• Ұлттану
  • 14 Қараша, 2013

«ЖҰРТТЫҢ БӘРІ ТҮСІНЕТІН ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙІК» ДЕУ – ТІЛДІК ОРТАНЫ КҮЙРЕТЕДІ

Серік Ерғали,
саясаттанушы

Тіл мәселесінің мәйегі ретіндегі басты факторға назар аударылмай, қазақ тілінің көсегесі көгере қоймайды. Тіл саясатындағы нысаналы бағыт пен шынайы да нәтижелі шараларды қолға алмау мемлекеттің қауіпсіздігін қолдан әлсіретуге апарып соғады.Бұл тақырыпқа барғыштауымыздың да, оны бұқарамен бөлісуіміздің де себебі – сол.

Тілді өлтіру мен тірілту алаңы
Шындығын айтсақ, қолданыстағы «мем­ле­­кеттік тілді дамыту» тіркесі дәйекті қи­сынға негізделмеген: қалай дамыту, даму көрсеткіштері қандай, даму немен өлшенеді деген сауалдарды жауапсыз қалдыратын жайдақ тұжырым. Кез келген лингвистикалық жүйеге жататындықтан тілдердің барлығы да өзінше даму сатысынан өткен, ал, оны жалпылама дамыту ұғымы қи­сынға сәйкеспейді. Әр тілге тән ақуал – әрқайсысының тілдік ортасының алуан болуында. Әрине, тілдің белгілі бір саласын немесе аспектісін сапа­ландыруға, дамытуға болады. Бірақ, ол тілді дамыту дегенді білдірмесе керек. Тілдік орта – тілдің тірлік алаңы. Тіл­дің тірлігі оның қолдану ортасының бар екендігіне тікелей қатысты. Қатынас ортасы жойылған тіл өзінен өзі өшкен тілге айналады. 2000 жылдай өліге саналған лингвистикалық иврит жүйесі қалай қалпына келтірілді? Бар болғаны – оның тілдік ортасы қайтадан жандандырылды! Осылайша кез келген тілді өлтіруге де, тірілтуге де болады. Тілдік орта – тілдің қолданым аясы;қолданымы жойылған тіл өшкен болып есептеледі. Оның тұ­ты­нушылары: жазарман, оқырман, көрермен, тыңдарман, айтарман. Ал, орта сәйкес түрде: тілдегі бүкіл жазба ресурс, кітапхана, электрондық кеңіс, оларды қолданушылар, телевидение,радио, алуан түрлі дәрісхана, аурухана, көше, қоғамдық орындар, ойын алаңы, мектеп, балабақша, отбасы, ұжым, мәдениет орындары, базар, т.т... Осылардың қауқары, саны мен сапасы тілдік ортаның айнасы іспетті, бір жағынан бұлар сол алып ағзаның көрсеткісі (индикаторы).


Бүгінгі мемлекеттік шекара бұрынғыша географиялық қоршаудан гөрі тілдік ортамен шектелетіні жасырын емес. Бүгінде әр мемлекеттің тілдік ортасы – соның аумағын білдіретін факторға айналды. Ресеймен ортадағы тілдік ортамыздағы айырманың аздығы біздің елдің еге­мендігін көрер көзге төменшіктетіп, Қа­зақстанды бұрынғы метро­полияға рухани бағынышты етіп тұр. Егер де, мемлекетке тән тілдік орта болса, оның ықпалы саяси шекарадан гөрі мол болатыны сөзсіз. Біз сол шекараны сезіне алмай отырмыз.
Тілдік орта – тілдің қызмет ету аясы мен мүмкіндігіне жол ашатын, адамдардың ақпарат алу мен беру, қарым-қатынас жасаудағы әмбебап жанды алаң. Оған дамуына көңіл бөлмеу арқылы тілдің аясын тарылтып, оның өшуіне жағдай жасайды. Бізде тілді туындататын да, өлтіретін де, үйрететін де орта екені ескерілмей отыр. Елде тілдік пәндер арқылы ғана тіл үйрету міндеті қойылған біржақты ұғым қалыптасқан. Пән ешқашан ортаны алмастыра алмайды, ол бар болға­ны тіл туралы түсінік қалыптастыруы мүм­кін,тілдік жүйені таныстыру, игертуі ықтимал, бірақ тілді меңгерте алмайды! Сол себепті, әдістемесі тілді үйретуге бағытталған, тілдік ортамен тығыз қатынастағы ағылшын, орыс тілдерін үйрету технологиясы, ортасы ойсыраған қасаң әдістемеге негізделген қазақ тілі пәнін «бөрікпен ұрып» жығатыны осыдан келіп шығады.
Тілдік қауқар.Тілдік ортада қолдану мүмкін­дігіне орай тілдік қауқар қалып­тасады. Тілдік ортаның қай деңгейінде де, қай саласында да қауқарлы тіл нағыз мемлекеттік мәртебеге лайық болады. Осыған орай, қазақ тілінің қауқарын тілдің қолдану сапасы мен санына сәйкес, біздің қоғамымызға тән шамамен бес деңгейлі топқа жіктеп қарастырсақ:
1. Сәлемдесу тілі – сәлемдесу мен сөз арасында тұздық үшін қазақ сөзде­рін келтірумен ғана шектелу: орыс­тілділермен қатар қалаға сіңген қазақтілді қазақтардың көпшілігінің тілдік қауқа­рына айналған дағды;
2. Тұрмыстық деңгей – күнделікті тірлікте, сауда-саттықта ғана қолдану қау­қары;
3. Білім беру саласымен шектелу – орта және жоғары білім беру саласы;
4. Шаруашылық пен еңбекті ұйымдас­тыруға қолдану қауқары;
5. Ғылымда, мемлекетті басқаруда қол­да­ну әлеуеті.
Соңғы үш топқа тоқталсақ: қаладағы қазақ мектептерінің контингенті сабақта басқа уақытта орыс тілін қолданатынын, де­мек, орыстілді ортада жүргенін; 1-сыныпқа орыстілді балалардың қатаң талапсыз қа­зақ мектебіне келіп жатқанын; қазақ бөлімдеріндегі студенттер үшін оқулықтар мен сапалы дәрістердің тапшылығын ескерсек, білім берудегі тілдік ортаның қауқары нақтылана түседі. Шаруашылықтар мен өндірістегі ұйымдастыру шаралары мен отырыстар да қазақ тілді тұтынушылар пайдасында еместігі белгілі. Ал, ғылым саласындағы кеңестік кезеңде қалып­тасқан біршама қазақтілді орта соңғы жылдары ойсырағанын ғылыми атақ қорғауға қа­тысты көрсеткіштерден бай­қаймыз.Бұл сала бойынша дәйектерді келтіріп, дәлелге жүгінудің керегі шамалы. Оны қазақтілді оқулықтың саны мен сапасы айтып береді.Мемлекетті бас­қаруға мемтілдің қатысын кез келген мемлекеттік ұйымдар мен органдардың қабылдау бөлмесіне телефонмен хабарласу арқылы оңай көз жетеді.
Тілдік ортаның қаншалықты дамыған­дығы тіл қауқарын көрсететін басты фактор, ол оның кеңдігі мен тереңдігі арқылы өлшенеді және тілдің дамығандығы да сол өлшемдерге тікелей қатысты. Былай айтқанда, ортаның кеңдігі – тіл қолданымының саны да, ал, тереңдігі – тіл қолданымының сапасы.
Кеңдік.Тілдік ортаның кеңдігі оның қолданыс аясының мүмкіндігімен сипатталады. Тілдік орта бүгінгі қолданыста басты екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша орта. Адамның аты-жөнінен (қазақтың аты-жөнінен хабар алғыңыз келсе, кез келген мектептегі сынып журналына көз жіберіңіз), СМС-тен бастап, ғылыми-саяси баяндамаларға, заңдарға,том-том кітаптарға дейінгі барлық жазба материал тілдің жазбаша ортасын қамтиды. Тілдің қаншалықты көлемде жазбаша материал өндіру қауқары мен қоры болса, оның жазбаша ортаны игеру мен меңгеру мүмкіндігі де соған сәйкес, оның жазбаша кеңдігі де, кеңісі де сондай. Қазақтілді ақпарат тұтынушы күніге қанша көлемде жазу жазып, қанша көлемде сол жазбаны оқыса, тілдік ортаның жазбаша бөлігінің саны да, сапасы да соншалықты қалыптасады.
2009 жылы бір топ қоғамдық ұйым атынан жарияланған «Қазақстан Респуб­ликасындағы мемлекеттік тілдің ахуалы жө­ніндегі сараптамалық баян» атты құ­жатта (http://abai.kz/content/kazakstan-respublikasyndagy-memlekettik-tildin-akhualy-zhonindegi-saraptamalyk-bayan) тілдік орта үшін барынша қажетті әрі қарапайым ақпарат тарату көзі болып табылатын қазақтілді БАҚ турасында: «Елдегі қоғамдық мәлімет көзіне қарағанда, (бұл сала бойынша рес­ми мәлімет немесе ғылыми зерттеме жоқ) БАҚ өндірісінің қазақшасы 10%-дан аспайды, қалғаны орыс тіліндегі өнімдер болып табылады да, олар қазақшаға аударылып беріледі» делінген. Бұл көрсеткіш негізінен газет-журналдарға қатысты, оның 4 жыл өткеннен кейін де өзгергені шамалы. Өздігінен алаңсыз түрде ақпарат өндіруге тиісті қазақтілді журналистика бүгінде орыстілді ақпарат көздеріне тәуелді болғандықтан, бұл сала жаппай аударынды мазмұнға түскені өз алдына мәселе. Ал, жазба тілдік ортаның ең шыңы саналатын ғылыми кітаптар мен оқулықтар жөнінде бірен-саран гуманитарлық саланы айтпағанда, әңгіме айту артық. Бүгінде жазба тілдің сапасы мен мемлекеттік қолданымын аңғартатын заң шығару саласындағы заң­жобаның тек қана орыс тілінде жазылатыны тағы мәлім. Бұған қатысты қазақ филолог ғалымдарының магистратура мен докторантураға барып, ғылым даңғылына түсу үшін әуелі ағылшын тілінен сүрініп жат­қанын тағы ескерейік. Ал, бұл қазақтілді ортамен оның жүйесін көгертуге тиісті ғылымның «бүйректен шыққан сираққа» тәуелділігін аңғартады.
Тереңдік. Тілдік ортаның тереңдігін, яғни сапасын сөз етсек, оны қиналыссыз-ақ бүгінгі журналистика тілінен оңай табамыз. Бұл турасында бүгінде ерінбеген адамның бәрі сынайтын болды. Жазарман мен оқырман деңгейі өзара тығыз қатынаста – қандай жазарман болса, дәл сондай оқырман қалыптасады. Осыған орай, бүгінгі қазақ журналистикасының сауатынан бастап, көркем әдебиет пен өнердің тоқырауы да, оны тұтынушы қазақтілді оқырманның орыстілді жазбалы ортаға ойысуы да осындай қордаланған кешенді мәселенің салдары екені сөзсіз. Бүгінде «тіл – адамдардың өзара қарым-қатынас құралы» деген тұжырым әлдеқашан ескірді. Жақандану үдерісі тіл нысанына жаңа анықтама бере бастады, соның бірі тілдің – ұлттық сана мен ойлау жүйесінің бірден бір көзі екендігі. Былай айтқанда, гендік тегіне қарамастан, өз тілінде сөйлемейтін адамда ұлттық ойлау жүйесі мен танымы ғана емес, басқаша ойлау аппараты мен талдау тәсілі, соған сай әрекет қалыптасады. Тіпті, адамның антропологиялық түр келбетінің де өзгеріске ұшырайтыны да құпия емес.
Кісінің қай тілде сөйлеуіне байланысты оның ауыз қуысы мен сөйлеу аппараты да өзгеше қалыптасып, соған сәйкес дыбыс жүйелеріне көндігеді. Бұл жағдай адамның есту қабылетіне де қатысты: адам қандай дыбысты естіп, қабылдай алса, сол дыбыстар жүйесінен құралған тілді ғана сөйлей алмақ. Сол себепті, есейген адамды тілге үйрету барынша ауыр және оның қалыптасқан ауыз аппаратын өзгерту мүмкіндігі мейлінше аз. Бұны қыруар қаржы жұмсап, тіл базарына айналған тіл үйрету орталықтары емес, тек қана тілдік ортаның шеберханасы ғана қолға алады. Сондықтан да, әлемдегі тіл үйрету әдістемелері негізінен тілдік ортаға сүйенеді, соны база мен басты тіл игертуші фактор етеді. Бізде ондай әдістеме жолға қойылса да, оған деген тұрақты ортаны қолдану қолға алынған жоқ. Тіпті, қазақ тілі орыс тілінің делдал болуымен үйретілетін әдістемеден әлі күнге бас тартпағанымыз белгілі. Ал, орта мектептегі ағылшын пәндері болмаса, қазақтілді ортаға ағылшын тілін үйрену үшін орыс тілін білу қажеттігі де ұшырасады. Бұлар – қазақ тілінің қызмет ету аясын тарылтудың бірден бір қитұрқылары. Қазақы тілдік ортаны менсінбеу мен түкке тұрғысыз етудің жолдары.
Кеңестік мемлекет миллиондаған орыс еместерге ешбір орталық ашып, бюджеттен қаржы бөлген емес, бұл мәсе­лені орыстілді ортасы қалыптасқан жұмыс ұжымдары мен мәжбүр болған пси­хологиялық жағдай оп-оңай шешіп берді. Осы жерде осы мақсатқа бюджеттен бөлініп жатқан қыруар қаржы мен оның тиімділігі әрі нәтижесі біздің көзімізге шұқып тұрған салдар емес пе?! Әрине, қызыл империяның бұл жүйесі кісі қызығарлық емес, бірақ, бұл жердегі айтпағымыз – тілдік ортаның тіл үйретудегі орасан қауқарының аяқасты болуы мен тиімділігінің біздің жағдайымызда қарастырылмай отырғандығы.
Тілдік ортаның тереңдігі кейбір тілдерде мұхит секілді, ал, кейбір тілдерде шалшыққа айналуда. Бұл – ортаны ескермейтін болмаса қасақана түрде ол мәселеден айналып өтетін дәрменсіз тілдік саясаттың салдары. Бір тілді ғана мұхитқа айналдыруға тырысып, қал­ғанын шалшық пен балшыққа айналдыру бізге көрші елдердегі мемлекеттік саясат екені рас. Өкінішке қарай, бұл жағдай мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тіліне теңізге айналмаса да, тартылуға қараған көл бейнесі тән болып отыр. 90 пайыз тілдік ортасы бар алаңдар көрер көзге өгей тілдік ортаға орын беріп, тереңдік тайыздалып, суалуда. Реті келгенде, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1000001128) басты құжатта тілдік ортаға қатысты ешбір сөйлемнің жоқтығын келтіруге мәжбүрміз.
Тілдік бедеулік. Қазақ тілді жазбалы ортаның сауатының төмендігі негізі­нен тілдік ортаның өгейтілді ортаға бодан­дығынан, ықпалынан туындап отыр. Бүгінгі тілдік ортаның жазба бөлігі шамамен 90-95 пайыз­ға дерлік орыс тілінің аударынды нұс­қасы болып табылады. Демек, қазақы тілдік орта өз бетімен ойлаудан қалып, орыс­тілді ортаның ойлау жүйесінің жете­гіндегі күйді кешіп отыр деген сөз. Осы­дан келіп, тілдік ортаға тән өзіндік стиль мен сөз орамы өзге тілдің көшірмесі мен жаңғырмасы түрінде ғана көрініс табуда.
Өз кезегінде тілдік ортаның өгей ортаға тәуелді болуы ұлттық ойлау жүйесінің әуелі тоқырап, келесі сатыда жасампаздықтан ажырап, ұлттық болмысқа тән ғылыми, әдеби, өнери тоқырауға ұшырап, сапалы да ықпалды туынды тудыра алмайтын «бедеулікке» ұрына бастайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Тіпті, тілдік ортасы мығым елдер өзі­­не тән бизнес менеджментін де қа­лып­тас­тыратыны байқалады. Ұлтты жасам­паз­дыққа жетелей алмайтын Тілдің бе­деу­лігі дегеніміз –тілдік қауқардың ең жоғарғы деңгейі саналатын өнер мен ғылыми ортадағы тілдің жасампаздықтан ажырау ақуалы. Бұл жайт өткен ғасырда белгілі бір деңгейге жеткен әдебиет пен өнердің 21-ғасыр басында ентіге бастауы, жаңа туындылардың әлдебір көшірмелік сипатпен шектелуінен көрінеді. Кино, театр, сатира саласы сценарий зәрулігіне ұшырауға басты себеп – тілдік ортаның ойсырауынан, ұлттық танымға арқа сүйейтін этноойлам жүйесінің тығырыққа тірелуінен. Бодандық құрсауында болған дәуірдегі ұлттық болмыс-бітімді көрсететін классикалық әдебиет, өнер туындыларының деңгейіне жете ал­мауымыз – ұлттың басты мәйегі болып табылатын тілдік ортаның осалдығы мен әлжуаздығынан. Демек, тілдік орта- ұлттық сапаның көрсеткіші ғана емес, төлтума болмыстың түпқазығы да.
Ауызекі тілдік шекара. Ұлттың өзімен өзі болуға ұмтылуы – Л.Н.Гумилев дәйек­тегендей,пассионарлық қуаттың жүзеге асу көрінісінің жоғарғы сатысы. Бұл егемен болу үдерісінен де, өз тілі мен руха­ниятын, болмысын, санасын сақтауға деген ұмтылыстан күннен күнге көрінуде. Бірақ, біз егемен болған кезден бастап ауызекі тілдік ортаның ауқымын тарылттық. Оны сол кезде «Жұрттың бәрі түсінетін тілде сөйлейік!» деген ұранның пайда болып, оның тілдік ортадағы басты реттеуішке айналу әуселесінен аңғарамыз. Содан бері қазақ тілі ресми-бейресми орталарда толыққанды қатынас құралы болудан қалды. Тіпті, мемлекеттік мәртебе берілсе де, мемлекеттік тілдің ресми тіл болып қалыптасуы тежеліп келеді. Қазақтілді журналистика болса, ресми тіл ретінде тек қана орыс тілін танып, шатасты. Осылайша тілдік ортаның ресми саласы сәлемдесу мен кіріспелік атрибут болумен шектеліп, дамудан тыс қалды.Мемлекеттік тіл мемлекеттік шешуші құжаттар әзірленетін не ресми сөйленетін тіл болып толық қалыптаса алмай келеді.
Ауызша тілдік ортаның әлемге жайылған шекарасы бар, ол – ілеспе аударма, яғни, тілмаштық орта. Ілеспе аударма – ауызекі тілдің шарбағы да, бекінісі де. Ол болмаған жерде төл тілдік ортаны өгей орта бұзып-жарып, өз салтанатын құрады. Өткен ға­сырдың 90-жылдарында әрбір әкімдік пен мәслихатта пайда болған синхрон аудар­ма түріндегі тілдік бұл шекара жоғарыда келтірілген «Жұрттың бәрі түсінетін тілде сөйлейік!» науқаны енгізілген соң келмеске кетті. Себебі, қазақтілділердің барлығы да орыс тілін ұғатын еді және оны түсінбеу қоғамда сауатсыздық пен мәдениетсіздіктің, артта қалудың көрсеткішіндей қабылданып, орысша сөйлеу сәнге айналды. Сөйтіп, қос тілдік қазақтілді орта монотілді болып түзіле бастады. Қазақ тіліне қатысты айтылған дауға бір-екі сөйлеммен қазақша білетінін көрсетіп қана құтылу дәстүрге айналды. Сөйтіп, бүгінде қазақтілді ауызекі орта үшін ілеспе тілмаш санаулы орындарда болмаса сирек құбылысқа айналды. Ақыры, ауызекі ортақ ақпасы айқара ашық аула секілді кім көрінген кіріп-шығып, керегін алатындай иесіздік жайлады.
Бірқатар мемлекеттік ұйымдар­да, органдарда арнайы аударма бөлімі бар, алайда, ол бөлім негізінен қазақша-орысша ілеспе тілмаштықпен ғана айна­лысып,орыстілділерге ғана қызмет ететіні құпия емес. Арнайы талап етілгенде ғана қазақтілді ортаға арналған орысша-қазақша аударма қолға алынады. Ресми форумдар мен отырыстарда ауызекі тілдік ортаға деген саяси көзқарас осылайша әйгіленіп отыр. Сөйтіп, жазба тілдік орта негізінен аударманың салдары түрінде қалыптасып отырса, ал, ауызекі ортаға керісінше, тіл­маштың тілі байланып, шекарасыз қалып отырған жағдай тән. Соның салдарынан Қазақстан өзге елдермен өгей тілде араласып, қазақ тілінің өзге тілдермен тілмаштық қарым-қатынасы дамымай, тілдік шекара қалыптаспай отыр.
Тілдік саяси жүйе. Арнайы ілеспе аудармалық техниканың орнына әрбір мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Тілдерді дамыту басқармалары мен бөлімдері құрылғанымен, бұл құрылымдар мемлекеттік тілдің пайдасына қызмет етуге арналмаған, бұлардың басым бөлігі сол ұйым басшыларын тілдік шабуылдан құтқаратындай және ісжүргізімді жазбаша ортаға емес, мұрағатқа ғана қызмет ететіндей қасаң да жансыз жазбаша аудармаға жегілген. Және де бұл бөлімшелер мемқызметшілерді мемлекеттік тілге үйретуді ұйымдастырушы болғанымен, оның нәтижесі барынша төмен, өйткені ресми түрде мемтілді білу талабы жоқ, қазақ тілге деген ресми сұраныс қалыптаспаған. Осылайша мемлекеттік бюджеттен бөлінетін айтарлықтай қаржы нәтижесіз, тілдік ортаның қызығын көрмейтін формалды тілдік курстарға жем болуда, оның нәтижесі мен тиімі сұралатындай жүйе енгізілмеген. Қазақ тілін білу деңгейін тексеретін бірден бір құрал – ҚазТЕСТ жүйесінің дайын болғанына бірнеше жыл болса да, оны мемқызметшілерді білуге міндеттейтін әлі күнге нормативтік құжат болмағандықтан, бұл сайманды қолданудың мүмкіндігі тағы жоқ.
Мемтілдік ауызша орта әлеуметтік-қоғамдық орындарда мейлінше шетте­тілген. Банктерде, дүкендермен басқа да қоғамдық қызмет ету орындарында біртілді (яғни, орыстілді) қызметшілер монопо­лиясы мен диктаты орнаған. Бұларда қа­зақтілді қызметшілер ішінара жұмысқа алынғанымен, бірақ, оларға сәйкес еңбек ақы төлемей-ақ қостілді қызметке жегу орын алған. Айта берсе, атай берсе, бұл саланың осалдығын айтып тауысу қиын. Себебі, елде мемтілдік ортаны дамыту тұжырымы тіптен талқыланған да, қарастырылған да емес.
Салдар. Нәтижесінде Қазақстандағы тілдік орта мен демографиялық әлеуеттің арасында мейлінше қайшылық туындап отыр. Мемлекеттік мәртебесі бар саяси-ресми бас тіл болып табылатын қазақ тіліне деген көзқарас әлдебір саяси осалдықты қымтайтын көрпе ретінде қалыптасқан ақуал байқалады. Елде қос тілді меңгерген қазақтілді орта мен біртілді орыстілдік ортаны қасақана түрде қарсы қоятындай жағдай түзіліп келеді. Қоғамда бас­тама еткен бір кездегі қос тілдік те, үш тілдік те орта қалыптасатындай нақты қадам болмай отыр. Нәтижесінде орыстілді қауым билік пен байлыққа ие жоғары каста рөлін атқарып отыр, оған қарсы қостілді болса да қазақтілді ортаның алакөздігін қоздыра түсуде. Бұдан бірнеше жыл бұрын айтылған философ ақсақал Амангелді Айталының «орыс тілі – байлардың, қазақ тілі – кедейлердің тілі» деген уәжі бұрынғыдан бетер аңғарылуда.
2009 жылы қазанда Қарағанды қаласында қазақтілді қазақ емес жастардың форумы болып өтті. Олар қазақы тілдік ортаға елдік ауқымда жағымды имидж орнататындай әлеуетті ресурс екенін байқатты. Өкінішке орай, әлі күнге қоғамның бұл тобын мемтіл насихатының пайдасына жарату қолға алынбағаны өз алдына, елдегі этносаралық ынтымақты нығайтуға да кеңінен қолдану іске аспай келеді. Тілдік ортаның жағдайы ресми түрде қарастырылмайтындықтан, зерттеу жасалса да құпия ұсталатындықтан, ресми статистикаға жүгіне алмайтынымызды амалсыз мойындаймыз. Барған сайын демографиялық ақуалдың қазақы тілдік ортаның пайдасына шешілуіне қарамастан, аталмыш баянда аталып өткендей, 2009 жылғы көрсеткіш бойынша, Қазақстанда жарнама мен хабарландырудың түпнұсқасы мен тарату үдерісі 100 % -ға дерлік әуелі орыс тілінде жүзеге асады, қазақ тіліне аудару екінші кезекте ғана қолға алынады. Осыдан келіп, қазақтілді жарнама тілдік ортаға икемсіз, өгей мазмұнда. Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, Алматыдағы 200-ден астам жарнама агенттіктерінің бір де бірі қазақ тілінде жарнама жасамайды. Сөйтіп, жарнама берушілер қазақтілді тұтынушылар мүддесін ескергендіктен емес, тіл саясатында тууы мүмкін даудан қашқақтағаннан амалсыз түрде орыстілді жарнаманы үстірт, жүрдім-бардым есеп үшін ғана қазақшалаумен шектеледі.
Қазақстандық коммерциялық құры­лым­дар істерін бірыңғай орыс тілінде жүргізеді. Тіпті, қазақтілді азаматтар құрған фирмалардың өзі орыстілді қызметшіні жалдап ісжүргізімді орысша жүргізуге мәжбүр. Ал, шетелдік фирмалар ауызекі тіл ретінде өз тілдерін қолданып, ал, іс жүргізімі – бірыңғай орыс тілінде. Сауда орындарындағы импортталатын өнімдердің болмашы бөлігі ғана қазақша жапсырмалар (этикетка) мен нұсқамаларды (инструкция) қамтиды, қалғаны орыс тілінде не басқа шет тілдерде. Демек, тиісті ведомостволық органдар тарапынан импортталатын тауарларға тілге қатысты талап қойылмайды деген сөз.Мұның бәрі сайып келгенде, коммерциялық құрылымдар мен мемлекеттік сектор арасындағы қатынастың тек қана бір тілде біржақты қамтылғанын көрсетеді.
Елдегі азаматтық ақпарат алу, айта­лық хабарландырулар мен құлақтан­дырулардың өзі біртілді ортаның пайдасына арналған индустрияға жол беріп, дамудың даңғылына түскен. «Из рук в руки», «Колесо» газеттері, тіпті, коммерциялық жү­гіртпе тележолдардың өзі, СМС арқылы таралатын Төтенше жағдайлар саласының хабарламалары да мемтілді ортаны оп-оңай айналып өтіп, қазақтілді ақпарат тұтынушының бар-жоғына мән бермейді. Бұл жағдайды саралап, талдап ресми түрде бағалап отырған уәкілдік органдар жоқ, қазақтілді ақпарат тұтынушылардың құ­қығы тапталып жатқанымен құқық күзету органдарының да ісі жоқ.
2005 жылғы ақпарат бойынша Алматы қаласындағы 66 жоғары оқу орнында оқитын 205 мың 657 студенттің 39%-ы ғана қазақ бөлімдерінде, 61%-ы орыс бөлімдерінде оқыған. 2013 жылғы көрсеткішке жүгінсек, 30 пайыз қазақ баласы есебінен білім орыс тілінде беріліп, жүздеген орыстілді мектептер саны солардың есебінен сақталуда. Бұл жағдай білім сапасы қазақтілді ортада жоғары болса да, осылай сақталып отыр: нәтижесінде ушығуға жеткізбейтін шаралар жасау мүмкіндігі мол болса да, елімізде тілдік теңгерім мен үйлесім мейлінше алшақ күйінде қалғаны өз алдына, барған сайын тілдік алакөздік ұлғайа түсуде.

ҚОРЫТЫНДЫ
Тілдік орта – ұлтты пассионарлық жасампаздыққа жетелейтін орда. Жасампаздықтан құралақан ұлт дүбәрә топтарға жіктеліп, мемлекетті әлсірететін күштерге айналады. Ішінара және үстірт шолып өтсек те, бұл жарияланым арқылы Қазақстандағы тілдік ақуалды ушықтыру ниетіміз жоқ, керісінше үйлесімсіз тілдік орта мәселесін ашуға тырысып, оның осал тұстарын көрсету арқылы шешу жолына біртабан болса да қоғамдық ортаның назарын аударуға тырыстық.
Атап айтар басты аңғарғанымыз – тілдік саясат мәдениет пен ақпарат саласына қатыстылығынан гөрі, елдің ішкі саясатының бірден бір өзегі екендігі уақыт өткен сайын өзекті бола түсуде. Сол себепті, тіл мәселесімен кәзіргідей Білім және Мәдениет министрліктері, әкімдіктердің бөлімшелері емес, елдің біртұтас Ішкі саясат құрылымдары айналысуы тиіс. Сонда ғана бар мәселе оңалып, оңай шешімін табатынына сенеміз. Және де бұрынғыдай тіл мәселесін жаба тоқитын жауыр сипатынан гөрі тиянақты түрде нәтижелі іс-әрекеттермен әдіптеген абзал. Өйткені, тілдік ортаның ақуалы мен елдегі демографиялық жағдай барған сайын мәселені басқаша қоюға душар етпек.


 

285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз