның газ тасымалынан алатын пайдасын азайту екені айдан анық. Демек, Ресей-Украина текетіресінің қашанға дейін жалғасатыны әзірге белгісіз. Қалай дегенмен де, басы ашық бір ақиқат: Украина оңайлықпен Ресейдің айтқанына көніп, айдауына жүретін ел емес. Әйтсе де, өзгелерге әсіресе, біздің Қазақстанға да Ресей-Украина қарама-қайшылықты қарым-қатынасынан сабақ алып, қорытынды жасаудың зияны болмас еді.
P.S. Міне, осылардан кейін екі славян мемлекетінің ортақ тіл табысып, қоян-қолтық араласа алмай отырғаны кім-кімді де ойландырады. Егемендіктің дәмін татып қалған украиндар империялық пиғылдан әлі арыла қоймаған орыс өздерін басып алады, не билеп-төстеп кетеді деп қауіптене ме? Неде болса мәселенің сыры тереңде. Бәлкім, бұл сауалдың жауабы орыстың демократ қаламгері Ф.М. Достоевскийдің мына бір жолдарында жатқан шығар. Ол өзінің 1877 жылғы күнделігінде еш бүкпесіз былай деп жазып еді:
«Менің толықтай да шүбәсіз ішкі түйсігім бойынша дәл қазіргідей, Ресейді славян тайпалары секілді аса жеккөрушілер, көреалмаушылар, өсектеушілер, тіпті ашық жауығушылар болған емес және болмайды да, ал, Ресей оларға сәл еркіндік берсе болғаны оларды Еуропа мойындауға әзір!
... Еркіндік алған бойда олар жаңаша өмір бастайды, қайталап айтайын және де Еуропа, Англия мен Германиядан өздерінің бостандығына кепілдік пен қамқорлығына алып қорғауды сұрайтын болады, олардың Ресеймен «жыр-әуендері» бір болғанымен, олар Ресейден қорғау үшін сондай әрекетке барады.
Сөз жоқ, олар ашық болмағанымен, іштей мынадан бастайды, біз Ресейге ешқандай да титтей де қарыздар емеспіз, керісінше бейбіт келісімге қол қоюда билік құмар Ресейдің үстемдігінен еуропалықтардың араласуымен әзер құтылдық, егерде Еуропа араласпаған болса, онда Ресей өзінің шекараларын ұлғайту және сараң да қу, әрі рақымсыз ұлы орыс тайпасына славяндарды құл етумен бүкіл славян империясының негізін нығайту арқылы оп-оңай жұтып қояды, деп жариялап, өздерін соған сендіретін болады».

899 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз