• Еркін ой мінбері
  • 05 Тамыз, 2013

Қазақстандағы идеологиялық қайшылық: ағымдар мен топтар

Еркебұлан Әлімханұлы,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
PhD докторанты

Қазақстан халқы да басқа елдер сияқ­ты өз ішінде әлеуметтік, этникалық, гене­­ологиялық, діни және идеологиялық, тағы басқа ерекшеліктерге байланысты жік­телген, бөлшектенген қоғамға жатады. Осылардың ішінде идеологиялық ұста­нымына байланысты халықтың қандай ағымдар мен топтарға бөлінетініне тоқталып өтуді жөн көрдік. Алайда, Қазақстанның жағдайын әлемдік идеологиялық ағым­дардан бөлек қарастыруға тура келеді. Егер әлемде либерализм, консерватизм, марксизм, социал-демократизм сияқты идеологиялық бағыттар үстемдік құрып, бір-бірімен бәсекелес болса, тарихи даму ерекшелігіне байланысты Қазақстанда бұл ағымдардың күресі жоққа тән. Марксистік-ленинистік идеология үстемдік құрған КСРО-ның құрамында болған Қазақстан либерализм және консерватизм сияқты ағымдармен тек қана өткен ғасырдың аяғында ғана танысты. Сондықтан, Қазақстанда аталған ағымдар кең қанат жая алмады, ал, бір ғасырға жуық уақыт монополия құрып келген коммунизм идеологиясынан халықтың басым көбі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін-ақ бас тартты. Сөйтіп, елімізде жоғарыда аты аталған ағымдардың кейбір элементтерін ғана бойына сіңірген өзіндік идеологиялық топтар қалыптасты.
Өзіндік идеологиялық ағымдардың қалыптасуына жоғарыда айтылып өткендей, Қазақстанның тарихи даму және саяси-әлеуметтік ерекшелігі әсер етті. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бас­тап, марксистік-ленинистік идеоло­гияның әлсіреуімен бірге пайда болған вакуумды отаршылдыққа қарсы көте­ріл­ген ұлтшылдық сезім толтыруға тырысты (бұл жерде қазақ ұлтына қатысты айтылып отыр). Біртіндеп кеңейе берген вакуумді түрікшілдер, діншілдер, славяншылдар, демократтар, либералдар болып толтыра бастады. Сөйтіп, Қазақстанда бірнеше идеологиялық ағымдар қалыптасты, бұл әлемнің көптеген елдеріне тән қалыпты құбылыс болып табылады. Өйткені, билікке күрес дәл осы идеологиялық ағымдардың арасында жүреді. Сондықтан, идеологиялық ағымдардың мемлекетте көп болуынан аса қатты қорқудың қажеті жоқ, себебі идеология:
Белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесін қорғауына мүмкіндік береді;
Пікірлес, идеялас, мүдделес адам­дарды жақындастырады;
Өздерінің талаптарын саяси шешім қабылдаушылар тарапынан ескерілуіне жағдай жасайды.
Бір ғана идеология үстемдік құрған қоғамның етегінен шыққан Қазақстан халқы үшін қазіргі идеологиялық ағым­дардың көптігі, олардың бір-бірімен өзара қайшылығы, теке-тіресі «хаос» сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, бұл «ашық» қо­ғам­ның көрінісі болып табылады, яғни, «тоталитарлық емес жүйеде бәсекелес бірнеше идеологиялық ағымның болуы заңды». Сол себепті, идеологиялық ағым­дардың көп болуынан емес, тек олардың радикалданып, мемлекетке қарсы бағыт алып кетпеуінен сақтану керек.
Қазақстанда әлі идеологиялық ағымдар саяси партия құрып, билікке күресуші күшке айналып үлгермегендіктен, олар­­ды қалыптасу үстінде деп айтсақ қателеспейміз. Сондықтан, елде нақты қандай идеологиялық ағымдардың бар екенін, халық арасында олардың үлесі қаншалықты екендігін дөп басып айту қиын. Тек, баспасөз беттерінде көтеріліп жүрген мақалалар мен әлеуметтік желілердегі пікірлерге, дискуссияларға қарап болжам ғана жасауға болады. Өз кезегінде, бұл тақырыпты абстрактілі ғана елестетіп, оны тереңірек ашуға, оқушыға түсініктірек болуға қиындық тудырады. Бұл қиындықтан құтылу үшін, елімізде бар деп алынған идеологиялық ағымдардың болмыс-бітімін, кескін-келбетін жасауға тура келді. Осы мақсатпен сызылған «ағаш» бізге тақырыпты анығырақ анықтауға, кеңірек ашуға және көз алдымызға нақтырақ елестетуге мүмкіндік береді. Мақалада, Қазақстандағы идеологиялық ағымдар осы ағаш сурет бойынша сипатталады.
Діни мотивациялы (ислам діні): бұл топқа «өзін және өзгені танытуда (иден­тификация) дінді бірінші орынға қоятын адамдар» жатқызылды. Дін – өте күшті идеологиялық құрал болып табылады. Сондықтан, билікке күрес, оған жету жолында дінді қолдану барлық елдерге тән құбылыс. Яғни, клерикализм – саясат пен руханиятта шіркеудің рөлін жоғары қоятын ағым Еуропаның көптеген елдерінде заңды саяси күшке айналған. Ал, «Араб көктемімен» басталған билік ауысу үдерісінің нәтижесінде Таяу Шығыстағы кейбір мұсылман елдерінде діни, яғни, исламдық идеологияны ту етіп ұстаған партиялар билікке келуде. Сарапшылар «самарқау ислам» бағы­тындағы ағымдар деп сипаттайтын бұл партиялардың билікке келу моделі Түркиядан бастау алды. Қазақстанның да халқының басым бөлігі мұсылмандар болғандықтан «діни мотивациялы» бөлімде ислам діні қарастырылды. Бұл топтың өз ішінде тағы да көптеген ағымдарға бөлінетіні жасырын емес. Оларды үш ірі топқа жинастырып қарастыруға болады. Фундаменталистер немесе дәстүршілдер: мақсаты «халифат құру немесе шариғат заңдарына негізделген мемлекет орнатуды көздейтін, зайырлылық пен «заманға сай өзгеріс» деген пікірлерге сын көзбен қарайтын және өз жамағатындағы адамдардан басқаларды «адасқандар» ретінде санайтын» ағымдардың осы топқа кіргізілгені айтпаса да түсінікті. Самарқаулар немесе жаңашылдар (модер­нистер): бұл топқа «мемлекетпен конструк­тивті жұмыс істеуді қалайтын, «заманға лайық» болуды ойлайтын және «диалогқа» әрдайым әзір» жамағаттар жатқызылды. Сондай-ақ, Қазақстандағы ислам дінін ұстанатын диаспора өкілдері де осы топқа кіретін болар.
Исламшыл ұлтшылдар: «өзін идентификациялауда діннен кейін ұлтын қоятын» адамдар енгізілді.
Батыстан бастау алған идеологияны жақтайтындар (батысшылдар): «Сая­­си, діни, әлеуметтік ұстанымына қарай «батысқа» бүйрегі бұрыңқырап тұратындар». Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, мұнда бастауын Батыс елдерінен алатын көптеген идеологиялар ағылды: саяси-экономикалық жүйеге байланысты демократтық, социал-демократтық, либералдық, тағы басқа ағымдар; ұлт пен мемлекетке деген көзқарасына қарай маргиналдар, космополиттер; діни бостандықты пайдаланып келген неше түрлі ағымдар; жыныстық ауытқулардың құқығын (гомосексуалистер) қорғайтын, гендерлік теңдікті жақтайтын (феминистер), бұлардан басқа да батыстық қоғамдық қатынастар тәртібін құптайтын немесе оған бүйрегі бұратын адамдар пайда болды. Бұлар да қазіргі таңда елімізде шешуші рөлге ие қоғамдық күшке айнал­ған. Жоғарыда аталып кеткен Батыс елдерінен келген идеологиялық ағымдарды ерекшеліктеріне қарай негізгі үш топқа бөліп қарастыруға болады.
Діни сеніміне қарай: «Батыс елдерінен келген түрлі діни және философиялық ағымдардың жетегіне ергендер».
Мемлекет пен ұлтқа көзқарасына қарай: «адамзаттың баласы болуды қалай­тын маргиналдар мен космополиттер және мемлекеттік билік жүйесін мойында­майтын анархистер».
Қоғамдық-cаяси ұстанымына қарай: «мемлекеттің басқарылу формасы мен оның функцияларына қатысты саяси, экономикалық, философиялық немесе социологиялық теориялардың бірін қолдап, елдегі жүйенің өзі таңдаған тұжырым бойынша жүргізілуін қалайтындар».
Ұлтшылдар: тобына кіріспес бұрын, мына, бір мәселеге тоқталып өткен жөн болар. Қазіргі таңда Қазақстанда қалыптасқан түсінік бойынша ұлтшылдар мен тұраншыл,түрікшілдер бірге саналады. Бұл бәлкім Түркиядан келген «түсінік» болар, өйткені, онда тұраншылдар ұлтшылдардың ішінде қарастырылады. Түріктер үшін бұл қалыпты болуы мүмкін, өйткені, «түрікшіл» болу мен «ұлтшыл» болу бір мағынаға келіңкірейді. Алайда, Қазақстанның жайдайында бұл екеуінің басын ашып алу керек. Яғни, Алаш қалыптастырған ұлтшылдық мен тұран­шылдықтың аражігін ажыратқан дұрыс болар. Өйткені, екіншілері ұлттан жоғары ұйым құруды қалайды, «тұран ұлтын» қалыптастыруды көздейді (Бозқұрт партиясының жұмысына Қазақстанда тыйым салынуының да себептерінің бірі осында жатыр). Алаш ұлтшылдығы болса – мемлекеттік, қазақтық ұлтты бірінші орынға қояды. Сондықтан, қазіргі ұлтшылдар не Алаштың ізін қууы керек не М. Шоқай мен Т. Рысқұлов қолдаған тұраншылдықты таңдауы тиіс... Дегенмен, бұл мақалада қалыптасқан түсінік бойынша ұлтшылдар мен тұраншыл, түрікшілдер бірге қарастырылды. Ұлтшылдар, осылай, екіге айырылғаннан кейін екі топ та өз ішінде негізгі қос бұтаға айырылады. Исламды қолдайтындар мен тәңіршілдікті жақтайтындар болып. Алашшыл ұлт­шылдар: «ұлттық мемлекет құруды қалайтындар, ұлттық құндылықтарды жоғары көтеруді көздейтіндер». Тұраншыл, түрікшілдер: «түрік тілдес халықтармен етене болуды, түрік бірлігін жандандыруды көздейтіндер». Ұлтшыл исламшылдар: Бұл жерде айтылып кетуі тиіс «Ұлтшыл исламшылдардың исламшыл ұлтшыл­дардан не айырмашылығы бар?» деген мәселеге тоқталып өтсек. Бұл екеуінің айырмашылығы аса үлкен емес, сондықтан да, ағаштың бұтақтары бір-бірімен сүйкенісіп салынған... Басты айырмашылық идентификацияда, ұлт пен дінді бірінші кезекке шығаруында жатыр. Біріншілері дін мен ұлт егіз десе, екіншілері дінді ұлт­ты қалыптастырудың, танытудың бір «жолы» деп қана біледі.
Бүгін елімізде ұлтшылдық идеоло­гияның белең алып тұрғаны ешкімге жасырын емес, сонау тоқсаныншы жылдары қатты көтерілген бұл сезім одан кейінгі жылдары басылғандай болған еді, алайда кейінгі жылдары орын алған саяси-экономикалық үдерістер оның қайтадан жандануына алып келді... Ұлтшылдықтың көтерілуі тек Қазақстанға ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне, әсіресе Еуропа мемлекеттеріне де тән құбылысқа айналып отыр. Еуропада ұлтшылдықтың (радикал ұлшылдықтың да) қайта жандануына қаржы дағдарысы тудырған проблемалар, иммиграция, діни және ұлттық ерекшеліктерге байланысты қоғамда өзара түсіністіктің нашарлауы, терең ықпалдастық нәтижесінде мемле­кетүсті ұйымдардың күшеюі, тағы басқа себепкер болды. Ал, Қазақстанның жағ­дайында ұлтшылдықтың оянуына Еуразиялық Одақ аясында жаңа қол жеткізген тәуелсіздіктен айырылып қалу қаупі түрткі болғаны анық. Жалпы, отарлықтан азат болып жаңа тәуелсіздігін алған елдерде ұлтшыл­дықтың көтерілетіні қалыпты жағдай. Қысымда қалған ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді қалпына келтіру, этникалық дискриминациядан құтылу үшін бас көтерген мұндай ұлтшылдық, көптеген философтар мен саясаттанушылар тарапынан позитивті қабылданады. Алайда, оның екінші негативті қабылданатын түрі де бар, өз ұлтының басқа ұлттардан жоғары екенін дәлелдейтін тұжырымдар шығарып, басқа этникалық топтарды кемсітуге бағытталған «әсіреұлтшылдық» идеология – фа­шизм­нің негізгі қозғаушысы болып саналады. Қазақстандағы ұлтшылдық бұлардың алғашқысы болып табылады, сондықтан, одан үрейленудің қажеті шамалы...
Ресей, Еуразияшылдар: «Ресей «ең қауіпсіз» одақтасымыз санайтын, оны­мен ықпалдастық тиімді деп ойлайтын немесе Еуразия кеңістігінде түрік-славян одағын құруды көздейтіндер мен діни (православ) нанымына байланысты жақындастықты қалайтындар». Бұл топ та бірнеше бұтаға айырылады. Егер, оларды топтастырсақ негізгі үш ағым қалады; Славяншылдар: аты айтып тұрғандай-ақ «Ресейдің гегемонындағы бір одақтың болуын көксейді. Дін, мәдениет, өнер мен тілде славяндықтың (орыс мәдениетінің) үстем болғанын қалайды». Түрікшіл еуразияшылдар: «солтүстік көршімен ықпалдаса отырып түбінде түркілікті орнатуды көздейтіндер». Егер, славян-түрік мемлекеттер одағы құрылса демография сияқты маңызды тетіктер байырғы «Алтын Орданы» қайта тірілтеді деп санайтындар... Ресейді қауіпсіз санайтындар: Сондай-ақ, ешқандай «түріктік» пиғылы жоқ, тек қана Ресеймен ынтымақтастық Қазақстан үшін тиімді, шығыстағы көршіден құтқара алатын бірден-бір ел деп санайтындардың да осы жерде бір бұта болып тұрғанын айта кеткен жөн. Орташылдар: тобына жоғарыдағы «идеологиялардың ешқайсысына ере қой­маған немесе бірнеше идеологияны қатар қолдайтын, болмаса барлығына да сын көзбен қарайтын» адамдар жатады. Бұлардың ішінде жоғарыдағы ағымдардың біріне жақын топ көбейгенде бұтақ та солай қарай иіледі... Жалпы, орташылдар кез-келген елдің саясатында үлкен рөл алатын күш болып табылады. Бұл қос тарапты тепе-тең ұстауға мүмкіндік беретін таразы іспеттес, сондықтан да, олардың ел саясатындағы орнын төмендетуге болмайды. Жоғарыда айтылып өткендей әр тараптың кей пікірімен келісіп, басқасымен келісе алмайтын орта жолдың өкілдерін де көзқарасындағы басым бағытқа қарай «оңшыл-орташылдар» немесе «солшыл-орташылдар» деп айырады. Қазақстанда әзірге оңшыл мен солшылдың арасы ажыратылмағандықтан орташылдарды бөлу қиынға түсіп тұр! Қытайшылдар: ағаштың түбінен әзірге енді ғана «көктеп» келе жатқан бұл бұтақтың болашақта қаншалықты үлкейетінін болжау қиын... Әзірге, бұл топтың өкілдеріне «шығыстағы көршінің түрлі діни-философиялық ағымдарын (фэн шуй, фалуньгун тб) ұнататын» адамдар жатады. Ол жақ­та білім алғандардың кейін қандай иден­тификацияны қалайтыны да белгісіз. Егер, мықты бір лидер не идеолог шықса бұл бұтаның да үлкеюі ықтимал... Міне, Қазақстандағы идеологиялық ағымдар осылай жіктеліп айырылды. Әрине, ағаштың барлық ағымдар мен топтарды қамти алмағаны түсінікті. Жоғарыдағы ағымдардың өз ішінде тағы да бір ағаш сызарлық топтарға бөлінетіні белгілі, олар іштей тағы да айырылады, одан қалса «әр кәллада бір қиял» дегендей әр адамның өз ойы, идеологиясы бар. Оның бәрін бір ағашқа сыйғызу мүмкін емес...
Сөз соңында, мына, мәселеге де тоқ­тала кетейік, жоғарыда аталып өткендей Қазақстандағы идеологиялық ағымдар әлемде үстемдік құрып тұрған консерватизм мен либерализмнің немесе социал-демо­кратия мен либерал-демократияның кейбір жұрнақтарын ғана алған. Сондықтан, осы мақалада суреттеліп өткен ағымдардың қайсысының консерватизмге, либерализмге жақындығын айыру қиындық туғызады. Алайда ұлт, дәстүр, дін сияқты мәселелерге мән беретін консерватистік бағытқа ұлтшылдар мен діншілдерді жатқызуға болатындай. Ал, батысшылдарды сонымен бірге қазіргі саяси партияларды ішінара либералдық бағытқа жақын деп көрсете аламыз. Еркебұлан Әлімханұлы,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
PhD докторанты

1863 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз