• Келелі кеңес
  • 05 Тамыз, 2013

«Бұл – мемлекеттік деңгейде көңіл бөлетін құбылыс»

Тарих ғылымдарының
докторы, профессор
Нәбижан Мұхамедханұлы:
– Жазушы ғалым Тұрсын Жұртбай «Талқы» атты еңбегінде: «Ақыл мен ой­дың, ғылымның кемеліне келген қазіргі за­мандағы кез-келген мемлекеттің тарихы – сол елдің мүддесін көздейтін, өткен оқи­ғасының өзін бүгінгінің көзқарасына бейімдеп, тігісін жатқызып жазылған тарих» – дейді. Сіздің ойыңызша, Қазақтың тарихы тәуелсіздік тұрғысынан зерделеніп, ұлттық мүддеге сәйкес жазылып жатыр ма?


– Елімізде қазақ халқының, Қазақстан тарихын зерттеу ел тәуелсіздігінен бері жа­ңа кезеңге қадам басты деуге болады. Себебі, біз 1991 жылы тәуелсіздік дәуіріне өттік, бұл ұлттық тарихымыздың дәуір айыратын датасы. Қарап отырсаңыз, содан бері мемлекеттік құрылымнан тартып, қоғамдық саяси, экономикалық және мәдениет жүйесі түбегейлі өзгерді, тіпті, адамдардың тіршілік формасы мен өмір сүру тәсілі де, тұрмыс талғамы да өзгерді. Сонымен қатар, отандық тарих ғылымының көкжиегі де барынша кеңейді. Тарихты жаңа көзқараста, ұлттық тәуелсіз мемлекет мүддесі тұрғысынан жазу процесі басталды. Тарих зерттеудің көптеген жаңа саласы қалыптасты. Мысалға алып айтар болсақ, Ұлт-азаттық қозғалыс тарихы, Алаштану және Алаш қозғалысы тарихы, Қазақ мемлекеттілігінің тари­хы, Қазақ ұлтының тарихы, Қазақ хан­дығының тарихы, Қазақ хандығының дипломатиялық қатынастар тарихы, түрколгия, диаспорология, тұлғатану, деректану, өлкетану, қытайтану, елтану сияқты тарих ғылымының салаларында тың ізденістер мен қомақты ғылыми нәтижелер жарыққа шықты. Ал, отандық тарих ғылымының дәртүрлі өзегі болған Қазақстан тарихы, археологиясы мен этнографиясы саласында да ауыз толтырып айтарлық ғылыми жетістіктер мен табыс­тар баршылық. Бір ауыз сөзбен айтқанда, тәуелсіздіктен бері отандық тарих ғылымы айтарлықтай дамып келеді.
− Джавахарлал Неру: «Менің елімнің тарихы ағылшындардың көзімен жазылды», – деп күйінген екен. Өткен ғасыр­да қазақтың тарихы да отарлаушы империялардың көзқарасымен жазылды. Патшалы Ресей тұсында да, КСРО кезінде де қазақ тарихы бұрмаланды. Осы орайда, ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деген өлеңі ойға оралады. Ал, бүгінгі таңда төл тарихымыз кеңестік саяси идео­логия­сының сіңірген көзқарасынан түгелдей тазартылды деп айтуға бола ма?
– Жалпы алып айтқанда, тарих бірнеше жағдайда жазылады. Біріншіден, тарихты дамыған өркениетті елдер көп жазады. Оның да саяси мақсаты мен мәні бар, дегенмен, олар өздерінің басқалардан озық өркениетті екенін, білікті-білгір ел екендігін көрсету үшін, өзінің ғана емес, өзгенің, аймақтық, тіпті, әлем тарихын жазады; екіншіден, тарихты дамып күшейген державалар жазады. Олардың мақсаты – өз ұлтының рухын көтеру, өзге елді жаулау немесе отарлау. Бұның тарихтағы көрінісі деп – еуропацентризм мен шығыстану ғылымының қалыптасуын айтсақ та жеткілікті. Он­­дай мемлекеттер өздері отарлаған елде­рінің тарихын жазуға көп көңіл бөледі, жазғанда да отарлық мүддесіне үйлестіріп жазады. Өздерін отарлаушы емес, оларды жарылқаушы, олардың көсегесін көгертуші, олардың бақжұлдызы ретінде көрсетіп, өздерінің тарихи көзқарасын отарланушы халықтардың санасына терең сіңіреді. Өткен ғасырдың ортасына дейінгі Үндістан тарихы осындай жағдайда жазылған тарих болғандықтан, Джавахарлал Нерудің кейитін жөні бар. Үшіншіден, тарихты, әсіресе ұлттық тарихты тәуелсіздік алған ұлттар өз елінің ұлттық және мемлекеттік тарихын жазады, бірінші кезекте бұрмаланған тарихын түзетуді қолға алады, одан соң тарихи шынайлық пен ғылымилық негізінде ұлттық, мемлекеттік мүддені басты орынға қоя отырып жазады. Міне, біздің елде жазылып жатқан тарих осындай тарих немесе осындай тарих жазуға құлшыныс процесі жүріп жатыр деуге болды. Бірақ, кеңестік кезеңдегі қазақ тарихы, Қазақстан тарихы туралы қате ұғымдар мен кері көзқарастардың санаға сіңірілгені соншалық, кейбір тарихшылар осы күнге дейін ұлттық нигилизмнің шырмауынан шыға алмай жүр. Олар осынау кең-байтақ аумақта қазақ халқының этногенезі қалыптасып, ұзақ тарихи даму процесінде ұлт болып ұйысқанына, Қазақ хандығының осы кеңістікте құрылған, дәурен сүрген мемлекеттілік құрылымдар мен империялардың тарихи өзгерістерінің заңды нәтижесі екендігіне күманмен қарайды, тіпті сенгісі келмейді. Бірақ, олар осынау кең-байтақ аумақтың және онда жаратылған шұғылалы тарихи мәдениеттің иесі қалайша қазақ болып отырған бұлжымас шындықты түсіндіре алмайды. Осындайда, заңды сұрақ туады: «Осыншама кең аумақты және онда жарыққа шыққан бай мәдениетті басқа біреу қазаққа сыйға беріп, өздері жер бетінен ғайып боп кеткен бе?!» –деген. Міне, барып тұрған абсурд деген осы. Сондықтан, отандық тарих ғылымы саласында кеңестік идеологияның сарқыншақтары әлі сақталып отырғаны шындық. Одан толық арылуға әлі ұзақ уақыт қажет деп білемін.
− Қазір Қазақстан тарихын кімдер және қалай жазып жатыр?
– Біздің елде ресми тарихты жазатын үш ғылыми зерттеу институты бар. Олар: Ә.Марғұлан атындаға Археология институты; Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Мемлекет тарихы институты. Тәуелсіздіктен бері Қазақстан тарихы үшінші рет қайта жазылуда. Академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігімен «Қазақстан тарихының Очеригі» және сол кісінің жетекшілігімен басталып, ол кісіден кейінгі институт директорлары Мәмбет Қойгелдиев, Ке­мал Бұрханов, Саттар Мәжитовтер жалғастырып аяқтаған «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» бес томдығы, және қазіргі Ханкелді Әбжановтың жетекшілігімен жазылып жатқан «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» он томдық жиырма кітап. Ал, баспадан жарық көрген алдыңғы екі «Қазақстан тарихында» тәуелсіз мемлекет тұрғысынан тарихымызды қайта қарастырап, көптеген жаңа көзқарастар мен тың тұжырымдар қортындыланған болатын. Алайда, бүгінгі талғам бойынша оларды қайта саралайтын болсақ, онда орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді, тіпті қателіктерді байқаймыз. Оның ішінде баяғы кеңестік тарихи көзқарастардың да өзгерусіз еніп кеткені байқалады. Ал, қазір жазылып жатқан «Қазақстан тарихының» концепциясы мен жазу принцип қағидаттары мен қойылған талаптары бұрынғыдан әлдеқайда ілгері, әрі жоғары деуге болады. Ал, нақтылы нәтижесі қандай болады, оны кітап басылып шыққан соң айта жатармыз.
Қазіргі таңда Қазақстан тарихын тек отандық кәсіби тарихшылар ғана жазып жатқан жоқ, сонымен қатар, шет елдер де жазып жатыр, шет елдердің тапсырысымен өз азаматтарымыз да, әуесқой тарихшылар да жазып жатыр, ақын-жазушы, журналистер де тарихқа көптен көп қалам тартып жатқан жайы бар. Әрбір автордың тарих жазудағы өздерінің ұстанымдары мен көздеген мақсаттары, олардың еңбектерінен анық байқалады. Олардың көбінен мемлекеттік мүдде мен ұлттық идеологияны аңғармайсыз, керісінше, ұлттық мүддемізге, мемлекеттік тұтастығымызға, қоғамдық дамуымызға пайдасыз, тіпті зиянды уағыздарды аңғарасыз. Мұндай дүниелер халқымыздың ұлттық біртұтастық санасының нығаюына, ұлттық сапасының өсіп-жетілуіне өте зиянды. Бәлкім, біреулерге осы керек шығар, кім біледі.
− Қазақ тарихын жазатын тарихшыға қандай да бір талаптар, болмаса критерийлер керек пе? Төл тарихымызды жазатын адамның моральдық, азаматтық, тұлғалық өресі қандай болу керек ?
– Қазақ тарихын, Қазақстан тарихын кәсіби тарихшылар, оның ішінде ғылымға шынайы берілген кәсіби дайындығы жоғары, ұлтқа, қоғамға, мемлекетке жауапкершілікпен қарай алатын, ғылыми этиканы қатаң сақтай алатын жоғары білікті маман ғалымдар жазуға тиісті. Өйткені, тарих ғылымы дербес бір ғылым екенін мойындайтын болсақ, онда оны зерттейтін қағидаттар, принциптер, категориялардың және зерттеуге қолданатын ғылыми әдіс тәсіл­дерінің бар екендігін ескеруіміз керек. Оны тек жоғары оқу орындарында ар­наулы маманданғандар ғана жақсы иге­реді. Сондықтан, арнаулы тарих зерттеумен шұғылдануға тарих ғылымы бойынша ғылыми дәреже қорғаған, талантты, табанды, еңбекқор, патриот мамандарды сұрыптап ұйымдастыру керек. Өйткені, тарих ғылымы өте күрделі ауыр ғылым, оған еткен еңбегіңді алған айлығың ақтамайды. Бірақ шынайы ғылыми тарихтың ұлттық, мемлекеттік идеологияда, халықты тәрбиелеуде, қоғамды тануда, болашақты болжауда атқаратын қызметі өлшеусіз зор. Сондықтан осы тұрғыдан біздің ұлттық тарихымызды, мемлекеттік тарихымызды жазатын тарих­шы мамандарға талап қойылуы керек және соған сәйкес оларға жақсы еңбекақы тағайындап, олардың алаңсыз ғылыммен шұғылдануына жағдай жасалуы керек деп ойлаймын. Шынын айтатын болсам, бізде тарих ғылымдарының кандидаты, докторы болып жүрген тарих мұғалімдері көп, бірақ, нағыз тарихшы ғалымдар аз. Ал, замана бізге жазылған тарихтан халық ғибарат алатын, тарихтың заңдылығын аңғаратын болуды, әлемдік тарихи процесс контексінде ұлттық тарихымыздың қалай дамып бүгінге жеткенін түсіндіретін тарихи еңбек жазуды талап етіп отыр. Егер, біз оны сезінбестен саналы-санасыз түрде рулық тарихты, жергілікті аймақтық тарихты, жетерсіз жеке тұлғаларды ұлт тарихынан жоғары қойып дәріптейтін болсақ, ондай еңбектің зияны өте ауыр болады, тіпті, жат елдің мазағына қалдырады. Сондықтан, ұлттық тарихты жазатын қаламгерлерде үлкен жауапкершілікпен қатар, өзіндік – азаматтық намыс, ұлттық намыстың күшті болғаны қажет деп санаймын.
− Тарихшылардың ауызбіршілігі қай деңгейде? Кейбір тарихи мәселелерге келгенде тарихшыларымыз «Аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп отырған жоқ па? Мәселен, жаңа тарихты қай кезеңнен бастау керек немесе Шыңғыс ханның қай ұлт екені жөнінде ортақ тұжырымға келмейтін сияқты.
– Ғылым болғандықтан әртүрлі пікір көзқарастық сақталуы, дискуссияның болып тұруы қалыпты жағдай. Ғылым онсыз дамымайды. Егер, пікірталастар тарихи шындыққа көз жеткізуді, тарихи ақиқатты анықтауды, ғылыми қорытынды жасауды мақсат тұтатын болса, онда айтысушы әртарап ортақ ғылыми қағидаға жүгінуі керек. Егер, қарсы тараптың тарихи дәлел-факті тың, жүргізген зерттеу әдістері ғылымилыққа жанасса, шығарған қорытынды тұжырымдары нанымды ғылыми болса, онда екінші жақ өз көзқарасын өзгертіп, оның көзқарасын қабылдауы ке­рек, бұл ғылымда әбестік емес, қайта оның ғылыми адам екендігін көрсетеді. Ғалымдар қашанда ізденіс үстінде болуы керек, тарихи ақиқат шынайы анықталады екен, оны тұрақтандырған жөн. Белгілі бір мәселе жөнінде ғылыми тұжырым жа­салған болса, оны қайта-қайта қаузай берудің қажеті жоқ. Ал, елімізде Шыңғыс ханның ұлты туралы «жаңа» пікір көтергендер кәсіби тарихшылар емес. Бірақ, оған жауап қатқандар кәсіби тарихшы мамандар. Әуесқой зерттеушілер мен кәсіби зерттеушілердің арасындағы айырмашықтар – сол заманды, қоғамдық тарихи болмысты түсінуден көрініп отыр. Орта ғасырлардағы этникалық топтарда, ру-тайпаларда ұқсастықтар өте көп болған, әсіресе көшпенділерде солай, Ұлт­тық ерекшеліктер жаңа-таяу заманда ғана айшықтала түскен. Шыңғыс ханды қазақ ұлтына жатқызатын көзқарас – отандық тарих ғылымындағы және бір тенденцияның көрінісі, ол тарихтағы ұлы тұлғалардың барлығы қазақтар дейтін амбиция. Бұл тенденцияның асқынғаны соншалық, этникалық қайнары жақын маңғол емес, үш қайнаса сорпасы қо­сыл­майтын қытайдан шыққан Ли Байды да қазаққа теліп бақты. Бұл да құптайтын құбылыс емес.
–Тарих ғылымында әртүрі мектептердің қалыптасуы, олардың өзіндік концепциялары мен көзқарастарының болуы, ғылымда дискуссиялардың болып тұруы заңдылық. Бірақ, біздің елде ғылыми дискуссия мәдениеті әлі қалыптасқан жоқ. Өкінішке орай, пікіртастырушылар көбінесе ақиқатты ашу үшін емес, бір-бірін мұқалту үшін, тақы­рыптан шығып жеке бастарына шабуыл жасап, адами арына тіл тигізіп жатады, оның ақырын «ережесіз жекпе-жек» деген сияқты, логикасыз «қатын ұрысқа» айналдырып жібереді. Тек тарихшылар ғана емес, жалпы қазақ зиялыларында ұлттық-мемлекеттік мүдде негізінде елдің болашағы үшін ынтымақтасып жұмыс жасау жағы әлсіз.
– Тағы бір талас тудыратын мәселе төл тарихымызды атауын «Қазақ тарихы» деп атағанымыз орынды ма әлде қазіргідей «Қазақстан тарихы» дегеніміз дұрыс па?
– Мұнда «Қазақ тарихы» деген бұл ұлттық тарих, ал «Қазақстан тарихы» деген географиялық тарих әрі мемлекеттік тарих. Ұлттық тарихымызды жазсақ, Қазақ қалай пайда болды, этногенезі қалай өрбиді, қандай тарихи эволюциялық өзгерістерден өтті, қалай ұлт болып қалыптасты және дамыды, қоғамдық басқару механизмі қалай болды, деген мәселелерді қарастыруымыз керек. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ халқының тарихи қимыл кеңістігі Қазақстан территориясынан әлде қайда кең көлемде. Ал, Қазақстан тарихы негізінен географиялық мемлекеттік тарих деп түсінемін. Бірақ қалайда қазақ тарихы – Қазақстан тарихының негізгі арқауы болуы деп керек деп санаймын.
– Шетелдің тарихтану ғылымында қалыптасқандай, қай елдің тарихын зерттеп жазар болсаң, сол елдің тілін, арғы-бергі тарихын, дәстүр-салтын жақ­сы білуің керек. Алайда, қазақ тарихына келгенде бұл жайт аса ескеріле бермейтіндей көрінеді. Бұлай деуіміздің негізгі себебі Н.Масанов бастаған бір топ орыстілді тарихшылар 2001 жылы «История Казахстана: Народы и культуры» деп аталатын Қазақстан тарихы туралы оқулықты жаза отырып, қазақ тарихының кейбір тұстарын жоққа шығарады, тіпті миф деуге дейін барады. Мұны қалай түсінуге болады: бұл авторлар қазақ тарихын сыйламағандығы ма әлде тарихымызды терең түсінбегендіктен бе?
– Бұл тапсырыспен жазылған еңбек қой. Ол ешқандай ғылыми сынды көтермейді. Бірақ, сол кітапты үгіттеушілер көп. Ал соған жауап болатын біз жазған «Қазақстан мемлекеттілігінің тарихы» (Ежелгі және ортағасырлық кезең) атты 2007 жылы екі тілде баспадан шыққан еңбекті ешкім ауызға алған емес. БАҚ-тарда жым-жырт. Ал, қазақты кемсітетін, мұқалтатын дүние болса тез үгіттеледі, түсінбейсің. Жарияланып жатқан жақсы еңбектер баршылық. Мысалы, Зардыхан Қинаятұлының «Жошы хан және Қазақ Мемлекеттілігі», Мәмбет Қойгелдиевтің екінші рет жарық көрген «Алаш қозғалысы» және басқа да құнды еңбектер жарық көрді. Бірақ анау сияқты, насихатталды ма? Жоқ! Қайсы бір ұлттың тарихын жазушының сол ұлттық тілін, ділін біліу өте қажетті, ең маңыздысы сол ұлтқа болған ниеттің түзу болуында.
– Әуесқой тарихшылар шежіре жазып, өз бабаларын түгендеп, үлкен мәселелерге қатысты уәж айтып жүр. Тіпті, кейде «әуесқой тарихшы» деп қол қоятын да болды. Мұның тарихтануға пайда-зияны қандай?
– Мұның пайдасы да, зияны да бар. Пайдалысы – тарихи деректерді толықтырады. Зияны – ұлттық санадан гөрі рулық сананың күшеюіне түрткі болады, болып та жатыр. Осының да әсері бар шығар, қазір біз тәуелсіз мемлекет құрушы ұлт бола тұра, ұлттық бірегейленуден гөрі трайбализмдік майдалануға құлдырап бара жатқандаймыз. Бұл мемлекеттік деңгейде көңіл бөлетін құбылыс.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Жания Талғатқызы

468 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз