• Еркін ой мінбері
  • 05 Қараша, 2013

АДАМ АҒЗАСЫ САУДА-САТТЫҚҚА ТҮСЕТІН ТАУАР ЕМЕС

aimanАйман ҚҰЛПАТШАЕВА,
журналист

Дүниеге келгенде 12 мүшең сау болып, ішкі ағзаларың өз қызметін дұрыс атқарып тұрса, онда одан өткен бақыт жоқ. Деніңді сау етіп жаратқан Алланың бұл саған деген үлкен сыйы деп білген жөн. Ал, осынау сыйдың сұрауы да жоқ емес. Өйткені, Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 58-аятында: «Негізінен Алла сендерге аманаттарыңды өз лайық ор­нына тапсыруларыңды әмір етті» – дейді. Бұлай деп ой қорытуға бүгінгі таңда біздің қоғамдағы, медицинадағы қарқын ала бастаған трансплантация жайы себеп болды. Сөз жоқ, әлемнің медицинасы қарқынды дамыған елдерінің жоқтан бар жасап беруге талпынған бұл саласы өлім аузындағы адамға керекті мүшені өзгенікінен алып, салып беру арқылы оны аяғынан тік тұрғызып келе жатқаны ертегідей көрінген. Енді біздің отандық өз медицинамыз да осы жолда аянбай еңбек етіп, тер төгіп, мамандарын шетелде оқытып, аталмыш жетістікті өз тәжірибемізге енгізіп жатқан жайы бар. Соның жарқын көрінісі деп білуге боларлық мына жайттарға назар аударып көріңіз: Былтыр елімізде бірінші рет науқасқа донордың жүрегін ауыстырып салу операциясы сәтті аяқталды. Ал, А.Сызғанов атындағы хирургияның ұлттық орталығында 1978 жылдан бері 600-ге жуық бүйрек трансплантациясы жасалған. Бұл оңай көрсеткіш емес. Сондықтан да болса керек, біршама тәжірибе жинақтаған отандық медицинамыз өткен жылы әлем бойынша бүйрек пен ұйқы безіне трансплантация жасайтын төртінші ел атанды. Бұған дейін АҚШ, Оңтүстік Корея, сосын Италия қол жеткізген бұл жетістікті осылайша Қазақстан да еңсерді.


Жақынын жоғалтқысы келмеген әрбір жан тиынын тістеп-тірнектеп жинап, шетелде керекті мүшені ауыстырып салғызып келіп жатты. Бар қаржының сол сырт елдерде қалып жатқанына ашынбасқа тағы болмайды. Мәселен, өткен жылы шетелдерде емделуі тиіс 99 пациентке отандық клиникаларда операция жасалған, оның ішінде 50 бүйрек трансплантациясы, 1 жүрек, 22 ересек адам мен 8 жас балаға сүйек майы трансплантациясы жасалыпты. Қазіргі кезде елімізде 4000 адамның ағза ауыстыру үшін тіркеліп, кезегі келетін сәтті асыға күтіп жүргенін ескерсек, онда олардан түсетін ақшаның өз қоржынымызда қалатынына жылы қабақ танытасың. Ал, жоғарыда айтып өткен ойымызға оралсақ, онда исі мұсылман үшін трансплантацияның қаншалықты және қандай жағдайда қажеттілігіне мән бермеске болмайды.
Шариғат рұқсат етпеген үкімдердің зәру жағдайларға байланысты кей тұстарда өзгеруі мүмкіндігін ескертеді, осы сала мамандары. Мысалы, аяғы ауыр әйел адам дүние салса, құрсағындағы тірі шарананы ананың ішін жарып аман алып қалу. Өйткені, анасы қайтыс болса да, тірі бала құтқарылып, өмір сүруі қажет (Ихтияр, 4:167; Раддул Мухтар, 1:602). Осы үкімге сүйенген шариғат ғалымдары ағза мүшелерінің ауыстырылуына да оң көзқарас білдіреді. Бұл жағдайда «көбіне қайтыс болған адамның мүшесі ғана донор ретінде берілуі тиіс» дейді олар. Бұл жайында Каирдегі әлемдік әл-Әзһар университетінің ғалымы Ахмад әш-Ширбаси: «Ағза мүшесі тек өмір мен өлім арасындағы адамға ғана ауыстырылуы керек. Сонымен қатар, бұл операция туралы негізінен сол саланың білікті маманының шешім қабылдап, жасағаны дұрыс. Оған қоса, қайтыс болған адам ағзаларын беруге келісім білдірген қағаздың да болуы шарт. Келісім туралы қағаз болмаған жағдайда мәйіт жақындарының ризалығы керек. Ал, қайтыс болған адамның «мен қайтыс болғанда денеме тимеңдер» деген өсиеті болса, онда ешкімнің оған тиісуге хақысы жоқ. Дене мүшесі өлім аузында жатқан адамнан алынбайды. Кейде дәрігерлердің өзі үміттерін үзген адам Алланың құдіретімен қайта өмірмен қауышып жататын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан, уақытынан бұрын өмірді тоқтату дұрыс емес» дейді. Кейде тірі адам екі бүйрегінің бірін береді. Мұндағы мақсат адам өмірін сақтау болғандықтан, ағза беру аса зәру жағдайда ғана қолданылады. Құранда кімде кім жазықсыз адам өлтірсе, бүкіл адамды өлтіргенмен тең. Ал, бір адамды өлімнен құтқару бүкіл адамды құтқарғанмен тең («Маида», 32-аят) екені айтылған. Осыған сүйенген діндарлар қансырап жатқан адамға да қан беруге болатындығын айтқан. Тіпті, қан мұсылман емес адамнан алынса да жарайды (Ясъалунака фид-дин уәл хаят, 1:604-608). Өз ағзаларын өзгелерге берген адам ол үшін ақы сұрамауы керек. Өйткені, адам ағзасы дүкенде, не базарда сатыла беретін тауар емес. Сондықтан да, адам шариғат заңынан аспай, дене мүшесін садақа, сыйлық ретінде бере алады.
Ал, қазіргі біздің жағдайда шынында солай ма? Өкінішке қарай, олай емес. Жан тапсырған пенденің «бүтін тәнін бұзып, керегін алсақ» деген ой ғана қазіргі біздікі. Мәселен, өмірден өткен жақындарының ағзасын жарғызып, керегін беріп жатқандардың қолында сол марқұмның тілдей рұқсат қағазы бар екенін кім көрсетіп жатыр? Ешкім де. Өйткені, ең алдымен, донор болуға жақыны келісім берсе, сол жетіп жатыр. Ал, оларды біз «бірнеше адамға өмір сыйлауға мұрындық болған жан» ретінде теледидар арқылы дәріптеп келеміз. Егер, шындығына келгенде, осы келісімі үшін ол бір тиын да алмады дегенге кім сенеді? Сондықтан да, бұл шариғаттың «мүшені сатуға болмайды» деген заңын оңды-солды басып, бауырын, бір бүйрегін саудаға салатындардың қатарын көбейтпесіне кім кепіл? Тағдыр тауқыметіне қарсы тұра алмаған кейбір жандардың тағы да сол теледидар арқылы мүшелерін саудалап шыққанын естігеніміз есімізде. Осынау даулы тақырыпқа байланысты Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Құқықтану Ислам академиясының кеңесі Сауд Арабиясының Жидда қаласында өткен төртінші сессиясында «Тірі немесе қайтыс болған адамның дене мүшелерін трансплантациялау» тақырыбындағы құқықтық және медициналық зерттеулерінің Академияға түскен нәтижелерімен танысып, талқыға салған екен. Сондағы ортақ бір шешімге келгендері мынау болыпты:
Бірінші, адам мүшесін денесінің бір жерінен екінші жеріне трансплантациялауға операциядан күтілетін нәтиже жоғары дәрежеде болса және операцияның мақсаты жоғалтқан мүшені қалпына келтіру немесе оның формасын және табиғи қызметін қалпына келтіру болса ғана рұқсат етіледі (мысалы, қазіргі таңда жасару үшін, жыныс мүшелерін, т.б. болмайды);
Екінші, бір адамның дене мүшесін екінші адамға трансплантациялау дене мүшесін беруші адам қан немесе тері жағдайларындағыдай физиологиялық регенерация (қайта қалпына келу) қасиетіне ие болған жағдайда жүзеге асады. Бұндайда донор толығымен іс-әрекетке қабілетті болуы және операция кезінде шариғат қағидалары сақталуы міндетті;
Үшінші, донордың ауруына байланысты одан алынып тасталынған мүшені ғана трансплантациялауға рұқсат етіледі. Мәселен, алынып тасталған көздің мүйізгек қабығын трансплантациялау;
Төртінші, адам өмірі үшін маңызды болып саналатын жүректі трансплантациялауға тыйым салынады.
Бесінші, тірі адамның мүшесін трансплантациялауға ол адамның өліміне алып келмесе де, өмірі үшін маңызды болып табылатын басқа мүшелерін асқындыратындай қолайсыздық тудыратын болса, тыйым салынады.
Ал, донорға қатысты төмендегі қағидаларды сақтауды ескертеді:
Бірінші, дені сау, ақыл-есі дұрыс, өз шешімінде тұратын болу қажет. Ислам ғұламалары дене мүшесін беруде сол зәру мүше ауруды өлімінен құтқаратын болса ғана беруге болады деп рұқсат берген. Әрине, ғайыпты білуші бір Алла, десе де, дәрігерлердің де оған көзі жету керек;
Екінші, балиғат жасынан асқан адам болуы шарт. Осы ретте ғалымдар мен дәрігерлердің бір ауыздан бекіткен жасы – жиырма бір. Жиырма бірден асқан кез келген азамат шешімді ешкімнің мәжбүрлеуінсіз өзі қабылдауына міндетті. Тіпті бұл мәселеде ата-анасы өз баласын күшпен көндіруге де хақысы жоқ;
Үшінші, донор адам беріп тұрған мү­шесіне өзі қатты мұқтаж болмауы керек. Дене мүшесін бергені үшін өзі донор іздейтін жағдайға жетпеуі қажет;
Төртінші, жыныстық мүшелерді ауыстыру, алмастыру үлкен күнә болып саналады.
Өлі денеден трансплантация жасауға егер емделушінің өмірі немесе ағзасының өмір үшін маңызды қызмет атқаратын мүшесі трансплантациялауға тәуелді болса ғана рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда донордың өзі оның өлімінен кейін сондай операцияға келісімін бергендігі туралы шарт сақталуы керек. Өлген адамның кім екендігі немесе мұрагерлері анықталмаған жағдайда, трансплантация жасауға рұқсатты мұсылмандардың өкілетті басшысы береді.
Жалпы, біздің заңымыз трансплантацияны дамытуды көздейді. Оған қоса, шариғат та жоғарыда айтып өткендей мүмкіндіктерді белгілеп берді. Бірақ, бәрі де осы көрсетілген тура жолмен жүрсе жақсы. Кешігіп қолымыз жеткен мәйітке де ертеңгі күні «қайсыбір ішкі мүшелері алынып қалған жоқ па?» деген күдікпен қарап тұрсақ, қорқынышты емес пе? Десек те, бәрінен бұрын Алла тағаланың өмірмен бірге өлімді де бергенін ұмытпайық, ағайын!

573 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз