• Ұлттану
  • 07 Қараша, 2011

Хакімжанова және халық ауыз әдебиеті

Күлзада Мырзағалиева. 

 

Қазақстанның Халық жазушысы Мариям Хакімжанованың ақындығын, журналистігін барша жұрт білгенімен, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы екенін екінің бірі біле бермейді.

1939 жылы Қазақстан Жазушылары мен халық ақындарының екінші съезі болып, оған Мәскеу делегациясын басқарып жазушы Леонид Соболев келеді. Съезд қаулысына орай Қазақстан Жазушылар одағында сегіз бөлім ашылып, оған Соболевтің ұсынысымен Жамбыл бөлімі қосылады. Бұл бөлімге Иса Байзақов басшы, М. Хакімжанова көмекші болады. Кейін ол «Халық ақындары» бөлімі аталып, Қазақстанда тұратын ақын-жыраулардың аты-жөні тізімге алына бастайды. Мәриям ақынның ақын-жыраулар мұрасын іздестіріп, жинауы осы кезден бастау алады. Қазір де газет-журнал тігінділерінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының кітап­ханасынан М. Хакімжанованың ел аузынан жазып алған өлең-жырларына әңгіме-естеліктеріне жолығары анық. Мәселен, Ыбырай Алтын­сариннің бұрын жарық көрмеген жырларын Мәриямның Қазақстан Ғылым Академиясының мұра жинаушылары құрамында 1947жылы Қостанай, Торғай өңірлеріне барған сапарында Сейітқали Төлегенұлы деген кісіден жазып алып, Академияның сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорына тапсыруы соның айғағы.

Сейітқали көргені мен көңілге түйгені көп, кеудесі алтын сандық, құймақұлақ қарттардың бірі болыпты. Мариям Сейітқалидың әкесі Көтібардың Жаңбыршының тоқалынан туатынын, оның айтуы бойынша, бұл өлеңді Қостанай, Торғай өңіріндегі ел «Өсиет өлең» деп атайтынын айтады. Қырық сегіз шумақтан тұратын бұл ұзақ өлеңде ағасы, билеуші сұлтан Ахмет Жантөриннің, нағашы атасы Шеген Мұсаұлының, нағашылары Бірімжан, Қазыбектің, Обағандағы төмен шекті арғынның белді биі Жазы бидің, қыпшақ Ханқожа, Наурызбай  билердің көлденең қыпшақ Найман бидің, Керей руынан Бекентай, Шотай, Бекентайдың Жүсібінің, жаппас руынан Алтыбай, Мықтыбай, Жарасбай, Төлегеннің Жанқабылының т.б. есімдері аталып, Ыбырай оларға баға береді: Бұлардың көбісі тарихта аты белгілі адамдар. Ақынның осы сапарында ұлы ағартушының өз көзімен көрген 91 жастағы Хасен Сабитұлы деген ақсақал аузынан жазып алған «Ы.Алтынсариннің ояз Крейсмердің қонақтыққа шақыруы», «Уездің атақты байлары»,  «Нұржан ақын», «Ыбырай мен Ахметбек» деген естеліктері де құнды дүниелер. Олардан Ыбырай Алтынсарин өмірі мен қызметі, Қостанай, Торғай өңіріне танымал адамдар жайында тың деректер табуға болады.

Ұлы ағартушының билікке араласқаны, Тор­ғайда сот істерін жүргізуші болғаны мәлім. Алайда оның шешендік қабілеті қандай еді, қалай сөй­леді, ол жайында біле бермейміз. Мариям ақынның 91 жастағы Әбдірахман Жанаев қариядан жазып алып, Ғылым Академиясының сирек кездесетін кітап­тар мен қолжазбалар қорына тапсырған жазбасынан оның тапқырлығымен өлеңмен тақпақтап жүйелі сөйлейтінінен хабардар болдық. «Тура биде туған жоқ» дегендей ақынның туралығын, шыншылдығын нені болсада батыл көзге айтатын, әділдігін де осы шешендік сөздерінен аңғару қиын емес [1].

М. Хакімжанованың ел аузынан жинаған Ы. Алтынсаринге байланысты жазбаларын «Ана тілі» [2], «Жас Алаш» [3] газеті беттерінен тауып оқи аласыздар.

1942 жылы ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың бастамасымен Қазақстан Жазушылар одағы мен Ұлттық Ғылым Академиясы тіл-әдебиет бөлімі Маңғыстаудан Мұрын жырауды (шын аты – Тілеген. Тілеген Сеңгірбекұлы(1859-1954) алдырады да Есмағамбет оның айтқан жырларын жазып алуды Мариям Хакімжановаға тапсырады. Стенографияға түсіру ҚазПИ-дің қызметкері Мәриям Исаеваға жүктеледі. Сондай-ақ бұл іске Мұрын жыраудың баласы Дәуітбай Мұрынов пен Академияның ғылыми қызметкері Бозтай Жақыпбаев та  араласады. Мұрын жырау жайында М.Хакімжанова «Мұрын жыраудың мұралары» мақаласында.

«Ұзамай Мұрын жырау да келіп қалды. Құрметтеп қарсы алдық. Қапсағай келген, ашаң жүзді, қа­расұр кісі болатын. Сақал-шашы бурыл тартқан. Мен көргенде 82 жаста болатын. Көп шешіліп сөйле­мейтін сабыр иесі адам еді» [4], – деп жазады. Мәриям ақын Мұрын жыраудан 40 мың жолдан асатам жыр жазып алады. Олар бірінен-бірі туындайтын жүйелі жырлар – «Ала тайлы», «Аңшыбай батыр», «Баба түкті Шашты Әзиз», «Пар-Пария батыр», «Құтты­қия батыр», «Едіге батыр», «Нұрадын батыр», «Мұса­хан батыр», «Орақ Мамай батыр», «Қарасай – Қази батыр». Бұл жырларды Мұрын жырау Нұрым жыраудан үйреніпті.

Атақты Қашаған (Күржұманұлы – К.М.) жыраудан үйренген «Көкше батыр», «Қосай батыр», «Шынтасұлы Төрехан батыр», «Асан қайғының аңызы», «Абат батыр», «Тоған батыр», «Манаш батыр», «Тұяқбай батыр», «Айсаұлы Ахмет батыр», сонымен бірге «Қарға бойлы Қазтуған» жыры.

М. Хакімжанова «Мұрын жырау туралы есімде қалғандар [5] естелігінде» Мұрын жыраудан мен жазып алған «Ер Қосай батыр», «Ақжанасұлы ер Кеңес батыр», «Манашұлы Тұяқбай батыр» жырлары 1961 басылып шыққан батырлар жырының екінші томында, «Қарадөң батыр», оның ұрпақтары «Жұбаныш батыр», «Сүйініш батыр», «Ер Бегіс батыр», «Тегіс батыр», «Тама батыр» 1964 жылы жарық көрген «Батырлар жырының» үшінші томында «Ер Қосай», «Қарадөң батыр» және оның ұрпақтары «Ақжанасұлы ер Кеңес», «Манашұлы Тұяқбай», «Шыңғысұлы Төрехан» жырлары «Ақсауыт» атты батырлық дастандар жинағының екінші томында басылып шыққанын мақтанышпен жазады. Ақынның бұл мақтанышы – ел мақтанышы. Өйткені жоғарыда аты аталған жырлар біздің рухани байлығымыз. Бұл жырлар – халық қазынасы. Халық қазынасын жинап, халыққа қызмет етуден артық қандай мақтаныш бар?!

М. Хакімжанованың Мұрыннан жазып алған батырлар жыры «Мәдени  мұра» мемлекеттік бағдарлама аясында жарық көріп жатқан «Бабалар сөзі» томында да беріліпті. «Бабалар сөзінің» 50, 51 томында Мұрын жырауды, «Мұрын жыраудың айтуы бойынша жырды жазып алған – қазақтың көрнекті ақыны, әдебиетші Мәриям Хакімжанова» екені айтылып, ақынның қай жерде дүниеге кел­гені, қандай кітаптары жарық көргені, аудармалары жайында кеңінен мағлұмат берілгеніне ішіміз жылып, қуанып қалдық.

Осы жерде бір айта кететін жайт – бұрынғы жинақтарда айтылып келеген ізбен бұл кітапта да Мұрын жырау Сеңгірбайұлы туған жылы 1860 деп көрсетілген. Маңғыстау облыстық «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген  «Қырымның қырық батыры» кітабында: «Мұрын жырау Сеңгірбайұлы 1859 жылы туып, 1954 жылы тамызда дүние салған» [6], – деп егжей-тегжейлі зерт­теліп, зерделеніп, анық жазылған. Мұрын жырауға қойылған құлпытаста осылай көрсетіліпті.

М. Хакімжанованың «Мұрын жырау туралы есімде қалғандардан қосымша» атты мақаласы осы «Қырымның қырық батыры» жинағына да еніпті. Мариям ақын да «Мұрын жырау Сеңгірбайұлы деп жазған». «Жұлдыз» журналында, «Батырлар жыры» томында да осылай делінген.

Мариям ақын дүниежүзілік маңызы бар «Қырымның қырық батыры» эпосын өмір бойы жетілдіріп, жаңғырта, жаңарта жырлап бізге жеткізген Мұрын жырау жырларын жазып ала отырып, оның мінез-құлқы, отырыс-тұрысы, жыраулық ерекшеліктері жайында да қағазға түртіп алып қояды екен. Жырау жеке отырғанда еркін көсіле алмай, жырдан кейбір тұстарын ұмытып, қалады екен де, керісінше көпшілік жиналған шақта бауырын жазған тұлпардай самғап, үні ашылып, шабытына шабыт қосып, манағы есінен шығып қалған жыр шумақтарын да төгіп-төгіп тастайтын көрінеді.

«Жырау домбыраны көбірек тартатын, – деп жазады Мариям.  Оның домбырасы қазіргі домбырадай емес, шағын, жатаған болатын. Көбіне домбырада бұрынғы жорық жырларының сарынын беретін күйлерді тартады. Кейде көзін тарс жұмып алып, өзі соған еріп үзік-үзік жырды төгіп-төгіп жіберетін еді.

Жыраудың мінезі қызық болатын. Күндіз не төсекке, не диванға отырмайтын. Сондықтан жерге төсеген түкті кілемнің үстіне қалың матрац салып, шынтағына қос жастық қоятынбыз. Есім: (Есмағамбет Ысмайылов – М.К.М.) « Жерде беліңіз ауырады ғой, бір мезгіл диванға отырыңыз, – десе, «Қойшы, шырағым, біз күн сайын жерге жақындап бара жатқан адамбыз ғой. Анауыңа отырсам, жайдақ атқа мінгендей мазам кетеді [6, 460]» – дейтін.

М. Хакімжанованың халық ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы болуы кейінгі жастарға үлгі-өнеге. Ақынның бұл ісі әлі де терең зерттеуді керек ететін тың тақырып.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ғ.А. сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры К – 397 қор, №2дәптер.

2. // «Ана тілі» 2003, 24 көкек, 13 ақпан.

3. // «Жас Алаш» 2002, 15 қазан.

4. Хакімжанова М. Мұрын жырау мұралары // Жұлдыз, №7, 1987. – 163б.

5. Хакімжанова М. Мұрын жырау туралы есімде қалғандар. Батырлар жыры. Қырымның қырық батыр VІ т. Алматы: Жазушы, 1990.

6. Ноғайлы жырлары. Қырымның қырық батыры. Алматы: «Арыс» баспасы, 2005. – 14б.

 

1334 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз