• Заманхат
  • 08 Тамыз, 2013

Сұхбаттар сыры

ТЕРЕЗЕМДІ ҰРМАҢДАРШЫ,
ТАМШЫЛАР

«АБК» тобының орындауында танымал болған «Тамшылар» әнінің мәтініне қарап-ақ, туындының кімге арналғанын бірден бағамдауға болатын сияқты. Бірақ, бізді «ақын мен сазгердің ұйықтай алмай, сабыла іздеген аруы кім болды екен, жүрек қылын тербейтін әдемі әннің туылуына себепкер болған қандай аяулы жан?» деген сауалдар қызықтырды. Осы оймен алдымен ақын ағамыз Өтеген Күмісбаевқа хабарласып едік, ол кісі әңгіме түйінін тарқатуға қуана келісті.
– 1969 Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейтінмін. Бір күні директорымыз, профессор Мүсілім Базарбаев шақырып алды да,»Мәскеудегі Шығыстану институтынан бір орынға шақырту келіп отыр, оқуға баруға қалай қарайсың?» деді. Университетті жаңа ғана бітірген кезім «Мәскеу мен үшін арман қала болғанымен, қарапайым қазақ балысымын, ортаға қалай барам?» деп алғашқыда қорқып кеттім. Сосын, кішкене ойланып, бастығыма: «Менің әке-шешем жоқ, бірақ сүйген қызым бар еді, соныменен ақылдасайын, рұқсат беріңіз» дедім. Ол кісі «ертеңге дейін жауыбыңды айт» деп күліп жіберді. Сонымен, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде оқитын сүйіктіме бардым. Бөлек (ақынның зайыбы) есік алдында құр­бысымен бадминтон ойнап жүр екен. Екеуміз оңаша шыққан соң, «өте маңызды мемлекеттік жұмыспен келіп тұрмын» деп мәселенің мәнісін түсіндірдім. Ол тыңдап болып «алыс жерге сенім артып оқуға жіберіп тұрса, сіз ештеңеге алаңдамай, барғаныңыз дұрыс» деді. «Біз екеуміз қай­теміз?» деймін қобалжып. Оқуға кетсем, маған оны біреу алып кететіндей болып тұр. «Қысқы-жазғы демалыс уақытында келіп тұрасыз, мен де барып қалармын, хат жазысып, хабарласармыз» деп жолға жиналуымды мақұлдады. Сөйтіп, ертеңіне директорыма бардым. Өзі қатал кісі еді, мен есіктен кіргеннен «қалай, қызың жіберді ме?» деп жымиды.


Сонымен, артыма қарай-қарай Мәскеуге аттандым. Бір жыл үйрене алмай жүрдім. Мәскеудің жаңбыры да, адамдары да, көшелері де ұнамады. Көшеде кетіп бара жатқан біреуден жөн сұрасаң, өзіңе ұрысып береді, не күннің көзі көрінбейді, әйтеуір алғашқы кезде суық қала болып көрінеді. Оның үстіне сүйгенімді сағындым. Бірде оны ойлап едім, жаңбыр жауа бастады. Мәскеудің жаңбыры тас бұршақ сияқты, әйнекті ұрғылап жатыр. Мен қараңғы далаға үңіліп тұрып, өз-өзімнен «тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар» деп күбірледім. Сосын, бір өлеңнің туып келе жатқанын байқадым да дереу қағаз-қаламымды алып жаза бастадым.
Түніменен тереземді тамшы ұрды,
Түніменен айтып жатты жан
сырды.
Түніменен өзің жайлы түс көріп,
Жұмыр басқа мазасыз ой сан кірді.
Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар!
Бірақ, сағыныштан, іңкәр сезіммен махаббатты аңсаудан туған өлеңді хат арқылы қызыма жіберген жоқпын. «Саған арнап ән жаздым» деп айтпадым да, – деп күледі Өтеген Күмісбаев.
– Қызық болғанда, сазгер Ахмадияр Есмұқанов та әнді «күндіз естен, түнде түстен» шықпай қойған алғашқы махаббатына арнағанын айтады.
– Сүйген қызым үнемі түсіме еніп, қолын созып «жүрсейші» деп шақырады да тұрады. Бір күн түн ортасында біреу есік қаққандай болды. Оянып кетсем, дала тастай қараңғы екен, жаңбыр жауып тұр. Төсегімнен атып тұрып, сыртқа жүгіріп шықсам, ешкім жоқ. Сөйтсем, қыздың нәзік саусағымен есік қаққандай болған өз жүрегімнің дүрсілі екен. Содан түні бойы ұйықтай алмай, дөңбекшіп шықтым. «Түніменен, түніменен» деп бір жеті ыңылдап жүріп әнді шығардым. Мәтініне келгенде бір айдай қиналдым. Менің анам суырыпсалма ақын болған кісі, мен де әу баста өлеңге жақын едім. Бірақ, осы әннің сөзін шығара алмай-ақ қойдым. Әнге сәйкес келмейді. Бір күні кітапханада Өтеген Күмісбаевтің «Ақ моншақ» атты жыр жинағын қарап отырып, жоғымның дәл үстінен түспесім бар ма? Қатты қуанғанымнан айқайлап жіберіппін. Кітапханашы қыз «аға, не болды?» деп жатыр. «Іздеген алтынымды таптым ғой» деппін сасқанымнан. Бірақ, келіп тұрғанымен, өлеңнің «Юность мей­манханасындағы жаңбырлы түн» деген аты ұнамай қалды. Ұзақ және орысша араласқан. Әрі-бері ойланып, «Тамшылар» деп өзгерттім, – дейді сазгер.
Қазір Астана қаласында тұратын Ахмадияр атамыз:
Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар,
Жон арқамды осып жатыр қамшылар, – деп өз өзгертілуіне мұрындық болыпты.
Өтеген Күмісбаев ағамыз болса, сүйген қызына үйленіп, Мәскеуде бес жыл тұрып, екі перзентімен Алматыға оралады. Келсе, «Тамшылар» әні халық арасына кең таралып кетіпті. Тек сол уақытта ғана жұбайына «мына саған арналған болатын» деп шынын айтады. Сөйтіп, арада жылдар өткенде ән авторлары Алматыда кездеседі. Сонда, сазгерге ризашылығын білдірген ақын өз сөзінің «бұрмаланғанына» ренжімек түгілі қайта алғысын жеткізеді.
– Махаббат туралы шығарма ешқашан өшпейді ғой, бұл туынды көп таралады деп ойламағам. 1977 жылы мен әнді шы­ғарып едім, қазір ән менің атағымды шы­ғарып жүр. Әр компазитордың төлқұ­жаты іспеттес бір әні болады. Менің шығар­машылығымдағы шоқтығы биік дүниелердің бірегейлігі осы ән, – деп Ахма­дияр Есмұқанов ағынан жарылды.
Бір айта кетерлігі, бұл ән «АБК» тобы­ның басты төлқұжатына айналған. Өйткені «АБК» алғаш осы әнді орындап және оған клип түсірген болатын. Ал, Қідірәлі Болманов пен Ахмадияр Есмұқанов бір ауылдың түлектері екен. «Сазгер ағамыздың «Там­шылар» әнін біз бала кезімізден айтып өскенбіз» дейді әнші. Өтеген ағамызды, сонау, Мәскеуге жіберген Бөлек апай болса отыз бес жылдан бері ақынның жары атанып, берекелі шаңырақтың ырыс-құты­на айналып отыр. Бірнеше немерелері бар. Қиындықты көп көрсе де, екеуі де тағдырларына дән разы.
ОМАР ХАЯМ РИЗА БОЛЫП ӨЛДІ МЕ, РИЗА БОЛМАЙ ӨЛДІ МЕ?!

– Әңгімеміздің әлқиссасын қазақ шығыстануының бүгінгі жай-күйінен бастасақ. Тәуелсіздік тәбәрік еткен жиырма екі жылда бұл ғылым саласы бойынша жеткен жетістіктеріміз қай деңгейде? Олқы түсіп жатқан тұстарымызды да қамтып отырсаңыз...
– Шығыстану ғылымы қазақстандық, ғылым салалары ішіндегі ең жас ілімдердің бірі. Шығыстың зерттеліп, таныла бастауы — бертінгі күндердің үлесі. Оған дейін, әсіресе империя кезеңінде, кеңестік дәуірде де шығыстануға біз бара алған жоқпыз. Шығыстанудың терезесі біз үшін ашылмай келді, тек сығалап кана қарайтынбыз. Онда да тек Мәскеу арқылы. Қазір, Құдайға шүкір, тәуелсіздік алғалы бері жағдай біршама жақсарды. Шығыс кітапханаларының бізге алынбайтын қамалдай болып келген кұлыптары тырс-тырс жарылып, ондағы мол мұраларға канығуға мүмкіндік ашылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығыстану факультетінде жұмыс істей бастағаныма да талай жылдан асып бара жатыр. Жас мамандарымыз өсіп келеді. Жас арабтанушылар, жапонтанушылар, иран, үндітанушылар шығыс жауһарларына тәржіма жасауға ауызданып келеді. Оның алды шағын да болса, бірқатар кітапшаларын шығарып жатыр. Жалпы айтқанда, шығыстанудың бүгінгі жай-күйі тәубе деуге келеді. Дегенмен өзің айтқандай, олқы түсіп жатқан тұстар да жоқ емес. Оның басты себебі, кенже ғылым саласының әлі де аяғынан тік тұрып кете алмай жатқандығында. Бірақ, ол күннің көзі емес, қол жететін көкжиектен алыс емес екендігіне өз басым кәміл сенемін. Десе де, оларды айтып кеткен артық, етпес. Біз бұл уақытқа дейін Шығысты жоғарыда айтылғандай, тек орыс тілі арқылы ғана танып-біліп келдік. Қазақ тіліне тәржі­маланған шығармалар көп, бірақ, бәрі шығыс тілдерінен орыс тіліне, тек содан кейін ғана қазақшаға аударылған дүниелер. Басқаша айтқанда, көптеген аудармалар мен түпнұсқалардың ортасында ара ағайын болып орыс тілі тұрады. Енді-енді ғана үнді, иран секілді тілдердің өзіндік түпнұсқасынан аудару үрдіске айналып келе жатқанына тәубе дейміз. Әйтеуір, Шығыс елдерімен тікелей қарым-қатынас жасайтын болдық. Мәдени, саяси, тарихи, экономикалық байланыстарымыз қалыптасып, біршама даму белесін бастан өткеріп үлгерді. Ол елдердің қақпасы бізге ашылды. Сондықтан, біздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазір тіл үйренуге баса мән беріп жатырмыз. Біздің факультетте студенттердің араб, парсы, хинди, урду, кәріс, жапон, кытай және тағы да басқа тілдерді игеруіне жағдай жасаудамыз. Алайда студенттердің шығыстану факультетіне келуі өте төмен деңгейде болып отыр. Жалпы, шығыс тілін үйренем дейтін топ шағын келеді. Мәселен, менің басқаруымдағы Ирантану және үндітану кафедрасына жыл сайын келетін балалардың саны — бесеу, не он, ары кетсе, он бестен аспайды. Бұл жағынан шәкірттердің қызығушылығын өзімізге бұра алмай отырмыз. Бірақ, соңғы кезде талап та күшейтілді, үнді-иран тілдерін оқуға деген кұлшыныс артып келеді. Оған шүкір дейміз. Бір мәселе, біздін университетте диссертация корғататын 19 кеңес жұмыс істесе де, біздің шығыстану саласы бойынша қорғататын кеңес әлі кұрылған жоқ. Содан да, біздің кей жас мамандарымыз, жас арабистеріміз Өзбекстанға, басқа елдерге барып, қорғап келіп жүр. Олар өз елімізде қорғап, диплом алып жатса, несі жаман?
– Шығыс шығармаларына парсы тілінен тәржіма жасап жүрген ақындардың бірі өзіңіз. Иран мен Қа­зақстан арасындағы мәдени байла­ныстарға баға бере кетсеңіз.
– Өте жоғары. Екі ел арасындағы мәдени, оның ішінде әдеби байланыстар жақсы дамып келе жатыр дер едім. 2007 жылдың өзінде Иранға екі рет барып қайттым. Иран халқының рухани көсемі Аятолла Хоменейдің құрметіне өткізілген конференцияға қатысып, баяндама жасадым. Сонымен бірге, Иранның ұлттық кітапханасында қазақтың кітапхана көрмесін ұйымдастырдық. Әдеби байланыстардың негізгі тірегі – кітап алмасу. Өз әдеби мұраларымызды Иранның кітапханасына сыйға тартсақ, Қазақстандағы Иран елшілігі арқылы біз де Иранның жаңа кітаптарын, шығыс шайырларының том-том еңбектерін өзімізге тартып жатырмыз. Бұл тұрғыдан келгенде, екі ел арасындағы елшіліктердің жұмысына он баға беруге болады. Елбасының өзі Иранға үшінші мәрте сапарлатып қайтты емес пе? Бірқатар саяси, экономикалық құжаттарға қол қойды. Өзіміздің шығыстану саласы бойынша айтсам, Қазақстан жалғыз Иранмен ғана емес, әлемнің өзге де көптеген елдерімен әдеби байланысын жақсартып келеді. Мәселен, біздің әл-Фараби атындағы оқу ордамыз әлемнің 400-ге жуық университетімен тікелей қарым-қатынас орнатқан. Студент­теріміздің сол елдерде тәжірибе алуына, олардың әдеби мұраларын еркін оқи алуына бұл іскерлік байланыстардың болуы аса маңызды.
– «Мәдени мұра» бағдарламасының шығыс әдебиетін өз жағалауымызға таратудағы үлесі қалай?
Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бас­­тамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шығыстану ғылымын өрге тартатын бірқатар еңбектер жарыққа шығып жатыр. Шығыс философтары, әдебиетшілері, тарихшыларынын еңбектері кітап болып жарық көруде, бас­пада дайын жатқандары да бірталай. Бұл еңбекке, әрине, шығыстану институтының да өзіндік үлесі бар. Бірақ, осы жерде айтпауға, болмайтын тағы бір жайт бар. Бар дүние санмен емес, сапамен де өлшенеді ғой. Шығыс жәдігерлерін, жылнамаларын, тарихи құжаттарын түпнұсқадан тарту тапшы болып жатыр. Әлі де болса, кітаптар орыс тілінен аударылып жарық көруде. Бұл іске нағыз тіл білетін мамандарды тарту кемшін тұсымыз болып отыр. Расын айту керек, қазақ тіліне аударылған еңбектердің барлығы демегенмен, жарымынан астамы орыс тілінен аударылған. Мәселен, өткен жылдың аяғында ғана шыққан Иран мәдениетінің үлкен кітабы қолыма тиді. Қарасам, ондағы Иран классиктерінің шығармалары тек қана орыс тілінен тәржімаланыпты. Оны көргенде, өз басым еріксіз жыладым. Тәуелсіздік алғалы бері көп жағдай жақсарды ғой. Осындай кітап жазатын не құрастыратын жандар білікті мамандарды неге тартпайды? Құдайға шүкір, қазір, Иран тілінен аударуға шама жетеді. Түпнұсқадан аударып берер едік. Білікті шығыстану мамандары қалып тасып үлгерді. Тарих білетін, сол елдің әдет-ғұрпынан хабардар білікті мамандарды, осы жолда көз майын тауысып, шашын ағартып жүрген жандарды тартса, оқырманға сапалы кітап ұсынар едік. «Мәдени мұраның» бірқатар еңбектері тар шеңберде жасалып келеді. Аз да болса, сол еңбек таза түпнұсқасынан келу керек. Ол бір елдің алма ағашын өзіміздің бағымызға әкеліп отырғызғанмен бірдей. Оған күннің шуағы, мейірім керек, мәдени еңбек кажет. Ал, оны алдымен бір елге отырғызып, кейін тағы басқа жерге көшіріп жүрсек, одан не қалмақ? Бұл жағдайда жыр-жауһарлар өзінің жарқылдаған бар кұдіретінен айырылып қалады. Сондықтан, бұл істе бізге ыждағаттылық керек деп ойлаймын. Қазақстанда шығыстану орта­лығы ашылса дұрыс болатын еді. Осындай кітап шығарарда, болмаса, түрлі тіл білетін мамандар қажет болған кезде, оларды қайдан табатындарын білмей дал болады жұрт. Егер, осындай орталық не шығыстанушылар ассоциациясы құрылып, оған республикадағы барлық шығыстанушы мамандарды жинаса, бәрі де оң шешілер еді. Жарық керетін барлық, еңбек те осы тиісті мамандардың қолынан өтер еді.
Олардың колына тиісті жұмыс жос­парын беріп, Үкімет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіп отыру керек. Сонда ғана ғылым өзінің айқын даңғылына түсер еді. Бүгінде білікті шығыстанушы мамандарды тек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттык университетінде ғана дайындайды. Қалған жерлерде де бар, әрине, бірақ мардымды емес.
– Бүгінге дейін қай шығыс шайырлары еңбектерін түпнұсқадан аударуға қол жетті? Олардың ішінде сәтті аудармалар деп қайсысын атар едініз?
– Шығыстанушы ақындарды сөз еткенде Тұрмағамбет Ізтілеуовті айтуымыз керек. Тұрмағамбеттің тұсы аударманың әлі ешқандай теориясы да, практикасы да қалыптаспай тұрған кез ғой. Ол Фирдоусидің «Шахнамасын» аударған болатын. Оның қолжазбасы қазіргі күні де Ұлттық ғылым академиясының мұрағатында сақтаулы. Тұрекең араб, парсы тілдерін керемет жетік меңгерген. Кезінде Фирдоусидің «Шахнамасын» аударар кезде, оны аудара алатын бір ғана қазақ болса, ол Тұрмағамбет деп бұл жауапты іс осы сырбойылық ақынға жүктелген еді. Ал, енді, оның парсы тілін жүйрік білгені соншалық, ол осы тілде айтысқа да шыққан еді, әттең бұл шығарма сақталмай қалған. Фольк­лорист ғалым Мардан Байділдаев бұл айтысты біраз іздеген болатын, алайда таба алған жоқ. Тұрмағамбет Фирдоуси «Шахнамасының» 11 өлеңін аударған. Тәржімалағанда да, кәдім-гідей қазақ «Шахнамасын» жасап шығарды. Қырық мың жолдай жырды аудару екі ақынның бірінің қолынан келетін дүние емес. Жақында «Шахнаманың» толық 2 томы «Жазушы» баспасынан жарыққа шықты. Біз енді Батыс әлемінін Виктор Гюгосына, Шекспиріне, Байронына, Дантелеріне таңғалумен келдік. Сөйтсек, өзіміз биік таудың етегінде тұрып, сол тауды көрмейді екенбіз ғой. Мысалы, Тұрекеңнің еңбегін қарап отырсаң, қыруар еңбек екеніне көз жеткізесің. «Шахнаманың» тақырыбына Гималайдан тау соққан адам сияқты. Сол Гималайдың түбінде отыр екенбіз біз. Енді толық жинағы тағы да қайта шығайын деп жатыр. Бүгінде жыр дариясы – Сырдария жерінде Сыр өңірінің ақындары, қиссашылары, әдебиетшілерінің екі жүз томдық жинағы шығуда. Онын жартысы шығып та үлгерді. Бұл үлкен жетістік. Тұрмағамбет атындағы домбыра оркестрі бар Қызылорда қаласында. Фирдоусидің «Шахнамасының» қазақша нұсқасына «Тұрмағамбеттің Шахнамасы» деп баға беруге болады. Оған ешкімнің де таласы жоқ шығар. Тіпті тәжіктер де тәнті болған, парсылар да мойындап отыр. Өйткені Тұрмағамбет Фирдоусимен жарыса, онымен тілдесе отырып десек те болғандай, жырға қазақша сарын берген. Ұлылармен ұлылар ғана иықтаса алады. Ендігі мәселе – «Шахнаманың» парсы тіліндегі нұсқасын жайлап, бірте-бірте қазақы жағаға, қазақы ауылға, Махамбет-Исатайдың жеріне әкелу болып отыр. Бұл үлкен жұмыс. «Шахнама» 50 дастаннан тұратын шығарма. Менің өзім «Рүстем-Зухраб» деген бір дастанын ғана түпнұсқадан аудару үстіндемін.
– Бір тілден екінші тілге аудару деген оңай нәрсе емес шығар?
– Шама-шарқым келгенше тәржімалап жүрмін. «Рүстем-Зухраб» дастанын қазақ халқына тарту – менің ең үлкен арманым болып отыр. Сол сияқты «Иран әдебиеті» кітабын оқулық ретінде шәкірттерге өткен жылы ғана «Қазақ университеті» баспасынан шығардым. Бұл Иран поэзиясы, Иран мәдениетіне арнаған үшінші еңбегім болу керек. Осы кітапта көптеген рубаяттарды өзінің түпнұсқасынан аудардым. Өйткені, студенттер оқыған кезде орысшадан аударылған нұсқамен салыстырып оқысын деймін. Кітапта Авестадан бастап, Сағдидің еңбектерін қамтыдым. Сағдидің «Гүлстанын» Мұзафар Әлімбаев аударған болатын. Бірақ, ол орыс тілінен тәржіма жасаған. Сондай-ақ, Омар Хаямды Қуандық Шаңғытбаев ақын аударған еді, жақсы аударған. Алайда ол да орыс тілінен аударған, яғни, араға тіл түсіп отыр деген сөз. Осы тұста айта кетер мәселе, Омар Хаямның өзі әлемнің кең танымал ақындарының бірі ғой. Оның рубаяттарын ағылшын ақындары аударған. Таңғаларлығы, ол тәржіма Еуропада 25 рет басылып шыққан екен. Ал, бір шығарманың 25 рет басылуы деген ақын, аудармашы үшін үлкен, қол жете бермейтін мәртебе. Омар Хаямның еңбегінің күштілігі соншалық, соғыста жүрген сарбаздар ақынның рубаиларын жүрек тұсындағы қалтасына сақтап жүріп, соғысады екен. Исаак Ньютон деген ғалым бар. Ол да пароходта келе жатқанда, қолына Омар Хаямның рубаилары түсіп, оның терең ойларын оқығанда балаша жылаған. «Неткен қарапайым, неткен елеусіз, бірақ сонысына қарамастан, зор жырлар» деп жылаған дейді. Ал, «Рүстем-Дастан» жырын көшіріп алған ақын Құлбай Рахымбаев болатын. Содан алып, қолмен көшіріп, бірнеше рет сақтап, осы еңбегіме кіргіздім.
– Сонда шығыс шайырларының әр тілде жырлануы, әсіресе, орыс тілінде сөйлеуінен қандай мін табасыз?
– Бұл, әрине, жақсы, бірақ әр тілде жырлану деген сөз Шығыс шайырының түрлі бейнесін ашады. Мәселен, мына қызықты айтайын. Тегеран университетінде оқып жүргенде, мен үш Омар Хаямға тап болдым, бір ақынның бойынан үш түрлі мінез таптым. Өйткені, ирандықтардың түсінігі бойынша, Омар сопышыл, терең ойлы, ауыр мағыналы өлең айтқан ақын. Орыстардың түсінігінде ол шарапшыл ішкіш, қызықшыл, қызылшыл болып суреттеледі. Ойнақы, жеңіл жазатын ақын. Орыстар оның әйел әдемілігін жырлаған өлеңдерін көбірек аударған. Орыстың сондай бір аудармашысының аты-жөні О.Румер екен. Содан бір жолы орыс аудармашылары арасында «Омар Хаямды кім қалай аударды?» деген талас үстінде бір ақын мынадай эпиграмма оқыған дейді:
– «Встал с могилы Омар Хаям,
И спросил: «Кто перевел?»
Ему сказали: «О.Румер»,
Омар Хаям снова умер».
Қандай мағынада түсінсең болады? Жақсы ма, жаман ба? Омар Хаям риза болып өлді ме, риза болмай өлді ме? Таразылау қиын. Қазақ халқынан аударған Әбірәш Жәмішевке келсек, оның да аудармасы сәтті шыққан. Тек ол да парсы тілінен емес, орыс тілінен тәржімалаған.
– Шығыстанудың мақсаты – Шығыс әлемін халқымызға танытумен бірге, Шығысқа да өз мұраларымызды жеткізу ғой. Бұл тұрғыда қандай ойларыңыз бар?
– Дұрыс. Қазақ әдебиеті шетелге аз аударылып жатқан жоқ. Бірақ, бұл жерде де әлгі мен айтқан орыс тілінің проблемасы бар. Мәселен, «Абай жолы» әлемнің талай тіліне аударылды. Оның ішінде Иран тіліне Иранның бір әйел ақыны аударған екен. Әрине, орыс тілінен. Бірақ, қазақша оралымдар, психология, әдемі сөздер, керемет метафоралар мен теңеулердің бәрі де орта жолда түсіп қалған. Иран әдебиетшісі Әуезов жасаған ғажайып картиналарды бере алмапты. Сондай-ақ, біз Абайдың өлеңдерін де шетелге танытуға күш салып жатырмыз. Иран ақындары да біздің мұраларды түп-нұсқадан емес, орыс тілінен аударуға құмар. Абайды өзіміз қанша оқысақ та, әр оқыған сайын оның сан қырына қанығамыз. Абайдың қара сөздерін анда-санда қайталап оқып отырамын. Әр оқыған сайын, жаңа қырларына, жаңа ойпаттарына түсіп кеткендей боламын. Оны, Абайдың өлеңдерін аудару өте қиын. Ал, бірақ, қазақтың мықты ақындары, жазушыларының шығармалары әлі парсы тіліне жете қойған жоқ. Мұны мен нақты айта аламын. Оған тағы да тіл білетін мамандардың жоқтығы себеп болып отыр.
– Шығыс әдебиеті негізгі өзегі – ислам діні болып табылады ғой. Бұл тұрғыдан келгенде, шығыс мұралары елімізде ұлттық идеологияны сақтауда қаншалықты рөл ойнайды?
– Жастарды тәрбиелеуде шығыс әдебиетшілері, шығыс тарихшылары, шығыс жұлдыздарының адамдық, жақсылық, ізгілік туралы жырларын қолдануымыз керек. Империя кезінде шығыс мұралары түгілі, Құранға да қарай алмай келдік. Сағди, Фирдоуси, Хафиз сынды ақындардың бәрі де Құранды айтады. Хафиз, тіпті, Құранды жатқа білгендігімен аты шыққан. Бұл тек жақсылық, игілік, өз ұлтын сүюді насихат етеді. Өз басым болашақта әлем мойындайтын жалғыз дін осы ислам діні болар деп ойлаймын. Соны жастарымызға жеткізе білсек, шығыс жауһарларын жағаға шығарып, жастарымызға дидарластырсақ.деген үлкен арман бар. Батыстың ұлы ақыны Гетенің өзі: «Шығыстың ең әлсіз ақынының өзі менен жақсы жазады. Өйткені, олардың шығармаларында үлкен сенім бар» деген. Бұл ислам дінінің кұдіретін Батыстың мойындауының көрінісі. Наполеон да өлер шағында «Маған үш күн мұрсат берсең, Ислам дініне кірер едім» деп Аллаға жалбарынған екен. Құран мен шығыс жауһарларын салыс­тырып қарасаңыз, екеуі де тек ізгілікке, тек жақсылыққа шақырады. Шығыс мұралары – идеологиялық үлкен құрал. Тек діттеген бағытта сілтей білсек болғаны...
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрболат АМАНЖОЛ

439 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз