• Тарих толқынында
  • 14 Қараша, 2013

Ілияс Жансүгіровтің Мырзашөлге келуі

Мылтықбай Ерімбетов,
ақын, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты

Отыз бірінші жылы дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров Мақтаарал атырабына келген. Аштықта ауып кеткен әкесін іздеген. Сол сапарында аудандық газеттің бір санын шығарысып, жолға салып беріп кеткен. Сонымен қатар «Жаңа тұрмыс» деген оқиғалы өлең жазып, елдің тұрмыс халін, еңбегін суреттеген. Ол кезде атпен жүреді. Колхоздарды атпен аралап, елмен кездесіп жүрген ақынды жоңышқалықта атын тұсап қойып, жазып отырғанын талай көргендердің көзі тірісіне жолықтым. Мысалы, атқа құмар азамат Сағынтай Өскенбаев әкесінен Ілиястың қызыға тыңдап, тарланбоз, атақты аттар туралы тәптіштеп сұрап, жазып алғанын айтады. «Қызылабад» пен «Жаңа тұрмыс» арасындағы жоңышқалықта отырып әңгімелесіпті. Балғын, Марал деген аттар керемет жүйрік сүйріктей еді. Маралдың баласы – Балғын ақалтеке дон тұқымымен араласып туған, қақпан бел, ешкі бас, дәу ат еді. Кейінірек қартайғанда, дәп сол аталған жоңышқалықта жас айғыр кеңірдегінен тістеп қансырап өлді. Өз бөлтірігін өзі жеп қойған қасқырдай – өзі жырлаған қызылдар өкіметінің Ілияс ақынның тағдырын да кеңірдектен тістегендей еткені еске түседі. Кеңес өкіметінің құлауы – жетпіс жылдан артыққа жетпеуі аруақ атып кеткендей, қан көп төгілген соң ғұмыры қысқа болғандай әсер етеді.
Мұның бәрінің ойға оралып тұрған себебі – Ілияс ақын отырған жоңышқалықта өтіп жатқан көкпар тойға атақты шабандоз Жексенбай екеуіміз келіп едік. Қазір аты өзгерген шаруашылық – Ленин атындағы колхоздың ең кәнігі, көнекөз еңбеккері Аманның тойы еді бұл. Жетпіс жыл ботқасын жегізген...изм жастарға да өз тарихына қарауға мұрша бермеген соң, дүлдүл ақын Ілиястың жоңышқалыққа келгенімен кімнің қандай шаруасы бар - білмейді де.


Салым шыққанша ірі көкпардың қақ­пасы – ойын көкпарына қарап тұрдық. Атты қыздырып жүрген есебі, жігіттер, бозбалалар өз қызығы өзінде, шулап жүр.
Далада кездескен қазақ өте бауырмал келеді. Жексенбайды кеше ғана келмеді деп жүргендер көріп, бұрылып, сәлем беріп жатыр. Маған таныстырып, мені де таныстырып тұрды.
ІІ
«Құлагер» жинағын («Жазушы» бас­пасы, 1974 жыл) парақтап отырған адам 273-беттен 1931 жылы жазылған «Жаңа тұрмыс» деген:
Келдім міне ауылға,
Ауыл жиын қоныпты.
Қонғанының мәнісі,
Ауыл колхоз болыпты.
Колхозының есімін,
«Жаңа тұрмыс» қойыпты, – деп басталатын оқиғалы өлеңге кездеседі. Онда жаңа ғана колхозға біріккен тамалар (ру аты) ауылының өмірі суреттеледі.
...Ұқтырды шал мән-жайын,
Кетпен саптап отырған:
– Осы отырған ауылдар,
Біз, шырағым, Тама едік.
Қарақайдың бойында,
Бірталай ел бар едік, – дейді ақын. Ілияс­­тай айтулы тіл шебері оқиғалы өле­ңін «Тама едік», «Ірге аудардық», «Жарыс», «Колхоз қатындары», «Екпінді жең­гейлер», «Бала майдан», «Жеңілген жалқау», «Біз еңбеккер, біз колхоз!» деген тақырыпшаларға бөліп өзгерген ауылдың бейнесін суреттейді.
Біз сол ауылда тұрмыз. «Жаңа тұрмыс» кейінірек «Қызылабад» делінді. Қазір Ленин атындағы колхоздың (Жетісай ауданы) аттас учаскесі. Оның тарихын, әсіресе, Жабаев Мүсәлі жақсы біледі (бұл кісіні бөле-жара атауымыздың себебі бар).
Учаске меңгерушісі – Қалыбай Зиятов. Мұнда 167 түтін бар. Мақта, жүгері, беде, көкөніс, бақша өсіріледі. Колхозда соғысқа қатысқан еңбек ардагері Наурызбаев Жассақ, құрылыс бригадасының көнекөзі, колхоздың көп үйлерін салуға қатысқан Байзақ сынды ардақты азаматтар бар. Колхоздың негізін қалаған Тұрғара Смаиловтың баласы Жеңіс – білгір механик. Көне бригадир Алқабек Мұсалиев, ұста Ақбалаев Байжігіт, Теміров Халықбай, Есімхан Дархан, Өтелов Кенжебек сынды еңбек және соғыс ардагерлері – елге сыйлы. Ауыл кезінде ығы-жығы отырған. Қазір балабақша, Совет Одағының Батыры Ж. Нұрлыбаев атындағы мектеп бар. Бірақ, клуб жоқ. Кезіндегі колхоз бүгінде кішкентай, көзден таса, көңілден жырақ учаскеге айналды. Өткен-кеткен әңгімені құлағына құя жүретін жанның бірі – колхоз бухгалтері Сақ Садыханов екен.
– Колхоз құрамыз деп 1928 жылы көшіп келгенбіз – деп, бір әңгіменің басын шығара отырып, көнекөздерді санамалай бастады. Баяғы «Жаңа тұрмыс» түгілі, кешегі « Қызылабадты» да бүгінгі жастар түгіл үлкендер біле бермейді. Елдің кешегісін білсе – тек Жабаев Мүсәлі ақсақал біледі.
– Жаңа қонып жатырмыз,
– Қайда сіздің Қарақай?
– Қарақайды қой, балам,
Болды ғой ту-талақай, – деп Ілияс құрған диалог еске түседі.
Оның себебі де бар.
– Мал дейтін мал бар ма?
Кедей малға жарып па ед?
Байларымыз «кәмпіс» боп,
Малын біздер алып та ек.
Былтыр колхоз болуға,
Қаулымызға салып та ек, – дейді шал.

* * *
Біз кәсіподақ комитеті төрағасы Пердеш Есенбеков пен учаске меңгерушісі Зиятов Қалыбаймен Мүсекең үйінде тоқайластық. Мүсекең- сөзі дәділ, ойы анық, қарапайым, шымыр колхозшы қария – жетпіс жеті жаста екен. Ілияс ақын келгенде көрген, тыңдағанның бірі, көзі тірісі, әттең, жылдар көнекөздің көбін алып кеткен. Біз кеш келіп тұрмыз. Мүсәлі Жабаев айтады:
– Колхоз қылып Қарақайдан көшіріп келді.
( Қарақай- қазір осы аудандағы «Красная звезда» совхозының үшінші бөлімшесі). Суландырылған жерді көркейтеміз деп әкелді. Ізбасаров Мүсәлі- ең бірінші бастық сол болды. Атқа соқа қосып, мақта ектік. Кедейлер-кепшіктер арқын-жарқын, жалаңаш-жалпы еңбек етіп жаттық. «Қара қайыс, көн иық, өңшең бейнет шеккендер» деп теңейді Ілияс. Бұл-байлар кәмпіс болып жатқан уақыт. Байқоңыр, Ақай (Айғұлы), Шөпеннің баласы Әлімбай дегендер ірі бай ретінде Оралға жер аударылды. Орташа саналған Досбол, Әбдірай, Қозыеке, Жаманқара кәмпіскеленді. Олардың мал-мүлкі, дүние-жиһазы колхоздың ортасына салынды.
Біз, қарасирақ кедей, әйтеуір, құлақ-шұнақтан аманбыз. Түйенің бір жағына атты қосып, мойынсерік қып, жерағашпен бағара қып бидай, мақта еккенді білеміз. Жауын жауса- құдайдың бергені.
«Колхоз болып Қарақай, болдық қой ту-талақай» деп газетке шыққан өлеңді айтып жүретін едік. Кітабы бар ма еді?! Ол кездегі міндет- көшпелі халықты жинап, ұйымдастыру болған. 1931 жылы мартта келдік. Колхозға кіру жарна- бір жирен ат, бір түйе- қара мая бергем. Әркім барын беретін. Қиын уақыт. Ілияс ақын 1931 жылы жазда келді. Екі колхоз арасын атпен аралап, елмен кездесіп жүрді. Жоңышқалыққа атын тұсап қойып, отырып жазып жатқанын талай рет көрдім.
Қарақайдағы, Қырдағы, Сырдағысын түгел айдап әкеп, жинап, малын ортаға салып, колхоз ету- оңай әрі түсінікті шаруа емес қой, түсінбеушілік кикілжіңге, қашып кетуге соқтырды. Сол уақытта Қаз ЦИК мүшесі Оразкелді Зұлмұхамет Тайманов елді көп аралап, түсіндіру жұмысын жүргізді. Байларды Великийге (қазіргі Мақтаарал, Славянка) айдады, кәмпіскеледі. Бізді, бәрімізді колхоз қылып, аузымызды аққа, қолымызды нанға жеткізген Совет өкіметінің қамқор өкілі – Зұлмұхамет Тайманов. (Сөз ретінде Зұлекеңнің маған кейінірек жолыққанда айтқанын еске сала кетейін. Ол кісі: Нұрмұханбетов Әбдібек, Жанұзақ деген кісілердің атын алған. Жүйрік аттың әбзелін сұрағанда, келіні Құралай:
– Астыңда ат, әбзел неге керек? – деп бақанмен ұрған. Құралай бағымды қайтарды, – деуші еді Зұлекең).

ІІІ

1987 жылғы тамыздың 23 жұлдызы күні Қызылордаға қарай командировкаға шықтым. Тоқсан алты жастағы большевик Насреддин Тасымовпен кездесуден көп жаңалық күтіп бара жатыр ем...
Бірақ мен күткен жаңалық көрші купеде болып шықты. Онда ардақты ақын Ілиястың тұңғыш ұлы, бел баласы, заңды мұрагері Саят та келе жатыр екен. Тез таныстық. Ол- Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тау-кен істері институтының жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымының кандидаты.
– Кентауға келісім-шарт жасасуға ба­ра жатырмыз, – деп ол серігін – КСРО Мем­­лекеттік сыйлығының лауреаты Әбу Өте­ниязовты таныстырды.
... Саяттың анасы, Ілиястың алғашқы әйелі Бәтима Төребаева- жаңақорғандық. 1943 жылы өкпе ауруынан қайтыс болған, мамандығы педагог жан еді.
– Ол туралы негізгі әңгімені мамам Айша Сиқымбаева айтып берді, – деді Саят аға. – Мен онда баламын. 1930 жылы туғанмын. Айша мені өсірген соң мама деп кеткенмін. Жасы қазір сексенде. Майдандық газеттерде машинистка болған. Ғабдолдың інісі Бисенғали Сланов, Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Құрманғали Ұябаев біздің, яғни Айшекеңнің үйіне жиі келетін. Әкем мен анам – Ілияс Жансүгіров пен анам Б.Төребаева 1929 жылы қосылып, екі перзентті болды. Бірі – мен, Саят та, екіншісі ертерек қайтыс болған қарындасым Сайра. 1932 жылы ажырасқан. Оның бірқатар себептері бар.
Бәтима Төребаева Москвада оқуда жүргенде Ілияспен Талдықорғанның Қапал ауданынан таныс Сүлеев Біләлдің әйелі Фатима Зайнуловна Ғабитова арасында сыйластық пайда болып, екеуі қосылады. Біләл Сүлеев әйелі Фатимадан – Фарида, Жәнібек (соғыста қаза тапты), Азат есімді перзенттер көрген. Ал Ілияс Фатимадан 1933 жылы Үміт, 1935 жылы Ильфа (Ілияс Фатимадан құрастырылған есім) есімді екі қыз, 1937 жылы Болат атты ұл көрді.
Үміт Жансүгірова – дәрігер. Абдолла Қарсақбаевтың әйелі еді. Үміттің екінші күйеуі Ақпанбетов Сардарбек – фотограф. Нұрлан деген альпинист ұлы қайтыс болды. Сұлтанғазина Жаннаға үйленген еді, бір қызы қалды.
Ильфа Жансүгірова – Санжар Жандосов­тың әйелі. Ажар, Жанар, Фатима, Динара есімді төрт қызы бар.
Болат Ілиясұлы Ғабитов – Жансүгіров кино саласында істеген. Бірінші әйелінен Жәмила есімді қызы бар. Екінші әйелі Қарлығаш Қаңтарбаевадан, Ләйлә, Үміл (Үміт- Ілияс) атты қыздары бар.
Бұл ұзақ сонар тарихты Айша апай майда тілмен түсіндіріп, себебін ашып, айтып береді. Сурет, документтерді де сол үйден іздеуге болады, – деп Саят аға ойға шомды. Балалығын сағынғандай далаға қарады. Поезд зырлап келеді. Мен Ілиястың Қызылордаға барғанын, осы жолмен жүр­генін ойладым. Жүрегім ауырып кетті. Саят та, мен де ақынды жаманатқа қимай, тура кеше қоштасқандай томсырайып біраз отырдық. (Айша апаймен жолығуды тағдыр маған қимапты. Көп өтпей ол кісі қайтыс болып кетті). Саят аға Түркістаннан түсетін еді. Одан ары Кентау бармақ. Сол мәселе әңгімені өрбітуге де себепші болды:
– Түркістанда анамның Сәдуақас Оспанов деген ағасы аупартком хатшысы болып істеген. Ташкенттегі бірінші детдом директоры болған. Үш баласы бар еді. Тұрғыт (Оспанов) дирижер еді, қайтыс болып кетті. Ал Тұран Москвадағы «Цветметті» бітірген инженер. Нұрашы аурушаңдау, болат институтын бітірді.
Анам 1932-35 жылдары Түркістанда баспаханада істеген. 1935 жылы жақсы ән салатындықтан Алматыға да шақыртып, Күләшпен бірге ән де салып көрген екен. Қаладағы төртінші мейманханаға келгенбіз, мен бес жастамын. Сонда әкем Ілияс келіп мені жоғары көтергені, сүйгені жадымда еміс-еміс бар.
Анам 1935-ші жылы Тәукелов Ибадимен қосылды. Сөйтіп, Семейге Абралы ауданына кетеді. Айшаның күйеуі Орынәлі Сиқымбаев онда хатшы болып істейтін. Сол кісі шақыртып алды. Өгей әкем оқу ісінің меңгерушісі, анам мұғалім болып істеген. Саида (Таукелова) деген қарындасым сонда дүниеге келген. (Саиданың күйеуі Бектепов Жүніс журналист, қызылордалық, ССРО Жоғарғы Советінің қазақ тобында аудармашы. Москвада тұрады. Үш баласы бар. Ақылжан, Айжан, Бақыт. Бақыт «Казахстанская правданың» Қызылордадағы меншікті тілшісі болып істейді).
1937 жыл, Ибади Тәукелов- өгей әкем Алматыға көшіп келіп, үй алып жайғасты. Қамауға алу іле-шала басталып Ілияс та, Орынәлі де, Тәукелов те ұсталып кетті...
Далабай Ешпанов деген кісінің Шара деген 1926 жылы туылған қызы, Саида үшеуміз Айша апаның қарамағында қала бердік. Соғыс басталғанда Айша апай майданға кетті. Анам 1943 жылы қайтыс болды. Шара, Саида және мен Дзержинский көшесіндегі 38 үйде тұрдық. Ұзынағаштан ба, Қордайдан ба Күлшат есімді колхоз председателінің қамқор болып кеп жүретіні, кейде жазғы демалыста біздің ол ауылға сапар шегетініміз есімде. 1945 жылы Айша апай фронттан келді. Біз ол кезде 25-ші мектепте оқитынбыз.
1948 жылдан бастап Ілиястың- әкем­нің туыстары бізді іздей бастады. Мұ­ның түп негізінде Ілиясқа деген құр­метпен қоса, ертең келіп ұлын сұраса қай­те­міз дегендей шарасыздық та бар еді. Ұстал­ған кезден көп ұзатпай ақынды атып тастағаны ол кезде мәлім емес-ті. Талап Сұлтанбековтың шешесі Дәмеш апай Айшаға жолығады. Дәмеш үйге келді. Талаппен таныстырды. Айшекең «Ілиястың баласы жігіт болды» дегендей мақтаныш сезімімен таныстырып, екеуінің маған көздері жасаурап қарағаны есімде.
Дирижер Тұрғыт Оспанов мені Радио­комитеттің қазақ аспаптары оркестріне оқушы етіп жаздырып, домбыра тартқы­затын, Нұрғиса аға да үйретуші еді. Ол кісі мені әлі оқушым дейді. Туыстар соны да біледі екен.
Тағы бірде үйге еңгезердей қара кісі келді. Ол Ілекеңнің немере туысы Болат Еш­мұхамбетұлы Тәшенов болып шықты. Ол кісі маған көп жәрдем берді. Оның айтуынша Тау-кен Академиясында оқып инженер болып шығуына Ілекең жәрдемдескен екен. (Болат аға Д. Қонаевпен бірге оқыған).
Жасым он сегізде. Айшакеңнен рұқсат алып Болат мені қонақ үйге ертіп келді. Ондағы әңгімеден:
– Папаң мені оқытты. Қарыздармын. Енді сені оқытуым керек. Мен ағаңмын – деп борышын айтқаны есімде қалыпты.
Сөйтіп, мен сол кісінің ықпалымен 1949 жылы мектепті бітірген соң Түрлі-түс­ті металдар мен алтын институтына оқу­ға түстім. Соны бітіргелі осы салада істеп келемін. Әйелім Фарида Бартушева, мамандығы – микробиолог. Ғылым академиясында істейді. Жамал, Резеда деген екі қызымыз бар. Жамал Васич деген югослав жігітімен қосылған. Ілияс (Илюша) деген немереміз бар. Алексей Иванович Васич – театрда жарықтандырушы болып істейді. Ал Резедамыз – Москвада аспирантурада оқиды.
Анықтай түсетін бір-екі жай мынау: Талдықорған облысында Ілияс музейі бар. Музей директоры жас қыз (аты есімде жоқ) қай жылы келіп көп деректер айтып, көп мәселені анықтап мамам, папам және 3-4 жастағы мен үшеуіміздің бірге түскен суретімізді алып кеткен болатын. Содан да дерек жоқ. Мамам ондағы папамды қиып тастаған...
... Терезе сыртында Түркістан жері созылып жатыр. Ол басталғалы қашан. Міне, Түркістан жеріне де жеттік. Саят аға жолдастарымен поездан түсті. Мен әрі кетемін. Екеумізде де қимастық оянғандай. Айырық жолға түскенмен біз қосылып тұр ек. Бізді қосқан ақын рухы болатын. Қайран Ілияс!
Саят аға түсіп қалды. Мен жалғыз отырып, дөңгеленген далаға қарап ойға баттым.
ІV
«Абай , Біржан, Ақан, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжанға не көрсетпеді бұл қазақ?! 37-жылғы зобалаңда басқаны былай қойғанда рушылдықтың, мансапқорлықтың ізі сайрап жатыр. Сәкен, Ілияс, Бейімбет үшеулері ұсталғаннан кейін Гүлбаһрам, Күлжамал, Фатима апаларды үйлерінен қуып шыққан бір-ақ адам...
1961жылы Жазушылар одағында болған жиналыста Г. Сейфуллина осыны дүйім жұрттың көзінше айтқан. Шындықтан еш­қайда қашып құтылмайсың. Одан жасырына да алмайсың. Ең абзалы – арың та­за болсын» деп С. Шаймерденовтың («Мәдениет және тұрмыс» №7. 89) жаз­ға­ны есіме түсті.
Алматыдағы Сәкен Сейфуллин үйі әл­деқашан бұзылып кетті. Ал, Жансүгіров пен Майлин тұрған үй бар. Қасиетті бо­саға, Ілияс үйі – Құрманғазы көшесіндегі 59-үй (Мамандар үйі). Осы үйден мемориалдық музей ашу әлі кідіріп келді. Рас Талдықорған пединститутында, туған ауданы Ақсуда іргелі шығармалар берген шебер ақынның музейі бар. Қызылордада ескерткіш тақта бар болғанмен, жастар жағы біле бермейді-насихат нашар. Республикалық әдеби музей ашу қазір баспасөзде айтылып жүр. Оған- қалалық медучилище орналасқан бұрынғы Совнарком үйі әбден лайық. Со­дан (ашыла қалса!) үш арысқа үш зал арнау жөн. Онда әдебиет кештері, айтыс, өнер мерекелері өтуге қолайлы. Ақынның әлі күнге толық өмірбаяны жазылып біткен жоқ. Естеліктер де аз, мардымсыз. Ақын­ның қолжазбалары – жеке адамдарда жүр. Өйткені, жинақталатын жер – музей-пәтер жоқ!
Ақын абыройына лайық еске алу жиын­дарын республикалық көлемде Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыра алмай-ақ келеді. «Ілияс күндері», «Ілияс жылы» сияқты өнер жәрмеңкесін өткізу де өте бір қиын шаруа сияқты.
Әділетсіздіктің құрбаны болған ақиық ақынды білу – жастарға қажет. Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда, Бурабай­да тұрып жұмыс істеген белгілі совет ғалым­дарына қамқорлығы шексіз қазақ халқы Ілиясты көріп-біліп, танығандар бірінен соң бірі өмірден кетіп жатқанда селт етпей отыра беретініміз несі екен?! Ілияс туралы толық естеліктер кітабы қашан шығады? Ілияс Жансүгіровтың Алматыдағы музейі қашан ашылады? Бұл мәселелерді тарата айтқан «Арай» (№10, 1988 жыл) журналының позициясына қосыламыз. Ия, қазақ мәдениетінің нағыз тарихын тірілтіп, өшкенін жандырар кез жетті. Ілияс Жансүгіров жайлы естелік жазған қызы «Асылдың сынығы» десе, «Жоқ, Ілияс – асылдың өзі!» дейміз біз. Осындай күрделі егемендік кезеңінде өмір сүре отырып, іргелі жұмыстарды қолға алмаған, Ілиястай ардақты талай азаматтар туралы ешбір жиын, басқосу, творчестволық кеш өткізбеген жастар самарқаулығына таңданасың. Жастар ұйымдары саясаттан гөрі осындай шығармашылық, ұлттық жаңару кезінде де ұйқыдан көз ашпаса амал қанша?!
Мына бір жағдайды айтайық. Оң­түстіктегі Жетісай ауданына қарасты «Крас­­ная звезда» совхозының директоры Сапар Жаштаев бір әңгіме үстінде: Ілияс­тың күйеу баласы Санжар Жандосов Жан­сүгір ақсақалдың Мақтааралда қайтыс болғанын, оның қабірін табуға мүмкіндік бар-жоғын сұрастырып еді деген-ді. Ілияс 1931 жылы аталған аудандарға келіп кеткен (Оны өз алдына жоғарыда әңгіме еттік). «Арай» журналының №6 (89) санында жазушы Серік Жанәбілов: «Отыз екінші жылдың көкек айында Жансүгір Ташкенттен әрі солтүстік батыстағы Мырзашөлде, Мақтаарал жерінде тұратын немере інісі Құсайынды іздеп барды. Артында қалған атамекені Ақсуды ашаршылық жайлады. Торғайдай тозған ел жан сауғалап жан-жаққа кетіп жатты» деп жазады «Зауал» әңгімесінде. Осы әңгіменің аяғына таман «Ата, ата, Ілиясың Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болыпты. Бүгінгі газетке шығыпты» – деген сөйлем бар. Осы­ған орай айтар екі-үш ауыз пікір бар еді. Ілияс 1931 жылы Мырзашөлге келіп «Жаңа тұрмыс» деген оқиғалы өлең жазған дедік. Мен бөлімше тұрғындары арасынан Ілиясты көргендерін іздеп, жолықтым. Ілияс бұдан бұрын да, кейін де Мырзашөлге келмеген. Оның 1931 жылы, ия дәл осы кезде келуіне не себеп болды?
– Ілиястың әкесі Мақтааралда көмілген деген сөз бар. Әкесін іздеген шығар Ілияс, – дейді Өскенбаев Сағынтай, әкем Өскенбай Жұматаев 1929 жылы «Жаңа тұрмыста» бригадир, 1936 жылы «Қызылабадта» председатель болған. 1942 жылы майданға аттанып, Сталинградта хабарсыз кетті. «Қара қағаздың бәрін айта беруге шыдамай соғысқа кетті» дейтін Дәнекүл анамыз. Мың қойды мыңғыртқан, жылқы-түйені көбейткен колхоз председателі әкемнің Балғын, Марал деген екі аты болған. Қызылабад ығы-жығы, ел көп-ті. Ол кешеге шейін алты көше еді. Ізбасаров Мүсәлі әкем кеткен соң колхозға бастық болған. Сол Қызылабад жылқысы – Қызылқұм өңірінде бәйге бермеген. Колхозда жылқының есебі жоқ-ты. Мотор, Сафуанның Сарқасқасы, Балғын, Марал деген аттар – сурет еді, кере­мет жүйрік. Сабыр қарақасқа, Бозқоян, Кү­місқұйрық, Алтынжал, Жызақ қарақасқа, Күйіксан сияқты аттарды әкем әңгімелеп, Ілияс қызыға тыңдапты, сұрай түсіп, жазып алып отырыпты.
Ілиястың әкесін іздеп барғанын ауыл адамдарының басқа әңгімелері де дәлел­дегендей. Демек, Ілияс әкесі 1931 жылғы Ілиястың баруынан бұрын сол жақта (Мыр­зашөлде) болған. Елдің айтуында, Ілияс әкесіне тірілей жолықпаған. Қабірін тапқан-таппағаны белгісіз. Екінші пікір мынадай: 1926 жылы құрылған Каз АПП 1932 жылы таратылып, сол жылы Ілияс Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің председателі болады. Сөйтіп 1934 жылғы Кеңес Жазушыларының І съезіне дейін істейді. Ілиястың І съезге қа­тысқаны, М. Горькиймен суретке түскені, әңгімелескені, кинолентаға түскені мәлім. Сонда жазушы С. Жанәбілов әңгімесінде кейіпкеріне Жансүгірден сүйінші сұратып отырған тұста, Ілиястың жазушылардың төрағасы болғаны газетке шықты дегенде, яғни, 1932 жылы Жансүгір марқұм болып кеткен-ді.Өйткені, 1931 жылы «Жаңа тұрмысқа» келіп, өлең жазған Ілияс әкесіне тірілей жолыға алмады дедік... Сүйінші сұрау артық, жаңсақ дерек. Бірақ, соны деректі – Жансүгірдің де, Ілиястың да Мырзашөлге қатысты дерегін пайдалана отырып, деректі көркем әңгіме жазған, оны қобызшы Молықбай тағдырымен байланыстыра баяндаған талантты жазушы С. Жанәбіловке алғыстан басқа айтарымыз жоқ, әрине.
Біз, бұл, фактілерді жазушы кемшілігі ретінде айтуды тіпті де мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Қайта, тарлан ақын өмірінің белгісіз тұстары табылып, қазылып, жазыла бергенінен артық ештеңе жоқ. Өйткені, ежелден естелікке шорқақ елміз ғой...
Бір қуаныштысы, ізденімпаз ғалым профессор Темірбек Қожакеев «Жұлдыз» журналындағы (№2, 1990 жыл) «Журналист Жансүгіров» деген зерттеу мақаласында мынандай тың дерек келтіреді: «Ілияс жергілікті газеттерге қамқорлық жасап, оның қызметкерлерін газет ісіне үйретуден де жалықпаған. Осыған бір дәлел: 1931 жылдың көктемінде ол Оңтүстікке командировкаға барады. Бұл кезде Мақтаарал ауданы жаңадан ұйымдасып, онда орыс және қазақ тілдерінде газет шығаруға ұйғарылған екен. «Голос хлопковика» газеті шыға бастапты да, қазақ тілінде газет шығаратын адам табылмай отыр екен. Ілияс бұл жайды газет жұмысымен таныстырып, алғашқы номерді шығарысып кетейін» дейді. Сөйтіп, ол «Мақташылар үні» газетінің тұңғыш номерін өз басшылығымен жарыққа келтірді. Оның бас мақаласын да өзі жазады. Жас журналистерге газет қызметінің сырларын түсіндіреді. Ұстаз ағаның көмегімен сол газеттің тұңғыш редакторы болған Әділбай Омаров – кейін белгілі журналист ретінде танылды». (Мұхтар Әуезовтің оңтүстікке сапарында серік болған да осы Әділбай Омаров). Ақынның Мырзашөлге сапарына құнды қосымша болған, бұл пікірге қосылмасқа әддіміз жоқ. Мақтаарал ауданының жетпіс жылдығын тойлаған жерлестерім газетінің мерейтойын ұмытып кетті.
...1931 жылғы сталиндік репрессия халықтың арасында қорқыныш, үрей туғызды. Қорқу, үрку жүрген жерде қиянат та жүреді екен. Осы қорқудың салдарынан талай адамдар өзінің не істеп, не қойғанын білмей де қалды. «Қазақ әдебиетінде» (1989, 10 февраль) профессор Құдайберген Жұбанов туралы мақала шықты. Авторы – Әмірхан Меңдекеев. Ұлттық мәдениетіміздің үлкен жанашыры Қ. Жұбанов 1935 жылы 14 январьда «Лениншіл жас» газетінде «Із-жас күш» деген мақала жариялап, бір топ жастан зор үміт күтетінін айта келіп, соның ішінде Есмағамбет Ысмайылұлын ерекше бөліп айтады. Екі жылдан соң «Социалистік Қазақстан» газетінің 30 сентябрь күнгі санында осы Е. Ысмайылов Қ. Жұбанов туралы «Грамматикадағы анархия туралы» деген көлемді мақаласын жариялады. Сонда «Жұбанов грамматикасында... екі мысалдың бірі І. Жансүгровтің өлеңдері мен сөздері екендігін және айтпауға болмайды. Бұл грамматика қазақ тілінің мектепте оқылуға тиісті оқу кітабы емес, осы күнгі қолданып отырған емлемізге, үкімет қаулысына қайшы жазылған өте зиянды кітап...» дейді автор. Осыларды білетін ғалым Р. Сыздықова: «Интеллигенциямыздың тарихы – қоғамдық ой-санамыздың тарихы. Бізде ұлттық интеллигенциямыздың тамаша өкілдері туралы, олардың тағдыр-талайы туралы арнаулы зерттеулер өте аз. Біздіңше, осыған көңіл бөлу керек. Зерттеу керек» десе, бұл пікірге қосылмай болмайды.

824 рет

көрсетілді

83

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз