• Заманхат
  • 08 Тамыз, 2013

ҰЯТ-АЙ!

Әлихан БӨКЕЙХАН

Дарвин, Уэлс, Спенсерлерден бері ғылым жолы адамзат «туатын, өлетін» затпен бір құрамдас дейді. Адамзат екі аяқты, сөйлейтін сөзді, ұятты болып өзге қалған хайуаннан айрылады.
Осы XX ғасырдың басында үкімет мұжық­қа дүре салуды жол қылып шығармақ болғанда, адам баласынан озған, күн жоғал­маса аты жоғалмайтын Лев Николаевич Толстой «Рус­ские ведомости» газетасына хат жазып жария қылды. Сол Толстой жазған хаттың аты «Ұят» еді. Осы хат атын өзге сөзге ауыстырсақ, мағынасы мынау: Біз адам емес пе едік? Осы жалғыз белгіден айырылып, ана төрт аяғына сиынған аталарымыздың аулына қайтқанымыз ба?


XX ғасырдың аяғында бірнеше адамдарды үкімет асып өлтірмек болғанда, орыс филосо­фы Владимир Соловьев жұрт жиып сөйледі. Адам баласын асып өлтіру христиан дінінен тысқары деп. Осыны жария қылып айттың деп, үкімет В.Соловьевты Петербургтен айдады. В.Соловьев қылған ісі, ғұмырындағы мінезі, Л.Н.Толстой мен Г.Н.Потанинде ғана бар. Осы В.Соловьев философия жолында Дарвин, Спенсерге қарсы еді, бұларға айтатын дәлелі «хайуанда ұят жоқ, адам ұятты» деп. Франция жазушысы Золя «адам хайуан» деп роман жазды. Адам баласының сөлекет ісін хайуандықпен қылдыны мысал қылып. Міне, көзіміз көрді Балқан соғысын. Мұнда болған істерді хайуандыққа қайтармай ұғынып білу қиын емес пе? Толстой, Потанин, Соловьев бізді қанша жоғары тартса да, біз тырысып... шыға қашқан түйедей, төрт аяқтының ауылына қашып жатырмыз-ау деймін.
Орысқа газет-журнал шығарып жол ашқан А.Н.Радищев (1749-1802) абақтыға жабылып, он жыл Сібірге айдалған. Осы Радищев замандасы, тағы орысқа газет-журнал шығарып Еуропа жолын ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург деген зор, қиын абақтыда 15 жыл отырған.
Бауырым Ахмет, Мирякуб!! Сен екеуіңнің абақтың – Радищев пен Новиков абақтысы.
Орыс жазушысы М.И.Салтыковтың «Түзулік пен шошқа» атты мақаласы бар. «Түзулік! Сен күн бар дейсің, рас па, мен көрмеген күнді сен қайдан көрдің?» деп шошқа Түзулікті балтырдан алған. Сонда Түзулік айтқан: «Шошқа, сені құдай жаратқанда жоғары қаратпай жаратқан, сен күнді сол себептен көрмейсің», – депті. Сен екеуің істі күнде көретін жұртқа атқарып тұрсыңдар ғой, балтырыңды басқаға беріңдер!
ХVІІІ ғасырда «ақыл патшасы» атанған француз Вольтер еді. Осы Вольтер замандасы, Толстойға неше жыл көрсеткен француз Руссо, тағы осы екеуінің замандасы философ Дидро абақтыда жатқан. Осы Дидро қатын патша Ека­терина екіншімен хат алысып, патша Дидродан көп ақыл алған. Біздің Россияда абақтыға жатпаған жақсы адам кем. Жазушы Достоев­ский, Потанин, Короленко, Мельчин, Черны­шевский, Морозов абақтыда жатқан. Бәрін жазып болмайды. Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеновтер айдалған.
Түркияда халықты қатарға қосамын деп сабаздар абақтыға жабылған, айдалған. Бұрынғы Мадхат патшалар 1883 жылы айдауда жүргенде өлген, осы күнгі Ахмед Риза һәм басқалары да абақтыда жатқан.
Шырақтарым, сендерді мінегенде осылармен бір салып мінесе не армандарың бар! 1910 жылы опат болған Г.Дума члені В.А.Караулов. Бұл төрт жыл Шлиссельбург абақтысында отырып, ғұмырынша Сібірге айдалған еді. 1910 жылы жазғытұры 3-інші Г.Думада дін құрдастығы туралы Закон жо-басы қаралды. Сонда Караулов доклад­чик дін бәрі құрдас, дінге бостандық, Құдай жолы адам көкірегінде, бұған ешкімнің таласы жоқ деп жүріске салғанда Г.Думаның оң жағынан бір депутат «Каторжник» деп хайуандық қылып Карауловтың бетінен алды. Осы надандық, әдепсіздік қылған депутат бір топ еді. Қазақшаға тәржіме қылсам – қажы Д-ға ісі ұқсайды. Сонда Караулов айтты: «Мен абақтыда отырдым, айдалдым. Міне, сендердің Г. Думада отырғандарың, осы мен атқарған істің аяғы. Мен бұған мақтанамын», – деп. Осы Карауловтың попқа берген жауабы бейітінде тасқа жазулы. Караулов өлгенде 3-інші Думада Уфа губерниясынан депутат молла Тоқаев жас әйел баласына ұстатып гүл әкелді. Досекең бұған не айтар?
Хажы Д-ай! Осы Караулов Потанинмен бір қос болмай, сенімен бір жүріп тозаққа кетейін бе? Жақынға қас қылған Қабыл мен Иуданың қайдан екені белгілі еді, бұларға да бір атшы керек қой, жолың болсын!
Қыр баласы.
Х.А. – Жақсы Наполеон жауынгер патша болған соң соғыста дұшмандардың сырын білуге Шульман атты бір атақты шпион (тыңшы) ұстап еді. Наполеон берген қазынаға әбден тойып, Шульман жақсы адам санына кірмек болды. Наполеоннан ақ сүйектікке жол ашатын почетный леги­он орденін сұрады. Сонда, Наполеон айтқан: «Сендей кісілігі жоқ оңбағанға қазына берсем де, орден бермеймін» деп. Мұны Шульман балаларының құлағына салғаным.
Қ.б.
«Қазақ» газеті
1914 жыл №54

320 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз