• Заманхат
  • 14 Қараша, 2013

Алаш қозғалысына қатысқандар: күрескерлерге тағзым, аяулы есімдерге құрмет

Ербол Тілешов,
Тілдерді дамыту басқармасының
басшысы, филология
ғылымдарының
кандидаты

Қазақтың теңдігі мен азаттығы үшін күрескен әрбір тұлғаны тану, олардың өмірі мен қызметіне лайықты баға беру өркениетті елдің, мәдениетті жұрттың жоралғысы. Осы реттен келгенде, ХХ ғасыр басындағы елдік ұранын көтерген, Алаш атымен күреске шыққан тұлғаларымызды түгендеу, олардың әрқайсысының тарих пен ұлт алдындағы қайраткерлік, күрескерлік істеріне шынайы баға беру – кешегінің аманаты, бүгінгінің парызы, болашақтың қамы.


Қазақ тарихындағы ең ірі ұлт-азаттық қозғалысқа үлес қосқан Алаш азаматтары есімдерінің тізімін жасауды алғаш рет қолға алған көрнекті алаштанушы, академик Кеңес Нұрпейіс болатын. «Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімі» деп берілген осы тізімде 270 адамның аты-жөндері көрсетілген. Әлбетте, Алаш қозғалысы тарихын зерттеуде бұл тізімнің өзіндік тарихи һәм ғылыми мәні айтарлықтай. Бұл тізімнің алғаш рет 1991 жылы жарияланғанын, яғни, елімізде алаштану ғылымы енді ғана қалыптаса бастаған шақта жасалғанын еске алсақ, әрине, онда оның нақты әрі соңғы тізім бола алмасы түсінікті. Осыдан өрістетіп, аталған тізімге байланысты үш мәселені ескеру қажет деп ойлаймыз. Біріншіден, ілгеріде айтқанымыздай, тізім бұдан әжептеуір уақыт бұрын жарияланғандықтан, мұнда Алаш қозғалысына қатысушылар, әлбетте, толық қамтылмаған. Уақыттың шамасына қарасақ, оның мейлінше толық болуы мүмкін емес те еді. Оны автордың өзі де: «Тізім «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналының 1991 жылғы 8, 9, 10-шы сандарында жарияланған, оған осы еңбектің авторы қосымшалар енгізген. Оқырмандарға ұсынылып отырған бұл тізім келешекте жаңа деректер табылуына орай толықтырыла бермек» деп атап өтіпті /1, 216/. Екіншіден, тізімдегі тұлғалардың тегі мен атының жазылуында бірқатар қателер барын аңғаруға боларлық. Мәселен, Боштаев «Баштаев», Омаров «Ғұмаров», Елшіұлы «Емшин», Қоскеев «Қаскеев» деген сияқты. Бұл ғалымның қатесі емес, сол кездердегі құжаттардан келген жаңсақтықтар. Үшіншіден, тізімнің атауына «ниеттестер» деген тіркеме қосылған. Бұл, әлбетте, ғылыми дәлдікті білдіретін ұғым емес. Себебі, отаршылдық саясатқа қарсы Алаш қозғалысы сияқты ірі ұлт-азаттық қозғалысқа барша қазақ мүдделі, яғни, тілеуқор, ниеттес болғаны анық. Біз Алаш қозғалысы барысындағы шараларға, оқиғаларға, бастамаларға қатысқан тұлғалардың, яғни, қозғалысқа мүше боларлықтай еңбегі бар азаматтардың мейлінше деректік тұрғыдан нақтыланған, ғылыми жағынан сараланған тізімін жасауымыз қажет.
Алаш қозғалысына қатысқандардың тізімін жасаудағы ең үлкен мәселе, біздің ойымызша, оған кімдерді енгіземіз деген маңызды жайт. Яғни, белгілі бір тұлғаны «Алаш қозғалысына қатысушы» деп танудың принциптері мен критерилері. Оған, әлбетте, бізге Алаш қозғалысының сипаты, туу, қалыптасу және өрістеу жолдары, олардың ауқымына енетін осы кезеңдегі оқиғалар мен құбылыстар тікелей негіз болмақ. Алаш қозғалысының барысы мен мазмұнына бойласақ, онда біздің топшылауымызша, қозғалысқа қатысушылар ретінде мынадай тұлғаларды танығанымыз жөн. Ең алдымен, Алаш қозғалысына қатысқандардың тізіміне 1905 жылдан бастап осы ұлт-азаттық қозғалыс аясындағы оқиғалардың тікелей бастауында тұрған, оларды тікелей ұйымдастырған азаматтар енбек; Екіншіден, 1905-1920 жылдар аралығында отаршылдыққа қарсы осы ұлт-азаттық қозғалыстың саяси, рухани шараларына белсене атсалысқандар; Үшіншіден, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін іле-шала наурыз-мамыр айларында құрылған қазақ комитеттерінің және кейінірек осы комитеттердің облыстарда, уездерде Алаш комитеттері болып құрылғандағы мүшелері; Төртіншіден, осы кезеңде Алаш қайраткерлерінің ұйымдастыруымен Торғай, Жетісу, Семей, Ақмола, Оралда өткізілген облыстық қазақ сиездеріне және ұлт-азаттық қозғалысты қолдап осы облыстық сиездер үлгісінде қазақ жерінің көптеген өңірлерінде өткізілген уездік, болыстық сиездерге қатысқандар; Бесіншіден, Бірінші жалпықазақ сиезіне қатысқандар және осы сиезде «Алаш» партиясы атынан бүкілресейлік Құрылтайға ұсынылған депутаттар, сонымен бірге Алаш автономиясы жарияланып, Алашорда үкіметі құрылған Екінші жалпықазақ сиезіне қатысқандар; Алтыншыдан, «Алаш» партиясын, Алашорда үкіметін қолдаған хазіреттер, ишандар, молдалар және Қазақстанның әр түкпірінен қозғалысқа қолдау көрсетіп хат жолдағандар және еліміздің әр аймақтарында қолдау шараларын өткізген азаматтар да осы тізімге енуі тиіс деп санаймыз; Жетіншіден, Алаш әскерінің жетекшілері мен сарбаздары бұл тізімге енеді; Сегізіншіден, Алаш автономиясының астанасы болып жарияланған Алаш қаласындағы думада, земствода, мектептерде, мешіттерде жұмыс істеген азаматтар; Тоғызыншыдан, Алаш қозғалысының үні болған «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттерінде жұмыс істегендер; Оныншыдан, Батыс Алашорда үкіметінің құрамында және әскерінің қатарында болғандар, сондай-ақ, «Жымпиты уәлаяты» үкіметінің мүшелері; Он біріншіден, қозғалысты қызу қолдап, оған қатысқан басқа ұлт өкілдері.
Алаш қозғалысы қазақ жерінің барлық түкпірлерін және барша әлеуметтік орталарды қамтып, шын мәніндегі бүкілхалықтық қозғалысқа ұласты. Сол себепті де, оны ұлтымыздың сан ғасырлық тарихындағы ең ірі, ең ұзақ, ең пәрменді ұлт-азаттық қозғалысы деуге толық мүмкіндік бар деп ойлаймыз. Сонымен бірге, бұл қазақ тарихындағы зиялылардың тұтас буынын қалыптастырған, қайраткерлер дайындаған саяси қозғалыс. Бұл «елім, жерім» дейтін барша азаматтардың басын қосқан, ортақ ұлт жұмысына жұмылдырған, сонысымен шын мәнінде Алаш баласының басын қосқан айрықша ұлы бұлқыныс. Қозғалыстың тууы мен өрістеуі – ұлттың есейгенін, өзінің құқығы мен теңдігі жолында саяси, рухани күреске бара алатындығын да айқын аңғартқан ерекше тарихи құбылыс.
Алаш қозғалысы – халықтың бойына жинаған айрықша рухани қуаты, ерекше энергиясы. Бұл қуат, бұл энергия берісі – Кенесары дәуірінен тартып отаршылдыққа қарсылық болып қордаланды. Отарлаған елдің зорлығы халқымыздың санасында, көкейінде, жүрегінде сақтала берді. Ара-тұра әрекетке айналып, көтеріліске ұласты. Қазақ өлеңінің өзегіне айналып, Дулат, Шортанбай, Мұрат болып қарсылықты жыр тудырды, Абай, Мәшһүр-Жүсіп болып дәру іздеді. Ал, арысы – қазақ қазақ болып жеке отау тіккен сонау Керей мен Жәнібек заманынан бері әбден піскен дербес ел болу, тұтас мемлекет құру мәселесі еді. Қазақ тарихының үзілмей жалғасып келе жатқанын осы бұлқыну тарихы ХХ ғасыр басында тұтас қарсыласу қозғалысын тудырды. Оның бойында отарлаушылардан ірге бөліп ел болу, халықты елшілдік мұраттарға үндейтін ояту қам-қаракеттері жатты. Сөйтіп, қазақ санасының, ұлт ойының сан ғасырлық қуатты, кезі келіп, кезеңі туғанда ұлы дүмпу дәуірін тудырды. Ол әлбетте, «Алаш» атымен халқына ұран салған ұлы қозғалыс болатын. Сондықтан да, осы орасан зор тарихи құбылыстың болмысы мен ауқымын, бастауы мен бағытын, ықпалы мен тағылымын тану үшін – оны дүниеге әкелген, қалыптастырған, өрістеткен азаматтардың аты-жөндерін анықтау, көпшілікке таныту аса маңызды мәселе. Жаратқанға тәуба, ондай жұмыстар соңғы ширек ғасырдай уақыт бойы атқарылуда, атқарыла да бермек.
Біздің тарапымыздан, Алаш қозғалысы мүшелерінің тізімін жасау 2006-2007 жылдардан бастап қолға алынды. Қозғалыс тарихын, оның қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен ғылыми зерттеулерді, энцик­лопедияларды, анықтамалықтарды және т.б. еңбектерді саралау барысында біз бас­тапқыда Алаш қозғалысының 583 мүше­сінің тізімін дәйектедік. Ол «Руханият» орталығы дайындаған «Алаш қозғалысы» анықтамалығында алғаш рет жарияланды /2, 174-205/. Осы тізім қазақ тіліндегі «Уикипедия» ашық энциклопедиялық сайтында жарияланды. Одан берідегі жылдарда оны толықтыру жұмыстарымен шұғылдандық. Қазір біздің тізімімізде Алаш қозғалысына қатысқан 790 адамның дерегі бар. Алаш қозғалысына қатысқан әрбір тұлғаның тұсына олардың қозғалысқа қатысы жөнінде мәліметтер берілді. Осыған қоса, ондай мәліметтерді қайдан алғанымыз жөнінде сілтемелер қоса ұсынылды. Мәселен, Абылаев Айтқали – Алашорда офицері. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. Алматы: Арыс, 2002. 100-101 б.; Абылаев Сұлтанмұхамет – Бірінші жалпықазақ сиезіне қатысқан; Абылайханов Арынғазы – Семей облыстық қазақ сиезінде облыстық қазақ комитетіне сайланған. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Алматы: Алаш, 2004. 1 том, 229 б. деген сияқты. Әлбетте, Алаш қозғалысына қатысқан адамдар саны мыңдап, тіптен, он мыңдап саналады. Өйткені, тарихи деректерге қарағанда, Алаш халықтық милициясының өзіне Бөкей ордасынан 1000 адам, Орал облысынан 2000 адам, Торғай облысынан 3000 адам, Ақмола облысынан 4000 адам, Семей облысынан 1500 адам, Жетісу облысынан 2000 адам шақырылған /1, 250/. Бұған қоса, Алаштың әскери жасақтарында да бірнеше мыңдаған адамдар болғаны белгілі. Сондай-ақ, облыстық, уездік сиездерге қатысқандардың көпшілігінің аты-жөндері бізге жетпеген, тіпті, Бірінші жалпықазақ сиезіне қатысқандардың да толық тізімі белгісіз. Ал, Екінші жалпықазақ сиезінің хаттамасы Ахмет Байтұрсынұлының қолымен сақталған екен. Бұл құнды құжатты Алаш көсемі Ахаңның сақтап тапсыруы кездейсоқ емес сияқты, себебі, бұл да бір өзіндік ишаралық белгі, ұлы аманат! Жаратқанның жазуымен, біздің заманымызға Алаш қозғалысы барысында айрықша еңбек сіңірген азаматтардың есімдері ғана жетсе керек деп ойлаймыз. Бұл тізімнің болашақта толыға беретініне шүбә келтірмейміз. Бұл тізім, осы салада ізденіп жүрген азаматтарға ой салып, олар оны толықтыруға атсалысса, оларға «Алла жарылқасын» деген тілегіміз бен алғысымызды айтамыз.
Алаш қозғалысы дегенде, баршамыздың ойымызға ең алдымен Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Тынышпаев сияқты қайраткерлер түседі. Бұл дұрыс та. Дегенмен, бүкіл қазақ даласын қамтыған қозғалысты қалыптастырған ірі қайраткерлер тобы болғанымен, оның өрістеуіне, бүкіл елді қамтуына жүздеген, тіпті, мыңдаған адамдар үлес қосқаны белгілі. Сондықтан, Алаш қозғалысына қатысушылардың баршасын деректік мүмкіндіктерімізге қарай қамту тарихи шындыққа сай болмақ. Әлбетте, Алаш қозғалысының жаны да, жүрегі де, оның көсемдері мен қайраткерлері. Енді, осы арада Алаш қозғалысының қайраткерлері деп кімді танимыз деген мәселеге жауап бергеніміз де дұрыс сияқты. Біздің ойымызша, «Алаш қайраткерлері» ұғымына осы қозғалыстың басында болған, оны ұйымдастырған, қалыптастырған азаматтар жатпақ. Олар ұлт-азаттық қозғалыстың бастауы болған, сонау 1905 жылы «Қарқаралы құзырхатын» дайындаған, облыстық және Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездерін ұйымдастырған, Алашорда үкіметін құрған, оның жетекшілері болған, 1920 жылға дейін қазақтың теңдігі үшін күрескен, ұлттық мемлекет құруды мақсат еткен және соған қызмет еткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Бақтыгерей Құлманов, Мұхамеджан Тынышпаев, Жақып Ақпаев, Жанша Сейдалин, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатов, Жанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Уәлитхан Танашев, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков десек бұларға қоса және басқа да қайраткерлердің есімдерін атауға тиіспіз. Айталық, 1905 жылы Орал қаласында «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құрудың басында тұрған, оның сиезін ұйымдастырған және кеңес үкіметі орнаған уақытқа дейін ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатысқан Бақытжан Қаратаев, Ғұбайдолла Бердиев, Нұрғали Ипмағанбетов сияқты Алаш қозғалысының аға буын өкілдерін де ілтипатпен атағанымыз абзал. Ұлт-азаттық қозғалыс барысында белсенділік танытып Алаш қайраткерлері деңгейіне көтерілген азаматтардың үлкен бір тобы 1917-1920 жыл­дар аралығындағы оқиғалар тұсында ай­рықша көзге түсті. Бұл ретте «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің, Алаш автономиясының құрылуына атсалысқан Әлмұхамед Көтібаров, Асылбек Сейітов, Ахмет Бірімжанов, Сейдәзім Қадырбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Иса Қашқынбаев, Ережеп Итбаев, Есенғали Қасаболатов, Райымжан Мәрсеков, Мұқыш Боштаев, Омар Алмасов, Аспендияр Кенжин, Молданияз Бекімов, Базарбай Мәметов, Отыншы Әлжанов, Сатылған Сабатаев, Есен Тұрмағамбетов, Әбділхамит Жүндібаев, Садық Аманжолов, Ыбырайым Жайнақов, Батырқайыр Ниязовтарды атауға болады. Бұлардың барлығы дерлік Бірінші жалпықазақ сиезіне қатысқандар, осы сиез атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутат ретінде ұсынылғандар, Қазақстанның әр өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалысты ұйымдастырғандар, Екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметінің құрамына енгендер. Ал, Алашорда сияқты мемлекеттік жоғары кеңеске азаттық үшін күрескен ерен ерлер, еңбегі сіңген азаматтар ғана енсе керек. Бұлардың біразы әлі күнге дейін көпшілік қауымға, бүгінгі ұрпаққа белгісіз болып, көп жағдайда атаусыз қалып келеді. Себебі, мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында Алаш қозғалысы тарихы өз деңгейінде оқытылмайды, ал, оқулықтардағы мардымсыз мәліметтерде 6-7 кісінің есімдері қайталанып жүр. Сондықтан, жас ұрпақ ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлерін жақсы біле бермейді. Мәселен, Уәлитхан Танашевты алайық. 1909 жылы Қазан университетін бітірген. «Қазақ» газеті «Тұңғыш сиез» деп бағалаған Торғай облысы қазақтарының сиезінде мәжіліс төрағасының орынбасары әрі осы сиезді ұйымдастырушылардың бірі, Бөкей Ордасы қазақтарының сиезінде президиум төрағасы, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі атқару комитетінің мүшесі, «Шура-и-ислам» ұйымындағы Алашорда үкіметінің өкілі, Алашорда үкіметінің мүшесі, Киевте, Самарада, Челябіде, Петербургта, Уфада өткізілген бүкілресейлік сиездерде қазақтың мүддесін қорғаған, Алашорда атынан талай келіссөздер жүргізген ірі қайраткер. Есімдері бүгінгі ұрпаққа әлі толық бола қоймаған ілгеріде аталған азаматтардың қай-қайсысы да ұлт үшін сонау қиын-қыстау замандарда тәуекел мен күреске барған қайраткерлер.
Қазіргі кезде, кейбір әдебиеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында «Алаш қайраткері» деген тіркесті ретті-ретсіз қолдану байқалады. Біз «Алаш қайраткері» дегенде әдетте Алаш қозғалысына айрықша үлес қосқан тұлғаларды айтамыз. Кейде тіпті осы ұлт-азаттық қозғалысына, оның қайраткерлеріне қарсы болған адамдарды да «Алаш қайраткері» деу тіптен қисынсыз. Сонымен бірге, Алаш қозғалысына қатысқан, бірақ, осы қозғалыста қайраткерлік деңгейде көрінбеген кейбір қаламгерлерімізді де «Алаш қайраткері» дейтін болдық. Ал, Алаштың кейбір нағыз қайраткерлерін олар көркем шығарма жазбаған соң да танымай, білмей жатамыз.
Алаш қозғалысының ірі азаттық қозғалысына ұласуы үшін, ол бүкіл Қазақстанды қамтуға тиісті екендігі белгілі. Бұл қозғалыстың қазақ елінің барлық өңірлерін қамтуы үшін сол өңірлердегі азаматтар ерекше үлес қосты. Біз Алаш қозғалысына қатысқандар тізіміне еліміздің әр өңіріндегі белсенділік танытқан осындай азаматтарды қосқанымыз да абзал. ХХ ғасыр басында Қазақ жері Торғай, Орал, Ақмола, Жетісу, Семей, Сырдария облыстарына бөлінгені белгілі. Алаш қозғалысы тұсында осы облыстардың баршасында қазақ сиездері бірнеше рет ұйымдастырылды. Бұл сиездердің өткізілуіне Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері, сондай-ақ, ұлт-азаттық қозғалыстың жергілікті белсенділері ұйтқы болды. Осы жиындарда қазақтың еркіндік алу, партия құру, кіндік үкімет жасақтау және тағы да басқа дәуірлік мәселелер көтерілді. Сондықтан, біз Алаш қозғалысына қатысқандар тізіміне облыстық сиезге қатысқан азаматтарды да енгіздік.
Алаш қозғалысының өрістеуіне уездердің де рөлі ерекше болды. Бұл ретте алдымен Қарқаралы, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Ойыл, Үржар, Көкшетау, Зайсан, Ырғыз, Қойлық уездеріндегі іс-қимылдарды айтуға боларлық. Мәселен, Қарқаралыда Қазақ комитеті құрылып, оның төрағалығына көрнекті ақын Нармамбет Орманбетұлы сайланды. Павлодарда Алашорда үкіметін қолдау мақсатында 1918 жылдың 15 ақпанында уездік сиез өткізіліп, қазақ комитеті құрылды. Осы комитет мүшелерінің ұйымдастыруымен жаңадан орнаған кеңес үкіметі құлатылды. Ал, осы жылдың маусымында ІІ уездік сиезде Алашорданың Павлодар уездік Кеңесі құрылып, оның төрағалығына Қабыш Бердалин сайланды. Алаш партиясын, Алашорда үкіметін қолдаған, жергілікті қазақ комитеттерін, кейінірек Алаш комитеттерін құрған сиездер Қазақстанның көптеген уездерінде өткізілді. Мәселен, Ырғызда, Ақтөбеде, Өскеменде, Қостанайда, Көкшетауда, Зайсанда, Үржарда осындай уездік сиездер ұйымдастырылды. Осы жиындарда белсенділік танытқан азаматтардың бірқатары облыстық комитеттерге сайланды, Екінші жалпықазақ сиезіне жіберілді. Уездермен бірге Алаш партиясын, Алашорда үкіметін қолдаған сиездер көптеген болыстықтарда да өткізілді. Бұл уездік және болыстық сиездер жөнінде бірқатар тарихи құжаттар сақталған. Біз осындай құжаттарда есімдері сақталған азаматтарға да Алаш қозғалысына қатысқандар тізімінен орын бердік. Сондай-ақ, Алаш қозғалысы қарқын алған шақта оған қолдау білдіріп, еліміздің әртүрлі өңірлерінен хат жолдаған көптеген азаматтар болғаны белгілі. Айталық, «Сарыарқа» газетінде «Семейдің уездный земствосының мүшелері» делініп 13 адамның атынан «Біз «Алаш» партиясының соңынан ереміз. Анық көш басшыларымыз сонда» деген хат жарияланды. Осы хатқа қол қойғандардың ішінде, мәселен, белгілі ақын Көкбай Жанатайұлы да бар.
Алаш қозғалысына қатысқандардың едәуір бөлігі Алаш әскерінде болған азаматтар. Алаш әскері Алаш автономиясының сол кездегі астанасы Семейде және Батыс Алашордада жасақталғаны белгілі. Сондай-ақ, Міржақып Дулатов басқарған Алаш милициясының болғаны да мәлім. Семейдегі Алаш әскерін капитан Хамит Тоқтамысов басқарды. Алашорданың Батыс бөлімінің әскері большевиктермен күресте ерекше көзге түскені белгілі. Осы әскери жасақтарды басқарудағы Б.Құлмановтың, Әубәкіровтің, Меңдіқұловтың, М.Көздекеновтің, Қ.Есмағамбетовтің, Ә.Таңқыбаевтың есімдерін айрықша атауға боларлық.
Алаш қозғалысының өрістеуіне, халқымыз­дың бостандық, теңдік идеяларының төңірегіне топтасуына діни қайраткерлердің де ықпалы айрықша болды. Қозғалыстың өрістеуіндегі Ислам дінінің маңызы Алашқа қатысты құжаттардан жақсы байқалады. Алаш қайраткерлерінің имандылығы мен кісілік қасиеттері – олардың мұсылманша һәм дәстүрлі қазақы тәрбие мен білім алғанынан дарыған табиғи қасиет. Ұлт-азаттық күрестің бел ортасында қасиетті Ислам дінін халыққа таратуда иманды, ағартушылық бағытта тарихи жұмыстар атқарған имамдар, хазіреттер, ишандар болғаны да белгілі. Олардың ішінде Қуанай хазірет, Мақұл Мағди, Мәулімберді қажы, Хасан хазірет, Сейдолла ишан, Шұғыл қажы секілді дінбасыларының орны ерекше. Сондай-ақ, қозғалыстың қарқынды жүруіне, зиялылардың бас біріктіруіне Алаш зиялылары белсене қатысқан бүкілресейлік Мұсылман сиездерінің, Мұсылман фракциясының, Түркістан мұсылмандары сиездерінің, «Шура-и-ислам» сияқты саяси-қоғамдық ұйымның рөлі айрықша байқалды. Облыстық, уездік сиездерде, сонымен бірге, жалпықазақ сиездерінде дін мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болғаны және «Алаш» партиясы бағдарламасында дін ісі жеке тарау ретінде енгізілгені азаттық қозғалысындағы Ислам дінінің айрықша орында болғандығын айғақтайды. Сонымен бірге, дін бірлігі сол тұста қазақ, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан т.б. ұлттардан шыққан елшіл қайраткерлердің ортақ мүдде тұрғысынан серіктесіп, өзара байланыста болуларына, ұлт тәуелсіздігі мәселесі төңірегінде ұйымдасуларына айтулы ықпал жасады. Мәселен, Торғай облысында өткізілген алғашқы сиезде жергілікті дінбасылармен бірге Қазан мұсылман комитетінен Н.Хальфин, Уфа мұсылман комитетінен Ә.Рахметдинов, Орынбор мұсылман бюросынан «Уақыт» газетінің редакторы Ф.Каримов, Ақмола облыстық сиезіне Омбы мұсылмандар бюросынан өкілдер қатысса, Бөкей Ордасы қазақтарының сиезі және Екінші жалпықазақ сиезі халқымыздың теңдігі мен азаттығы үшін құрбан болған азаматтардың рухына құран бағыштаудан басталғаны да мәлім. Сонымен бірге, Қойлықтағы мұсылмандар сиезі, Жымпитыдағы молдалар сиезі тікелей ұлт-азаттық қозғалысына байланысты ұйымдастырылды. Осылардың баршасы Алаш қозғалысы барысындағы ислам дінінің маңызы мен ерекше орнын айқындайды.
Алаш қозғалысына қазақтармен бірге, өзге ұлт өкілдері де қатысқаны мәлім. Қозғалысқа, әсіресе, орыстар мен қырғыздар көбірек қатысқан. Айталық, Алаш әскерін дайындауда орыс офицерлерінің рөлі айрықша болса, қырғыз жеріндегі ұлт-азаттығы күресін қолдаған әрекеттерден айырқалпақты бауырларымыздың қозғалыста белсенділік танытқанын аңғарамыз. Бұл ретте, әсіресе, Ишанғали Арабаев, Қасым Тыныстанов сияқты азаматтардың күрескерлігі айрықша.
Алаш қозғалысына қатысушылардың ұлт пен тарих алдындағы ұлы еңбегіне толық шынайы баға беру – жалғаса, жаңғыра беретін жұмыс. Енді, олардың әрқайсысы жөнінде ғылыми мақсатты ізденіс жасау – тарихшыларымыздың, сонымен бірге, қоғамдық ғылым саласындағы азаматтардың міндеті. Себебі, Алаш қозғалысы қашанда қазақпен бірге өмір сүретін ұлттық намыс пен рухтың тарихи һәм өміршең сабағы.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Нұрпейіс К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: Ататек, 1995.
2. Алаш қозғалысы. Анықтамалық. Құрастырған Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы, И.Нұрахмет. Алматы: Сардар, 2008.

983 рет

көрсетілді

92

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз