• Тарих толқынында
  • 05 Тамыз, 2013

Тарихты сақтап қалу – ұлтты сақтап қалудың жалғыз жолы

Марат ТӘЖИН,
Мемлекеттік хатшы

5 маусымда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының Ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Отан тарихын оқытудың өзекті мәселелері талқыланды. Алқалы жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері мен тарихшылар, ғалымдар мен жазушылар және журналистер қатысты. Бас қосу барысында баяндама жасаған Мемлекеттік хатшы қадау-қадау ой айтып, пайымды пікір білдірді.
Бүгінгі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Біз мемлекет құрудың жаңа белесіне шықтық. Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қоғам дамуының жаңа белесіндегі басты сұрақтарға, атап айтқанда, біз қайда барамыз және 2050 жылы қайда болғымыз келеді деген сұрақтарға жауап береді.


Кеңінен қамтып айтсақ, мәселе, ел болаша­ғының дүниетанымдық жаңа моде­лін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау туралы болып отыр. Сөз жоқ, бұл құндылықтар осы заманғы, болашаққа ұм­тылған құндылықтар болуға тиіс. Олар, мынау, жаһанданып, ашығын айтқанда, ұлттық өзге­шелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға тиіс. Олар ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақ­тауды қамтамасыз етуге тиіс. Сондықтан да, Мемлекет басшысы «Бүкіл­қазақстандық бірегейлік біздің халқы­мыздың тарихи санасының өзе­гіне айналуға тиіс» деп баса көрсетіп отыр. Мә­селенің бұлайша қойылысы біздің назарымызды ұлттық тарихты зерттеу мәселелеріне объективті түрде шоғырландырады. Сонымен бірге, біз, уақыт тарих ғылымының алдына атымен жаңа талаптар қойып отырғанын айқын көріп, ұғынуға тиістіміз.
Әлемдік тарихнамада орын алған таным тәсілдерін сыни тұрғыдан қайта қарау біздің назарымыздан тыс қалып қойды. Әңгіме, кем дегенде, ХХ ғасырдың екі әдіс­намалық революциясы жайында болып отыр, тарих ғылымындағы қағидатты өзгерістер солар­мен байланысты. Біріншіден, мен ең алдымен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы француз тарихи мекте­бінің қуатты зияткерлік қозғалысын атап айтқым келеді, ол қозғалыс ең алдымен Люсьен Февр мен Марк Блоктың есімдерімен байланысты.
• Бүгінгі тарих өзінің тар пәндік шеңберінен шығып, пәнаралық ғылымға айналғаны анық.
Тарихи зерттеулер өз бойына көптеген шек­тес пәндердің – социология мен әлеуметтік пси­хо­ло­гияның, макроэкономикалық теория­ның, әлеу­меттік географияның, этнографияның, ан­тро­по­логияның, мәдениеттанудың, құқық та­ри­хының және басқаларының әдістерін кірік­тірді.
Екіншіден, әлемдік тарих ғылымында ау­қымы алғашқыдан кем түспейтін тағы бір сапа­лық секіріс ХХ ғасырдың екінші жар­тысының өзінде орын алды.
• Ғалымның рөлі өзгерді. Тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатының өзін едәуір өзгертіп жіберді. Ендігі жерде, тарих­шы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқи­ғаларды тек «тіркеуші» емес. Ен­ді­гі жерде, тарихшы «пайымдаушыға» – зерт­телетін уақыт­тың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фак­тілерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға ай­налуға тиіс.
• Осылай қараған, кезде әрбір ұлттық тарих формациялар мен өркениеттердің абстрактілі хронологиялық жылнамасы ретінде емес, ха­лық­тың бүкіл күрделілігі мен бөлек бітімін бойына сыйғызған жанды тарих ретінде бой көрсетеді. Тарихшының міндеті – ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың жанды, бөлекше ағзасының қалай дамитынын түсіну.
Еуропацентризммен әб­ден уланған ше­тел­­дік көпес­тер­дің, барлаушы­лар­дың, әс­­­ке­ри адам­дардың неме­се гео­­графтардың қа­зақ тарихы туралы куәгерліктерін сыни тал­даусыз сөзсіз ақиқат деп қарауға бола ма? Біз ол дереккөздердің бәрін байыпты түрде қайта пайымдауға, бүгінгі ғылымның биігінен қарағанда, олардың көбіне-көп қа­зіргі үлгі-қалыптар бойынша ешқандай сын көтермейтінін түсінуге тиіс­піз.
***
Сөйтіп, ойымызды жи­­нақ­тай­тын болсақ, тарих ғы­лымында әмбебап өр­ке­ниеттік және форма­ция­лық теорияларынан, ес­кі тәсіл­демелер мен тәсіл­дер­ден мін­деттердің атымен жаңа қойы­лысына көшу орын ал­ды.
Егер, біз ұлттық тарихты формациялық көз­қарас түсі­­­ніктерімен қарап, түркі қа­ға­­­наттарының бірегей өр­кениетін, мысалы, ерте феода­лизм терминдерімен пай­ым­дайтын бол­сақ, онда біз ештеңені де түсіне алмаймыз және қарадүрсін сұлбаны қай­­­талаймыз. Егер, қазақ­тар эт­но­­генезін мар­к­систік структурализм тер­­миндерімен қа­ра­с­тыр­сақ, онда біз кезекті бір тығырыққа тірелеміз. Өйт­ке­ні, ескірген ғылыми тіл­дің кө­мегімен болмысты бү­гін­гі ғылым биі­гінен көруге болмайды.
Осы заманғы бір философтың бейнелі түр­де айтқанындай, «сөздердің әлеуметтік бол­мысты құрылымдауы олардың сол болмыс­ты бейнелеуімен бірдей». Әрине, біз тарихты Людвиг Витгенштейннің әуелгі беттегі немесе «тарихи факт лингвистикада ғана өмір сүре алады» дейтін Ролан Бардтың кейінгі кезеңдегі пікірлерінің рухында ұғындырудан аулақпыз. Мұның өзі асыра сілтеу және қазірдің өзінде ар­хаизм, рас, архаизмге айналғанына көп бола қойған жоқ. Сондықтан, постмодернистік сөз саптау немесе лингвистикалық философияның концептілері қатты кешіксе де қазақ тіліне енгі­зіліп жатқанын тек қолдау керек. Дегенмен, бір жайдың басы ашық. Біздің тарихнамамыз өзінің әдістемелік және тілдік құралын қатты өзгертуге тиіс.
Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, ол сынақтың жауабын табуға әбден-ақ болады. Ұлттық тарих мәселелерімен талайдан жә­не нақтылы айналысып жүрген Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерт­теулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынды.
Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты мынау:
• Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында са­палық секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау;
• қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру;
• Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдау.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл бастамасы аяқ астынан шыққан жоқ.
Тарихқа арқа сүйемесе болашақ бұлдыр. Пла­нетада мән-мағына мен құндылықтардың мыл­тықсыз майданы күн сайын жүріп жат­қан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы.
Тәуелсіздігіміздің 5-ші жылында-ақ Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің та­рихына қатысты өзінің көзқарасын айтып, «Біздің халқымыз тарихтың қатпар-қатпар қыр­тыстарына тамырын терең жіберген қиын да қызықты, талайлы тағдыр кешті. Ол, негізінен, тәуелсіздік жолындағы күреспен өтті» деп атап көрсетті.
Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етіп берді. 2003 жылы, Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев бұ­рын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағ­дарламасын бастайтынын жариялады.
Бағдарлама жүзеге асырылған жеті жылда – 2004-2011 жылдар аралығында Қазақ­станның тарихы, археологиясы мен этнографиясы бойын­ша 26 арнаулы зерттеу жүргізілді. Деген­мен, мұның бәрі – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ау­қымды жұмыстың басы ғана. Қазір, мемле­кетіміздің қалыптасқан беле­сінде, біз өз тарихымызды осы заманғы ғылым­ның биігінен пайымдауға және ұлттық тарихтың бөлінбейтін бейнесін қалыптастыруға тиіспіз.
Қазақстанның қазіргі аумағы негізінен қазақ этносын қалыптастырған тайпалардың таралу аумағына сәйкес келеді. Ол тайпалардың XV ғасыр­да аяқ астынан қалыптаса қалмағаны айдан анық. Қазақ этносының қалыптасуы талай мыңжылдықтарға созылған үдеріс, өкінішке орай, ол жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Өкі­нішке орай, ғалымдарымыз әлі күнге дейін көне түркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұртының таралу аймағы, Еуразия топономикасының тарихы сияқты тағы басқа да аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа әдіснамалық тұрғыдан қа­рас­тырған жоқ.
Біз сақ мәдениетін, әсіресе, массагеттерді (Арал бойын мекендеген), тиграхауда-сақтарын (Жетісу жерінде) және аримпастарды (Шығыс Қазақстан мен Алтайда) тереңінен зерттеуге тиіс­піз. Бұл арада классикалық кезеңдегі еу­ропалық авторларды оқып, пайымдап қана қою жеткіліксіз. Қаңлы мен Ғұн дәуірінің тарихи фактілері мен мәдени артефактілері (қолмұралары) дербес қарастыруды және пайымдауды қажет етеді. Ежелгі түркі мемлекеті, Түргеш және Қар­лұқ қағанаттары да бөлекше назарымызда бо­луға тиіс, өйткені, біздің арқаулық этномәдени және өркениеттік сәйкестігіміз – түркілігіміздің та­мыры дәл соларға барып тіреледі. Еліміздің аумағындағы барлық ежелгі мемлекеттер мен қоғамдастықтар егжей-тег­жей­лі зерттелуге тиіс, себебі, олар біздің эт­но­сымыздың қағазға түскен, дерек қалған тари­хының маңызды буыны болып табылады.
VI ғасырда тарих аренасына жаңа тарихи тұлға – Түркі қағанаты – көптеген халықтардың этногенезіне, күрделі де сан­қилы мәдени кешен­дердің орнығуына аса үлкен ықпал жасаған Далалық түркі империясы шықты. Бұл біздің ұлтымыздың этногенезі тарихындағы аса ма­ңызды белес.
Біз Шыңғыс хан империясы дәуірінің нақты көрінісін қайта жаңғыртуға, осы тақырыпты сау­даға салушылықтан да, оған дәстүрлі түрде оңайлатып қараудан да бас тарта отырып, сол кезеңнің этностық болмыс-бітімін де түсінуге тиістіміз. «Тарих толқынында» еңбегінде Мем­лекет басшысының жазғанындай, «Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еу­ро­паға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің да­муында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ ау­мақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті».Бұл құрылымдардың қазіргі Қазақстан мен Орта­лық Азия аумағында тұрып жатқан жалпы (арғы түркілік) антропологиялық тип пен арғы түркілік тілдік топты қалыптастырудағы рөлі қандай? Олардың Қытай, Рим, Кушан империяларымен, Парфиямен және басқалармен өзара қаты­насының (саяси, экономикалық және мәдени бай­ланыстарының) жүйесі қандай болған?
Ұлы Жібек жолының, әсіресе, оның біздің ел аумағы арқылы өтетін бөлігінің – Дала жолының дипломатиялық және сауда-экономикалық рөлі қандай еді? Ол жол мәдениеттердің өзара кірігуі мен бірін бірі байытуына, Орталық Азия мен Еуразияның басқа да мемлекеттерінің, әсіресе, Шығыс елдерінің мәдени-өркениеттік қарым-қатынасына қалайша септескен?
Қазақ даласының Шыңғыс хан мен оның ізбасарлары империясының жүйесіндегі XII-XIV ғасырларды қамтитын тарихы барынша қадала назар аударуды талап етеді. Алтын Ор­да­ның, орда хандарының тарихы – Қазақ даласының қалыптасу сатысында тұрған жаңа орыс мемлекетімен белсенді қарым-қатынасы басталған кезең де өте маңызды. Өкінішке орай, қазіргі тарихнамада еуро­па­цен­тризмнің ықпалымен бір-бірімен кере­ғар күштер – көшпелілер («варварлар») мен оты­рықшы халықтар («өркениеттілер») күресу­мен өткен деген түсінік басым. Алайда, уақыт өте келе зерттеушілер мұндай түсініктің дұрыс­тығы­на барған сайын көбірек күдік келтіре бас­тауда.
Түркі-славян өзара байланыстарының та­ри­хы тек қана соғыстардан, әскери жеңістер мен жеңілістерден тұрмайды. Бұл ең алдымен сан­қырлы сауда, саяси, әскери, мәдени өз­ара бай­ланыстардың тарихы екендігі естен шы­ғарыла береді. Неге екені белгісіз, өкінішке орай, біз өзде­ріміздің мәдениеттеріміз бен өркениет­теріміздің тіл табысқан тұстарын аттап өтіп, назардан тыс қалдырамыз. Біз тек қақтығыстарды зерттейміз, сөйтеміз де бүгінгі заманның сүйі­ніші мен күйінішін өткен күнге көшіре саламыз, бұлай ету жөнсіз және бұл кәсібилікке де жатпайды.
Қазақтар Еуразияның ең байырғы автохтонды халықтарының бірі екені сөзсіз. Сонымен бірге, Қазақстанның тарихы осы жерді кейінірек мекендеген, бірқатары еркінен тыс қоныстанған басқа да этностық топтардың да тарихы. Елі­міздің полиэтникалығын қалып­тастыруда бұл үдерістерді біз объективті түрде зерделеуіміз қажет. Қазақстанның тарихы – бұл біздің ортақ тари­хымыз. Қазақстанның жиырмасыншы ғасырдағы тарихы көп жағ­дай­ларда ұлттық пен тота­литарлық қақ­тығысының тарихы. Бұл ұлттық сана-сезімді аяусыз саяси машинаның езіп-жаншу тарихы, ол үшін алдында кім тұрғаны – қазақ па, орыс па, украиндық па, өзбек пе – бәрібір. Біз тарихтың нақты тетіктерін дәлме-дәл әрі айдан анық түсінуге тиіспіз.
Сонымен бірге, басқа бір қағидатты сұрақ туындайды – тұтас ұрпақтардың тарихы, біз­дің аталарымыз бен бабаларымыздың тарихы қандай да бір сындарлы мағынадан жұр­дай болғаны ма? Әрине, олай емес, өткен ұрпақ­тардың өмірі мағынадан жұрдай емес. Бұл арада мәселенің тарихи және этикалық қырлары бар.
Кез келген тарихи дәуірде адамдардың өмірі мен саяси жүйенің өмірі үйлесе бермейді. Қаз­ақстандықтардың ХХ ғасырдағы ұрпағының өмірі өзінше жоғары дербес мағынаға ие. Олар­дың өздерінің қуанышы, өздерінің жеңістері мен жетістіктері болды. Тұтас ұрпақтар өмір сүрген тарихтың, осынау, үлкен қатпарын сызып тастау, оны бір ғана қара бояумен бояй салу таза тарихи тұрғыдан қарағанда да әділетсіздік болар еді.
Түптеп келгенде, бүгінгі күннің биігінен өткен дәуірді дұрыс бағалау біздің өз ата-баба­ларымыздың алдындағы перзенттік парызымыз. Мұндайда бір қиырдан бір қиырға шығып кетудің қаупі бірдей. Біріншіден, өткен дәуренді дәріптеудің қажеті жоқ. Баяғы бір тәртіпті аңсай бермей, жиырмасыншы ғасырдағы қиыншылыққа толы тарих туралы ашық айту керек. Сол тәртіптің тұсында миллиондаған ата-баба­ларымыздың қалай өмір сүргенін біз жақсы білеміз. Сон­дықтан, тоталитарлық мемлекетте «ұлт мәсе­лесін шешу­дің» барша ғажаптарын ашып көр­сету біздің тарих­шыла­рымыздың тікелей па­рызы. Екіншіден, өткен күнге объективті қарауымыз қажет, аға буынның наным-сенімдеріне құр­метпен қарап қана қоймай, тарихта тек қара мен ақ түстің ғана болмайтынын ұғынуымыз керек.
***
Жиыр­масыншы ғасырдың ұлы тарихшы­ларының бірі Бродель «ұзаққа созылған баяу­лық» деп атаған кезең келмеске кетті. Тарихтың асықпай-саспай, айдан анық етіп айтатын кезең­дері енді оралмайды. Бүгінгі заманның тарихы басқаша болатындығы, біздің өткен күн туралы көбірек білетінімізге ғана байланысты емес. Оның басқаша болатындығы тарихи уақыттың құрылымының өзі өзгергендігінде.
Адамдардың бірде бір буыны ешқашанда да адамзаттың соңғы жиырма жылдың ішіндегі өміріндей, соншалықты, қарқынды және сонша­лықты буырқанған өмір сүріп көрген емес. Бұл айтқанымыз қазақстандықтарға да қатысты. Соңғы ширек ғасырдың ішінде біздің еліміз­де болған оқиғалардың ауқымдылығы мен тарихи маңыздылығы оларды тарих ғылымының жүйе тұрғысынан ой елегінен өткізуін талап етеді.
Қазақстанның қазіргі заман тарихы – тарих ғылымында салыстырмалы түрде алғанда жаңа бағыт. Осыған байланысты ол әлі қоғамдық институт ретінде басы ашылған сипатқа ие емес, яғни, өзінің әдіснамасы және оқу-әдістемелік тұр­ғыдан қамтамасыз етілуі бар толық дербес ғы­лыми пәнге бөлініп шыға қойған жоқ. Біз үшін бұл олқылықты тез арада жою ма­ңызды.
Қазақстанның қазіргі заман тарихының ерек­шелігі неде? Бір жағынан қарағанда, ол тәуелсіздікке қол жеткізу және жаңа мемлекет құру тарихы болып табылады. Сондықтан да, жаңа тарихтың баста­лар тұсы – кеңестік жүйенің ыдырауы және соған байланысты елеулі геосаяси дағдарыс кезеңі. Екінші жағынан қарағанда, Қазақстанның қазіргі заман тарихы бүкіл адамзаттың дамуын­дағы жаңа белеспен сәйкес келіп отыр. Біздің көз алдымызда қағидатты түрде жаңа әлемдік тәртіп қалып­тасып жатыр. Сол кезеңде Қазақстан тарихында орын алған оқиғалардың тарихи мәнділігі мен мәнісі неде? Ол оқиғалардың даму сценарийлері қан­дай болуы мүмкін еді? Ол оқиғалар қандай жағ­дайда бүгінгі үдерістердің алдын орап, сипатын айқындап кетті?
Таяу болашақтағы біздің жұмысымыздың басымдықтары қандай?
• Жаңа тарих мәселелері бойынша зерттеу­лердің тақырыптық аясын кеңейту керек. Олар­­дың арасында біздің мемлекетіміз бен қо­ға­­мымыздың өтпелі кезеңінің көзге түсер ерекшелігі ретіндегі үш еселенген транзит; мем­лекеттік менеджмент пен стратегиялық басқару жүйесі; мемлекеттік құрылыстың жүріп өткен әр белесіндегі әлеуметтік-саяси үдерістер; қо­ғамның жаңа әлеуметтік құрылымы; жаһан­данудың ұлттық мәдениетке ықпалы және басқа да көкейкесті тақырыптарды бөле айтуға болады. Біз пысықтауға тиісті қыруар тақырыптардың арасынан аз ғана бөлігін еске салып тұрғанымды өздеріңіз түсініп отырсыздар.
• Мемлекеттік құрылыстың өзіміздің, қазақ­стандық моделі, Мемлекет басшысы тұлғасының ұлттық тарихтың жаңа белесіндегі рөлі ғылыми тұрғыдан байсалды пайымдауды қажет етеді.
• Біз пәнаралық зерттеулерді жүзеге асыруда сілкініс жасауға тиіспіз. Біз зерттеушілік құ­рал­дары мен жұмыс тәсілдерін түбегейлі жа­­ңартуға: болашаққа байланысты үрдістерді ай­қындау үшін тарихи модельдеу мен болжамдау аспаптарын батыл қолдануға тиіспіз. Сонымен, біздің алдымызда бұған дейін ұлттық тарихта шешілмей келген ауқымы жағы­нан аса үлкен міндет тұр.
Біріншіден, жинақталған тарихи фактілер мен куәгерліктер, материалдық мәдениеттің жәді­­герліктері, нышандық мәні бар пішіндер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, филология мен линг­вистиканың мәліметтері, тарихи геогра­фия мен демография, тарихи зерттеудің жаңа тәсілдері, пәнаралық көзқарастар бізге қазақ­тардың этногенезі бұған дейін тарих ғылымы дәйім пайымдап келген кезден анағұрлым ерте қа­лыптасқан деп болжам жасауға мүмкіндік бере­ді. Этнос көкжиегін біздің дәуіріміздің бі­рін­ші мыңжылдығына дейін кеңейту және оны ғылыми тұрғыдан орнықтыру бүкіл ұлттық тарихқа жаңаша қарауға, біздің халқымыздың планетаның осы алып өңіріндегі алатын нақты орны туралы түсінігімізді өзгертуге мүмкіндік береді. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгертеді.
Екіншіден, біз өзіміздің қазіргі тари­хы­мыз­дың басты мән-мағынасын жүйелі, ғылыми негіз­де түсініп алуға тиіспіз. Тәуелсіз егемен мем­лекеттің өмірінде үшінші онжылдық басталды. Осы жылдар ішінде, расында да, ғасырларға тең жолдан өттік. Ойымызды жинақтайтын кез жет­ті. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты тәуелсіздіктің негізгі белестері қандай, қандай қауіп-қатерлерден өттік, қоғамның эко­но­микалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құ­рылды? Осы сұрақтардың бәріне дәйекті әрі анық жауап беру – тарихшылардың кәсіби қоғам­дастығының міндеті.
Қазақстандық мемлекеттік басқару мо­де­лінің маңызды негіз қалаушысы – Көш­басшы­ның рөлін айрықша атап көрсеткім ке­леді. Бұл жерде Қазақстан басшысы қызме­тінің бірқатар қырларына ғылыми тұрғыда талдау жасау қажет етіледі.
Біріншіден, 20 жылдан астам уақытта біз стратегиялық пайымымыз туралы ашық айта аламыз. Осы жылдар ішінде біз әлемнің түрлі өңірлерінде метеор тәрізді жылт ете қалған көптеген жарқын саясаткерлерді көрдік. Алайда, елдің даму стратегиясын ондаған жылдарға алдын ала айқындап және оған болжам жасап қана қоймай, сол жоспарды іске асыра білу – бұл стратегиялық пайымдай алатын саясаткерге тән қасиет. Бұған қоса, Көшбасшы өзімен барлық жағдайда келісе бермейтінін ұғына отырып, оның табысты болашағына деген жауапкершілік жүгін өзіне артып, кей жағдайларда қоғамдық пікірге қарсы жүре алатын күш-жігері жеткілікті болуы тиіс.
Екіншіден, айқындылық. Көшбасшылар­дың барлығы дерлік мұндай қасиетке ие емес. Олардың көпшілігі оны сайлауалды науқан кезін­де берілетін жалаң уәделермен шатастырады. Біздің Елбасы ешқашан әлеуметтік қиял-ғажайыптарды уәде еткен емес, ал, уәде берген жағдайда дәл есептей біледі және оны әрдайым іске асырады.
Үшіншіден, басқарудың инновациялық сти­лі. Көмірсутегіне бай көптеген елдер мұ­най қай­­нарының айналасында дағдарып қалды. Қазақстан Президенті күш-жігерді иннова­ция­лық дамуға, технологиялық үдеріске бағыт­тап келеді. Елдің бәсекеге қабілеттілігі тек қана жедел технологиялық дамуында.
Төртіншіден, интеллектуалдық ауқым. АӨ­СШК-тен Әлемдік діндер форумына дейінгі, ЕҚЫҰ саммитінен ЭКСПО-2017-ге дейінгі, ел­ор­­даны көшіруден «2030» және «2050» стра­те­гияларына дейінгі ішкі және сыртқы сипаттағы барлық ірі жобалардың негізінде нақ Елбасының интеллектуалдық күш-қуаты жатыр. Ал, осы жобаралардың әрқайсысы қазіргі заманғы кез келген ірі саясаткерді құрметке бөлей алар еді.
Барлық осы деректер, идеялар, оқиғалар жүйелі әрі объективті бағаға ие болуы тиіс. Бірақ, бұл әдеттегі кезекті баяндауды емес, байыпты ғылыми талдауды қажет етеді. Менің ойымша, бұл біздің тарихшыларымыздың алдында тұрған міндеттің маңызды бөлігі. Бұл міндеттердің бәрін шешу үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау керек. Ол стандарт ең осы заманғы зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне негізделуге тиіс.
Тұтастай алғанда біздің жұмысымызды бірнеше бөлікке бөлуге болады. Бірінші. Ұлт­тық тарих қоғамдық ғылым­дардың арасында орталық буынға айналуға тиіс. Екінші. Біз са­па­лық жаңа деңгейде Қазақ­стан тарихының ортақ тұжырымдамасын жа­­сап шығуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бү­кіл әлем­­дік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қа­зақ­станның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олар­дың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиіс. Үшінші. Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлы­ғын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлуге тиіспіз. Сондықтан да, біз тарихи артефактілердің (бұл қазіргі заман тарихына да қатысты) барлық негізгі шетелдік қоймаларын ұқыпты зерттеуге, сондай-ақ, ол тарихи материалдарды Қазақстанға қайтару мүм­кіндігі жөніндегі мәселені қарауға, егер ондай мүмкіндік болмаса – олардың көшір­месін жасатып, болашақта зерттеушілер мен жалпы жұртшылық үшін қолжетімді етуге тиіспіз. Төртінші. Сіздердің назарларыңызды орта­лық­азиялық номадтық өркениетті зерттеудің ма­ңыз­дылығына ерекше аударғым келеді, қазіргі таңда ол өркениеттің сақтаушысы қазақ этносы болып отыр.
• Қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәде­­ниеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауды тапсырамын.
Бізге Орталық Азия өңірінің тарихы мен тұтастай алғанда жалпы тарих туралы өзіміздің, ұлттық пайым-түсінігімізді қалыптастыра бастау мәселесін қарастыру керек. Бесінші. Тарих бойынша сапалы оқулықтар даярлау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.

501 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз