• Ұлттану
  • 05 Қараша, 2013

Ұялы байланыстың ұяты қайда?

Мен ШамуратМеңдолла ШАМҰРАТОВ,
журналист

Бүгінде өмірімізді ұялы байланыссыз елестету қиын. Қалта телефонымызға тәуелділік деңгейіміздің өскені сондай, бір күні оны ұмыт қалдырсақ, қоршаған ортамен байланыссыз қалғандай күй кешетініңіз рас. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін «соткасыз» жүрмейтін болды. Бұл бейнелі түрде айтылған теңеу емес...
ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша елімізде қазір 17,0 млн. халық тұрады екен. Ал, ұялы байланысты қолданушылар ретінде тіркелген абоненттер саны 29,19 миллионға жеткен. Бұл статистика агенттігінің биылғы жылы наурыз айында тіркеген мәліметі. Ел тұрғындарының ұялы байланыспен қамтылу деңгейі 172 пайызға жетіп отыр. Таңдай қағарлық-ақ көрсеткіш. Осы мәліметтерге қарап, тұрғындардың кемі екі-үш сим-картаға иелік ететінін болжау қиын емес. Әйтседе, бізде ұялы байланыс өз деңгейінде дамыған, оның қызмет ақысы көкейге қонымды деп айта алмаймыз. Былай қарағанда, Қазақстанда қалаларды айтпағанның өзінде ауылдардың өзі ұялы байланыспен қамтылып жатыр. Қолға тиген соңғы мәліметке қарағанда ел аумағының 95 (!) пайызында ұялы байланыс бар. Сонда неге бізде ұялы байланыс дамыған деген тұжырым жасауға келгенде тіліміз күрмеле береді?
Қолымызға кездейсоқ түскен «Global Inforation Technology Report 2013» бүкіләлемдік экономикалық форумының мәліметтеріне сүйенсек, еліміз аумағының 95 пайызын ұялы байланыспен қамти отырып, қызмет көрсету тарифы бойынша әлемде 42-ші позицияда екен (0,19$). Бір айта кететін жай, ұялы байланыс қызметінің тарифінде Ресей бізден кейінгі 46-шы позицияны (0,19$) иеленеді. Ал, Молдова 76-шы (0,31$), Тәжікстан 66-шы (0,27$) позицияда. Бауырлас ел Қырғызстаннан, біз, тіпті кейінге қалғанбыз. Айыр қалпақты ағайындар Бүкіләлемдік экономикалық форум рейтингінде 31-ші позиция (0,16$) иеленеді. Украина болса 2-ші позицияға (0,01$) жайғасқан.
Бізде ұялы байланыс нарығының дамуы кейбір көрші елдерден неге кейіндеп қалған? Мамандар бұған қатысты бірнеше факторды алға тартады. Оның ең бірінші сатысында демографиялық ахуал тұр. Жоғарыда еліміздегі халықтың нақты санын келтірдік. ҚР Статистика агенттігінің мәліметі халықтың жылдық орташа өсімі бізде 1,7 пайыздан аспайтынын көрсетеді. Бұл жылына шамамен 263,3 мың адам. Яғни, халықтың өсімі тым баяу деген сөз. Осы көрсеткіштерге қарап бізде ұялы байланыс нарығы өзінің шарықтау шегіне жақындап келеді деп айтуға толық негіз бар. Екінші себеп, елімізде Интерконнекттің жылдық мөлшерлемесі тым жоғары. Интерконнект деген бір ұялы байланыс операторының өзінің желісінен тыс басқа байланыс операторымен арадағы өзара қосылуы үшін алынатын төлем. Мысалға алсақ, Билайн абонентіне Кейсел операторы абонентімен сөйлесу құны тым қымбатқа шығады. ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі зерттеуіне назар салсақ, біздегі Интерконнект мөлшерлемесі 13,02 теңге көлемінде екенін көреміз. Ал, мәселен, ТМД елдерінде мұндай мөлшерлеме 3-5 теңгеден аспайды. Көріп отырғаныңыздай, айырмашылық екі еседен де жоғары.
Ұялы байланыс нарығын дамыту жолындағы үшінші фактор ретінде елдегі бюрократизм атап көрсетілген. Өйткені, бізде радиоэлектронды құрал­дарды пайдалануға рұқсат беретін құжат­тарды алу тым ұзаққа созылатын процесс көрінеді. ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің мәліметіне сүйенсек, бізде радиочастоталық ресурс жетіспейді екен. Мұндай ресурстың 90 пайызын әскери қызмет иеленіп алған. Ұялы байланыстың отандық нарығын дамытуға тағы бір кедергі, ұялы мен тұрақты байланыс операторларының арасындағы техникалық мәселелерге келіп тіреледі. Дәлірек айтқанда, бұлардың арасында бірыңғай есеп трафигі жоқ, сондай-ақ, жергілікті телефон байланысы мен ұялы байланыс операторының тікелей қосылу мүмкіндігі мүлдем қарастырылмаған.
Тар нарықтың тәлкегі
ҚР Көлік және коммуникация минис­трлігінің бізге берген мәліметіне көз салсақ, елімізде ұялы байланыс GSM (900, 1800), UMTS (700, 2100) және CDMA (450, 800) үлгісінде жүзеге асырылады. Мұ­ның ішінде GSM, UMTS үлгісінде келесідей ұялы байланыс операторлары жұмыс істейді. Біріншісі, бақылаушы акция пакеті «TeliaSonera» холдингіне тиесілі «Кселл» АҚ. Акциясының 47 пайызы «Fin Tur» скандинав-түрік хол­дингіне тиесілі бұл компания біздің на­рықта Kcell, Activ және Vegaline сауда белгілерімен танымал. Екіншісі ресейлік «Вымпел-Коммуникация» холдингінің ен­ші­лес компаниясы «КаР-Тел» ЖШС. Оны біз Beeline сауда белгісі арқылы танимыз. Үшінші оператор соңғы кезде жиі ауызға іліге бастаған Tele2 сауда белгісі. Бұл сауда белгісін бізге «Мобайл Телеком -Сервис» ЖШС ұсынды.
Ал, енді, CDMA үлгісінде «Қазақте­леком» АҚ-на қарайтын «АЛТЕЛ» АҚ қызмет атқарады. Бұл компанияның ен­ші­сінде нарықта Dalacom, Pathword және City атауларымен танылған сауда белгі­лері бар.
ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі­нің жылда жүргізілетін есебі республи­камыздағы ұялы байланыс нарығындағы бәсекелестіктің дамымағанын дәлелдей түседі. Нарықта жоғарыда санамалап шық­қанымыздай бар-жоғы төрт оператор ғана жұмыс істейді. Ұялы байланыс нарығының негізгі басым бөлігін тек екі оператор – «Кселл» АҚ мен «КаР-Тел» ЖШС қалыптастырып отыр. Біріншісінің еншісіне нарықтың 51 пайызы тисе, екіншісі 31 пайызын иеленеді. Мұндай жағдай сөз жоқ, нарыққа қатысушылардың қызмет бағасы тиімді қалыптасуына кері әсерін тигізіп келеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бізде осы азғантай операторлар арасындағы өзара қосылу тетігі де (Интерконнект) мешеу күйін­де қалған. Осы Интерконнекттің мөлшер­лемесі 13,02 теңге, бұл өзге елдердегіден екі еседен де жоғары деп отырмыз ғой. Шындығында, бұл баға Үкіметтің ар­найы қаулысымен төмендетілген түрі екен. Ол бұдан бұрын, яғни, 2010 жылдары 19,98 теңге болған. Үкіметіміз «Интерконнект қызметін табиғи монополиялар саласынан шы­ғарып, бәсекелестік ортаға беру туралы» 2011 жылғы 26 тамыздағы №966 Қаулысына сәйкес қабылданған шаралар негізінде бұрынғы бағаны 34,8 пайызға төмендетуге мүмкіндік туған. Осы 2011 жылға дейін ұялы байланыс операторларының өзара қосылу тарифі бақандай 11 жыл бойы (!) ешқандай өзгеріске ұшырамағаны да таңдандырмай қоймайды. ҚР Көлік және коммуникация министрлігі мен ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің соңғы мәлімдемесіне сенсек, Үкіметіміз Интерконнект мөлшерлемесін төмендету бағытындағы жұмыстарды одан әрі жал­ғас­тырмақ ниетте. Егер, бұл шешім біртіндеп жүзеге асатын болса, санаулы жылдарда біз де ТМД елдеріндегі осы саладағы көрсеткішке табан тіреп қалармыз.
Активім, Кселлім иең
осы кім сенің?
Қазакем біледі, майлы жілік ешуа­қытта иесіз болмайды. Оның басын ұстайтын ие де анау-мынау емес, ал­пауыттардың сойынан болып ке­ле­ді. Kcell, Activ және Vegaline сау­да белгілерін бір уысында ұстап, елі­міз­­­дегі нарықтың тең жартысынан ас­та­мын жаулап алған компания – «Қа­зақтелеком» ААҚ-ның «GSM Қа­зақстан» ЖШС» деп аталады. Бұл компания бізде 1998 жылдың 30 қыр­күйегінде құрылып, 1999 жылдың ақпан айынан Kcell сауда белгісімен өз қызме­тін бастаған. Сол жылы қыркүйек айында нарыққа Activ брендін ұсынған. 2001 жылы Қазақстанда тұнғыш рет мәліметтерді жөнелту – Ғаламторға қо­сылу және электронды пошта қызметі іс­ке қосылды. Содан соң, 2003 жылы GPRS (жалпы пайдаланымдағы радиобайланыс пакеті) негізінде Kcell або­ненттері үшін мобилді Ғаламтор, WAP, MMS сервистері пайда болды. Ал, келесі жылы Kcell өз абоненттері үшін EDGE мәліметтерді жоғары жылдамдықпен жө­нел­ту технологиясының тұсауын кесті. Бүгінде компания LTE базалық стансасын іске қосу арқылы мәліметтерді жөнелту жылдамдығын 80 Мбит/секундқа жеткіз­ді. 2010 жылы алғаш рет Астана, Алматы қалаларында 3G жүйесін іске қосты. Бұдан соң 2012 жылы HSPA+ технологиясына сәйкес келетін 3G UMTS/WCDMA стандарт жүйесі енгізіліп, абоненттерге интерактивтік мультимедиялық қызметтердің барлық түрін пайдалануға мүмкіндік туған еді. «Қазақтелеком» ААҚ-ның «GSM Қазақстан» ЖШС» өткен жылы «Кселл» АҚ болып қайта құрылды. Енді, осы компанияның мәлі­мет­теріне көз салсақ, 2012 жылдың қорытындысында еліміздің 5015 қала­сы мен ауылын ұялы байланыспен қамтыған. Биылғы жылдың мамыр айына дейін тағы жүзден астам елді мекенді байланыс аумағына енгізіп, абоненттік базаны 14,1 миллионға жеткізген. 2013 жылдың алғашқы тоқсанында компания өз табысын өткен жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 4 пайызға өсі­ріп, кіріс мөлшерін 43 млрд. теңгеден асырып жіберген екен. Тек дыбыстық қызметтің кірісі биылғы жылдың бірінші тоқсанында 33,29 млрд. теңгені құраған. Айта кету керек, компанияда дыбыстық қызметтің үлесі жалпы кірістің 77,32 пайызын құрайды. Ал, мәліметтерді жөнелту арқылы 4,11 млрд. теңге кіріс келтірген. Компанияның басқалай кіріс­тері, мәселен USB модемдерін, ұялы телефон түрлерін сату, ақпараттық-көңіл көтеру қызметінен түскен табыс керсінше 66,93 пайызға (51 млн. теңгеден 17 млн. теңгеге) төмендеп кеткен. Бірақ, басқа жағынан алғанда компания еселенген та­быс тауып жатқандықтан, әлгіндей кіріс түрлерінің төмендеуі жалпы есепте мүлдем көрінбей қалады.

Біз білмейтін Билайн
Ұялы байланыстағы екінші ірі сауда белгісі, жоғарыда айтқанымыздай, Beeline. Осы белгіні ұсынушы компания «КаР-Тел» ЖШС-ның негізі де біздің елімізде 1998 жылы Алматы қаласында қаланды. Ол кезде бұл компания белгілі түрік телекоммуникациялық консорциумының құрамдас бөлігі ретінде жұмыс жасады. Арнайы лицензияға қол жеткізген «КаР-Тел» ЖШС 1999 жылдың ақпан айында GSM стандартындағы K-Mobile жүйесін іске қосты. Сондай-ақ, K-card брендін де пайдалануға ұсынды. Кейін бұл жүйе EXCESS (ұялы байланысқа карта арқылы бірлік жүктеп, алдын ала төлем жасау) ретінде жаңартылды. Әйтседе, компания нарықтағы орнын нық айқындай алма­ды. Енді қалай болады деп жүргенде, 2004 жылдың 14 қыркүйегінде ресейлік «Вымпел-Коммуникация» ААҚ сатып ал­ған болатын. Бұдан соң «КаР-Тел» ЖШС-ның бағы жанды десе болады. Арада алты-жеті ай өткенде біздің нарық үшін су жаңа бренд Beeline қызметін ұсынды. Жаңа нәрсеге жұрттың ықыласы ауған болуы керек, 2007 жылдың 1 шілдесінде компания K-Mobile мен Beeline сауда белгісін біріктіру жөнінде шешім қабыл­дайды. Содан кейін-ақ K-Mobile ұялы байланыс саласында өз атауын мүлдем жоғалтты. 2011 жылы ДОС деген брендті нарыққа шығарған еді. Алайда ол аса танымал емес.
Нарықтың біраз бөлігін жаулап алған Beeline, обалы не керек, абоненттеріне үнемі жаңа қызмет түрлерін ұсынуға тырысады. Мәселен, 2009 жылдың мамыр айында корпоративтік қолданушылар нарығына BeelineBusiness бағытындағы қызметті ұсынды. Бір жылдан соң Астана мен Алматы қалаларында LTE технологиясы базасында 4G жүйесін көрсетілім арқылы жариялады. Ал, 2011 жылдың бірінші қаңтарынан 3G жүйесін еліміздің барлық қалаларында қолданысқа енгізді. Қазіргі уақытта компания GSM 900/1800 стандартындағы ұялы байланыс, тұрақты телефон, FTTB және 3G технологиясы бойынша жоғары жылдамдықтағы Ға­лам­тор қызметтерін ұсынып келеді. Бұл компанияның да кірісі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Биылғы жылдың бірін­ші тоқсанындағы есеп бойынша компания өз табысын 28,65 млрд. теңгеге жеткізген. Табысы «Кселлден» екі есе төмен болғанына қарамастан, осы жылдың бірінші тоқсанында Beeline сөйлесу құнын 32 пайызға азайтқан екен. Абоненттерінің жалпы саны 8,5 млн. адамды құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық. Байқап отырғанымыздай, «Кселлге» қарағанда абоненттік базаның өсуі баяу. Компания негізінен бұрынғы клиенттерін сақтап қалуға күш салатынын байқау қиын емес.

Tele 2, нарыққа бекі!
Швециялық Tele2 байланыс операторы біздің нарықта 2010 жылдан бастап бой көрсете бастады. Оны бізде «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС ұсынып отыр. Негізінде бұл компания нарықта 2007 жылдан бар. Ол кезде «Neo» брендімен жұмыс жасаған еді. Бүгінде Tele2 Қазақстан қалаларын түгел қамтыды. Тіпті, 1000 адам тұратын шағын қалалар да бұл байланыс түрін, соның ішінде дыбыстық, жоғары жылдамдықтағы мобилді ғаламтор қызметін пайдалана алады. Жалпы есеппен алғанда ел тұрғындарының 83 пайызы Tele2 байланыс аумағына кіреді. Тағы да биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы есепті алып қарайтын болсақ, компанияның бұл кезеңдегі табысы 6,8 млрд. теңгеге жеткенін көреміз.Өткен жылғы табыспен салыстырғанда өсім 83 пайызды құраған. Нарыққа кеше ғана кірген сауда белгісі үшін бұл үлкен жетістік екені сөзсіз. Биылғы жылдың екінші тоқсанында Tele2 абоненттері тағы 309 мың адамға көбейген. Әйтседе , ұялы байланыс нарығына Tele2 сауда белгісінің келіп қосылуы бәсекелестік ортаға әсерін тигізе алмады. Жалпы алғанда басқа операторларда қызмет бағасы сол күйі өзгеріссіз қалды.

Арзанның аты – «Алтел»
Ел нарығындағы төртінші оператор «Алтел» АҚ бізге PAThWORD, City, Dalacom сауда маркілері арқылы таныс. «Алтел» АҚ телекоммуникациялық қызмет нарығында 1994 жылдан бері жұмыс жасайды. 2003 жылдан бастап қана нарықта ұялы байланыс пен сымсыз Ғаламтор қызметін ұсынған еді. Бүгінде ол елімізде CDMA 2000-1Х стандартында жұмыс жасайтын бірден бір компания болып отыр. Сондай-ақ, Қазақстанда 2010 жылы ең бірінші 3G технологиясымен Ғаламторға қосылу мүмкіндігін ұсын­ған компания ретінде де ұялы байланыс тарихына енді. Бастапқы кездері PAThWORD, City, Dalacom сөйлесу құны ең арзан сауда маркасы ретінде қалың бұқараның арасына тез таралған болатын. Ғаламторға қосылу да айтарлықтай арзан болды. Бірақ, неге екені белгісіз, бәрібір абоненттік базасы өзге әріптестерінен әлдеқайда төмен. Бар-жоғы 1,04 млн. адамға әзер жетеді. Компания 2012 жылы 4G технологиясын енгізді. Содан соң, сол өткен жылдың желтоқсан айында «ALTEL 4 G» сауда маркасымен Астана мен Алматы қалаларында LTE технологиясын пайдаланушылардың игілігіне берді. Сөйтіп, бұрынғы сауда марклерінің қатарына тағы екі жаңа бренд –«ALTEL 4G», «JET»-ті қосты. Соңғысы Ғаламтор желісі.
Компанияның аудиторлық қаржы есебіне қарағанда, 2012 жылғы табыс кө­лемі 12,0 млрд. теңгеге әзер жеткен екен. Бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 14,0 пайыз­ға төмен болып шықты. Бұлай болатын себебі, абоненттік төлемнен, телефондар мен аксесуарларды сатудан, каналдарды арендаға беруден түсетін табыс көлемдері жылдан жылға кеміп барады. Бақандай бес бренді бар компанияның нарықтағы өз позициясын біртіндеп жоғалтып бара жатқанын байқау қиын емес. Бұдан бір жыл бұрын ұялы байланыс нарығының 14 пайызын иеленген компания биылғы жылдың екінші тоқсанында 4 ақ пайызын уысында ұстап қалыпты. Сарапшылардың пікірінше, «Алтел» өзінің бар ресурсын негізінен жаңа қызмет үлгілерін ұсынуға жұмсап жіберген сияқты. CDMA 2000-1Х стандартындағы бірден бір оператор болғандықтан да абоненттер санын көбейту бағытына аса мән бермейтін болуы да мүмкін деген пікір де айтылып қалады. Қалай дегенмен де «Алтелдің» бар мүмкіндігі әзірге осы болып тұр. Осындайда қазақтың «арзанның тұзы татымас» деген сөзі еріксіз еске түседі.

Тобықтай түйін
Бірден айтайық, таяу жылдары елі­міздің ұялы байланыс нарығында айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Өзгеріс болуы үшін нарыққа жаңа «ойыншы» қосылуы тиіс қой. Біздің сараптама, енді, жаңа оператордың бой көрсету мүмкіндігін жоққа шығарып тұрғандай. Елімізде 17 миллион халық болса, ұялы байланыстың жалпы абоненттік базасы 29, 19 миллионға жеткен. Қамтылу деңгейі 200 пайызға жуықтап қалғандықтан, бізде нарық­тың дамуы өзінің шарықтау шегіне жетті десек те, артық айтқандық емес. Енді, осы деңгейден төмен құл­дыратып алмасақ деген қауіп бар. Ондай жағдайға жетпес үшін біздің на­рықтағы төртеу (ұялы байланыс операторларын айтып отырмыз) қызмет түрлерін үнемі жетілдіріп, тиімділігін арттыруға күш салуы керек. Нарыққа ерте бастан орныққан екі алыпты (Kcell мен Beeline) ығыстыру үшін жаңа «ойыншыға» мүлдем жаңа, сапалы әрі арзан қызмет түрін ұсыну керек болады. Біздегі радио ресурстық кеңістіктің 90 пайызы әскери қызметтің еншісінде екенін ескерсек, бұл тіптен мүмкін емес жағдай екенін еріксіз мойындауға тура келеді. Сондықтан, осы күйімізден айырылып қалмасақ екен деп тілейміз де.

 

 

 

360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз