• Тарих толқынында
  • 14 Қараша, 2013

МҰРАТАНУ ЖӘНЕ МҰРАТТАНУ

00Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
Қазақстан ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Қазақ әдебиетінің тарихында айрықша із қалдырған әрбір шығармашылық тұлғаның мұрасы – елдің рухани қазы­насы. Сондықтан, мұратану зерделі зерттеушілердің басты міндеті болуға тиіс. Арғы-бергі дәуірдегі әдебиет өкілі­нің бүгінге жеткен бірде-бір дүниесі ұмыт қалмағаны жөн. Осылай түгелдеп-тиянақ­тау арқылы әдебиет тарихының ақтаңдақ беттерін қалпына келтіре аламыз.


Шығармашылық мұрасы көп қия­натқа тап болған ақынның бірі – Мұрат Мөңкеұлы. Көзқарасы ұлттық мүд­демен үйлес жыр жүйрігінің өлеңдерінде отарлаушыларға айқын қарсылық танытатын тіркестер жеткілікті еді. Жалғыз Мұрат емес, жалпы зар заман тобы өкілдерінің қай-қайсысы да осындай қилы тағдырды бастан кешті. Биліктің қысымына қарамастан ақынның шығармалары елдің зер­десінде сақталды. Соның бәрі бірте-бір­те жазып алынып, мұрағаттар мен қолжазба қорларын толықтыра түсті. Мұрат Мөңкеұлының өлең-толғаулары ұзақ уақыт бойы ел ішінен жиналып келеді. Бұған әр жылдар бедеріндегі ғылыми бастамалардың ықпалы болды. Осы кезеңде бірқатар мақсатты ғылыми зерттеулер жүргізілді. Сөйтіп, бір-бірімен өзектес мұратану мен мұраттану ілімдері қатар өрбіді.
Мұрат ақынның мұралары «Үш қиян», «Сарыарқа» толғау-поэмаларын, «Қазтуған», «Шәлгез», «Қарасай-Қази» жырларын, айтыстарын, бірнеше толғау-термелерін, арнау өлеңдерін қамтиды. Ақын «Үш қиян» мен «Сарыарқаға» халық басына түскен ауыртпалықты арқау етсе, «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Шәлгез» жырларында Ноғайлы жұртының аңыз­дарын өзінше баяндайды. Мұраттың алты ақынмен айтысы ғана сақталған. Ал, арнау өлеңдерінің дені би-болыстарға, елдің беделді адамдарына айтылған. Сондай-ақ, хат түрінде жазылған «Оқудан қайтқан жігітке», «Еліне жазғаны», «Бір досқа» деген үш өлеңі, тойбастар жырлары бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Ақын шығармалары алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласында ағайынды Кәрімовтердің баспаханасында басылды. Кітап «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп аталады. Кейбір кітаптарда «Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны» деп те жазылып жүр. Шындығында жинақтағы «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақынның айтқаны» деп аталатын өлеңде баяндалғандай, Ғұмар – әйгілі Сырым батырдың немересі. Ғұмардың әкесі – Қазы. Мұрат ақынның Сырым батырға арналған дастаны бар екен деушілер осы дерекке жете үңілмегендіктен қателесіп жүрген болуы керек. Төте жазумен түзілген кітап небәрі 24 беттен тұрады. Оған не ақын жырларын ұсынушының, не баспагерлердің түсініктемесі беріл­меген. Тек соңында Кәрімовтердің баспасынан жуық маңда қандай дүниелер жарық көретіні жөнінде құлақтандыру жарияланған. Ақын көз жұмғаннан кейін екі жыл өткенде бұл кітапты кімнің бастырып шығарғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Халел Досмұхамедұлы, бұл тұста, Санкт-Петербургте әскери-медициналық академияда оқып жүрді. Оның үстіне ғалымның әдебиетке қатысты зерттеулері кейінгі жылдардың үлесіне тиеді. «Революцияға дейін Қазанда әртүрлі адамдар қазақ халық әдебиетінің өте көп үлгілерін басып шығарды. Бұл басылымдардың бәрі аса көп қатемен, бұрмаланған түрінде жарық көрген. Сондықтан оны тек дайындығы мол адам ғана пайдалана алады», – деп, Халел Досмұхамедұлы ескерткендей, бұл жинақ та байыппен оқуды қажет етеді. Ептеген әріп қателері бар. Кейбір өлеңдердің жолдары ауысып кеткен. Оның есесіне Мұраттың жарық көрген шығармаларында кездеспеген шумақтар, соны тіркестер ұшырасады.
Бұл кітапқа тек Мұрат Мөңкеұлының шығармалары ғана енгізілмеген. Мұнда «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақынның айтқаны» атты ұзақ өле­ңі, «Қазтуған» жыры, «Мұрат ақын­ның заманның түріне қарап шығарғаны» («Үш қиян» деген толғауы ға­на жарияланған. Кітапқа енген одан басқа дүниелер: «Жәңгір хан дүниеден қайтқанда Алаша Байтоқ жыраудың айтқан сөзі», «Сұлтан Кенесары батыр қоныстан ауғанда Досқожа ақынның айтқаны», «Беріш Махамбет батырдың сұлтанға айтқаны» (жыр Мұраттан жазып алынды деп көрсетілген), «Адай Балуанияз батыр жауда өлгенде айтыл­ған сөздер». Бүгінде баршамызға белгілі Махамбет жырлары тұңғыш рет жоғарыда аталған жинақта жарияланған. Бұл өлеңдердің бәрін де Мұрат ақын жатқа білген. Мұраттан Ығылман Шөреков жазып алып, батыр ақынның мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізген. Бұл жөнінде Махамбеттің өмірі мен өлеңдерін көп зерттеген, ақын жөнінде роман жазған белгілі жазушы Берқайыр Аманшин: «1837 жылғы декабрьдің жиырмалары шамасында Тайсойған құмында Есенқұл Беріш Бабаттың үйінде болған, сол қыс бойы сол құмда, тағы басқа үйлерде болған мұндай сөз базарларында, қа­зір­гіше әдебиет кештерінде, ақындар мүшәйрасында сол елдің адамдары Ма­хамбет өлеңдерін жаттап алып, одан кейін Беріш Мұрат ақын, Мұраттан Ығылман жазып алу арқылы бізге жетті ғой», – дейді. Б.Аманшин сонымен қатар, Ығылманның «Исатай – Махамбет» дастанын жазғанда оның Махамбетке, Мұратқа еліктегенін, солардан көп үйренгенін атап көрсетеді. Ал, Қабиболла Сыдиықов Махамбет өлеңдерінің 1989 жылы басылған жинағындағы түсініктемесінде: «Махамбет өлеңдерін шәкірті Қуан жырау, Кішкене Қобыланды ақындар жатқа білген. Одан Мұрат ақын үйренген. Мұрат білетін өлеңдерді Ығылман жаттаған. 1925 жылғы жинаққа енген (Ташкент қаласында басылған «Исатай – Махамбет» жинағы – Б.О.) Махамбет өлеңдері Ығылман айтуынан жазылған. Бұл жинақтың ақын өлеңдерінің басылымдарын дайындағанда бірден-бір сүйенетін сенімді нұсқа болатын себебі сондықтан», – деп тұжырым жасайды. Осы ретте «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» жинағына және басқа басылымдарға сүйене отырып, Махамбет өлеңдерінің текстологиясын жасауға сүбелі үлес қосқан Қ.Сыдиықов Мұрат мұраларын жұртшылыққа танытуға да көп еңбек сіңіргенін айтуға тиіспіз. Сонымен, Мұрат Мөңкеұлын біз тек ақиық ақын ретінде ғана емес, халықтың ардақты ұлы Махамбеттің өлеңдерін жұртына шашау шығармай жеткізуші, әдебиет тарихының білгірі, мұратанушы ретінде де бағалауымыз керек. Мұрат пен Ығылманның Махамбетті халқымен қайта табыстыруы – қалың қазақтың игілігі үшін жасалған азаматтық іс. Махамбет – Мұрат – Ығылман сабақтастығы ұлы мұраны бүгінгі күнге жеткізген қасиетті керуеннің алтын көпірі болып қалды. Бұдан соң, профессор Халел Досмұхамедұлы ақынның шығармаларын топтап, 1924 жылы Ташкент қаласынан «Мұрат ақынның сөздері» деген атпен кітап етіп бастырып шығарды. Ақын шығармалары 1946-47 жылдарға дейін мектеп оқулықтарына енгізіліп келді. «Қарасай-Қази» жыры 1943 жылы жеке кітап болып шықты. Мұраттың өлең-толғаулары «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» жинақтарына, айтыстары әр жылдарда шыққан айтыс жинақтарына енгізілді. Мұрат ақынның шығармалары 1940 жылы Мәскеуде басылған «Песни степей» атты қазақ әдебиетінің антологиясында (жалпы редакциясын басқарған Л.Соболев), 1978 жылы Ленинградта басылған «Поэты Казахстана» атты жинақта (құрастырған М.Мағауин) жарық көрді.
Мұраттың шығармашылығын алғаш зерттеген Халел Досмұхамедұлы оның мұрасын жүйелеп, өлеңдеріндегі қайшылықтарға баға беріп, мұрат­танудың негізін қалады. Әдебиет зерт­­теу­шілері, ақын-жазушылар әр жылдарда Мұрат мұралары туралы пікірлер айтты. Әсіресе, ақын шығармаларына тереңірек тоқ­тал­ған М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, М.Жолдыбаев, Қ.Жұмалиев, Ә.Тоқ­мағанбетов, С.Мұқанов, Ы.Дүйсенбаев, Х.Сүйіншәлиев сынды ғалым-жазу­шылардың ой-пікірлері Мұрат мұраларының табиғатын ашып, байыпты талдау жасаумен құнды. Философ-ғалым Қ.Бейсембиев те Мұраттың дү­ние­ге, қоғамға көзқарастары жөнінде пікір айтты. Алайда оның тұжырымы сол кездегі идеологиялық ойлаудың өлшеміне сай болды. 1958 жылы Аме­рика Құрама Штаттарының Дьюк уни­верситетiнiң профессоры Томас Густав Виннердiң ағылшын тiлiнде басылған «Ресейлiк Орталық Азия қазақтарының ауызекi шығармашылығы мен әде­биетi» атты кітабында Мұрат Мөңке­ұлының өлеңдеріне талдау жасалды. Мұрат ақынның мұралары Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының 1940 жылдардың орта шенінен бастап ұйымдастырған ғылыми экспедицияларының нәтижесінде жиналды. Мұраларды Атырау өңірінен іздеп тауып, академия кітапханасының қолжазба қорын дамытуға Б.Қорқытов, А.Әбдірахманов, Ғ.Әбілжанов, М.Тілеу­жанов, Сұлтанғалиева, Ауатанов т.б. жи­наушылар үлес қосты. Ақынның өлең-толғауларының көпшілігі оның ұлы Дәу­летқалидың аузынан жазып алынды. Орталық ғылыми кітапхана қорының 1303, 97 Д, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорының 406, 504, 593 папкалары Мұраттың шы­ғар­маларына арналған. Сондай-ақ, инс­титуттың қолжазба қорының 411, 332, 910 папкаларында Мұрат ақынның өлең-толғаулары бар.
Мұрат ақынның шығармалары қай кезде де әдебиет зерттеушілерінің назарынан тыс қалып көрген жоқ. Мұратбек Бөжеев филология ғылымдарының док­торы дәрежесін алу үшін жазған дис­сертациясының бір тарауын Мұрат Мөңкеұлының өлең-дастандарына арнады. Ақынның ардақты есімі ақталғаннан кейін мерзімді баспасөзде Мұрат Мөңкеұлы жайында бірнеше мақала жарияланды. Ақынның өлең-толғаулары газет-журналдарда жарық көрді. 1991 жылы ғалымдар Қ.Сыдықов пен Ш.Керімов Атырау, Маңғыстау өңірлерінде өмір сүрген төрт ақынның (Қашаған Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шынияз Шанайұлы, Насихат Сүгірұлы) «Алқаласа әлеумет» деп аталатын жыр жинағын құрастырып, бастырып шығарды. Осы жинақта Мұрат шығармаларының бұрынғы басылымдарымен салыстырылған текстологиясы жасалып, ұсынылды. Сол жылы шыққан Халел Досмұхамедұлының «Аламан» атты кітабына (құрастырғандар Ғ.Әнесов, А.Мектепов, Ш.Керімов) Мұраттың 1924 жылы Ташкентте жарық көрген жинақта жарияланған өлең-толғаулары енгізілді. «Әлем» альманағының алғашқы санында, «XIX ғасыр әдебиеті» оқулығының хрес­томатиясында Мұраттың өлеңдері жарияланды. Ақын шығармаларының баспасөзде жарық көруіне әдебиеттанушы ғалым Сәрсенбі Дәуітов көп үлес қосты. Оның құрастыруымен Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы шығармалары енгізілген «Зар заман» жинағы 1993 жылы жарық көрді. Кейіннен Мұрат ақынның шығармалары жазушы, шежіреші Берік Қорқытовтың кіріспе сөзімен және түсініктемесімен 2001 жылы «Өлке» баспасынан «Қынапты қара қылышпын», «Арыс» баспасынан «Мұрат» атты жеке жинақ болып басылып шықты. Сонымен қатар, ақын өлеңдері 2004 жылы «Тарихи тұлғалар. Есет, Алдар, Мұрат, Шернияз» атты жинақта жария­ланды. Биыл «Ана тілі» баспасынан Мұрат Мөңкеұлы шығармаларының толық жинағы жарық көрді.
Академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде «Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы» атты кандидаттық диссертациямыз қор­ғалды. Ал, 2001 жылы М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтында қорғалған «Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы. Генезис, типология, поэтика» атты докторлық диссертациямызға осы ағымның белді өкілі Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы да арқау болды. Сонымен қатар, әр жылдарда жарық көрген ғылыми-зерттеу еңбектерімізде ақынның өлең-жырлары нақты нысанамызға айналды. Осылайша мұраға жанашыр әдебиетші ғалымдардың бірнеше буынының әр жылдардағы жүйелі ізденістері арқылы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің соңында қалдырған мұрасының жоқ-жітігі түгелденді. Х.Досмұхамедұлынан басталған мұраттану үрдісі мұратанудың бір саласы болып қалыптасты. Рухани тамырын тереңге жайған бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғаса бермек.
 

1219 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз