• Еркін ой мінбері
  • 08 Тамыз, 2013

РУХАНИЯТ ШЫРАҚШЫЛАРЫ НЕГЕ ШЫРЫЛДАЙДЫ?

Олжабай СабырбекСабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі

Ұлылардың отаны – Отырар топырағына табаным тиген сайын көне кенттің орнына бір аялдамай өте алмаймын. Көз алдыма бабалардың жан алысып, жан беріскен алапат шайқастары келеді. Қобыз сарыны құлағыма талып естіледі. Көнеден жеткен сол саз көкірегімде күмбірлеп, жүрегімді жұлмалайды. Әр төбенің, әр жусанның түбіне жоғалтқанымды тап қазір табатындай тағатсыздана қараймын. Талай ғасырдан бері тарихын тұмшалап келе жатқан меңіреу дала тіл қатпайды. Әлдеқайдан түйе тілінен аман қалған қурай жел әсерімен жұлын-жұлыныңды жұлып түсердей мұңлы бір әуен шығарады.
У-у-у-у-у-у-у-у-у-у...


Осы бір уіл жүрегімді уылжытып, жанымды қоярға жер тапқызбайды. Күн тас төбеге шығып алып, төңіректі өртеп жіберердей кәріне мінген. Теңіз толқынындай бұйра-бұйра төбешіктер аптаптан бұға түскендей тым жатаған көрінеді. Алыстан мұнартып желе өтіп бара жатқан түйелер тізбегі көрінді. Олардың үстіндегі сарбаздар жауын түре қуып тастап қана тынышталғысы кел­гендей түнеріп алған. Қолдарында – найза. Бастарында – дулыға. Мен жаққа мойын бұрып та қарамады. Әлден соң бұл құбылыстың сағым екенін білдім. Әдемі түс көріп жатып оқыс оянғандай бір өкініш өзегімді мысықша тырмалады. Шілденің шіліңгір күні емес пе, еріндерім кеберсіпті. Сұмдық шөлдеп тұрсам да бағзы бабалар мекенін тастап кеткім келмеді.
Мен не іздедім? Зарыққан сезімде­рімнің тарыққан талпынысы Жарат­қаннан жеткен кітаптың құдіреті мен қадірін компьютерлерге көз майын тауысқан соңғы толқынға сездіру бол­ған шығар-ау. Осы кезде менің есіме аты аңызға айналған Египеттегі атақты Александрия кітапханасынан кейінгі делінетін Отырар кітапханасы түсіп еді. Шыңғысхан Отырарды тарихтың 1220 жылы шапқан болса, содан бергі талай ғасырлар бойы таптыртпай келе жатқан кітапхананы іздемеуіміз, таба алмай келе жатқанымыз қалай? Осыдан 35 жылдай бұрын Нұрмағамбет деген малшының иті үңгірден сырты терімен қапталған араб тілінде жазылған көне кітап алып шыққан. Кітап Отырар қалашығының түбінен табылған. Бұл кітапхананың бір данасы ғана ма екен? Отырарды Шыңғысхан 1220 жылы қиратқанда кітапхана жасырын жағдайда жерге көмілген деседі. Бастарына қатер төніп тұрғанына қарамастан кітаптарды жер астына орналасқан құпия үңгір қалашыққа (катакомба) тыққандары – тарих алдында жасаған үлкен ерлік емес пе? Бұл – руханият дүниесіне жасалған шексіз қамқорлық еді.
Тарихта Александрия мен Отырар кітапханалары талай ғасырдан бері қатар аталады. Орыс тіліндегі әйгілі Бросгауз-Эфран сөздігінде (1891): «Александрия кітапханасының бүкіл Рим, Грек, Үнді және Мысыр әдебиетін сақтаған ең үлкен бөлігі біздің жыл санауымыздан бұрын 47-48 жылдарда Юлия Цезар мен мысырлықтар арасындағы сұрапыл соғыс кезінде өртеніп кеткен... Кітапхананың екінші бөлімі, яғни, Птолемей заманында жинақталған шағын кітапхана Феодосия дәуіріне дейін сақталған. Оны басқарып тұрған Серафим ертедегі мысырлық адамдардың бірінің ғибадат етуіне кектеніп, патриарх Теофильдің үгіттеуімен Серпион махалласына шабуыл жасаған жауыз христиандар жағынан өртелген болатын (391 ж). Сонымен, атақты ғалым қазынасы Әмір әскерлерінің 642 жылғы жорығынан емес, христиандардың шабуылынан ойрандалған» делінеді. Кейде атақты Александрия кітапханасын Халиф Әмір өртеген деседі. Бірақ, Британ энциклопедиясының авторлары бар кінәні Рим императоры Аврелианға артады емес пе? 391 жылы Александрия кітапханасын кімнің өртегенін әрине, тарих екшелей жатар. Әйткенмен, мұндай сорақылыққа мұсылмандарды кінәлау олар үшін тиімді еді.
Талай қырғын мен апаттан аман қалған Отырар кітапханасы ғайыптан табыла қалса жер астынан бес жүз мыңдай кітап шығатынына ғалымдар сенімді. Осы кітапхананың шырақшысы Хасамидин Сунақ ата болғанын да бүгінгілер ұмытпаулары керек. Отырар қаласының талайлы тағдыры туралы көптеген кітап жазылды. Мына бір жәйт есіме түсе кеткені. Бұл Хасен Әдібаевтің «Отырар ойраны» атты тарихи романындағы жүрек шымырлатар бір оқиға. Қайырхан Отырар кітапханасындағы кітаптарды сұрыптап алып, қалғанын өртеуге бұйырады емес пе? Қаншама қиын жолдардан өтіп қордаланған рухани қазынаның қайғылы күйі білімге, білмекке құмар адамдардың жанын түршіктірмейтін бе еді. Оқып көрелік. «Келер күннің бірінде кітап өрті кент тұрғындарын дүр сілкіндірді, медресенің алаңына жеткен кісілер жанған кітаптай қап-қара болып сілейген Қадыр үлемді көрген. Оншақты шәкірт «білім сарайынан» құшақ-құшақ кітапты алып шығып маздаған отқа лақтырып жатыр... Кейбір кітапқұмар, жансебіл жандар қолын күйдіре-мүйдіре кітапты өрттен алып та үлгерді. Оларға: «Тиме!» деген кісі болмаған». Осы кезде жанып жатқан кітаптарға қарап тұрған Қадыр үлем «Ақ қағазға жазылған ақиқат мәңгі, ақиқатты айта алған парасат иесі мәңгі» деп ой түймейтін бе еді?!
Есіме тоқырау жылдарындағы тағылық түсіп, еңсемді езіп жібере жаздағаны-ай, сонда. Мәдениет ошақтарының оты маздамай қалған шақ еді. Кітапханалар, клубтар қотыр тоқтының құнына сатылып жатқан сормаңдай кезең. Шипалы сулы ауданда бір мәшине кітапты айдалаға апарып төккен ғой. Өртемепті. Бірақ, мұның өртегеннен несі кем? Айдалада жатқан кітаптарды күн көзі-ақ жеп қоймас па?
– Обал-ай, обал! Тау болып үйіліп жатқан кітаптан таңдап, көтергенімше алып кеттім. Сосын, кітапқұмар деген көршілеріме айттым. Біразы жүгіріп барып, керектісін көтеріп келді. Мұндай жүрегім ауырмас, – деп сыр ашып еді бір әріптесім. Мұндай сорақылықтар сол жылдары әр-әр ауданда орын алды. Атағынан ат үркетін әлемдік классиктердің кітаптарын жыртып, парағына орап пісте сатқандарды да шықпаған көзіміз көрді. Тоқырау кезеңі адамдар санасын тұқыртып, мәңгүрттендіріп жіберген-ау шамасы, тап осы уақыттан бастап парасат иелері кітап десе кіржие қалатын кеселге ұшырады. Осы сорақы сырқаттың емін тапқан Адамға алтыннан ескерткіш соқса жарасады.
Сағымдарға сіңісіп ой-қиялым қиян­дарға кетіп-ақ қалған екен. Бір сары­шұнақ тышқан алдыңғы екі аяғын көтеріп, тіс­терін сақ-сақ еткізіп өз тілінде тынбай сайрай жөнелгенде селк етіп жан-жағыма қара­ғыштадым. Көз алдыма өртеніп жатқан кітап келді. Мына жаратылыстың бейкүнә мақұлығы мені мазақ еткендей ме, қалай? «Киелі көмбенің қай жерде жасырынулы екенін мен білемін. Ал, сендер адамдар неге іздемейсіңдер?» дейтіндей.
Ел іргесі сөгіліп, ертеңгі өмір бұлыңғыр тартып, туған жерге қауіп төніп тұрған кезде де, рухы мықты жандардың қызыл шоқтың арасынан қолдарын күйдіре-мүйдіре кітаптарды суырып алып жатулары кітапқа деген құрметі мен махаббаттарының шынайылығын көрсетпейді ме? Ал, біз тығулы тарихымызды түртпектеп іздеу былай тұрсын, ашық аспан астында қалған құндылықтарды құнттауға да шамамыз келмеді ғой. Әлі де солай. Кітап кісіні көкжиектегі кемелділікке жеткізетіндігін біле тұра кежегеміз кейін тартып тұрады. Күні кеше өзін зиялымын деп санайтындар үйлеріне кітап жинаушы еді. Бүгінгінің байшыкештерінің қабат-қабат үйлерінің бір бұрышынан кішкентай болса да кітап сөресін көрмейсіз. Есесіне, дарақылықтарының көрінісіндей дүние-мүлік, жиһаздар мен зергерлік бұйымдар сықап тұрады. Осы орасан байлардан «Қазақтың көрнекті жазушы пәленшенің жақында шыққан мынадай кітабын оқыдың ба?» деп сұрап көрсеңіз, басқа бір әлемге еніп кеткендей күй кешесіз. Өйткені, өмірлік өрлеу баспалдақтарында өрелі істерімен көрініп жүрген өршілдеріміз ол кітапты оқымақ түгілі, дүниеде осындай талантты жазушының бар екенінен хабарсыз болып шығады. Сосын, жынданып кетпес үшін өзіңді - өзің күштеп, тіліңді тістеп отырғаның сол.
Айбынды Арыстанбаб баба кесенесінің басынан әдеттегіше адам үзілмейді. Сонау Қарақалпақстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден келіп, бабтардың бабы Арыстанбаб әруағына тәу етіп жатқандар қарасы көп-ақ екен. Солармен еріп, кесене қасына да жеттім. Баба басындағы құдықтың кермек суы маған балдай көрінді. Аптаптан қаталап келіп, шөл қандырып болған соң жан-жағыма байыптап қарасам, зиярат етушілердің бір тобы шағын дүңгіршектер алдында үйіріліп тұр. Сондағы сатып алып жатқандары көбі­не Арыстанбаб кесенесінің суреті мен тұмарлар, үкілер, қамшылар, қын­ды қанжарлар, тақия мен орамалдар. Бірлі-жарым кітапшалар да көзге түсті. Көбісі діни, Арыстанбаб туралы ша­ғын кітапшалар. «Шіркін-ай, тап осы тұсқа кішігірім болса да кітап дүкенін салса, келушілердің көптігінен біраз кітаптар сатылып кететіндей екен-ау» деген ой көкейімнен кетпей қойды. Бір ойландырарлық жәйт, ұлылардың отаны – Шәуілдірді шыр айналсаңыз да кітап дүкенін таппайсыз. Фарабилердің Отаны саналатын Отырардың бүгінгі сиқы осы. Атақты әл-Фараби құдіреттің күшімен қайта оралса – кітап көрсе қаша­тын ұрпақты көріп күйінер еді-ау. Ал, Отырардың ойлы оғыландары болса, бүгінгі нарыққа әбден-ақ бейімделген. Түйе сүтінен таблетка жасауды меңгерген. Сол таблетканы кез келген кезде бір кесе суға салсаңыз – қымыраныңыз дайын. Сондай-ақ, арнайы ыдысқа қымыран, шұбат құйып сату жолға қойылып келеді. Қызылқұмның шөлді даласында жүгері жайқалып өседі. Шөл даланы абаттандыру жұмысы да айтарлықтай дамыпты мұнда. Осы жүйелі жұмыстарға ғылым құдіреті септесіп жатқанын айтпай-ақ қоялық. Осы тұрғыдан отырарлықтар өзгелерден оқ бойы озық тұр. Десек те, ғұмырын руханият саласына арнаған Өзбекәлі Жәнібеков туған әрі жамбасы жерге тиген жерде кітап дүкені дегенді көруге үміттенбей-ақ қойыңыз. Шәуілдір ауылын көктей өтіп келе жатқанда осы жәйттерді ойладым. Ұлылар мекені үнсіз, бұйығы күйде қалып бара жатты...
Бұл жолы қасиетті топырақ Түркіс­танға аялдадым. Қожа Ахмет Яссауи кесе­несі. Мұнда да адамдар ығы-жығы. Басына ақ орамал тартқан қыз-келіншектер, әйелдер көп екен. Алып кесенені айналып, іргетасын сүйіп жүргендер де бар. Кесене ішіне кіріп, баба жатқан тұсқа барып отырдым. Әлдеқайдан ақ сәлделі ақсақал пайда бола кетті. Ол қырағыттап құран оқыды. Кесене іші күмбірлеп кеткендей болды. Кітапханаға кірдім. Кесене жөндеуде болғандықтан, кітапхана бос тұр. Бұрындары мұнда көне кітаптар тұратын. Кесенені жаңғырту барысында бірқатар жәдігерлер қолды болған деп естиміз. Бабалардан жеткен үн – қасиетті кітаптар қолды болмаса екен деп ойладым.
Міне, қылует. Ұлы ойшыл жасы 63-ке келген соң жер асты мешітіне (қылует) түсіп, қалған ғұмырын осында өткізген. Құдайдың сөзін ұлы ойшыл жүрегіне осы жерде жеткізді ме екен? «Диуан-и Хикмет», «Мінәжат» сопылық сарындағы өлеңдері осында жазылған.
Өмір мәнін, сол өмірдегі бақыт пен махаббатты адамдар жүрегіне нұр құюдан Қожа Ахмет еш жалықпаған. Бұл оның ақиқатты шарқ ұрып іздеген кездері еді. Ахмет сол Ақиқатты Аллаһтан тапты!
Мінәжат ойлады мүскін құл
Қожа Ахмет,
Илаһим, бәндең десең қыл бір
рахмет.
Сөз қалды қаріп Ахмет тірі дейтін,
Түссе де жер астына шірімейтін.
Мансұққа мені ұшырып қор
болмайды,
Бәнде етіп оқығанда шер толғайды.
(Көне түркіден ақын Сәрсенбек Саха­баттың тәржімесі).
Осылай жырлаған Қожа Ахмет Яссауидің тағылымы өзінің асқақ кесенесіндей әр­кез биіктен көрінер. Жер астына түссе де шірімеген ұлы бабадан мәңгілікке ұмы­тылмас сөз қалды. Оның хикметтерін оқы­­ған бенденің, оқыған жанның жүрегін шер толғамақ. Бірақ, осындай қасиетті қалада да кітап дүкенін емге таппайсыз. Киелі Түркістанда қоғам және мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың, өмірден ерте кеткен жалынды жазушы Саттар Ерубаевтың мұражайлары бар. Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанында фи­ло­логия ғылымдарының докто­ры, профессор, халықаралық «Алаш» сый­лығының лауреаты Құл­бек Ергө­бектің жетекшілігімен жаб­дықт­алған үлкен кітапхана бар. Мұнда әлем клас­сиктерінің небір жауһарлары табы­лады. Осындай орасан зор еңбек етіп, ертеңгі ұрпақтың руханият дүниесі үшін тер төккен Құлбек ағаға қалайша риза болмассың. Айтпақшы, халықаралық университеттің өз баспаханасы да бар. Ғалымдардың, оқытушылардың монографиялары осында басылады. Өкініштісі сол, Орта Азияның түкпір-түкпірінен толассыз келіп жатқан туристерге көрсетер кітап дүкені Түркістанда да жоқ! Есесіне көне кентте сауда орталықтары, қонақ үйлер, мейрамханалар, ойынханалар, сыраханалар өте көп. Киелі деген ша­һа­рыңызда түнде шайтандар ойнақ салып, мыстандар сақ-сақ күліп жатады. Имандылық пен имансыздық арасындағы бітіспес майданның мәңгі жалғаса беретіні жүрек ауыртады!
Түрік жұртының «Баянын» әңгімелеген Фетхуллаһ Гулен: «...ғылым мәнерінде ақылдық, қисындық және көңіл-күйлік ұстамсыздыққа жол бермейтіндей түзу қисын, жүйелі ой және хикметке сүйенген сөз орныққан» деп жазады.
Демек, хикмет – даналық,
Диуан-и Хикмет», «Даналық дәптері» деп тәржімаланып жүр.
Қасиетті Құран-Кәрімнің «Бақара» сүресінде «Аллаһ қалаған адамына хикмет береді. Алла кімге хикмет берген болса, оған мол игілік тарту еткені. Тек ақыл иелері ғана мұны түсіне алады» делінеді.
(«Бақара» сүресі, 269 аят).
Даналық дарып, оған мол игілік тарту еткен жерде дүниеқоңыздық пен дарақылық орын алғаны қалай? Өкі­ніштісі, адамдар қараңғылықтың келерін күн көкжиекке қонғаннан соң ғана ойлайды.

***
Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Сәуірбек Бақбергенов, Төлеген Тоқбер­генов сынды тарландар өмірге келген сырлы Созақ топырағы да тұнған тарих. Қарт Қаратаудың теріскей беткейінде, Жылыбұлақ қайнарының іргесінде күллі түркі халықтарының әулиесі Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесі жаңа үлгіде асқақтап тұр. Бабатада Ысқақ баб жатыр. Созақта Құл Қожа Ахмет Яссауидің замандасы делінетін Қарабура әулие жатыр. Жетінші ғасырларда гүлденіп, ірі сауда орталығына айналған көне Құмкент қаласының астында қаншама көмулі құпия жатыр. Жетпісінші жылдары Құмкенттөбенің жанынан киізге оралған бір қоржын кітап табылған еді. Осы жылдары Құмкент қаласының орнын ашқалы келген ғалым Әлкей Марғұланның қолына осы кітап түсті ме, түспеді ме, бүгінде ол арасын тап басып айтып берер көзі тірі куә таптырмай тұр. Бір білеріміз, осы Құмкентте де кітапхана болған.
Жібек жолы бойына орналасқан көне кентке ары-бері ағылған керуеншілер араб, түркі, парсы тіліндегі кітаптарды әкелмеуі мүмкін емес. 1855 жылы осы Құм­кент ауылында туылған Шәді Жәң­­гірұлы «Төрт дәуріш», «Хи­каят Камарзаман», «Хатымтайдың хикаялары», «Хикаят Орқа-Күлше», «Хи­каят Халифа һарон ар-Рашид» қисса-дастандарын нәзира түрінде жыр­лағанда ата-бабаларынан құлағына сіңісті болған-ау. Жалпы, ескі адамдар шығыс әдебиетіне өте жетік болушы еді. Солар көне кітаптардан кешегіге жетпесіне кім кепіл? Сонау арабтағы, түркідегі, пар­сыдағы, азірбайжандағы, татардағы, басқа да елдердегі жыр жауһарлары, әде­­биет асылдары қазақ жеріне көш-ке­руендермен келген. Арабтар ұлан байтақ жерге мұсылмандықпен бірге араб тіліндегі кітаптарды да әкелген. Ғылымның соңғы дерегі бойынша қаңлылардың өз жазуы болған деседі. Олар сол жазуын қышқа жазып сақтаған. Егер, Құмкент қаласы мен Отырар кеңірек зерттелсе, ғасырлар құпиясын сақтаған қасиетті кітаптар жер қойнауынан алтындай жарқырап шыға келер ме еді? «Шыға келер еді» дейді менің көңіл құбылнамам. Бірақ, жер бетінен кітап таба алмай жүрген мына қасаң заманда жер астындағы кітапты қайдан табамыз?

***
Сонымен, қойнауы қазынаға, әр тасы мен топырағына дейін тарихқа толы Созақтан кітап дүкенін таба алмай қайттым. Басынан адам үзілмейтін Баба Түкті Шашты Әзиз, Ысқақ баб, Қарабура әулие шырақшылары Арыс­танбаб, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанындағыдай кітапшалар да көрмеген мұнда. Қазақ жеріне даналық әкелген, Алтын Орда қорғаушысы болған, Мәс­кеудің төрінде ат ойнатқан Едігедей батыр сыйлаған Баба Түкті Шашты Әзиз тарихын білгісі келгендер осы жерден шырақшы айтқан шолақ әңгімеге қанағат тұтып аттанады. Ал, Құмкент жөніндегі дерек тым қысқа. Тарихтан бір кезеңдерде Құмкентті Баба Түкті Шашты Әзиздің әкесі Құтлуқия басқарғанын білеміз. Осы атақты жиһанкез Әмір Темірмен замандас, табақтас болған деседі. Бірақ, Құмкент қаласы қай кезеңде жермен-жексен болды? Оны кім қиратты? Бұл жөніндегі деректер де сараң сөйлейді.
Құмкентті талай ғасырдан бері құм, топырақ басып жатыр. Үлкен төбенің үстінен, маңайынан талай рет қылыш, жебенің ұшы, құмыраның сынығы табылған. Қ.Сәтпаев атындағы №2 негізгі мектептің мұражайында бүтін құмыра да бар. Әмір Темірдің өсиеттері, өмірі бізге аманат болып жетті. Бірақ, Құмкент тарихы үзік-үзік болып орта жолда шашырап қалғаны қинайды. Тағы да еске түседі, 1960 жылдары Құмкент топырағына қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің табаны тиді. Сәбит Мұқанов та Құмкентке келіп, талай тарихты тыңдап кеткен. Мәскеудегі отадан соң оянбай қалмағанда данышпан Мұхтар да оянған өлке туралы керемет кітап жазар ма еді? Сонда Созағыңыздың, Құмкентіңіздің талай тарихы таңбаланар еді. Бәйдібектей ұлы тұлғаның ата қонысы – осы аттас ауданда да кітап дүкені дегеніңіз түсіңізге кірмесін. «Темірлан» атты тарихи роман жазған «Шаянның Шолоховы» – Еркінбек Тұрысов бүгінде Шымкентте тұрады. Жыл сайын кітап шығаратын өнімді жазушының еңбектерін қай дүкеннен аларын білмей бәйдібектіктер сарсылып жүр. Аян Нысаналин, Баян Бекетова сынды ақындары бар аудан бір кітап дүкеніне зәру.
Мырзашөлдегі Мақтаарал, курортты Сарыағаш, шағалалы Шардара, кеме қалған Қазығұрт, ағысты Арыс, жерінің түгін тартса майы шығатын Түлкібас, Төлеби, сансыз бабты Сайрам, үш жүздің басын қосқан Ордабасы да тарихқа тұнып тұр. Бүгінгі тұрғындары заман талабына сай әбден-ақ бейімделген. Қысы-жазы бала-шаға үшін маңдайларынан тер шүмектетеді. Содан ба, бұл аудандардың адамдары да кітап іздей бермейді. Жұмыстан қол босаса әр үйде бір-бір «қара жәшік» тұр. Интернет жәшік ит өлген жердегі хабарыңызды алақаныңызға салады. Ендігі үміт облыс орталығы – шырайлы Шымкентіңізде. Бірақ, Қазақстан Жазушылар одағы ОҚО филиалының директоры, Физули атындағы халықаралық сыйлықтың иесі, ақын Әбілда Аймақтың айтуынша, соңғы 10-15 жыл көлемінде орталықтан бір кітап дүкені ашылмаған. Ең соңғысының ашылуы да кездейсоқ. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының қарсы алдындағы «Сәуле» асханасы болатын. Осы асхана тоқырау жылдары бір байшыкештің қолына өтті де, артынша кеңсе заттарын сататын дүкенге айналды. Заман ағынын аңғарған дүкен иелері «студенттерге керек болады» деді ме, әуелі қалам-қағазды көбейтіп еді, соңғы кезде оқулықтар басып кетті. Шетелдерден әкелінген кітаптар да көп. Қазақ тіліндегі әдебиет, әй қайдам, жоқ та шығар-ау. Ал, «Төлеби» кітап дүкені Тәуке хан даңғылы бойында. Ол бір баспаның өнімдерін ғана сатады. Келісім-шарттары солай. Обалы не керек, мұнда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің кейбір кітаптарын табуыңызға болады. Алайда, соңғы кезде мұнда оқулықтар қаптап кетті. Өйткені, оқулықтар сауда айналымында сұранысқа көп ие.
Бұдан басқа да жекеменшік бірлі-жарым кітап дүкені болғанымен, заты бөлек. Қазіргі өтімді тауарлар – кеңсе бұйымдары басымдыққа ие. Сонда, бір басында бірнеше мейрамханасы, қонақ үйі, бизнес орталықтары, саунасы бар жаңа қазақтар кітап дүкенін ашуға келгенде кежегелері неге кейін тарта қалады?
– Өйткені, кітап дүкеніне қонақтарын ертіп бара алмайды. Оларды ішкізіп-жегізу үшін моншақтай мейрамханалар мен оңаша сауналар керек, – дейді Әбілда ақын.
– Жуырда, – деп сабақтайды әңгімесін Оңтүстік ақын-жазушыларының басын қосып отыратын қара шаңырақ шырақшысы Әбілда Аймақ, – облыс әкімдігінде зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Сонда, мен жергілікті жазушылардың жанайқайын жеткіздім. Олар кітаптарын демеушілер тауып немесе өз қаражаттарымен шы­ғар­ғанымен еш жерге өткізе алмайды. Туған-туыстарына, таныстарына бір-бір кітап сыйлар. Қалғанын қайтеді? Әрине, үйлеріне жинап қояды. Қазір жазушы Ерсін Қойбағарұлының үйінде үш томдық кітабы толық жинаулы тұр. 3500 дана. Ал, кентаулық жазушы Есқара Тоқтасынұлының 5000 дана кітабы үйінде. Жалпы, бізде 54 Жазушылар одағының мүшесі тіркелген. Солардың тең жартысы жоғарыдағылардың кебін киген. Зиялы қауым өкілдерімен кездесуде мен осы жәйтті көтердім. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстық мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбековадан «бұл мәселені қалай шешуге болады?» деп сұрады. Ол «біз кітапты тендер арқылы ғана аламыз, бірақ, сіз айтқан мәселені шешудің жолын қарастырайық» деп көп алдында уәде беріп еді. Содан бері де алты ай аунап түсті. Мәдениет басқармасы жаққа қараймыз, тым-тырыс.
Бәлкім, бір қозғалыс бар шығар деген үмітпен облыстық мәдениет басқармасына келдік. Сөйтсек, мұндағылар «Мемле­кеттік сатып алу» Заңының 4-бабына сүйенеді екен ғой. Былтыр 76096 кітап осы жолмен келіп түскен. Оңтүстік Қа­зақстан облысының тумалары Е.Тұ­рысов, Д.Исабеков, М.Шаханов, С.Сапарбай, Қ.Ергөбек, М.Байғұт, Б.Алдиярдың мемлекеттік тапсырыс­пен шыққан кітаптары келіп түскен. Жетеуінің кітабын қосқанда 1400 дана ғана. Кітап алуға облыстық бюджеттен былтыр 33 миллион 611 мың теңге қарастырылған. Осы қаржыға 22 725 дана кітап алынған. «Жазған құлда шаршау бар ма?». Мұнан соң салып ұрып А.С.Пушкин атындағы облыстық әм­бебап-ғылыми кітапханасына келдік. Мұндағылар жергілікті бюджеттен 4 миллион 300 мың теңге бөлінгенін алға тартады. Осы қаражатқа 2338 кітап алынған. Оның 1901 данасы қазақ тілінде көрінеді. Облыстық кітапханаға кітаптар көбіне мемлекеттік тапсырыспен түседі. Келіп түскен кітаптардың 85 пайызы көркем әдебиетті құрайтындықтан, жергілікті бюджеттен түсетін қаражатқа тек қана салалық әдебиеттер алынады екен. Сонда айналып келгенде жергілікті ақын-жазушылар тағы да қалтарыста қала береді.
Қалтарыс дегеннен қайдағы-жайдағы қоябамыз қозып айтамыз ғой, облысты Болат Жылқышиев басқарған жылдары жергілікті ақын-жазушылардың, басқа да өнер адамдарының көктен іздегені жерден табыла кеткені бар. Болат жазушының ұлы емес пе, бұл мәселеге түсіністікпен қарады. Қазақстан Жазушылар одағы ОҚО филиалы жанынан арнайы комиссия құрғызып, іріктеуден өткен кітаптарды сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлдірді. Соның арқасында көптеген ақын-жазушылардың кітаптары үйлерінде тышқанға жем болмай, кітапханаларға өткізілді. Өкініштісі сол, осы жақсы бастама жалғасын тапқан жоқ. Осындайда Болаттай өнер адамдарына жанашыр жан іздеп жүрек шіркін шағаладай шарқ ұрады.
Алдымызда облыс әкімі Асқар Мырзах­метовтің 2012 жылы атқарған жұмыстар бойынша есебі жатыр. Оқып көрелік:
«Облыс кітапханалары 189,3 мың дана жаңа кітаптармен толықтырылып, кітап қоры 6 миллионнан астам данаға артты. «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» және «Жаңарған, жасарған Оңтүстік» атты жаңа кітаптар жарыққа шығарылды» делінеді мұнда. Сондай-ақ, екі ауылдық кітапхана ашылғаны айтылады. Өкініштісі сол, кітап дүкені туралы бір ауыз сөз емге таппайсыз. Айтпақшы, Шымкент қаласының жаңа Бас жоспарына сәйкес шаһардың шығысынан басқарушылық-әкімшілік ғимараты бой көтермек. Осы жаңа жобаға шұқшиып қарап көрдік. Театр салынбақшы екен. Тақиямызды аспанға аттық. Мәдениетті ел мәуелі болмақ. Кітапхана салынбақшы екен. Тағы да бөркімізді көкке лақтырдық. Білімді елдің болашағы жарқын. Ал, кітап дүкені. Тосырқаған жеріміз осы болды.
Бүгінде республика бойынша үшінші қала делінетін Шымкент күн сайын жасарып, жайнап келеді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы саябақ, мемлекеттік рәміздер аллеясы, Дендробақ, «Даңқ», «Шәмші әлемі» аллеясы, Астана даңғылы, Неке сарайы, «Қошқарата» демалыс аймағы, тағы басқа да мәдени ошақтар қай елдің қадірлі қонағы болса да ұялмай көрсететін орындарға айналды. Бүгінде Бадам өзені бойын абаттандыру қызу жүргізілуде. Осыларға қарап отырып, ақын-жазушылардың шабыты келеді. Туған өлке табиғатын, сұлулығын жырға қосады. Өскен, өркендеген өлкенің өрендері туралы терең ойлы повестер, романдар жазады. Бірақ, сол кітаптарын сататын облыста бірде-бір кітап дүкені жоқ. Обал-ақ. Облыс әкімінің бастамасымен Шымкентте осыншама демалыс аймақтары, әлеуметтік нысандар салынып жатқанда бір кітап дүкенін салу соншалықты қиын болып па? Қиын емес, алайда құнт жоқ. Құнт болмаған соң руха­ният ошағының бір аяғы ақсамағанда қайтеді?
– Дендросаябақта адамдар аяғы қас қарайғанша үзілмейді. Жас жұбайлардың серуендейтін орнына айналды. Осы жерге кітап дүкенін салса, қаншама адамның бір бөлігі неліктен кітап дүкеніне бас сұқпайды? – дейді Әбілда көкем тағы да.
– Біз жаңа шыққан әдеби кітаптарды оқи алмайтын болдық. Кітаптар дүкендерге түспейді. Сондықтан, оларға қалай пікір айтып, бұрынғы кітаптармен салыстыра аласың. Оқырмандар жаңа кітаптарды кітапханаларға барып оқып жүр дегенге сену қиын.
Ең тиімді жолы – баспалар мемле­кеттік болу керек. Кітап сататын дүкен де мемлекеттік болу қажет. Бәрібір мемлекет әлгі қаптаған баспаларға бюджеттен ақша бөліп қаржыландырып отыр емес пе?.. Болмаса, жаңа шыққан кітаптарды кітап дүкендерінде арзан бағамен (мысалы, 200 теңгеден) сатса. Сөйтсек, халықтың кітап дүкендерінен кітап сатып алу мүмкіндігі туар еді. Сол кітаптардың біра­зы өтіп кетсе, пайдалы болар еді. Ал, өтпей жатса, бір жылдан кейін оларды кітапханаларға жіберсе. Ақыры, бүкіл шығынды мемлекет көтеріп отыр ғой. Қазір халықтың кітап оқымайтынына дәлел керек болса, онда кітап дүкендеріне барыңыз. Дүкендерде сіресіп тұрған орыс тілінде шыққан кітаптар. Қазақ тіліндегі кітаптар соның оннан біріне де жетпейді. Орыс тіліндегі кітаптарды Ресейден әкеліп сатып жатқан орыс бизнесмендері. Оларда өтетін болған соң, аз-кем пайда табатын болған соң әкеледі де... Демек, орыстар кітап оқу қабілетінен ажырамаған. Елімізде соңғы өткен санақ бойынша 3 миллионнан астап орыстар тұрады, ал, кітап дүкендеріндегі кітаптардың 90 пайызы орыс тілінде шыққан кітаптар... Елімізде тұратын қазақтар 11 миллионнан астам. Сонда, неге қазақ тіліндегі кітаптар 10 пайыз ғана? Бұл бұлтартпас дәлел, бізде кітапқа деген сұраныстың жоқтығын білдіреді. Өстіп әрекетсіз отыра берсек, бір айла, жолын таппасақ, келешекте халқымыз кітап оқымайтынын, оның өресінің төмендігіне бірден-бір айғақ болғалы тұр... Бұл алаңдайтын симптом, жаман «фактор», - депті ақын Ескен Елубай «Қазақ әдебиеті» газетінің (№43. 28 қазан-3 қараша. 2011 жыл) «Әдебиеттің ұлылығы неде?..» атты сауалнамасына орай.
Осы ойды тірілтіп айтар болсақ, бүгінде «ойбай, не дейсің, қазір жастар кітап оқымайды. Олар компьютерге құмар» деп жастарымыздың құлағын өзіміз көтеріп жүрміз. Жастарды кітап оқуға өзіміз үйретпесек, оларға кінә артып неге керек? Бүгінгі жастардың сөздік қорлары тым жадағай, азайып кетті. Көркем, астарлы, бейнелеп, түрлендіріп сөйлеу дегенді бүгінгінің балалары мүлдем білмейді десек, артық айтпағандық болар. Олар шынайы өмірде де компьютердегі «агентте» отырғандай қысқа, қасаң сөйлейді. Өз ойларын көркем бейнелеп жеткізетін жастар қазір жоқ десек те болады. Өйткені, мектептерде шығарма жаздыру ұмытылған. Тест сұрақтарына нүкте белгілеп жауап беретін кездейсоқ таланттар көбейген заман.
Меніңше, облыс, аудан басшылары ескерер, үнемі жадында ұстар маңызды бір мәселе бар. Руханият шамының жарқырап тұруын ойлаған басшылар қаламгерлер қауымын қапаста қалдырмаған. Тіптен, сонау ықылым замандарда да патшалар, хандар жандарына жылнама, тарих жазатындар ұстаған. Оларға ерекше қам­қорлық жасалған. Бүгінде нарық көлігінен түскісі келмейтіндер рухани құндылықтардың жолын кесу жолында түрлі айла-шарғылар ойластыратын болды. Осылай мәдениет, әдебиет, руханият әлеміне шабуыл күшейіп тұр.
Міне, осындай алмағайып кезеңде қаламгерлерді қолдаудың бір жолы бар. Ол – орталықтардан, мейлі мемлекеттің, мейлі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кітап дүкендерін ашу. Егер, сол дүкенге әр жазушы өз кітабын өткізсе, сатылғандарының қаржысын ай сайын алып тұрады. Тіпті, кітабы өтпей жатса, арзандатуы керек. Осындай жолдармен барлық жазушының көңілін табуға болатындай. Бұл жерде кітап дүкенінің сатушысы кітап үстінен түскен қаржыға айлық жалақысын шығарып алуға мүмкіндік әбден-ақ туатын сияқты. Біздің осы ұсынысымыз әкімдердің құлағына жетсе игі.
Жазушы Өтеш Қырғызбаев өзінің алпыс жылдығына байланысты берген сұхбатында: «Астанаға барған сайын академиялық кітапханаға жаңадан шыққан кітаптарымды беріп кететінмін. Соңғы барғанымда: «Ағай, кітаптарыңыздың электрондық нұсқасын тапсырыңыз. Біз электрондық кітапхана жасақтап жатырмыз» деген сөз естідім. Соған қарағанда кітапты жастанып жатып, кейбір сөзінің астын сызып, құмартып оқитын дәуреннің ауылы алыстап бара ма деймін» деп қынжылыпты. Осы қынжылыс барлық ақын-жазушылардың басында бар. Өркениет көшіне ілесеміз деп өз қолымызды өзіміз кесіп жатырмыз. Егер, яки, электронды кітапхана дегенді енгізбесек қой, жастар қолдарына кітап ұстар еді. Әдемі, жатық сөйлеуге үйренер еді. Бүгінде билік басына компьютербасты біреулер топырлап келіп жатыр. Мінбелерде құраған сөйлемдеріне қарап, айқаптағы жының қозады. Тегінде, қазақ тілінің тамырына осылар балта шабады.
«Қадірлі қазақ оқырман! Ұлы Гетенің ұлы «Фауст» жыр-дастаны алдыңызда. Әсем жырды оқып, әсем кітапты қолға ұстау бақыт қой. Интернет жәшікті ақтарып оқығаннан не ләззат табасың?! Таба алмайсың. Ал, мынау алдыңда жатқан әсем безендірілген көркем кітапты өзің оқысаң да, жақын досыңа сыйға тартсаң да керемет емес пе? Ертеде жас қазақтар бір-біріне кітап сыйлаушы еді. Сол үлгі ұмыт болды. Сол үлгіге жан бітірмейміз бе?! Тәлім аясында кеңейтер кез келді емес пе?» дейді жазушы Роллан Сейсенбаев «Алпыс жыл жазылған алып жыр» атты мақаласында. («Егемен Қазақстан». 18 қазан. 2012 жыл). Расында, тәлім аясын кеңейтер кез келді. Көркем кітапты өзің оқысаң да, жақын досыңа сыйға тартсаң да жақсы емес пе? Осыны оңтүстіктік оғыландар түсіне алмай-ақ жүр. Осы базынамызды жазу үстінде «Ана тілі» газетінің 2012 жылғы №38 номеріне көзіміз түсіп еді. Қостанай облысының Л.Толстой атындағы кітапхананың директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Гүлжамерия Қазинаның «Америкалықтар да кітапты жақсы көреді» атты сұхбаты тақырыбымен-ақ тарта жөнелгені. Сұхбатты алған Оразалы Жақсанов екен. Сонда Гүлжамерия ханым бүй депті: «АҚШ-та кітапқа, кітап оқуға деген көзқарас ерекше. Интеллектуалдық байлықты жоғары бағалайтын елде солай болуы заңды деп ойлаймын. Әрине, шетелге барған соң, көптеген дүниелерді салыстыра бастайсың. Бір байқағаным, ол жақтан үйренер тұстарымыз аз емес екен. Үлкені де, кішісі де ерекше кітапқұмар. Америкадағы кітапханалар біздікі секілді тек екі-үш қабатты ғана емес, көпқабатты болып келеді. Оқырмандар үшін керекті жағдайлардың барлығы жасалған. Мәселен, онда кәдімгі кітапхана оқырмандары мен ақын-жазушылардың кездесулерін биік лауазымды шенеуніктердің, губернатордың жұбайы немесе қалталы бай әйелдер үйінде өткізетіндігін білгенде таңырқай қарадық. Міне, мұның бәрі де біздің еліміздегі зиялы қауымға үлгі-өнеге іспетті. Жергілікті меценаттар руханият саласына қамқорлық танытуды өздерінің азаматтық ісі деп біледі. Осы жолда өз қаражаттарын аямайды». Біздің шенеуніктердің әйелдері үйлерінде қанша тірі жазушыны көріпті? Кілең бай-бағландарды, шіренген шілтеңбайларды ғана көретін бай бәйбішелері кітапхананы емес, қымбат дүкендерді көп жағалар.
Біздің өлкеге кеңінен танымал бір әкімшілік қызметкерінің үйінде кітап көбейіп кетіпті. Көбіне оған жазушылар кітаптарына қолтаңба беріп қалдырса керек. Кезекті бір күрделі жөндеу кезінде кітаптың көбінен қолы байланған келіншек күйеуінің бар жиғанын сыртқа шығаруды жүктеген ғой жұмысшыларға. Сөйтіп, үйдегі қоқыстармен бірге кітаптарды да сыртқа шығарып тастапты. Кейіннен күйеуі мен келіншегінің арасында қандай керістің болғанын білмедік, бірақ, осы жәйттің өзі бізді едәуір ойландырып тастады.
Құдай қосқан қосағыңыз сіз жинаған кітапқа қалай қарайды?
Ойланып көрдіңіз бе?
Енді, осыдан соң, руханият шырақшы­ларының не үшін шырылдайтынын ұғынуға болады. Жуырда «Шымкенттегі Ахмет Байтұрсынов көшесі бойында баспахана маңында кітап дүкені ашылыпты» дегенді есітіп, барып көруге құмарттым. Дүкен дегеніңіз дүңгіршектей ғана бір бөлме екен. Сөрелерді сүзіп шықтым. «Құран-Кәрім», «Мұхаммед пайғамбар», «Күдікпен күрес», «Ғылымхал» сияқты діни кітаптар толып тұр.
– Аға, бұл ҚР Діни істер жөніндегі Агенттігі мақұлдаған, яғни, сатуға рұқсаты бар кітаптар, – деді сатушы жігіт.
Мен басқаша ойлап тұрдым. Адасқан адамдарды түзу жолға салу үшін Жаратушы Иеміз Көктен кітап түсірмеп пе еді? Сауаты жоқ Мұхаммед пайғам­барымызға (с.ғ.) «Оқы!» деп бұйырған. Адамзатқа, көздері тұмандана бастаған қазаққа дәл қазір осы «Оқы!» деген бұйрық керек болып тұр-ау.
Ахмет Байтұрсынов – ұлт көсемі. Ол да қараңғы халықты жарыққа алып шығу үшін ғұмырын күреспен өткізді.
Осы екі сәйкестік маған бекер емес­тей көрінді. Соқырлана, сиқырлана бастаған ұлт кеудесіне сәуле себелер бір құдірет керек екенін ойлап, шілдеде денем тоңазыды...

567 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз