• Ұлттану
  • 08 Тамыз, 2013

«Мәдина Конституциясының» туындауының тарихи алғышарттары және жалпы мән-маңызы

«Мәдина келісім кітабының» бір ерекшелігі Құрайза, Нәдір, Қайнұқа яһуди тайпаларының құрамындағы руларды келісімге қатысушы жеке субьектілер ретінде қарастырған. Себебі, әр рудың құқықтық мәртебесі туралы келісімнің 25-35 баптарында жеке-жеке нормалар көрсетілген. М.Хамидуллаһтың айтуына қарағанда сол кезеңде Мәдинада яһудилердің 20 руы өмір сүрген [8. 211-б] Мұхаммед с.ғ.а-ның яһуди тайпаларын бұлай қамқорлыққа алуының себебі, Құранда өзге діндегілермен қарым-қатынас туралы мынандай үкім бар болатын: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болу­ларыңа Алла-Тағала қарсы емес. Өйткені, Алла-Тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді» (Мумтахина, 7). Сонымен қатар, ислам дінінде бір ұлттың екінші ұлтқа өктемдік жасауына жол берілмейді. Барлық ұлттар сенім-нанымына қарамастан тең саналады. Мұхаммед с.ғ.а: «Араб ұлты өзге ұлттарға үстемдік ете алмайды, сон­дай-ақ, өзге ұлттар да араб ұлтынан үстем емес» [24, 234-б] дейді өз хадис-шарифтерінің бірінде. Ислам дінінің негіздерінде осылай айтылғандықтан, біз ислам дінінің негіздерінде ұлттардың теңдігі принципі паш етілген деп айта аламыз. Ал, Мұхаммед с.ғ.а-нан кейінгі ислам тарихына көз жіберер болсақ, ұдайы ұлттар теңдігі принципі қатал сақталды деп айту қиын. Омаяттар династиясы ислам билігін қолына алған кезде, араб ұлтының үстемдігі белең алғаны белгілі. Харижиттер оппозициясының тарих сахнасына шығуының бір себебі, исламда араб ұлтының үстем болуына қарсы шыққан болатын [25, 42-б]. Десек те, ислам дінінің негіздерінде ұлттардың теңдігі принципі бар болғандықтан, тарихтағы ұлтаралық теңсіздіктер исламның бұл құндылығын жоққа шығара алмайды.


«Мәдина келісім кітабында» мұсылман­дарға негізгі қауіп төндіруші Құрайыш пұтқа табынушыларымен қарым-қатынас қалай өрбу керектігі хақында саяси доктриналар қарастырылды. Сол кездегі әлемнің алып империясы саналған Шығыс Рим империясы мен ирандық Сасаниттер немесе Араб түбегін мекендеген өзгеде тайпаларға қар­сы құқықтық нормалар көзделмей, мек­келік Құрайыш пұтқа табынушыларына тоқталып өтуінің себебі, исламның өркен жаюына бірден-бір қарсы, осы Құрайыш пұтқа табынушылары болатын. Араб түбегінде ислам үстемдік етсе, Меккедегі Қағба қасиетінен айырылып, біздің күніміз қараң болады, – деген Құрайыш пұтқа табынушыларының қорқынышы болды. Бұл құқықтық келісімнің саяси жетістіктерінің бірі, Құрайыш төндіретін қауіптің алдын алуы еді. Бұл туралы 14-бап пен 20-баптың б тармағында мынандай норма көзделген: «Бір мұсылман келесі бір мұсылманды кәпір үшін өлтіре алмайды және мұсылманға қарсы кәпірге көмек көрсетілмеуі тиіс». «Мүшіріктер Құрайыш адамдарымен олардың мал-мүліктерін өз қамқорына алып қорғай алмайды. Мұсылмандардың бұл жолдағы күресіне ешкім кедергі келтіре алмайды». Сондай-ақ, 43-бапта: «Құрайыш тайпасындағылар және оларға көмектескендер ешкімнің қамқорына алынбайды» деген нормалар бар.
Мәдинадағы ислам мемлекетінің сыртқы саясаты жағдайында бейбіт келісім жасау туралы 17-бапта мынандай нормалар қарас­­­тырылды: «Бейбітшілік бүкіл мұсыл­­мандарға ортақ. Ешқандай бір мұсылманның Алла жолындағы соғыста мұ­сылмандардан бөлек бір бейбіт келісім жасауына жол берілмейді». Яғни, Құрайыш пен Мәдина мұсылмандары бір-бірінің хабарынсыз ешкіммен келісім жасамауы тиіс. Бұл баптағы норма Құрайыш пен Мәдина мұсылмандарының мызғымас бір одақ құрғандығын көрсетеді. Сонымен қатар, 45-баптағы норма бойынша, егер мұсылмандар Мәдина қаласы үшін маңызды бір бейбіт келісім жасайтын болса, яһудилер бұл келісімге қатыса алады. Яһудилер дәл осындай бейбіт келісім жасайтын болса, бұл келісімге мұсылмандар қатысуға құқылы. Яһудилер үшін мұндай келісімге келу Шығыс Рим христиандарына қарсы өздеріне сенімді одақтас табуы болса, ал, мұсылмандар үшін Меккедегі пұтқа табынушылар Мәдинаға шабуыл жасаған жағдайда яһуди тайпалары солардың жағына шығып кетпеуінің алдын алған еді. Мәдинада пайда болған ислам мемлекеттілігі федеративті мемлекет бол­ғандықтан және діни сенімі әртүрлі бірнеше қауымның бір кезеңде қатар өмір сүруі үшін тараптар бейбітшілік ұстанымда болуы тиіс болды. Сонымен бірге, жаңа құрылған ислам мемлекеті, мемлекеттілікті өміршеңді ету үшін бейбітшілікті қатаң ұстануды мемлекеттің негізі басымдығы деп таныды.
Әкімшілік мәселелер – «Мәдина келі­сім кітабында» әкімшілік бөлініс туралы тайпалық дәстүр негізге алынды. Әус пен Хазриж тайпалары өз ішінен бірнеше руларға бөлінетін. Хазреж тайпасы Нежжар, Жушем, Саид, Харис. Авф руларынан тұрса, Әус тайпасы Набит Авф, Авфса руларынан тұратын [8, 211-б]. Сонымен бірге, дәстүрлі тайпалық құрылым бойынша ру ішінде де бірнеше әулеттер бар болатын. Әулет басшысы мен ру басшысы тайпа басшысына бағынатын [21, 92-93-бб]. «Әрбір тайпа өз ішіндегі мәселелерді өз әдеп-ғұрыптары бойынша шешеді» – деген норма тайпалық дәстүрге жасалған ишара болатын. Сонымен бірге, 45-баптың б тармағында «Әрбір тайпа өздеріне қарасты аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді» – дейді. Бұл норма Мәди­надағы әрбір тайпаның белгілі бір әкімшілік аймақтан тұратынын көрсетеді. Мәдинадан яһуди тайпалары шығарылғаннан соң және 631 жылы Құранның Тәубе сүресіндегі пұтқа табынушылар мен мұ­сыл­мандардың дос бола алмайтындығы туралы үкім түскеннен кейін бұл құжаттағы әкімшілік басқарудағы ескі тайпалық дәстүр нормалары күшін жойды. Дегенмен, ислам мемлекеттілігінің қалыптасуында «Мәдина келісім кітабының» әкімшілік нормалары елеулі рөл атқарды. Келісім бойынша, Мәдина федеративті ислам мемлекетінің басшысы Мұхаммед с.ғ.а. болып табылды. Себебі, 23-бапта «әрбір туындған даулы мәселеге әділ шешім айту Аллаға және Мұхаммедке тапсырылады» – делінген. Сонымен бірге, 42-бапта «бұл келісімде аты аталған тайпалар кісі өлімі немесе өзге де қоғамдық тәртіпке қарсы әрекеттердің алдын алу шараларын жүргізуді Аллаға және Мұхаммедке тап­сырады» – деген норма бар. Белгілі шығыстанушы Л.И.Климович те өз еңбегінде: «Бұл келісім-шарт бойынша мұхажірлер мен ансарлар және яһуди тайпалары тең құқылы болды. Мұхаммед с.а.ғ. Мәдина мемлекетінің жоғарғы соты және саяси жетекшісі болып белгіленді» дейді [26, 27-б]. Мұхаммед с.ғ.а. келісімдегі өзіне берілген осы нормалар арқылы кейін келісімді бұзған яһуди тайпаларын қылмыстық жазаға тартқан болатын.
Әскери мәселелер - Жаңадан бой түзеген жас мемлекеттің басты мәселелерінің бірі соғыс жағдайында мұсылмандар мен яһудилер қандай ұстанымда болу керек, бірігіп әскер шығарған болса, кім қолбасшы болуы тиіс, әскери тәртіптің қағидалары қалай болуы керек? деген мәселелер еді. Мәдинада өмір сүрген тайпалардың соғыс жағдайында қалай іс-қимыл жасау керектігі бірнеше баптарда баяндалады. Мәдина тайпалары үшін негізгі соғыс қаупі Меккелік пұтқа табынушылар мен яһудилерге өшіккен Шығыс Рим христиандары тарапынан туындауы мүмкін болатын. «Мәдина келісім кітабында» соғыс жағдайында Мәдина мемлекетінің мұсылмандары мен яһудилерінің біріккен әскеріне Мұхаммед с.ғ.а. қолбасшылық жасауы тиіс болды. Бұл туралы 18-бапта «Бізбен бірге соғысқа шығатын бүкіл әскери жасақтар белгілі бір тәртіпке бағынып әрекет етеді» – деген. Сонымен бірге, 36 бапта «Яһуди тайпалары мұсылмандармен бірге соғысқа Мұхаммедтің рұқсатынсыз шыға алмайды» - деген норма қарастырылды. Соғыс жағдайында мұсылмандар мен яһудилердің әскери жасақтары қалай әрекет ету керектігі 37-бапта былайша анықталған: «Соғыс жағдайында яһудилер өз шығындарына мұсылмандар өз шығындарына жауапты бұл құжаттағы аты аталған тайпалар соғыс ашқандарға қарсы бір одақ болып табылады, одақтастар өзара жақсы қарым-қатынас аясында әрекет етеді. Қағидаларға мойынсұну мін­детті, қарсы келуге жол берілмейді». Мұнда тараптар соғыс шығындарын өздері көтереді дегенмен 38-бап бойынша, егер, яһудилер мұсылмандардың мүддесі үшін соғысатын болса, соғыс шығындарын өздері көтеруі тиіс болды. Келісімдегі әскери шешім бойынша Мәдинаға қандай бір қауіп төнбесін мұсылмандар мен яһудилер бір-біріне көмек беруі міндетті болды. Бұл туралы 44-бапта былай баяндалады. «Мұсылмандар мен яһудилер Мәдина қаласына шабуыл жасағандарға қарсы соғысуға бір-біріне көмек береді».
Мәдина қаласының тыныштығы мем­лекеттің басты құндылықтарының бірі болып табылды. Бұл туралы 39-бапта «Бұл келісімге келгендерге Мәдина қа­ла­сының ішінде соғысуға тыйым салынады» деген норма қарастырылды. Сонымен қатар, әрбір тайпа өздеріне қарасты аймақтың тыныштығын сақтауға тиіс болды. Бұл туралы 45-баптың б тармағында: «Әрбір тайпа өздеріне қарасты аймақты қауіпсіздігін қамтамасыз етеді» деген нор­ма бекітілген. Бұл әскери нор­малар «Мәдина келісім кітабының» жаңа пайда болған ислам мемлекеттілігінің әскери доктринасы екендігін көрсетеді. Меккелік пұт­қа табынушы Құрайыштықтар мен Шығыс Рим империясына қарасты Сириядағы Гассани әмір­лігі Мәдинаға әскери жорық жасауы әбден мүмкін еді. Бұл қауіптің алдын алмаса Мәдина мемлекетінің болашағы бұлдыр болатын. Мұхаммед с.ғ.а-ның бұл жағдайды терең ұғына отырып, қауіптың алдын-алуға әскери іс-шараларды қолға алуы, сөз жоқ оның мықты стратег екендігін көрсетеді. Көрнекті мысырлық исламтанушы Мұхаммед Әбу Зехра Мұхаммед с.ғ.а-ның әскери доктринасының негіздері Құран үкімдері болғандығын айтады [22, 29-32-бб].
Қылмыстық мәселелер – «Мәдина келісім кітабында» қылмыстың алдын алу, қылмыстың әділ жазасын беру, қылмыстық дауды шешу турасындағы құқықтық нормалардың басым екенін аңғаруға болады. Қылмыстық істерді әрбір тайпа өз әдет-ғұрыптары бойынша қарастырды. Бұның себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей Мәдина қаласында ислам дініндегі мұсылмандармен бірге иуда дініндегі яһудилер және пұтқа табынушылар бір мезгілде қатар өмір сүрді. Әрбір тайпаның қылмыстық қағидалары және қылмыстық жазалары әрқилы болуы мүмкін екендігіне байланысты әрбір тайпа қылмыстық дауларды өз әдет-ғұрыптары бойынша қарастыруы тиіс болды. Егер, екі тайпа өкілдерінің арасында қылмыс туындаған жағдайда әділет қағидалары негізінде мұсылмандар шығарған шешім соңғы шешім болып табылады. Бұл туралы құжаттың 4-11 баптарында баян етілген. Әрбір тайпа өз араларындағы болған қылмысты жасыруына немесе қылмыскерге пана болуына жол берілмеді. Бұл туралы 13-бапта «Дінді берік ұстанушылар өз араларындағы қастандықпен шап­қын­шышлық жасағандарды және аран­датушаларды жауапқа тартады. Қылмыс істеген өз ұлдары болса да, жауапкершіліктен босатылмайды» – дейді. Сонымен қатар, 22-бапта «Осы келісімді қабалдаған Аллаға және ақырет күніне сенген мұсылмандардың қанды қол кісі өлтірушіге көмектесуіне және оған пана болуына болмайды» деген норма қарастырылды. Мұсылман құқығында қылмыскер жеке жауапкершілікте болуы тиіс болды. Мәдинаға дейінгі Мекке кезеңінде жеке жауапкершілік туралы Құранда мынадай үкімдер бар болатын: «Әлде кім ізгі іс істесе сонда өзі үшін. Ал, кім жамандық істесе о да өзіне» (Жасия, 15). «Әлде кім бір жамандық іс істесе, сонда ол соның өзіндей ғана жаза көреді. Ал және ер, әйел кімде-кім сенген түрде ізгі істесе, ал, міне солар жаннатқа кіреді (Ғафыр, 40). «Ешбір күнақар, басқаның күнәсін көтермейді. Күнәсі ауыр болған біреу көтеруге шақырса, егер жақыны болса да оған ешнәрсе жүктелмейді» (Фатыр, 18). Ал,13-баппен 22-бапта жеке жауап­кершіліктің болу керектігі туралы құқықтық нормалар қарастырылған.
Қылмыстық жауапкершілік тайпалық дәстүрге мынадай жағдайда арқа сүйейді: егер қылмыскер келтірген зиянының орнын өтеуге шамасы жетпесе, онда оның тай­пасы құн төлемін бірге өтеуге тиіс болды. Қылмыс үшін құн төлеу зиян тек қасақана келтірілгенде ғана алынып егер зиян қорғану мақсатында туындаған болса, онда зиянның орны өтелмеуі тиіс болды. Қылмыскердің қылмысы үшін отбасы да қоса жауапқа тартылды. Бұл туралы 36-баптың б тармағында мынандай құқықтық норма көзделген: «Өтемақы тек қасақана зиян келтіргенде ғана алынады. Мұндай жағдайда кісі өлтіруші отбасымен бірге жауапқа тартылады. Келтірілген зиян қорғану мақсатында туындаған болса өтемақы алу қағидасы өз күшінде болмайды». Бұл норманың ену себебі, біріншіден араб қоғамындағы тайпалық дәстүр негізге алынса, екіншіден қылмыскерге қылмысы үшін отбасында зиянға ұшырататынын сезіндіру арқылы қылмыстың алдын алуы болатын.
Мұсылман қауымы Мәдинаға көшу арқылы бостандыққа қол жеткізгеннен кейін, осы шаққа дейін белгілі болған мұсылман құқығы үкімдерін іске асыруды қолға алды. Солардың бірі, азаматтық және қылмыстық жауапкершілікте адамдардың тең болуы еді. Исламға дейін арабтарда қылмыстық немесе азаматтық істерде шейхтің кімге бүйрегі бұрса, жеңіс сол жақта болатын [27, 430-433-бб]. Яһудилерде зина жасаған адамды таспен ұрып өлтіру жазасы болғанмен, әл-ауқаты жоғарыларға бұл жаза қолданылмайтын. Керісінше кедей-кепшік зина жасаса таспен ұрып өлтірілетін [10, 256-259-бб]. Ал, 15-бапта қылмыстық немесе азаматтық жауап­кершілікте адамдарды алалауға жол бермейтін мынадай құқықтық норма көзделді: «Алланың қорғауы жалпыға ортақ. Шығарылған үкімдер де баршасына тән». Меккелік Құрайыш аритократтарының исламды терістеуінің бір себебі, исламда бай болсаң да, кедей болсаң да теңсің деген принциптің болуы еді [3, 77-78-бб]
Келісімде қылмыстық жазаның екі түрінің болғандығын көруге болады. Бірін­ші санкция бойынша зиян көруші тарап кешірім бермеген жағдайда қанға қан жазасы берілді. Бұл туралы 21-бапта мынандай құқықтық норма көзделген: «Бір адамның бір мұсылманды өлтіргендігі нақты дәлелденіп, өлген адамның жақын туыстары кешірім бермеген жағдайда қанға қан жазасы беріледі. Мұсылмандар кесілген жазаның орындалуына күш салады». Екінші қылмыстық жаза бойынша қылмыскер келтірген зиянның орнын құн төлеуі тиіс болды. Бұл туралы 12-баппен 36-баптың б тармағында құқықтық нормалар көзделген. Сонымен бірге, жәбірленуші тарап қылмыскерді кешірген жағдайда қанға-қан жазасының орнына жүретін құн төлеу жазасы да мұсылман құқығына сай үкім болды [12, 228-б] Мәдина мемлекетінің жоғары соты қызметін Мұхаммед с.ғ.а. атқарды. Бұл туралы 23-бапта «Әрбір туындаған даулы мәселеге әділ шешім шығару Аллаға және Мұхаммедке тапсырылады» – дейді. Төменгі соттар қызметін тайпа басшылары атқарды. Өйткені, 3-баптан 11-бапқа дейінгі баптарда аты аталған тайпалар өз араларында туындаған құн дауларды өз әдет-ғұрыптар бойынша шешетіндігі айтылған. Даулы мәселелер өз араларында шешімін таппаған жағдайда ғана Мұхаммед пайғамбар соңғы шешімді айтуы тиіс болды.
Азаматтық мәселелер – «Мәдина келісім кітабында» азаматтық мәселелер қамқоршылық жасау, отбасы мен дос тұту және мүліктік жауапкершілік тақырыбында өрбиді. Ол дәуірдегі тайпалық дәстүр бойынша құлдықтан босатылғандар бұ­рынғы қожайынының қамқорында болды. Сонымен бірге, жалғыз жарым сұрау­шысы жоқ деп танылған адамдар бел­гілі бір тайпаның мүшесімен достық серт жасасатын. Құлдықтан босағандарды «мәула», достық серт жасағандарды «даһил» деп атайтын [21, 98-б]. Ол дәуірде араб қоғамында құлдар (абд) да бар еді. Құлдардың басы азат емес болғандықтан қамқорлықтағы адаммен салыстыруға келмейтін. Ал, қамқорлықтағы адамдар «Мәдина қаласы келісім кітабы» бойынша қамқоршылармен бірдей құқықтық мәртебеге ие болды. Бұл туралы 40-бапта: «Қамқорлықтағы адамдар қамқоршы адамдар секілді құқықтық мәртебеге ие» – деген норма қарастырылды. Қамқорлық жасауға пұтқа табынушы мүшіріктерге ғана тыйым салынды. Оның себебі, жаңа құрылған Мәдина мемлекетіне негізгі қауіп төндіретін мұсылмандарға өшіккен меккелік мүшіріктер еді. Қамқоршылар арасында қамқорлық жасау туралы дау туындамас үшін қамқоршы адамның келісімінсіз қамқорлықтағы адамға келесі бір адамның қамқорлық жасауына жол берілмеді. Бұл туралы 41-бапта былай баяндалады «Қамқоршы адамның келісімінсіз келесі бір адамға қамқорлық жасауға жол берілмейді». «Мәула» болу мәселесі бір ізге түсірілді. Бір адам екінші адамға қарсы оның «мебласы» болған адамымен келісім-шарт жасамауы тиіс болды. Бұл туралы 12-баптың б тармағында мынадай құқықтық норма бекітілген: «Бір мұсылман келесі бір мұсылманға қарсы оның «мебласы» болған адамымен келісім-шарт жасауына тыйым салынады». Дәстүрлі тайпалық түсінік бойынша «мебла» (құлдықтан босаған адам) мен «даһил» (дос тұтылып қамқорлыққа алынушы) «хұрлармен» бірдей құқықтық мәртебеге ие емес болатын. Бір «мебла» бір «хұр» әйелмен үйлене алмайтын [21, 98-б]. «Мәдина келі­сім кітабының» үлкен бір жаңалығы «мебла» мен «даһилге» «хұрмен» бірдей құқықтық мәртебе беруі еді. Бұл туралы 40-бапта мынандай құқықтық норма қарастырылған: «Қамқорлықтағы адамдар қамқоршы адамдар секілді құқықтық мәртебеге ие. Қамқорлықтағы адам қамқоршының қылмысы үшін жауапқа тартылмайды».
Сириялық зерттеуші Р.Буюти 40-баптағы: «Қамқорлықтағы адамдар қамқоршы адамдар секілді құқықтық мәртебеге ие» немесе 41-баптағы «Қамқоршы адамның келісімінсіз келесі бір адамға қамқорлық жасауға жол берілмейді» атты нормалар ер адамның әйелдерге деген құқығын да қамтып отырғанын айтады [15, 216 s]. Яғни, бұл нормаларды таратып түсіндіретін болсақ, 40-бап бойынша отбасында ер адамның қамақорлығында саналатын әйелдің сол ер адаммен құқықтық мәртебесінің тең екендігі және 41-бап бойынша бір еркектің некесіндегі әйелге келесі бір еркектің көз салуына тыйым салынғандығын көре аламыз. Мүліктік жауапкершілік мәселесі тайпалық дәстүрге негізделді. Егер, бір адам мүліктік жауапкершіліктегі өз міндеттемесін атқаруға дәрменсіз болған жағдайда онда оған тайпаластары көмектесуі керек болды. Бұл туралы 12-бапта былай баяндалады: «Мұсылмандар өз араларындағы ауыр мүліктік жауапкершіліктегі адамды шарасыз жалғыз қалдырмайды». Араб қоғамындағы тайпалық дәстүр болып табылатын рулық жауапкершілікті ислам Мекке кезеңінде жоққа шығарды (Жасия, 15). 12-баптағы «мұсылмандар өз ара­ларындағы ауыр мүліктік жауап­кер­шіліктегі адамды шарасыз жалғыз қал­дырмайды» деген бұл норма дәстүрлі тайпалық түсініктегі рулық жауапкершілікті жаңғыртуды көздемейді. Бұл баптағы норма, бір мұсылман азаматтық немесе қылмыстық іс бойынша мүліктік жауапкершілікте дәрменсіз болған жағдайда, оған мұсылмандардың көмектесетіндігін білдіреді.
Мұхаммед с.ғ.а. исламға дейінгі араб­тардың дәстүрлі тайпалық танымын түгелі­мен жоққа шығаруды мұрат еткен емес. Сонымен бірге, исламға дейінгі дәстүрлі тайпалық түсінік мұсылман құқығына мүлде қайшы емес-ті. Арабтардың қонақжайлығы мен жомарттығын әйгілейтін дәстүрлері ислам құндылықтарымен қабысатын. Сон­дықтан, Мұхаммед с.ғ.а. исламмен үндесетін дәстүрлі тайпалық түсініктің сол күйінде сақталуына рұқсат берді [27, 439-440-бб]. Кейін мұсылман құқығының үкім беру қайнар көздеріне әдет-ғұрыптар да жатқызылды. Егер, қалыптасқан әдет-ғұрып, қоғамдық-қатынастарды оң реттеп жатқан болса және бұл әдет-ғұрыптар ислам негіздеріне қайшы болмаса шариғат бұл әдет-ғұрыпты құқықтық үкім берудің қайнар-көзі ретінде қарастырды [28, 26-б]. Азаматтық істер болып табылатын қамқорлық жасау, дос тұту, мүліктік жауапкершілік мәселелерінде дау туындаса, соңғы шешімде Мұхаммед пайғамбар айтуы тиіс болды. Себебі, 23-баптағы «даулы мәселе» деген терминге тек қылмыс істі емес, азаматтық істі де жатқызуға болады.
Дін мәселесі - «Мәдина келісім кітабында» қамтылған мәселелердің бірі дін мәселесі еді. Мәдинада ислам діні мен иуда діні және пұтқа табынушы сенімнің өкілдерінің бір мезгілде қатар өмір сүруі, бұл келсімде дін мәселесінің орын алуына тікелей әсер етті. Мәдинада мұсылмандар мен яһудилерге қарағанда пұтқа табынушылардың ықпалы төмен болды. Осы себептен, мұсылмандар яһудилерге ғана өз діндері бойынша жүріп-тұруға рұқсат берілді. Бұл туралы 25-бапта былай баяндалады. «Авф яһудилері мұсылмандармен бір қауым болып табылады, яһудилердің діні өздеріне тән мұсылмандардың діні өздеріне тән, бұл қағида дос тұтылғандарға да тиесілі». Бұдан пұтқа табынушыларға өз сенімдері бойынша жүріп-тұруға тыйым салынды деген түсінік шықпауы керек. Десекте, пұтқа табынушы арабтардың кейбір өз қыздарын өздері тірідей жерге көметін әдеттеріне күші басым мұсылмандар жол бермеді.
Дін мәселесінің маңызды екенін көрсететін тағы бір жәйт, Мәдина үшін болатын бейбіт келісімге тараптардың бірге қатысуы еді. Мұсылмандар тарапынан жасалатын бейбіт келісімге яһудилер шақырылған болса, олар бұл келісімге қатыса алады. Сонымен бірге, яһудилерде бұндай келісім жасайтын болса, мұсылмандар бұл келісімге қатысуға құқылы еді. Бірақ, дін соғысы кезінде бұл қағида өз күшінде болмайды. Мұсылмандар мен яһудилер тек дін соғысы кезінде ғана бейбіт келісім жасаудан бас тарта алатын. Өйткені, Мәдинаға сырттан келетін қауіптің дін тұрғысынан болатыны айдан анық еді. Тараптарға дін еркіндігі беріліп, бейбіт өмір сүру нормасы көзделгенмен, бір-бірінің діни сенімін келеке етуден діни араздық туып, соғыс болған жағдайда бейбіт өмір сүру нормасының күші жойылатындығы ескертілді. Бұл туралы 45-бапта мынандай норма қарастырылған: «Мұсылмандар тарапынан жасалатын бейбіт келісімге яһудилер шақырылған болса, олар бұл келісімге қатыса алады. Сонымен бірге, яһудилерде бұндай келісім жасайтын болса, мұсылмандар бұл келісімге қатысуға құқылы. Бірақ, дін соғысы кезінде бұл қағида өз күшінде болмайды». Мұхаммед с.ғ.а. 624 жылы Нәдір яһуди тайпасын Мәдинадан шығарып, сүргінге жібергенде, [3, 273-276-бб] осы 45-баптағы құқықтық нормаға сүйенген болатын.
«Мәдина келісім кітабында» дін мәсе­лесінде мұсылмандар басым күшке ие болды. Бұны 20-баптағы: «Дінді берік ұста­нушы мұсылмандар тура жолдағылар болып табылады» деген норма айғақтайды. Соны­мен бірге, ислам дінінің пайғамбары Мұхаммед с.ғ.а-ның Мәдинаның саяси, әскери, азаматтық және қылмыстық істерге же­текші болуы мұсылмандардың басым күшке ие болғандығын көрсетеді.
Қорытынды
Бұл мақаладағы «Мәдина келісім кітабының» туындауының тарихи алғы­шарттары және аталмыш құқықтық құжаттың мән-маңызы туралы жасалған сараптаулар сипаты жөнінен теориялық және тәжірибелік маңызға ие. Ғылыми маңызы жөнінен зерттеу жұмысы 622 жылы мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға жасаған көшінің діни бостандыққа қол жеткізу және тәуелсіз ислам мемлекетін құруға бағытталғанын анықтайды. Тәуелсіз мемлекеттің бірнеше діни-саяси тараптармен келісім жасау ар­қылы құрылғанын саралай келе, жоғары саяси ұйымның формасы мен әкімшілік құрылым хақында тың ойлар айтылады. Жаңа құрылған мемлекеттің басты саяси-құқықтық құжаты 622 жылы қабылданған «Мәдина келісім кітабы» екендігі зерделеніп, мемлекеттің ішкі, сыртқы функциясындағы реформалардың діни, саяси, құқықтық мәні ашылады. Осы «Мәдина келісім кітабының» негізінде пайғамбарлық басқарудағы мемлекет нысаны қалыптасқандығы туралы тұңғыш рет ғылыми байлам жасалынады. Ал, зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы мұнда жасалған діни, саяси, құқықтық талдаулар мен сараптамалар дінтану және саяси ілім мен құқық тарихы ғылымының тереңдеуіне, сондай-ақ, қазіргі діндер аралық қатынастарды оң реттеудің негіз­дерін көрсетіп, бейбітшілікті сақтауда толеранттық пен диалогтың ұтымды шешім бола алатындығы болжанады.
Мұхан Исахан,
«Нұр» Қазақ-Египет Ислам
университетінің дінтану
phd докторанты,
Шамшәдин Керім,
«Нұр» Қазақ-Египет Ислам университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы,
профессор,
Алау Әділбаев,
«Нұр» Қазақ-Египет Ислам университеті «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі, теология phd докторы

Пайдаланылған әдебиеттер:

Ахмад б. Фарис ар-Рази. Ауджас Ас-Сиар ли-Хайр Ал-Башар. Хрестоматия Ислама. Наука. Москва 1994. Составитель и ответственный редактор С.М Прозоров.
Cabırı Muhammed Abıd. Islamda Sıyasal Akıl. Kıtabevı Yayınları. Зevıren Vecdı Akyьz. Istambul-1997.
Али Химет Берки, Осман Кескиоғлу. «Соңғы пайғамбар Хз.Мұхаммедтің (с.а.у.) өмірбаяны». Қазақшаға аударған Сәуле Дағайқызы. Анкара 1998. 447 б.
т.ғ.д., профессор Шифаеддин Севержан “Ислам дінінінің алғашқы дәуірлерінде дін мен саясат арасындағы байланыстардың негізгі бағыттары”. Ж. Естаевты еске алуға арналған “Бүгінгі дінтану мәселелері” атты ғылыми конференция материалдары. Түркістан-2004.
Mahmud Sakir. Peygamberimisiz hayati. Ceviren Ferit Aydin. Kahraman yayinlari. Istanbul 1994.
Prof. Dr. Sabrı Hızmetlı. Islam Tarıhı. Ankara 1999.
Осман Нури Топбаш. Құран Кәрім аясында Пайғамбар баяны Хазіреті Мұхаммед Мұстафа с.ғ.а. І том. Хикмет баспа үйі. Алматы 2008.
Pr. Dr. Muhammed Hamıdullah. Islam Peygamberı. Зevıren Prof. Dr. Salıh Tug. I. Cilt. Istambul-1991.
Ibn-Kesır. Kuran-ı Kerım Tefsırı. Зılt 5. Cagri yayinlari. Istambul 1990.
Ибн Хишам. Мұхаммед Пайғамбардың Өмірбаяны. ТОО «ҚАБЛАН». Алматы 2004.
Ibnьl-Esır. Islam Tarıhı. Bahar Yayınları. Зevıren M. Beşın Eryarsoy. II cılt. Istambul-1991.
Doз. Dr. Hayreddın Karaman. Islam hukuku. I cılt. Ensar Neşrıyat. Istambul- 1993
Prof. Dr. Osman Turer. Tasavvuf Tarihi. Istanbul-1995.
Imam Gazalı. Kımyayı Saadet. Зevıren A. Faruk Meyan. Istambul-1977.
Dr. M. Said Ramazan el-Buti. Fikhus-Siyre. Conca Yayinevi. Istambul-1984. Ceviren Ali Nar – Orhan.
Алау Әділбаев. Саңлақ сахабалар. Алтын Қалам. Алматы 2004.
Рукаия Максуд. Ислам. ФАЙР-ПРЕСС. Москва 2000.
В.С.Соловьев Магомет, его жизнь и религиозное учение. WWW. Библиотека Вехи. 2004.
В. Ф. Панова, Ю.Б. Бахтин - Пророк Мухаммед. www.koob.ru.
Muhammed Hamidullah. Islama Giris. Turkiye Diyanet vakfi. Ceviren Cemat Aydin. Ankara 2003.
Yrd. Doş. Dr. Hьseyın Algьl. Islam Tarıhı. Cilt I. Conca Yayınevı. Istambul-1991.
Prof. Dr. Muhammed Ebu Zehra. Islamda Savaş Kavramları. Fıkır Yayınları. Зtvıren Cemal Karaagaзlı. Istambul 1985.
Salıh Suruз. Peygamberımızın Hayatı. Zaman. Istambul 1998.
Ebu Hasan Alı en-Nedvı. Hz. Muhammedın Hayatı. Arslan Yayınları. Istambul-1999.
Julius Welhausen. Islamietin ilk devrinde dini-sisai muhalefet partileri. Cev R. Isiltsn. Ankara 1996. T.T.K evi.
Л.И.Климович. Ислам. Очерки. Издательство Акадеами Наук СССР. Москва. 1962.
Муртаза Бұлұтай Жүнісұлы. Ата-баба діні. Білім баспасы. Алматы-2000.
Yьnьs Apaydın. Musulman hukuku. Түркістан 1999.

 

491 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз