• Тарих толқынында
  • 07 Қараша, 2011

Фигароның ессіз күндері

Жаңагүл СҰЛТАНОВА. Мұндай ессіз күндер оның 67 жылдық өмірінде талай мәрте кездесті. Ол өзінің басты пьесаларының кейіпкері Фигаро сынды аннан да, мыннан да көрініп жүрді. Жұрттың ақымақтықпен жасаған әрбір әрекетінен кейін оның айтқан жатыпатар өткір сындары әр жерден естіліп қалып жатты. Дегенмен, оның өміріндегі ең басты ессіздік қаратабан жұрттың ортасынан ақсүйектер қауымына қосылу үшін ата-тегін шұғыл ауыстырып жіберуіне байланысты орын алып еді. Бұл кісіні жақсы білген атақты Вольтер ол туралы: «Неғылған адам! Ол бір бойына әзіл мен салмақты дүниені де, ақыл мен көңілділікті де, фарс пен жан терберлік түйткілді де, – бір сөзбен айтқанда, бір-біріне қарама-қарсы нәрселердің бәрін бірдей жинақтай білді», – деп қайран қала жазған екен. Бұл жағынан Вольтерді орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин де қолдайды. Сондықтан ол: Керемет кейіпкері сынды өзінің, Көңілді кейпін көріп күнде мұның, Жалпылдақ, еті тірі қылығынан Сезесің көкірегіңе кірген ізін, – деп жырлапты. Ал Шарль Монтескье өзінің «Заңдар рухы» деген кітабында бұдан да гөрі жинақы ойды айтты. Онда «Еті тірі, сүйкімді, көңілді, кейде ептеп шалығы бар, көбіне ұстамсыз», деген жолдар жазылыпты. Өзінің болмыс-бітімі мен мінез-құлқының осындай ала-құлалығы мен алуандығынан болар, замандастары оның бойынан кемеңгерлікпен қоса алаяқтықты да қатар көргендей сезінуші еді. Ал оның шын аты-жөні Пьер Огюстен Карон де Бомарше болатын. Бұдан үш жүзжылдық бұрын, XVІІІ ғасырда өмір сүрген оның тек «ептеп шалығы бар, көбіне ұстамсыз» адам ғана емес екені де жақсы мәлім. Біз оны ең алдымен класси­калық француз драматургиясының басында тұрған екі ұлы туындыгердің бірі, күллі әлем драматургиясы мен театрында алатын орны үлкен қарымды қаламгер ретінде білгенбіз. Ол әдебиет тарихында шаштараздың қайталанбас образын жасай білген талант иесі ретінде қалды. Бір кездері Пьер Огюстен ойлап тапқан ұстара мен қайшының шебері керемет сәнді шаш қырқумен бірге бір есі кеткен күні аяқ астынан үйлене салуымен де көзге түсуіші еді. Сонысымен ол ақымақ әрі тайыз ойлы адамдардың арасында дүрлігіс тудырып қоятын. Ал «Фигароның үйленуі» мотиві негізінде күні бүгін де кейде Фигароның қайсы, үйленуі қайда екенін аңғару қиынға түсетін авангардтық қойылымдар қойылып жатады. Біз сөз етіп отырған Пьер Огюстен Карон де Бомарше 1732 жылғы 24 қаңтарда Парижде туып, 1799 жылғы 18 мамырда дүниеден озған. Сағат жасаушының отбасында өмірге келген оның осы жолды таңдап алатынында еш күмән жоқ еді. Шынында Пьер жасөспірім шағында өзін шағын сағат жасаудың нағыз майталман маманы ретінде танытты. Оның сол уақыттары жасаған кішкене шеңбер сағаттары отбасының фирмалық бұйымы саналып, мол табыстың көзіне айналады. Бірақ оның бұл сағатты ойлап тапқан өзі екенін мәлімдеген бір швейцария­лық өнертапқышпен айқасуына тура келген. Мұнда да Пьер өзінің қиын жерден жол тауып кететін тапқыр жан екенін байқатты. Ол мұндай жағдайда жұрттың жүгінетін жалғыз жолы – сотқа шағымданып әуре болып жатпады, ғылым академиясына өтініш білдірді. Осында жолдаған жолдауында болашақ драматург қисынды логикаға сүйене отырып, керемет көркем тілмен өзінің басым жақтарын дәлелдеп шықты. Ол осылайша флейта мен арфада тәп-тәуір ойнайтын қабілетті жігіт­тің әдебиетші ретінде де таланты барын көр­сетті. Соңғысы жас жігіттің сағат жасау саласындағы бірінші ірі жеңісіне жеткізді. Табиғатынан тынымсыз Карон өзінің қоғамдағы алып жүрген бұл орнына қана­ғаттана қоймайды. Сондықтан ол тезірек ақсүйектер мен бекзадалар ортасынан табылуды армандайды. Бұған оның жасаған кішкентай сағаттарының король Людовик XV-ден бастап, көптеген ханымдар мен мырза­лардың саусақтарын әшекейлеп жүргені себеп болады. Қашаннан авантюраға жақын Пьер оның қысқа жолын оңай шешеді: ол дворян тұқымының өкілі де Бомарше ханыммен жалған некеге отыруға келісім жасасады. Ал ханым жасы үлкен жесір әйел еді. Жігіттің ақшасы олардың қазыналарын көбейте түсті. Алайда, жалған некенің аяғы олардың арасында қаулай жанған зор махаббатқа айналды. Жаңадан пайда болған дворян де Бомарше сосын өздерінің ортақ ақшасына король қоймасының бақылаушысы қызметін сатып алды. Бұл оның корольге берілетін тағамды жалаңаш қалпында ұстап тұрғанымен бірдей нәрсе еді. Әйткенмен, оның көптен аңсаған мақсатына қолы жетті, ол жаңа тұр­мыс жағдайына басын сала араласып кетті. Кейінірек ол туралы: «де Бомарше даңқты, ақшаны, пәлсапаны, рахатты - бәрін, ең алдымен бұрын ду-дабырды ұнатады» деп баға берді. Корольге кейде сайқымазақ Бомаршенің сөздерін тыңдап отыру ұнайтын. Ал оның мұрагері – ханзада күллі мемлекетте жалғыз Бомаршенің ғана ың-шыңын шығармай, шындықты көзге айтатынына біршама таң қала қарайтын. Сөйтіп жүргенде, Бомарше Людовик XV-тің некесіз туылған төрт қызын арфада ойнауға үйре­тетін музыка пәнінің мұғалімі болып бекітілді. Бұрынғы плебей осылайша Версаль паркінің аллеясында бекзадалар иіліп сәлем беретін ықпалды тұлғаға айналды. Әлбетте, мінезі алақұйын ол көп ұзамай сарай ішіндегі интригаларға араласып кете барды. Мұнда Бомарше өзінің дворяндық тегі жоқ, мұндай атаққа ақылы мен айлакерлігі арқылы жеткен адамдардың тобына қосылды. Солар­дың арасындағы корольдің басты фаворит­касы атанып, билікке ықпалы зор болған, күллі Францияға аты мәлім маркиза де Помпадур мұның бірінші пана тапқан адамы-тын. Ханымның туған кездегі ата-тегі Пуассон еді, банк қызметшісі болып істейтін әкесі Дюверне кезі кел­генде сондай-ақ граф дю Ферьер де, сеньор де Плезан да, корольдің мемлекеттік кеңесшісі мен оның қазынасын сақтаушы да бола салатын. Шын мәнінде Дюверне Бомарше мен Помпадур секілді қаратабан ортадан шыққан адам, сарайдың Альпідегі қарауы­лының баласы болатын. Ол өзінің мол байлығын регент Филипп Орлеан­ский­дің уақытында жинап алды, ал король Людовик XV-нің тұсында Помпадур атын алып, баға жетпес байлыққа қол жеткізді. Міне, Бомарше осы кісіге жеке тыңшы болып іске кірісті. Сол жылдары Францияның Англиямен жүргіз­ген жеті жылдық соғысы бұл елді территория жағынан ұтылдырып, бір миллион солдатынан айырды, қаржылай шығын 2,5 миллиард франкті құра­ды. Осы соғыста Дюверненің де біраз қаражаты желге ұшты. Ал 1770 жылғы 17 шілдеде 86 жасар банкир қайтыс болғанда, оның артында қалған бар мүкәмалы 1,5 миллион ливрге бағаланды. Бұл жұрттың көбін, соның ішінде оның бұдан кем дегенде он есе көп ақшасы барына сеніп келген тіке­лей мұрагерлерін қатты таң қалдырды. Банкирдің немере мұрагері граф де ла Блаш солардың қатарында қапа болды да, Дювер­ненің Бомаршеге беруге тиісті 15 мың ливр борыштық міндеттемесін төлеу­ден үзілді-ке­сіл­ді бас тартты. Ол міндеттемені қолдан жа­сал­ған жалған құжат деп тапты. Ал Бомар­шенің бұл жайында қатты айтқан жауабына сәйкес оның барлық мүлкін кепілге алу жөнінде шешім шығартты. Бірақ бұған Бомарше тоқ­тала қойған жоқ. Ол ендігі үмітті сотқа артты. Сол тұста болашақ драматургті тағы бір пәле күтіп тұр еді. Махаббат қызығын көп сөз ететін сарай маңы шым-шытырық оқиғаларға толы болатын. Ондағылар, әсіресе, жанжал­ды оқиғаларды талқылауға құмар-тын. Билікке ықпалы зор герцог де Шон бірде өзінің көңілдесіне тағы бір жігіттің барып жүргенін біліп қояды. Тексере келгенде, ол бұл кезде әйелі қайтыс болып үлгерген Бомарше болып шығады. Ереже бойынша мұндай жағдайдың соңы дуэльмен аяқталуы тиіс-тін. Бірақ ол заң дворян мен плебейдің арасында жүрмей­тіндіктен, бұл жерде жекпе-жек туралы сөз қозғалуы да мүмкін болмады. Сосын герцог Бомаршенің үйіне баса-көктеп кіріп, қолына түскеннің бәрін қиратады. Ал шұғыл шақы­рылған полицейлер осын­шалықты маңызды тұлғаға қарсы бірдеңе айтудан жасқанып тұрып қалады. Сонда Бомаршенің өзі тәртіп орнатуды қолға алып, герцогты артынан теуіп, үйден қуып шығады. Бомарше дворянды осыншама қорлағаны үшін корольдің бұйрығымен түрмеге қамалады. Пьердің не үшін қамалғанын білетіндер сирек еді. Король герцогтың беделіне нұқсан келтірмеу үшін оның себебін жұртқа жеткізуді жөн көрмеген. Мына жағдайды дұшпанын алаңсыз құртып жіберуге пайдаланып қалғысы келген де ла Бланш мырза сосын газет тілшісі Мареннмен келісім жасасады. Ол бойынша журналист Бомаршенің алдамшы, алаяқ екенін, үш әйелін (өзі екі рет үйленсе де!) өзі өлтіргенін әшкерелейтін хат дайындайды. Енді Бомаршенің ұтылғаннан басқа жолы қалмағандай еді... Бірақ «Менің басымда іс толып тұрғанда, әдебиетпен айналысуға шайтаным түртпейді, егер іс біте қалса, қолым қаламұш пен қағазға ұмтылып, түкке тұрғысыз нәрселерді армансыз соғамын» деп Карон бекер айтпаған еді. Сосын өсекшілермен есеп айырысу үшін Бомаршеге әдебиет пен істі бірлестіре қолға алуға тура келді... Басында Пьер жұрттың бәріне таныс – сотқа пара беру жолымен жүрмек болып еді. Сөйтіп, судьяға әйелі арқылы 100 луидор мен бриллиант сағат ұсынады. Кейінірек әйел хатшы үшін тағы 15 луидор қосуды өтінеді. Алайда, судья Гезман бәрін таразыға сала келіп, күштірек кісінің жағына шығуға шешім қабылдайды: Бомаршені жалған құжат дайындаған және судьяны сатып алуға әрекет жасаған деп айыптады. Бұл үшін оны мораль­дық тұрғыда айыптап, азаматтығынан айырып, құқықтарын алу жазасы қолданылды. Әлбетте, кейінгі 15 луидордан басқасы оған қайтарылды. Бұл сот орасан зор жанжалдың басы болды. Судья тарапынан орын алған әділет­сіздікке қатты ашынған Бомарше «Мемуар­лар» деген кітап жазуға отырды. Ол бір жағы заңдық апелляцияға құрылған керемет құжаттар жиынтығы болса, екінші жағы дәуірдің сипатын суреттеуге арналған саяси памфлет болып шықты. Осылайша сотта жеңіп шығу мүмкіндігінен айырылған Бомарше бұрын-соңды болмаған қаруға жүгініп, мәселені әдеби-құжаттық тілмен қоғамдық ойдың талқысына ұсынды. Мемуарлар 1773-1774 жылдың көлемінде жарияланып жатты. Оны Франция түгел жапатармағай оқыды, Еуропаның көрші мемлекет­теріне де тарады. Бір ғажабы, онда бір ауыз да өтірік сөз болған жоқ, өйткені ол заңды құжат еді, бір жағы ол әдеби туынды ретінде оқылды. Судьяның, оның әйелінің және өзінің басқа да жауларының образы арқылы қаламгер дәуірдің барлық сипатын ашып көрсетті. Король қайтыс болған Помпадурды алмастырған өзінің жаңа фавориткасы Дюбари ханыммен бірге бұл шығарманы түгел оқыды. Ал қатып қалған педант судья өзінің қарақан басын қорғау үшін әйелінен бас тартты. Қайтадан болған процесс күтпеген шешіммен аяқталды: Гезман Парижден аластатылды, Бомарше қайтадан моральдық талқылауға таңылды. Бомарше осыдан кейін алда қалай өмір сүруге керек екенін ойланды. Рас, король өзінің сүйкімдісін тірліксіз қалдырмайтын еді. Сондықтан ол бұған «король құпиясы» (барлаушы) болуды ұсынды. Бірінші тапсыр­ма­ның өзі Бомаршенің қолы болатын. Сол бойынша ол бірден Лондонға аттанды. Темза жағасындағы қалада Франция короліне қар­сы шыққан эмигранттар көп-тін. Солардың бірі Тевено де Моранд фаворит Дюбари ханым­ның жүріс-тұрыстары мен сарай ішіндегі мінез-құлықты суреттеген кітап жазып бітіріпті. Оны ауыздықтау жөніндегі бірінші талпыныс сәтсіз аяқталған көрінеді. Сосын Моранд мырзамен келіссөз жүргізуге шевалье де Ронак мырза келеді. Бұл лақап ат Каронның керісінше оқылатын түрі болатын. Бомаршенің өзі айтқандай, ақша мәселесі шешіл­гесін мұның жәйі де оңайлай бастайды. Бірақ келіссөз өте ауыр жүреді. Ақырында Моранд 32 мың ливр қаржы мен 4 мың ливр зейнетақы алғасын, кітаптың барлық даналарын Бомаршенің көзінше жойып жібереді. Бұған қоса, Бомарше Морандты өзіне тыңшы етіп қайтады. Бұдан кейін жаңа тыңшының Шевалье Дэон деген тағы бір клиенті пайда болады. Оның қолында жоғарыдағыдан да қауіптірек құжаттар бар еді, оның үстіне ағыл­шындардың сүйіктісі болатын. Сонымен қоса әйел киімін киіп, әйел болып көрініп кете беретін де қасиеті бар еді. Мұнда да ақша бәрін шешті, бірақ оның орнына шевалье қалған өмірінің соңына дейін әйел киімін киіп жүруге тиісті болды. Сол тұста Людовик XV бақилыққа аттанды. Оның тағына отырған Людовик XVІ барлық істі жеделдетіп аяқтауды тапсырды. Сосын Бомарше жаңа арандатушының соңына түсіп, бүкіл Еуропаны кезіп кетті. Осы жолда ол Австрия патшайымы Мария-Терезия қабылдады. Бірақ оның канцлері Кауниц арандатушыны ұстап беру мақсатында Нюрнберг түбінде қарақшылар шабуылын инсценировкасын жасағаны үшін Пьерді қамауға алды. Нәтижесінде осы атқарған жұмыстары үшін Бомаршенің азаматтығы мен құқығы қалпына келтірілді. 1775 жылғы 23 ақпанда «Комеди Франсезде» Бомаршенің «Севилья шаш­таразы» пьесасының премьерасы болды. Оның басты кейіпкері жылпос, қу, ақылды, өзінің ақсүйек қожайындарына жәрдем жасаушы Фигаро автордың өзі еді. Комедия XVІІІ ғасырдағы саяси идеялар мен керемет диалогтардың жарасымын тапқан туынды болды. Сол кездері Бомаршенің ақша мәселесі де оңды шешіле бастады. Ол Англияға қарсы соғысып жатқан АҚШ-қа тақ иелерінің қолдауымен қару-жарақ жеткізу ісін де қолға алды. Америкадағы революция бір жағы Англияны әлсіретуге апарса, екінші жағы Францияның өзінде өзгерістер жасауға апарып ұштастырса деген тілекті қоздатты. Сондай аласапыран күндерде, 1785 жылы Бомарше «Фигароның үйленуі» деген пьеса­сын жазып бітірді. Бұрын оның кейіпкерлері қожайындарына көмектесіп келген болса, бұл жолы оларға қарсы шығып, ұрыста жеңіп шы­ғатын болды. Елде реформа бастаған Людовик XVІ кейін одан бас тартты. Бұл жұрттың қарнын аштырды. «Маған бұл пьесаны қиратудан бұрын Бастилияны алу керек» деді король пьесаны оқып болғасын. Бірақ спек­такльді оның әйелі Мария-Антуанетта қойды. Елдегі революция 1789 жылы Басти­лия­ны талқандаудан басталды. Таң қаларлық нәрсе, Бомарше осы дүрбелеңде бірінші рет өзіне лайықты орын таба алмады. Бастапқыда ол қару-жарақ сату жөніндегі операцияны сәтті бастап еді, артынан осының өзі оның үрейін ала түсті. 1792 жылы Фигаро атты кейіпкерін қатыстырып, үшінші пьесасын жазды. Бірақ бұл жолғысы комедия емес, драма болып шықты. Ал революция өз жолымен жүріп жатты. Сол кезде Бомаршенің түрмеде отыруына да тура келді. Ол якобиншілер көтерілісін бастан кешті, «семіз мысықтар» директораты билігін таныды. Ал 1799 жылы Наполеонның билігі тұсында қайтыс болды. Әдетте Ағарту кезеңінің көсемдері ретінде Вольтер, Руссо, Дидро айтылып жатады. Бірақ, олардың идеяларының жалпыға ортақ болуына, өмірде қалай қолданылуы керектігіне Пьер Огюстен Карон де Бомарше көмектесті. Фигаро сынды шаршауды білмейтін, тек қана өзіне сенетін ол драматургия саласында аса көп еңбек жасап кетпесе де, солардың баршасы дерлік классикалық туынды ретінде күні бүгінге дейін сахна төрінен орын алып келеді. Драматургтің біз атаған үш пьесасынан бөлек «Евгения» (1767), «Екі дос» (1770) деп аталатын «мещандық драмалары» да бар. Ал «Фигароның үйленуі» сюжеті бойынша Моцарт (1786), «Севилья шаштаразы» оқиғасы негізінде Россини (1816) опералар жазған. Қазіргі таңдағы әлемнің кез келген драма театрлары өзінің деңгейін сынап көру үшін Шекспирдің шығармаларын қойып көреді. Бұл тұрғыда ағылшынның ұлы драматургінің пьесалары шеберлікті байқаудың өзіндік өлшемі іспеттес. Біз бұл қатардан Бомаршенің өшпес туындыларын да көреміз.

801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз