• Заманхат
  • 14 Қараша, 2013

АлашОРДА қайраткерлерінің ұлттық руханиятқа тигізген әсері

Әсет Ақанов,
ІІМ Алматы академиясы
Философия және ӘЭП
кафедрасының оқытушысы,
полиция аға лейтенанты

Қазақтың сан ғасырлық тарихында саяси жолмен, өркениет өрендеріне тән соқпақпен туған халқының азаттыққа жетуіне қам жасаған ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының қауымдасқан зор тарихи қызметі – «Алаш» партиясының, автономиясының құрылғанына 96 жыл толуын бүгінгі жас ұрпақ білуі қажет деп санаймыз. Өйткені, Алаш азаматтары армандаған ұлы мұрат – қазақ тәуелсіздігі Алатаудың баурайында басталып, Арқа төсінде бірлік пен берекенің ұйытқанына айналды. ХХ ғасырдың басы қазақ тарихындағы күрделі кезеңдердің бірі. Бұл кезең көне Түрік дәуіріндегі «мәңгі ел», Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірінен кейінгі ұлттық сананың жоғары деңгейге көтерілген кезеңі болды. Алайда, әлемдік тұрғыдан қарағанда бұл кезең отаршылдардың күш алған, қазақ халқы тұтынып келген көшпенді өмір тәсілі тұйыққа тірелген тар кезең болатын. Сондықтан, алаш қозғалысы өзінің көздеген мақсатына жете алмады. Дегенмен, Алаш қайраткерлерінің атқарған қызметі, алаш қозғалысының тарихи мәні зор еді.


Алаш, қазақ сөздері синонимдік ұғымдарды білдіреді. Бірақ, Алаш ұғымында саяси реңк те бар. Сол себептен, Алаш сөзі қазақ сөзінің синонимі бола тұрып, саяси қозғалыстың да, саяси партияның да атауы болып қалыптасқан. XX ғасырда Алаш сөзі қазақ тарихына, жалпы түркі және әлем тарихына осы екінші ұғымында таралған. Осыдан тура тоқсан алты жыл бұрын Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ саяси тобы Уақытша үкімет ұстанымын қолдап большевиктермен ымырасыз егеске түсті. Сондай-ақ, бұл алып империяның саяси өміріндегі кезекті бір кикілжіңнің көрінісі емес-тін. Қазақ саяси ұйым құрып империя өмірін, оның құрамындағы қазақ ұлтының өмірін реформалау арқылы түбегейлі өзгертуді жақтайтын бағдарламалық негізі бар жол ұсынды. Бұл қазақ тарихында бұрын болмаған, орасан зор маңызы бар жаңа құбылыс еді. Жалпы алғанда, 1917 жылы қазақ халқының өмірін дүр сілкіндірген, оған динамика берген бірнеше ірі оқиғалар болып өтті. Олар: ұлт тарихындағы тұңғыш саяси ұйым – ұлттық-демократиялық платформадағы Алаш партиясының өмірге келуі (шілде); Ресей империясы құрамында Алаш автономиясын құру туралы ұсыныстың жария етілуі; Алаш автономиясының Ұлттық Кеңесі – Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда үкіметінің құрылуы еді (5 желтоқсан). Осыдан бірнеше күн бұрын, яғни, 1917 жылғы 28 қараша күні Қоқан қаласында жұмысын бастаған ІV-ші Төтенше өлкелік мұсылмандар съезі Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы жариялап, оның 12 орыннан тұрған Уақытша үкіметін бекітті. Оның тұңғыш төрағасы М.Тынышпаев, кейін оны Мұстафа Шоқай ауыстырды. Ал, осы саяси және мемлекеттік құрылымдардың өмірге келуі негізсіз, кездейсоқ оқиға ма еді? Әрине, күтпеген кездейсоқ оқиға емес-тін.
Осындай, қазақ халқының ояна бастаған тұсында, оның ұлт-азаттық жолындағы күресі туын берік ұстап, халық өмірінің шындығы мен алдыңғы қатарлы идеясын жырлаған қоғамдық сананың бір түрі – қазақтың ұлттық әдебиеті болды. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті Абайдың ағартушылық, демократтық жолын ұстана отырып, оны саяси күрес идеясымен толықтырды, отаршылдықты, ұлттық езгіні айыптады, халықтың қараңғылыққа қамалып отырған күйін көріп күйініп, оны өнер-білім үйренуге шақырды. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың осы әдебиеттің басы-қасында болуы, ұлт мүддесі жолындағы саяси күресті әдебиетшілердің бастауы – біздің әдебиетіміз үшін үлкен мақтаныш. Қазақ халқының патриархалдық мешеулікке байланып, орыс отаршылдығының езіп-жанушы күшейген тұсында қиналған халықтың жан ашуын алдымен осы екеуі айтты. Халқына жаңа сөз арнады. Бірі сөз тыңдауға салғырт надан халқының құлағына маса боп ызыңдап, екіншісі бар даусымен «оян, қазақ» деп жар салды, XX ғасыр басындағы қазақтың прогресшіл әдебиеті, оның қайраткерлері осы идеядан нәр алды.
Түрмеге бір түсіп, бір шығып, өмірін қуғын астында өткізген Міржақып ақыры 1913 жылдан бастап Орынборға тұрақтап, Ахметпен бірге «Қазақ» газетін шығарысты. Ахмет пен Міржақып шығарған «Қазақ» газеті олардың көркем туындыларында көтерген идеяны ашық публицистика тілімен халыққа тікелей жеткізуге қолайлы жағдай туғызды. Олар сол бір аласапыран тұста қазақ халқының тағдырына қатысты оқиғаларға өз көзқарастарын ашық білдіріп отырды. Қазақ қоғамының дамуында ұлттық демократиялық бағыт ұстанды. Патша саясатының қатал сыншысы болды. Бірақ, орыс халқына теріс көзқарас ұстанған жоқ. Ұлтаралық сөзге, іске бармады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерлісіне, майданға солдат беру мәселесіне, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мақсат-міндеттері жайлы әңгімелерге қатысты ой-пікірлерінде, олардың үлкен азаматтық, қайраткерлік тұлғасы танылады. Осындай мақалаларды бірге жазысқан Ә.Бекейханов та қайраткерлігіне қоса әдебиет мәселесін жетік білетін адам еді. Оның әдеби-сын мақалалары, зерттеулері әдебиеттік фактілер негізінде қазақ халқының ұлттық мүдделерін корғау идеясына құрылды.
«Қазақ» газеті ұлт-азаттық қозғалысының бостандық үшін күрес идеясына ұласуына зор әсер етті. Алашорда кұрылған тұста тәуелсіз мемлекеттің идеологиясына негіз болған осы идеялар еді. Ахмет пен Міржақып идеясы елді оятты. Алдымен ойы бір, ақылы бір жас таланттар оянды. Олар ұстаздарының ісін жалғастырып алып кетті. С.Торайғыров, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, М.Сералин, С.Көбеев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты бірін-бірі толықтыра шыққан жастар тобы әдебиеттің жанрлық, тақырыптық ізденістерін байытып, қазақ халқы өмірінің шындығын кең көлемде бейнелеуге жетті. Елдің артта қалушылығын сынап шеней отыра, отаршылдық езгіге қарсы үн көтерді, тәуелсіздіктің туын биік ұстауға тырыс­ты. Бұл салада Сұлтанмахмұттың таланты айрықша танылды. Ол Алашорда көтерген идеяның жауынгер жақтаушысы болды. Ұлт көсемдерінің соңынан еріп, қазақ халқына атар таң, келер жарық, сәуле, нұрды солардың есімімен байланыстырды. «Таныстыру» (1918) поэмасында «Дулатов , Байтұрсынов, Бөкейханов... бірі – Күн, бірі – Шолпан, бірі Айым» деуінің де сыры осында. «Әлиханның Семейге келуі» («Сарыарқа», 1917. 30 қазан, 1З қараша) атты мақаласында Сұлтанмахмұт елдің «еңбегі сіңген ерін» күтіп алғанын суреттей келіп: «Ол ері – елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кер кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын бақ жұлдызына көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамед ұлы Бөкейханов еді», – деп жазды. Осы сөздердің өзі-ақ Сұлтанмахмұттың Әлихан бастаған іске тілектестігін танытады. Ол Алашорда құрылған күндері «Алаш ұранын» жазып, патшаның құлауына, елдің автономия алуына қуана үн қосты.
Жүсіпбек пен Мұхтардың алашқа қатысы, тілектестігі бұрыннан белгілі. 1918 жылы Семейде Алашорда жұмысына араласып, екеуі «Абай» атты журнал шығарды, елдіктің, тәуелсіздіктің туын көтерген өлең, әңгімелер, мақалалар жариялады, Жүсіпбектің «Ұран», «Әскер марсельезасы» өлеңдері сол тұста жазылған. Олар қазақ халқының азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресінің ұранына айналды. Патша құлағаннан кейінгі үмітін ақын Алашордаға артты. Сонымен қатар, қазақ зиялыларының 20-шы жылдардағы оқу-ағарту саласындағы қызметi қым-қиғаш тартыс, «идеялық күрес» жағдайында өттi. Кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдарында алаш қозғалысының зиялылары басымдылық жағдайда болғаны белгiлi. Ол туралы алаш қозғалысын зерттеушiлердiң бiрi Хасен Оралтай Түркияда жарық көрген «Алаш-Түркiстан түркiлерiнiң ұлт-азаттық ұраны» атты еңбегiнде: «Алашшылар, яғни, қазақ түрiктерiнен шыққан ұлтшыл азаматтар, өлкедегi маңызды қызмет орындарын өз қолдарына алып, ұлттық мақсаттары – түрiк елiнiң тәуелсiздiгi жолында адам шамасынан асатын күш-қайрат жұмсады. Мәселен, 1920 жылы қазан айында Орынборда өткен ҚазКСР кеңестерiнiң құрылтайына қатынасқан 700 делегаттың көбi Алаш көсемдерi Әлихан Бөкейханұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының жақтастары болды», – деп жазады. Бiрақ, билiк большевиктер партиясы мен оның құрған өкiметi – пролетариат диктатурасының қолында еді. Мұндай жағдайда ұлт зиялыларының алдымен ден қойып, қызмет еткен саласы – оқу-ағарту iсi болды. Олар бұл бағытта жаңа оқулықтар, оқу құралдарын дайындауды, саяси және көркем әдебиеттердi басып шығару iстерiн қолға алды. Мәселен, Қазақстанның мемлекеттiк баспасы жанынан Қазақстан Орталық Атқару Комитетiнiң шешiмiмен, 1920 жылы желтоқсанда құрылған оқулықтар мен саяси және көркем әдебиеттер шығару редакциялық алқасына Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Хайретдин Болғанбаев, Жүсiпбек Аймауытов сияқты Алаш қайраткерлерi мен Смағұл Сәдуақасов кiрген /2/. Оқу-ағарту және ғылыми жұмыстардың ұйымдастырушысы болған алғашқы ғылыми мекеме – 1921 жылы халық ағарту комиссариатының жанынан құрылған Академиялық Орталық болды. Қазақ АССР-iнде құрылған мұндай орталықтың жетекшiсi Ахмет Байтұрсынов болса, Түркiстан АССР-iнiң Академиялық орталығын Халел Досмұхамедов басқарды. Осы орталықтың тапсыруымен қазақ зиялылары мектептер және басқа оқу орындары үшiн оқулықтар мен оқу құралдарын жазып шықты. Мәселен, А.Байтұрсыновтың өзi бiрнеше рет басылып шыққан «Тiл құралының» авторы болды, М.Жұмабаев «Педагогика», Ж.Аймауытов «Психология», Қ.Сәтбаев «Алгебра», Х.Досмұхамедов «Табиғаттану», «Зоология» М.Дулатов «Арифметика» т.б. оқулықтарын жазған.
Қалай болғанда да, 20-шы жылдары ұлттық интеллигенция оқу-ағарту iсiнде, әдебиет пен ғылымда шешушi рөл атқарғаны анық. Бiр ғана мысал, 1922 жылы Орынборда ашылған қазақтың халық ағарту институтында сол кездегi ұлттың бiлiмдi азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Жүсiпбек Аймауытов, Елдес Омаров, Телжан Шонанов, Молдағали Жолдыбаев, Жұмабай Оразалин және басқалары сабақ берген. Қарт жазушы Ғалым Ахмедов осы институт туралы: «Ахаң әдебиет теориясынан, Мұхтар (Мурзин) математикадан, Елдес физикадан, Мiржақып жағрафиядан, Жүсiпбек педагогикадан, Телжан мен Жұмабай қазақ тiлiнен, Молдағали саяси сабақтан лекция оқыды. Сонда, Елдес физика, Мiржақып есеп оқулық-тарын жазды. Москвада шығып тұрған «Жизнь национальностей» журналының 1923 жылғы екiншi нөмiрiнде 1922 жылы Орынборда Мағжанның «Педагогика» оқулығы басылып шыққаны туралы хабар бар», – деп жазады.
Алаш азаматтары туралы сөз болғанда, ең алдымен, олардың қазақ елінің бүгінгі басты қазынасына айналған жер мәселесіне қатысты ерлік істерін еске аламыз. Біз, тұтас қазақ халқы, дүниежүзіне жеріміздің аумағымен, байлығымен мақтансақ, ұрпағына осындай қазына қалдырған Алаш азаматтарын әсте ұмытпағанымыз жөн. Жерге жетер, жерден өтер байлық жоқ. Екіншіден, барша қазақ жұртына үлгі-өнеге болар нәрсе – білімді де саналы, озық ойлы Алаш азаматтарының сол кезеңдегі пәлсапалық танымы, алға қойған мақсаттарына жету жолындағы қажымас ерік-жігері, қайсар мінезі. Өздеріне төнген қауіпті біле тұра, олар қазақ тағдыры, ұлт тағдыры жолындағы игі істерге ержүректілікпен, қазаққа тән қайрат-намыспен бел шеше кіріскен еді. Саналы қазақтың барлығы мойындайтын айқын нәрсе – Алаш азаматтарының бізге қалдырған мұрасы – кең байтақ жер, терең ой, биік рух, қайсар мінез. Біз мұны қай кезеңде болмасын жадымыздан шығармай, қай деңгейде болмасын ашық айтуға тиіспіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Оралтай Х. Алаш-Түркiстан түрiктерiнiң ұлт-азаттық ұраны (қазақша аудармасы) //Азат, 1991. № 9 (1-15 маусым).
Нұрпейiс К. Қазақ интеллигенциясының әкiмшiл-әмiршiл жүйеге ғылым мен мәдениет саласындағы қарсылығы, 29 б.
Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы, 367-368 бб.
Ахмедов Ғ. Алаш «Алаш» болғанда. Естеліктер мен тарихи деректер. –Алматы: Жалын, 1969. - 32 б.
Қамзабекұлы Д. Смағұл Сәдуақасұлы. – Алматы, 1996. – 56 б.
Қойшыбаев Б. Жазықсыз жапа шеккендер. – Алматы, 1990. – 99-100 б.
Мұқанов С. Есею жылдары. - Алматы, 1963. – 261 б.
Қызыл сұңқар (Сәкен Сейфуллин туралы естелiктер). – Алматы: Жазушы, 1970. – 100 б.
Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы туралы. Кiтапта:Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 425 б.
Махат Д.А. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрiнде «оңшылдыққа» және ұлтшылдыққа айыптау: тарихы және салдарлары (1925-1933 жж.). Тарих ғыл. канд. диссерт. авторе-фераты. - Астана, 2000. 21 б.
Жұртбаев Т. Талқы. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 254 – 260 б

648 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз