• Тарих толқынында
  • 07 Қараша, 2011

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІ:

Ермек Нұрмағамбет, 

Оқытушы

 

Азаттықты аңсаған қазақ халқының асыл арманының орындал­ғанына да 20 жыл толғалы тұр. Осы сындарлы шақта елдің елдігін сақтап қалу, ұлттың еңсесін тіктеу, халықтың сенімін ақтау аса күрделі іс болатын. Сол аса күрделі кезеңде Н. Назарбаевтай көреген басшы салиқалы саясат ұстанып, елді, халықты сүріндірмей сара жолға шығарды. Елбасы осыдан 20 жыл бұрын: – Біз зайырлы құқықтық мемлекет құруымыз керек. Адам құқығы әркез қорғалуы тиіс. Заңдылықтар сақталса, адам өзінің заңды түрде қорғалатынын айқын сезінсе онда дұрыс жолмен келе жатқанымыз, – деп еді. Енді міне, сол сәттер де сағымға айналып, еліміздің егемендігіне 20, Ата Заңымызға 16 жыл толғалы тұр.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында биылғы жылы атқарылуы тиіс негізгі бағыттар мен міндеттер айқындалды. Со­ның ішінде Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығын ел бо­лып жо­ғары дең­гейде атап өту мәсе­ле­сі­не ерекше мән берілді. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, хал­қымыздың мәңгілік құнды­лығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің ар­қа­сында қол жеткіздік. Жиыр­ма жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұ­мыстар жасадық. Елі­мізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жет­пес құн­дылығымыз. Жас мем­лекет та­рихындағы жаңа дәуір дәл осы Тәуелсіздіктен бастау алады. Дәуір жасампаздығы сенімді және серпінді дамуға байланыс­ты. Сондықтан да Тәуелсіздік ерекше маңызға ие. Біздің алды­мызда осы жылы Тәуелсіздік ме­рейтойын ас­қан ұйымдастырушы­лық­пен және жоғары идеоло­гия­лық деңгейде өткізу міндеті тұр. Ел тарихындағы осындай бірегей белесті толайым табыс­тар­мен қарсы алу баршамыз үшін үлкен сын. Тәуелсіздік тойы жал­пы­халықтық сипатқа ие болып, отандастарымызға айрықша рух беруі керек. Тәуелсіздік тойына әрбір қазақстандық өз үлесін қо­суы тиіс. Ол – ауыл шаруа­шы­лығында, өндірісте, өнеркәсіпте жұмыс істеп жүрген кез келген отандасымыздың сапалы еңбек етіп, ел игілігін арттыру деген сөз. Яғни, азаматтарымыздың адал еңбегі мен елге деген шы­найы құрметі тәуелсіздік тойына жасалған үлкен тарту болмақ. Жиыр­ма жылдық – елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің тамаша кезеңіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысының атап өткеніндей, Жолдауда мемлекет­тік саясаттың алдағы жылдар­да­ғы басымдықтары нақты белгіленген. Биылғы Жолдау негізінен әлеуметтік бағытта бол­ды. Онда еліміз халқының әлеу­меттік әл-ауқатын көтеруге қатысты үлкен блокты шаралар қа­растырылған, экономиканы ин­дус­триялық ин­новациялық дамы­ту бойынша жаңа міндеттер қой­ыл­ған.

Сонау алыста қалған 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіз­дігі туралы Конституциялық заң қабылданған болатын, бұл қоғамның, адам құқықтары мен бостан­дықтарының, меншіктің, саяси плюрализмнің және билік бөлінуінің негізгі қағидаларын бейнелейтін құқықтық, саяси және идеологиялық құжат. Осы іргелі ережелер Конституцияның негізін қалады. Еліміздің азаматтары үшін осы бір ерекше күн ел тарихының ескі сатысының аяқталып, Республикамыздың дамуының жаңа кезеңінің басталуының белгісі болып табылады.

Қазақстан халқы Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында  қиындықтарға төтеп беріп, дұрыс даму жолын ұстану арқылы жеткен жетістіктерімізді атап көрсетіп, 2020 жылға дейінгі ел дамуының басты бағыт-бағдарын нықтап берген Жолдауын жария еткен күні, 28 қаңтар 2011 жылы Елордасы Астанада, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған кеңесінде, Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Тәуелсіздік тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісіне қыруар жұмыстар жасадық. Жолдауда мен еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу мәселесін ерекше атап өттім. Тәуелсіздік – бұл біздің басты байлығымыз, баға жеткізсіз жетістігіміз. Жас елдің тарихындағы жаңа дәуір шынтуайтында өзінің бастауын Тәуелсіздіктен алады. Сондықтан Тәуелсіздік мерейтойы ерекше мәнге ие. Және де біздің алдымызда бұл жылды жоғары ұйымдастыру және идеологиялық деңгейге жеткізу міндеті тұр» – деп, Елбасы Тәуелсіздіктің биік тұғыры туралы өз пікірін түйіндеді.

Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 2011 жыл «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы» деп жарияланды. Осыған орай, биылғы жыл «Бейбітшілік пен жасампаздыққа – 20 жыл» ұранымен өтеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеудің басты атрибуттары атқарылған нақты істер болады.

Ал, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеудің басты мақсаты – мемлекеттілік пен Қазақстан хал­қы бірлігін нығайту және базалық құндылықтар төңірегінде қоғамды шоғырландыру. Осылардың негізінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты, келісім мен бейбіт өмірді нығайту болып табылады. 2011 жыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы тойланатын жыл. «Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойы – той тойлау үшін емес, Тәуелсіздіктен тағы­лым алу керек» деген Елбасының сөзі біз үшін, яғни барша қазақстандық азаматтар үшін ал­дағы атқаратын жұмысымыздың негізгі бағыты бол­мақ.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде елімізді дүниежүзі танып, Елбасы ерен еңбегінің, сындарлы саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік ал­дық.

Қазіргі уақытта ҚР кемелді тәуелсіз мемлекетке айналды. Жиырма жылдық мерзім ішінде елімізде кең көлемді мемлекеттік түбегейлі өзгерістер орын алды. 2 палаталы Парламент құ­рыл­ды, сот жүйесінің негізі қаланды, жаңа елорда салынды. Қарулы күштер, Республикалық ұлан, шекаралық әскерлер және әскери теңіз флоты пайда болды. Қазақстан өз аумағында ядролық қаруды пайдаланудан өз еркімен бас тартып, өзін ядролық қарусыз ел ретінде жария етті. Өткен жылы біз Кедендік одаққа кірдік. 

Еліміздің халықаралық саясаты мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігінің дүниежүзілік кепілдігіне қол жеткізуге бағытталды. Ауқымды, әрі жемісті жұмыс жасалды. 120-дан аса ел Қазақстанды ресми түрде танып, тату дипломатиялық қарым-қатынас құрды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының толық құқылы және белсенді мүшесі болып отыр, сондай-ақ еліміз Еуроодақ, Еуро­палық Қайта құру және Даму Банкі, Халықаралық Валюта Қоры, Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігі, Қызыл Крест, ЮНИСЕФ және ЮНЕСКО сияқты аса беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын күшейтуде.

Жыл сайынғы Президенттің халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Елбасы өз Жолдауында ішкі саяси мен ұлттық қауіп­сіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіп­сіздігін нығайту екенін атап өтті. Саяси жүйені жетіл­діруде құқықтық реформаның маңызды рөл атқарылатынын, құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша құқық қорғау органдары функцияларындағы орын алған жағымсыз факторлардан, сондай-ақ құқық қорғау жүйесі қызметіндегі мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проблемалардан арылудың қажеттігін атап көрсетті.

Елбасы өз Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалаудың бағыттарын көрсетіп берді, олар – құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін белгілеу, заңдарды ізгілендіре отырып сапасын арттыру, құқық қорғау жүйесінің қызметінде ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқық пен мемлекет­тің мүддесін қорғауға ауыстыру. Парламенттік және қоғамдық қатал бақылауды қамтамасыз ету, құқық қорғау органының қызметінде есептілік пен бағалау жүйесін жетілдіру. Сондай-ақ, қазіргі күнде жү­зе­ге асырылып отырған қамауға алу, үйде қамау­да ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын қолданудың сотқа берілуі азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуының кепілі болып, сот жүйесінде қолдануда жақсы қорытындыларын көрсетуде.

Халқымыз ежелден заңға, тәртіпке аса мән бере білген. Бабаларымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты өте маңызды ереже-заңдары болғаны баршамызға аян.

Әділдік іздеп келген адамға әділ шешімін айтып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып, ердің құнын, нардың пұлын екі-ақ ауыз сөзбен таразылаған би, шешендер елдің небір содыры мен тентегін тоқтатып, шекіскенді бітістіріп, араздасқанды татуластырған.

Демек, кең байтақ жерімізді ежелден мекендеген халқымыз әділдік пен адалдықты әрқашан ту етіп, әділ де сындарлы заңы бар өркениетті ел болуға ұмтылған. Енді тәуелсіздігін алып, азат атанып, көк туын тік ұстаған Қазақ елінің өз Конституция­сы, яғни Ата Заңы бар құқықтық мемлекет. Өрке­ниетті қоғам құруды алдына мақсат еткен елдің Ата Заңы, заңды қорғайтын әділ соты, заңды құр­меттейтін адал азаматы бар.

Бүгінде егемендігін алып, тәуелсіздігінің тұғырын беріктендіру бағытындағы Отанымызда тұратын әр азамат өзінің конституциялық құқығын білуге міндетті. Бүгінгі заман соны талап етеді. Яғни, құқығыңды білмесең, сан соғып, қор боласың.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабында «Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды, конституциялық заңдылықтардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді» делінген. Яғни, бұл – Конституция адам құқықтарының кепілі екендігіне дәлел.

Ата Заңымызда адамның азаматтық, саяси, экономикалық құқықтары мен бостандықтарының негізі айқындалған. Конституцияның бірінші кезекте жеке адам, азамат мүддесін қорғауға бейімделуі – Қазақстан егемендігінің және оның тек құқықты мемлекет болуға ұмтылысының айғағы. Жалпы, Ата Заңымыз еліміздің демократиялық қоғам құруына негіз қалап берді. Еліміз ішінде болып жатқан оң өзгерістердің барлығы да Конституциямыздан бас­тау алады және заңдар арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағында «Әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына құқығы бар» деп көрсетілген. Мұның өзі адамдардың құқықтары мен бостандықтарын кеңес заманындағыдай партия емес, басқа емес, осы іспен тікелей айналысатын арнайы орган – соттың ғана қорғауға құдіреті бар екендігін заң жүзінде белгілеген. Шын мәнінде, құқықтық-демократиялық қоғамда дәл осылай болуы тиіс. Яғни, адам құқығы мен бостандығы тек заң арқылы қорғалуы тиіс. Ұлы ойшыл Аристотель «Әлемді заң билеуі керек» деген екен. Ендеше, заң болған жерде әділдік, адалдық, тәртіп болады деген сөз.

Азат еліміздің Негізгі Заңының қабылданғанына биыл он алты жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстанның өз тәуелсіздігін орнықтырып қана қоймай, одан әрі нығаюы, әлем таныған мемлекетке айналуы, жүзеге асырған экономикалық, әлеуметтік, саяси қайта құрулары мен қол жеткізген жетістіктері түгелдей Конституциямызбен тығыз байланысты.

«Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын мәніндегі арақатынасы» деп Фердинанд Лассаль осыдан 140 жыл бұрын айтқан екен. Осы бір қанатты сөздің ақиқатына дербес өмірге жолдама алған әр мемлекеттің көзі жеткені анық. Ендеше, еркін халықтың санасында мәңгі орнаған бостандық идеясының жүзеге аса бастауының негізі болып отырған Конституцияның Қазақ елі үшін орны бөлек. Демек, елдігіміздің айнасы – Ата Заңымыз жасай берсін!

20 жыл ішінде еліміздің сот билігі ел Тәуелсіз­дігінің басты бір тірегі болғаны сөзсіз. Сот билігі ха­лық­тың Конституциямыздағы, заңнамалар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде көрсетіл­ген азаматтардың және заңды тұлғалардың құ­қық­тары мен бостандықтарын қорғауда, заңды тұл­ғалар мен басқа да ұйымдардың жұмыстарында заң үстемдігін қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарды.

Егемен еліміздің тәуелсіз сот жүйесін қалыптастырудағы оң өзгерістер 1991 жылы 16 желтоқсанында қабылданған «Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы» заңнан бастау алды. Бүкіл әлемдік қауымдастықтың алдында, Қазақстан Республикасының демократиялық дамудың сара жолына түскендігін жариялаған аталмыш заң, еліміздегі мемлекет билігінің заң шығару, атқару және сот билігі тармақтарына бөлінуін заңдастырды.

Сот билігінде реформаның бастамасы егемен еліміздің 1993 жылғы ақпан айында тұңғыш Конституциясын қабылдаумен басталды. Ата Заң сот билігінің ұйымы мен қызметінің негізгі қағидаттарын бекітті.

Алайда, сот  жүйесі әлі де жетілдіруді қажет етті.

1994 жылы ақпан айында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қабылдаған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құқықтық реформа  бағдарламасы туралы» Қаулысы әділ сот жүйесін одан әрі жетілдіруді, сот реформаларының дәйектілікпен жүзеге асырылуын белгілеп берген маңызды құжат болды. Сот істерін қарауды 4 сатыда жүзеге асыру жобаланып, халық заседательдерінің институты таратылатын болды.

30 тамыз 1995 жылы қабылдаған жаңа Конституцияға сәйкес, судьяларды Президенттің тағайындауы және Жоғарғы Сот судьяларының Парламент Сенаты арқылы сайлауға енгізіліп, Жоғарғы Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы құрылды, міндеттері жалпы құзырдағы соттарға беріліп, төрелік соттар жүйесі таратылды, судьялар тәуел­сіздігінің кепілдігі күшейтілді, олардың мәртебесі нығайтылды. Мемлекетіміздің тарихында тұңғыш рет судьялар тұрақты мерзімге тағайындала бастады.

25 желтоқсан 2000 жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңның қабылдануы ұлттық сот  жүйесіндегі тарихи елеулі оқиға болды.

Егемен еліміздің тәуелсіз сот жүйесін жетілді­руде аталмыш заң, ғасыр жүгін арқалады десек, асыра айтқандық емес. Осы уақыт аралығында мамандандырылған соттар құрылды, үш сатылы сот жүйесі жұмыс істей бастады.

Алқабилер институты енгізіліп, қамауға алу құзыры прокуратурадан соттарға берілді. Барлық деңгейдегі соттарда электрондық терминалдар мен бейнебайланыс жүйелері, басқа да ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері енгізілді. Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі Комитеттің бұйрығымен «Қазақстан Республикасының сот органдарының бірыңғай ақпараттық-талдау жүйе­сі» бағдарламасы бекітіліп, іске қосылды.

«Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» заңы – судьяның тәуелсіздік кепілдіктерін, оның мәртебесіне сай материалдық мүмкіндігін құқық­тық тұрғыдан бекітті.

Сот реформасы барысында атқарылған жұ­мыс­тар, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сот жұмысы туралы ақпараттық ашықтығы мен айқындығына, қолжетімділігіне, сондай-ақ, Конституцияның және басқа да заңдардың, құқықтық нормативтік актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталды.

Соның ішінде сот жүйесіндегі үлкен жетістік – қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәр­тіппен қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыру өкілеттіктері Қазақстан азаматтарының қатысуымен жүргізілуі. Бұған 2006 жылы «Алқабилер туралы» заңының қабылданып, 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілуі дәлел. Сондай-ақ, заң талабымен санкциялауды сотқа бе­ріп, азаматты қамауға алу туралы мәселесі сот билігінде саралау халық көңілінен шығып, сотқа де­ген сенімін арттырды. Конституциялық нормалардың одан әрі дамуы Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасынан нақты көрініс тапты.

Елбасы 2010 жылдың 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің заңдарын ізгілендіруді мақсат етіп қойды. Соттар балама жаза түрлері мен бітімгершілік рәсімдерін қолдануға кірісті. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыстық соттардағы бұрын болып келген қылмыстық және азаматтық істерді қарайтын сот алқалары таратылып, тиісінше апелляциялық және кассациялық сатылар өз жұмысын бастады. Сонымен қатар, облыстық соттардағы қадағалау алқалары таратылды. Сөйтіп заңды күшіне енген сот актілерін қадағалау ретімен тексеру жүргізуді Жоғарғы сот қана жүзеге асыратын болды, яғни, сот актілерін қадағалау тәртібімен қарау құзыреті Жоғарғы сотқа берілді. Бұл құрылымдық өзгерістер соттарда істерді тез және кәсіби жоғары деңгейде қарауға мүмкіндік беруіне бағытталып отыр. 2010 жылдың 18 тамызындағы «Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі ша­ралар туралы» Жарлығында «Қылмыстық сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсімдерді кеңейтуге, оның ішінде медиация институтын дамытуға, сондай - ақ, жеке ашық айыптау қылмыстық істерінің санатын кеңейтуге» тапсырма бергенін баршамыз жақсы білеміз. Жақында Елбасы дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде «Медиация туралы» заңға қол қойды. Сөйтіп заңды ізгі­лендіру арқылы жаза қолданудың бас бостандығынан айырудан басқа балама түрлерін сот өн­ді­рісіне енгізуге мүмкіндік туды.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Республика Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалайық» атты Жолдауында, қылмыстық заңды ізгілендіру арқылы еліміздің сот, құқық қорғау жүйесінің әлем­дік стандарттар межесіне көтеру мақсат-міндет­тері тұрғандығын айқындап берді.

Қазіргі уақытта құқық қорғау және сот жүйе­сінің әрі қарай дамуы басты назарға алынды. Құқық қорғау органдарының алдында азаматтардың құқықтарын және бостандықтарын тиімдірек қор­ғау, қылмыстарды жылдам және толық ашу, қылмыс жасаған тұлғаларды әшкерелеу, жауап­кершілікке тарту, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу, қылмысқа қарсы күрес қызме­тінің тиімділігін жоғарлату міндеті қойылып отыр.

Ізгілендіру саясаты негізінде ең алдымен шағын және орта ауырлықтағы қылмысты бірінші рет жасаған азаматтарды, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары өкілдеріне қылмыстық жазаны тағайындауда жеңілдету қарастырылған. Қатаң қылмыстық саясат негізінен өте ауыр қылмыс жасаған кінәлілерге, қылмыстық іздестіруден жасырынушыларға, қылмыстық рецидивтерге қатысты жүргізі­летін болады.

Міне, осы шаралардың барлығы еліміздің тәуел­сіздігін нығайту мен ел азаматтарының құқық­тары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.

560 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз