• Заманхат
  • 08 Тамыз, 2013

Инвестиция адамға жасалуы керек

БұлұтайМұртаза Бұлұтай,
дінтанушы

– Мемлекет үшін жер асты ресурстары емес басты орында адам ресурстары тұруы қажет. Өткенімізге ой жүгіртіп, бүгінімізді саралайтын болсақ қызық үрдіске тап боламыз. Кеңес Одағы кезінде атеизмді оқытып дін апиын деуші еді, ал, бүгінгі таңда барлық діндерге есігімізді де, ой-сана жүрегімізді де ашып салдық. Кеңес Одағында ұлтшылдар жау саналатын еді, ал, қазір ұлтшылдарға зармыз. Дін мәселесіне келгенде сол тұста жүргізілген саясат бәлкім дұрыс та болған шығар. Өйткені, қазіргі жүргізілген саясаттың арқасында дін проблемасы өршіп те кетті. Дұрыс пен бұрыстың байыбына бару да қиын болып қалды. Ақты ақ деп, қараны қара деп ажыратып беріңізші?


– Кеңес Одағы тұсында материализм мен атеизмге негізделген низамда өмір сүрдік. Қазір біз жиырма жылдан астам кейін, шегініс жасап, сол бұрынғы қоғамның артықшылықтары мен кемшіліктерін сарапқа салу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бүкіл жер бетін дүркіретіп, дірілдеткен қылышынан қан тамған, әлемдегі супер күш «Қызыл империя» құлағаннан соң көбіне оның кемшін тұстары, әкелген апаттары, зияндары тілге тиек етілді. Бұғаудан шыққан жұрт темір перденің артындағы былықтарды паш етіп, еркіндіктің де лебімен тарқаған Одаққа қарсы насихат көбейді. Бүгін біздер таразыға салып, шама-шарқымызша төрелік айтатын халге жетіп отырмыз. Дегенмен, Кеңес дәуірінің пайдалы, өнегелі жақтары да болды, оны мойындауымыз керек. Жалпы тәртіптің болғаны, заңның орындалғаны, азаматтарға жаппай білім беруі, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдени шаралар т.т. жағынан болсын дүниежүзінің көптеген елдерінен ілгері еді. Ал, көптеген кемшіліктеріміз де болды, ең бастысы тәуелді болдық. Қара нан мен қара шай ішсек те тәуелсіздік бәрінен артық. Кеңес Одағы құрылған алғашқы жылдары діндарларға аса бір қысым болмаса да, әсіресе, Сталин билікке келгеннен соң бірте-бірте дін атаулымен күресу, ұстағанын қамап, жер аударту, тіпті, ату сияқты науқанға айналған қатыгездіктер орын алды. Бұл енді ұзақ әңгіме. Бірақ, қазіргі егемендік дәуірінде қарама қарсы процесстер жүріп жатқаны таңдандырады. Одақ құлағанда 74 жыл бойы атеистік, материалистік жүйеде тәрбие алып, өзінің рухани бастауларына шөлдеген қоғамда моральдық вакуум пайда болды. Оған әлеуметтік, саяси, мәдени, т.б. салалардағы вакуумды да қосыңыз. Тоқсаныншы жылдардың басындағы жұрт күтпеген жерден түрлі тапшылыққа, атап айтқанда, тауардың, заттың, жұмыстың тапшылығына душар болып, бұрын бір жүйеде туып-өскен ұрпақтар не болғанын білмей қалған жағдай болды. Тәуелсіздікті өмірі көрмеген, оны сезінбеген көпшілік жаңа мемлекет қалай болар екен деп алаңдады. 74 жыл дегеніңіз аз уақыт па?! Міне, осындай тапшылықтар сахнасында азаттыққа, кең бостандыққа ие бола қалған халық көрінгеннің соңынан ерді де кетті. Мысалы, дінге, діни сенімге шөлдеген халық тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылында тәуіп, әулие, бақсы, балгер, көріпкелдер мен барыпкел-шауыпкелдерге ерді. Сәуегейлер, ғайыптан жаңалық ашатындар, түрлі-түсті әулиелер, аталар, бабалар, аналар пайда болды. Алматыдағы үлкен алаңдарда, стадион мен цирк ғима­раттарында мың-мыңдаған халықты жинап, сеанстар өткізіп, діни сауаты жоқ жалпақ жұртты бірнеше жыл бойы өзінің соңынан ергізіп, коммерциялық табысқа жеткен «дінпаздар», «сенім қанаушылары» пайда болды. Алайда, осы комедияны халық түсініп, оның жалыны өшіңкіреп қалды. Азаттығымыздың екінші 10 жыл­дығында болса консервативті схолас­тикалық, фундаменталистік, догматтық ағымдар, көр-соқыр сенімге негізделген ұрдажықтар әлгілердің орнын басты. Сырттан келген ағымдар мен іштегі жандайшаптары халықты өз қорасына кіргізумен әлек болды. Біз қазір сол уақытта тұрмыз. Қазір қоғамымызда, әсіре, діншілдер мен қанаушы дінпаздар пайда болды, дін атын жамылған ағымдар мен ұйымдардың қоғамға, тіпті кейбір мемлекеттік орындардағы азаматтарға ықпалы едәуір күшейіп кетті. Олар бұқаралық ақпарат құралдарынан білім жүйесіне дейін, бизнес саласынан мемлекеттің құрылымдарына дейін кіріп кетіп, ықпалын енгізіп жатыр. Оңын-солын ажырата алмаған талай жұрт осылардың жетегінде кетті. Күні кеше ғана «Құдай жоқ!» дейтін қылышшыл атеист қоғамнан небары оншақты жылдың ішінде өзінің қандас бауырын діни себептерге байланысты бауыздайтын террористер мен көр-соқыр фанаттар шығады дегенге кім сенуші еді?! Қазақстан азаматтары халықаралық террор топтарының ішіне кіреді, Гуантанамода қамақта отырады, шетелдердегі лаңкестік қылмыстарға араласады десе сенер ме едіңіз?! Өкініштісі, қазір екі оғаш, қарама-қайшылығы мол қоғам пайда болды. Бұрынғы қоғамда «бәріміз теңбіз, пролетариаттар бәрің де бірігіңдер!» деп, ұран салып отырған адамдардың ішінен жер бетінде теңдесі жоқ капиталистер шықты. Бұрынғы «Құдай жоқ», «дін апиын» дейтін қоғамнан қазір «имансыздарға орын жоқ!» дейтін, басқа сенімдегілерге теріс қарайтын, көр-соқыр һәм санасыз сенім мен қазіргі заманға сай келмейтін догматтар бойынша өмір сүруді қалайтын қоғамға ауысып бара жатырмыз. Дінпаз ұрдажықтар қатыгездік культін өз қатарларына ілінген пенделерге таратып, айналасындағы адамдарға, тіпті, қысым жасап яки күшпен діни жолға салатын жағдайлар да орын алып жатқаны қынжылтады, тіпті, үрей­лен­діреді. Өкініштісі, бізде «зиялы мұсылманшылықтан» гөрі надан дінпаздық, діни қанаушылық, кертартпа діншілдік көбірек етек жайып келеді...
– Жерді Күн жүйесінің планетасы және аспан денесі ретінде, шар тәрізді айналып тұратынын білеміз. Оны кітаптан оқыдық. Яғни, ғалымдардың айтқанына сендік. Егер, сенім болмаса ғылым да болмас еді. Демек, адами сенімнің бәрінен үстем екенін аңғаруға болады. Біздің қоғамдағы түйткілді мәселелердің орын алуына, осы адами сенімнің күшейіп, діни сенім әлсіреп, асыл ғылымнан қол жазғаннан туындаған жоқ па? Халық неге ата-баба дінінен, хақ жолдан тайып, түрлі ағымдар мен секталардың тұзағына тұсауланды?
– Қазіргі кезеңде қоғамның дін­шіл­денуі жан-жақты зерттеп, ізденіп, оқып, талқылап, терең ойға барып, мойындағандықтан болып отырған жоқ, көбіне кең таралған әлеуметтік феномен, әлеуметтік құбылыс сипатында болып жатыр. Алуан түрлі діни ағымдар мен діни ұстанымдар қарқынды таралып келеді. Осы әлеуметтік өзгеріске мысал да көп. Мәселен, діндарлығын я қажылығын паш етіп, оны мүмкіндігінше жариялап, көрсетіп, осы бір қырын белгілі бір дәрежеде насихаттап жүрген азаматтарымыз шығып жатыр. Өнер адамдарының ішінде діни тақырыпта өлең шығарып, ән айтып, бейнебаян түсіріп жатқандар көбеюде. Газеттерді алсаңыз діни тақырыптағы мақалалар мен ақпараттардың алар үлесі артуда. Радио мен теледидарда кәдімгі діни уағыз жүріп жатыр т.т. Осылардың барлығы да қоғамның бір айнасы, қалай өзгеріп бара жатқанымызды көрсетеді. Екінің бірі бес уақыт намазын оқитын намазхан немесе пәленбай рет қажыға барып келгенін айтып жататын болса және осы айтылымдар қоғам алдында бір абырой я атақ әперетіндей болса, онда оны көрген басқалар да тура соны жасайтын болады. Бір басшы ақша жинастырып мешіт салса, қалған басшылар да одан кейін қалғысы келмейді, ал, ол қандай ақшаға салынып жатыр және мешіт ашылған соң әлгі салушы ат басын тіреп тұра ма жоқ па ол бірінші мәселе емес болып тұрғаны. Заман өзгергені деген осы, ол адамдардың, сананың, құндылықтардың өзгеруі. Адамдар еліктегіш келеді, үстірт дүниелер кең және тез тарала­ды, өзекке емес кезекке қарайды, қоғамдағы жаңа сұраныстарға ұсыныс жасалады, нендей нәрсе кең таралса адамдар соған қызығады, қысқасы қоғамдағы өзгерістерден тыс қалмайды. Лауазымды адамдар, тіпті, басқа діндегі кәсіпкерлер облыс, аудандарда мешіт салып жатыр. Мемлекеттің өзі жер бетіндегі діни ұйымдардың ең белсенді басшыларын шақырып, 3 жыл сайын діндер құрылтайын өткізіп жатыр. Сондықтан, қалай бағаласақ та, дін қазір мемлекетке де, қоғамға да етене кіріп кетті. Көп емес, осыдан небары 15-ақ жыл бұрын газеттерде діни мақалалар бірде болса бірде жоқ болатұғын. Қазір баспасөз діни тақырыпта көп жазып, насихатты молайтты, өйткені, баспасөзде діни ағымдардың ықпалында кеткен журналистер, редакторлар көбейді немесе діни ағымдардың бақылауындағы БАҚ көбейді. Тіпті, нөмір сайын шетелдердегі діни көсемдерін мадақтап, сала-құлаш мақалалар шығарып жатқаны күнделікті тіршілікке айналды, еш таңқалмайсыз және «бұл қоғам қайда бара жатыр?» деп, сұрайтын жанды көрмейсің. Құдды атам заманнан осылай болғандай! Радионы қоссаңыз да газет бетін ашсаңыз да дін тақырыбын табасыз, құр діни уағыз тарататын телеарналар да ашылып, өзінше үгіт-насихат айтып жатыр. Бұрын мешіттердің алдындағы жайма базарларда тек дұғалықтар мен ғылымхал кітаптары ғана болушы еді, ал, қазір кітап дүкендерінен бастап, аудио-видео тауарлар сататын дүкендерге дейін түрлі діни кітап, аудио, компакт-дискілер табылады. Олар қандай авторлардың туындылары және қандай бағыттарды санаға құюда? Біздің елде дін кең таралып жатыр, бірақ, қандай дін ол таралып жатқан? Мәселе сонда. Осы хаос және шым-шытырық ахуалда халқымыздың діни сауаттылығы шын мәнінде оянды, сапалы қоғам пайда болды, ұлттық бірлігіміз сақталды деп айта аламыз ба? Адамдар не себептен дінге келіп жатыр? Осы бір күрделі әлеуметтік уақиғаны жан-жақты зерттеп жатырмыз ба? Зерттейді дейтін мамандарымыздың өзі бір бір діни ағымның жаршысына айналса не істейміз? Кімге сенеміз, енді? Қарапайым жұрт айналасындағылардың ықпалымен, ортаның бейімдеуімен, не шарасыздықтан түрлі ағымдардың соңынан кетіп жатса жөн бе? Мені қынжылтатыны бізде қоғамды ілгерілетіп, елді гүлдендіретін, өркениеттілікке жетектейтін, зайырлы да зиялы санадан гөрі адамдарды жан азабына салатын, қоғамның дамуын тежейтін, алауыздық тудыратын, ағайын арасына жік салатын, ұрпақтар сабақтастығына сына қағатын, қаталдық пен аяусыздықты насихаттайтын, қараңғылық пен кертартпалықты енгізетін схоластикалық және радикалды зиянды ағымдардың күшейіп келе жатқаны. Олар неге күшейген үстіне күшейе түсуде, кім оларды қолдайтындар және неге тосқауыл қойылмайды деген сұрақтарды сұраудан әбден шаршадым һәм қажыдым да! Халықтың бәрі бірдей дін мәселесін терең меңгерген, терең зерттеген деп айта алмаймыз, сондықтан, оны да кінәләу бекер. Бұл жерде мемлекеттің дін саясатында кемшілік болғанын, зиялы қауымның ағартушылық рөлін толыққанды атқара алмағандығын айта кетуіміз шарт. Әттеген-ай, билеушілер осы үрдістің мемлекетке кесір тигізетінін бағамдай алмай қалған сияқты. Байқаса да кеш байқады. Біз діни алауыздықты, діни қанаушылықты еркіне қоя беріп, енді тізгіндей бастадық. Дінді құрал ретінде пайдаланып, өзіне жағдай жасап, өзінің мәртебесін арттыратын - «жамағат», «қаражат» және «саясат» деген «үш атты» қоса шабатын діни-саяси құрылымдар бой көтерді. Дінді кәдімгі коммерциялық табыс көзіне айналдыратын адамдар қалыптасты, «дінпаз адам типі» қоғамда көрініс тапты, айтарлықтай адам солардың артынан кетіп қалды. Жаңағы «діни үштағанның» тындырған тіршіліктерін байқау үшін тарихқа қараса жеткілікті, мұсылман қоғамындағы ең алғашқы жікшілдіктердің артында жатқан себептерді ұғынсақ та болғаны, тіпті, қазіргі Түркия, Иран, Пәкістан, Мысыр, Сауди Арабия, Малайзия, Алжир, Ирақ, Ливан, Палестина, Судан сияқты мұсылман елдерінің бүгінгі саяси-діни ахуалдарына кішкентай талдау жасасақ та бәрі көрініп тұр ғой....
– Елімізде не көп жоғарғы бі­лім беретін оқу орындары көп. Шетелде оқығаны бар, болашақпен оқып оралғаны бар, әйтеуір, білімпаздар көп емес пе? Сөйте тұра діни секталар мен діни ағымдардың соңына түсіп, хақ жолды айыра алмайтын халықтың білім деңгейі шынында да қай дәрежеде? Құран Кәрімде ең бірінші түскен аят «Оқы!», – деп түсті. Оқы деп ғылым мен ілімге бастайтын ислам дінін ұстанған біздің елде неге интеллектуалды, саналы білімді ұлт қалыптаспады?
– Халықтың білім деңгейінің, рухани-моральдық сана деңгейінің құл­дырағаны сын көтермейді. Қазір бұқара халық кітап оқудан қалып барады, есесіне тек теледидарға шүңірейіп, оны да мардымды пайдаланбай, интернеттен «жылтырақ» ақпарат алып, ал, компьютер деген алып ресурстың өзін көбінесе бейнебаян көру, әуен тыңдау, кино көру, ойын ойнау секілді мақсаттарда пайдаланатын болған. Білім және ғылым министрінің айтуы бойынша елімізде 155 ЖОО (ВУЗ) бар екен. Дамыған елдерде 1 млн адамға 3 университеттен ғана келер болса бізде бұл 4-5 есе жоғары екен. Қазір екі қабат тұрғын үйдің өзі университетке айналып, мемлекеттің дипломын беріп жатыр, тіпті, екі бірдей дипломды қатар беретін университеттер де бар көрінеді. Білім мен ғылым саласындағы жалақының төмендігінен білікті мамандар сауда-саттыққа не басқа жұмыстарға, тіпті шетелдерге кетуге мәжбүр болды. Олардың орнын сапалы дайындықтан өткен мамандар басқан жоқ, өңкей таныстық-тамырластықпен, нахақ жолдармен жауапты орындарға адам орналастыру қалыпты жағдайға айналды десем қате болмайтын шығар. Сауда-саттықта, базарларда, бұқараға қызмет көрсету секторында миллиондаған адамдар күн көріп жатыр. Сапалы білім беріп, білікті маман дайындайтын мекемелер сияқты кітаптар мен оқулықтардың да сапасы төмендеді, газеттер мен телеарналардың мазмұны таязданып, деңгейі ойын-күлкіден аспайтын болды. Тың ой, соны пікір, сапалы пікірталас кем де кем! Статистикаға қарасақ ең көп ғылым кандидаттары мен докторлары бізде екен. Министрлер, депутаттар, әкімдер, мәнсапкерлер мен лауазымдылардың көбісі ғылым кандидаты немесе докторы болып алған. Шамасы келгендері, тіпті, академик, әйтеуір бір академияның академигі. Кеңес Одағының кезінде біреуді «ғылым кандидаты» деп таныстырса оған іштей тамсану, емірену, қызығу болушы еді. Өйткені, ол дәрежеге жету қажырлы еңбекті, келелі ғылыми жаңалықтарды талап ететін. Ал член-корр., академик дегендерің саусақпен санарлықтай еді. Олардың білімінің сапасы жоғары деңгейде еді, кісілік мінездері де ғалымға тән сапа мен сипатта болатұғын, өзіне тән этикаға, моральдық кеңістікке қол жеткізген зиялы адамдар бар-тұғын. Қазір тас лақтырсаң ғылым докторының басына тиеді, бірақ оның нәтижесі неге өмірде көрінбейді?
– Яғни, мемлекет сапалы дүниені айтқанымен сапасыз дүниелер туындап жатыр дейсіз ғой?
– Мен бұрынғы дәуірді жаппай мадақтаудан және қазіргі кезеңді жаппай сынаудан аулақпын, екеуінің де өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар ғой. Дегенмен, бұрын билік Мәскеуде болса қазір өзімізде, сондықтан, өзгені кінәлап құтылатын жайымыз жоқ. Өкініштісі, тәуелсіздік кезінде бұрынғыдан да сапалы дүниелер шығарудың орнына оңай олжа табуды, төтесінен шабуды, ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүруді, береген қолым алағанды, алғыштық пен бергіштікті кеңірек орнатып алған сияқтымыз. Көрсеткіштерге қарасақ бәрінен алда келе жатқан сияқтымыз, солай етіп көрсетіп отырған тағы өзіміз ғой! Бірақ, өмірде сол көрсеткіштердің пайдасы, нәтижесі көрінбейді бір қызығы. Азаттық алғалы 20 жылда қорғалған диссертация саны өткен 70 жылдағыдан артып түседі екен. Қазір «екі дипломым бар» дейтіндер көбейді. Бір университеттің білімін мардымды игере алмай жатып, сырттай оқу, онлайн оқу, дистанциондық оқу секілді әдістермен неше түрлі дип­лом­дарға, атақтарға иемденіп алғандар баршылық. Дүниежүзіндегі өлшемдер бойынша бағалауда алғашқы 500 университеттің құрамына бір де бір университетіміз кірмейді екен. Алматының ең әдемі орнын иемденген және құрылғалы бері мадақ пен атақтан құр қалмаған КИМЭП-тің өзін соңғы жылдары аяқастынан мансұқтау науқаны басталғандай, оны да ұқпаймыз. Әлемнің ғылыми айналымына бағыт-бағдар беретін басылымдарда да біздің «атақты» ғалымдарымыздың мақалалары көріне бермейтіні ойлантуы керек қой, басқаны былай қойған күннің өзінде. Өзімізден сұраса біз ең мықтымыз, кереметпіз, ал өзгелер оны білмейді, бұл да бір ғажап жұмбақ сияқты. Кеудесі атаққа, қалтасы дипломға толған надандар қауымын, пысықайлар мен алаяқтар нәсілін қалыптастырып жатқан жоқпыз ба деп сұрайтындар бар ма екен?
– Егер, халық шынымен де сауатты, заңғар ақылды, зейіні ғылымға толық болса біз өмір сүріп отырған қоғамдағы діни мәселелер өздігінен шешілетін еді деуге бола ма?
– Мемлекеттің зайырлылық сипатына ден қою керек деп шырылдап жүр­генім сол. Конституциямызда зайыр­лы, құқықтық, демократиялық елміз деп жазылған. Адам құқықтарын ту еткен, өнерлі, білімді, саналы, рационалды һәм прогрессивті ойлай алатын еркін жанды отаншыл азаматтарды қалыптастыруымыз шарт. Зайырлылық дегеніміз түгелдей атеист болу деген сөз емес, ол қайта діни қанаушылықтан және кертартпашылдықтан қоғамды да мемлекетті де қорғайтын принцип. Ислам дінін дұрыс түсінген жоқпыз және дұрыс түсіндіріп жатқан да жоқпыз. Көп әйел алуды имандылықтың өлшемі деп бағалайтындар да бар немесе араб шейхтарына пәленбайыншы әйел болып тиіп жатқан қыздарымыздың қатары көбейіп келеді. Елдер сауысқанды самұрық қып дәріптеп жатыр, асты үстіне шығып, ақ-қарасын ажырата алмайтын халге жеттік. Сырттан келген ағымдар іште жамағаттарын жасақтап, қаражаттарын қомақтап, саясаттарын насихаттап бекіді, әрқайсысы бір бір империя сияқты. Мұсылман елдеріне діни білім алу үшін кеткен жастарымыз сол елдердегі діни ағымдардың зиянды тұстарын әшкерелеуден гөрі керісінше кертартпа да радикалды ағымдарды өз еліне тықпалап, насихаттау жағынан көбірек еңбек сіңіріп жатқаны уайымдатады. Қазақ ұлтының тұтастығына, әлеуметтік қасиеттеріне, мәдениетіне, құндылықтарына жанжақты шабуыл жасалуда, ұрпақтар адам танымастай өзгеруде. Мысалы, жуырда ғана естідім, Шымкенттен келген бір жас ініміз айтты: «Ағаларымыз шариғат бойынша ағайынды адамдардың балалары некелесуге болады деп фәтуа берді, сол отырыста дәтім шыдап әрең отырдым!» деп. Көрмейсіз бе ұрпақ санасына жасалып жатқан операцияның жеткен жерін, айла-шарғысын, осыдан қазақ қала ма енді? Шариғаттың барлық шартын орындап, тек ағасының қызын ала алмай жүрген адам сияқты бұл қандай фәтуа, өзі? Жиырма бірінші ғасырдың Қазақстанында мұсылман өркениетінің құлдыраған ғасырларының уағыздары кеңірек таралып жатыр, бізде әл-Фараби мен Ибн Синаның мұсылманшылығы емес, дүмшелер мен дінпаздардың көр-соқыр сенімі, «инквизиция рухы», қатыгездік культы көбірек таралуда. Бір зәулім ғимараттың кірпіштері жұлына басталғандай. Бүйте берсе дымы да қалмайды ғой бір күні, тамтыққа айналып кетеді ғой қазірден шара қолданбаса. Сондықтан, мемлекетіміз халықты кім көрінгеннің қолына бергізбей, өз азаматтарына өзі иелік етіп, зайырлы да зиялы азамат болуына жағдай жасауы ауадай қажет болып тұр дер едім.
– 57 мемлекет мүше Ислам Конференциясы Ұйымы үлкендігі жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейін екінші орынды иемденетін беделді халықаралық бірлестіктің төрағалығын Қазақстан биыл қолына алып еді. Мерзімі өтті. Қазақстан осы ұйымға төрағалық еткенде ұтары не? Жалпы, осы ұйым құрылғалы бері не шешті, не істеді, немен айналысып жатыр. Пәкістан, Бангладеш секілді мұсылман елдерде су шайып, жер сілкініп, апат орын алғанда қандай қолдау білдірді? Террордың исламға синоним болуына жол бермеу үшін не тындырды? Құрылғалы бері мұсылман дүниесіне пайдалы не істеді?
– Төрағалық ету дегенді алдымен дұрыс түсініп алу керек. Халықаралық ұйымдардың құрылтайшылары, құру­шылары мемлекеттер. Мәселен, бір шартқа 50 мемлекет қол қойып, бекітсе, сондай ұйым орнайды. Орнаған ұйымның өзінің секретариаты, басқару аппараты болады, жарғысы бойынша іс-әрекет етеді, мүше елдердің ұйымды басқарудағы рөлі мен құқықтары айқындалады т.т.. Осындай халықаралық ұйымға мүше елдің бірі бір жыл немесе жарты жыл уақыт сол ұйымға төрағалық етеді, оның мерзімі мен сайлану ережелері әр түрлі болуы мүмкін бірақ негізгі принциптер ұқсас қой. Ислам конференциясы ұйымы да сондай халықаралық саяси-экономикалық ұйымдардың бірі және оған төрағалық ету ислам әлемін билеп-төстеу дегенді білдірмесе керек. ЕҚЫҰ-на уақытша төрағалық еткенде бүкіл Еуропаға билік еткен жоқпыз ғой, тура сол сияқты, артықша құқық бермейді. Ислам конференциясына төрағалық етудің бір пайдасы Қазақстанның аты мұсылман елдеріне, осы ұйымның тіршіліктеріне араласы бар орталарға бір шама мәлім болатыны. Шетелдерде бұрын қазақты көп біле бермейтін, тіпті, мұсылман елдерінің өзі Кеңес Одағы тұсында бәрін бірдей «Руссия» деп атайтын. Тағы бір пайдасы, біздің дипломаттарымыз, үкімет мүшелеріміз тәжірибе алмасады, яғни халықаралық ұйымдарға төрағалық еткенде қалай іс жүргізеді, қандай хаттамалар болады, саяси келіссөздер қалай жүргізіледі, биіктер (саммиттер) қалай ұйымдастырылады т.т. жағынан тәжірибе жинақтайды, жетіледі. Төрағалық етудің елдің экономикасына, ішкі мәселелеріне, қарапайым азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсері бола қоймайды, мәселен, төрағалық инфляцияның төмендеуіне, мұғалімдердің жалақысының өсуіне, жұмыссыздықтың азаюына, ана мен бала өлімінің азаюына т.т. тікелей ықпал етпейді. Әйтсе де, халықаралық ұйымдарға төрағалық ету қажет. Өйткені, жас мемлекетпіз, халықаралық саясатта беделіміз артуы қажет, ол азаматтардың елдің қазірі мен болашағына деген сеніміне игі әсер етеді...
– Осы аталған ұйым неге Ауған со­ғы­­сынан, Иракқа жабылған жаладан арашалап алмады, қазір енді Иранға оқ жаудырмақ ниеттер бар. Египет, Йемен, Тунисте болған орынсыздықта басу айтпады, гуманитарлық көмекті айтпағанның өзінде. Ал, батыс, оңтүстік, оңтүстік-шығыс Азия мен солтүстік Афри­кадағы мұсылманадардың мате­риалдық моральдық халін қоя беріңіз. Есесіне Дубай мен Сауд арабиясындағы арабтар байлыққа малынып, әлемдегі теңдессіз ғимараттарды салып, иеленіп байлықты басып жатыр. Қайы­рымдылық жасауға бармайды. Сонда, осы арабтардың ұстанған діні дін бе? Қара нәсілділерді құлдыққа салып, өз­дері ақ саусақ болып отыр. Байлық пен қарапайымдылық деген түсініктер Құран Кәрімде әдемілеп жазылды емес пе?
– Сұрақты нақтылау және жетілдіру керек сияқты. Мәселеге біржақты қарауға болмайды. Арабтардың мұсылман өрке­ниетінің дамуына қосқан үлесі де бар. Тарихта парадоксты жағдайлар да кезігеді. Мысалы, көптәңірлі діндерді ұстанған Еуропа халықтары, атап айтқанда, көне Рим мен Грекия айтарлықтай дамыған, сауатты да өнерлі қоғам қалыптастыра алса, олар христиан діні кең таралған IV-V ғасырлардан сонау XVIIIғасырға дейін инквизицияның зобалаңында, кертартпа діни таптың қанауынан көз аша алмай келді. Мың жылға жуық «қараңғы ғасыр­лар» деп аталатын тоқырау және азапқа толы жылдар өтті. Ал, әсіресе, XV-ғасыр­дан бастап көне Римнің орталығы Италияда бастау алған Ренессанс әрекеті оларды қайта тірілтті, оятты. Еуропалықтар шіркеудің ұйымдастыруы, айдап салуы және мәжбүрлеуімен 4-5 ғасыр бойы мұсылман елдеріне шабуыл жасап отырған, оны тарихта шармық (крест) жорықтары дейді. Осы шармықшылар талай нәрсені мұсылмандардан көріп, аң-таң болған. Бұған қоса көне Жібек жолы бойымен сауда жасағандары, барлаушы саяхаткерлер көп жаңалықты Батысқа әкелумен болған. Мәселен, Марко Поло, Вильгелм Рубрук, Плано Карпини сияқтыларды айтуға болады. Х.Колумб, А.Веспучи секілді жиһанкез теңізшілер мұсылман­дардың еңбектерінен көп пайдаланған. Ол кезде мұсылмандар өркениет жағынан Батыстан мың жыл алда болатын. Біз бүгін қалай Батыстың еңбектерін қо­тарып, еліктеп еңбек жазсақ, бір кезде олар да мұсылмандардан аударған, мұсылман­дарға телміре тамсана қарау­мен болған. Арабтар бірнеше ғасыр бойы ғылым мен өрке­ниет­тің дамуына сүбелі үлес қосқан, әсіресе, философияға зор еңбек сіңірген. Әрине, арабша еңбек жазғандардың бәрі де араб емес еді, басқа ұлт өкілдерінің де еңбегін осы арада атап өтуіміз міндет. Сондықтан, тек араб демей, «мұсылман өркениеті» деп отырғанымыз дұрысырақ. Оның ішінде парсылар мен түріктер ерекше орын алады. Ал, шіркеу мың жылдан астам уақыт қоғамды репрес­сияға ұшыратып, зәбірмен ұстап отырған, қылмыс пен зұлымның бәрін «Құдайдың» одан қалса «Иса Мәсіхтің» атымен жасап отырған! Еуропа XVIII ғасырға келгенде шіркеудің бұғауын бұзып, құрсаудан шығып, шіркеудің өктемдігін жойып, зайырлы қоғам орната алды. Батыс осылайша көтеріліп, осылайша дамыды. Жә, біздің мұсылман елдерінде болса XII-XIII ғасыр­лардан бастап тоқыраушылық, схоластика, аскетизм, догматизм, көр-соқыр сенім, бұрын­ғыны қайталау, жаппай надандық, жамағат-қаражат-саясат үшта­ғаны, алауыз­дықтар кең таралды. Шын мәніндегі ақиқи ғылым тоқтап, эмпирика сөгіліп, жаттанды ережеге айналды. Батыстың бұрынғы ауруы мұсылман­дарға ауды ал христиандар одан айығып, бірте бірте азат болып, кемел­денді. Мұсылмандар әлі күнге дейін сол қараң­ғылықтан бас көтере алмай келеді. Алайда, Батыста білім алған яки олар­дың қанша­лықты озып кеткенін бай­қаған мұсылман зиялылары да болды, олар XIX-ғасырдың аяғы мен әсіресе XX ғасырдың басында мұсыл­­мандарды ояту үшін қажырлы еңбек етті. «Оян қазақ, көтер басты!» деп, ұрандатқан Міржақып Дулатұлы солардың бірі. Пәкістанда Мұхаммед Икбал, Түркияда Мұхаммед (Меһмед) Акиф Ерсой секілді ойшылдар, шайырлар халықты жаппай оқуға, қараң­ғылықты жойып, көздерін ашуға, жастарды білім жолына бағыттауға, құр тұтынушы ғана болмай, өнім өндіруге шақырып, жарқын ойларын ортаға тастаған. Міне, нағыз зиялылар солар. Бір Алаш-Орда көсемдеріне қараңызшы, бәрі де тұнып тұрған зайырлы да зиялы жандар ғой, олар шын мәнінде елдің, жердің қамын ойлаумен болған. Арадан бір ғасыр өтсе де мұсылмандар сауатсыз­дық, білімсіздік, надандық індетінен арылар емес. Бір кезде өркениетті қоғам орнатуға үлес қосқан ұйымдар сапасынан айырылып, керісінше қоғамды улайтын орындарға айналғаны трагедия. Мысалға, «медресе» институтын алайықшы. Медресе – «дәріс оқылатын орын» дегенді білдіреді. 164 млн халқы бар Пәкістанда 22 мың медресе бар екен! Ал, Пәкістан хал­қының 60-70 пайызы сауатсыз, сонда бұл медреселер мен әл-Фарабилер, Ибн Синалар оқыған медре­селерді салыстырып көріңізші... Медреселер IX-X ғасырларда мұсылман елдерінде кең таралған білім, ғылым ошақ­­тары еді. Сол тұста медицина, химия, математика, философия, ас­троно­мия, оптика тәрізді позитивті ілімдерді оқытатын оқу орындары болатын. Алғашқы медреселердің прототиптері еркін ойлауға, универсалды ойлауға жағдай жасаған нағыз білім ордалары болатын, онда еркін пікір таластар жүргізілетін, әркім өз ой-пікірін қымсынбай айта алатын, тіпті, христиан, йаһұди дініндегілермен ашық сұхбат жасалатын. Медреселер де мұсылман қоғамдары сияқ­ты бірте-бірте сапасынан айырылып, схоластиканың, көр-соқыр сенім­нің уағызы жасалатын оқу орындарына айналды, еркін ойлау мен еркін сөйлеуге шек қойылды, тоқырау ғасырла­рынан кейін мәзһәб фиқһы, тәфсір, тә­жуид, сиәр, табақат, хадис және араб тілінің грамматикасы тәрізді жалаң «діни» пәндерді оқытатын, оны да терең­деп емес, жай жаттанды түрде оқытатын «дүмшеханаларға» айналған. Сүрелер мен шариғат үкімдерін жаттап алған молдалар қосыны осы сапасынан айырылған медреселерден шыққан, әлі де шығып жатыр. Талдау жасай алмайтын, алды артын ойламайтын, себеп салдарды білмейтін, жанынан жаңа нәрсе қоспайтын, тек дог­матикаға негізделген схоластика, тар шең­берден шыға алмайтын мәңгүрт сана осылай кең таралды. Мәңгүрт сана жаңалық атаулыдан қорқады да тек бұрынғыны қайталаудан асып түсе алмайды. Шіркеудің тарихының біздегі қайталануы сияқты. Егер де, Пәкіс­тандағы 22 мың медресе шын мәнін­де оқу ошағы, ғылым ордасы болғанда осы мұсылман елі әлемдегі ең дамыған, ең озық елге айналмас па еді?! Мен мұнда Пәкістанды тек мысал ретінде айтып отырмын, оған көптеген мұсылман елдерін қосуға болады. Ең дамыған мұсылман елі Түркия десек, ол оны Ататүрік орнатқан зайырлы мемлекетке және Батыс елде­рінің дамыған жақтарын алуына борышты емес пе? Қазіргі мұсылмандар жалпы мәдениет пен тарихқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп, жаңа заманның талаптарына, жаһандастыру дәуірінің талаптарына сай, тіпті, бола­шақтың талабы бойынша сарапқа салмаса, қараңғылық пен қанау­шылық ауруларынан құтылмаса ешбір жылжу, даму болмайды. Еуропаның басынан өткен нәрсе бізден де өтеді, оның нышандары шүкіршілік бар­шылық. Жуырда Түркия­дағы ғалымдар, оның артынша Мысыр ғалымдары қоғамға ашық хат жолдап ескертіп жатыр. Мұсыл­ман жұрттары неге артта қалды, соның себептерін анықтап алайық, қай жерде қателестік, қай жерде ағаттық кетті деп, үндеу салып жатыр, ұсыныстар айтып жатыр. Мысырдың 70 пайызы сіңірі шыққан кедейлер, міскіндер, ал тақтан тайған Х.Мүбәрәктің 85 млрд көле­мінде байлығы бар екенін халықаралық баспасөз жазып жатыр. Халқының ішерге асы жоқ, жаппай сауатсыз, мұсылманмын деп кеуде қаққанымен Құранның өзін бетінен оқи алмайды! Жаңа өзің айтпақшы, Құранда «Оқы! Оқы!» дегенімен мұсылман елдері неге осындай нашар халде деп, зығырданы қайнайтын ғалымдар ортақ сауал тастап, соны қарастырып жатыр. Олардың ішінде дінтанушылар ғана емес химик, биолог, инженер т.б, бар. «Ауруын жасырған өледі» дейді халқымыз, «сын түзелмей мін түзел­мейді» дейді тағы да. Қазір білім мен ақ­паратқа қол жеткізу өте оңай және шапшаң. Шаң басқан архивтерден іздеп жүріп кітап оқудың қажеті жоқ. Интернетте отырып, түртіп қалсаң, қалаған сұрағыңа жауап табыла кетеді. Сауаты жоқ адамға, тіпті, оның да керегі жоқ. Жаңағы Мысыр­дағы перғауындар салып кеткен пирамидаларды көруге миллиондаған туристер ағылып барады жыл сайын. Міне, солардың қолындағысын, жүріс-тұрысын, киімін, ұстап жүрген технологиясын, айтқан сөздерін т.т. көріп-ақ ойлануға болушы еді ғой! Бүгінде мұсылмандар тұтынатын қалта телефоны, компьютерлік технологиялар, автокөліктер, үй жиһаздары, спорт тауарлары, дәрі-дәрмектер, қару-жарақтар т.т. басқа елдерде жасалады. Мұсылман­дардың көзі ашылып, оянуын қаламай­тын күштер баршылық, оларды ең әуелі мұсыл­ман­дардың өз ішінен іздеген жөн сияқты. Сондай теріс пиғылды ішкі-сыртқы күштер мұсылмандарды көр-соқыр сенімге шақыратын, қараңғылық бат­пағына лақтыратын, қатыгез ағым­дарды қолдап, қаржыландырып отырады. Сондай секталар мен ағымдар есе­сіне сол қоғамды өздеріне тәуелді, надан, көр-соқыр, ғылыми өндірісі жоқ, тек тұтыну­шы һәм тәуелді де мұқтаж қоғам ретінде ұстап отырады. Менің зайыр­лы және зиялы қоғамды дәріп­теуімнің басты себебінің бірі осы. Мені мұсылман әлемінің қазіргі даму деңгейі, сауат­тылық деңгейі, ғылым­дағы үлесі қана­ғаттандырмайды. Мұсыл­ман елде­ріндегі дәулетті адамдар, элита да өз халқына шапа­ғатын тиігізіп жатыр деп айта ал­майсың. Дүниежүзінде мұнайдың ірі резервтерінің бірі Солтүстік Ирактың Киркук қаласында. Мұнда бір ғасыр бойы мұнай шығарылуда бірақ Киркук халқы тым кедей өмір сүруде, ең қарапайым қажеттіліктері қамтамасыз етілмеген. Ал сол мұнайдың рахатын кімдер көріп жатыр деген өз алдына жеке зерттеу тақырыбы, журна­листеріміз іздеп көрсе екен... Мұ­сыл­ман елдері өстіп өте артта қалды, өркениет­тен кем дегенде 300 жыл артта келеміз. Қай жағанынан алғанда да бүгінгі мұ­сылман елдері мұсылман емес мемлекеттерге тәуелді. Мұнайы шық­қаны­мен оны өңдеу технологиялары жоқ, мақтасы болса да одан мата, жіп жасайтын құралдарды Еуропадан, Жапониядан не Қытайдан қарызға алады, ауруды емдейтін дәрі-дәрмек пен медици­налық саймандарды, томография, УЗИ және компьютерлік диагностика жасайтын жоғарғы техно­логиялық қондырғыларды тағы да солардан алады. Байланыс, көлік, қатынас құралдарының бәрі де, санай берсең көп. Себебі, мұсылман дүниесінде көр-соқыр сенім өктем, еркін ойлауға, дамушы бағыт­та ойлауға рұқсат етпейтін ағымдар кең таралған, дінді қанаушы дінпаздар халықты соруда, демократиялық құндылықтар мешеу халде, ел байлығы талан-таражға салатын топтардың қолына тапсырылған....
– Қазақстан жастары өз-өзіне, бола­шақ­қа сенімді қадам басатын, санасы еркін ойлайтын жастар екенін шетел аза­­маттары мен баспасөзі жазып жатыр. Ал, шындап келгенде түйткілді мә­се­­ле баршылық. Жастар қазір екіге жарыл­ғандай, бір діндарлар хиджапта, сақал қойғандар да екіншісі Еуропаша ой­ланатын жастар болып бөлініп кеткендей. Қазақ жастары өзіңіз айтқан зайырлы қоғам құрып, зиялы тұлға болып қалыптасуға құлықты ма? Жалпы жастардың ғылыми білім өрісі қандай деңгейде, қалай бағалар едіңіз?
– Жапонның, немістің я кәрістің баласы істегенді неге қазақ баласы істей алмасын?! Істейді! Меніңше қазір жастар үлгі тұтатын тұлғалар тапшы. Жастармен лайықты дәрежеде жұмыс жасалып жатқан жоқ. Бір өкінішті уақиғаны айта кетейін. Жуырда Қадір Мырза Әлі ағамыз ортамыздан айырылып, орны толмас қазаға ұшы­радық. Ағамыздың жаназасына барып, ет жүрегім езіліп, қайғыға батып, көңілім босап тұрған сәтте жолшыбай бір кеңсеге кірдім. Қарасам бөлмеде оншақты жас қызметкер отыр екен. Жас дегенде жас бала емес, 25-35 жас аралығындағы қыздар, келіншектер дейік. Сонда «Сендер білесіңдер ме дүниеден кім өткенін?» деп сұрадым, олар «Кім өтті?» деп сұрады, мен «Қадыр Мырза Әлі ағамыз!» десем, әлгілер маған «Ол кім еді?», – деп сұрамай ма?! Қазақ үшін 50 жыл тер төгіп, 50 том еңбек жазған біртуар тұлғаны жастар танымайтын болып шықты, қатты қынжылдым. Мұндай мысалдар көп. Сонда, ұрпақ үшін еңбек еткен асыл тұлғаларымызды танымайтын жастар қалай пайда болды? Олар шетелден көшіп келген жоқ қой. Бұл да қазіргі қоғамымыздың жеткен жерін көрсететін бір ауыр жәйт, әрине. Ұлттық санасы барлар ондай асылдарымызды білетін болар, бірақ, мына заманда теледидар мен инетернетпен тәрбиеленген жастардың басым көпшілігі ондай тұлғалардың атын да білмейді. Ал, түріктің телехикаяларының кейіпкерлерін сұрай қалсаң, сайрай жөнеледі! Біз қандай қоғамда қандай ұрпақ тәрбиелеп отырмыз, тіл, дін, сана мәселесі неге дұрыс шешілмей келеді? Біз қай жерде қателестік, қай жерде шалағайлық таныттық, қай жерде сүріндік? Осыларды сіздер болып біздер болып ашық және ашытып ойлануымыз керек. Жастар жас ағаш секілді, қалай қарай исең, солай қарай иіледі, су секілді қандай ыдысқа құйсаң сол ыдыстың формасын алады. Жалпы, қоғам да халық та сол. Біз жас­тарды өнерге, интеллек­туалды дамуға, эс­тетикаға, еңбекке ба­ғыт­тап, соған ын­таландырып жігерлендіріп отырсақ жағдай мұндай болмас еді. Бір гәзеттен оқыдым, жастар арасында сұрау жүргі­зіл­ген екен. Сонда, жастарымыздың тек 20 пайызы ғана таза біліммен, еңбекпен жұмысқа орналасуға болады деп сенеді екен! Ал, қалған 80 пайызы болса басқа жолдарды, таныстық, тамырластық, сы­­бай­ластық, туыстық т.т. айтыпты. Енді, біз, осы жастарды қалай таза білім мен еңбекке баулимыз? Жастар неге солай жауап берген? Өйткені, олардың өмірде көріп отырғаны сол ғана, олар қоғамның айнасы іспетті. Егер, олар өмірден тек білім және еңбек арқылы ғана жұмыс табасың және сатылап өсесің дегенді көргенде басқаша ойлар еді. Соны көрсете алмай отырмыз ғой. Біз сондай ұстанымға көшкенде жас­тар да соған бейімделеді. Адам баласы қай нәрсе өтімді, қай нәрсе арқылы абаттанады – соған қарай жүгіреді. Сондықтан, мемлекет үшін жер асты ресурстары емес басты орында адам ресурстары тұруы шарт. Алтынмен соққан сарайдың ішінде адам тұрмаса ол сарайдың кімге қажеті бар? Мемлекетке көрік беретін сол елдің азаматтары, мемлекеттің мақтанышы да әшекейі де азаматтары, яғни адам ресурстары. 16,5 млн. халқымыздың әр бір азаматының дені сау, әлеуметтік жағынан дұрыс қамтамасыз етілген, сапалы білімі бар, білікті тұлға, құқықтық сауаттылығы терең, өз ана тілімен қатар шетел тілдерін меңгерген, шетелдерде болып, олардың озық тәжірибиелерін ала білетін дәрежеде көреген зерек болуы мемлекеттің ең басты мүддесі. Әр азаматымыз біздің ресурсымыз және біз сол ресурсқа инвестиция жасауымыз керек, әр адам ресурсымызды тиімді пайдалануымыз және оны оңтайлы ұйымдастыра білуіміз керек. Осы елдің 16,5 млн. халқы білімді де білікті болса ол 165 млн. халқы бар сауатсыз елден асып түседі. Оның әр бір адамының білімі, потенциалы 10-100 адамға татиды. Сондықтан, инвестиция адамға жасалуы шарт, ол ең пайдалы, ең қайырымды инвестиция дер едім. Азаматтардың рухи саулығы да осы санаттан қарастырлуы тиіс мәселелерден. Зиялы да зайырлы отаншыл азаматтар ғана елді бұзбай, мемлекеттің байлығын, табиғатын сақтап, іргесі мықты, беделі биік, тамсанып таңырқайтын мемлекет қалыптастыра алатынына сенемін.

Әңгімелескен Бану Қалтөре

479 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз