• Заманхат
  • 14 Қараша, 2013

«Миссионер туралы жетілген» анықтама жетілдірді ме?

Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдарының
докторы, профессор

Адамзат санасының аса бір күрделі саласы ретінде дін қоғамның саяси жүйесінің сипатына байланысты талай тартыстың объектісі болып, талай тарихты артқа тас­тап келеді. Бұған еліміздегі ислам дінінің өткен жолы толық дәлел бола алады. Қазақ даласын көнгенін сөзбен, көнбегенін күшпен өзіне қосып алғаннан кейінгі патшалық Ресейдің отарлық саясатының негізгі бағыттарының бірі қазақты тілінен және дінінен айыру болды. Бұл үшін түрлі айла-шарғыларға барды. Алдымен іргелес отырған қазақтарды тікелей шоқындыруға кірісті. Бірақ, жөнді нәтиже бере қоймады. Сонан соң діндес татар молдаларды арнайы дайындықтан өткізіп, қазақ халқын рухани тұғырынан тайдырғысы келді. Тілі шалаланған, діні лайланған халықты орыс­тандыру аса қиын болмайтын. «Даладағы мұсылмандық туралы» мақаласында Ш. Уәлиханов бір жағынан патшалық Ресейдің қазақтарды шоқындыруының «саяси жағдайда зор қате» екенін атап көрсетсе, екінші жағынан «Біз қалайда татарлық кезеңді айналып өтуіміз керек, өйткені, олар ультрамұсылмандық бағыттың қанат жаюына ықпал етіп отыр» деп жазды [1, 76]. Ал Ыбырай Алтынсарин «Мәселенің ең мәнді жері: қазақтарға татар фанатизмінің ықпалын, қазақтардың білім алуына оның кесірін тигізбеу» деген болатын [2, 279]. Сондай-ақ, Алаш көсемі Ә. Бөкейханның 1905 жылдың қарашасында Мәскеуде өткен жергілікті және қала қайраткерлерінің съезіндегі сөзінде қазақ халқына басты қажеттіліктердің бірі деп діни бостандық туралы мәселені көтеруі жайдан-жай емес еді.


Кешегі кеңестік кезеңде жаңа заманды қолдаушылар «құдайсыздар қоғамын» (общество безбожников) құрды. Дініміз қудалауға түсіп, атеистік (құдайға сен­беушілік) идеология үстемдік етті. 1937 және 1978 жылдары қабылданған конституцияларда тиісінше «102-статья. Азаматтардың ождан бостандығын қамтамасыз ету мақ­сатымен, Қазақ ССР-ында мешіт және шіркеу – мемлекеттен, мектеп – мешіт және шіркеуден ажыратылған. Дін ғұрыптарын орындау бостандығын және дінге қарсы пропаганда бостандығын пайдалануға барлық азаматтар ерікті» және «50-статья. Қазақ ССР-і азаматтарының ұждан бостандығына, яғни, қандай да болса дінді ұстау немесе ешқандай дінді ұстамау, діни ғұрыптарды атқару немесе атеистік насихат жүргізу правосына кепілдік беріледі.Діни сенімге байланысты араздық пен өшпенділікті қоздыруға тыйым салынады. Қазақ ССР-інде (Конституцияда осылай жазылған – Ә.Б.)мешіт пен шіркеу мемлекеттен, ал, мектеп – мешіт пен шіркеуден ажыратылған» деп жазылғандарына қарамай, кеңес өкіметі жер-жерде дінге қарсы үгіт-насихат майданын ашып, дін иелері түгелдей қудалауға түсті, айдалды, атылды. Талай мешіттер құлатылып, кейбірі мәдени ескерткіштің озық үлгісі болғанына қарамай, мал қорасына айналды. Мұның барлығы өзін мәңгілік сезінген кеңестік заманның да 70-ақ жыл өмір сүріп, ыдырауына ықпал етті. Адамның таным-сенімімен күрескеннің ақырының не болатынын кәрі тарих осылай көрсетіп берді.

Тәуелсіздік және дін

Тәуелсіздіктің 21 жылында еліміздің діни қарым-қатынастар кеңістігінде кешегі кеңестік кезеңде түске де кіре бермейтін іргелі өзгерістер болды. Қоғамымызда ислам дінінің қайта жаңаруы мен жаңғыруына жол ашылды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» Конституциялық заңда «Республика азаматтары өздерінің ұлты­на, ұстайтын дініне, қандай қоғам­дық бірлестікке жататынына, тегіне, әлеу­меттік және мүліктік жағдайына, шұ­ғыл­данатын қызметіне, тұрғылықты орнына қарамастан бірдей құқықтар иеленіп, бірдей міндеткерлікте болады» деп діндарлардың басқа азаматтар сияқты тең құқығына кепілдік берілді. Ал, қазіргі қолданыстағы Конституцияның 22-бабында «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп атап көрсетілді.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев өз бастамасымен ел ішін­де ғана емес, халықаралық деңгейде адамзат қауымын ортақ діни ізгіліктер негізінде түсіністікке жеткізу мақсатында батыл қызмет етіп келеді. Әлем діндері өкілдерінің съезін өткізу дәстүрге айналды. Бұрын ойға алу мүмкін емес, Дін істері агенттігінің құрылуы да дінге деген жаңаша көзқарастың жемісі. Әрі қарай жалғастыра беруге әлі болар еді. Бірақ, бірақ...
1992 жылдың 15 каңтарында дүниеге келген «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң аса әлсіз әрі қайшылықты болатын. Бұлай жаңа мемлекетіміздің құқықтық негіздері қалана қоймаған кезде адамдардың тікелей рухани дүниесімен байланысты аса күрделі мәселе туралы шешім жасау асығыстық еді. Заңның ең басты кемшілігі 4-баптағы «Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар (бұдан әрi - миссионер) Қазақстан Республикасының аумағында миссионерлiк қызметтi уәкiлеттi органда есептiк тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады» деген құқықтық норма еді. Бір ескерте кететін мәселе жоғарыдағы Заңда миссионер туралы норманы қабылдауға ол кезде конституциялық негіз жоқ болатын. Ондай «олқылықтың» орнын 1995 жылы қабылданған Ата заң толықтырды. Оның 5-бабының 5-тармағында былай деп жазылған: «Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ, шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылады». Мұндай норма 1993 жылы қабылданған алғашқы Негізгі заңда да, ТМД және басқа да елдерінің бірде-бірінің конституцияларында, олардың дінге қатысты басқа да құжаттарынан кездестіре алмадық.
Осыдан сегіз ғасырдай бұрынғы біздің де тарихымызға қатысы бар көшпенділердің өмірінен бір оқиғаны айта кетейік. 1246 жылы Рим Папасы IV Иннокентий көшпелілерді христиан дініне тарту мақсатымен тәжірибелі елші Джованни Плано Карпини бастаған төрт миссионер Жошы Ұлысының билеушісі Батудың тұрағына келеді. Бірақ, Бату оларды қабылдамай, Қарақорымға жібереді. Миссионерлер Угедейдің баласы Күйіктің тұрағында төрт айдай тұрып, ол таққа отырғаннан кейін оған Папаның жолдауын табыс етеді. Онда «Біз бұл жерге Христиан дінінің әкесі және әміршісі Рим Папасының жіберуімен келіп отырмыз. Біз арқылы және өзінің жолдауы арқылы ол сіздердің христиан дінін қабылдап, біздің құдайымыз Иисус Христосқа табынуларыңызды, сыйынбаған жағдайда бақытсыздыққа ұшырайтыңдарыңызды жолдайды» деген сөздер бар еді [3, 54]. Ал, Күйік ханның мазмұны өте қаһарлы жауап хатында: «Егер, сендер, ұлы папа өздерің жіберген хат бойынша қимыл жасайтын болсаңдар, өз уақытында елшілеріңмен бірге, сені ұлы папа біздің жерге әкеліп Ясының әрбір заңын тыңдауға міндеттеймін» делінген болатын [3, 199]. Бұл – сонау батыстық мәдениеттен кенже қалды дей беретін көшпенділердің халықтық рухани иммунитеті.
Ал, ХХI ғасырда сонау заманнан дәстүрлі екі дінмен келе жатқан Қазақстанның тәуелсіздік жылдары көп дінділікке бой ұрғаны бүгінгі зиялы қауымды ойландырмайды емес, ойландырады. Оның бірнеше себептерін айта кеткен артық етпес. Біріншіден, 300 жылдай патшалық Ресейдің отарында, кейін тоталитарлық кеңестік қыспақта болудың нәтижесінде мемлекетіміз де, ұлтымыз толыққанды қалыптаса алған жоқ еді. Екіншіден, бұрын қалыптасқан ұлтсыздық сананың салдарынан қоғамымыз рухани дағдарыс күйінде болатын. Үшіншіден, халқымыз, әсіресе жастар қауымы дәстүрлі дінімізді әлі толыққанды танып, біле алмай отыр. Осындай себептермен әлемдік жаһандану жаңа қарқын алып отырғанда ең алдымен өзіміздің дәстүрлі діндерімізге деген азаматтық қатынасты ретке келтірмей, шетелдік діндерге есікті айқара ашып қоюды түсіну қиын. Бұл, әрине, тәуелсіздік жылдары еліміздің көп конфессиялы болуына, діни кеңістікте әртүрлі келеңсіз көріністер жол ашты. Бұған бүгінгі күнгі еліміздегі діни ахуал да толық дәлел бола алады.
Бізден демократиялық ұстанымдары басымдау солтүстік көршіміз Ресей Федерациясының Конституциясын былай қойғанда, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңның «Шетелдік діни ұйымдардың өкілдігі» деген 13-бабында Ресейдегі шетелдік діни өкілдің ешқандай діни қызметпен айналыспайтындығы, оған діни бірлестік мәртебесі берілмейтіндігі тайға таңба басқандай айқын жазылған. Дәлірек түсіну үшін орысша мәтінді де келтіре кетейік: «Представительство иностранной религиозной организации не может заниматься культовой и иной религиозной деятельностью, и на него не распространяется статус религиозного объединения, установленный настоящим Федеральным законом». Сөйтіп, тәуелсіз ел ретінде әлі қабырғамыз қатая қоймаған кезде шетелдік миссионерлерге есікті ашып қоюдың салдарынан қоғамымыз ілезде кешегі күнге дейін 40-тың үстіндегі конфессияларға біріккен 70 астам әртүрлі ағым-секталарға толды. Бұл Қазақстан тарихында бұрын-сонды болып көрмеген жағдай болатын.

Жаңа Заң бірсыпыра
мәселелерді шешті...

Рас, 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заң бірсыпыра мәселелерді шешті. Жалпы, діни ұйымдарды тіркеуге, миссионерлік қызметке талапты күшейтуге ұмтылыс болды. Әсіресе, ханафи бағытындағы ислам дінінің халықтың мәдениеті мен рухани өміріндегі тарихи рөлін тану турасындағы қағиданың қазір басқаны былай қойып, ежелгі ислам дініміздің өзі түрлі ағымдарға бөлініп, олардың арасындағы дау-дамай кейде жасырын, кейде ашық жүріп жатқанда маңызды екеніне дау жоқ.
Заңда көрсетілген қайта тіркеу аяқ­талды. Сөйтіп, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі мәлімет­теріне қарағанда еліміздегі 46 конфессия 17-ге түсті. Қазақстан мұсыл­мандарының - 2229, Орыс православие шіркеулері -280 және т.б. бірлестіктер тіркеуден өтті. Осылай бірсыпыра мәселе тәртіптелді. Дегенмен, Конституцияның 5-бабының 5-тармағына сәйкес шетелдік діни ұйым­дардың еліміздегі дәстүрлі діндермен салыс­тырғанда үлес салмағы жоғары болып отыр. Қазіргі кезде елімізде 70%-ды құрайтын мұсылмандардың 2229 және халқымыздың 20%-нан астамы болып отырған орыстардың 280 діни бірлестігі болғанда, неше пайыз екені белгісіз католиктер мен протестанттардың әртүрлі діни ұйымдары 500-дің үстінде болуы сөзіміздің толық дәлелі бола алады. Ал, Астанадағы 47 діни бірлестіктің 32-сі рим-католик пен протестанттардың ұйымдары. Тіркеуден өткен еліміздегі шетелдік 237 миссионерлердің басым көпшілігі католиктер мен протестанттар. Сонан соң, бас-аяғы бір апта-он күнде Парламент асығыс қабылдаған Заңда қолданыстағы Конституцияның 5-бабының 5-тармағына байланысты елеулі-елеулі қателіктер кетті. Мысалдар келтірелік. Еліміздегі діни ұйымдарға «Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүд­делерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі» деген анықтама берілді. Бұрынғы Заңдағы «Жергiлiктi дiни бiр­лестiктер (қауымдастықтар), дiни басқар­малар (орталықтар), сондай-ақ дiни оқу орындары мен ғибадатханалар Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiктер деп танылады» деген қағида айдалада қалды. Ал, әншейінде жиі үлгі ететін Ресей Федерациясының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңының «Религиозная организация» деп аталатын 8-бабының 1-тармағында: «Религиозной организацией признается добровольное объединение граждан Росийской Федерации, иных лиц, постоянно и на законных основаниях проживающих на территории Российской Федерации, образованное в целях совместного исповедания и распространения веры и в установленном законом порядке зарегистрированное в качестве юридического лица» деген нормаға пысқырған да жоқпыз. Сөйтіп, өздеріңіз көріп отырғанындай, біздердің заңымызда елімізде діни бірлестік құру үшін діндарлардың Қазақстанда тұру-тұрмауы есепке алынбайды. Сондай-ақ, тиісті сөздіктердегі талай уақыт сарабы­нан өткені белгілі «Миссионер туралы» анықтама белден басылып, жаңа «жетілген» анықтама берілді. Заңда пайдаланатын негізгі ұғымдарға қатысты 1-бабының 5-тармақшасында «Миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адам­дардың, Қазақстан Республикасының тіркелген діни бірлестіктердің атынан Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі» делінді. Сөйтіп, 1992 жылғы Заңдағы: «Миссионерлік қызмет – өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын діни бірлестіктердің жарғылық ережелерінде жоқ діни сенімді діни ағартушылық қызмет арқылы уа­ғыз­дау және тарату» деген қағида жүз сексен градусқа өзгерді. Және еліміздегі дәс­түрлі дінді насихаттап жүрген өз азаматтарымызды да «миссионерлік мәртебеге» көтердік. Бұл – бір. Екіншіден, елімізде өзге дінді уағыздауды кез келген адам жүргізе береді. Сонда, Қазақстан кім болса, соның, қандай дін болса, соны уағыздай алатын елге айналып отыр. Әлде бұл Конституцияда көрсетілген идеологиялық әр алуандылыққа жатады ма? Болмаса шетелдік кірме діндер де еліміздегі дәс­түрлі ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың қатарына жатқаны ма? Қалай ойласақ та, бұл біздің ұлттық мүддемізге әсте сай келмейді.
Миссионерлік қызмет қазір көрші екі мұсылмандықты ұстанған, бірақ, өзге дінге құштар Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа кешегі посткеңестік кеңістіктегі елдердің бірде-бірінде жоқ. Сонда, осы екі ел ең «демократияшыл» болғандары ма? Менің білетінім, адамзат тарихында дінге бөлінудің жақсылыққа апара бермегеніне, көбіне әртүрлі діни жанжалдарға душар еткеніне мысал көп. Ал, енді, діни миссионерлікке берілген жаңа анықтама Конституцияның 5-бабындағы «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр алуандық танылады» деген құқықтық норма дәстүрлі діндерімізді еркін уағыздап келген діни мамандарымыздың қызметін құқық жағынан шектеуге алып келіп отыр. Мысалы, 2012 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 40 күндей тұрғындар арасында діни өсиет айтуға келген Астананың орталық мешітінің төрт дін уағыздаушыларға миссионер ретінде мемлекеттік органдарда тіркеуден өтпегені үшін 160 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынды.
Бүгінгі күні кейбіреулерге аса қатты ұнайтын «миссионер» деген сөздің дәстүрлі мағынасына назар аударайық. Кімге болса да кеңінен таныс, кімді болса да талай мойындатқан С.И. Ожеговтың сөздігінде: «Миссионер – буржуазиялық елдерде өзге сенімдегілер арасында христиан дінін уағыздау мақсатында шіркеу жіберген діни тұлға» делінсе, шетел сөздігінде (Словарь иностранных слов): «Миссионер – жұртшылық арасында дін таратумен айналысатын өзге дінді ұстанған тұлға. Ол идеологиялық экспанция функциясын атқарады» («Миссионер – лицо, занимающееся распространением религии среди населения с иным вероисповедением; как правило миссионер выполняет функции идеологической экспанции»). Миссионерлік қызмет қай уақытта да отаршыл мемлекеттің отар елдегі саясатының елеулі тармағы болып келді. Ресейдің отарлығынан құтылған сияқты едік, енді кімнің отарымыз?
Бізге шетелдік миссионерлік қызмет­тің неге сонша ұнайтынын, осыны тық­палаудың біздің Парламент депутаттарына қаншалықты керегі болғанын түсіне алмай, ТМД елдерінің осы саланы реттейтін тиісті заңдарын қарап көрдім. Бірақ қазіргі кезде миссионерлік қызметті біз сияқты өзге елдің алдына түсіп жүретін көрші Қырғыздан басқаның бірде-бірінің заңынан таба алмадым.
Шындыққа бетпе-бет қарасақ, заң­­дағы аса маңызды әрі принципті мәселе­лерде, әсіресе, елімізде ежелден келе жатқан екі діннен бөлек басқа шетелдік діндерге қатысты тәуелсіз мемлекетіміздің ұста­ны­мының қатаң айқындалмағаны өкі­нішті. Сол себепті, қазіргі қолданыстағы Заңның әртүрлі ағымдарды, тіпті, басқа діндерде жүрген жастарымыз арасындағы қайшылықтарды ретке келтіруі аса қиын. Ал, шетелдіктер миссионерлер заңды қатаң сақтай отырып, өз мақсаттары мен міндеттерін толық шеше алады. Оған олардың теориялық дайындықтары да, тәжірибелері де, қалталары да жетеді.

Дінді ешқашан мемлекеттен
бөлуге болмайды

Қазіргі қолданыстағы Заңның тағы бір «үлкен» жаңалығы оның «Мемлекет және дін» деп аталатын 3-бабында «Мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлінген» деген нормада болып отыр. Меніңше, бұл - саяси һәм принципті құқықтық қателік. Дінді мемлекеттен бөлу дұрыс емес. Біріншіден, мұндай құқықтық норманы ешбір елдердің заңнамаларынан таба алмадым. Екіншіден, дін мен діни бірлестіктер бір деңгейде, бір мазмұнда деуге болмайды. Олардың қай жағынан болса да, принципті айырмашылықтары бар. Үшіншіден, мемлекеттің өзін құрап отырған адамдардың сана-сезімін, ар-ожданын қалай мемлекеттен бөліп ала­сың? Төртіншіден, сан ғасыр рухани дүниенің негізін құрауға белсенді ат салысып келе жатқан дінді халықтың тарихынан қайтіп бөлесің? Бесіншіден, алып территорияны иемденіп, жері мен елін сыртқы жаулардан ғасырлар бірге қорғап, топтаса тойтарыс беріп келген халықты біріктірудегі діннің ұйыстырушылық рөлін қалай жоққа шығаруға болады? Сонан соң, дін істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің құрылуын қалай түсінеміз?
Енді, құқықтық әдебиеттерде «зайырлы мемлекет» деген нені білдіреді екен, соған зер салайық. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1996 жылы баспадан шыққан түсіндірме сөздігінде былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасында діни мекемелер мен дін ұстау мемлекеттен бөлектігін білдіреді және бұл Қазақстандағы ислам мен православиелік тағы да басқа нанымдық ағымдарға бірдей қатысты. Әлдеқандай мемлекеттік немесе міндетті дін жоқ» [4, 27-28]. Бұл түсіндірмеде ешқандай діннің мемлекеттен не мемлекеттің діннен бөлінгендігі байқалмайды. Ал, 1999 жылы шыққан Түсініктемеде тағы да тек діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінгендігі туралы айдан анық жазылған.
Кезінде бұл мәселеге Алаш көсемдері арнайы мән берген еді. «Алаш» партиясы программасының жобасындағы «Дін ісі» деген бөлімде «Дін ісі мемлекет ісінен айрылуы болуы» деп жайдан-жай жазылған жоқ [5,8]. Олар «дін мемлекеттен бөлек» деп жазуды білмеді емес, білді, бірақ бөле алмады. Олар бұл мәселенің төркіні «шіркеу мемлекеттен бөлек» дегеннен шыққанын жақсы білді. Батыстағы Ағартушылар заманы да шіркеу мен мемлекеттің бірігуінен, діни догманың белең алып, қоғамның дамуын әлеуметтік тежелуге алып келгенінен туған емес пе еді? Тіпті, кеше атеизм атойлап тұрған кездің өзінде кеңестік құқықтанушылар 1978 жылғы Конституцияның 102-статьясына «Қазақ ССР-ында мешіт және шіркеу – мемлекеттен, мектеп -мешіт пен шіркеуден ажыратылған» деп қана жазды. Олар дінді мемлекеттен бөлуге құштар-ақ еді, бірақ, бөлуге болатынын білді. Ал, Ресей Федерациясы Конституциясының екі тармақтан тұратын 14-бабында да: 1. Ресейская Федерация – светское государство. Никакая религия не может устанавливаться в качестве государственной или обязательной. 2. Религиозные объединения отделены от государства и равны перед законом» деп жазылған. Ресей құқықтанушылары дінді мемлекеттен бөлінген деп жазуды білмеді ме? Жаза алмады. 2004 жылы Мәскеуден шыққан «Ресей Федерациясы Конституциясына түсініктемеде» тағы да «зайырлы мемлекет» (светское государство) дегенді «діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген, олар мемлекеттік билік органдарының функциясын атқара алмайды» деп ашық түсіндірілген [6,24]. Бұдан әрі «мемлекеттің зайырлылық сипаты ол діни бірлестіктермен ешқандай қарым-қатынасқа түспейді дегенді білдірмейді» деп жазылып, мұны ары қарай тарқата түскен.
Біздердің зайырлы мемлекет дегенді түсіндірушілеріміз, жоғарыдағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 1996 жылы баспадан шыққан түсіндірмесіне «зайырлы мемлекет» ұғымына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын: «Қазақстан аумағында шетелдік діни бірлестіктердің жұмыс істеуі, ол орталықтардың Республикадағы діни бірлестік жетекшілерін тағайындауы тек тиісті мемлекеттік органдардың келісімі бойынша ғана жүзеге асуы мүмкін» деген қосымша енгізген [4,28]. Заңгер мамандарды мемлекет пен діни бірлестіктердің ары қарай қалай қарым-қатынас жасауы керектігі қызықтырмайды, оларды шетелдік діннің еліміздегі қалай қызмет етуі қызықтырады. Реті келгенде, тағы бір мәселеге тоқтай кеткен артық болмас. Бұл күнделікті заңдық сипаттағы ресми құжаттарда қазақтың төл сөзін басқа мағынада пайдалану жиі кездеседі. Бұл көбіне мәтіндердің орыс тілінде дайындалатындығынан шығар. Ал, аудармашылар, бірде, қазақ тілінің құдіретін терең түсіне алмай, екіншіде тым саясатшылданып тәуір сөздерді бүлдіріп жатады. Мұндай мысалдар заңнамалық құжаттарда жетіп жатыр. Олардың барлығын түгелдеп жатуға уақыт тар. Бір ғана қазіргі Конституцияның 1-ші бабындағы «зайырлы» деген сөз төркініне көңіл бөлейікші. Бұл сөз 2008 жылы Алматыдан шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» сүйенсек «білгір, білімдар» деген мағыналарды білдіреді. Кеңес өкіметі кезінде шыққан екі томдық «Орысша-қазақша, Русско-казахский» сөздікте сонау орта ғасырдағы шіркеудің қараңғылығына қарсы мағынада пайдаланған орыстың «светский» деген сөзі «ақсүйек, зиялылар» деп аударылған. Біз бұлардың орнына кейінгі кезде «зайырлы» деген сөзді тауып алдық. Осыны мен әртүрлі сауаты бар кісілерден сұрадым, бірақ, тұшымды жауап ала алмадым. Кейбір әдебиеттерде «діни емес, азаматтық» деп түсіндірді. Орта ғасырдағы шіркеуге қарсы пай­даланылған «светский» және біздің бұрмалап алған «зайырлы» сөзін білім мен ғылымның дамыған ХХІ ғасырында да Негізгі заңымыздан қалдырмай, ілес­тіріп жүре береміз бе? Қазақстан Рес­публикасы өзін демократиялық, құ­қық­тық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады дегеннің өзі мемлекеттің діни еместігін танытпайды ма? Мұны айтып отырғанымның себебі – сонау заманда шыққан «светский» дегенді кейбіреулердің жөнді түсінбей, діннен ат-тонын ала қаша беретіндігі. Менің түсінігімше, күндердің күнінде ислам дінінің де адамгершілік пен имандылық, ізгілік пен инабатты сияқты мәңгілік қасиеттерін бойына жинамай, қазақ қазіргі өскелең заман талаптарына сәйкес шынайы қазақ бола алмайды.
Депутаттардың, кейбір құқықтану­шыларымыздың дінді мемлекеттен бөлуге соншалықты құмарлығы таң қалдырады. Мұның себебін 2010 жы­лы Қазақстан Республикасының Конс­титуциялық Кеңесі шығарған «Қазақстан Республикасының Конституциясы. Ғы­лы­ми-практикалық түсіндірмеде»: «Конс­титуцияның 1-бабы 1-тармағымен көзделген мемлекеттің зайырлы сипаты діннің мемлекеттен бөлінуін біл­діреді» делінген [7, 14]. Мұны біздің құ­қық­танушыларымыздың көп жылғы ізденістерінің «нәтижесі» деп бағалауға болады. Қазіргі қолданыстағы Заңда дінді мемлекеттен бөлген қателіктің төркіні осыдан шыққан екен. Ал, саясаттанушы әрі әлеуметтанушы ретінде мен дінді мемлекеттен бөлетіндермен келісе алмаймын. Қалай ойласақ та дінсіз мемлекет те, мемлекетсіз дін де жоқ.

Дін туралы заңнамаларға
күрделі өзгеріс керек

Әсілі дінді мемлекеттен, мемлекетті діннен бөліп әуре болғанша, дінімізді қалай тәуелсіздік мұраттарына қызмет еткізуді көбірек ойластырсақ, әлдеқайда жақсы болар еді. Өйткені, қазір Қазақстан үшін тәуелсіздіктен қастерлі, қасиетті нәрсе жоқ. Болған да емес, болмайды да. Соңғы үш ғасыр ұлтымыздың қанша арыстары осы бір асыл ұғым үшін күресіп, ғұмырларын құрбан етті. Бүгінгі шыншыл сын да, парасатты пайым да, мақсатты тіршілік те тек Тәуелсіздікке қызмет етуі қажет. Бұл бағытта тәуелсіз елдің азаматтарын рухани ұйыстыра түсетін діннің рөлінің ерекше екеніне дау жоқ.
Дін мен мемлекеттің шынайы түйі­сер жері – адамның рухани дүниесі, ұлтымыздың бірлігі, бүкіл қазақ­стан­дықтардың түсіністігі мен келісімді тірлігі, елдің тұтастығы. Бұл бағытта ұлттық иммунитетті күшейтудің рухани арқауы болып келе жатқан халқымыздың дәстүрлі ислам дінін мемлекеттен бөліп жетісе қоймаспыз. Оған кешегі кеңестік тәжірибе дәлел бола алады. Әлемдік тәжірибеде мемлекет ең бірінші өзін құраушы ұлттың тұтаса түсуіне, оның тарихи санасын, дәстүрлері мен мәдениетін дамытуға көмектеспей отыра алмайды. Ал, бұл дінсіз мүмкін емес.
Халқымыздың, әсіресе жастары­мыздың ежелгі дінге бет бұрысын дұрыс пайдалана білгеніміз, дін­нің олардың бойына ізгілік пен иман­дылық, адамгершілік сананы қалып­тастыратынын ескергеніміз абзал. Бірақ, бүгін дінді түсіндіруге ғы­лыми көзқарас, тереңдік жетпей жат­­қанын да ескерген дұрыс болар еді. Ауыл­ды жерлердегі мешіттерге жұрт­шылықтың бара бермейтіні, өйткені, көбіне имамдардың білім дәрежесі қана­ғаттандырмайтыны жасырын емес. Сауатты халықты аңыз-әңгімелер қанағат­тандыра бер­мейді. Сонан соң, насихаты мықты, ар­тында ілесіп қаржысы жүре­тіндердің айтқандарына еріп, діни сауаты төмен ұл-қыздарымыздың түрлі ағымдарға еруіне онша таңқалуға болмайды. Мұ­ның барлығы діни мамандардың кемдігінен, оларды даярлайтын ислами оқу орындары жүйесінің аздығынан болып отыр. Халқымыздың санына шаққанда мешіттеріміз де, білікті мамандарымыз да аз. Діни мамандардың сапалық деңгейі төмен. Қазіргі өскелең сұранысты олар қанағаттандыра алмай отыр. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының құрылымдарында 2 мыңнан астам қызметкерлердің 33 % тео­логиялық, оның ішінде 3 % жоғары, 30% медресе, 16 % діни орта-жоғары бі­лім­дері бар болса, 51% – үш айлық курс­тарды бі­тірген. Өйткені, елімізде ислами оқу орындары жоқтың қасы. Жалғыз Нұр-Мұбарақ университеті мен мамандық кө­те­ретін бір институт және 9 медресе 10 миллионды құ­рап отырған қазаққа түк те емес. Мұндай діни кадрлармен ислам дінін батыл насихаттау, әртүрлі ағым-секталарға қарсы тұру, олардың ықпалдарын залалсыздандыру аса қиын.
Бүгін Қазақстан үшін тәуелсіз ел­дің азаматтарын рухани ұйыстыра тү­­суде діннің өзіндік ерекше орны бар. Мұнымен санасуға әсте болмайды. Сол себепті бірнеше ұсыныс жасағымыз келеді. Біріншіден, Негізгі заңымызды қайта қарап, оның 5-бабының 5-тармағындағы ше­телдік діни бірлестіктерге қатысты заңдық норманы алып тастау қажет. Екіншіден, қазіргі қолданыстағы Заңның 3-бабының 1-тармағындағы «Мемлекет дін мен ді­ни бірлестіктерден бөлінген» деген қа­ғи­дадан дінді алу қажет. Үшіншіден, Конс­титуциядағы шетелдік діндерге қатысты құқықтық қағидадан туындаған заңдық нормалардан арылған жөн. Төртіншіден, мемлекетіміздің тәуелсіздік жағдайына, демократиялық үдерістердің бағытына сәйкес ежелгі діндерге қатысты заңдық ұстанымдарды жетілдірген артық емес. Бесіншіден, дінге ғылыми көзқарасты қалыптастырып, халқымыз арасында діни ағартушылық жұмысты, әсіресе жастар бойына имандылық пен адамгершілік қасиеттерді таратуды жандандыра түсу жөн. Алтыншыдан, әртүрлі діни ағымдармен күресте күш көрсетпей, барынша түрлі әлеуметтік тәсілдерге жүгінген жөн. Мұны бүгінгі біздің тәуелсіздік мұраттарымыз, еліміздегі діни ахуал қатаң талап етіп отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Шоқан Уәлиханов.Көп томдық шығар­малар жинағы. 4-том. – Алматы: «Толағай группа». 2010.- 496 б.
2.И.Алтынсарин. Таңдамалы шығар­малар. – Алматы: Қазақ ССР ҒАБ. – 1955. – 414 б.
3. Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Серия: Путешествия. Открытия. Приключения. – Алматы: Ғылым. 1993. – с.244.
4. Қазақстан Республикасы Конституция­сының түсіндірме сөздігі. – Алматы: «Жеті жарғы.1996. - 368 б.
5. Қазақстан: мемлекеттілік кезеңдері. Конституциялық актілер – Казахстан: этапы государственности. Конституционные акты /Құраст. Ж.Бәишев. – Алматы: Жеті жарғы. 1997. – 496 б.
6.Бархатова Е.Ю. Комментарий к Конституции Россиской Федерации. – М.:ТКВеоби, Изд-во Проспект, 2004. – 256 с.
7. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Ғылыми-практикалық түсіндірме. – Алматы: Раритет, 2010. – 400 б. 2 қыркүйек 2013 жыл

758 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз