• Ұлттану
  • 05 Қараша, 2013

Айтары мол «Ақтолғай»

Сарсен Бек СахабатСәрсен Бек Сахабат,
ақын, түркітанушы,
Ресей Халықаралық Психология
ғылымдары Академиясының мүше-корреспонденті
Жазары көбейген жампоз жазушымыз жүрісінен жаңылмай, сұлу жорғасынан жазбапты. Жампоздың аты-жөні жәмиғатына мәшһүр майталман Мархабат Байғұт. Жанға жайлы, құлаққа жағымды есім. Ат үркітетін атақ-лауазымын тізбегеннің өзінде, осылай өзіне тән харизмасымен жылы жымимақ. Марғасқа ағамыз соңғы жылдардың бедерінде айтулы екі дүниелік жазды. Көлемі шағын қарапайымдылық қағидасынан айны­маған. Аз болғанымен саз жазылыпты. Соцреализмнің қасаң қағидасынан құтылдық десек те сындағы жаңа критерий айтыла-жазыла қойған жоқ. Сын әлжуаз, ең жаманы – енжар.


«Әдебиет пәнінің періштесі» қазақ про­засында мәрсия жанрында жазылған тұңғыш еңбек. Алдыңызға сый тартылған «эсселерден кестеленген» Ақтолғай жұ­пары жусандай жылы мемуарлық машық. Мемуарлық жанр, әлбетте, қазақ әдебиетіне жаңалық емес. XX ғасырдың басындағы С.Көбеевтің «Орындалған арманы» жол салып кеткен, бұрын да болған, алда да бола бермек.
Алпысқа жасы толғанда бір қызық әңгіме айтылды. Осы Шымқалада ағамыздың ағасы «Мархабат алпысқа да келдің, енді роман жаз» деді. Өз кезегіміз жеткенде шыдай алмадық: «Марқа ағамыз роман жазбаса да өзіне тән айшықты бедерімен Қазақ прозасының тарихында лайықты орын тапқан қаламгер. Ақыл жағына келсек, ол шіркінің алпыстың белортасы отызында толып қойған» дедік. Ағамыздың ағасы сөзімізді қатты ауырлады. Мейлі дедік. Орыс мәтелінде айтылғандай «елдің бәріне ұнайтын онсомдық -червонец емеспіз».
Роман жазудан бой қашыртатын Марқа ағам өте дұрыс істейді. Өйткені, бұл Марғасқаның мөлтек мақамына қиянат. Өз болмысын сақтау керек, бұл ерлік. Әңгіме жанры ата малымыз. Әлдекімге сырттағыға еліктеп новелла, новеллист деудің де керегі жоқ. Қазақ прозасы құлағымызға қанша құйып тастаса да біз отаршылдардан әдебиет-мәдениет үйренген дәуірден әлдеқайда ілгері атамзаманда басталған. Ауызекі аңыз әңгімелерде сақталған өз үрдісі болған. Бүгін айтылған жаңалық емес, небәрі классик жазушы һәм әдебиетші Тәкен Әлімқұлұлының жағындамыз, сол кісінің пікірін қолдаймыз. Қолдан келгенінше байытуға тырысып бағармыз.
Қысқасы, әңгіме жанры романның, һикаяттың атасы. Демек батагөйі! Әдемі әңгімеге әуес Тәкен тектіміз, Мархабат марғасқамыз, ендеше, өз ата жолында дұрыс келе жатқан қарымды қаламгерлер. Тәлімі де осы болар. Тәкен тектіміз қазақты ауылдық, қалалық деп бөле-жармайтын аталы үрдіс қалдырды. Марғасқа Махаң да ойланбай осы жолға қойып кеткен. Әдебиеттанудағы қалшиған қағида - таптық көзқарас: бай, қожа-молда мен кедей-кепшік, жұмысшы мен шаруа, асфальтта өскен бала мен қаратабан ауыл баласы ешкімге уафа әкелмеді. Өзі де жасандылыққа ұрындырмай қоймайтын кесір. Азар-безер болуымызға осы себепші!
«Ақтолғай» эссе жанрын қалай пайымдапты! Мәдени тұрғыдан, әлбетте. Авторлық көзқарас тұрғысынан, әрине. Жұрт қаласын-қаламасын біз Дала мәде­ниетінің өкіліміз. Алматыдай әйдік қалада туып-өскен жалғыз қаламгер Олжас Сүлейменов. Осының өзі талай нәрсені аңғартса керек. Номад дер, тіпті, түбі бір туысымыздың өзі «жалпақбас Түркі» деп миықтасын Даланың даңғайыр ділінен ажырай алмаймыз. Қанша сілкілесе де.
Киев Русі «дала» мен «орманның» күресін бастап жіберді. Батыстық мәде­ниетке еліктеймін деп бойын билей алмай қалды. Бұдан ең әуелі өзі опық жеді. Осыны енді-енді ғана, ептеп мойындай бастады. Өйткені, Рим империясы құлаған м.V ғасырдан әргіні белден сызып тастай салу кәдімгі мәдени есерлік. Мұнымен Көшпеліні де, католик әлемін де өзіне жау тұтып мұқата алмады. «Жасуропалық» роман, герман, славян мәдениеті, міне, осындай пұшайман.
Мархабат Байғұттың ауыл мәдениеті мүлдем бөлек. Мұны жасқанбай айтуға тиістіміз. Жеріне жеткізе алсақ кәні. Жолай әрнеге бір аунап кетпей дегенім ғой. Естелікнама «Қарагерлер» бөлімімен ашылады. Мысал келтірелік: «Жуалы асып, көсегенің көк жонын кезіп, көкпар іздеген. Билікөлдегі бөлелерін қайрапты. Балықтысу бойындағы қыстауларына біржолата қоныстанып қалған қарашекпенділерге тісін қайрапты. Қайран қайда?! Билікөліңіз бүк түскен. Бас көтерер бір жан жоқ. Жер шұқылайды бәрі». Еліттіру дегеніміз осы! Әдеби шеберлік те. Мархабат марғасқа социалистік собет ауылында туып-өскен, көзқарас-танымы қалыптасқан қабырғалы қаламгер. Алмағайыпта нарық заманына аяқ басқанымен өткенге елеңдейтіндей, әлденені қимайтындай. Мәселе алайда мүлдем мұнда емес. Мархабат Байғұт социализм, нарықтан басы биік, іші мазмұнды қазақ қаламгері. Мәдениеті бөлек дей беретініміз де осы. Байғұт Мархабаттың бойында отаршылдық ала келген мәдениетке ішкі қазақы қаны тамшылаған қарсылық бар. Мұны кімнен естігеніне, есінде қалай сақтағанына, не айтқысы келгеніне, әрине, естелікнаманы оқығанда барып қанығасыз. Елдің бір мінезі бар. «Өзін мақтаған өгіз тентек» деген сыңайда мәтел­дей салмақ. Мұның шылғи дұрыс еместігіне, орайы келгенде орнымен мақ­тануға болатынын өзгелердің мәдени үрдісінен көріп те жүрміз. Олардан неміз кем, қай жеріміз олқы.
Махаң өзі һақында ғұмырнамалық роман жаза алмайды. Мұның айтулы екі себебі бар. Біріншіден, кез келген кейіпкер өзі һақында роман жаза алмайды. Өйткені, роман жанры қоғамның яғни, өзгенің көзімен тарихи кейіпкерге баға беріліп жазылатын дүниелік. Басқаны айтпағанның өзінде жаны жоқ еңбеккеш Бальзактың да өзі һақында роман жазбағанын ойланып көріңіз. Ол һақындағы ғұмырнамалық романды австриялық қаламгер Стефан Цвейг жазып шықты. Екіншіден, роман бір басына жанрлық ерекшелігі жетерлік әдістеме, ең бастысы ғұмырнамалық құжаттарға сүйеніп әдебиеттанудың қағи­дасын қағыстырып жазылады. Ме­муарға бұл әсте қол емес. Өйткені, жан дүниесі көлеңкеде қалмақ, болмыс бояуын шарттылық жеңіп кетпек. Орыс әдебиетіндегі ең мықты эстет-эссеист Марина Цветаеваның ғұмырнамалығын өзі емес, сіңлісі жазып шықты. Қалай өзі ойлануға татый ма екен. Ендеше, эссе-естелікнама жанрын таңдаған марғасқа ағамыз болашақта ғұмырнамалық жазуға ниеттенер талапкерге дайын ерекше материал қалдырып отыр. Оған қалғаны - жанрлық сұрыптау мен екшеу, архив қарап әр деталын құжатпен дәлелдеп шығу.
Жалпы, Байқуат пен Байғұтты, Әсем анамызды, Қаратай Ахметовты, Жуалының желін, сүт сәулесін, өскен ортасын эссеист Марқа ағамнан артық білемін деу күпірлік, кұры тыраштық. Аталмыш «Ақтолғайдың» мәдени артықшылығы, міне, осылай өріле бермек. Алдағыны болжай алмадық, әл-әзірге шартты түрде «бө­лім» деп ныспылағанымыз онға тартады. Бастамасы ширақ. Аяқ алысы құмбыл. Машығы таныс, айтары – бейтаныс. Қызығушылық тудырған еліктіруі – сұрапыл. Себебі, бұл жазушы Мархабаттың таныс-бейтаныс жан дүниесі, тән – көзге таныс, жан – жұмбақ, оған жетіп жығылу оңайға яки арзанға түспейтін өнер. М.Байғұт – оқылықты автор. Оқырман өзіне ұнаған қаламгерімен жиі жарасқанды жаны қалайтын ерекше категория. Көзге түсе бермейтіні қаншама.
Эссенің әдебилігіне, мінездеме берудегі шеберлігіне бірер мысал келтіре кетейік: «Зият пен Еркебаланың үйі кең екен. Пейілдері одан да кең. Қарлығаштай тізілген қыз-келіншектер қызығып қарайды. Көбісі орыс қыздар. «Ой, какой красивый мальчик!» – деп кезек-кезек құшақтайды. Ауруы жұғады-ау демейді». Орысшасы шамалы, өзі іш сүзегіне ұрынып қалған, өліп-тірілген баланың шынайы ойы. Жарасымды һәм нанымды. Қызыға бересіз. «... жандайшап жетті жабысымен: «жеңеше, бүгінгі оқиға тістен шықпай-ақ қойсын. Сіздер де тыныш, селсебет те тыныш, жарай ма?» деді ыржиып. Шешеміз шіренгендей .Әбдікәрім байдың қызы, алты ағайынды Ахметовтердің қарындасы ғой. «Басынғанды көтере алмайтыным бар дә. Ешкімге айтпаймыз. Жарайды», – деді киікотының иісі бүрқыраған шайды шайқай ұрттап». Мінездеме беру, кейіпкерінің көркін ашу – кез-келген жазушының мәртебесі, қойылатын басты талап. Бұл жағынан Марқа ағам қамшы салдырмайды. Мұнысы аздай жанрын жазбай танығанынан бөлек өнері. Үшіншіден, көп айтылатын қазақуарлығы. Қытайға қуып тықсаңыз да, Конгоға көгендеп қойсаңыз да , Канар аралына жер аударсаңыз да Мархабат Байғұттың жазатыны, жаны сүйсінетіні қазақы көзқарас. Көп қасиетінің ең мақтаулысы.
«Қос бұрымы тізесіне жетеғабыл жас келіншекке қырық бес жастағы Бай­ғұ­тыңыз бір көргеннен ғашық болған сыңайлы. Жиырма жас үлкендігіне қара­май. Ашаршылық кезінде қап-қара боп қатып қалғанына қарамай». Бұл мәдениетті, ойлы, қазақуар жазушының тіл байлығы, жанашыр қалжыңбастығы сүйегіне сүтімен біткеніне мысал. «Стил-адам» (Боффо) деп жатамыз ғой. Нағыз машықгөй. Бедер-бояулы, нұсқалы мұндай селт еткізер тұстары аз емес, сезімді шымшып сөзбен өрілген сұлулыққа сілтей салар. Сарабдалы да әсте осал емес.
«Қайғы жұтқан қазақтардың кү­луінен жылауы көп-ті». Марқа ағам көзімен көре қоймаса да осыны тым жиі есітіп өскен. Жадына жазып алған. Ендігі ұрпақ мұны естігінде «е!» деп есіркер, бірақ, Марқа ағамдай езіле қоймас. Арасы алшақтап кеткен. Көзімен көрген ахуалынан мүлде бөлек. Ағама айтатын бір әзілім бар еді: «Сіз бен біз кимешекті кемпірдің тәр­биесін көргендердің соңғы тұяғымыз» дегендей. Кінәратсыз шыным. Өйткені, кинода, тілебезерде, анда-санда мерекелік ұлттық қойылымдарда, театр сахнасында көргеніміз болмаса. Мұның бәрі арзан арт, әдемі ғана әртістік. Өйткені, кимешектің сақар сабынға жуылған ерекше иісі бұрқырамайды. «Таид» ұнтағының лимон қоспасына шая салады. Сақырдай сықырлап тұрмағасын қайдан сендіре қойсын!
Сұрапыл естелік. Сұлу естелік. Сұң­ғыла естелік. «Шіркін-ай, жұрттың бәрі Марқа ағамдай жан-тәнімен беріліп жазса эссе, естеліктер неге оқылмасын» деп қиял­данып бір тамсанарсыз. Сенбілік санын күтеміз. Өйткені, озбыр отаршылдық, аш­көз ашаршылық, қуғын-сүргін жалпақ тілмен көркем кестеленген. Осының бәрі оқырманға олжа, кінәратсыз қазақ қоға­­мының дәуірлік дәптер беттері. Ес­те­­­лікнаманың айрықша ерекшелігі ретінде Түркібасы өңірінің қазақша мөлдіреген жер-су атауларын айтар едік. Құлаққа түрпідей Корниловка, Ванновка, Азатлық, т.б. сынды атаулардан бөлек, әуезі әуесіңді келтіретін Белбұлақ, Көлтоған, Қызтоған, Қоғалы, Бозторғай, Көкбұлақ, Бесқасқа, т.б. Осылар арасынан ел білетін Жуалы атауына ерекше тоқталғым, Марқа ағамды толықтырғым келеді. Пікір айтудың өзі де жазылған – айтылғанды құры қайталауда емес, ой жарыстыруда болса керек.
Арамыздан қыл өтпейтін тату Аян кө­кем бар. Мені бала пайғамбардан студент кезімнен біледі. «Лениншіл жасқа» өлеңдерімді жариялатқан жанашырым. Сағынып көрісеміз. Дастарханда қатар отырамыз. «Жуалыға» келгенде дауласа кетеміз. Ағам балуан, күрестен спорт шеберінен үміткер болған заманында. Бичурин ғұламаға сүйенетін супер ағам «Пияз­тау» дейді. Қаламасам да, ме­нің қарсы келіп қала беретінім осы. Қайт­паймыз ғой. Қасымыздағылардың зәресі қалмайды. Үндемей қалғаны жақ­тырмағаны ғой. Менің уәжім мынау:
– Аян көкем-ау, арақтан соң сасыған пияз, ол табылмаса жалаң жұдырығын иіскейтін орыс яки ол сүйенетін сарымсақ жеген қытай жиһанкездері тауда ғана өсетін жуаның не екенін қайдан біледі? Олардың бар білетіні – қолдан егілетін техникалық дақыл пияз. Бичурин мықты оқымысты, заты түркі болғанымен шоқынып кеткен шерменде. Шоқан Иакинф әкейді жақтай тұра ішінара сынға алатыны сондықтан. Орысшаға «Луковые горы» деп аударған, пияздан басқаны білмейтін сол Бичурин. Қытай терминінің өзі де калька, біздің жуа мен Жуалы. Мұны аз десеңіз талай жыл бойына орысшалап «Луговое» деп келгеніміз «Луковое» (жуалы), «Лисья голова» (Түлкібасы) дегеніміз Бартольд нұсқасында: «Лысая голова» (таз, жалаңаш тау басы).
Аян көкем жеңілгенін мойындағысы келмейді. Бір жақсысы жата сабамайды. Татулығын білдіріп менің алдымдағы қауын кесесінен іліп алып жейді. Мен де сөйтем. Басымыз түйісіп қалады. Осыдан соң ішкі бөлмеге қатар салынған төсекке ағалы-інілі құшақтасқан күйімізде құлай кетеміз.
Қаріпшілдік жаман дерт. Адым аштырмайды. Түркі сөздігінде «йова», «юва», бұл қыпшақ диалекті. Айналып келгенде сол жуа! Жуалының көне тарихы осылай көмескі тартпақ. Қытайдың кінәсі жоқ, түркі тілінен өз тіліне аударып калька жасап алған. Бар кінәрат жуаны танымай «Пиязтау» деп аударған орыс түркітануында.
Жуалы – картографиялық нұсқасында болмасын қытай жылнамашылардың суреттеуінде болмасын тап осы күнгі ор­ны­нан тапжылмай тұрып қалған. Тянь-Шань ұласпалы тау тізбектерінің қақ ортасы, Талас Алатауын Алай-Памир жота­сымен жалғастырып, Ферғана жазы­ғының теріскейін қоршап жатыр. Ал, Пиязтау атауы Ферғанада, Таразда болмасын зәуі-қайым ұшыраспайды. Жуалы ешкімнің ойына кіріп-шықпайды. Транслитерацияның тәлкегі, міне, осындай!
Елеулі ер Марқа ағам Көк Түркіге, оның тілдік материалына дендеп бар­мағанымен қазақы жоралғыда, сірә, дес бермейді. Мұның артықшылығы сол, бізге, яғни, түркітанушыға дайын трамплин сайлап береді. Қазақ жанын түсіну ауырға түсіп тұр. Себебі, бірнеше тарихи һәм тілдік мәдени қабаттарды ерінбей саралап шығуға мәжбүрміз. Осынау күрделі мәдени басқыштың елеулі сатысын еркін меңгерген Марқа ағаммен түсінісу әлдеқайда жеңілдемек. Үйір бола кететініміз содан.
«Қарапайым болсын!» дейді Марқа ағам қай нәрсені ақылдассам да. Қара­пайы­мының өзі талай атанға жүк. Өйт­кені, «даналықтың өзі қарапайым қисы­нымен қымбат. «Қара» анықтаушын дұрыс пайымдасақ та : І.көне «ғарда», орта­ғасырлық «қара», бүгінгі – тау. 2.көне «ариғ», ортағасырлық «қара», бүгінгі - текті. Сонда, архетип мағанасында қара пайымыңыз - текті пайым, қара халық - текті халық болып оқылуға тиіс. Алайда, Қоқан, Бұқардың, отаршылдықтың мәдени экспансиясы миымызды әбден шірітіп, ақылдан алжастырып қойды. Ештен кеш жақсы. Культрагерліктен арылсақ көшіміз түзеліп кетер.
Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосы­луының 250 жылдығын жұрт дүрілдеп тойлап жатқанда «жоқ, өз еркімен емес» деп айтуға орда бұзар отыздағы жігіт Мархабат Байғұттың батылдығы жеткен екен. Көшеде яки өзін қолпаштайтын шағын ортада емес кәдімгідей салтанатты жиналыс мінберінен. Обкомда шала туылған баладай жеті ай істеген Марқа ағам мұны қалай айтты екен деп іштей сенбеуші ем. Естеліктерді оқыған соң бұл райымнан қайттым. Құлтасыз сендім. Оған себеп, Байқуат, оның қарагер жүйрігі, қарашекпендіден көрген қорлығы, жан азабы. Осының бәрін өзіне тән әңгімелеу машығымен жатық жеткерген бала Мархабаттан жампоз жазушы марғасқа Марқа ағама өсіп кемел тартқан қаламгер тағы бір шығармашылық асуды алқынбай еркін бағындырыпты.
Біз осыған қуанамыз.
Асулардан аса беріңіз.

524 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз