• Ұлттану
  • 14 Қараша, 2013

«Өмір» деген – «Сіздер», «Өлім» деген – «Біздер»

ИгенИгілік Әймен,
жазушы

Өмірдерек
Иген (Игілік Әймен) – 23 қаңтар, 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Ақсары елді мекенінде – («Стәлін бейбақ-жәкең өлген жылан жылы қақаған қыста») – бұ дүниеңізге сәл-пәл де болса қисығынан келе қалғандай екен. Бабай-қорған ауылында он жылдық мектепті «үздік» тәмамдаған. Алматыдағы қазақ мемлекеттік физкультура институтын бітіріп, Теміртау, Кентау қалаларында педагогтық және еркін күрестен бапкерлік қызметтер атқарған. Бүгіндергі тұрақ-мекені – Астана қаласы. 2006 жылы Түркістан қаласында өткен «Өмірбай Сәуірбаев» атындағы республикалық жазба жыр сайысының жүлдегері. 47 жасында – 1999 жылдан бастап жазушылыққа ден қойған. Арнайы «Әдеби оқу» оқи алмаған соң, шығармашылықпен шұғылданбай келген. Игеннің алғашқы қадамына халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Игілік Әймен – қазақ қара сөзіндегі әйгілі «Қаратау мектебінің» жақсы үлгілерінің заңды мұрагері болып жетіліп келе жатқанын байқатады. Әңгіме, новелла, эссе, хикаяттарында, өлең-жырларында, мақала, қара сөз, көсемсөздерінде – Саттар Ерубайдағы лапылдаған арманшылдық, Тәкен Әлімқұлдағы арғы мен бергіні қатар өрбітіп отыратын тарихилық пен табиғилық, Асқар Сүлеймендегі әлеуметті ұлпа жерінен ұшынта шымшып алатын қиқарлық, Қарауылбек Қазиға тән мақпал әуез-лиризм анық бой көрсетеді. Оның үстіне, Абайдың заман мен наданнан түңілген күңіренісін қосыңыз. Бұның бәрі – еліктеушілік емес. Басымыздан өтіп жатқан баянсыз уақыттың кінәратсыз көңіл мен байыз таба алмай жүрген байбалам санаға тікелей түсіріп жатқан қысымынан туындаған өзіндік – өзгеше үн. Зады, Игілік Әймен қадамына үкілі үмітпен көз тігіп, зер сала қадағалауға әбден тұратын – астары қалың, дүние-заты қатпарлы, тынысы терең қаламгер болса керек» десе, ал, бұдан көп ұзамай Герольд Бельгер ақсақал бұл айтылған сөздерді мақұлдап, өз ойын: «Игілік әр жанрда қалам тартады; тілі көркем, бай, шұрайлы; айтатын ойларын ассоциация тәсілімен бейнелеп, қиыннан қиыстырып жеткізеді; кейде қырсық, қыршаңқылау, құйтырқылау сөздерге бейім тұрады; әдебиетті көп оқитыны, дүниежүзілік әдебиеттен хабары мол екендігі атой береді. Әттең, «жолы болғыштардың» қатарында әуелден жоқ. Жаратылысы бөлек жан. Дүниетанымы, болмысы, талант тұғыры дара. Әдеби, қоғами үрдістер жайындағы ой‑пікірлері «көш серкелеріне», замана ағымына көбінесе қайшы келеді. Игіліктің ондай ерекшеліктеріне, тіл байлығына, ассоциативті ойлау жүйесіне, сөз сараптасына, қасиетті «Қаратау әдеби мектебінің» түлегі екеніне алғаш жіті назар аударған Әбіш Кекілбайұлы болды. Игілік талантының бұл қырына кейін менің де көзім жетті. Әр салада жазылған шығармаларымен әрі көсемсөздерімен жылдар өте әбден таныстым. Үйреншікті қалыптан өзгеше екен. Мінезі де, көзқарасы да, түйсік‑түсінігі де, шығармашылық бағыты да, тіпті жүріс‑тұрысы да! Талантты адамға жарасып тұратын, өзіндік – тән қасиет» деп өрбітті. Иген мырза бізде – «Ақиқат» журналы редакциясында қонақта. Тілшімен арадағы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Иген мырза, бірден іске кіріссек. Баршамыздың да бұ дүниедегі бар тіле­гіміз де аңсарымыз: «Бақыт» деген ең тәт­­ті сөз – армани ұғым не екен өзі?
– Бір Құдай ғана шексіз һәм біржақты. Бұл өмірде қалғанының бәрі екіжақты, – солай қып Өзі жаратқан. Бір жағынан қарасаңыз, Бақыт – кез-келген қандай да бір жетістікке жеткен сүлей сәтіңіз; мейлі, ұрлық-қарлықпен байып алыңыз – ол да кейбіріңізге бақыт боп көрінер. Ал, шын мәнінде, Бақыт – өкініштің бастауы; өкініш – өлім; өлім – һақ. Себебі, өлім – Құдайдың алдына, һақиқи шындығына апарады. Ал, енді, екіншілей айтсақ: Бақыттың үлкені – «жүрек сезімі».
– Сонда, «өкініш» деген жақсы нәрсе ме?
– Мен екінші – үлкен де жақсы жағынан айтып отырмын. Өкініш – жауапкершілік, – өзіңе өзің сынмен қарау.
– Сіздің өкінішіңіз басым ба?
– Әрине, басым. Өмір-бақи өкінумен келемін, – негізінен, өзіме өзім...
– «Тарих». Марқұм үлкен бір жазушымыз мұны «иллюзия» деді?..
– Тарих – бес күн жалғанның әрбір өткен күнінің тізбесі, – келешекке алып барар өнегелік баспалдақ, – нақты нәрсе. Сол күнтізбе – нақты нәрсемен күндердің-күнінд­е Құдайдың алдына, әділ сотына барасың.
– Тағы бір шоң жазушымыз: «Мәде­ниет» – бірінші, «дін» – екінші» деді. Қайта-қайта қайталап айтып, нығарлай береді. Қалай қарайсыз?
– Біріншіден, ол көкең шоң жазушыға ұқсамайды; екіншіден, ол пікірі – мүлдем дұрыс емес! Мәдениет те, бәрі де – діннен шығады. «Әлімсақтан бері мұсылманмын» дейтініміз («әлімсақтан бері мәдениеттімін» деп айтпаймыз ғой) сондықтан. Дін – Құдайдың басты аты – Өзі. Мұны Мұртаза Бұлұтай ақлақ алым өте дұрыс айтып түсіндірген еді...
– Абай-һәкім атаның бір сөзін әр ғұлама әрқалай айтып жүр. Біреулері – «Махаббатсыз – дүние дос, Хайуанға оны қосыңыз» десе, екіншілері – «Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңыз» дейді. «Дос» пен «бостың» қайсысы дұрыс?
– Бүгінгі пенде әр ғұлама Абайдың бір сөзін ғана емес, көп сөздерін әрқалай айтып жүр. Абайдың һәрбір сөзін дұрыс айтып қабылдамасаңыз – бәрінен бұрын, өзіңізге қиын болады. Тыңдарманды жаңылыстырып, оған да қиямет қыласыз. Есі барға: «Махаббатсыз – дүние дос, Хайуанға оны қосыңыз» деген түпнұсқа – сөздің бар мағынасын да мәндірін анық көрсетіп тұр ғой! «Махаббатсыз» деген сөздің өзі – «Құдайсыз» деген мағына. Сонда, «Құдайы» жоқ, «дүниеге жақын» адам айтылып тұр. Ондай адамды «хайуанға теңеңіз» деп тұр. Ал, енді, «бос» сөзін қабылдап қолдансаңыз – онда, бірінші жол мен екінші жол тіптен де жанаспайды да қиыспайды емес пе!? Осыған қаншалықты ақыл – зейін керек еді-ау?..
– «Достық» ұғымының – қасиет-қадірінің түп мәнісі неде?
– Достық – қол жеткен жерге дейін; Жолдастық – жол айрыққа шейін. Екеуі де – Бірлік; бірақ, алғашқысы салмақты да қомақты, – оның құрамында «махаббат» басым болады.
– Сонда, ақырға дейін «достық» болмайды ма? Өзіңіздің сондай досыңыз бар ма?
– Болады – өте сирек. Мысалы, көркем дүниедегі (бәлкім тарихтағы) – Гамлет пен Горационың достығы ақырына дейін жетті. Ал, менің әзіргі жалғыз досым – Герольд Бельгер; жанашырым – Сәбит Досан аға.
– Сөзден – сөз шығады. «Жан» мен «Қан» турасында айтсаңыз?
– Түсінікті. «Я кровью италянец, душою датчанин» деген Горационың соңғы сөзінен шығып отырсыз ғой. «Қанына тартпаған» деген сөз бар. Бұл – бұ дүниедегі «тұрмыстық» сөз-ұғым; ал, жан – мәңгілік. Сіз күнделікті не ішіп-жесеңіз – соған тартып кетеріңіз рас. Қан – азық, тағам. Ертең ол қалады, анау жаққа жаныңыз ғана кетеді.
– Айтпақшы, «жан». Адамның жанына бұл өмірде не керек те қажет?
– Адамның жанына – титімдей де болса, «Септік» керек те қажет. Себебі, бұл жалғанда Құдайдың өзіне жете алмайсыз ғой, – тек қана, жақындай аларсыз...
– Енді, әлгі айтқан құдіретті «Махаббат». Екі түрлі жыныстылардың арасындағы нәзік сезім?..
– Бұл да бір Құдайдың басты да негізгі сыйы. «Бұ дүниенің бастауы да ақыры.» Махаббат – тазалық, пәктік, – дүние-боқтықтан тыс. Құдайдың өзінің хауызындағы нұрлы суға шомылғанмен бірдей зат.
– «Ғашықтық». Өмірде таза махаббат бола ма?
– Дүниеде көп-көп нәрселердің ше­ті-шегі, ашық анықтамасы жоқ. Сон­дық­тан да, болар: «ғашықтықты» – «нәп­сіге» ұқсатып алып па, ал, нәпсіні – ғашықтыққа балап па, шатасып, бықып, айран-салымыз шығып жататыны бар. Өкінішке орай ма, әлде-қалай, ынтызар қос жүректің қосылуымен – ғашықтық аяқ­талады, – сыйластық басталады; өмір – тұрмыс басталады. Керек болса, тауқымет... Ғашықтық – «ессіздікке», сыйластық – «естілікке» тән. Өмір – естілік пен ессіздіктің қосындысы. «Өмірде бір-ақ рет ғашық болдым» дейтіндер – жарты дүниеден ада-күде бақытсыздар. Күніге, сағат сайын, сәт сайын ғашық боласың – күйіп-жанып, өліп-тірілесің! Бұл енді басқа да бөлектеу әңгіме.
– Махаббат алғаш анау жақта пайда болды ма, жоқ әлде осы жақта ма?
– Анау жақта тек Құдайда ғана махаббат бар еді, бұл махаббатыңыз осында пайда болды, – «болдырды».
– Құдай не үшін «болдырды»?
– «Ұлық сыны» үшін.
– «Отанға» деген махаббат ше?..
– Адамның дәрежесіне қарай – Отанға, Әлемге, Айға, Күнге, Жұлдыздарға деген махаббат болады. Ең үлкені – Жаратқан Жалғыз Иеңе – Құдайға деген махаббат. Жалпы, Махаббат – ғашық-жарға, я досқа, адамға, Отанға – Алланы сүюдің басты құралы, жолы. Ал, енді, сіз сұрағанға келсек: Есті де иманды жанды: Отанға деген ыстық ынтызарлық сезім, үзіле үздіккен шексіз сүйіспеншілік, жалынды да шерлі махаббат, азапты да ауыр ой-оты тынымсыз күйдіріп, қуырып-шыжғырып тұрады екен.
– Екінші қырынан келелік. «Сүю – сүйіспеншілік»?..
– «Махаббат пен ғадауат». Махаббат немесе Сүю дегеніміз: Жану – Күю де. Жана білген, күйе білген ғана – шын сүйе біледі, сағына біледі. Жалғанға: жақсы – төзіп, жаман – күйттейді.
– «Шындық» дегеніміз не? Ол қай­да? Біреулер «шындықты айттым», «Құдайдай шындығым» деп үскіртіп те жатады ғой?..
– Шындық – жүрек қақпаңның періш­телер мекен еткен нәзік саңлауларында ғана. Бұл жалғанда ешкім де толығынан шындығын айта алмайды, тек, ақырында ғана өзін жаратқан Иесінің алдында шындап басын иіп ішіндегісін ақтарады. «Кеш...»
– «Ілім-білім»?..
– Һәрбір оқыған сәтің – Құдіреті күштіге жақындай түскенің. «Бес парызыңның» өзі – ілім-білімнің жолындағы құрал. Абай боларыңыз – «сауаттылық» пен «саналылықты» еш шатастырмау керек.
– «Ой»?..
– Адам баласын – адам ететін де құртатын да: «ОЙ». Қалай дегенде де – ойсыз болмайды. Ойланған – «сұрақ» қояды; сұрақ қойған – «іздейді»; іздеген – «табады».
– «Тәрбие»?..
– Адамның адамды тәрбиелеуі – «аңның аңды тәрбиелеуі». Бұл турасында Лев Толстой, Жан-Жак Руссо жеріне жеткізе айтқан. Адам өзі іштен тәрбиеленіп туады. Сіз тек оны сәт сайын, қадам сайын бұзасыз. Тоқетері: Адамның тәрбиесі де тәртібі де, санасы да сапалағы да, «совершенствосы» да гармониясы да, басқасы да – ананың жатырында, анықтап айтқанда аталық ұрықтың аналық ұяға түскен сәтінен, тіптен, турасына келсек, одан әлдеқайда бұрын-бұрын… жаратқан бір Алланың әмірімен басталып қояды.
– «Көңіл-күй»?..
– «Көңіл-күй» деген – ол да бір көтігүл‑құдірет: сені ойнатам десе ойнатады, жылатам десе жылатады.
– «Жақсылық»?..
– Кім-кім де біреуге жақсылық істесе – біреудің өзіне емес, ісіне істесін.
– «Әйелсіз күн жоқ» деп жатамыз ғой. «Атамды анам азғырған» дейтініміз де бар. Сонымен, «Әйел»?..
– Әйел мен Ананың айырмасы – Жер мен Көктей! Осыны біліп қою керек. «Әйел» – жалпылама, жадағай ұғым; олар – көп. «Ана» – қасиетті де қастерлі ұғым, – аз. Әйел – алдайды, арбайды, сатады, сатылады; Ана – Жоқ!.. Ешқашанда!.. Олай болса: «Әйелі» көп ел – азады, тозады, жоғалады; «Анасы» көп ел – Мәңгілік! Ана – дүниенің тірегі. Арзан әйел – жегі құрт.
– «Адамның жасы»?..
– Адамның жасы – «жүрек сезіміне» байланысты; басқалай есептеу – шартты, әлеуметтікке саяды. Бір мысал: Мұхаммед пайғамбарды Құдай бұ дүниеге келтірерден екі жүз жылдай бұрын жасап қойған екен; біздер тек мұндағы өзіміз білетін жасын ғана айтып жүр екенбіз... Тағы бір мысал: Біздерше Саттар Ерубай жиырма үш жыл ғұмыр сүрді, үйленіп, жар қызығын да көрмеді. Жүз жасағаннан ары сөздер айтып («мәңгілікті» жырлап) кетті. Ойланып көріңізші, «қалайша?..» деп. Ал, енді, қазір арамызда сексен-тоқсандағы кісілер жүр: біздердің аларларымыз да жоқ, олардың берерлері де жоқ, балаша ыржақтап, «түрсіксіз» шапқылап жүр?..
– «Адамның сыры»?..
– Басшы бол – қосшы бол, әкім бол-құқай бол, кім болсаң – ол бол, бәрі-бір – сырыңды алдырып қойған соң: «Құның көк тиын!» – қызығың қалмайды.
– «Қызғаныш» деген қызыл от!?.
– Сайтан – нақ өзі!..
– «Азап»?..
– Айтарыңды айта алмағаннан, айтар таппағаннан асқан ауыр азап жоқ екен!
– Аз-маз өзіңіз туралы сөйлесек. Қалай өстіңіз? «Кімге тартқансыз» дегендей?..
– Жасөспірім шақ (1970-ке дейін мек­­теп) – келешекке деген үкілі үмітпен, елең-алаңмен өтті. Жоғары оқу орнындағы жастық дәурен (1970-74) – үкілі үміттің күйреуімен, өзегіңді өртеген өкінішпен, қыз бен пиуаны қатар қуалаумен кетті (Хэмингуей. Гертруда: «мы все потерянное поколение»). Жігіттік уақыт (1974-91) – өзіңді-өзің арақпен алдарқатумен, жалған серілікпен, бойкүйез-бейтараптықпен, іш-құсалықпен өтті. Жігітағалық кездің бір бөлігі (1993-99) – қырсық-кесел, басқайғылықпен өтті. 1999 жылы, жадыраған жазда, 47 жасымда – Құдіреті күштінің «аяны» келіп, үміт оты қайта жарқ етті! Кеселдің беті қайтып, о баста берілген қасиет – «жазу» бойға оралды. Енді, үміт үзілмек емес!.. «Тама» десе, жалпы «кіші жүз» десе құлағым елеңдеп тұрады. Алаңдап... андыздап та тұрамын-ау. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашысынан» дейді ме өзі қазақ. Өкініш, қасірет сол: Шешемнің туғандарының бірін де көре алмай қалдым емес пе! – түбірінен түгел қырған ғой «қанішер қызыл сәбет» сонау «Тамалар – Аллаһу» (1930) көтерілісінде.
– Не көрдіңіз – өткеніңізге ризасыз ба?.. Шығармашылығыңыздың бағыт-бағдары?
– Мен – «көп-көп жасап, кө-ө-өп көрдім!» Аллаға мың да бір құлдық, – елеп, есіркеп, сүйрелеп те алып келе жатқанына. Дегенде, «иттерді... итшілікті» көбірек көрдім (Бір Құдайым өзі бейкүнә ойларымды кешірсін де қабыл етсін). Осы жасымда бір сәтке тоқтап, ойланып қарасам – ә-ә-жеп-тә-ә-уір дүние-танымға қол жеткізіппін. Бір шүкіршілік қылсаң – осыған шүкіршілік қылуға болардай-ақ екен-ау. «Телегей де толағай теңізде жүздім, аласапыран аспан астын кездім...» бейкүнә да байпатша ой‑қиялдарыммен. Мүмкіндігінше, айтарымды – айттым, істерімді – істедім. Барынша, ар‑намысымды, ұятымды сақтадым... Менің айтып, хатқа түсіріп, уағыздап‑жырлап, зарлап та зырлап келе жатқандарымның түп негізі не еді өзі? Көркем келбет кескіндері. Яғни, Құдай – оның нұр‑сәулесі, мейірім‑шапағаты һәм сөз‑құдіреттің қадір‑қасиеті мен киесі де сұрауы.
– Сіз бір кісі туралы, шығармашылығы жайында жоғары нотада бірнеше мәрте «пассаж» жасадыңыз, – айтып-жаз­ды­ңыз?..
– «Тік жүрдім, тура сөйледім.» Бірақ-та, бұл өміріңізде әрқашанда сіз ойлағандай бола бермейді ғой?..
– Сынға қалай қарайсыз? Сосын, сізді, жазбаларыңызда «көп нүктені» көп қояды, «анайылау сөздерге» жақындау» деп те жатады ғой осы жұрт?..
– Біріншіден, «жұртыңыз» – көбінесе, «жын». Сынға, мейлі құйтырқы-ақ сынға – «сынап-мінеп қойды» деп емес, «түйірдей де болса аларлық несі бар екен-ә?» деп қарағаныңыз әлдеқайда абзалды. «Көп нүкте» белгісі – менің сенімді серігім, жанашырым, құтқарушым. «Анайының» аты – анайы; ал, менікі – «Ақиқат». Ақиқатты мәймөнкелемей, жыбыршымай, жырбаңдамай – сол күйінде айту керек! Ұялмайтын жерде ұялшақтана қалу – «күлкілі»... Көрсетші маған сол ұялшақтарды?! Байқайын шеттерінен бір-бірлеп!..
– «Кейде қырсық, қыршаңқылау, құйтырқылау сөздерге бейім тұрады» депті Герольд Бельгер досыңыз әрі аға­ңыз. Сіздің... тіліңіз?..
– Оныңыз бергі жағы ғой. Одан да, Абай атаңызды тыңдаңыз: «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен! Ащы тіл, улы сия – не жазып кетсең өзің біл!»
– Қайда болмасын, әйтеуір, бас­шылық керек. «Бассыз» болмайды. Енді, осы «басқарушылық» немесе «бас болушылық» тарапында сөйлесек. Біреулер он адамды басқарады; біреулер жүз, біреулер мың, біреулер жүз мың, енді біреулер миллион, тағы біреулер... Кілтипан сол – «жоғарылаған» сайын басқару оңай» дегендей біздерде түсінік қалыптасқандай. Рас па?
– Өтірік. Жалғандық. «Күлкілі де күй­кі­лі!..» Басқаруыңдағы нысан көбейген сайын – жауапкершілігің артып, мойныңа салмақ молырақ түспей ме? Сол нысанның – (қарамағыңдағы халықтың) – ең бастысы, Құдайдың алдында. Кішкентай бір мысал: Сіз үйіңізге арнайы қонақ шақырасыз; біреу ме, екеу ме, екі жүз бе... – міндетті түрде бар­лықтарының да көңілінен шығуға тиіссіз, бөле-жармауыңыз керек. Әйтпегендейде, жаман тірлік – күнә болады. Бұл – «Кітап» сөзі де.
– Сіз өзіңіз басқарушылыққа – билікке араласуға қалайсыз?
– Мүлдем де жоқпын. «Дені сау уақыт – жетілген қоғам» болғанында, онда әңгіме басқашалау еді. Мен еркіндіктің – шығармашылықтың адамымын. «Мен бұ дүниеңізге еркін келіп, еркін кетіп барамын». (Тағы да, Бір Құдайым өзі кеңдігін жасап, жар болсын). Мені бас­қа­рудың да қажеті жоқ; менің басқаруымның да қисыны жоқ. Жалпы, қайбір қасиетті де бойыңа Жаратқан Иенің өзі береді ғой. Негізі, кім-кім де сол бойға берілгенмен шұғылданғаны жөн де абзал еді. Әйтпегендейде, былықтырып, нәжісін шығарып, өзің де оңбаған боп өтесің; ал, ертеңгі күні – анау жақта тіптен де қиын жағдайға тап боласың!
– «Дені сау уақыт – жетілген қоғам» қай кезде пайда болады?
– Бала туады, оны бағып-қағып жетілдіресіз, – бұл сіздің парызыңыз да қарызыңыз. Сосын, ол аяғына тұрып өз бетінше тірлікке араласады. Сол сияқты, әлгі айтқан «басқарушылар» – «дені сау уақыт – жетілген қоғамды» біртіндеп жасап, құраулары тиіс. Міндетті! Парызы да қарызы!..
– Ал, «басқарушыларымыз» өз бастарын күйттеп, «жасайтынын» жасамай бүгінгідей бетімен лағып кетсе ше?..
– Онда, қоғам өзі түзеледі, – түзелу үстінде де ғой. Тек, айырмашылығы, көптеген уақыттар зая кетеді. Небір тауқы­меттерді кешесіз. Ақиқат: «бұлақ басынан тазармайтын болса, онда, аяғынан басына қарай тазаруына» тура келеді! («Если Магомет не идет к горе, то, гора сама идет к Магомету»).
– Пенде кемшіліксіз болмайды ғой; өзіңіз де, «ақымақпын» деп, «Ақымақ» деген дүниеәуи көркем әңгіме жазып, жер жаһанға жариялап та жар салып жүрсіз емес пе – кемшілігіңіз?.. һәм шыдам – шыдамдылығыңыз?..
– «Мың бір түннен» әлдеқайда бұрынғы, «Кәлилә мен Димнә» дейтін кітаптан бір үзінді келтірейін: Осы, таяу оңтүстіктегі қоңсылас та тату үш елдің патшасы бір-бірімен қимас дос екен. Жиі-жиі бас қосып, «гәпілдесіп» тұрады екен. Бір жолы, сөз кезегінде, біреусі: «Патшамыз – ал, енді, біздердің биліктегі ең басты кемшіліктеріміз неде екен, осыны шын-пейілімізбен айтып-мойындалықшы?» дейді. Сонда, екінші біреусі: «Көп сөзділігімізде» деген екен. Осыны үшеусі де хұптасып, хоштасып тарқасқан екен дейді. Мен өз басым – көп сөйлегенге құмар емеспін, бірақ-та, кей-кейде алды-артыма қарамай ақтарылып кеп кететінім бар. Сондайда – опық жеп жататыным бар. Аңқаумын. Аңғалмын. Сенгішпін... Сосынғым: «Стефан Цвейг: «Нетерпение сердца»...
– «Ұрлық – қарлық – зорлық»... Бас­қарушылық қасиет бойыңа берілмесе, бірақ-та, «басқаруың» артып, жоғарылай түссең – осы аталған пәлелер де өсе түсе ме?
– Әрине, солай...
– Осы күндері «ұят-аят» дегені­ңіздердің мүл­дем де мәнісі қашқандай; «сөз» дегеніңіздің қадірі қалмағандай; «уәде» – түкірген есепті; «ант» – түшкірген нысапты. Әсіресе, сол... өздеріміздің «басқарушылар» тарапынан?..
– Бәрі де айдан анық – бесенеден белгілі болды ғой. Осы күнгі «басқарушыларыңыз» түгелге жуық кездейсоқ келіп-кетушілер. Бір сөзбен айтқанда, қылмыс арқылы келгендер, – сол қылмыстарын жалғастырып, үдетіп жатыр. Менің бұ жалғанда «анық басқарушыны» бір білерім – Махатма Ганди...
– Осы, соңғы айтылған ақыретилерді дөңгелектеп қойсақ. Дөңгелектегенде – «көпшіліктің көз жасы – халықтың көз жасына қалу» дегендейлер бар емес пе еді?..
– «Халықтың көз жасы жібермейді». «Бұ дүниенікі – о дүниеге кетпейді де жүрмейді.» Бұл – «айдан анық, күннен жарық» – аксиомалық сөз де ақиқат. Істеген қай ісіңе де өткен-кеткен жеті атаңның әруағымен, келешектегі де (егер де бола қалса) жеті жүз жетпіс жеті ұрпағыңның жетіскенімен жауап бересің!..
– «Пәледен машайық қашыпты». Енді, бұл жағын Жаратушының өзіне қалдырып, Әдебиетке ойыссақ. Шын мәніндегі «Әдебиет» не?
– Әдебиет – Құдіреттің өзінен келген құдірет; Әдебиеттің алдында бір-ақ ар болуы тиіс, ол – әдебиеттің өзі. Әдебиет – (кейбір ньюанстары) ғылыми жолмен ғана емес, негізінен, жүрек тілімен зерттелінеді, – тұщылынады; Ғылым – Әдебиеттің сіңлісі, Пәлсапа да солай; Әдебиет – Жоғарыдан жеткен Ұлық Сөздің шуақты да шапағатты нұр‑сәулесі немесе сол нұр‑сәулелердің көркем кестесі. Әдебиеттің құдіреті сонда: әуелім намысыңды оятып, шабы­тыңды ұштап, шарықтатып, содан соң – сені көз жетер-жетпес көгілдір көкжиектерге қарай еріксіз дедектете сүйрелеп, арқаңнан итермелеп, жаныңды қоярға жер тапқызбауы керек; еліттіріп, есіңнен тандыруы керек; аспандатып, тұңғиықтатып, жылатып, күлдіріп, нәтижесінде – жұмақта жүргендей немесе тозақта шыжғырылғандай да халге түсіруі керек!
– «Үлкен шығарма» дегеніміз не?
– Үлкен шығарма: жоғары көркемдік, терең ой, ерен азаматтық!
– Дәл қазір біздерде үлкен шығарма бар ма? Оны қалай танимыз?
– Бар деп те, жоқ деп те айтуға болар-ау. Күрделі де кешенді шығарма – «жібі түзу» деген санаулы-ақ пенделерге қарата хатқа түсірілетіндей; оның келешек тағдырын солар жасайды: олар – жүз адамға жеткізсе… жүз адам – мың адамға… мың адам – жүз мың адамға… ал, жүз мың адам... Ең-ең үлкен қасірет-қайғының бірі де түбегейі: Абай-һәкім атаның «Сөз түзелдісін» («ескі сөз») – мына бүгінгі ағайын да жөндеп ұқпай-ақ, бір кісідей қабылдамай-ақ қойды-ау!?.
– Үлкен шығармалар қалай туады – хатқа түсіріледі?
– Өткен бір тарихты (2006) айтып, сұра­ғыңызға сонымен жауап берейін: Бір... спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын уағыздап, шығармашылықпен де айналысып жүретін үлкен ағайым үнемі айта береді ғой: «– Денсаулығыңды күтпейсің бе? «Анандайға» ұрынып та қалып, апталап азап шегіп те жатасың. Маған қарамайсың ба… алпысқа келсем де – «атлетпін! – стойка на голове» жасаймын» – деп. Мен… шамасы, мәңгілікті жаратылған: «– Дүниедегі әрбір сезім-түйсігі түгел пенде – жеке-жеке, бір-бір әлем; оларға – жалпылама, жадағай, бірыңғай «рецепт» жүрмейді; әрқайсылары өздіктерінше ауырады, өздіктерінше емделеді, өздіктерінше өледі де, – деп аламын ғой әуелі. Сосын: – Абай атамыз, Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Тәкендер қай қиырлардағы құтырынған көк-бет долыларды жындарын одан бетер қоздыра қайырып әкеліп, армансыз айқас-шайқастарға шығып немесе денелерінің бір жерлерін тырналап, қыршып, қанжар сұққылап қанатып, шыбын жандарын шырқырата жұлып-жегілеп отырып туындыларын дүниеге келтіретіндей ме? – деймін. Тағы да: Мұқағалидың Алматыдағы «шахты» аталып кеткен кабакта (бұрынғы «Киров» көшесі) стаканындағы виноға пиуа араластырып, одан кейін стөлдің үстіндегі бар ащыны (тұз, бұрыш, горчица, аджига, т. т.) қосып, қасықпен әбден араластырып, «тұздықтатып» тартып отыратындығын – жанына жақын «есірік студенттерге» де сөйткізетінін әңгімелеп беремін ғой. Ал, ақынгөй-ағам менің болса: «– ???..»
– Жалпы, ақын-жазушының міндеті я миссиясы немесе «парызы да қарызы» дейміз бе?..
– Жазушының міндеті: оқырманның қалғып, мүлгіп тұрған бір-р-р… нүктесін оята білу, – одан әрі, мүмкіндігінше қоғамға ой салу; сөйткен жазушы өзін бақыттымын деп есептесе болады. Жазумен шұғылданатындар екіге бөлінеді: бірі – о баста «жазуға» жаратылғандар (бірді-екілілер); екіншісі – «әсемпаздар» (тобаяқ-тобырлар)... Біріншіден, алтынның өзі бар – сирек қолданылатын, ұқыптап ұсталынатын; екіншіден, алтынның суы бар – жиі қолданылатын, кез-келген нәрсеге жылтыратып жапсырылатын, кейіннен лақтырылып тасталынатын. Біздердегі топырлаған топайкөк ақынгөйлер – осы айтқанымыздың екіншісіне келеді.
– Біздерде «Әдебиеттен» гөрі – «Атақ­тың» (шатақтың) дәрежесі әлдеқайда өсіп, өркендеп, тіптен де зорайып та қақиып кеткен жоқ па?! Осы құрғырыңыздың жолында «ата жауға жасанып шаппасақ та – өзара атойлай қан майдан қып» жатамыз?..
– Ең бір күйкі сауал да мәселе. «Қасірет!». Атақ өзі келсе – қайырлы; ал, сұрап, тіленіп жүріп алсаң – «сұраулы». Әдебиет – «товар» емес, – сатып, сатылатын; Әдебиет – қасиет, кие, – қастерлеп, тұ­ты­лынатын. Әрине, бұ дүниеңізде қайбір де еңбектің еленгені жақсы. Бірақ-та, «еленбеді» деп Әдебиеттің жолында «бықсық» жасау – күнә. Ондай жасап жүрген әдебиетшілер өздерінің арттарын өздері ашып аларын біле де бермейді-ау! Олар шын әдебиетшілер емес, ішіне кездейсоқ кіріп алған жансыздар. Еске бір тарих түседі: Былығып-бықырып жатқан «93-інші» жылдары ма екен... Беларусь мемлекеті «елді бұзбай, жайына жүрсін» дегендей есеппен бес бірдей жазушысына «мемлекеттік сыйлығын» бере салды. Текті де ақсүйек жаратылған Василь Быков бастаған бес жазушы да ол сыйлықтан бірден бас тартты... Быковтың өзі... шетке ауды.
– Қашанда қоғамның бет-айнасы зиялылар болып келеді. Олардың басым көпшілігі ақын-жазушылар екендігі белгілі. Бүгінгі тәуелсіз күніміздегі зиялыларымыздың хал-ахуалы қалай?
– «Қызыл кеңес» кезінде «зиялылар» деген жалған атпен тексіздер сөйлеп келді. Қоғам ауысты. Қазір де, сол тексіздер сөйлеуде. (Басым көпшілігі). Аты өзгергенімен – заты өзгерген жоқ. Біздердегі зиялы – билік пен халықтың арасындағы перде, – делдал. Қайта, сол перде – «Дел-дал» – тәуелсіз атанғанымызда бұрынғыдан да «қоюлана» түскендей («Делдал өткен көпірден я жолдан – біршама уақыт өткізіп барып өт»). Зиялы – зиянкеске айналып біткендей.
– Жарықтық Абай... Абайсыз – сөз де жоқ, іс те жоқ сияқтанады. Тәкен «Жұмбақ жан» деді. Сіз бір сөзіңізде: «Пірім менің – Махамбет! – даналығы атам Абайдың» дедіңіз. Енді?..
– Абай – Алла Тағаланың: «Адамзаттың ішінде айрықша жаратқан пендесі». Абай – өзгеше бір… Әлем. Қазақ-Отанның: Ісләм діні – керегесі; Ұлттық салт-дәстүр – уықтары; Абай – шаңырағы.
– Абайдың өткен ұлы ақындардан айырмашылығы неде?
– Философ Аристотель – «һәкім» (ұстаз) атанды. Әдебиетте, поэзияда – алғашқы да соңғы һәкім – Абай. Ал, енді, Әдебиет – Пәлсападан жоғары екендігін білесіз ғой...
– «Жақсы адам» дегеніміз кім?
– «Жақсы адам» дегеніміз – өзінің Құдай қосқан қосағына ғана «белгілі бір қызғанышы» бар, бірақ, басқаға, басқа нәрселерге ешқандай да қызғанышы жоқ, бекерден-бекер алашақ-берешегі жоқ адам. Мен үшін ең жақсы адам: адамға келіп білмеген-түсінбегенін сұраған адам және де, білмеген-түсінбегендеріңді ал­дына барып сұрағанда адамшылық жасай білген адам. Мен өзімді айтар болсам – ашықпын. Осы уақытқа дейінгі жазған-сызғандарымның төбесіне: «Адам іздеген дәруіштің қияметті хикаяттары» деп баттитып жазып, мөр басып қой­­дым. Қалаған кісі келсін я шақырсын... Координатым: сот. 8-701-264-21-87; e mail: igen-aimen@mail.ru
– «Қазақ» қайда барады? Бара алады ма?..
– Көкке барады! – қалайда барады. Қай «көк» екенін Бір Құдайым өзі тексеріп білер...
– Деген де... мал бағып, мал бұлдаған, кең дүниеде кең жайылып-жусаған қара да қоңыр, қисық та қыңыр қазақтың кішкене де болса келешегінің «көгілдірлігі» бар ма?..
– Айналып кетейін-ай! Әрине, әлбетте, бар! Өзіңіз айтып-қолданып отырсыз емес пе – «мал... кең-кең» деген сөздерді. Осы сөздер, – біріншіден, «мал» деген бейкүнә «халық», екіншіден, «кеңнің» аты кең, – бекер сөздер емес. «Кең болсаң – кем болмайсың». Осы «Кеңдік» – кеңдігін жасап, ақыры бір алып шығады қазақты... («Батыстың» аты – батыс; олар – тарылып, қусырылып, құтырынып та, сөніп-семіп те, батып барады).
– Сіздің ұстанымыңыз – «кредоңыз» деп жатады ма?..
– «Алланы сүй, адамзатты сүй, әділ­дікті сүй, – осы үш сүю болады имани гүл». Абай-Һәкім ата.
– Бүгінгі күнгі өзекті мәселеңіз – мақ­сат-мұратыңыз – арман-тілегіңіз? Және-десін, жалпы, бұл өміріңіздің мәні де сәні неде екен өзі?..
– «Ұлттық тазару – мойындау – бір-бірімізден кешірім өтіну». Бүгінгі аға буын осылай істемейінше, арқамыздан ерген келешек ұрпақ ешқашанда түзелмейді; қайта, құйтырқылықтарыңыздың нешеме аталарын сізден де асырып, құлпырта жалғастырып, үдетеді. Оның ақыры не боларын бақамдай беріңіз. Ендігі, сосынғы бар арман-тілегім: «Мәңгілік сағыныш – сағым бір бейне, – білгің келсе, жүрегімнің айнасы да сол бейне». Бұл өміріңіздің мәні де сәні – (Герағаң менің айта беретіндей) алаңдамай бас салып адалынан еңбек ете беру, адалынан еңбек ете беру, адалынан еңбек ете беру. Сіз бұл өмірге қуана, риза­шылықпен келіп едіңіз ғой – олай болса, оны-пұны теріс ой-тірліктерден арылудың ең қысқа да төте жолы осы. Бұл – Құдайға құлшылық та.
– «Жорналшы» – кім?..
– Нағыз жорналшы – нағыз жаңа­лық­шыл, ешкім көріп‑білмеген, қай қиыр‑қияндарда, қай қуыс‑түкпірлерде қиы­ла менмұндалап жатқан асыл-затты я қайғы‑қасіреттерді бірінші боп көріп, тексеріп, түгелдеп, халыққа бірінші боп жеткізе білген жорналшы; немесе, ол – «сексен сегізінші аспанды» аша білген жорналшы!
– «Ақиқат» оқырмандарына, жалпы жұртшылыққа айтар бірер сөзіңіз немесе нақыл-нәсиеттеріңіз?..
– Абай-һәкім атаң айтпақшы: «Бұ дүниеде ойлы адамға қызық жоқ». Осыны «бір» деп мәңгілікке тастүйін бекітіп қойыңыз. Сосынғым: «Ойлы адамның: бұ жалғандағы бақытсыздығы – ертеңгі бақыттылығы». «Атадан асып туған бала – асыл; тең туған бала – санда бар; кем туған бала – жоқ есебі». «Ісің адал болсын; өзіңнен гөрі – сол қажеттірек». «Адам – «айта беріп...» болмайды». «Мақтаннан сақтан, тексізден сақтан». «Қазақ: бағыңның бәсі – барыңды бағалап, базарлай білуіңде». «Жарық дүние есігін о баста – ренжіп, қапалықпен ашқан жоқ едің ғой!?». «Ынсапсызда – ұят жоқ, Ынсаптыда – «шама» жоқ; Дүние-жалған тұрлаусыз, Жардан өзге – ешкім жоқ».
– Енді, сұхбатымыздың соңында бір түйткілді сұрақ. Сіз: «Өмір» деген – «Сіздер», «Өлім» деген – «Біздер» дедіңіз. Осы сөзіңіздің шымылдығын түріп берсеңіз?
– «Сіздерім» – «ойнампаздар», «Біз­дерім» – «уайымпаздар» дегенім еді ғой. Немесе «нәпсіге» шырмалғандар мен «тәубашыл» бейбақтар. «Сын – таразы».

 

652 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз