• Ұлттану
  • 05 Тамыз, 2013

АУЫЛ СУРЕТТЕРІ (қаз-қалпында)

Бұлғын ҚОЙТАЙ,
аудармашы

Біреуге сән-салтанаты тасыған байлық­ты, біреуге кәкір-шүкір тірлікті несібе еткен жаңа ғасырдың біраз жылы артта қалыпты. Өзгерістер, жаңалықтар көп-ақ. Қыл аяғы дастарханымыздағы банан мен ананастың қай уақытта келгенін дөп басып айта алмаймыз. Баяғыдан бері бар дәм секілді, бұрыннан жеп келе жатқандаймыз. Үлкен-үлкен мінберлерден қомақты-қомақты мәселелер айтылды, ірі-ірі сөздер сөйленді, дегенмен ел-ел болғалы, жұрт-жұрт болғалы қазақтың ауыл деген жерде тұрғанын, ауыл қазақтың бір атауы екенін, тамыры екенін де ұмыта бастағандаймыз.


Құмды саялап отырған Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылына келгенімізде қоңыр құмның қоңыр желі аласұра соғып тұрды. Аудан орталығы Мойынқұм ауылынан 170 шақырымдай алыста, Шу өзенінің аңғарына орналасқан ауыл екен. Өңкілдеген өгіздей өкіреңдейтін Шу да бұрынғыдай ойнақтамайды, неге екенін қайдам, шымырлап қана құмға сіңіп жылыстап кетуге асығатындай. Арбиған-арбиған сексеуілді қолтығына құшақтаған қоңыр құм өкпесін айтқысы келгендей сусылдап барып, «сенен не қайыр» дегендей, талықсып барып жым-жырт бола қалады. Тас бүркеніп үнсіз жатқан Ұланбел Кеңес Одағы кезінде асыл тұқымды қаракөл қойын өсірген, даңқы да дақпырты да бір басына жетерлік ауыл еді. Қазір бозаңданып, бозарып, селкеуленіп ескерусіз қалған. Колхоз бен совхоз тараған сонау жылдары қалаға, қалаға жақын жерлерге көшіп кеткендердің үйлері құлап, бұзылып, біреуінің бір қабырғасы сорайып, соғыс жылдары бомба түскен кейіпті елестетеді. Іргетасы қалған үйлердің ішіне күл-қоқыс төгіліп, олар үйме-үйме болып, олақ қатынның шапанға жамаған жамауындай көзге қораш көрінеді.
Бір кездері «Водаканал» деген құдықтан Ұланбелге су тартылған екен, ауызсуды ел содан ішкен. Оның құбырлары ұрланған. Ауыл қазір сусыз. Бір водовоз ауызсуды 5 мың теңгеге, ыдыс-аяқ жуатын, мал ішетін суды 500 теңгеге сатып алады. Ауылда дәрігер жоқ, дәрігерге көріну үшін ойлы-шұқырлы жолдармен 4 сағат бойы жүріп, бұрынғы Фурмановкаға, қазіргі Мойынқұм ауылына келеді. Осы жолда жол апатына, тосын жағдайларға кездестірмесін деп жаныңды шүбірекке түйіп отырасың. Осыдан бірер жыл бұрын жол апатына түскен әйелге ұзақ уақыт ешкім кездеспей, өлім мен өмір ортасында есін жоғалтып жол ортасында біраз жатқан. Қазір – бір күн сау, бір күн ауру күй кешіп жүр. Аяғы ауыр келіндер қалаға, дәрігері жақын елді мекендердегі туыстарының үйін сағалап, сонда босанып, балаларын ширатып, аяқ-қолдарын бауырына алып болған соң бірақ келеді екен ауылға. Екі-үш ай зу етіп өте шығар уақыт болғанымен, жас отбасының арасы кейде суып қалатын да жағдайлар кездеседі. Ауыл мен аудан орталығындағы жол жай ойдым-ойдым емес, шұңқыр-шұңқыр. Себебі, бұл жолмен Қырғызстанның КамАЗ-дары тұз тасиды. Сор жердің тұзы бетіне шығып жатыр. Осы жолмен Астанадан, Алматыдан, Тараздан келгендер құмнан түзілген тастардың бір машинасын 75 мың теңгеге қаздырып, тиеп алып кетеді. Күніне бір-екі машина келеді. Міне, осылар жолды шұрқ-шұрқ тесік еткен. Бюджеттен жол жөндеуге қаржы бөлінетін шығар, ол жағын қаузамадық, дегенмен осы ауылдың ақсақалдары, тұрғындары, мынау менің ауылым дейтіндер келерінде бос салдырмен келетін машиналарға қиыршық тас тиеп келіп, жолдың ойлы-шұқырлы жерлеріне төгіп кетіңдер деп талап қойса, тұз, тас, сексеуіл таситын машиналарды бос кіргізбейтін болса, ауылдың өңі кіріп, жолы түзеліп-ақ қалар еді-ау деп ойлаймын.
Ауылдағы тұрақты жұмыс көзі – мұғалімдік. Оқуға кеткен қыздардың ауылға оралатыны некен-саяқ. Жігіттерінде тұрақты жұмыс жоқ. Олар қыс бойы Бетпақдаладан алтын, сайғақтардың мүйізін іздейді. Кәрі сайғақтың мүйізінің 1 килограмы 13 мың теңге, жасыныкі 75 мың теңге. Алушылар Қытайға өткізеді-мыс (Бұл сырттың адамына айтылмайтын әңгіме. Мені «өзімсінгендері»). Жігіттер қыста Бетпақдаланың құмына кіргенде 24 сағат бойы машиналарын тоқтатпай, рульде отырады. Тоқтасаң немесе бұзылып қалсаң шаруаңның біткені. Өктем боран ығың жоқ, панаң жоқ сені құм қойнауына итере салады. Алтынды қалай өңдеп өткізетінін, әрине, маған айтпады. Ол аймаққа күзет қойылған. Тапқандарын күзетшілермен де бөлісетін шығар. Ол жағы біз үшін құпия.
Ұланбелде қалта телефоны хабар ұстайды. Мүмкін бұл Амангелді газ-кен орнының жақындығынан да болар. Ауылдағы 250 шамасындай отбасының 2-3-і ғана орыс­тар. Тіршілік – малдың айналасында. Сол ауылдағы бір кісінің сиыры соқыр бұзау туыпты. Көзі от шашып жарқырап тұр­ғанымен, жарық сәулені көрмейді. Енесі жайылымға кеткенде қораның әр жерін түртпектеп, айналып жүре береді де, енесі келгенде екеуінің бір-бірін еміренгенін көргенде, ішек-бауырың елжіреп кетеді. Енесі бұзаудың түгін қалдырмай жалап шығады. Малдың төлжандысын-ай деп ойлайсыз. Мұндайда көз алдыңа тастап кеткен әке-шешесін шырылдап іздеген сәби келеді екен еріксіз. Экологияның әсері ме екен, мал бұлай болып жатқанда, адамдарға да қауіп бар шығар деп ойлап қоясың. Радиация болғандықтан ауылдағылардың арақ ішеміз дегендері рас шығар.
Жаратқан құмға құт дарытпағанда мына ауылдағы тіршіліктің дөңгелегі баяғыда-ақ тоқтап қалар еді. Баяғыдай ақбөкенді ауылға атпен айдап келмесе де, соның жұрнағы аз-аздап сақталған. Мал бағатын қазақ үшін жайылым үлкен мәселе. Мал қыста құмда, жазда жайлауда болуы керек. Құмдағы малдың еті дәмді, терісі шелденіп тұрады. Құмдағы шөп құнарлы. Бірақ, оларды қысы-жазы құмнан шығармасаң, құмның ыстығынан қойдың тұяқтары еріп, жалпиып кетеді. Жайлауға шықса туфли киген қыздай тықылдап жүреді. Оның үстіне құмда отыра берсе, жер тозып, деградацияға ұшырайды. Бұрын Ұланбелдің малдары екі құдықтан су ішсе, қазір оларға төрт құдық керек. Ол әзірге жоқ. Көздері бітеліп қалған. Жаңасын қазуға ақша керек. Оның үстіне құнт жоқ. Жайлау – Сарыарқа. Бұрындары хан көшіндей етіп Бетпақдаладан Сарыарқаға мал айдайтын. Қазір ол ертегі секілді. Жиырма жылдан бері бұл үрдіс тоқтаған. Шама келмейді. Ел жекеленіп алған. Алғашқы жылдары бірінің малын бірі қосып баға беретіндер, қазір, 20-30 қойы барларды жанына жолатпайды. Өйткені, өз малдарына жайылым жетпейді. Бос жатқан жерлердің иесі бар, жекешеленіп кеткен. Орташасы да, малдары мыңнан асатындары да малға өздері қарамайды. Қалада үй-күйсіз, арақ ішіп қаңғып қалғандарды әкеліп, мал соңына салады. Қожайындары оларға: «Қашып кете ме, малымды сатып жібере ме, өз малы болмаған соң жоғалтып ала ма?» деген күдікпен қараса, мал соңындағылар: «Өлейін деп тұрған малы жоғалса, семіздіктен жүре алмай тұрған қойымды өлтірдің деп айлықтан қағады» деп риза емес. Арақ ішіп, тозып кеткен жандар баққан малдың құты кіре ме? Кеңес Одағы шопандықты ардақты кәсіптің қатарына кіргізіп еді. Қазақ ғасырлар бойы төрт түлікті тіршілігіне тірек етіп келеді. Сондықтан, мал бағып-қағудан ғажайып мол тәжірибесі бар, ғасырлық тәжірибе – ғылымға үлес. «Қазақ өмір бойы қой соңында жүруі керек пе?» – деп қазір одан қашып отырмыз! Одан шекеміз шыли шылқып та кеткен жоқ. Қой бар жерде қойшы болуы керек қой.Сонда не істеу керек? Көрер көзге малды байлар ұсақтарын ығыстырып, бүкіл құмға өз малдарын жайып отыр. Несі жаман, қазақ байысын дейміз. Байлық зорлықты туғызбаса, жақсысы жақсы-ақ секілді. «Қарамасаң қатын кетеді, бақпасаң мал кетеді». Мал жұтамау үшін бұрындары асылдандыру ісіне көңіл бөлінетін. «Қазір қолдан ұрықтандыруды кімнен, қалай сұрарымызды білмейміз. Маған керемет-керемет тұқым керек емес, өсімтал, етті, сүтті, жергілікті табиғаттың мінезіне төзімді мал керек. Асыл тұқымды мал өсірушілерге субсидия беріліп жатыр деп естиміз. Бірақ, оны біз секілді қарапайымдар емес, онсыз да жағдайлары бар, қолдары ұзындар алады» – дейді орташалар. Ал, оған керісінше: «Ой, берген субсидия көлемі 800 мың теңге ғана, ол асыл тұқымды мал асырау шығынын ақтамайды» дейді байлар мен барлары. Биыл Ұланбелден 400 шақырымға созылған Бетпақдала арқылы шамамен 1500 қойы мен 100 жылқы, 100 сиырын Сарыарқаның жайлауына айдаған жігітті кездестірдік. Өзі Таразда тұратын кәсіпкер. Ет бағытында өсірілген малдар мен олардың төлдері сағым ойнаған сардалада жүре алмай, жолда азаптанып қалмаса болды ғой деп ойладық. Құмның ыстығында малды шаңдатып қатты айдаса, семіз, тоқ мал қызылмай болады. Қызылмай – дерт. Еті мен майы бұзылады. Шамасы жеткендер малын жазды күні Бетпақдаланың 80 шақырым жеріне дейін ентелей кіре алады. Ішінара ғана 250-700 шақырым жер жүре алатындары кездеседі. Сарыарқаға жете алмайды. Биыл соған тәуекел еткендер табылыпты.
Менікі журналистік сапар емес. Жолдың сәтіне қарай көрген-білгендерімді жазып отырмын. Ұланбелден шығып Байтал деген ауылға келдік. Ұланбелден табиғаты мүлде өзгеше. Ұланбел қалың құмнан 10-15 шақырым қашық болса, Байтал 80 шақырым алшақ жатыр. Жері сазды. Сазды жерде жайылған малдың еті онша дәмді емес, көбіктеніп тұрады екен. Мен оны осы жолы білдім. Байталда 4 ұл, 2 қызы бар, әйелі қайтыс болған, тоқсандағы көзі көрмейтін әкесі бар кісінің отбасына кіріп шықтық. Әйелі жоқ үйдің күтімі қайдан болсын. Тозған үй, қараусыз балалар. Көктемнің ызғарлы күндері болғандықтан ба сыртта боран ұлып, үрей үстіне үрей жамап, алқымымызға жас тығылып, ішіміз ас­таң-кестең болып шықтық. Қорадағы егіз туған ешкі екі лағын да маңыратып, бауырына алмай қойыпты. Шаранасын жи­науға шамасы келмеген ауру мал-ау шамасы. Төлінің шаранасын тазаламаған мал өз төлін бөтенсиді. Сиыр сүтін ішкен лақтар, тышқақтап, маңырап, өткен-кеткеннен қайырымдылық күткендей, жаутаң-жаутаң етеді. Жүрегім шаншып, құлағым шың етіп құлпыланды да қалды.
Байтал мен ескі Байталда ұялы телефон ұстамайды екен. 8 отбасында ғана үй телефоны бар. Байтал мен ескі Байталдың арасы біршама жер. Совхоз, колхоз ыдырап жатқан тұста ескі Байталда тұратын 13 отбасының балаларын түйеге арба жегіп, мектепке апарған кездер де болған. Қазір ол ұмытылған. Екі ортаға балаларды тасу үшін микроавтобус жалдайды.
Ұланбел мен Байталдағы жергілікті еш­кі­лердің түбіті өте қымбатқа баға­ла­нады. Оны тарап алуға ерініп, қырқып ал­ғандықтан сапасын жоғалтады. Қыр­ғызстанда оның 1 килограмы 40 долларға бағаланады. Көп бөлігін Қы­тайдың алып-сатарлары сатып алады екен. Ауылдың есігін өзгелерге ашып қойғанымыз-ай!
Ауыл – қазақтың көзінің ағы мен қарасын­дай. Ауылға бүйрегің бұрып, сағынып тұ­расың. Басының бағынан таймағанын тілейсің. Нарық сол ауылдың пейілін бүл­дірмесе болғаны да.
Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауданы.
 

253 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз