• Келелі кеңес
  • 05 Тамыз, 2013

Өзек өртеген өзекті мәселе Латын қарпіне көшуге байланысты ой-пікірлерге сараптама

Нұрдәулет Ақыш,
жазушы

Бүгінгі таңда қазақ оқырмандарының назарын аударып отырған шоқтықты пікірталастың бірі – қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру идеясына қатысты. Ұлтымыздың рухани әлемі үшін маңызды болып табылатын, осынау, өзекті мәсе­леге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі ұсыныстар, ой-пікірлер тасқыны үздіксіз орын алуда. Күн тәртібінде тұрған тақырыпты одан әрі дамытып, латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтары мен зиянды тұстарын талдап көрсетіп жазылған мақалалар қатары күн сайын толыға түсуде. Осы тұрғыдан оқырман назарын аударған дүниелердің бірі – Амангелді Айталының «Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде латын әліпбиіне сұраныс бола ма?» деп аталатын сараптамасы. Бірден басын ашып айтатын жағдай – автор мәселені қабырғасынан қоя отырып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесіне күмәнмен қарайды. Оның алдымен үңілетіні – өзіне дейін латынға көшуді қолдап жарық көрген мақалалар мен айтылған ойлардың кемшін тұстары. Мысал үшін алғанда, латын әліпбиіне 1928 жылы көшкен түріктердің өздерінің дыбыстық қорындағы кейбір әріптерді әліпби жүйесінде таңбалай алмапты. Мұндай кемшін тұстар әліпбилерін ауыстырған басқа халықтарда да бар көрінеді. Автордың айтуынша, түріктер араб графикаларына негізделген рухани мұраларын осы күнге дейін пайдалана алмай отыр екен. Біз латын қарпіне көше қалған жағдайда туындайтын проблемалар қатары мынандай болуы мүмкін. Қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттің осы уақытқа шейін тұтастай дерлік тек кирилл графикасында жазылуы, жаңа әліпби бойынша мұғалімдер дайындау, жекеменшік мекемелердің бұрынғыша кирилл әріптерімен жұмыс істей беруі, латын әліпбиімен шығатын ұлттық баспасөзге деген сұраныстың азайып кетуі, сонымен бірге, қазақтардың бұрыннан да кириллицамен оқитын тобы әліпби екіге бөлінгеннен кейін, латын шрифтісімен жазылғандарды мүлде қолға алмай кетуі мүмкін екендігі және т.б.


Қазақстанда латын әліпбиі ресми түрде қолданысқа еніп, қазақ мектептері осы әліпбимен оқытыла бастаған уақытта, қазақтардың арасынан балаларын орыс сыныптарына берушілер қатары одан ары көбейе түсуі ғажап емес. А.Айталының болжауынша, «...қазақ тілінің болашағына сенбейтін қазақтар оқулықтары, ғылыми әдебиеттері, дайындығы мол мұғалімдері бар орыс мектептеріне балаларын беріп жатса, оған ешкімнің қарсылық жасауы мүмкін емес» (Айталы А. Жас Алаш, №16, 28-ақпан, «Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде латын әліпбиіне сұраныс бола ма?»). Автордың тағы бір қауіптенетіні – орыс және қазақ тілді болып екіге бөлініп кеткен қазақ ұлты, енді, екі түрлі әліпбиді қолдана бастағанда, ара жіктері тіпті ашылып, бұдан әрі тереңдей түсуі мүмкін екендігі. Сөйтіп, айналып келгенде, Амангелді Айталы латын әліпбиіне көшу реформасын асықтырмай, сақтыққа шақыру жағын қолдайды. Түйіндеп айтқанда, бұл кісінің сөзінде де қоғамның ересектер тобына тән типті сақтық себептері бой көрсеткен.
Латынға қарсы топтағылардың тағы бір уәжі мынандай болып келеді: «...қазақ тілі Құдайдың әрпіне көшсе де, өркендей алмайды... Жалғыз қазақ тілін мемлекеттік тіл қылып, онда да бірнеше жылдан кейін қолдану аясын 100 пайызға жеткізіп барып латынға көшсе болады ғой деп ойлаймын. Ал осы қалпымызбен латынға өтсек, орыстілділерді айтпағанда, қазір қазақша жазып, сөйлеп жүргендердің өзі орысша сөйлеп, қызмет қағаздарын орысша толтырып жаза бастайды...» (Авторы? Жас алаш, №20, 14-наурыз, 2013 ж.) Латын әліпбиіне көшуді табанды түрде қолдайтын мақаланың бірі Қазыбек Исаның – «Шынайы тәуелсіздік латынға өтумен келмек» деп аталатын туындысы. Мазмұнына қарағанда, оның жазылуына түрткі болған себепті жағдай – Мұхтар Шаханов бастаған 66 қазақ зиялысының латын жазуының кіруіне қарсылық білдіріп жазған хаты. Автор ондағы ой-тұжырымдарды негізге ала отырып, өзінің жеке көзқарасын білдіруді жөн көрген. Еңбектің хат түрінде жазылуы – сол көзқарасты білдірудің өзіндік формасы. Бұл арада мынандай бір жағдайды ескеру керек екендігі байқалады. Біріншіден, 66-ның хатына бастамашы болып жүрген Мұхтар Шаханов та, сол хаттағы жекелеген ой-пікірлерге қарсы шығып отырған Қазыбек Иса да – қазақ халқының патриоттары, туған ұлтын сақтап қалу жолында күрсе жүргізіп жүрген қаламгерлер. Оның үстіне екеуі бір замандарда ортақ жұмыстарға бірге шегіліп, белгілі бір жобаны жүзеге асыру үшін қатар жүріпті. Осындай идеялас, пікірлес зиялылар, енді, «Қазақстанда латын әліпбиіне көшуге бола ма, жоқ па?» деген мәселе төңірегінде ортақ тиянаққа келе алмайды, ойлары әр тарапқа тартады. Соңғы автордың өз ойын Мұхтар Шахановқа хат түрінде жеткізбек болуы да сондықтан.
Қазақ жазуындағы арғы-бергі кезеңдерге шолу жасай келіп, Қазыбек Иса латын жазуына көшуді қиындықтары мен артықшылықтарын өз эмоциясын қоса отырып, талдап өтеді. Оның «Шынайы тәуелсіздік латынмен келмек» ғылыми эссесі оқырмандарды оқыту мақсатында түрлі тақырыпшаларға бөлінген. Атап айтқанда, «Ашық хатта қаперге алатын қауіп те бар», «66-ның біз келіспейтін жайттары», «Ұлтымызды орыс кириллицасынан құтқарады», «Мұны Алаш көсемдері де қолдаған», «Елді екіге бөліп, қазақ тілін тұқыртып отырған – орыс кириллицасы», «Бұл әліпбиге көшкенін өзбек те, әзірбайжан да мақтан етеді», «Ел мен Елбасы шешімі – латынға өтуді ассамблея неге насихаттамайды?», «Қазақ елін уысынан шығарғысы келмейтін Ресейді қолдайтындар кімдер?» деген тәрізді айқайлап тұрған тақырыпшалар шығармада айтылар ойларды жүйелеп көрсетуге ықпалын тигізгені анық. Автордың өзі тақырып етіп алған мәселеге қатысты ойлары, тұтастай алғанда, айқын, ұстанымдары тиянақты. Сонымен бірге, ішінара обьективті тұрғыда алғанда, келісе қоймайтын пайымдаулардың да ұшырасып қалатынын жоққа шығаруға болмас. «Бірақ осы ашық хат жарияланғалы ғаламтор әлемінде қызу айтыс-тартыс жүріп жатыр. Кейбіреулер: «Шаханов айтты – бітті! Ойланатын не бар?» деп айқайға сүрең қосуда. Енді бірі: «Бұл Ресей отаршылдығын қолдау, ұлтымыздың рухани тәуелсіздігін тәрк ету!» – деп қарсы шығуда» (Қазақстан-Zaman, 21. 02. 2013) дейді автор. Басым топтың пікірлерін тиянақтай түсетін тағы бір шағын штрихты қаперге алсақ деймін. Ол әліпбиді таңдап алған түрік ұлты қазақ сияқты біреуге бодан емес, психологиясы бөлек, керісінше отарлаушы ұлт болғандығы. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма екінші жыл кетсе де, ТМД-ның басқа азаттық алған халықтарына қарағанда қазақтарда құлдық психология, орысқа мойынұсыну психологиясы басым.
Зерттеушілердің дәлелдеуіне қара­ғанда, бүкіл дүниежүзіндегі ғаламтор материалдарының 80 пайызы латын жазуымен жарияланып келе жатыр екен. Ендеше, бұл шрифт – дүниежүзілік деңгейде негізгі байланыс құралына айналып отырған ғаламтордың арқа сүйейтін негізгі әліпбиі. Демек, бұл әріпті пайдалану – дүниежүзілік қауымдастыққа жақындаса түсудің кезекті бір жолы әбден ықтимал екен. Пайдаланылатын әріптері бірдей болғандықтан кейін де, латын әрпімен сауат ашқан қазақ баласы сол әріппен жазылған ағылшын тіліндегі мәтіндерді көп қиналмастан оқып кете алатын болады. Екіншіден, саяси тәуелсіздік алғанымен, орыс империясының рухани басқыншылығынан еліміздің әлі күнге құтыла алмай келе жатқанын жасырудың керегі не? Бұл ықпал, әсіресе, руханиятқа қызмет жасайтын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы нақты іске асып келеді. Сол құралдардың бір үлкен арнасы – мерзімдік баспасөз тасқыны. Латынға көшу арқылы осы тасқынға аз да болса бөгесін жасау мүмкіндігі бар. Ағылшын тілді басылымдардың теріс ықпалы болуын терістеу қиын шығар. Бірақ ол орыс тілі арқылы жететін рухани экстремизмнен қауіпті емес.
Келесі бір мәселе «Латын әріптеріне бүкіл Қазақстан халқы көше ме жоқ әлде тек қазақ мектептерінде оқитындар ғана ма?» деген сауал. Бұл арада басы ашық жағдай – алдымен тек қазақ тілінде ғана оқитындарды көшіру керек екендігі. Орыс тіліндегі шәкірттер кириллицамен оқи берсін. Егер, оларды латыншыландырамыз десек, көптеген жағымсыз мәселелер көлденеңдеп шығып кетуі мүмкін және оған Ресейдегі отаршылдық пиғыл иелерінің жан-тәнімен қарсы болатыны да түсінікті. Бірақ, уақыты келгенде бұл мәселенің де шешімін іздестіру мүмкіндігі туындауы ғажап емес. Базбір ойшылдарымыздың қарсы айтатындары – «Егер, латынға көшсек, Кеңес дәуірінде жасалған бүкіл әдебиетіміз, қазақ тілінде жазылған тамаша ғылыми еңбектеріміз ұмытылып қалып қояды. Кейінгі ұрпақ оқи алмайды» деген уәж. Қазіргі ғылым мен техника мейлінше дамыған жаңа технологиялар заманында одан күдіктену қаншалықты орынды? Тәуір деп танылған дүниелердің барлығы латын қарпіне көшірілетіні даусыз. Сонымен бірге, макулатураның жемі болуға дайын тұрған көптеген артық қағаздан тазарып қалатынымызды ұмытпау керек. Айталық, көркемдігі төмен немесе таза кеңестік рухта өмірге келген жазындыларды оқырмандарың кейінгі буындарына тықпалаудың қажеті бола қоймас. Тағы бір көлденең тартылатын ой – «Екі түрлі қаріппен жазып, оқитын жағдайда бір ұлттың өкілдері екіге бөлініп қалады. Қазақ тілді және орыс тілді қазақтар әрқайсысы өздері таңдаған әріптердің тұтқынына айналады» деген қауіп. Осы арада «Кириллицаны пайдаланып келе жатқан орыс тілді қазақтар кириллицамен жазылған қазақ мәтіндерін оқушы ма еді?» деген қарсы сұрақ туындайды. Әрине, бұған дейін оқып келе жатқандары некен-саяқ. Өйткені, орыс тілді қазақтардың патриоттық сезімдері кемшін, қазақ тілінде сөйлеп, жазатындар олар үшін – артта қалған мәмбеттер ғана. Бірен-сарандары болмаса, орыстілді қазақтарда ұлттық проблема деген жоқ, олардың көпшілігі өз ұлтын сақтап қалу керек деген мәселеге бас ауырта қоймайды. Өз ұғымдарына салсақ, олар – ұлттың емес, жалпы адамзаттың перзенттері. Әсіресе, орыстанып, нигилизм жолына біржола түсіп кеткен қандастарымыз өздерін қазақпыз деп атауға ауыздары да бармайды. Арланады. Өйткені, олар – ұлттық сезімнен жоғары тұрған өркениеттің өз өкілдері. Әрине, өздерінің түсініктері бойынша.
Келесі бір мәселе, латын қарпіне көшуге қарсы адамдардың проблемаға тек өздерінің жеке тұрғысынан ғана қарап, обьективті баға бере алмай жүргендігі. Жасы үлкендер үшін латынға көшудің шынында да ауырлау соғуы мүмкін ғой, бірақ, мектепте онсыз да ағыл­шын тілін немесе басқа бір шет тілін оқитын шәкірттер үшін бұл шаруаның түк те қиындығы жоқ. Сонымен бірге, бір ес­керетін жайт – орыс тілінде білім беретін мектептерден басқа оқу орын­дарының барлығын латын әріптеріне көшіру керектігі. Мысал үшін айтқанда, республикамыздағы өзбек, ұйғыр және басқа тілдерде білім беретін мектептерді де. Қазақстандағы өзбектер де этникалық өзбектердің оқитын әріптерін пайда­ланса, іргелес екі елдің өзара байланыстары да жеңілдей түпей ме. Билік орнында отырған кейбір қазақтар «Қазақ тілі республикадағы өзге тілдерді басып кетпеуі керек» деген сыңайдағы пікірлер айтатын көрінеді. Бұл ұлтын сүймейтін, өз қазағының тағдырына немқұрайлы қарайтын қазақтың ғана пікірі. Әйтпесе басқа ұлт өкілдері тарапынан (тіпті орыстілідердің басым бөлігі түсіністікпен қарап отырған кезде) байбалам салушылар шамалы ғана емес пе? Онда да қазақты қаны қарайып жек көретін, өтіп кеткен көк соққан шовинистер болмаса. Енді, осы арада ескермеуге болмайтын бір жағдай бар. Ол – латынға көшкеннен кейінгі мемлекеттік тілдің ахуалы. Бұл мәселеге орай жалпы «Мемлекеттік тіл» дегеннің өзі не және оның мәртебесі қан­дай болатындығын қайтадан айқын­дап алуға тура келмек. Мемлекеттік тіл бар, бірақ, оның шеті мен шегі, қоғамда алатын орнының деңгейі заңна­мада толық нақтыланбаған, жалпы нысан ретіндегі болмысы әлі де бұлдырлау. Мысал үшін алатын болсақ, Конституция бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленсе, онда оның қоғамдағы орны да нақтыланып көрсетілуі тиіс емес пе? Қай мемлекеттің болсын іс қағаздары, бухгалтерлік, қаржылық (финанстық) есеп-қисаптары, мемлекет жұмыстарына қатысты толып жатқан қағаз толтырулар мемлекеттік тілде жүргізілуі керек қой. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 22 жыл толмақ, бірақ, көптеген салалардың мемлекеттік тілге көшпей, табандай тырысып, кер бағып отырғаны қалай? Салық комитеттеріне және басқа мем­лекеттік органдарға жөнелтіліп жатқан есеп-қисаптар тек қана орысша, банк тілі қазақшаға мүлде жолағысы келмейді, тіпті, осы ұйымдардан бір нәрсеге жауап алғың келсе, қазақша сөйлегенің үшін өзіңе ұрсады. Сонда бұл не? Айтып жүр­геніміз қайдағы тәуелсіздік, қайдағы рухани және тілдік бостандық? Осы қалпымызда 2020 жылға қарай мемлекет халқының 95 пайызы қазақша сөйлеп кете ала ма? Басқа диаспора өкілдерін былай қойған­да, қазақтардың осынша пайызы қазақ­ша сөйлеп кететін болса, керемет жетістік болып табылар еді-ау. Бірақ, көкіректе күмән көп... Осы арада айтайын дегенім – тек латын қарпін енгізіп қана қоймай, мемлекеттік мекемелердегі іс жүргізу жұмыстарын да латын қарпіне көшіру керектігі. Латын қарпін қолда­натын тіл – қазақ тілі болса, мемле­кет­тік мәртебеге ие болып отырған ол тілдің де проблемасы шешіле бастар еді. Ол – шетел тілдеріне қазақ тіліне сіңіскен жекелеген термин сөздердің, ономастикалық және топо­нимикалық атаулардың орыс тілі арқылы бұрмалауға түсіп келіп жатқандығы. Кириллицамен жазылатын орыс тілі мұндай сөз ауысу жағдайында өзінше бір сүзгі сынды немесе сәулені шағылыстырып барып өткізетін шыны призма іспеттес. Орыс тіліне құлшылық ұрған Патшалық Ресей мен Кеңес дәуіріндегі замандарды былай қойып, тәуел­сіздігіміздің 22-жылында да осындай бұр­малаулы атаулардың табиғи өзіндік дыбысталуы деп түсініп келе жатқанымыз. Мысалы, көршілес Қытай Халық Респуб­лика­сының астанасын осы күнге дейін Пекин деп жазып жүрміз. Оның қытай тілінде Бейжің деп дыбысталатынын білсек те, сол әуелгі жаңсақтық жалғасын табуда. Сондай-ақ, Шанхай деген қала аты да сондай халде. Қытайша білетіндердің айтуына қарағанда ол «Шаңқай» деп жазылуы керек екен. Кәдімгі қазақтың «Шаңқай түс» деген тіркесіндегі «шаңқай». Орыс тілінде «Қ» мен «Ң-ның» жоқ екендігі белгілі. Немесе ағыл­шын тіліндегі көптеген сөздерді тілі келмегендіктен, орыстардың дәл сол қал­пында қайталап айта алмайтынын да ескере бермейміз. Басқасын айтпағанда, АҚШ-тың астанасын орысшалап Вашингтон деп жазамыз. Кириллица транскрипциясына салып айтқанда, ол шамамен Уошынтон деп жазылуы тиіс еді. Ал, ағылшын, француз неміс және т.б. тілдерден енген термин сөздердің бұрмаланбағаны некен-саяқ көрінеді. Қазақ тіліне тән «Ұ», «Ғ», «Қ». «І», «Ә» дыбыс­тарының орыс тілінде жоқ екендігі бел­гілі. Криллицада олардың әріптік таң­балары да жоқ. Мұндай жағдайда орыс байғұс бұрмаламай қайтеді. Тілімізде он­дай дыбыстар бола тұрып, біз сол теріс ықпалмен кетіп барамыз. Бұрын бодан болған ұлттар тіл басқыншылығынан шешімталдықпен құтылып жатқан кезде біздің бүйтіп ана тілімізді де орысшаға тәуелді етуден бас тарта алмай отырға­нымыз қалай? Ал, жаңағы қазақ ды­быстарының біразы жоғарыда айтыл­ған ұлттардың тілінде бар. Егер, латын­шаға көшсек, сол тілдердегі сөздерді түп­нұс­қаға жақындатып жазатынымыз, жазып тұрып сөйтіп айтатынымыз анық. Сонымен бірге, қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер, оны орыс тілі арқылы емес, тікелей үйренсе, ұлтаралық интеграция күшейе түспей ме. Бұл арадағы жалғыз-ақ қиындық – осы уақытқа шейін шет тілдері мен қазақ тілі арасында делдал болып келе жатқан орыс тілінің рөлінің төмендеп қалатындығы. Ендеше, бұл тілдік тәуелсіздік емей, немене? Осы арада Ресей империясының өз мүддесі үшін қазақ сияқты аз халыққа жасайтын жан-жақты ықпалына көз жұма қарауға болмайды. Екі ғасырға жуық уақыт бойы қазақ жерін өз мемлекетінің заңды аума­ғы, отар­лаушылыққа дейін де оны мекен етіп келе жатқан қазақтарды өзінің құлақкесті құлы ретінде санап келген империалистік психологияның инерциясы әлі де бәсеңдей қоймаған сыңайлы. Оған сол тараптан да, өз ішімізден де естіліп жататын әртүрлі тегеурінді айбарлы үндер дәлел. Ресейдің осындай саясатын рақаттана қолдайтындар республика шегінде де баршылық және олардың қол қусырып қарап отырмағанын байқау қиын емес. Қазақтың отаршылдық пиғылдағы сыртқы және ішкі жаула­рының мақсаты жалғыз-ақ – қалай бол­ған күнде де бұрын табанның астында келе жатқан халықты одан әрі тұқырта беру, реті келсе, адам ретінде бас көтертпей, мүлде тұншықтырып тастау. Қазақстан тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы жылдарда «Бұлар да адам болғысы келеді. Өздерінше дербестік алмақшы. Саналары төмен, мәдениеті жоқ бұндай қарақұрым тобыр (чернота) ел бола алмайды. Ұзамай дәр­гейлеріңе ала қойыңдар деп бізге өздері-ақ қайта келеді» деген сарындағы сәуегейліктер айтылып, әр түрлі қоқан-лоққылар да жасалғанын қаперден шығарып алмаған абзал. Егер, шынымен тәуелсіздікке ұмтылатын болсақ, қазақ деген ұлтты қалайда сақтап қалу керек болса, онда дербестікке сеп бола алатын ең кішкентай тетіктің өзін пайдалана беру керек. Әрине, ондай экстремизм мен сепаратизмнен аулақ, тек қана өркениет жолымен жүзеге асырылып отыратын тетік болса. Ал, латын шрифтерін қолданысқа енгізу сондай тиімді тетіктердің бірі бола алар еді. Бұл науқанға қарсылардың болатындығын сезіне отырып және ол қарсылардың басында Ресей державасы сияқты, бізге бұрын үстемдік жүргізген алып елдің тұрғанын ескере отырып, латын әріптерін пайдалануға бәрібір көше беру керек. Мұндай ауқымды іс мәресіне жақындаған сайын, қарсыластардың неше түрлі құйтұрқылыққа баратынын, арандатулар да болатынын алдын ала ескеріп, не нәрсеге де дайын тұрған жөн-ау. Осы науқан барысында орыс тілділер халқымызды, бас көтерер азаматтарымызды әлі талай жамандап, ағаш атқа неше мінгізіп, неше түсіретіні сөзсіз. Бір мәселенің басы ашық. Қазақ өз жерінде жүріп өз тілінің сақталып қалуы үшін күрескенде, басқа ұлт диаспораларына зиян тигізуді көздемейді, басқа елге барып өз тілінің өктем болуын қаламайды. Кез келген ұлттың өз жерінде өмір сүріп, халық ретінде сақталып қалуын ойлауы атам заманнан келе жатқан табиғи құбылыс. Мысалы, өз жері Ресейде орысша сөйлеп, барлық шаруасын орысша жүргізгені үшін орысты, бүкіл тірлігін өзбек тілінде құрағаны үшін өзбекті, монғолша сөйлеп, бүкіл іс қағаздары монғол тілінде болғаны үшін монғолды және т.б.ешкім де ұлтшыл деп айыптамайды. Ал, нақ осындай табиғи қалауын осы халықтар секілді өз дең­гейінде жүзеге асырғысы келетін қазақ қарадан қарап не себепті ұлтшыл атануы тиіс?
Кавказды мекен еткен халықтардың барлығы да тек өз тілдірінде ғана сөйлейді, жазады, қарым-қатынас жұмыстарын жүргізеді. Солай болуы табиғи құбылыс. Ал, қазаққа келгенде... ол байғұс та басқа халықтар секілді өзінің ана тілінде жұмыс істегісі келсе... «Жоқ, болмайды» деп өре түрегелеміз. Алдымен Қазақстандағы орыстарға қысым жасалуда деп байбалам салып шыға келетін – орыс шовинистері, оған ілесе орыс тілді, өздерінің ұлты жоқ қазақтар. Демек, өзі теңдес басқа ұлттардан қазақтың айырмашылығы – ұлт ретінде өз жерінде жүріп, құқығының шектелуі. Бұның өзі Қазақстан Конституциясын айтпағанда, бүкіл дүниежүзінің озық ойлы зиялылары ортақ мәмілеге келіп, қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға бердей Декларациясының» ұстанымына да қайшы. Бір біріне қарама-қарсы айтылған біраз ой-пікірлерді сараптап келгенде, латын қарпіне көшуді қолдаған топтың уәждері басымырақ түсіп жататынын атап айту керек. Оған жоғарыда келтірілген дәлелдер куә. Олардың қандай екендігін тағы да ежіктеп, қайталап жату шарт емес болар.
 

379 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз