• Еркін ой мінбері
  • 16 Қыркүйек, 2013

Ақын абдырасын ақтарғанда

Серікбай Оспанұлы,
ақын
Қуандық Шаңғытбаев тілдің қадір-қасиетін ерекше сезініп, ділі мен өшпес рухы сіңген қазақ сөзін қадірлеп, аялап өткен ақын. 1943 жылы жас талапкердің тұңғыш өлеңдер жинағы – «Қазақ жүрегі» (Кейін «Ар» деп аталған) кітабына алғы сөз жазған М.Әуезов, ақын тілінің оралым­дылығын, «шіміркеніп, ширығып шық­қан өтімді, әсерлі» екенін айтса, [«Қазақ жүрегі». Алматы; Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасы, 1943.-3 б.»] Қалижан Бекхожин «Қуандықтың тырнақалды өлеңдерінде шығыс поэзиясының маржан сөздері жарқырап, ыстық леп­тер есетін еді. Қазақтың асыл сөз­ге жаны құмар бұл шайыры өзінің өлең­дерін шығыс ақындарынша әсем өрнектермен шебер нақыштайды» («Арма, республикам!» кітабына алғы сөзі), – деп Қуан – ағаның ерекшеліктеріне, суреткерлік мәнері мен тақырыпқа тал­ғаммен қарайтынына тоқталады. Сырбай Мәуленов те, Қуандықтың «Әрбір сөзді сұрыптап, таңдап, оған ой жүгін артып, тосын тұжырымдармен түйіндеуге күш салатынын» [Мәуленов С. «Шеберлік деген бір шың бар». «Жыр мен сыр» Алматы. «Жалын», 1991.-84 б. ] сыр етеді.


Қуан аға қазақ сөзін «көне», «жаңа» деп бөлмей, оның қуатына, атқарар қыз­ме­тіне, дәлдігіне назар аударып, синоним сөздерді сұрыптап, таңдап, талғап қолданады. Зейнолла Қабдолов «Қазіргі қазақ тілінде қайта жасарып, тың мағына тауып жүрген сөздер көп» – дейді. Бұл өте дұрыс нәрсе.
Оз төрге, отағасым – Ойсылқара,
Құрдасы әлімсақтың ойшыл, дана!
(Қ. Шаңғытбаев).
Тамаша ғой! Осы жолдардағы ота­ғасыны, яки, бұдан да гөрі ескілеу Ой­сылқара мен Әлімсақты «осы күндендірудің» тіпті де қажеті жоқ. Қысқасы, кенеулі сөздерді көнертпеген жөн. Мүмкін, қадырынша, архаизмдерден молырақ хабардар болу тек қалам иелері ғана емес, жалпы әдебиет сүйетін, өз халқының арғы-бергі мәдениетін қадірлейтін жұрттың бәріне керек» [«Сөз өнері» Алматы. «Мектеп», 1982,-212 б.]. Қ. Шаңғытбаев кешегі ата-бабамыз қолданған, өткенімізді еске түсіріп, тарих қойнауынан сыр шертетін маржандарымызды қайта жаңғыртқан қаламгер.
1947 жылы жазылған мына өлеңді оқып көрейікші:
Шіркін-ай, көктем қандай күш!..
Қалды ғой қаңтар түс болып,
Құлады-ау жерге алтай қыс,
Қанаты ала құс болып.
Сөгіліп сіреу көбесі,
Жадырап жылы жел жетті.
Қарайып қырдың төбесі,
Жылуанды кернеп сел кетті.
Жарқ етіп тұңғыш найзағай,
Ақсиып аспан бір күлді.
Таянып дарқан той-дамай,
Оянып дала сілкінді.
Ой бейнелілігі, қары ағыл-тегіл еріп жатқан дала көрінісі, қаңтарды ұмыттырып жадырай соққан жылы жел жан жылытады. Қаңтарды январь деп өктем үкімет өткенімізді ұмыттыруды көздеп жатқан заманда, байырғы «жылуанды» (жылға, жыра), «Сіреу» (қатып қалған, сіресіп, «көбе», «той-дамай» сияқты төл сөздеріміз біреулерге ұнамай, ақын өлеңдерін өрт, жүрегін дерт шалды... Ол өз алдына бөлек әңгіме.
Жаяу жел таспа өреді
Құбақай жолдың шаңынан.
(«Пейзаж», 1947)
Ақынның жансызға жан бітіріп, қысты қанаты ала құс етіп жерге құлатуы, жылы желді жадыратып жеткізуі, Құбақай жол­дың шаңынан таспа өргізуі, даланың оя­нып сілкінуі, көбесінің сөгілуі, ішкі ұй­қастар (таянып-оянып) қандай әдемі, на­нымды, дәл!
Ауылдың оты жамырап,
Самсады сосын самала.
Түн түсті самсыз салбырап,
Күздегі дел-сал далаға.
Тағы да, жанды сурет. Таспаның не екенін білетін, қозы-лақтың жамы­рағанын көріп өскен қазақ ақыны ғана айта алатын тіркестер. «Самала (жарық, кешкі алагеуім мезгіл), «Самсоз» (дел-сал, сүлесоқ) сияқты ұмытыла бастаған сөздеріміз, дыбыс үндестіктері (аллитерация, ассонанс) өлеңге ажар-көрік, күш-қуат бере түскен.
Зергер де зерделі шандоз (өз сөзі) шайыр [Қуан аға «ақын»деген халықтың жырын айтатындарға, «шайыр» жазып шығаратындарға лайық» дейтін]. Сөзге аса талғампаз, тыныс белгілеріне дейін көңіл бөліп, айтылған ойдың нысанасына дөп тиуін қадағалап отыратын. Бұл көркемдік-эстетикалық талап ой, сөз образдылығына жетелеп, қысқалыққа, дәлдікке қол жеткізетін. «Көркем әдебиеттің тілін зерттеудің негізгі мақсаты- тілдің өзін емес, оның мүмкіншілігін көрсету» [Сыздық Р. «Сөз құдіреті» Алматы. «Санат», 1997,-5 б.] екені талас тудырмайды, алайда, сөз мүмкіншілігін өлеңдерінен алынған тар­мақ­тардан аңғару қиын емес.
Алшы, Тауқа, омпа, шіге, бүгін де,
Мен білетін мың сөз бар ғой тілімде.
Қуанышта, құса кезде, құдай-ау,
Қолқанат сол, қолқабыс сол тірімде, – [«Гүл толқын»,68 б.] деп өзі жазып кеткендей, біздің мақсатымыз – Қ. Шаң­ғытбаев өлеңдеріндегі қазір ұмытыла бастаған сөздердің мән-мағынасын ашып, оқушыларға жеткізу, сөйтіп ақынның танымдық мәні зор тіл байлығын көр­сету.
Жырыңмен атып таңы,
Балқып түні,
Сыйлайды сені еліңнің бар түкпірі.
Керайыл кердеңдердің аулақ беті!-
Жұп жазбай
Жүрейікші шалқып тірі.
[«Хамит Ерғалиевке», «Гүл толқын» 51 б.]
«Кердеңдердің» әсерін күшейту үшін «Керайыл» үлкен қызмет атқарып тұр. Басқа сөзбен ауыстыру қиын! Оның үстіне «Кер-кер» қайталанып, өлеңді әуездендіре түскен.
«Әдебиет – тілмен әдебиет», – деп М. Әуезов айтқандай, қазыналы тілімізді одан сайын байытып, сапалық өзгерістерге мұрындық болатын суреткерлеріміз. Жазушы шеберлігі сөзді қалай қолдана білуінде. Қ.Шаңғытбаев архаизмге айналып, ұмытыла бастаған, сондай-ақ араб, парсы, түрік т.б. сөздерді жайдан-жай ала салмаған. Ақын біріншіден, адамның жан- дүниесіне әсер етіп, жүрек тербетіп, тебірентетін (эмоционалды- экспрессивті) және ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды ұрпақтан- ұрпаққа жалғайтын (аккумулятивті) сөз маржандарын теріп, мағынасын түстей түсуді, екіншіден, аз сөзге көп мағына сыйдыруды, үшіншіден, өлеңге өң, ажар-көрік беріп, әуездендіруді, төртіншіден, сөз бейнелілігін арттыруды, бесіншіден,болған оқиғаның, құбылыстың сырын тұспалдай ашуды, алтыншыдан, айтар ойын үстемелей нақты, нысанасына дөп тигізуді, жетіншіден, басқалар айтып, әбден жауыр қылған сөздер мен қарабайырлықтан қашып, тыңнан із салып, өзінше сөз саптауды, сегізіншіден, ұмытылып бара жатқан ұлттық жауһарларымызды сақтауды мақсат тұтқан. Кезінде одақтас республикаларға барған сапарларында сыйластықтан туған өлеңдеріндегі жергілікті халықтың тілін қолдануы – сол елге, ұлтқа, ұлттың тіліне деген құрмет, мұны сол тұста көп адам ескере бермейтін, әсіресе орыс ағайындар...
Мысалдар келтірейік:
Мұзбалақтай қара болат тұяқты
Найзасындай батырлардың қияқты.
«Лирика» кітабынан, 8 б.
Әсерлі, екпінді, жігерлі, рухты!
Мұз­балақ- бес жасар бүркіт.
Оңаза, озбыр, обадай.
«Гүл толқын», 50 б.
Ашқарақ, тамақсау, қомағай, обыр, жалмаңдаған, тойымсыз деген ұғымды бір сөзбен жеткізген, әрі о дыбысы үш рет қайталанып, сөйлемді әуездендіріп тұр.
Ойқастады ортасында ойраттың.
«Гүлтолқын», 73 б.
Ассонанс. Ойрат- жоңғарлық, ұлттың атауы,
Қолқама қалам батырдым.
«Шайыр», 21 б.
Автор өлеңді жүрегімнің қанына малып жазамын дегенді бейнелей жеткізіп отыр.
Көк көбесін көктеп отты адарғы.
Адарғы бұл жерде ине, тебен сияқты тігін тігуге арналған құрал мағынасында алынған. Адарғы деп сөз зергері найзағайды бейнелесе, сол найзағаймен көк көбесін көктеткен, бейнелі, бедерлі, әуезді!
Елестеп ауыл ыпыны
«Шайыр», 14 б.
«Ыпыны» ауылдың сүреңсіздігін байқатады.
Қайда Шандоз Сәкенім?
Сері, қыран, тұлпар т.б. демей, шандоз дейді ақын. Шандоз- асқан жүйрік, пырақ. Осы сөзді ғалым Жұмат Тілепов те Махамбет поэзиясына байланысты жазған мақаласында «Шандоз- жыр» деп әдемі қолданыпты [Ана тілі, 1 мамыр, 2003].
Махамбет өлеңдеріне шандоз деген қандай жарасымды?!
«Кермиығым, кербезім!
Керіскідей шандозым!» – деп Махам­бет­тің өзі де «Теңіздей терең ақылды» Иса­тайға қарата айтқан.
Жібекпен таңған иегін
Қатайтып, абыз қомданды,
Қобыздың қозғап тиегін,
Шашақты шалғы қолға алды.
-Кереге бойлы кер жылан
Күйіме бұйып келгесін,
Босаға бойлы боз жылан
Үніме ұйып келгесін,
Тарп ұрған таудың тағысы
Тарпаңдай басып келгесін,
Тарлауыт нудың барысы
Алшаңдай басып келгесін.
Қайрауық, долы боз күйім
Шанақты теуіп кернесін,
Желкілдеп соққан жез күйім
Желегей бұлттай өрлесін.
Ойлы, мәнді, мағыналы, серпінді, жігерлі, суретті сөздер, өрнектеліп өрілген ішкі, сыртқы ұйқастар, әуезді дыбыстар бірін-бірі демеп, толықтырып, үндесіп, жымдасып, ара-жігі білімбей, өлеңнің магиялық қуаты мен бояу-нақышын көркемдік шыңына көтерген. Қызмет атқармай тұрған бос белбеу, боркемік сөз жоқ мұнда! «Көркем айтылса ой ұлы, ойландыра алса көркемдік ұлы» (Ғ. Мүсірепов) Бұл шумақтарды өлеңді дыбыс үндестіктеріне құрып, сөзді таңдап қолданудың үлгісі десе де болады. Жұмыссыз қалған іскер, ойлы, қажыр- жігері мол қынулы кісіні қайтадан еңбекке араластырғандай қазіргі қазақ тілінде жиі қолданыла бермейтін бұйып, тарп ұрған, тарпаңдай, тарлауыт, қайрауық, телегей өз орындарын дәл тапқаны соншалық, басқа сөздермен ауыстыра алмайсыз. Өлеңнің өн бойында осындай жауынгер- шаһбоз сөздер атой салып, сол бір тұстағы жоңғарлықтармен жағаласып, еңіреп өткен ел өмірі мен жер, су көріністері көз алдыңда көлбейді:
«Ажалым!» – дедің, қу дұшпан,
Ажалың- иен елімнен,
Қыл құйрық байлап ту құшқан
Түнерген түмен ерімнен,
Қаңғы боп безген баламнан,
Бәңгі боп қалған ауылдан,
Аспаны күңгірт даламнан,
Тастары серек тауымнан.
Серекте түнеп, тау жайлап,
Сергелдең ұшқан қыраннан,
Еменді шайнап, тал қайзап,
Күйісін жұтқан құланнан.
Жоны бір жалпақ жотадай
Жонастың көркі күліктен,
Мойны бір жалпақ бұқадай
Толассыз кекті жігіттен.
Обаған, отты жалыннан,
Аймақ көл, айдын ағыннан,
Қан исін сезсе қағынған
Қарақұрт деген аңымнан.
Ақын аңызды жоңғарлықтармен жойқын күрес жүріп жатқан заман тілімен сөйлеткенде түмен, бәңгі, қаңғы, серек, қайзап, обаған, жонас сияқты көне сөздеріміз жаңғырып, жаңарып, жанданып сала берген. Биік таудан құлдырай құлап аққан өзендей өлең екпіні, ұйқастар құйылысы мен қиылысы, өткір де өктем бедерлі сөз кейіпкерлер мен заман мінезін де алақандағыдай айқындап ашқан. Өлең жазуды үйретуге болмайды дейміз ғой, ақындығы бар адамға өлең жазуды үйренуге болатынын мойындататын шумақтар бұл. Ақын кейіпкері қатыгез хан есімін Шажа деп (өлең тақырыбы да «Шажа») бекерден бекер алмаған. «Құс жаманы шажа, дос жаманы бажа» деген мақал бар. Шажа – құзар басын мекендейтін, даусы ащы жексұрындау құс атауы.
«Социалистік Қазақстанды» «Еге­менді Қазақстан» деп өзгерткен кезде Қуан аға, осы газеттің сол тұстағы бас редакторы жазушы Шерхан Мұртазаға хат жазып, бір ұғымды білдіретін «жә», «еге», «ие» сөздері барша қазақққа ортақ екенін, күнгейліктер де, Жайық бойы да «еге» дейтінін мысал келтіре отырып дәлелді жеткізіп, алайда «-ді» қосымшасының өз орнын таппай тұр­ғанына қынжылыс білдіреді. «Егемен, жә, егемен болсын делік, – ие ғой баяғы. Ал, егеменді ше? Иелі ме? – дейді автор. – Қай қазақ атқа шабар баласына жарыс алдында: Байқа тізгініңе иелі бол», – дейтін еді. Қобыландыны да, Тоқтарды да «Қаһарманды батыр емес, «Қаһарман батыр» дейміз ғой. «Аларманға – алтау аз, берерменге – бесеу көп» демей ме қазақ? «Алармандыға, берермендіге емес. Ендеше, егеменді емес, газеттің аты «Егемен Қазақстан» болғаны дұрысырақ сияқты» деген пікір айтады. Одан әрі де сөз дұрыстығы, бұрыстығы жайында әңгіме қозғап, республикалық басылымдарда, Қазақ радиосының ақпарат хабарларында «Армысың!» деген сөзді бей-берекет көп қолданып жүргенін, «ақпарат хабарлары» дегендегі «Хабар» – араб сөзі, «ахбар» осы сөздің көпшесі екенін ескертіп, ақын «Сонда хабарлардың хабары» болып тұр ғой. Келіспейді-ақ» дейді. Сондай-ақ, қаламгер 1959 жылы «Лениншіл жасқа» «Арман алпысыншы?!» деген мақала жазғанын, бірақ, ол газетте «Арма, алпысыншы!» делініп, сұрақ белгісі қойылмай жарық көргеніне ренжігенін айтып, бүкіл түркі тілдерінде «арма» деген сөз амандасудың бір түрі екенін, яғни, арма «арыма, шаршама», «қажыма» дегенді білдіретінін тәптіштей түсіндіреді [Шаңғытбаев Қ. «Әдден аспайық» «Егеменді Қазақстан» 7 сәуір, 1992].
Кейін «Егеменді Қазақстан» «Егемен Қазақстан болып өзгертілді.
Қ.Шаңғытбаев аударған А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романында: «Летаның әлде үстінде» [Астана, 2002. -166 б.] деген жол бар. Осы лета сөзі ақынның «Ақ бесік – алтын босаға» мақаласында да кездеседі. «Ұзақ жыл ұйқылы-ояу өмір сүрген қазақ халқының қаймағын сыпырып алып, Летаға төгіп тастаған сұрапыл сұмдық дауыл даламыз бен қаламызды қопарып, ордамызды ойрандап кетіпті [«Қазақстан әйелдері», 1991, № 12]. Лета – грек мифологиясында о дүниедегі өзен. Одан су ішкен адам фәнидегі кешкен өмірін мүлдем ұмытады. Лета грек тілінде – Lethe – ұмыту дегенді білдіреді. Қуан ағаның тілге жанашырлығын, аз сөзге көп мағына сыйдыруға деген құштарлығын осы жайлардан-ақ аңғаруға болады.
Ақын қай кезде де елдің жоқшысы. Қоғамдық ой, халықтық мүддені көздеп, шындықты айтып, әділдікті қолдаған. Шындықты айтқан адам дұшпаны түгіл туғандарына да жаға бермеген. Ақын-жыраулар өмірі мен өлең-жырларына көз жүгірткенде, олардың сол әділдік жолында қуғын-сүргінге ұшырап, мерт болғандарын да көреміз. Сондай ақындарымыздың бірі Қуандық Шаңғытбаев. Қуан ағаның жазығы ана тілін ардақтап, елім, жерім, «Мен қазақпын», деп жар салуы. Сол үшін «Ар» жинағын шығарған ақын «арсыз» атанып, қуғын-сүргінге ұшырады. Жоғарыда өлеңдерін өрт шалып, жүрегін дерт шалды» деуіміз сондықтан. Қадыр Мырза Әли сөзімен айтсақ: «Сол кездің көзімен қарағанда, «Ар» сияқты өлеңдер кітабын жазу, жазып қана қоймай, бастыру – барып тұрған батырлық, көзсіз ерлік болатын» [«Жас Алаш», 7 қазан, 2004].
Ақынның 1945 жылы шыққан тұңғыш жинағы М. Әуезовтің алғы сөзімен шық­қаны белгілі. Ұлы жазушы, сәт сапар тілеген кітапқа қандай сыншының тісі батты екен деген ойда қалғанбыз. Сөйтсек, БК(б)П Орталық комитетінің «Звезда» және «Лининград» журналдарының қателіктері жайындағы 1946 жылғы 14 тамыздағы қаулысы мен «Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан тарихының мәселелері Маркстік-Лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласынан кейін ком­мунистік идеологияның сойылын соғушы әпербақандар ел ішінен жау іздей бастайды. Осы тұста жарық көрген Қ.Шаңғытбаевтың «Ар» жинағы қатты сынға ұшырап «ұлтшыл», «буржуазияшыл» деген айып тағылады. 1946 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Қ. Бек­хожин «Саяси беті көмескі, құнсыз» (5 қыркүйек), сол жылы Семейдің «Екпінді еңбек» газетінде Ж.Тілеков те осы сөздерді қайталайды (25 қыркүйек). «Лениншіл жас» газеті Н.Ғабдуллин «Сталин туралы бұл жинақта бірде-бір өлең жоқ, тіпті, олардың аттары да аталмайды» (14 апрель, 1946), – дейді. «Литературная газета» ұлтшылдық жайында айта келіп: «Такое же изолированное от других республик изображение Казахстана, воспевание его в националистическом духе имеет место в казахской литературе и особенно в поэзии. Это относится прежде всего к двум поэтам: К.Шангитбаеву и К.Аманжолову» [6 сентября, 1951 г], – деп ақындарды «Жаным қазақ», «Сарыарқа», «Мен – қазақ» дегендері үшін жазғырады. «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы тоғызыншы нөмірінде жарық көрген Ғ. Мүсіреповтің «Әдебиет майданын ұлтшылдық салдарынан арылтатын уақыт жетті» мақаласы да осы сарында.
Автор идеология майданын ұлт­шылдықтан, идеясыздықтан та­зарту жолында Қазақстанда жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, «Совет хал­қының қаржысына, со­вет ғылымының мүддесіне, не­гіз­гі бағытына қарсы байшыл-ұлт­шыл­дықтың ұрығын өсіріп келген Исмаилов, Маметова, Бекмаханов, Жұ­малиев, Мұхамеджанов, Бекхожин сияқтылардың” әшкереленгенін атап өтеді. Ұлтшылдықтың негізін қалаған алашордашылар екенін, «Қазақ», «Ақ жол» мен «Абай», «Сана», «Шолпан» журналдары сол алашордашылар туы болғанын егжей-тегжейлі ұзақ әңгімелей келіп Қ. Аманжолов шығармасынан совет жауынгерінің бейнесін таба алмағанын «Қасымның сағынары – ескі қазақ, жылқысын құраулаған байырғы қалпын бұзбаған ескі ауыл» екенін айтып, писсимистігін, ұлтшылдығын сынайды. Қуандық Шаңғытбаевтың әдебиетке келісімен «совет жастарына лайықсыз мещандық көрсеткенін» соған қарамай оны жазушылар одағы қошеметтеп, тіпті, М. Әуезовтің өзі өлең кітабына сөзбасы жазғанын қынжыла айтады. Жинаққа енген өлеңдерін мысалға келтіріп, «Ұлтшыл М. Жұмабаевтың өлеңдері» деген тұжырым айтады.
Қ.Шаңғытбаевтың «Бауыржан Момышұлы» өлеңінде совет офицерін Кенесары, Наурызбай, Исатайлардың жалғасы етіп көрсеткенін баяндай келіп, «Аттарын атамағанмен, одан арғыларды қосатыны да көрініп тұр»:
Қуанамын қазақ деген даңқыңа,
Сені туған қазақ атты халқыңа.
Қуанамын ерлігіңе еңіреген,
Дақ салмаған аруақтардың салтына! – дейді Қуандық.
Сірә, жоғарыда «Жұмабаевтан едәуір қосылғаны бар» дегеніміз қате болар да, бұл өлеңдерді түгел Жұмабаев жазған болар! – дейді автор. – Қалайда, бұл өлеңдерге «Алашордашылардың» қайсысының қолы қойылса да Шаңғытбаев сияқты ұрпағы барын тани кетіп, құшақтай алар еді». Автор өз шығармаларына айтылған сын-ескертпелердің дұрыс-бұрыстығына да тоқталып: «…Ғ.Мүсіреповтің «Шұғыла» дейтін повесіне тіпті қате баға берілген. Бұл повесте «Колхоз құрылысының алғашқы дәуірінде кездескен қиыншылықтар мен бұрма­лаушылықтарды қазақстандық жалпы жағдай сияқты етіп теріс көрсететін «Шұғыла» сияқты идеясыз, тұрпайы натурализмге жататын «Ер Қапшағай», ескіні көксейтін «Желкелері неге қышиды» сияқты әңгімелері бар Ғабит Мүсірепов те қатал сынның өріс­тей беруін қалай алған жоқ. Колхоз шындығы өрескел түрде бұрмаланғаны бел­гілі еді» [Мүсірепов Ғ. «Әдебиет майданын ұлтшылдық салдарынан арылтатын уақыт жетті» //Әдебиет және искусство» №9, 1951], – деп автор өзін де қосып жіберген.
Өзгеге де, өзіне де сын көзімен қарау сол кезеңнің, яғни, большевиктер партиясы мен үкіметтің алға қойған міндеті болатын. Отыз жетінші жылдың қанды қырғынынан зәрезап болып қалған жазушылар сол міндет үдесінен шығуды көздеген сияқты. Сондықтан да, оларға кінә тағу да қиын.
Сөйтіп, «Ар» жинағы кітапханалар мен дүкендерден алынып өртеледі. Бұл жайында К.Ысқақ «Простор» журналында 2009 (№3) жылы жарық көрген «Записки инженера» естелігінде: «...Қуан ағаның өлеңдері мектепте алғаш кездесуімізден-ақ мені таңқалдырып, поэзияға баурап алды. Оның тұңғыш «Ар» кітабы елдің аузында жүрді. Аяқ астынан басымыздан жай түскендей болды. – Шаңғытбаевтың кітабын тапсырсын деген бұйрық келді. Не үшін өткіземін, мен оны дүкеннен сатып алдым ғой. Мендегі кітаптың екі данасын да тығып қойдым. Мектепте әңгімелер гулеп кетті, оны «халық жауының» баласы және де ұлтшыл екен деген сияқты. Рас, оның жинағында Сталин туралы бірде-бір жол болған жоқ. Есесіне, «Мен – қазақ! Тал бойымда – қазақ қаны, кеудемде – мейірбанды қазақ жаны» – деген өлең жолдары бар еді. Мұнда қандай ұлтшылдық бар?! Ақын жұмыстан қуылып, үш жыл Ақтөбе облысында туған жері – Қарабұтақта жүреді.

517 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз